- •Бірінші дүние жүзілік соғыс және халықаралық қатынастар.
- •1.1 Дүние жүзілік соғыс және белді державалардың саясаты.
- •Париж конференциясы: барысы және мемлекеттердің ұстанымдары.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль-Вашингтон жүйесінің қалыптасуы.
- •Халықаралық қатынастардың Версаль жүйесінің құрылуы.
- •Вашингтон конференциясы және оның шешімдері.
- •3 Версаль-Вашингтон жүйесінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны
- •Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қарама- қайшылығы
- •Версаль-Вашингтон жүйесінің дағдарысы
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер:
3 Версаль-Вашингтон жүйесінің халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны
Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінің қарама- қайшылығы
Бірінші дүние жүзілік соғыс аяқталып, халықаралық қатынастарды белгілі бір тәртіпке келтірген Весрсаль- Вашингтон жүйесі орнағанымен, әлі де болса Еуропадағы жағдай шиеленісті күйде қалды десе болады.
Еуропаның жетекші елдерінің Кеңестік Ресеймен қатынастарының дұрысталуы, оны мойындауы және соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру бағытында Дауэс жоспарының қабылдануы Еуропадағы халықаралық қатынастарды біршама тәртіпке келтіргендей болды. Дегенмен Еуропада әлі де болса саяси тұрақтылыққа қол жеткізудің түрлі жолдарын іздестіру жүріп жатты. Белді державалардың бірі Франция әлі де болса Германиядан қауіптеніп, оны барлық жағынан тежеп ұстау үшін Англия және көрші жатқан Бельгиямен бірігіп отырып одақ құру керек деп түсінді. Англия бұл ұсынысқа мүлде қарсы шықты. Ол қазіргі әлемге, Еуропаға қауіп төндіретін Германия емес, коммунистік Ресей, сондықтан жеңген мемлекеттер жеңілген мемлекеттермен, атап айтқанда Германиямен, өзара келісімге келіп бір одақ құруы керек деп пайымдады. Англияның түсінігінше осындай Еуропа мемлекеттерінің бірлестігі континентте саяси тұрақтылықты қалыптасырады және халықаралық аренада КСРО-ны оқшаулауға себеп болады деп білді. Осыған байланысты 1924 жылы тамыз айында Ұлыбритания Германияны Ұлттар Лигасына қабылдау туралы ұсыныс жасады.
Осыдан бастап Версаль жүйесінің ең басты кепілдік берушілері Англия мен Франция арасында Еуропадағы саясатқа қатысты ұстанымдарының алшақтығы байқалды және өзіміз көріп отырғандай ол біртіндеп тереңдей бастады.
Англияның бұл ұстанымы Германияға ұнады және ол Ұлттар Лигасына қабылдану үшін өздерінің талаптарын қойды: Рур ауданын бақылауда ұстауды тоқтату, қарулануда бірдей теңдік беру, Германияға Ұлттар Лигасының тұрақты мүшелігінен орын беру және т.б. Сол кездегі Германияның сыртқы істер министрі Г.Штреземан 1925 жылдың басында батыс елдеріне кепілдік пактісінің өзіндік нұсқасын ұсынды. Ол пактіде Рейн аймағында мүддесі бар мемлекеттер Франция, Бельгия және Германия бір біріне қарсы соғыспау туралы міндеттеме алуы керек және соғыстан кейінгі шекараларға қол сұқпауды мойындауы қажет екендігін атап көрсетті. Пактіге кепілдік ролін Ұлыбритания мен Италия атқаруы керек деп пайымдалды [22, с. 36].
Германияның бұл ұсынысын Ұлыбритания қолдағанмен, Франция оған аса сақтықпен қарады. Ол бұл пактіге Германияның шығысында жатқан Польша мен Чехословакияны қосуды ұсынды. Бірақ оған Германия қарсы шықты. Осы мәселеде Ұлыбритания Германияны жақтағандықтан Франция Германияның ұсынысымен келісуге мәжбүр болды. 1925 жылы тамыз айында Рур облысынан француз және бельгия әскерлері әкетілді. Осындай жағдайда еуропалық қауіпсіздік мәселесін келісу үшін конференция шақыру ойластырылды.
