- •Бірінші дүние жүзілік соғыс және халықаралық қатынастар.
- •1.1 Дүние жүзілік соғыс және белді державалардың саясаты.
- •Париж конференциясы: барысы және мемлекеттердің ұстанымдары.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің құрылуы.
- •Вашингтон конференциясы және оның шешімдері.
- •3 Версаль-Вашингтон жүйесінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны
- •Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қарама- қайшылығы
- •Версаль-Вашингтон жүйесінің дағдарысы
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер:
Вашингтон конференциясы және оның шешімдері.
Бірінші дүние жүзілік соғыс Азия- Тынық мұхиты аймағындағы (АТА) саяси тепе-теңдікті бұзды. Осы кезеңдегі халықаралық қатынастардың негізгі аренасы Ресей, Қытай, Корея, Моңғолия және Жапония шоғырланған Қиыр Шығыс болды. Аймақтың қалған бөліктеріндегі мемлекеттер бұл кезде отарлық жүйедегі елдер қатарын құрады. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде бұл аймақта Жапония күшейіп, Қытайды, басқа мемлекеттерді өзіне бағындыруға тырысты.
Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде Жапония 1902 жылы Англиямен жасасқан одаққа сүйене отырып, Қиыр Шығыста батыл соғыс қимылдарын жүргізді. Ол тез арада Тынық мұхитындағы және Қытайдағы Циндао портындағы Германияның иеліктерін басып алда отырып, онымен қанағаттанбай елдің территориясына ішкерлей еніп, Шаньдун провинциясын жаулап алды. Осы әрекетіне қарсы ешқандай қатты қарсылыққа кездеспеген Жапония ендігі жерде Қытайды толық бағындыруға кірісті. Осы мақсатта Жапония Қытайға өзінің «21 талабын қойды». Ол талабында Жапония Қытайдан жапондықтарға жаңа артықшылықтар беруді, герман иеліктерін толық өзінің бақылауына алуды, сонымен қатар қытайдың мемлекеттік аппаратын, қаржы және дипломатиялық қызметін бақылауға беруді талап етті. Бұл ультиматумды (21 талап) жапон елшісі Қытай президенті Юань Шикайға тапсырады. Сол кездесуде ультиматумға бірден жауап бергісі келмеген Юань Шикайға жапон елшісі дипломатиялық нотаның мәтінін жарыққа тосып қарауды сұрайды. Себебі нота жазылған қағазды жарыққа тосқанда онда жапон броненосецтерін бейнелеген сурет көрінетін еді. Мұның өзі егер осы талапқа көнбесеңдер соғыс ашамыз деген сөз болатын [18].
Қытай жағы Жапонияның барлық талаптарымен келісуге мәжбүр болды, тек мемлекеттік аппаратқа бақылаушы қойуды қажет еткен талабына келісуден бас тартты.
Жапонияның Қытайдағы осындай батыл әрекеттері бірінші дүние жүзілік соғысқа кірісіп кеткен Еуропа державаларына ұнамады, дәл сол кезде Жапонияны тоқтататын олардың мүмкіндіктері болмады. Осы кезде Жапонияға қарсы шыға алатын бірден бір мемлекет Америка Құрама Штаттары болды.
Соғыстан кейін орын алған Париж конференциясында Жапонияның Қытайдан басып алған территориясын қайтару мәселесі қарастырылды. Бұл ретте Қытайды АҚШ жақтаса, Жапонияны Ұлыбритания мен Франция жақтады. Ұзақ келіссөзден кейін державалар Версаль келісім шарты бойынша Қытайдың экономикалық және стратегиялық маңызы бар Шаньдун ауданын Жапонияның иелігіне беруге келісті. Бұл шешім конференциядағы қытай делегациясы тарапынан қатты наразылық тудырып, олар Версаль келісім шартына қол қоюдан үзілді кесілді бас тартады. Қытайдың өзінде бұл шешім халық наразылығын тудырып, Гоминьдан партиясы бастаған қытай халқы қарсылық қозғалысына шығады («4-мамыр қозғалысы»). Соған қарамастан одақтастар Германиямен Версаль келісім шартына қол қойысады.
Жалпы алғанда Париж конференциясынан Жапон делегациясы дипломатиялық жеңіспен оралады. Конференция шешімі бойынша Жапония Ұлттар Лигасының тұрақты мүшесі мәртебесін алып, ұлы державалардың қатырына қосылады, Тынық мұхитандағы герман иеліктеріне мандат алады және Шандунь ауданын жаулап алуды жалғастыруға мүмкіндік алады. Алайда Жапонияның Қиыр Шығыстағы бұл күшеюі осы аймақта мүддесі бар мемлекеттерді, әсіресе АҚШ-ты тыныш қоймады.
