Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
уч. пос сыб. жем..docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
222 Кб
Скачать
☆

2 Жемқорлыққа қарсы әрекет ретінде Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастарын жетілдіру

Бүгінгі күні сарапшылар қауымдастығы сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етеді деген бірыңғай көзқарасты қолдайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл экономикалық өсуді қамтамасыз етудің, инновациялық әлеуетті қалыптастырудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың, бәсекелестікті дамытудың және «көлеңкелі» экономиканы қысқартудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Бұл Оңтүстік Шығыс Азия және Скандинавия түбегі елдерінің тәжірибесімен дәлелденген. Онда сыбайлас жемқорлық минималды, ал өмір сапасы – әлемдегі ең жоғары деңгейде. Халықаралық валюта қорының деректері бойынша, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан әлемдік ЖІӨ жыл сайын шамамен 2%-ды жоғалтады, бұл 1,5-2 триллион АҚШ долларына парапар. Егер Қазақстан мысалында осындай есептеулер жүргізсек, онда жыл сайынғы әлеуетті шығындар 3,8 млрд АҚШ долларын құрайды. Есептеулер кезінде ЖІӨ көрсеткіштерін және 2015 жылға доллардың теңгеге шаққандағы орташа жылдық бағамын қолдана отырып, экстраполяция әдісі қолданылды.

Сондықтан, кез келген мемлекеттің негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын жақсарту мен сақтау үшін жағдай жасау болып табылады. Сарапшылардың бағалауынша, жемқорлықтың 1%-ға азаюы ЖІӨ-нің 1-1,5%-ға артуына ықпал етеді, ал ЖТИ-дің (жемқорлықты түйсіну индексі) 2,4 баллға жақсаруы ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімін 0,5%-ға арттыруға себеп болады. Осыған байланысты, қазақстандықтардың соңғы 5 жылдағы әл-ауқаты деңгейінің көрсеткіштер динамикасы зерттеліп, халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі 37%-ға, төменгі күнкөріс деңгейінің 22%-ға, жан басына шаққандағы орташа табыстың 46%-ға артқанын көрсетті. Сыбайлас жемқорлықты төмендету мен бәсекелестікті арттырудың тиімді құралы квазимемлекеттік секторды жекешелендіру болып табылады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бағалауынша, ЖІӨ-дегі мемлекеттің үлесі шамамен 40%-ды құрайды. Сонымен бірге, 2015 жылы мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуын шектейтін, «Сары парақтар ережесі» деп аталатын қағидасын бекіткен заң қабылданды. Бірақ оның рөлі экономикада анықтаушы болып қалады. Осыған байланысты, тарифті қалыптастыру рәсімінің жабықтығы айтарлықтай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады, сондықтан, табиғи монополиялар мен нарықты реттейтін салаларды реформалау қажет. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі экономика тұрақты байланысқа ие. Олардың деңгейін төмендету бойынша тиімді шаралардың бірі – қолма-қол айналымды заңды түрде шектеу. Бұған дәлел ретінде аталған институтты енгізген елдерде бақыланбайтын экономика үлесінің төмен деңгейі байқалады. Банктік қаржылық құралдардың, ақшасыз технологиялардың қарқынды өсуі мен электронды төлемдер жүйесінің дамуын ескере отырып, ЭЫДҰ елдерінде қолма-қол ақшалар өз маңызын жоғалтуда. Ұсынылып отырған бастама Мемлекет басшысының Жолдауының тұжырымдамалық бағытына жауап береді және экономиканы цифрлауға қатысты ережелермен түсіндіріледі. Сонымен қатар, алдағы уақыттағы жұмыстардың маңызды бағыты ұлттық экономиканы деофшорлау болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының катализаторы болатын жүйелік және кешенді іс-шаралар негізінде жүзеге асырылуы керек.