Рур облысынан француз және бельгия әскерлерінің әкетілуі Франция мен Ұлыбритания арасындағы қарама қайшылықтың тереңдей бастағанын көрсетті десе болады. Мұның өзі Версаль жүесіне қауіп төндіретіндей жағдай болағанын байқауға болады.
Батыс державаларының Германиямен одақ жасасуға деген әрекеттері Кеңестік Ресейді алаңдатып тастады. Ол бұл одақ өзіне қарсы бағытталып, бұдан кейінгі кезеңде еуропалық саясаттан мүлде оқшау қалып қоюдан қауіптенді. Осы себепті Кеңестер Одағы Германиядан Раппало келісімін бұзбай сақтауды талап ете бастады. Германия үшін қанша дегенмен Кеңестік Ресеймен жасалған Раппало келісімі аса маңызды болмаса да, батыс державаларының өзіне деген қысымын әлсірету мақсатында бұл келісімнің орны ерекше болды.
1925 жылы 5-16 қазан аралығында Швейцарияның Локарно қаласында Германия мәселесіне қатысты тағы да конференция болды. Конференцияда Германияның батыс және шығыс шекараларының мәртебесін анықтау және оның Ұлттар Лигасына қабылдану мәселесі қарастырылды. Конференцияға европаның жеті елінің өкілдері қатысты: Ұлыбритания, Франция, Италия, Германия, Бельгия, Польша, Чехословакия.
Конференцияда Рейн кепілдік пактісі келісілді және қабылданы. Онда Германияның Франциямен, Бельгиямен шекаралары бекітілді және Рейн зонасының демилитаризациясы сақталуы қажет делінді.
Рейн пактісінің кепілі ретінде Англия мен Италия уәдесін берді. Сонымен қатар герман-француз, герман-бельгия арбитраждық келісімдер жасалды. Бұл келісімдер бойынша Германия мен оның батыстағы көршілерінің арасындағы дау Халықаралық арбитраждық сотқа берілуі керек деп келісілді.
Германияның шығыс жағындағы көршілерімен шекарасын белгілеудегі шешімдермен Германия келісе алмайтынын білдірді.
Оны Англия мен Италия жақтады. Нәтижесінде Германия Польша мен Чехословакиямен тек арбитраждық келісімдерге қол қойды. Ол бойынша бұл елдердің арасындағы даулар Тұрақты келісімдік комиссияның қарауына берілетін болды. Мұның өзі Германияның шығыс шекаралар бойынша әлі де бұл мәселеге оралатынын көрсетті.
Конференцияда Германияның Ұлттар Лигасына кіру мәселесі қарастырылды. Ол бойынша Германия Еуропаның ірі державаларының бірі ретінде Ұлттар Лигасына тұрақты мүше болып кіретін болды.
Сөйтіп, бір кезде жеңілген, әлсіреп қалған Германия күннен күнге өзінің талаптарын күшейтіп, өзіне қажетті қолайлы жағдай жасауға барлық дипломатиялық күш жігерін жұмсады десе болады. Германияның талаптарын біртіндеп қанағаттандырудың өзі Еуропаның жеңген мемлекеттерінің өздерінің арасындағы бақталастықтың күшейгенін көрсетеді.
Осыған байланысты ХХ ғ. екінші жартысы халықаралық қатынастарда қарама-қайшы оқиғаларға толы болды. Әлі де болса күн тәртібінде Германияның мәселесі басты орында болды. 1926 жылы 10-қыркүйекте Германия Ұлттар Лигасына тұрақты мүше болып енді.
Локарно конференциясының шешімдері Германияның біртіндеп күшеюіне, болашақта Версаль шарттарын жоюға талпыныс жасауына дем берді. Франция Германияның шығыс шекаралары бойынша мәселені қайта қарауға тырысса да, оның әрекетінен еш нәтиже болмады. Рейн кепілдік пактісі бойынша Германия қауіпсіздік кепілдігін алып қана қоймай, шығыс территориясындағы шекараларын толық мойындамай бұл мәселені ашық қалдыруға мүмкіндік алды.