Париж конференциясының Қиыр Шығыс бойынша шешімдері АҚШ-та сынға ұшырады. АҚШ сенаты президент В.Вильсонды Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды мәселелерді шешпей, Еуропаға қатысты мәселелермен айналысқаны үшін айыптап, әсіресе Шаньдунды Жапонияға беріп, оның Қытайда үстемдік етуіне жол ашқанына олар қатты қарсы болды және осы себепті АҚШ сенаты Версаль келісім шартын бекітпей тастады.
В.Вильсон Азия-Тынық мұхиты аймағындағы үстемдікті өз қолына алу үшін күшті соғыс теңіз флотын (СТФ) құруға тырысты. Осы бағытта 1918 жылы қазан айында АҚШ-тың СТФ-ның негізгі күштері Атлант мұхитынан Тынық мұхитына ауыстырылды. Сонымен бірге 1920 жылы Панама каналы салынып іске қосылған соң АҚШ-тың Тынық мұхитындағы ұстанымы күшейе түсті.
АҚШ соғыстан әлсіреген Жапония өзіне соғыс теңіз қарулары жағынан қарсы тұра алмайды деп есептеді. Алайда Жапония АҚШ-тың Тынық мұхитында күшейіп жатқанын көріп, одан қалыспай өз соғыс теңіз флотын күшейтуге тырысты. Осы мақсатта Жапония тез арада 8 линкор, 8 крейсер және көптеген басқа да соғыс корабльдерін жасауды жоспарлаған үлкен бағдарламаны қабылдап, оны жүзеге асыруға кірісіп кетті.
Тынық мұхитындағы АҚШ пен Жапонияның осы бәсекелестігі бұрыннан ұлы теңіз державасы саналған Ұлыбританияның да мүддесіне әсер етті. Бірінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі экономикалық қиындықтарға байланысты Англия өзінің соғыс теңіз флотын қысқартуға кіріскен болатын. Сонымен бірге Англия Жапониямен 1902 жылы келісілген, 1908 жылы 1923 жылға дейін мерзімі ұзартылған әскери одақтың бұдан былайғы сипатына алаңдады. Осы мақсатта 1921 жылы жазда Лондонда Англияның ұйымдастыруымен оның доминиондары - Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка одағы қатысқан империялық конференция болды. Осы конференцияда доминион елдер Жапониямен одақтың мерзімін ұзартуға қарсы болды. Олар АҚШ-пен жақындасуды қалады.
Сөйтіп ХХ ғ. 20-шы жылдарының басында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы халықаралық қатынастар шиеленісе түскенін көрсетті. Қытайда халық көтерілістері жиіледі, саяси тұрақсыздық ораны алды, теңізде жанталаса қарулануға байланысты АҚШ пен Жапония арасында қарама- қайшылық күшейе түсті.
Осы кездегі Қиыр Шығыстағы тағы бір ірі держава Ресейге келетін болсақ, большевиктер үкімет басына келген соң елде басталған азамат соғысы мен шетел мемлекеттерінің интервенциясы бұл елді біраз әлсіретіп тастаған еді. Осыған байланысты Ресейдің Қиыр Шығыстағы жерлеріндегі жағдайды жаңа үкімет толық бақылауда ұстай алған жоқ. Осыны пайдаланып, Қытай 1917 жылдың соңына қарай Ресейдің құзыретіндегі Шығыс Қытай темір жолын өз бақылауына алды. Сол кезде Портсмут келісімі бойынша Ресейдің бақылауына берілген Солтүстік Маньчжурияға Жапония өз армиясын кіргізді.
1918 жылдың сәуір айында Владивостокқа шағын Жапон армиясы кіргізілді, ал 1918 жылдың тамыз айынан бастап Жапония Қиыр Шығысқа үлкен армиясын жіберіп Ресейдің Амур өзені бойындағы иеліктерін, Приморье және Забайкалье жерлерін басып ала бастады. Оның бұл әрекетін большевиктер билігін жоюды мақсат еткен АҚШ, Англия және Франция қолдап, өз армияларын көмекке жіберісті. Сөйтіп Қиыр Шығыста кеңес өкіметін құлатуды көздеген шетелдіктердің интервенциясы басталды. Мұның өзі Ресейде чехословак корпусының көтерілісіне әкелді және азамат соғысының жаңа сипатта күшеюіне себеп болды. Алайда кеңес армиясы Сібірдегі азамат соғысын басып, Колчак бастаған ақгвардияшыларды талқандауы Антанта елдерінің 1920 жылы көтемде өз армияларын Қиыр Шығыстан әкетуіне алып келді.
