- •Бірінші дүние жүзілік соғыс және халықаралық қатынастар.
- •1.1 Дүние жүзілік соғыс және белді державалардың саясаты.
- •Париж конференциясы: барысы және мемлекеттердің ұстанымдары.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің құрылуы.
- •Вашингтон конференциясы және оның шешімдері.
- •3 Версаль-Вашингтон жүйесінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны
- •Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қарама- қайшылығы
- •Версаль-Вашингтон жүйесінің дағдарысы
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер:
Версаль-Вашингтон жүйесінің дағдарысы
Париж конференциясы аяқталып, бірінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі мемлекет аралық қатынастар біршама болса да реттеліп, халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі Версаль- Вашингтон жүйесі қалыптасты деп тұжырымдаймыз. Сөйтіп соғыстан кейінгі Париж және Вашингтон конференцияларында барлық соғысушы мемлекеттер мен олардың одақтастары және отар жерлер бойынша негізгі мәселелер қарастырылып, территория, шекара, қару-жарақ т.б. мәселелер біршама реттеліп, мемлекеттер өздерінің мүдделеріне сай, қажетті шешімдерді қабылдады. Дегенмен бұл келісім шарттар, әсіресе жеңілген мемлекеттердің мүддесіне сәйкес келмеді, тіпті шешімдердің басым көпшілігін жеңген мемлекеттер жеңілген мемлекеттерге күшпен таңды десе болады.
Париж конференциясының маңызды шешімдерінің бірі халықаралық ұйым Ұлттар Лигасының құрылуы болды. Пари конференциясына қатысқан мемлекеттердің бәрі бұдан былайғы халықаралық қатынастарды реттеп отыратын, даулы мәселелерді соғысқа айналдырмай шешіп отыратын орган ретінде осы Ұлттар Лигасының құрылғанын бәрі қолдады. Ұлттар Лигасына әлемде бейбітшілікті орнатады және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деген үміт артылды. Оның Жарғысы американ Президенті В.Вильсонның басышылығымен жасалды және ең басты мазмұны соғыстардан бас тарту, агрессорларға қарсы санкциялар салу болды. Оның жоғарға органдары болып жыл сайын шақырылатын Бас Ассамблея болды, оған мүше мемлекеттердің өкілдері қатысады және Лига кеңесі болды, оған тек бес мемлекет тұрақты түрде мүше ретінде белгіленді: АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия және Жапония. Лиганың Жарғысы халықаралық құқықтың жаңа институтын мандаттық жүйе құрды. Оның мәні Ұлттар Лигасы тарапынан белді мемлекеттерге отар елдерді тәуелсіздік алуға дайындау үшін бақылау құқын беру болып табылады. Шын мәнінде мандаттық жүйе отарларды қайта бөлісу ісін жүргізу үшін бүркеме болып табылды.
Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесі қалыптасты дегенмен, белді державалардың арасында да өткір қарама-қайшылықтар сақталды. Әсіресе Франция мен Англияның арасындағы бақталастық, олардың осы жеңістен барынша өздеріне пайда табуға ұмтылуымен көзге түсті.
Мемлекеттер арасындағы алауыздық пен бәсекелестік сол кездегі халықаралық қатынастарда оран алған барлық мәселелерден көрінді. Ендігі жерде сол кездегі халықаралық қатынастарда қалыптасқан басты мәселелер мен сол мәселелерге қатысты Еуропаның белді державаларының арасындағы қарама -қайшылық пен оның Версаль-Вашингтон жүйесінің тұрақты дамуына қалай әскер еткенін көрсеткіміз келеді.
Осы кезеңдегі халықаралық қатынастардағы өзекті жағдайлардың бірі болып соғыс қаупін жою, жанталаса қарулануды тоқтату мәселесі тұрды. Бұл ретте әсіресе Кеңестер Одағы тарапынан Ұлттар Лигасына жаппай қарусыздану мәселесінде өзара мемлекеттердің келісуін талап еткен өтініш көбейді. Еуропаның белді мемлекеттері Франция мен Англия болса жанталаса қарулануды тоқтату мәселесін қозғамақ түгіл, өз арасында бірін бірі басып озатындай жағдайда қаруланып жатты. Франция өзінің Еуропадағы бұрынғыдай үстемдік жағдайды қайтсе де сақтауға тырысты, Англия болса Германия жеңілген соң континенттегі тепе-теңдікті сақтау мақсатында Францияның күшейіп кетпеуі үшін Еуропадағы күштердің ара салмағын назарында ұстауға тырысты. АҚШ-тың саясатының ерекшелігі жеңілген Германияға қолдау көрсетіп, 1921 жылы онымен келісім шартқа қол қойып, Дауэс және Юнг жоспарлары арқылы оған көмек көрсетіп, оның да Еуропа саясатындағы орнын сақтап, болашқта пайдалануды көздеді.
Осы кезеңде жанталаса қарулану үрдісінің кең етек алғаны соншалық, ол болашақ соғыс қаупін тідыратындай жағдайға жетті. Сонымен қатар Версаль-Вашингтон жүйесінің негізгі шешімдерінің бірі жеңілген мемлекеттерді қарусыздандыру, армиясының санын шектеу сияқты келісімдерінің орындалуына қауіп төндіретіндей жағдайға жетті. Өйткені бұл кезде Германия астыртын қарулану үрдісін бастады. Себебі АҚШ-тың берген қаржылай көмегі тек экономиканы қалпына келтіруге ғана жұмсалған жоқ, сонымен бірге қару жарақ жасау ісіне жұмсала бастады.