Ол ол ма 1926 жылы 12-желтоқсанда Германиядан Антанта елдерінің әскери бақылауы алынып тасталды.
Локарно конференциясының шешімдеріне қанағаттанбаған Франция Германиядан қауіптенді. Осыған байланысты Франция өзінің қауіпсіздігін нығайту мақсатында Шығыс Еуропа мемлекеттерімен достық келісімдерге қол қоя отырып, болашақта Германиямен соғыс туындаған жағдайда оның шығысынан өзіне қарсы тұрып өзіне көмектесе алатындай одақтастар тауып, солар арқылы өзінің позициясын нығайтуды көздеді. Осының алдында қол қойылған келісім шарттарды толықтыру, күшейту мақсатында Франция 1926 жылы Румыниямен, 1927 жылы Югославиямен өзара достық туралы келісім шарттарға қол қойды. Сонымен бір мезгілде Францияның белсене қатысуымен 1926 жылы Польша мен Румыния өзара көмек көрсету туралы келісімге қол қойды. Сөйтіп Франция Кіші Антанта елдерін Польшамен жақындастыра отырып, Германияның шығысында өзінің қатысуымен қауіпсіздік белдеуін құрған болды.
Сонымен бір мезгілде Франция Германиямен өзара қатынастарын реттеп алуға тырысты. Осы мақсатта Францияның сол кездегі сыртқы істер министрі А.Бриан 1926 жылы қыркүйек айында Туари деген жерде Германияның сыртқы істер министрі Г.Штреземанмен құпия кездесіп, франция- герман қатынастарын реттеудің біраз мәселелерін қарастырды. Бұл кездесуде Франция жағы екі жақты экономикалық және қаржы мәселелерін реттеп, одан әрі дамыту мақсатында Германия көптен бері мүдделі болып отырған мәселелерді шешуге көмектесуге ниетін білдірді, яғни Ұлттар Лигасының бақылауындағы Саар облысының Германияға қосылуы, Рейн ауданынан өз әскерлерін әкету, Германиядан одақтастардың бақылауын алып тастау мәселелері туралы сөз болды. Алайда Туари жеріндегі кездесудің нәтижесі кейін француз халқының наразылығын тудырып, тіпті Ұлттық жиналыс мүшелерінің қарсылығына ұшырады. Осыдан кейін екі елдің арасында осы мазмұндағы келіссөзді одан әрі жүргізу мүмкіндігі болмай қалды [23, с.125].
Францияның Еуропадағы өзінің ықпалын күшейтуге бағытталған бұл әрекеттері Ұлыбританияға ұнамады, өз кезегінде Англия Еуропа елдерінің өзара келісім шарттар жасау арқылы аймақтық деңгейде қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуін қолдады. Ол өзінің дипломаттары арқылы Локарно қауіпсіздік кепілдігі сияқты кепілдік шарттарды Балтық бойы мемлекеттерінің, Балқан елдерінің, Шығыс Еуропа елдерінің жасауына ықпал етуге тырысты. Оның күш салуымен тек 1927 жылы күзде Польша, Чехословакия, Венгрия, Австрия, Румыния және Югославия арасында өз араларындағы дауларды арбитраждық сот арқылы шешу жөнінде келісімге келуге қол жеткізілді.
Сонымен Локарно конференциясынан кейін Еуропадағы саяси жағдай қиындай түсті. Англияның ықпалы күшейіп, Францияның позициясы әлсірегені байқалды, екі мемлекеттің арасындағы қарама-қайшылық тереңдей түскені көрінді. Ұлттар Лигасына қабылданған соң Германияның жағдайы да өзгерді. Германияның батыс шекарасы нақты анықталып, бекітілсе де, шығыс жағы бекітілмеді.