Антанта елдері Қиыр Шығыстан армияларын алып кеткенімен Жапония армиясын әкете қоймады, керісінше жаңа күштермен толықтырды. Оған бір жағынан себеп болған «Николаев оқиғасы» болды, яғни 1920 жылы көктемде Амурдағы Николаевск қаласында Қызыл армияның туын ұстаған белгісіз топтың Жапон консулдығын талқандап, сол қалада тұратын 800-дей жапон өкілдерін қастандықпен өлтіруі болды. Осы оқиғаға байланысты Жапония тағы да әскери күштерін жіберді және Солтүстік Сахалинді басып алды. Оған қарсы Қызыл армия күштері жіберілді. Алайда Кеңестер Одағы Жапонияға қарсы соғыс ашпай мәселені дипломатиялық жолмен реттеуді ойластырды. Себебі сол кезде батыста Польшамен соғыс туындап келе жатқан еді, сондықтан Кеңестер Одағы екі майданда соғыса алмайтын жағдайда болды [18].
1920 жылы 6-сәуірде осы өлкеде Қиыр Шығыс Республикасы жарияланды. Оның құрамына Забайкалье, Приамурье және Приморье жерлері кірді. 1921 жылы оның астанасы Чита қаласында Құрылтай жиналыс шақырылып, жаңа мемлекеттің Конституциясы қабылданды. Бұл уақытша мемлекетті құра отырып, оны Кеңестер Одағы шетел интервенциясы аяқталғанда қайтадан тарқатуды көздеді.
Қиыр Шығыс Республикасының құрылуын АҚШ та, Жапония да қолдап, ресми қатынастар орнатып, Читада консулдық миссияларын ашуға дейін барды. Осыдан соң Жапония Қиыр Шығыс Республикасы де факто мойындап, өзінің армиясын Забайкалье мен Приамурьеден шығарады, бірақ Приморье мен Солтүстік Сахалин оның бақылауында қалады. Болашақта дегенмен Жапония Қиыр Шығыс Республикасын өзіне бағындырамын деп дәмеленді, бірақ көп ұзамай ол бұл республиканың уақытша құрылғанын, оның тәуелсіз мемлекет еместігін, Мәскеуден басқарылатынын біліп қойды. Осыдан соң 1921 жылы көктемде Жапония Приморьедегі Қиыр Шығыс Республикасын құлатып, Владивостокта ірі кәсіпкер С.Д.Меркуловтың басқаруымен қуыршақ мемлекет құрды. Сөйтіп Кеңестер одағының әлсіздігін пайдаланып Жапония Қиыр Шығыстағы территорияларды өз бақылауында ұстауға тырысты.
Қиыр Шығыс Республикасының құрылуы, Қиыр Шығыстағы Ресей территориясына Жапонияның басып кіруі АҚШ-тың қарсылығын туғызды.
1921 жылы көктемде АҚШ-та президенттік сайлау өтіп, мемлекет билігіне республикашыл У.Гардинг келеді. Жаңа билік АҚШ-тың сыртқы саясатына өзгеріс енгізді, бұдан былай АҚШ Еуропа істеріне араласпайды, ендігі кезекте басты назар Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Латын Америкасы деп белгіленді. Сонымен бірге В.Вильсонның бстаған теңіздегі қарулану бағдарламасы өте көп қаржыны талап етеді деп, оны басқа мемлекеттермен келісе отырып шешуге болады деген бағыт ұсталды.
Осыған байланысты президент У.Гардинг Вашингтонда теңіз қаруларын қысқарту мәселесі бойынша конференция өткізуге шақырды. Сонымен бірге конференцияда Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайлар мен Қытай және орыс мәселесін талқылау қарастырылды. АҚШ-тың бұл ұсынысын Қытай және британ доминиондары, Еуропа державалары қолдады. Конференцияға Германия және Кеңестік Ресей өкілдері де шақырылмады.
Вашингтон конференциясы 1921 жылы 12- қарашада ашылды және 1922 жылдың 6-ақпанында аяқталды. Конференцияға қатысқандар: АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Италия, Бельгия, Голландия, Португалия, Қытай. Конференцияны АҚШ президенті Уоррен Гардинг ашты.
Өз сөзінде АҚШ президенті Уоррен Гардинг салтанатты түрде: «Біз дүниежүзінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату үшін бас қосып отырмыз» - деді. Америка Құрама Штаттарының конференциядағы ұсыныстары мен мақсаты төмендегідей болды:
Біріншіден, Қытайдағы Жапонияның ықпалын әлсірету;
екіншіден, Англияның әлемдік мұхиттар мен теңіздердегі үс- темдігін әлсірету;
үшіншіден, Тынық мұхит аралдарында мандаттық статус-кво құқықтарының сақталуын бақылау [19].