Германияда қарулану үрдісінің басталғанын сезген Франция, сонымен қатар халықаралық қатынастарды бейбіт дамытуды көздеген Кеңестер Одағы қайтседе қарулануды шектеп, болашақ соғыс әрекеттеріне жол бермеуге бағытталған саясат ұстанды.
Осыған байланысты 1932 жылы 2-ақпанда Женевада Жалпыға бірдей қаруларды шектеу және қысқарту мәселесі бойынша халықаралық конференция басталды. Оған 60-тан астам мемлекет қатысты. Конференцияда Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі А.Гендерсон төрағалық етті. Конференцияға Кеңестер Одағы да қатысты.
Конференция барысындағы бірнеше айға созылған қызу пікірталастан кейін қаруларды белгілі бір мөлшерде қысқарту, әуеден бомбалауға, соғыста улы газдар мен бактерологиялық қаруларды пайдалануға тиым салу туралы қарар қабылданды. Сонымен қатар ауыр артиллерияны біртіндеп қысқарту және үлкен тоннажды әскери корабльдерді салуға тиым салу мәселелері де қозғалды. Соған қарамастан бәріне ортақ қарусыздануға қатысты маңызды құжат қабылдау жүзеге аспады.
Конференцияда Англия теңіз қаруларын қысқартуды, су асты сүңгуір қайықтарын жоюды ұсынды. АҚШ барлық ірі державалардың теңіз қаруларын қысқартуды ұсынды.Франция Ұлттар Лигасының басшылығымен халықаралық армия құруды ұсынды. КСРО толық және жалпыға бірдей қарусыздануды ұсынды. Германия бұл жолы өздерін қарулану мәселесінде басқалармен теңестіруді талап етті. Оған қарсы Франция және Кіші Антанта елдері шықты. Оны АҚШ қолдады. 1933 жылы 24-қыркүйекте Англия, Франция, АҚШ, Италия атынан әзірленген құжат Германияға ұсынылды, ол бойынша Германияның әскери мүмкіншілігі шектелді, ол екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең: 3-4 жыл аралығында Германия өзінің ұзақ мерзімді әскери міндетті өтеуді қысқа мерзімге ауыстыру керек болды. Екінші кезең: 3-4 жыл аралығында қарусыздану жүзеге асыру талап етілді.
Герман делегациясы бұл жобаны қабылдаудан бас тартты. 1932 жылы қыркүйекте неміс делегация өз талаптары орындалса ған қайтып келеміз деп әдейі конференцияны тастап кетті.
Германияның қарулану мәсеслесі бойынша Ұлыбритания, АҚШ, Италия қысым жасаған соң Франция тағы да келісуге мәжбүр болды, сөйтіп, 1932 жылы желтоқсанда Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Италия бес мемлекеттің декларациясы жарық көрді. Онда барлық мемлекеттерге қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайындағы халықаралық бақылау негізінде қарулануда теңдік беріледі деп көрсетілді [32].
Соған қарамастан 1933жылы 19-қазанда Германия Ұлттар Лигасынан шығатынын білдірді.
Сөйтіп Германия Версаль келісім шартын жеңген мемлекеттердің өздеріне бұздыра отырып, бұдан былайғы жерде қарулануға басқа мемлекеттермен қатар мүмкіндік алды. осының өзі Версаль Вашингтон жүесінің өзінде нақты дағдарыстың басталғанын көрсетеді.
Конференцияның 1933 жылғы ақпандағы мәжілісінде КСРО «агрессорды» анықтау туралы декларацияның жобасын ұсынды. Алайда ол қолдау таппады. Кейін 1933 жылы шілдеде декларацияға 10 мемлекет қол қойды: Польша, Румыния, Түркия, Ауғанстан, Чехославакия, Югословакия, Прибалтика, Филипины.
Осы конференцияда 1933 жылы Муссолини «төрттік пактіге» қол қоюды ұсынды. Яғни, төрт держава – Германия, Франция, Англия, Италия. Келлог пактісі негізінде бейбітшілікті қолдау, бейбіт келісімдерді қайта қарау, Германияға қарулану мәселесінде тең құқық беру. 1933 жылы 7 шілдеде Римде бұл пактіге қол қойылды. Алайда ол күшіне енген жоқ.
Сонымен қарусыздану мәселесі қарастырылған Женева конференциясының жұмысы 1934 жылдың маусымына дейін созылды және ешқандай нәтижесіз аяқталды. Қатысқан мемлекетттер қару жарақтың түрлерін шығаруды қысқарту немесе шектеу туралы ортақ мәмілеге келе алмады. Женева конференциясы Европада саяси тұрақтылықтың өткенін көрсетті, мұның өзі халықаралық қатынастардың Версаль жүйеінің іргесі сөгітіле бастағанынының айғағы болды.