Батыс Еуропадағы жасалып жатқан одақтық шарттар Кеңестік Ресейдің мазасын алды. Осыған байланысты Кеңестер Одағы Германиямен келісімді нақтылап, күшейтіп, коммунистік Ресейге қарсы батыс империалистерінің қастандық әрекетін болдырмау саясатын ұстанды. Осы мақсатта Кеңестер Одағының сыртқы істер министрі Г.В.Чичерин екі рет Германияға сапармен барып, екі елдің арасындағы қатынастарды жан жақты нығайтудың барлық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Кеңестер Одағының ондағы ойы Германиямен достық қатынастарды сақтай отырып, батыс державаларының болашақта оны Кеңестер Одағына қарсы қоюының алдын алу болды. Германия болса Кеңестер Одағымен де батыс державаларымен де екі жақты келіссөздерді тоқтатпай жүргізе отырып өзіне қолайлы жағдай жасағысы келді. Оның көздегені екі жақты қатынастарды сақтау арқылы батыс державаларынан Версаль келісімінің Германияға ауыр тиген шарттарының күшін жоюды мақсат етті, ал Кеңестік Ресеймен өзара қатынастарды одан экономикалық жеңілдіктерді алу үшін пайдаланғысы келді.
1925 жылы 12-желтоқсанда Мәскеуде Кеңестер Одағы мен Германия арасында сауда келісіміне қол қойылды. Келісім екі елдің арасындағы сауда экономикалық қатынастарды одан әрі жандандыруды қамтыды. Сонымен қатар 1926 жылы 24- сәуірде бес жыл мерзімге Берлинде Кеңестер Одағы мен Германия арасында шабуыл жасаспау және бейтараптық сақтау туралы келісім шартқа қол қойылды. Бұл Раппало келісім шартының жалғасы сияқты болды. Мұның өзі екі елдің арасындағы өзара қатынастардың саяси, экономикалық өзара ынтымақтастық сипатта дами беретінін көрсетті. Берлин келісімнен кейін КСРО біраз тыныштанғандай болды [24].
Батыс державаларының Локарно келісімінен кейін Еуропа елдерін өзара коммунистік қауіпке қарсы біріктіруге тырысуы КСРО-ны өз қауіпсіздігін қамтаамсыз етуде батыл саясат жүргізуге итермеледі. Берлин келісімінен кейін КСРО батыс елдеріне Ұлттар Лигасында көпжақты қауіпсіздік кепілдігінен гөрі екі жақты өзара шабуыл жасапау және бейтараптық сақтау туралы келісімдер жасауды ұсынды. Осы мақсатта кеңестер елінің дипломатиясы көрші мемлекеттермен келіссөздер жүргізді. Дегенмен бұл бағыттағы КСРО-ның дипломатиясы айтарлықтай табыстарға жетпеді. КСРОмен шекаралас мемлекеттер оған сенімсіздікпен қарады, екінші жағынан онымен қатынастан дәл сол кезде ещқандай пайда көрмеді. КСРО тек қана 1925 жылы Түркиямен, 1927 жылы наурызда Латвиямен (бірақ Латвия парламенті оны бекітпеді), 1927 тамыз айында Эстониямен (шекаралық дауларды бейбіт шешу) осындай келісім шарт жасаса алды [25].
Сонымен КСРО өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытынды сыртқы саясатта белсенді түрде әрекет еткенмен де Еуропа мемлекеттерімен шабуыл жасаспау және бейтараптық сақтау туралы келісім шарттар жасай алмады.
Локарно конференциясынан кейін өз қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ете алмаған Франция КСРО-мен жақындасуды көздеді. КСРО да бұған қарсы болмады. Осы бағытта 1925 жылы француз жағының шақыруымен Г.В.Чичерин екі рет Парижге сапармен барып, екі жақты қатынастардың мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Өз кезегінде А.Бриан Локарно келісімінің антикеңестік сипатта еместігін дәлелдеп, Францияның да бұл келісімге көңілі толмайтындығын білдірді. Екі жақ та бір бірімен ынтымақтастықты дамытуды көздейтіндігін білдіргенмен, келіссөздер барысында біраз мәселеллерде ұстанымдарының алшықтығы көрінді. Франция КСРО-дан революцияға дейінгі оның территориясында қалған француз азаматтарының жеке меншігіне төлем төлеуді, яғни патшалық Ресейдің қарызын қайтаруды талап етті. Кеңестер жағы бұл мәселені қарастырғысы келмеді. Осы мәселе екі жақтың өзара келісімге келуіне бөгет жасады, ал 1927 жылы Францияда мемлекет билігіне Кеңестік Ресейге қатысты қатаң ұстанымы бар Р.Пуанкаре келген соң мүлде шешілмеді [26, с.86].