Конференцияның төрағасы болып АҚШ-ң мемлекеттік министрі Ч.Хьюз сайланды және 14 елдің өкілі қатысты. Англияның делегациясын премьер-министр А. Дж. Бальфур, Францияны премьер-министрі А. Бриан бастап келді. Конференцияның бірінші отырыстарында төраға Ч. Хьюз ірі теңіз корабльдерін салуды тоқтатуды, олардың бір бөлігін жоюды, ірі кемелердің жүк көтеру қабілетінің белгілі бір мөлшерін белгілеуді ұсынды, яғни бір жүйелік корабльдің тоннажы 35 мың т. болуы керектігін айтылды.
Конференцияның барысында 1921 жылы 13- желтоқсанда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония өкілдері 4 державаның Трактатына қол қойды. Ол қатысушылардың Тынық мұхитындағы аралдардағы билігін бекітті. Келісім 10 жылға жасалды.
1922 жылы 6- ақпанда АҚШ, Ұлыбритания, Япония, Франция, Италия 5 держава Трактатына қол қойыды. Бұл келісім бойынша «теңізде қарулануды қысқарту» келісілді. Әрбір елдің әскери-соғыс корабльдерінің мөлшері белгіленді: Англия жалпы салмағы 558950 т. болатын 20 жүйелік корабльді иеленуге мүмкіндік алды, АҚШ-18 корабль (525850 т.), Жапония-10 корабль (301320 т.), Франция-10 корабль (221770 т.), Италия-10 корабль (182800 т.), сонымен қатар державалар 35 мың т. артық су симайтын корабльдер жасамауға келісті. Линкорлар 16 дюмнен артық колибрі бар қару алмау керек. Келісім бойынша Тынық мұхитында 110 меридианан шығысқа қарай жаңа соғыс-теңіз базасын құруға тиым салынды. АҚШ, Англия, Жапония жағалауына 5 мың км-ге дейін базасы болмауы керек. Келісім 1936 жылғы 31- желтоқсанға дейін жасалды [19].
Бес державаның трактаты теңіз қаруларын қысқартуға байланысты әлемдегі бірінші келісім шарт болды. Оның бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін Тынық мұхитында басталған жанталаса қарулану үдерісін басуда маңызы зор болды. Келісім шарт әлемдегі ірі теңз державаларының теңіз қаруларын едәуір қысқартты: британия флоты 600 мың т., американыкі 500 мың т. және жапонияныкі 300 мың т. Бұл ретте Англия өзінің бұрыннан келе жатқан ескіре бастаған корабльдерін жойса, америка мен жапония жаңадан жасалған линкорларынан айырылуға мәжбүр болды.
Англия қаржы көп кететін ауыр тоннажды корабльдерді салмай, тез жүретін крейсерлер мен сауда кемелерін салуға кірісті. Жапония қару-жарақта теңдік болсын дегенмен, оның ұсынысы қанағаттандырылмады.
Конференцияда Жапония Тынық мұхитында жаңадан әскери база салуға және бұрынғы базаларды күшейтуге қарсы шықты және осы мәселе келісім шартқа енуін талап етті. АҚШ өзінің Тынық мұхитындағы (Филиппин, Гуамдағы және Алеут аралдарындағы) және Ұлыбритания Гоконгтағы әскери базасын күшейтпеуге келісті. Бірақ АҚШ пен Ұлыбритания Панама каналы, Гавай аралдары мен Сингапурдағы әскери базаларын жаңартып, күшейтуге мүмкіндік алды. Өз кезегінде Жапония куриль аралдары, Пескадор және Тайвань аралдарындағы әскери базаларын күшейтуден бас тартты. Сөйтіп Жапония Тынық мұхитының батысында, өзінің шекарасының маңында әскери базалар салдырмауға мүмкіндік алды. Осы арқылы Тынық мұхиты аймағындағы өзінің жағдайын жақсартты деуге болады.
Конференция барысында 1922 жылы 6 -ақпанда тағы бір келісімге қол қойылды: бейтарап және соғысқа қатыспаған елдердің азаматтарының өмірін қорғау және улы газдар мен химиялық қаруларды қолданбау туралы.
Конференцияда қаруларды қысқарту жөнінде комитет құрылды. Оған әр елден 2 өкіл мүше болды.
