- •Бірінші дүние жүзілік соғыс және халықаралық қатынастар.
- •1.1 Дүние жүзілік соғыс және белді державалардың саясаты.
- •Париж конференциясы: барысы және мемлекеттердің ұстанымдары.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің құрылуы.
- •Вашингтон конференциясы және оның шешімдері.
- •3 Версаль-Вашингтон жүйесінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны
- •Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қарама- қайшылығы
- •Версаль-Вашингтон жүйесінің дағдарысы
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер:
Париж конференциясы: барысы және мемлекеттердің ұстанымдары.
Бірінші дүние жүзілік соғыс аяқталысымен, Франция бастаған мемлекеттер тез арада жиналып, жеңілген мемлекеттерді жазалап, ендігі жерде халлықаралық қатынастарды реттеп, бейбіт өмірді қамтамасыз етудің барлық шараларын қарастыруды қолға алды.
Қаншама мыңдаған адамдардың өмірін қиған, қаншама мемлекетті қиратуға әкелген бірінші дүние жүзілік соғыс аяқталып, енді жеңген мемлекеттер соғыстан кейінгі халықаралық қатынастарды реттеп, оны қорытындылауға Францияның астанасы Париж қаласына конференцияға жиналды. Конференция 18 қаңтар 1919 – 21 қаңтар 1920 жылдары аралығында Францияның Париж қаласында Лувр сарайында өтті.
Конференцияға 27 елдің өкілдері қатысты және жиналған мемлекеттердің әрқайсысының соғыстан кейінгі жағдайды реттеудің жоспарлары, өз ұстанымдары болды. Әсіресе соғыста жеңіске жеткен Антанта елдері мен АҚШ-тың халықаралық қатынастарды реттеуде өз мақсаттары мен жоспарлары болғаны белгілі.
Соғыста жеңген соң Франция Германияны барынша әлсіретуге және өзінің Европадағы басымдығын арттыруға тырысты. Ол ең алдымен стратегиялық жағынан маңызы бар аудандар-Эльзас, Лотарингия, Рур облысы, Саар бассейнін өзіне қосуды және соғыс шығынын өндіртуді көздеді. Сонымен қатар Германияны бірнеше мемлекетке бөлу туралы ұсыныстарын жасады. Рейн өзені бойынша екі ел арасындағы шекараны белгілеп, оның оң жағалауында тәуелсіз Рейн республикасын құру туралы ұсынысын білдірді.
Алайда Ұлыбритания мен АҚШ-тың бұл мәселеге қатысты ұстанымдары басқаша болды. Олардың қайтсе де Германияны сақтап, оны қатты әлсіретпей, болашақта Европада ол арқылы күштердің тепе -теңдігін сақтау мақсатында пайдалану ойлары болды. Олар Францияның күшейгенін, Германияның әлсірегенін қаламады. Екеуі де Германияны Францияға және Кеңестік Ресейге қарсы күш ретінде пайдалануды көздеді.
Бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін АҚШ-тың жағдайы түбегейлі өзгерді. Соғыс жылдары АҚШ-тың экономикалық және әскери күш- қуаты артып, ірі мемлекетке айналды. АҚШ-тың соғыстан кейінгі халықаралық жағдайды реттеу туралы ұстанымдары президент В.Вильсонның «14 пункт бағдарламасында» көрініс тапты. В.Вильсонның ұсынған бағдарламасында мынадай ұсыныстар жасалды: барлық мемлекеттер үшін құпия дипломатиядан бас тарту, құпия келісімдерді болдырмау, теңізде жүзу еркіндігі, сауда еркіндігі және барлық кедендік кедергілерді алып тастау, қарулануды қысқарту, отар мәселесін метрополияның да, отар елдердің де мүдделерін ескере отырып реттеу, ұлттардың өзін-өзі басқаруына кедергі жасамау, мемлекеттердің территориялық мәселелерін реттеу, мемлекеттер арасында бейбіт қатынасты сақтау үшін халықаралық ұйым құру (ол ұйымды Ұлттар Лигасы деп атау) [7, с. 23].