Осы кезде КСРО-ның Ұлыбританиямен қатынастары да жақсы болмады. Англиядағы Ст.Болдуинның консервативтік үкіметі Кеңестер Одағымен қатынастарды жақсартудың шарты ретінде КСРО-ның Шығыс елдерінде Британияға қарсы жүргізіп отырған саясатын тоқтатуды, яғни коммунистік идеологияны таратуды шектеуді талап етті. Ағылшын үкіметі 1925-1927 жылдардағы Қытайдағы революциялық қозғалысты Кеңестер Одағының Британияға қарсы үгіт- насихатының нәтижесі деп білді. Сонымен бірге Кеңестер Одағының Англиядағы шахтерлар ереуілін қолдауы, Қытайдағы Британияға қарсы әрекеті ең соңында 1927 жылы 23-мамырда Англияның КСРО-мен дипломатиялық қатынастарын үзетіндігін ресми түрде жариялауына алып келді.
Сонымен осы кездегі КСРО-ның өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы саясаты оның Батыс елдерімен толық келісімге келуін қамтамасыз еткен жоқ. Соғын қарамастан КСРО империалистік елдер арасындағы қарама-қайшылықты пайдаланып, олардың КСРО-ға қарсы саясатын әлсіретудің оңтайлы кезеңін күтуге мәжбүр болды.
Локарно конференциясынан кейінгі кезеңде әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір көрінісі ретінде халықаралық қатынастарда жанталаса қарулануды шектеу, тоқтату мәселесі өзекті болды.
Қарусыздану және қару жарақты шектеу мәселесі В.Вильсонның «14-пункт бағдарламасында» да, кейін Ұлттар Лигасының Жарғысында да арнай мәселе ретінде енгізілді. Алайда ХХ ғ. 20- жылдардың бірінші жартысында Европадағы саяси тұрақсыздыққа байланысты бұл бағытта нақты шаралар қолға алынған жоқ. 1925 жылы маусым айында 37 мемлекеттің өкілдері Женевада соғыста тұншықтырғыш, улы және осы сияқты газдарды, бактерологиялық құралдарды пайдаланбау туралы Хаттамаға қол қойды. 1927 жылы Женева Хаттамасына Кеңес Одағы да қосылды [27, с. 39].
Ұлттар Лигасы осы қарулану мәселесіне қатысты конференция ашуға дайындалды. Оған қатысты дайындыққа Кеңестер Одағы делегациясы да қатысты. Германия делегациясы Версаль келісімінің шарттарын жою бағытында күресті.
1929 жылы шілдеде Женевада соғыс тұтқындарының жағдайы, армиядағы ауру солдаттар мен жараланғандар туралы Конвенция қабылданды, оған 40 мемлекет қол қойды. Бұл конвенцияға КСРО 1931 жылы қосылды.
Осы кезеңдегі халықаралық қатынастағы маңызды оқиға 1928 жылғы 28-тамызда мемлекетаралық қарама-қайшылықтарды соғыс арқылы емес, келіссөздер арқылы шешуді міндеттейтін Бриан-Келлог пактісіне қол қойылуы болды (А.Бриан- Францияның сыртқы істер министрі, Ф.Келлог- АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы).
Құжаттың 1-бабында соғысты ұлттық саясаттың және халықаралық дауларды шешудің құралы болып кетті деген айыптау орын алды, 2-бабында қақтығысты жағдайды міндетті түрде бейбіт жолмен шешу мәселесі міндеттелді. Өзінің саяси-моральдық сипаты жағынан бұл келісім аса үлкен маңызға ие болды. Бірінші рет әлем мемлекеттері халықаралық- құқықтық негізде соғыстан бас тартып, өзара қатынастарды бейбіт жолмен шешу мәселесін келісуге талпыныс жасады. Екінші дүние жүзілік соғысқа дейін бұл құжатқа 63 мемлекет қол қойды. Кеңестік Ресей пактіге 1928 жылы 31-тамызда қосылды [28].