ХХ ғ. 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басы Европада халықаралық қатынастарда тұрақсыздық жағдайдың қалыптаса бастаған кезі болды. Бұған бірқатар жағдайлар әсерін тигізді: біріншіден 1929 жылы АҚШ-та Нью-Иорк фонды биржасының күйреуі, дүние жүзілік экономикалық дағдарыстың басталуына түрткі болды, мұның өзі соғыстан кейін енді қалыптасып келе жатқан елдердің экономикалық дамуына қиындық әкелді. Италияда фашистік өкіметтің он жылдан астам агрессиялық саясат ұстауы да ықпал етті. Германияда Гитлер бастаған ұлтшыл- социалистік жұмысшы партиясы жетекші партиялардың біріне айналып, рейхстағта көпшілік орын алуға дейін жетті. Сөйтіп, Еуропада фашизм идеологиясы кең өрістей бастады. Осы кезде Қиыр Шығыста Жапония Маньчжурияда агрессиялық саясатын бастады. Мұның өзі халықаралық қатынастағы қарама- қайшылықты одан әрі күшейте түсті. Сонымен қатар сол кезде Еуропадағы тұрақтылықты өз саясаттарының қаруы еткен көрнекті мемлекет қайраткерлері Г.Штреземан (1929 ж. Германия) және А.Брианның (1932 ж. Франция) қайтыс болуының өзі халақаралық қатынастағы агрессияны тежегіш нақты күштердің топтасуына кедергі келтірді.
Версаль жүйесінің осалдық жасаған тағы бір тұсы Германияның соғыс шығындарын өтеуіне байланысты жағдай еді.
Әлемдегі экономикалық дағдарысқа байланысты Германияның репарациялық мәселесі тағы да 1932 жылы Лозанна конференциясында қаралды. Конференция шешімі бойынша Германияның репарациясы жойылды. Тек 15 жыл бойы 3 млрд. марка төлеуі тиіс болды. Кейін Германия бұл соманы да төлемеді. Сөйтіп, 1919-1932 жылдар аралығында 36,1млрд. алтын марка ғана төледі, мұның өзі барлық репарациялық төлемнің 27,3% ғана қамтитын еді [33].
Германияның репарациялық жағдайын алға тартып, Европа елдері АҚШ-қа әскери қарыздарын өтемей қойды. Американдықтар бұған ренжісе де, олар Германияның репарацияларының жойылуы, автоматты түрде барлық мемлекеттердің әскери қарыздарына тарайды деп түсіністі, өйткені олар германия репарациялық төлемінің есебінен қарыздарын қайтарып келген еді.
1930 жылы қаңтар- сәуір айларында Лондонда теңіз қарулары туралы халықаралық конференция болды. АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Италия ұзақ келіссөз кезінде Франция мен Италия бір-бірімен келісе алмады. Конференция нәтиежесінде АҚШ, Ұлыбритания, Жапония арасында келісімге қол қойылды. Ол бойынша үлкен крейсерлер саны: АҚШ үшін-18, Англия-15, Жапония-12 деп белгіленді [34].
Версаль шарттарының күшінің біртіндеп кете бастауы Францияның өзінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған әрекеттерге итермеледі. Ол Англия, АҚШ сияқты елдерден қолдау таппасын біліп, кезінде өзі мойындай қоймаған Кеңестік Ресеймен жақындасу бағытында саясат жүргізе бастады. Сөйтіп, КСРО мен Франция арасында жақындасу басталды. 1932 жылы 29-қарашада екі ел арасында бір-бірінше шабуыл жасаспау туралы пактіге қол қойылды.
Сондай ақ 1932 жылы КСРО Финляндиямен, Латвия, Эстония, Польшамен шабуыл жасапау туралы келісімге қол қойысты.
Осындай әрекеттерден кейін халықаралық қатынастардың Версаль жүйесі әлсірей бастағаны анық байқалды. Анықтап қарасақ ХХ ғ. 30-жылдарының ортасына қарай халықаралық қатынастарда үш орталық қалыптастқанын көреміз: агрессиялық саясат ұстанушы мемлекеттердің тобы (Германия, Италия, Жапония), әлемдік саясатта ықпалды батыс державаларының тобы (Англия, АҚШ, Франция) және Кеңестер Одағы. Осы қалыптасқан топтардың әрқайсысының өзінің мүддесі мен алға қойған мақсаттары болды және осы мақсаттарға олар әр түрлі әдістермен жетуді көздеді.
Бұл мемлекеттер, әсіресе бірінші дүние жүзілік соғыста жеңілген мемлекеттер, халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесін толық жоюды көздеді.
Сонымен қатар, және ең басты мақсаттары Германия үшін әлемдік үстемдікке жету, Италия мен Жапония үшін аймақтық деңгейде үстемдікке жету көзделді. Олардың әрқайсысы өз мақсаттарын теориялық түрде негіздеуге тырысты. Германия болса «ариилықтардың артықшылығы», «табиғи таңдау» т.б. теорияларды ұстанса, Италия «Ұлы Рим империясын қайта қалпына келтіру», Жапония «азия халықтарының өркендеуі» сияқты теориялық көзқарастарды негіздеді, ұстанды. Осыдан келіп ұлтшыл Германия, фашистік Италия және милитаристік Жапонияның агрессиялық пиғылдары бүкіл халықаралық қатынастарға, адамзатқа қауіп төндіретіндей деңгейге жетті.
Демократияны негіздеген батыс державалары Версаль-Вашингтон жүйесін сақтауға, оны біртіндеп жүзеге асыруға тырысты. Бірақ ашық көрініс тауып отырған агрессияшыл мемлекеттерге қатысты олар бірін бірі «ауыздықтау» саясатын ұстанды. Олар Германияның экономикасын қалпына келтіре отырып, оның агрессиялық әрекетін Кеңестер Одағына қарсы бағыттауға, пайдалануға тырысты.