Англияның ұстанымдары көп жағдайда АҚШ-тың ұсыныстарымен сәйкес келді. Ол да Францияның тым күшейіп, Германияның тым әлсірегенін қаламады. Жалпы Еуропа континентінде күштердің тепе-теңдігін сақтауды көздеді. Сонда да Германияны жазалау үшін оның басып алған территорияларды қайтаруын және Германияның соғыс-теңіз қаруларын жойып, жеңген мемелекеттер арасында бөліске салуды ұсынды. Отар елдерге қатысты өз саясатында Англия өз отарларын сақтап қалғысы келді және АҚШ пен Францияның осыған қатысты ұлттардың өзін- өзі басқару туралы ұсыныстарын онша қолдамады десе болады.
Советтік Ресейге қатысты АҚШ-тың да Англияның да ұстанымдары екі жақты болды. Бір жағынан Ресей халқы өз тағдырын өзі шешуі керек десе, екінші жағынан большевиктерге қарсы күресіп жатқан ақгвардияшыларға қолдау жасауға тырысты.
Италия өзінің Жерорта теңізіндегі үстемдігін орнатқысы және сақтап қалғысы келді. Балкан түбегінде біраз жерлерге ие болуға тырысты. Сонымен қатар біраз отар жерлерді иеленуге деген әрекет жасады.
Жапония болса соғыс кезінде иеленіп қалған территорияларды өзінде ұстап қалғысы келді (Қытайдағы және Тынық мұхитындағы герман иеліктері) және Қиыр Шығыста үстемдігін сақтап қалуға тырысты. Алайда бұл жерде оның мүддесі АҚШ-тың мүддесімен қарама- қайшы келді. Сондықтан оның алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру мүмкін емес болды.
Міне осындай ұстанымдарымен соғыста жеңген мемлекеттер Париж конференциясына жиналды.
Париж конференциясы 18-қаңтар 1919 ж. - 1920 ж. 21- қаңтар арсында болды. Оған 27 елден мыңнан астам делегат қатысты. Негізгі қарастырылған мәселе Германия және оның одақтастарының жеңілуі және оларды жауапқа тарту, сонымен қатар соғыстан кейінгі халықаралық қатынастарды реттеп, бір жүйеге келтіру.
Конференция жұмысын Француз Республикасының президенті Р.Пуанкаре ашты. Өз сөзінде Франция президенті Германияны соғысқа кінәлі ретінде айыптап, соғысқа айыптыларға қатаң санкциялар салуға шақырды. Жаңа агрессияны болдырмау үшін қатаң шаралар белгілеуді ұсынды.
Конференция жұмысы аса қарама-қайшылықты жағдайда өтті. Конференция жұмысына Германия мен Кеңестік Ресей өкілдері шақырылған жоқ. Себебі Германия соғысты бастап, жеңілген мемлекет ретінде шақырылмады, ал Кеңестік Ресейде социалистік революция жеңіске жетіп, билік басына большевиктер партиясы келген болатын, осы жаңа үкіметті ешбір шетел мемлекеті әлі мойындай қоймаған еді, сондықтан олар конференцияға шақырылған жоқ. Конференцияға қатысушы делегаттардың өзі төрт топқа бөлінді.
Конференцияда негізгі шешуші рөлді Ондық Кеңес атқарды. Оған бес мемлекеттің басшылары мен сыртқы істер министрлері кірді. АҚШ-тан президент В.Вильсон мен мемлекеттік хатшы Р.Лансинг, Франциядан премьер-министр Ж.Клемансо мен сыртқы істер министрі С.Пишон, Англиядан премьер-министр Л.Джордж мен сыртқы істер министрі А.Бальфур, Италиядан премьер-министр В.Орландо мен сыртқы істер министрі С.Соннино, Жапониядан император кеңесшісі князь Сайондзи мен сыртқы істер министрі Н.Макино қатысты.