Вашингтон конференциясында Қытайға ерекше назар аударылды. Оған себеп елдегі революциялық жағдай, Кеңестер Одағы жағынан коммунистік идеяның әсер етуі, орталық биліктің әлсіздігі, елдің екіге бөлінуі - осының бәрі Қытайдағы еуропа елдерінің ықпал ету аймағындағы жағдайды қиындатып, оларды алаңдатты. Сонымен қатар Қытайдағы коммунистердің әрекетінің күшеюі империалситік державаларға ұнамады.
Конференцияда Қытай делегациясын Пекин үкіметі басқарды, елдің оңтүстігіндегі Сун Ят Сен бастаған бөлігі конференцияға қатысудан бас тартты. Қытай Жапония алған герман отарларын қайтарсын деп, Версаль келісіміне қол қоймаған еді. Конференцияда Қытай делегациясы елдегі шетелдіктердің ықпал ету аймағын және оның алдында жасалған теңемес келісімдерді жоюды талап етті, сонымен қатар Қытаймен тең қатынастар орнатуды алға қойды. АҚШ бұл мәселеде Қытайға қолдау көрсетті.
Ұзақ келіссөздерден кейін 1922 жылы 6 -ақпанда 9 Держава Трактатына (Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Бельгия, Голландия, Португалия және Жапония) қол қойылды. Державалар Қытайға қатысты тәуелсіздік және территориялық тұтастық принципін жариялады, ықпал ету аймақтарынан бас тартты. Сонымен қатар келісімде Қытайда сауда және өндіріс мәселесінде «ашық есік» және «тең мүмкіндік» принципін ұстауды барлық мемлекеттерге міндеттеді. Еуропа державалары өз азаматтарына берілген экстерриториялдық құқықтан біртіндеп бас тартатын болды және порттардағы жалға алған жерлерден өз әскерлерін шығаруға келісті.
Конференция барысында Қытайдың тәуелсіздік құқын қалпына келтіру туралы екі жақты келісім шарттарға қол қойылды. Оның ішіндегі маңыздысы Қытай мен Жапонияның арасында жасалған келісім болды. Бұл келісім бойынша Жапония өзінің әскерін Шаньдун ауданынан алып кетуге міндеттенді, Қытай болса сол аудандағы Жапонияның меншігін аз мөлшердегі бағаға сатып алуға келісті.
Жалпы алғанда Келісім Қытайда басқа державалардың тонауына жол ашты. Сонымен қатар Қытайдың әскери күші мен әскери шығынын қысқарту туралы шешім қабылданды.
1922 жылы 6-ақпанда Қытайдың Кедендік тарифі туралы трактатқа қол қойылды. Ол Қытайдың жағдайын тіпті нашарлатты. Жапония өз әскерін герман отарынан әкетуге келісті, бірақ Оңтүстік Манчжуриядан кетпеді. Конференцияның нәтижесінде АҚШ Англияны әлсірету үшін «еркін теңіз» принципіне қол жеткізді.
Конференцияда «орыс мәселесі» де талқыланды. Бұл ретте конференцияға Қиыр Шығыс Республикасының өкілдері шақырылды.
Оларды АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Юз қабылдады және олар конференцияға қатыстырылды. Конференция барысында барлық державалар Жапонияның Ресейдің Қиыр Шығысында армиясын ұстауға қарсы екені анықталды. Осыған байланысты барлық мемлекеттердің қысымымен Жапония өз армиясын Қиыр Шығыстан әкететінін мәлімдеді, бірақ қай уақытта шығаратынын айтпады. Одан басқа конференция Шығыс Қытай темір жолы туралы арнайы қарар қабылдады. Ол темір жолды Ресейге қайтару керектігін беліледі.
Сонымен АҚШ-тың шақыруымен ұйымдастырылған Вашингтон 1922 жылы 6-ақпанда өзінің жұмысын аяқтады. Өзімізге белгілі АҚШ соғыс кезінде Еуропа мемлекеттеріне қарызға қаржы беріп, азық-түлік және қару- жарақтарды сатып үлкен пайда тапты. Осының өзі АҚШ-ты болашақта Еуропа немесе әлемнің басқа жерінде де қандай да бір туындаған қақтығыстардан пайда табуға итермеледі десе болады. Өзінің экономикалық басымдығын пайдаланып, конференцияда шешуге тиіс талқыланған мәселелер бойынша АҚШ қатысушыларды өзінің мүддесіне сай шешімдер қабылдауға көндірді. Осының өзі бұдан былай халықаралық қатынастарда әлемдік саясатта өзінің мүддесін өткізе алатынын көрсетті.