Кеңестер Одағы болса, сыртқы саясатта империалистік мемлекеттердің өздерінің арасындағы алауыздықты пайдалана отырып, Кеңестер Одағын күшейтуді, социалистік жүйені жаңа елдерді тарта отырып нығайтуды көздеді. Екі топ та туып келе жатқан фашистік агрессияның қаупін түсінбеді, бағаламады. Бірінші топ оны Кеңестер Одағына бағыттаймыз деп дәмеленді, сол арқылы социализмді жойып, өздерінің үстемдігін арттырамыз деп ойлады. Ал Кеңестер Одағы болса батыс державаларының өзіне қарсы пиғылдарын фашизммен қатар қойып, олардың арасындағы айырмашылыққа, олардың соңғысының аса қауіпті екеніне мән бермеді.
1933 жылы Германияда Веймар респубикасының Президенті Пауль фон Гинденбург ұлтшыл- социалистік партияның жетекшісі А.Гитлерге жаңа үкіметті құруды тапсырды. Мұның өзі Германияда ғана емес, бүкіл халықаралық қатынастардың даму барысына үлкен өзгеріс әкелген оқиға болды. Фашистердің өкімет басына келуімен агрессиялық бағыттағы саясат жүзеге аса бастады, осыдан былай Версаль келісім шарттар жүйесінің мәні де қалмады десе болады.
Өкімет басына келісімен Гитлердің сыртқы саясаттағы алғашқы қадамы «Төртеудің пактісіне» қол қоюдан басталды. 1933 жылы 15-шілдеде Римде Англия, Франция, Германия, Италия өкілдері жиналып «өзара келісім және ынтымақтастық» келісімге қол қойды. Бұл құжатқа қол қою идеясын Б.Муссолини мен Р.Макдональд ұсынды. Құжаттың алғашқы нұсқасында Версаль келісімінің барлық әскери бабтары жойылады деп көрсетілді. Бірақ Франция біраз өзгерістер енгізіп, Ұлттар Лигасының Жарғысының баптарына сәйкестендіруге тырысты. Сонда да пакт Германияға жеңілдіктер негізінде жасалды. Германияның қарулануда тең құқықтығы тағы да көрсетілді. Пактіге қол қоюшылар барлық саяси, саяси емес мәселелерді бірігіп шешуге келісті, отар мәселесін де ақылдасып шешетін болды [35].
Өзінің мазмұны жағынан бұл құжат Европа мемлекеттерінің Германияға берген еркіндігі сияқты болды. Сондықтан бұл құжатты Францияның да, Англияның да үкіметтері бекітпеді және басқа европа мемлекеттері оны жақтырмады.
Осы фактілерді ұстай отырып, Германия 1933 жылы қазанда өз делегациясын халықаралық конференциядан шақырып алды және Ұлттар Лигасынан шықты.
Сөйтіп енді Еуропада еркін саясат жүргізе бастады. 1934 жылы Берлинде герман-поляк шабуыл жасаспау туралы келісіміне қол қойылды. Мұның өзі Францияның мүддесіне қайшы келді. Өйткені Кіші Антантаны құра отырып, оған Польшаны тарта отырып, Франция Еуропаның шығысында өзіне қауіпсіздік жүйесін құрдым деп отырған еді.
1935 жылы қаңтарда Саар облысында плебисцит жүргізілді, оның нәтижесінде бұл обылыс Германияға қосылатын болды.
1935 жылы 16-наурызда Берлинде жалпыға бірдей әскери міндеткерліктің енгізілетіні туралы декрет жарияланды. Антанта елдері: Англия, Франция, Италия үкімет басшылары Итальян қаласы Стрезде (Стрез майданы) мәжіліс жасап, оған қарсылықтарын білдірді. Алайда Гитлер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында деп ақталды [36].
АҚШ пен Англия өкімет басына фашистер келсе де, бұрынғыдай Германияның әскери өнеркәсібін қажетті капиталмен қамтамасыз ете берді, мұның өзі Германияның күшеюіне жағдай жасады.
1935 жылдың жазында Германия мен Англия арасында теңіздегі қарулану бойынша келісім жасалды. Ол келісім бойынша Германия флот салуға мүмкіндік алды. Бұл келісім Версаль келісімін өрескел бұзғандық болды. Бұған қарсы Франция наразылық білдірді.
Осындай жағдайда Италия өзінің агрессиялық жоспарын жүзеге асыруға тырысты. Муссолини (дуче- итал. көсем, қолбасшы- Муссолинидің ресми титулы) ең алдымен Африкадағы өзінің иеліктерін күшейтуге, кеңейтуге бағыт ұстады. Бұл ретте Франциямен келісімге келудің сәті түсті. Франция Италияның Африкадағы саясатына қарсы шықпайтынын білдірді. Осыдан соң Италия 1934 жылдан бастап, Сомалиге Эфиопияны қосып алғысы келіп соғыс әрекеттерін бастады. Эфиопия Ұлттар Лигасына өтініш білдірді. Алайда Италия өзінің әскери қимылдарын жалғастыра берді. Бұған қарсы Ұлттар Лигасы Италияға Жарғының 16-бабына сәйкес экономикалық санкция салды. 1935 жылы бұл мәселеге Англия мен Франция араласты, олардың ұсынысымен Эфиопия Италияға территориясының 1/3 беруге келісті. Англия да, Францияда бұл қақтығысқа кіріскісі келмеді, Италиямен қатынастарын бұзғысы келмеді. Ал іс жүзінде 1936 жылы Италия бүкіл Эфиопияны басып алды. Ұлттар Лигасы Италияға қарсы экономикалық санкция салған қарарының күшін жойды, мұның өзі ұйымның әлсіздігін көрсетті.