Алайда түптеп келгенде негізінен барлық мәселелер Вудро Вильсон (АҚШ), Ллойд Джордж (Англия), Жорж Клемансо (Франция) үшеуінің қатысуымен ғана шешілді.
Конференцияда бірінші қарастырылған мәселе халықаралық ұйым құру мәселесі болды. Осы ұйымның Жарғысын дайындау үшін арнайы комиссия құрылды, оны В.Вильсонның өзі басқарды. Барлық мемлекеттер осы ұйымның жобасы туралы ұсыныстар дайындап келгенмен, халықаралық ұйымның негізі болып ағылшын-американдық жоба алынды және В.Вильсонның ұсынысымен ұйымның Жарғысы тездетіп дайындалып талқылауға ұсынылды. Ұлттар Лигасының Жарғысы 26 баптан тұрды. Әрине конференцияның басқа мәселелері сияқты Жарғыны талқылау да қызу айтыс үстінде өтті. Ондық кеңестің мәжілісінде бір жағында В.Вильсон екінші жағында Ж.Клемансо мен Л.Джордж арасында өте күрделі айтыстар жүрді. Мысалы, Франция Лиганың бақылауымен әрекет ететін халықаралық армия құруды ұсынды. Оған американ президенті қарсы шықты. Сондықтан осындай ұсыныстар мен пікірталастың нәтижелерін ескере отырып жұмыс жасау арнайы құрылған комиссияға да ауыр тиді. Дегенмен ұйымның Жарғысының әрбір бабын келісу үшін күнделікті көп жұмыс жасалды және ол мәселені талқылауға Комиссияның он мәжілісі арналды [8].
Вильсонның комиссиясы Ұлттар Лигасын құру мәселесімен айналысып жатқанда Ондық Кеңес Германияға қатысты әсіресе оның отар жерлерінің мәселелерін қызу талқылауға түсті. Барлық мемлекеттер Германияны отарларынан айыруды мақұлдады, бірақ оның отарларын қалай бөлісу мәселесінде алауыздық туындады. Франция Германияның отарлары Того мен Камерунды алғысы келсе, Жапония Қытайдағы герман отары Шандунь провинциясын және т.б. Тынық мұхиттағы аралдарды иеленгісі келді. Конференцияға қатысушылардың бұл дауларына В.Вильсон араласты. Былай алып қарағанда АҚШ-қа отар жерлер керегі жоқ. Дегенмен АҚШ-тың халықаралық беделін күшейтуге тырысқан В.Вильсон герман және осман империясы иеліктерін тек қана Ұлттар Лигасы аясында, соның Жарғысына сай шешуді ұсынды. Сонымен бірге В.Вильсон бұл жерлерді Ұлттар Лигасының берген мандатымен басқарылуы керек дегенді айтты. Оған ондық кеңестің мүшелерінің бәрі қарсы шықты.
Соған қарамастан В.Вильсон бұл мәселенің Ұлттар Лигасының қатысуымен шешілмесе, онда өзінің конференцияны тастап кететінін білдірді. Әрине бұл конференцияға қатысушыларға әсер етті. Осыдан соң барлық елдер герман отарлары мәселесін Ұлттар Лигасының Жарғысын қабылдаған соң нақты шешуге келісті.
Сонымен Ұлттар Лигасын құрушы комиссия қатысушылар жасаған ескертулерді ескере отырып, ұйымның Жарғысын 14 –ақпанда конференцияға қатысушылардың талқысына ұсынды. Конференцияға қатысушылар 1919 жылы 26-сәуірде Жарғыны қабылдап, Ұлттар Лигасының құрылғанын жариялады. Оған конференцияға қатысушы барлық мемлекеттер мүше болып енді.