Тиімді мемлекеттік жұмысты көбінесе тәжірибелі машинистері бар локомотивпен, заңдарды – бағдаршамдармен, ал азаматтарды, фирмалық жолаушы поезының жолаушыларымен салыстырады. Көптеген азаматтар халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің көркеюі үшін көп нәрсе мемлекеттік қызметтің сапасына байланысты, өйткені ол – толып жатқан маман шенеуніктері бар кәсіптік сатылы жүйе деп дұрыс ойлайды. Халықтың бұл ойы орынды, өйткені тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген елдердің өркендеуінде олардың жоғарғы білікті шенеуніктерінің еңбегі зор.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтің көпқырлы құбылыс екенін атап өткен жөн. Сондықтан, мемлекеттік қызметті реформалаған кезде оған тар аяда, тек «мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік үкіметтің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқару жөніндегі қызметі» (Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 1-бабы) ғана деп қарастыруға болмайды. Мемлекеттік қызметті күрделі жүйе деп біліп, оны жетілдіру үшін басқа үш қырынан да:

- әлеуметтік институт ретінде;

- мемлекеттік-құқықтық институт ретінде;

- ұйымдастыру институты ретінде талдаған жөн.

1 Әлеуметтік институт ретінде, мемлекеттік қызмет біріншіден, мем-лекеттік басқару жүйесінің бір бөлігі, екіншіден, мемлекеттің азаматтармен байланысы үшін шенеуніктерді көпшілік кәсіптік қызмет жүйесіне ұйымдастырудың пошымы, үшіншіден, корпоративтік кәсіптік-этикалық жүйе болып табылады.

2 Мемлекеттік – құқықтық институт ретінде мемлекеттік қызметті ең алдымен негізінен құқықтың конституциялық, әкімшілік, қаржылық, халықаралық көпшілік құқық сияқты салаларының нормаларынан тұратын құқықтық актілердің жиынтығы деп қарастыру керек.

3. Ұйымдастыру институты ретінде мемлекеттік қызмет, мемлекет міндеттерінің ойдағыдай шешілуін қамтамасыз ету үшін ұйымдастыру пошымдары мен әдістері, ережелер мен әкімшілік процедуралар, талаптар, өкілеттілік пен жауапкершілік, шенеуніктерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін қайта көтеру тұрғысынан талдануы тиіс.

Қазіргі кезде мемлекеттік қызмет әлемнің көптеген елдерінде жаңадан байыптап жаңартуды бастан кешіруде. Бұл тегіннен тегін емес, өйткені ел азаматтарының әл-ауқаты көбіне мемлекеттің басты «адамдық құрамы» - шенеуніктердің қызмет атқару сапасына байланысты анықталатын болады. Мемлекеттік қызметтің барлық мәндік компоненттерін анықтап алмай, біздің ол туралы біліміміз әрқашанда үстірт, баяндаушылық сипатта болмақ.

Кейбір реформаторлар мемлекеттік қызметтің белгілерін, принциптерін ғана бөліп көрсетеді немесе мемлекеттік қызмет жөніндегі заңдардың жекелеген ережелеріндегі өзгерістерге ғана ден қояды. Бірақ мұндай көзқарас мемлекеттік қызметтің мәні мен ішкі логикасын танып-білуге, ақыр соңында оның қоғамдағы әлеуметтік рөлін түсіруге мүмкіндік бермейді.

Мемлекеттік қызметті талдауға байыпты қөзқарас оны қалағанның бәрінің қолынан келе беретін қарапайым кәсіп ретінде қарастырмауды талап етеді, өйткені ол күрделі ғылым, өнер.

Мемлекеттік билік органдары мен басқару құрылымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын жандандырып, халықаралық мәмілелер жасауда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің шараларын жүзеге асыруға қадамдар жасалуда. 1996 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттік лауазымды тұлғалардың мінез-құлқы туралы Халықаралық кодексті қабылдаған болатын. Бұл кодексте мемлекеттік лауазымды тұлғалар қызметінің анықтамасы берілген және мемлекеттік лауазымды тұлғалар өзінің міндеттері мен функциясын құзырет шегінде және тиімді, заңға сәйкес немесе әкімшілік ережелерге сай жан-жақты адал атқару керектігі айқындалған.

«Мемлекеттік қызмет» ұғымының дұрыс анықтамасының маңызы зор. Мысалы, ГФР-да мемлекеттік қызмет функциялық қөзқарас тұрғысынан кеңінен – барлық мемлекеттік институттардың азаматтар (халық) мүддесі жолындағы қызмет ретінде қарастырылады.

Сондықтан, континенттік Еуропада мемлекеттік қызмет ең алдымен әртүрлі мемлекеттік функцияларды орындаудың мамандандырылған пошымы ретінде, мысалы, салық жинау (салық қызметі), шекараны сыртқы жаулардан қорғау (шекаралық қызмет), азаматтарды санитарлық-эпидемиологиялық қорғау (санитарлық қызмет) және т.б. ретінде түсіндіріледі.