Осы саясатының арқасында АҚШ бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін ұлы держава мәртебесіне көтерілді. Ол Еуропа мемлекеттеріне бір кездері қарыз еді, енді керісінше оларға қарыз берген мемлекетке айналды. Еуропа елдерінің соғыстан кейінгі қираған шаруашылықтары АҚШ-тың экономикасын нығайту үшін тиімді жағдайды тудырды. Сондықтан оқшаулану саясатын ұстана отырса да, одан әрі экономикалық көмегін ұсына отырып, Еуропа елдеріне өзінің ықпалын сақтауға тырысты. Осыған байланысты АҚШ-тың ұсынысмен Еуропа елдері Дауэс және Юнг жоспарлары арқылы одан қаржылай көмек алып, барлғының АҚШ-қа тәуелділігі ұлғая түсті. Мұның өзі АҚШ-қа болашақта әлемдік дегейдегі белді держава дәрежесіне дейін көтерілуге жол ашты десе болады.
Соғыс жылдарында АҚШ еуропа елдерінің бірқатарына дерлік әскери және қаржылай көмек берді деп отырмыз. Соны анықтасақ, соғыстан кейінгі жиырмасыншы жылдардың басында АҚШ-қа шетел мемлекеттерінің қарыздары 11,6 миллиард долларды құрады. Бұл мемлекеттердің қарысызығ көлемін алып қарасақ, оның 4,7 млрд. доллары Ұлыбритания, 3,8 млрд. доллары Франция, 1,9 млрд. доллары Италия, 0,5 млрд. доллары Бельгия үлесінде. Сонымен бірге жоғарыда аталған экономикалық көмек бағдарламаларына негізінде АҚШ-тың бұл елдерге экономикалық көмегі 20 млрд. доллар көлемін құрады. Еуропа елдеріне бұл қарыздарды өту үшін он жылдам астам уақыт керегі сол кездің өзінде айқын болды [20].
1921 жылғы Вашингтон конференциясынан кейін Жапония өзінің әскерін кеңестік Қиыр Шығыстан әкетті. Кеңестік Қиыр Шығыс республикасы 1922 жылы қарашада РКФСР-ге қосылды.
Бұл кезеңде РКФСР мен Қытай арасындағы қатынас аса достық сипатта болған жоқ. Дегенмен өзінің сыртқы саясатында Кеңес өкіметі Қытайға үлкен көңіл бөлді. 1920 жылы Кеңес өкіметі Кеңес халық комиссиариатының Қытай респубикасына мәлімдемесін («Қарахан декларациясын» деген атпен тарихта қалған – құжатқа қол қойған сыртқы істер халық комиссиариатының орынбасарының фамилиясына байланысты) қабылдады. Онда Кеңестер Одағы Қытайдағы патшалық Ресейдің артықшылықтары мен қарыздарынан бас тартатынын білдірді. Осыны пайдаланып, Қытай Ресей азаматтарын экстерриториялдық құқынан айырды және консессияларды жойды. Ресми Қытай большевиктер үкіметін мойындаудан бас тартты.
Бұл кезде Қытай екіге бөлінген еді. Солтүстігінде Қытай үкіметі, оңтүстігінде Сун Ят Сен бастаған Гоминьдан үкіметі. 1922 жылы Пекинге полпред А.А.Иоффе жіберілді. Ол Қытай басшылығымен келіссөз кезінде 1920 жылғы декларациялар Кеңес өкіметін Қытай мойындамайынша өз күшін жоятынын мәлімдеді. 1923 жылы Шанхайда А. Иоффе Сун Ят Сенмен келіссөз жүргізді. Соңынан екі ел арасындағы өзара қатынастар принциптері туралы коммюникеге қол қойысты. Бұл құжатта екі ел арасындағы революцияға дейін жасалған екі жақты келісім шарттар күшін жоятындығы айтылды, Сыртқы Моңғолия Қытайдың бір бөлігі екендігі мойындалды, тіпті Қытайда коммунистік тәртіп енгізілмейтіні туралы да баптар болды. Осыдан соң Ресей мен Гоминьдан үкіметі арасындағы қатынастар тездеп дамыды.
1923 жылы күзде Мәскеуге гоминьдан генералы Чан Кайши келіп Кеңес өкіметінің тәжірибесімен танысты. Ол Л.Троцкий, Г.Зиновьев, Г.Чичеринмен кездесті және кеңестік үкіметтен әскери көмек алу туралы келіссөз жүргізді. 1924 жылы Қытайға тәжірибе алмасу үшін В.К.Блюхер жіберілді. Олар гоминьдан армиясын құруда белсенді роль атқарды [18, с.63].