Жарғыда ұйымның негізгі мақсаты - халықтар арасында ынтымақтастықты дамыту және олардың бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп белгіленді. Сонымен қатар ұйымның жоғарғы органы Ассамблея және Кеңес деп белгіленді. Кеңестің 4 тұрақты мүшесі белгіленді- Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония. Қалған 4 тұрақсыз мүшесі үш жылда бір мүше-мемлекеттерден сайланып отыратын болды. Ұлттар Лигасын Бас хатшы басқаратын болды. Негізінен бұл қызметті өзара келісім бойынша осы уақытта тек Ұлыбритания мен Францияның өкілдірі атқарды. Мүше-мемлекеттер халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Жарғының барлық талаптарымен келісу керектігі көрсетілді. Жарғы мемлекеттердің гуманитарлық салада, денсаулық сақтау, еңбек заңдарын сақтау, байланыс және өзара көлік қатынастарын реттеу, еркін сауданы қамтамасыз ету, қаруды және апиынды сату мәселесі туралы баптарды қарастырды. Жарғының 10-бабы территориялық тұтастық пен егемендікті сақтауды және агрессорға қарсы ұжымдық қарсылықты қарастырды. Жарғының 22- бабы бұрынғы герман отарлары мен Осман империясының қол астында болған араб жерлері үшін мандаттық жүйе белгілеуді қарастырды. Ол бойынша мандаттық территориялар үш топқа бөлінді – А – Осман империясының құрамындағы араб жерлері; В – Орталық Африкадағы герман отарлары; С – Германияның Оңтүстік-Батыс Африка мен Океаниядағы отарлары, олар «анағұрлым дамыған» елдер қатарына жатты [8].
Осы кезеңде осындай халықаралық деңгейде қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге негізделген Ұлттар Лигасының құрылуының маңызы зор болды, халықаралық қатынастардың жаңа бір кезеңінің бастамасы десе болады. Халықаралық қауымдастық Ұлттар Лигасына үлкен үміт артты, көптеген мемлекеттер келіп қосылып жатты.
Конференциядан кейін герман және түрік жерлері нақты бөлініп, Ұлыбритания, Франция, Жапония және Бельгияға осы жерлерді басқаруға мандат берілді. Ұлыбритания Палестина, Таньганика, Того мен Камерунның бір бөлігіне алды, Францияға Сирия, Ливан, Того мен Камерунның бір бөлігі, Бельгияға Руанда-Бурунди, Жапонияға Каролин, Маршалл және Мариан аралдары берілді. Жалпы алғанда қарап отырсақ конференцияда Лиганың мандаттық системасымен бүркемеленген отар жерлерді бөлісу ісі жүргені анық. Бұл жерлерді Еуропа мемлекеттері өзара бөлісіп алғанымен, олар АҚШ-қа осы жерлерде «ашық есік» саясатын ұстануға міндеттенді.
Конференцияда тағы бір дау тудырған мәселе Германияның Қытайдағы Шандунь провинциясының жағдайы болды. Жеңімпаз мемлекеттердің бірі ретінде Жапония осы Шандунь провинциясын иеленгісі келді. Қытай болса өз территориясын түгелдеп, Шаньдун провинциясын өзінде қалдыруды талап етті. Жапонияның ұсынысын құпия келісімдермен шырмалған Англия мен Франция қолдаса да, оған АҚШ қарсы шықты. Ол Қытайдың территориясын тұтас қалдырып, онда барлық мемлекеттер үшін «ашық есік саясатын» жүргізуді талап етті. Франция мен Англия Жапонияны Қиыр Шығысқа, Қытайға АҚШ-тың енуіне қарсы пайдалануды көздеген болатын. Бұл ретте Жапон делегациясы да өз талаптарынан қайтпады. Ең соңында 1919 жылы сәуір айында Парижге герман делегациясы Версаль келісім шартымен таныстырылуға шақырылғанда Жапон делегациясы Шандунь провинциясын бермейтін болса, Версаль келісіміне қол қоймайтындықтарын, конференцияны тастап кететіндіктерін қатаң түрде мәлімдеді. Осыдан соң белді мемлекеттер өзара кеңесіп, В.Вильсонға қысым жасаған соң АҚШ президенті келісуге мәжбүр болды. Сонымен Жапон делегациясының талабы қанағаттандырылды.