Италия Африкадағы жеңісінен кейін сыртқы саясатта батыл қадамдар жасай бастады. Муссолини 1936 жылы Австрияның жаңа канцлері И.Шушингке Германиямен келісімге келуді ұсына отырып, Германияға оның Австрияны қосып алуына қарсы еместігін білдірді.
Осыдан соң 1936 жылы маусымда герман-австрия саяси келісіміне қол қойылды. Ол бойынша Австрия өзін «неміс мемлекеті» деп мойындап, бүкіл сыртқы саясат мәселесін Берлинмен келісіп отырып жүргізетінін білдірді. Мұның өзі Германияның келешекте оған аншлюс жариялауына жол ашты.
Осы кезде Англиядағы оқшаулану саясатын жақтаушылар Англия европалық ел емес, сондықтан ол араласпау саясатын ұстану керек дей бастады.
АҚШ-та да осындай саясат жүрді, 1935 жылы тамызда АҚШ конгрессі «бейтараптық» туралы заң жариялады.
1936 жылы наурызда Германия Ұлттар лигасы қарауындағы Рейн ауданын басып алатынын мәлімдеді және оған әскерін кіргізді. Сөйтіп Версаль келісімі мен Локарнода қол қойылған Рейн пактісін бұзуға әрекет жасалды. Әрине бұл әрекет Франция тарапынан қарсылыққа кездескенімен, Рейн кепілдік пактісіне қол қойған Англия мен Италия Францияны қолдауға асықпады. Францияның армиясы әлі де Германиядан басым болды, бірақ Франция батыл әрекет жасамастан, өзінің жақтастарына қарады. Алайда Англия Германия басқа елдің территориясына басып кірген жоқ, өз жері десе, Италия Эфиопиядағы соғысқа байланысты өзіне қарсы қойылған санкция тоқтамайынша ешқандай әрекетке бармайтынын білдірді. Рейн мәселесінде аса қатты қарсылыққа кездеспеген Германия өзінің агрессиялық пиғылын одан әрі күшейте түсті. Ал Францияның позициясын әлсіретті. Осыған байланысты Кіші Антанта елдерінің Францияға, оның көмегіне деген үміті күйреді десе болады, сонымен қатар1936 жылы күзде Бельгия Франциямен 1920 жылы жасалған келісімнен бас тартатынын білдірді және бейтараптық жариялады.
Германияның осындай ашық әрекеті Версаль шарттарының ешқандай күші қалмағанын көрсетті.
Германияның бұл батыл әрекеттері осы кезде Англия мен Францияның жақындасуына жағдай жасады. Лондон Францияға болашақта Германия шабуыл жасаса өзінің көмекке келетінін білдірді.
Осы кезеңдегі халықаралық қатынаста шиеленіс тудырған мәселе Қара теңіз бұғаздары, аралдары мәселесі болды. Түркия бірнеше рет Лозанна конференциясының шешеімдерін қайта қарап, бұғаздарға бақылауды өзіне беруді сұраған еді. Бұған негізінен Англия қарсы болған болатын, өйткені ол Түркия КСРО-мен бірігіп Қара теңізге бұғаздарын басқа мемлекеттерге ашпай қоюы мүмкін деп сақтанды. Алайда Италияның Жерорта теңізіне, Балкан түбегі мен Қара теңізге ұмтылуы оның осы мәселені тағы бір анқтылауға итермеледі. Англияның келісімін алысымен Түркия барлық мемлекеттерге нота жолдап, Лозанна конвенциясын қайта қарауға шақырды.
Сөйтіп, 1936 жылы жазда Монтреде (Швейцария) конференция ашылды, онда Қара теңіз бұғаздарын ремилитаризациялау мәселелесі қаралды. Конференция бұғаздардың тәртібін белгілеген Конвенцияға қол қоюмен аяқталды. Конвенцияға Болгария, Англия, Греция, Түркия, Румыния, КСРО, Жапония, Югославия қол қойды.
Ендігі жерде бұғаздар (Дарданелл, Босфор) Түркияның құзыретіне берілетін болды. Халықаралық бақылау алынып тасталды. Бұғаздардан барлық елдердің сауда кемелерінің еркін өтуіне рұқсат берілді. Бұғаздарды бақылау Түркияға берілді. Бұғаздардан өту мәселесі былай белгіленді: Қара теңізі жағалауынан тыс жатқан мемлекеттердің кемелерінің тоннажына шек қойылды (30 мың т.) және Қара теңізде тек үш апта ғана болуға құқық берілді. Ал қара теңіз жағалауы мемлекетінің кемелеріне бұғаздардан өтуде еркіндік берілді, тоннажына шек қойылған жоқ [37].
Англия, АҚШ, Францияның араласпау саясатын ұстануы агрессияшыл мемлекеттерге қолайлы жағдай туғызды.