Кеңестер елі ресми Қытаймен қатынасты үзбеуге тырысты. 1923 жылы Пекинге жаңа полпред Л.М.Қарахан келді. Ол Қытай Кеңестер Одағын де-юре мойындаған соң ғана патшалық Ресейдің мұрасын жою мәселесі қарастырылатындығын мәлімдеді. 1924 жылы Кеңестер Одағын Ұлыбритания мен Италия мойындаған соң ғана Қытай Кеңестер Одағымен қатынастарды орнтауға назар аударды.
Осыған байланысты ұзақ келіссөзден кейін 1924 жылы мамырда Қытай мен Кеңестер Одағы арасында дипломатиялық қатынастың орнауы туралы келісімге қол қойылды. Келісім бойынша Кеңестер Одағы Қытайдағы революцияға дейінгі концессиялардан бас тартты, бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға келісті. Шығыс Қытай темір жолы (ШҚТЖ-КВЖД) екі елдің де меншігі деп есептелді. КСРО сыртқы Монғолиядан әскерін әкетуге міндеттенді, бірақ әкете қоймады. 1924 жылы Монғол Халық Республикасы жарияланды.
Бұл келісім шарт екі жақтың да мүддесін қанағаттандырды. Кеңестер Одағы өзінің ШҚТЖ және солтүстік Маньчжуриядағы саяси ықпалын сақтап қалса, Қытай үшін тиімділігі бірінші рет Ресей сияқты ірі держава өзінің Қытайдағы империалистік артықшылықтары мен жеңілдіктерінен бас тартты.
Алайда бұл кезеңде Қытайдың өз ішіндегі жағдай одан әрі шиеленісті. Орталық республикалық үкімет елді бір орталыққа біріктіре алмады. Қытайдың басым бөлігі провинциядағы билікке бағынды. Гоминьдан үкіметі бүкіл Қытайды өзі біріктіргісі келді. 1925-1927 жж. Қытайда революция болды. Революцияға Батыс елдері араласпады. Кеңестер Одағы революцияны әлемдік революциялық қозғалыстың бір бөлшегі ретінде қарастыра отырып, қытай коммунистеріне көмекке ұмтылды. КСРО гоминьдан армиясына қару-жарақ беріп көмектесті. Алайда КСРО-ның араласуы қытай коммунистерінің билік басына келуіне мүмкіндік тудырмады. Мемлекет билігі Гоминьдан партиясының қолына көшті. Ішкі тартыстардан Гоминьдан партиясы екіге бөлінді. Бір жағы коммунистер, екінші жағы Чан Кайши жақтаушылары болды.
1928 жылы Гоминьдан армиясы Пекинге басып кіріп, республикалық өкіметті қуды. Қытайдың астанасы Нанкинге көшірілді. Қытай револциясы Чан Кайшидің жеңісімен аяқталды. Кеңес елінің Қытайдағы коммунистерді қолдаған саясаты толық күйреді. Сөйтіп, Кеңестер Одағы мен Қытай арасындағы қатынас қайтадан үзілді. Чан Кайши Вашингтон конференциясында қабылданған шешімдерді мойындайтындығын білдірді.
1928 жылы Қытайдың жаңа үкіметін АҚШ, Ұлыбританияны т.б. мемлекеттер мойындады, 1931 жылы Қытай Ұлттар Лигасына тұрақты емес мүше ретінде енді. Чан Кайши үкіметі шетелдіктермен бұрын жасалған келісімдерді қайта қарап, шетелдіктердің біраз жеңілдіктерін, оның ішінде экстерриториялдық құқын жойды, 16 елдің ішінен тек АҚШ, Англия, Франция, Жапонияға ғана экстерриториалдық құқық берілді. Қытай флот салу ісіне кірісті.
Сонымен қатар Чан Кайши билік басына келісімен шетел мемлекеттерімен жасалған теңемес келісімдерді қайта қарауға кірісті. 1928 жылы Қытай АҚШ пен кедендік тарифтер туралы келісімге қол қоя отырып, өзінің тәуелсіз тарифтік саясатын жүргізу құқын қалпына келтіруге қол жеткізді. Осындай келісімдерді Қытай еуропаның 11 мемлекетімен қол қоюға мүмкіндік алды. 1930 жылы осындай келісім Жапниямен де жасалды. Сөйтіп, Қытайдың кедендік автономиясы қалпына келтіріліп, кедендік кіріс оның мемлекеттік бюджетінің басты көзі бола бастады. 1927-1931 жылдар ішінде Қытай елде орналасқан шетелдік 33 концессияның 20-н қайтаруға мүмкіндік алды. Бұл шаралардың бәрі Қытайдың жартылай отарлық тәуелділіктен босауына жол ашты [21].