Конференцияда «орыс мәселесі» де қызу талқыланды. 1917 жылы Ресейде буржуазиялық революция кезінде патша тақтан құлатылып, еуропа державаларын бір алаңдатса, сол жылы қазан айында социалистік революция жеңіске жетіп, большевиктер билік басына келіп, социалистік республика жариялап, соғыстан шығатындарын мәлімдеуі бірінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі әлем жұртшылығының назарын аударған үлкен оқиға болды. Париж конференциясына Ресей өкілдері шақырылған жоқ. Бірақ патшалық Ресейдің шетелдіктерге қарызын қайтару мәселесі қарастырылды. Ресейге қатысты мәселеде Франция ашық интервенция жасауға шақырса, АҚШ пен Ұлыбритания тек ақгвардияшыларды қару-жарақ беріп қолдап іштен құлатуды қолдады. Конференция болып жатқанда Антанта елдері Ресейге американ делегациясының өкілі У.Буллитті жібереді. Москваға келген У.Буллит В.И.Ленин және Г.В.Чичеринмен кездесіп, өзара келіссөзден кейін болашақ келісімнің жобасын келісіп келді. Ол бойынша Совет үкіметі Ресейдің шетел мемлекеттеріне революцияға дейінгі қарызын өтейді, ал Антанта елдері әскерлерін әкетіп, ақгвардияшыларға көмегін тоқтатады деп келісілді. Алайда У.Буллит Парижге келгенде Англия, АҚШ басшылары оың бұл әрекетін өзінің жеке шаруасы ретінде қарастырып, Ресеймен келісімге келуден бас тартысты. Сөйтіп, «орыс мәселесі» конференцияда қандай да бір шешімін тапқан жоқ [9].
Одан ары қарай конференцияға қатысушылар Германия мен оның одақтастарына қатысты мәселені талқылауға кірісті. Осы мәселелерге байланысты 58 комиссия жұмыс жасады.
Германияға қатысты мәселені талқылағанда Францияның қатаң талаптарына Англия мен АҚШ қарсы тұрды. Өйткені Европадағы тепе- теңдікті сақтау және болшевизмнің таралуын ауыздықтау үшін Германияның біртұтас мемлекеттігін сақтау қажет болды. Сондықтан Францияның Германияны бөлшектеп тастау, Рейн мемлекетін құру туралы ұсыныстары қолдау таппады. Оған жауап ретінде АҚШ та, Англия да келешекте Германия Францияға соғыс ашатын болса, Францияға көмектесетіні туралы кепілдік білдіретін келісім шартқа қол қоюға дайын екендігін білдірді. Францияның Саар көмір бассейніне қатысты ұсынысы да қолдау таппады, француздарға тек көмір шикізатын пайдалануға рұқсат берілді, ал бұл ауданды басқару Ұлттар Лигасына берілетін болды.
Репарациялық мәселе де ұзақ дау тудырған жоқ. Осы мәселеде одақтастар бәрі бірдей Германия соғыс шығынын өтеуі қажеттігін бірауыздан мақұлдады. Бірақ репарациялық төлемнің мөлшері бойынша алауыздық туды. Франция Германияның репарациялық төлемінің мөлшерін 480 млрд. алтын марка деп белгілесе, Англия мен АҚШ тек 50-ден 100 млрд. алтын маркаға дейін деп белгіледі. Ал герман үкіметі өздерінің мүмкіндіктерін есептей келе тек 30-36 млрд. алтын марка төлей алатындықтарын білдірді. Сонымен қатар кімге қанша пайызын төлеу мәселесін де анықтау қажет болды [10].
Конференция кезінде репарациялық төлем мәселесін нақты келісе алмағандықтан, осы мәселе үшін арнайы комиссия құрылып, оған 1921 жылдың 1-мамырына дейін репарацияның нақты көлемі мен оны төлеу уақытын белгілеу тапсырылды.