Осыдан соң КСРО көрші мемлекеттермен осы пактінің аясында өзара шабуыл жасаспау және бейтараптық сақтау туралы келісімді жасасу бағытында дипломатиялық келіссөздер жүргізді. Оның нәтижесінде 1929 жылдың соңында Мәскуде Польша, Латвия, Эстония, Румыниямен осы мәселеге қатысты хаттамаға қол қоюға мүмкіндік туды, кейін осы хаттамаға Литва, Түркия және Иран қосылды. Осы Мәскеу хаттамасы кейін «Литвинов хаттамасы» деген атпен тарихта қалды. Себебі сол кезде КСРО-ның сыртқы істер министрі Чичерин ауырып қалып оның орнына М.М.Литвинов тағайындалған болатын. М.М.Литвинов сол кезеңде империалистік державалардың КСРО-ға интервенция жасай алмайтындығын түсінді. Көп ұзамай 1929 жылы қазан айында Ұлыбританияда үкімет басына келген Р.Макдональдтың лейбористік кабинеті Кеңестер Одағымен қатынастарды қайтадан қалпына келтірді.
Осы кездегі халықаралық қатынастағы тұрақтылықты пайдаланып, Германия тағы да репарациялық төлем көлемін азайту мәселесін көтерді. Осыған байланысты жаңдан американдық финансист О.Юнгтың басқаруымен комиссия құрылды. Бұл комиссия 1929 жылдың соңына қарай кейіннен «Юнг жоспары» деген атпен белгілі болған бағдарламаны дайындап ұсынды. Бұл бағдарлама бойынша Германияның репарациялық төлемінің көлемі 113,9 млрд. марка болып белгіленді және оны төлеудің мерзімі 59 жыл деп көрсетілді, яғни 1988 жылға дейін. Сонымен қатар Германиядағы бүкіл халықаралық және экономикалық бақылау алынып тасталады делінді. Репарациялық комиссия тарқатылды [29, с.49].
Бұл құжат екі рет 1929 жылы тамызда, 1930 жылы қаңтарда Гаагада жиналған халықаралық конференцияларда талқыланып, бекітілді. Осы конференциялардың шешімі бойынша Францияға өзінің Рейн зонасындағы армиясын 1930 жылдың аяғына дейін шығаруға міндеттелді.
Ендігі жерде Франция өзінің позициясын өзгертіп, Германиямен жақындасуыға тырысты. Осы бағытта Германия мен Францияның өнеркәсіп өкілдері мен саяси қайраткерлері Берлин, Брюссель, Париж кездесулерін өткізіп, оның нәтижесінде 1926 жылы «қорғасын пактісі», «темір пактісі» деген құжаттарға қол қойысты. Осы арқылы Англияның Еуропадағы үстемдігіне шек қоюға тырысты. Францияның сыртқы істер министрі А.Бриан 1929 жылы қыркүйекте Ұлттар Лигасына Еуропа елдерінің экономикалық ынтымақтастығын дамыту үшін «федералды байланыс» құру туралы өзінің саяси жобасын ұсынды. 1930 жылы 17-мамырда Бриан Еуропаның 27 еліне үндеу жолдады, онда кедендік кедергілерді жойып, қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, бейбіт ынтымақтастықты жалғастыра отырып, европа елдерінің экономикалық күш қуатын арттыруды ұсынды. Алайда Брианның бұл ұсынысын Англия да, Германия да қолдамады [30, с.280].
Осы кезде Франция мен Италия арасында теңіздегі қарулану мәселесі бойынша қарама-қайшылықты қатынас қалыптасты. Осы мәселеге байланысты 1930 жылы қаңтар сәуір аралығында Лондонда теңіз конференциясы өткізілді. Осы конференцияда теңіз қаруларын өндіруді шектеу мәселесі қарастырылды. Осы конференцияда Италия өзінің әскери теңіз флотының санын Францияның флотының санымен теңестіруді сұрады, бірақ оған Франция үзілді кесілді қарсы болды. Сонымен қатар Франция АҚШ пен Ұлыбританияның орта, жеңіл кемелерді және су асты сүңгуір қайықтарын салуға шектеу қою туралы ұсыныстарымен де келіспеді. Франция мен Италия делегаттарының арасындағы келіспеушілік және қарама қайшылықтың салдарынан Лондон теңіз келісім шартына қол қойылмады. Сөйтіп конференция ешқандай нәтижесіз аяқталды.