Қытайдағы нанкин үкіметі елдің жағдайын тұрақтандыруға барынша күш салды, Жапонияның саяси тұрақтылығы сақталды, Маньчжурия кеңестер мен қытайдың бақылауында болды.
Кеңестер Одағы мен Жапония арасындағы қатынастар тұрақтандырғысы келді. 1924 жылы Пекинде кеңес-жапон келіссөздері басталды. Кеңестер Одағы атынан келіссөзді Л.М.Қарахан жүргізді. Осыдан соң 1925 жылы Кеңес Одағы мен Жапонияның арасында дипломатиялық қатынасты орнату туралы Пекин конвенциясына қол қойылды. Ол бойынша екі жақ бірін-бірі ресми мойындады және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау туралы келісті. Жапония Сахалин аралының солтүстігінен өз армиясын шығаруға, ал Кеңестер Одағы ондағы көмір және мұнай концессияларын жапондықтарға игеруге беруге міндеттенді.
Жалпы осы кездерде Жапонияның жағдайы тұрақты болды. Оған себеп сол кездегі Жапонияның сыртқы істер министрі К.Сидехардың сыртқы саяси бағыты болды. Сидехардың доктринасы Жапонияның шетелдіктермен, Ұлттар Лигасымен тығыз ынтымақтастығын негіздеді. КСРО-мен де жақсы қатынасты сақтау, Қытайдың ішкі істеріне араласпау саясатын көздеді. Сонымен қатар әскери шығынды азайту саясаты жүргізілді. Алайда бұл саясат елдегі ұлтшылдарға ұнамады. 1926 жылы билік басына жаңа император Сева (Хирохито) келді. 1927 жылы премьер-министр және сыртқы істер министрі болып сайланған генерал Г.Танака жаңа сыртқы саясат доктринасы белгіленген меморандумды ұсынды. Онда Жапонияның жақын арада аймақтағы үстемдігі, одан соң бүкіл әлемге үстемдігі туралы мақсат белгіленген. Алайда бұл құжат қабылданбады, Танака отставкаға жіберілді. 1929 жылы Жапония Қытайды мойындады.
1920-1930 жылдардағы әлемдік экономикалық дағдарыс Қиыр Шығыс мемлекеттерін де қамтыды. Бұл дағдарыс Жапонияның жағдайын қиындатты. Жұмыссыздық, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуі, инфляция т.б. осының бәрі Жапонияның экономикалық жағдайын нашарлатты және Жапонияның агрессиялық саясаты күшейді. Ол Қиыр Шығыс аймағында өзінің үстемдігін орнатқысы келді.
Вашингтон конференциясының халықаралық маңызы болды. Оның басты нәтижесі Азия-Тынық мұхиты аймағында тұрақтылық пен күштердің тепе-теңдігін қалпына келтіргендігі болды.
Сонымен Версаль және Вашингтон конференциясындағы қабылданған шешімдер соғыстан кейінгі әлемдегі саяси жағдайды реттей отырып, халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қалыптасуына негіз болды.
Версаль, Вашингтон конференцияларының шешімдері және одан кейін қол қойылған келісімдердегі шарттар соғыстан кейінгі халықаралық қатынастарды реттеп, мемлекеттердің территориялық жағдайларын шешіп, халықаралық қатынаста біршама тәртіп енгізді. Осыған байланысты соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық тәртіпті Версаль-Вашингтон жүйесі деп аталды.
Версаль-Вашингтон жүйесі халықаралық қатынастарға өзгеріс әкелді, бірінші дүние жүзілік соғысқа дейін қалыптасқан күштер арасалмағын жаңартты. Ол кезде әлемдік саясатта Германия, Австро-Венгрия, Франция, Ресей басымдық танытса, соғыстан кейін Германия жеңілген мемлекет ретінді әлсіреп қалды, Австро-Венгрия екі мемлекетке бөлініп кетті, Ресейде социалистік революция жеңіске жетіп, басқа қоғамдық құрылыс орнады. Сөйтіп, Еуропаның саяси картасы өзгерді. Герман, Ресей және Австро-Венгрия империяларының ыдырауы жаңа мемлекеттердің – Югославия, Польша, Чехословакия, Австрия, Венгрия, Финляндия, Латвия, Эстония, Литва – қалыптасуына жағдай жасады. Ендігі халықаралық қатынастар Ұлттар Лигасындағы басшылықты қолдарына алған Ұлыбритания мен Францияның саясатына байланысты болды. Дегенмен бұл екі мемлекеттің өздерінің арасындағы келіспеушілік жалпы халықаралық қатынастарда белгілі бір жүйені сақтауға кедергі болды.