1936 жылы бүкіл Испанияда, Мароккода, Канар және Балеар аралдарында фашистердің көтерілісі басталды. 1931 жылы монархиялық тәртіп құлатылған соң елдің ішкі саяси жағдайы тұрақтана қойған жоқ. Бес жыл ішінде 29 үкімет ауысты. Ал 1936 жылы ақпанда өткен парламент сайлауында біріккен испан Халық майданы - социалистер, анархистер, коммунистер- жеңді. Оларға оңшыл күштер мен армия қарсы шықты. Мұның өзі Испанияда азамат соғысының басталуына түрткі болды. 1936 жылы тамызда Бургоста Ұлттық үкімет құрылып, оны генерал Ф.Франко басқарды. Испаниядағы азамат соғысына Германия мен Италия Франко жағында ашық араласты. Осындай жағдайда Испанияның Республикалық үкіметі Франциядан көмек сұрады. Басында Франция көмектеспекші болды, бірақ оған Ұлыбритания араласып, Францияны бұл іске араласудан бас тартуға шақырды. Сөйтіп, екі белді мемлекет Испан ісіне араласпау туралы келісімге қол қойды. Кейін 1936 жылы тамызда Европаның 27 елі Испаниядағы азамат соғысына араласпау туралы келісімге қол қойды. Оған Италия мен Германия да қосылса да, олар жасырын Франкоға көмек көрсетіп жатты. КСРО басында оқиғаның барысын аңдып отырғанмен, 1936 жылы қазанда Испанияға көмектесуге шешім қабылдады. КСРО-ның көмегінің маңызы болғанмен, елдегі соғыс ұзап кетті. 1938 жылы франкистер жеңіске жетті. 1939 жылы сәуірде Франко басқарған Испания Антикоминтерндік пактіге қосылды, ал сол жылы мамырда Ұлттар Лигасынан шықты. Кейін Европа елдері біртіндеп Испаниядағы Франко өкіметін мойындады, тек КСРО ғана мойындаған жоқ (КСРО Испаниямен Франко қайтыс болған соң ғана 1976 жылы дипломатиялық қатынасты қалпына келтірді) [38].
Испаниядағы, Эфиопиядағы соғыстар Германия мен Италияның жақындасуына жағдай жасады. 1936 жылы 25-қазанда Германия мен Италия (Берлин-Рим осі) ресми келісім жасалды. Келісім бойынша Германия Италияның Эфиопияға аннекциясын мойындады, Франко өкіметін мойындау туралы келісілді, Балкан, Дунай бассейніндегі экспансия туралы келісті.
1936 жылы Жапонияда К.Хирота өкімет басына келуі бұл елдің агрессиялық саясат ұстанып, Германиямен жақындасуына жағдай жасады.
1936 жылы күзде Германия мен Жапония Коммунистік Интернационалға қарсы күрес туралы келісімге қол қойды (Антикоминтерндік пакт). 1937 жылы күзде бұл пактіге Италия қосылды.
1937 жылы жазда жапон армиясы Қытайға соғыс бастады. Олар Пекинді, Тяньцзиньді т.б. жерлерді жаулап ала бастады. Шанхай мен Нанкинді басып алды. Сөйтіп, 1937-1945 жылдарды қамтыған жапон-қытай соғысы басталды.
1938 жылы жапондықтар КСРО-ға Хасан көлі маңында басып кірмекші болды, совет жауынгерлері оған мықты тойтарыс берді. 1939 жылы МХР территориясында Халхин-Гол өзені маңында тағы да басып кірмекші болды. Алайда совет-монғол жауынгерлері оларға қарсы қатты тойтарыс берді.
30-шы жалдардың аяғындағы халықаралық қатынастағы болған оқиғалар Версаль шарттарының күйрегенін, әлемнің бір-біріне қарама-қайшы екі лагерге бөлінгенін, оның соңы дүние жүзілік соғысқа әкелетінін көрсетті. Алайда алдағы келе жатқан соғыс ұзаққа созылатынын, басқыншылық сипаты жағынан өте озбырлы, көп шығынға ұшырататынын ешкім сезе қойған жоқ.
ХХ ғ. 30-жылдарының аяғында халықаралық қатынаста қарама- қарсылық одан әрі шиеленісе түсті. Испаниядағы соғыстан басқа «австриялық» және «чехословакиялық» мәселе елдің назарын аударды. Осы ретте Германия өзінің түпкі мақсаты Австрияны қосып алу саясатын жүзеге асыруға кірісті. Оның басты ұраны «барлық немістер қоныстанған жерлерді біріктіру» болды. Осы бағытта ол Италияның қарсылығын басуға барлық күш жігерін жұмсады. Антикоминтерндік пактіге қол қойған соң, Италияның ұстанымының жұмсарғанын түсініп, Германия батыл қимылға көшті. Италия мен Германияның жақындасуы бұл мәселенің шешілуін тездетті. 1937 жылы қыркүйекте Б.Муссолини Германияға ресми сапармен келді. А.Гитлер оны жоғарғы деңгейдегі құрметпен қарсы алды. Кейін Б.Муссолини Австрия мәселесі өзін еш «алаңдатпайтынын» мәлімдеді. Мұның өзі Гитлерге өз мақсатын жүзеге асыруға қолайлы жағдай тудырды [39].