Францияның Германиямен ынтымақтасуға тырысуы, Англияны да Германиямен өзара қатынасқа түсуге итермеледі. Германия осыны пайдаланып, өзінің жағдайын дұрыстап алуға тырысты.
Осы кезеңде халықаралық қатынастарда жанталаса қарулану мен агрессиялық саясаттың орын алуы күшейді. Осыған байланысты Кеңестер Одағы жанталаса қарулануды тоқтатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін Ұлттар Лигасына талқылауға бірнеше рет ұсынды.
ХХ ғ. 30-шы жылдарының басы бүкіл әлемде экономикалық дағдарыспен басталды. 1929 жылы 25-қазанда АҚШ-та Нью-Иорк қаржы биржасының күйреуі бүкіл әлемдік экономикаға күйзеліс әкелді. Әлемнің жетекші елдері осы дағдарыстың жетегінде кетті. Дағдарыстың салдарынан өнеркәсіп өндірісінің деңгейі құлдырап, бүкіл әлемдік сауда көлемі қысқарды. Мыңдаған кәсіпорындардың жабылып, жұмысшылардың жұмыссыз қалуы қоғамда әлеуметтік қайшылықты шиеленістірді, көпшіліктің арасында революциялық көңіл күй орнықты.
Еуропа елдері ішінде экономикалық жағынан одан сайын әлсіреген Германия мен Италия болды. Бұл кезеңде Италияда билік басында Муссолини бастаған фашистер билік басында болса, Германияда Гитлердің басшылығымен ұлттық социалистік жұмысшы партиясы жетекші париялардың біріне айналды. 1930 жылы қыркүйек айындағы парламенттік сайлаудан кейін бұл партия парламентте (рейхстагта) күтпеген жерден депутаттарының саны жағынан екінші орынға көтерілді. 1932 жылғы шілде айында өткен парламент сайлауында бұл партияны қолдаушылар саны көбейіп, көп дауысқа ие болды.
Соғыстан кейін Батыс Еуропаны қамтыған экономикалық дағдарыс және осыған қатысты туындаған халықтың наразылығын пайдалана отырып Германия және Италия фашистері либералдық-демократиялық және коммунистік идеологияға үзілді- кесілді қарсы шықты.
Германия мен Италияда фашистік идеологияның дамуынан әлем елдері аса қауіптене қойған жоқ. Англия болса фашистік күштерді болашақта КСРО мен Коминтернге қарсы пайдаланатын күш ретінде санады. КСРО да фашизмге аса мән бермей, оны империалистік державалар арасындағы қатынастарды шиеленістіріп олардың өзін әлсірететін күш ретінде таныды.
Әлемдік экономикалық дағдарыс белді державалардың Германияның репарациялық мәселесіне қайта назар аудартты. 1931 жылы маусым айында АҚШ-тың президенті Г.Гувер Германияның өтініші бойынша репарацияларды төлеуге бір жыл мерзімге мораторий жариялады. 1932 жылы маусым-шілдеде Лозаннада өткен халықаралық конференцияда репарациялық төлемді тоқтатып, жою туралы шешім қабылдады. Германияға ең соңғы төлем ретінде 15 жыл бойы 3 млрд марка төлеу міндеттелді. Бірақ кейін соны да Германия төлеген жоқ. Сонымен репарация мәселесі бойынша Германия 1919 жылдан 1932 жылға дейінгі аралықта 36,1 млрд алтын марка ғана төледі, мұның өзі ең алғашқыда белгіленген төлем көлемнің 27,3% ғана құрайды [31].
Германияның төлем төлеуінің тоқтатылғанын Еуропа державалары пайдаланып өздерінің АҚШ-қа төлейтін қарыздарын төлеуді біртіндеп тоқтата бастады. Бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін Еуропа державалары АҚШ-қа өздерінің 10,3 млрд. доллар қарыздарының 1,4 млрд.долларын ғана қайтарып берді, ол жалпы қарыз көлемінің 13,5% құрайды. Еуропа елдерінің ішінен АҚШ-қа қарызын толық қайтарған Финляндия ғана болды [31].