Территориялық мәселе бойынша да конференция барысында өткір даулар орын алды. Германияның шығыс жағындағы шекарасын анықтау мәселесі де өткір дау тудырды. Осы пікрталастың нәтижесінде Германияның территориясының 1/7 бөлігі Литва, Дания, Польша және Чехословакияға берілетін болды. Бірақ белді державалардың арасындағы қарама қайшылықтың күшті болғаны соншалық, қандай жерлер қай мемлекетке берілетіні келісілгенмен, олардың нақты шекарасы белгіленбеді. Германияның шығыс шекарасы нақты келісілмеді. Мұның өзі болашақта Германия мен оның шығысындағы көрші мемлекеттердің арасында даудың тууына алып келетін жағдай еді.
Германияның батыс шекарасындағы жерлерге келсек, барлық мемлекеттер Эльзас, Лотарингия жерлерінің Францияға қосылуымен келісті. Франция әрине өзінің Германиямен шекаралас аймағындағы табиғи ресурстарға бай жерлерді қамтып қалғысы келді. Франция Рейн өзенінің сол жағалығындағы жерлерді өзіне беруді нақты ұсыныс жасауға батпай, осы жерде тәуелсіз мемлекет құру туралы айтты. Осы жерде Рейн мемлекетін құру туралы айтылды. Осы мәселеге қатысты Германия барлық талаптарды орындағанға дейін Рейн территориясы шетелдік армиясының бақылауында болуы керек деген мәселе қарастырылды. Бұл ұсынысқа Англия да, АҚШ та қарсы болды. Ұзақ келіссөздерден кейін Саар көмір бассейні 15 жылға Ұлттар Лигасының бақылауына берілді. Осы мерзім өткен соң Саар бассейнінің тағдырын сол жердің халқы плебисцит арқылы шешуге тиіс болды. Ал Францияға осы он бес жыл бойы Саар облысындағы көмір бшахталарына экономикалық бақылауды жүзеге асыру тапсырылды.
Территория мәселесі үш белді мемлекеттің арасында көптеген қарама қайшылықтармен жүрді. Мысалы Англияның Осман империясы иелігін бөлісудегі ұсынысына В.Вильсон қарсы шықты, оны Рейн мәселесінде қолдамағаны үшін Ж.Клемансо қолдады. Пікірталастың соңында В.Вильсон өзінің кеңесшісі Хаузға: «біз барлық мәселелер бойынша келісе алмадық» деп айтқан көрінеді [10].
Сонымен бірге қарулану мәселесінде, француздар Германияның барлық қаруын жоюды ұсынса, оған Англия мен АҚШ қарсы шықты, тіпті В.Вильсон Германияға барлық қаруларын қалдыру керек дегенді айтты.
Әсіресе репарациялық төлемдер туралы мәселе өте күшті айтыстармен жүрді. Тек қана өзінің солтүстік шығыс облыстарының бүлінген шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру үшін фрнацуздар 60 млрд.марка талап етті. Мұны естіген ағылшындар мен американдықтар Клемансо «алтын жұмыртқаларды әкеліп отырған тауықты өлтіреді» десті, өйткені Германия тек қана төлей алатын болса ғана төлейді, әйтпесе ол да соғыстан әлсіреп шыққан ел болып табылады. сол кезде американдық эксперттер Германиядан тек қана 25 млрд.марка ғана өндіріп алуға болады деп есептеді. Л.Джордж репарациялық төлем мәселелсінде өзінің мынадай ұсынысын білдірді: барлық төлемнің 50% Францияға, 30% Англияға, қалған елдерге 20%. Клемансо болса өз елі үшін 56% , Англия үшін 25% белгіледі және осыны табанды түрде талап етті. Соңында олар репарациялық төлем мәселелерін өздері белгілемей, арнайы комиссияға міндеттеуге келісті [11, с.36].
Өзімізге белгілі конференция барысында бірқатар комиссиялар Германия және оның одақтастарымен келісім шарттың мәтінін дайындаумен айналысты. Әрбір комиссияның жұмысы территориялық, армия және қарулану, соғыс шығынын өтеу мәселелері бойынша қызу пікірталастар түрінде жүрді.