1937 жылы мамырда Ұлыбританияда үкімет басына Н.Чемберленнің келуі Гитлердің жоспарын жүзеге асыруына жақсы жағдай тудырды. Өйткені Н.Чемберлен «ауыздықтау» саясатын жақтады және соның басты идеологы ретінде танылды. Н.Чемберлен Германиямен кең мазмұндағы келісім жасау керек деді. Осындай келісім жасау үшін 1937 жылы Берлинге министрлер Кеңесінің лорд-президенті Э.Галифакс келді. Ол Гитлермен және Герингпен келіссөз жүргізді. Келіссөздің нәтижесінде Германиямен «кең көлемдегі саяси келісім» жасауға мүмкіндік туды. Ол келісім бойынша Германия 6 жыл бойы отарлар мәселесін көтермеуге уәде берді, ал Ұлыбритания Версальда жасалған қателерді жоюға, Германияның Чехословакия, Австрия және Данцигтегі мүдделерін ескеруге міндеттенді. Бірақ Германия жүргізетін өзгерістер бейбіт жолмен өтуі керектігі ескертілді. 1938 жылы Чемберлен өзінің парламентте сөйлеген сөзінде: Австрия мәселесінде Ұлттар Лигасы тарапынан ешқандай қолдау жасалмайтындығын атап өтті. Мұның өзі Гитлердің батыл қадамдар жасауына түрткі болды.
1938 жылы 12-ақпанда Гитлер Австрия канцлері К.Шушингті шақырып алып, оған ультиматум тапсырды. Онда: австрия ұлтшылдарын жою; Австрияның сыртқы саясатына Германияның бақылауын орнату; ұлтшыл партияның мүшесі, Вена қаласының адвокаты А.Зейсс-Инквартты ішкі істер және қауіпсіздік министрі етіп тағайындау туралы талаптар қойылды.
К.Шушинг Австрияға келісімен плебисцит жариялады. Мұны естіген Гитлер тез арада канцлерден плебисцитті тоқтатуды және оның отставкаға шығуын талап етті. Оған қанша қарсыласуға тырысса да, Италиядан да, Англиядан да қодау таппаған Австрия канцлері К.Шушинг отставкаға кетуге мәжбүр болады. Оның орнына канцлер болып ел президенті В.Микластың келісімімен А.Зейсс-Инкварт сайланды. Бірақ ол бір күн де жұмыс жасамастан, Гитлер Австрия «үшінші рейхтың провинциясы» (Остмарк) деп жарияланған заңға қол қойды. Шын мәнінде бұл Гитлердің Австрияға аншлюс жариялауы болды [39].
Батыс державалары Германияның Австрияға аншлюсына қатты қарсылық білдірмеді. Франция мен Англия жай ғана қарсылық білдірісті. Тек Ұлттар Лигасының мәжілісінде Кеңестер елінің сыртқы істер халық комиссары М.М.Литвинов Германияға қарсы санкция қолдануды ұсынды. Алайды оған ешкім назар аудармады.
Германияның Австрияны қосып алуы сол кезде мына мәселелерді айқандады. Ендігі жерде Версаль келісімінің мәні қалмағанын, Сен-Жермен келісімінің тіпті тоқтағанын, Ұлттар Лигасының халықаралық қатынастарды реттегеннің орнына, тек проблемалық мәселелерді талқылаудан әрі аспай отырғанын көрсетті. Сонымен қатар Австрияны қосып алып Германия халқы жағынан да, территория жағынан да кеңейіп, күшейді.
Австрия мәселесінде еш қарсылыққа кездеспеген Германия енді Чехословакияны қосып алуға кірісті. Алдымен Судет облысына назар аударды. 1938 жылы сәуір айында Гитлер генерал-фельдмаршал В.Кейтельге оны басып алудың жоспарын жасауды тапсырды, кейін бұл жоспар «Грюн» жоспары деген атпен бекітілді. Сонымен бірге Чехословакияға қысым жасала бастады. Бірақ Гитлер ашық соғыс қимылдарын бастай алмады. Өйткені Чехословакия сол кезде кіші болса да, экономикалық жағынан да, әскери жағынан да европаның күшті мемлекеттерінің бірі болды және Кіші Антантаның мүшесі ретінде оған Франция көмектесуге міндетті болды. Сонымен қатар Чехословакия КСРО-мен келісім жасасқан болатын. Осының бәрін Германия ескерді. Бұл мәселедегі Германияның әрекетін жеңілдеткен Англияның «ауыздықтау» саясаты болды. Англия Чехословакия мәселесіне араласпайтынын ашық айтты. Соған Францияны қосылуға шақырды. Европаның белді державаларының позициясын білген соң Гитлер Чехословакияны қосып алу әрекетіне кірісті. Ең алдымен ол немістер тығыз қоныстанған Судет облысына автономия беруді сұраған еді. Енді оны Германияға біржола қосып алу туралы талабын қойды. Осы мәселеге қатысты бұл іске Англияның премьер-министрі Чемберлен тікелей араласты. Англия мен Франция Чехословакияның президенті Бенешке Гитлердің талабын орындауға кеңес берді. Басында Бенеш бұған келіскісі келген жоқ. Осы мәселе бойынша 70 жастағы Чемберлен екі рет Германияға ұшып келіп, Гитлермен келіссөз жасасты. Сөйтіп, 1938 жылы 18-қыркүйекте Англия мен Франция ультиматумды түрде Бенештен Европада төніп келе жатқан соғысты тоқтату үшін Судет облысын Германияға беруді талап етті. Осыдан соң Бенеш Судет облысын беруге келісті. Алайда Гитлер Венгрия мен Польшаға да жер беруді талап етті. Осының бәрі чех халқының ашуын тудырды, олар қарсы шығып, соғысқа әзірленді [40].