Сонымен Локарно конференциясы Еуропадағы державалар арасындағы қауіпсіздік кепілдігін бастағанмен, дәл осы жылдары Еуропада мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылық, Германияның Версаль келісім шартын жоюға тырысуы, әлемдік экономикалық дағдарыс және фашистік қозғалыстың басталуы - осының бәрі болашақта мемлекеттер арасында үлкен саяси қақтығысқа алып келер себептер болды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келіп, соғыстан кейінгі халықаралық қатынастардағы жағдайды Еуропадағы белді деген екі мемлекеттің Англия мен Францияның арасындағы қарама қайшылық қатынастар бұзғанын көреміз. Мұның өзі болашақта Версаль-Вашингтон жүйесінің күйреуіне алып келген жағдай болды.
Ендігі жерде Версаль-Вашингтон жүйесінің ерекшеліктерін, осал тұстарын және негізгі қарама-қайшылығын атап өтсек:
Версаль – Вашнигтон жүйесінің ерекшеліктері:
Біріншіден, Ұлыбритания, Франция және АҚШ сияқты елдердің халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінде жетекшілік рөлінің бекітілуі және олардың жаңа жүйенің қалыптасу сипатына ықпалының күшеюі. Басқа жеңген мемлекеттердің екінші орында қалуы.
Екіншіден, жеңілген мемлекеттер мен Кеңестік Ресейге қатысты олардың мүдделерін ескермеу саясатының орын алуы. Версаль келісім шарттарының өзі жеңілген мемлекеттерді территориясынан да, басқа да саяси, экономикалық мүмкіндіктерінен де айырды.
Үшіншіден, АҚШ-тың саяси оқшаулануы және Еуропа саясатына араласпау принципін ұстануы. Дегенмен, Дауэс, Юнг жоспарлары арқылы Еуропа елдерін өзіне экономикалық тәуелділікте ұстауға тырысуы, соғыс кезінде тапқан пайдасын одан әрі жалғастыруға тырысқан сыртқы саясатының көрінісі болып табылады.
Төртіншіден, Еуропада халықаралық қатынастардың жаңа субьектілерінің пайда болуы континенттің саяси, географиялық жағдайына өзгеріс енгізгенімен, дәл сол кезде халықаралық қатынастарға айта қаларлықтай өзгеріс әкелген жоқ.
Бесіншіден, Ұлттар Лигасының құрылуы халықаралық қатынастарда белгілі бір тепе-теңдіктің сақталуына әсер еткенімен, Ұлыбритания мен Францияның арасындаға қарама-қайшылық бұл Ұймының тиімді жұмыс жасауын қамтамасыз ете алмады.
Версаль – Вашнигтон жүйесінің осал тұстары:
Біріншіден, АҚШ, Ресей сияқты державалардың жүйеден тыс қалуы;
Екіншіден, территориялық бөлісудің дұрыс болмауы және мұның өзі болашақта территориялық даулардың тағы да бір соғысқа айналуына алып келді;
Үшіншіден, жаңа территориялық бөлісу Еуропадағы қалыптасып қалған экономикалық байланыстарды үзді;
Төртіншіден, әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған Ұлттар Лигасының өзінің мақсаттары мен мінддеттерін орындай алмауы;
Бесіншіден, Версаль Вашингтон жүйесін құрған белді державалар Ұлыбритания, Франция және АҚШ арасында қарама қайшылықтың сақталуы.
Версаль – Вашингтон жүйесінің қарама – қайшылығы:
Біріншіден, жеңген мемлекеттер мен Германия арасындағы қарама қайшылық сақталды;
Екіншіден, жеңген мемлекеттердің өздерінің арасындағы қарама – қайшылық орын алды;
Үшіншіден, Советтік Ресейге қарсы саясат сақталды;
Төртіншіден, Еуропаның кіші мемлекеттерінің арасындағы қарама –қайшылық байқалды ;
Бесіншіден, метрополиялар мен отар елдердің арасындағы қарама –қайшылықтың күшеюі басталды.