Конференция жұмысы үзілістермен жүрді. Мысалы конференцияда Ұлттар Лигасының Жарғысын қабылдап, ұйымның құрылғаны туралы жарияланған соң В.Вильсон біраз уақытқа америкаға қайтып кетті, артынын Л.Джордж әр түрлі мәселелерді шешу үшін Англияға кетті, Ж.Клемансо да ауырып Парижге қайтып кетті. Осындай жағдайда олар өздерінің сенімді адамдарын делегация басшылығына қалдырды, сондықтан келісім шарттар осы басшылардың бақылауымен дайындалып жатты.
Арнайы комиссия Германиямен Келісім шарттың мәтінін дайындап, ол толық талқылаған соң, 1919 жылы 7-мамырда сыртқы істер министрі граф Брокдорф-Рантцау басқарған герман өкілдері шақырылып, оларға келісім шартпен танысуға уақыт берілді. Келісімнің шарттары герман өкілдерінің наразылығын тудырды, осы кезде одақтастар егер Германия келісімге қол қоймаса, оған қарсы соғыс ашамыз деген ниеттерін білдірген соң ғана, ұзақ айтыстан соң Германияның Ұлттық мәжілісі бейбіт келісімге қол қоюға келісу туралы шешімдерін шығарды.
Париж конференциясы аясында арнайы белгеленген комиссиялар әрбір жеңілген елдермен келісім шарттар мәтінін дайындап, оған жеңген мемлекеттер мен жеңілген мемлекеттер арасында бекітіліп, қол қою процесі жүргізілді.
Конференция жұмысы үзілістермен, үлкен даулармен, қызу пікірталастармен жүргізілсе де, конференцияға жиналғандар күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қарап, нақты нәтижелерге қол жеткізе алды. ең бастысы жеңілген елдердің әрқайсысымен арнайы келісім шарттарға қол қою жұмысы нақты аяқталды. Осының өзі конференцияға қатысушылардың соғыстың нәтижесін қорытындылап, болашақ әлемнің тәртібін белгілеуге үлкен жауапкершілікпен қарағандарын көрсетеді.
Конференцияның жұмысының нәтижесінде Германиямен 1919 жылы Версаль келісім шартына қол қойылды, одан әрі қарай 1919 жылы Австриямен Сен-Жермен, сол жылы Венгриямен Неии келісім шартына, 1920 жылы Болгариямен Трианон және Түркиямен Севр келісім шарттарына қол қойылды.
Париж конференциясының тарихи маңызы сонда - ол бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін Еуропа мен дүние жүзінде халықаралық қатынастардың белгілі бір жүйесінің қалыптасуына, яғни белгілі бір тәртіптің орнауында үлкен рөл атқарды. Барлық мемлекеттердің қатысуымен бірінші рет халықаралық қатынастардың маңызды мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданып белгілі бір тәртіпке қол жеткізілді. Мұның өзі халықаралық қатынастарда Вестфаль жүйесінен кейін жаңа бір кезеңнің басталғанын көрсетті.
Париж конференциясының тағы бір тарихи маңызы - барлық мемлекеттердің мойындауымен бірінші рет әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негізделген халықаралық ұйым - Ұлттар Лигасының құрылуы болды. Ұлттар Лигасының пйада болуы бұдан былайғы халықаралық қатынастарда барлық мемлекеттердің соғысты тоқтатып, әлемде бейбітшілікті орнатуға мүдделі екендігінің айқын көрініс болды.
Париж конференциясы халықаралық қатынастардағы қандай да қақтығыстар мен соғыс әрекеттері бұдан былай тек бір ғана мемлекеттің әрекеті емес, ол барлық мемлекеттерді қамтитын мәселеге айналатындығын көрсетті.
Сонымен бірге Париж конференциясы халықаралық қатынастардағы коллективтік дипломатияның орнағанының жарқын көрінісі болды. Бұдан былайғы халықаралық қатынастарда мемлекеттердің жеке дара әрекет жасай алмайтындығы дәлелденді.