Осы саяси шиеленісте АҚШ бейтараптық танытты, КСРО Чехословакияның территориялық тұтастығын қолдады.
1938 жылы 29-қыркүйекте Мюнхенде Еуропа державаларының конференциясы ашылды. Оған Германия (Гитлер), Франция (Даладье), Англия (Чемберлен), Италия (Муссолини) қатысты. Конференцияда Чехословакияның мәселесі оның қатысуынсыз қарастырылды. Қорытындысында қатысушы мемлекеттер ортақ келісімге келді. Келісім бойынша Чехословакия Судет облысын Германияға береді, сонымен қатар Польша мен Венгрияның да территориялық талаптарын қанағаттандырады.
Мюнхен келісімі әлемдегі жағдайды түбірінен өзгертті. Мұның өзі халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің күйрегенін білдірді. Шын мәнінде Франция мен Ұлыбритания Гитлердің алдында өздерін жығып берді.
Англияның бұрынғы премерь-министрі У.Черчилль Мюнхен конференциясының шешімін Еуропа үшін масқара, Германиядан жеңілгендік деп бағалады: «Англия должна была выбирать между войной и позором. Ее министры выбрали позор, чтобы затем получить и войну»-деген еді [41].
Германия баспасөзі: Мюнхен келісімі Версаль-Локарно келісімінің орнына келді- деп жазды. Бір де бір оқ атпастан Гитлер Еуропаның ортасын ойып тұрып өзіне қосып алды.
Тіпті Ұлттар Лигасының ролі төмендетілді. Францияның жасаған одақтарының мәні қалған жоқ. Гитлер ендігі жерде әлемге үстемдік етуге жол ашылғанын сезді. Ол енді Чехословакияны толық қосып алғысы келді. 1939 жылдың көктемінде Гитлер бұл жоспарын жүзеге асырды. Гитлер «Кто владеет Богемией, тот хозяйн Европы» деген сөзін жиі айтатын [42].
Мюнхен конференциясының шешімдері Еуропадағы халықаралық жағдайды түбірінен өзгертті. Ол халықаралық қатынастардың Версаль жүйесін күйретті десе болады. Еуропаның белді державалары Франция мен Ұлыбритания Мюнхен келісіміне қол қоя отырып, Германияның бұдан былайғы агрессиялық саясатына жол ашып берді.
Мюнхен конференциясы Гитлерге бұдан былай Еуропада өзіне қарсы тұра алатын күштердің жоқ екенін көрсетті. Мұның өзі оның бүкіл әлемге үстемдік ету туралы мақсатын жүзеге асыруға жол ашты десе болады. Осыдан кейін Гитлер агрессиялық саясатын жүзеге асыруға батыл кірісті. Ұлыбритания премьер-министрінің Германия Судет облысымен қанағаттанады деген ойы көп ұзамай дұрыс болмағандығына көзі жетті. Франция Германияның агрессиялық пиғылынан қанша қауіптенгенімен, Ұлыбритания мен АҚШ-тың қысымымен онша қатты қарсылық көрсете алмады. Осының өзі кейін Еуропаны тағы да үлкен соғысқа әкелетінін дәл сол кезде ешкім біле қойған жоқ.
Осы ретте Германияның агрессиялық пиғылына неге Еуропаның белді державалары соққы беріп, тоқтатпады деген сұрақтың туындау орынды. Оның себебі бұл кезде Ұлыбритания арал ел болғандықтан, өзінің құрылықта территориясы ешкіммен шектелмейтіндіктен континенттегі туындап келе жатқан соғыс жағдайына аса мән бермеді десе болады. Сол кезде жетпістен асқан Чемберлен қайта қайта Германияға келіп Гитлерді Австрия мен Чехосдавакиядағы таза немістер қоныстанған жерлерді алумен шектеледі деп ойлады. Екінші жағынан болашақта тіпті Германияның агрессиялық саясатын коммунистік Ресейге бағыттауға үміттенді.
Франция болса қаншалықты Германия тарапынан соғыс қаупінің төніп келе жатқанын білгенімен, жалғыз өзінің оған қарсы тұруға шамасы келмеді. Тіпті оның Кіші Антантаны құруы да өзінің қауіпсіздігінен туындаған мәселе болса да, оның бұл әрекетінен түк те шықпады. АҚШ болса бірінші дүние жүзілік соғыстан пайда тапқандықтан, Еуропа істеріне араласуға асықпады. Сонымен бірге оның «араласпау» саясаты әлі де болса әлемдік аренада оның белсенді әрекетіне тежеу болды.
Еуропаның басқа елдері Германияға қарсы шығатындай дәрежеде болған жоқ. Тек Кеңестер Одағы қайта қайта Ұлттар Лигасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтергенмен, ол ешқандай нәтиже бермеді.
Қорыта келгенде Еуропада және Қиыр Шығыста соғыс ошақтарының қалыптасуы Версаль-Вашингтон жүйесінің күйреуіне әкелді. Дегенмен Версаль-Вашингтон жүйесінің келісімдерінің кейбір шарттары «қырғи-қабақ соғысының» соңына дейін сақталғаны бәрімізге белгілі.