Біздің республикада мемлекеттік қызмет міне осы тұрғыдан – мемлекеттің функциясы мен міндеттерін іске асыру мақсатында мемлекеттік органдардың қызметкерлері жүзеге асырылатын еңбек түрі деп қаралады.

ҚР-ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңындағы талаптар ең алғаш рет ҚР Президентінің 1997 жылғы 16 маусымдағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы Ережесінде қарастырылған болатын.

Мемлекеттік қызметші - мемлекеттік органда заңдарда белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қаржысынан ақы төленетін қызметті атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.

Сонымен, мемлекеттік қызметтегі қызметшілердің ақы төленетін лауазымдарға ие болуына қарай, мынадай әртүрлі лауазымдық функцияларды жүзеге асырады, олар:

- басқарушылық (орган, мекеме және т.б. басшылары)

- құқық қолданушылық (ІІО қызметкерлері және т.б.)

- әлеуметтік-мәдени (оқытушылар, дәрігерлер және т.б.)

Сонымен, мемлекеттік қызмет, мемлекет пен азаматтың арасындағы қатынасты байланыстырушы звено болып саналады. Мемлекеттік қызметтің негізгі міндеттерінің ішінде, негізгі болып, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жеке тұлғаның дамуына қолайлы жағдайлар жасау, азаматтық қоғам негіздерін нығайту саналады.

Мемлекеттік қызмет, қызметке кірудің және өткерудің жағдайы мен тәртібін, қызметшілерді ынталандыру шаралары мен жауаптылық шараларын, қызметтік қатынастарды аяқтаудың негіздерін реттейтін мемлекеттік қызмет институтын құрайды.

Мемлекеттік қызмет институты салааралық сипатта болып саналады. Оған конституциялық, әкімшілік, еңбек, азаматтық, қаржылық және басқа да құқық салаларының нормалары кіреді. Мемлекеттік қызметті реттейтін арнаулы актілер болып Мемлекеттік қызмет туралы: N 453-1. 23.07.99ж. Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасы Президентінің 2000ж. 10 наурыздағы N357 Жарлығымен бекітілген “Мемлекеттік қызмет өткеру туралы ереже”; ҚР Президенті 1999ж. 29.12. N 317 Жарлығымен бекітілген “Мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану тәртібі туралы Ереже”; Қазақстан Республикасы Президентінің 1999ж. 31.12 N321 Жарлығымен бекітілген “Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіпті жазалар қолдану тәртібі туралы Ереже”; Қазақстан Республикасы Президентінің 2000ж. 21.07.N 328 қаулысымен бекітілген “ҚР Мемлекеттік қызметкерлерінің қызмет этикасы Ережелері”; Қазақстан Республикасы Президентінің 1999ж. 21.12 N 319 Жарлығымен бекітілген “ҚР Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің анты” және т.б.

Мемлекеттік қызмет түрлеріне тоқтала кетсек, мемлекеттік қызметті түрлеріне бөлудің негізіне, мемлекеттік басқару саласындағы заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтары жатқызылған.

Билік тармақтарына бөлу принципіне байланысты, мемлекеттік қызмет, заңшығарушы, атқарушы және сот билігі органдарындағы және басқа да мемлекеттік органдардағы (прокуратура органдарындағы) қызмет болып бөлінеді.

Мемлекеттік қызметтің әртүрлі аялары мен салаларына байланысты мемлекеттік қызмет әскери, ішкі істер органдарындағы, қаржы полициясы органдары, кеден және салық және т.б. қызметтерге бөлінеді. Аталған қызмет және де басқа да осындай қызмет түрлеріне арнайы қызметті реттейтін заң актілері бар, мысалы, ''ҚР ІІО қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет өткеруі туралы Ереже''. Ал, ҚР ''Мемлекеттік қызмет туралы'' Заңның 7-бабында мемлекеттік қызметшілердің саралануы бекітілген.

Саяси лауазымдарға:

1) Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер, олардың орынбасарлары;

2) Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары және Парламент палаталарының Төрағалары тағайындайтын және сайлайтын мемлекеттік саяси қызметшілер, олардың орынбасарлары;

3) Конституцияға сәйкес Президент пен Үкіметтің өкілдері болып табылатын мемлекеттік саяси қызметшілер;

4) Орталық атқарушы органдар мен ведомстволарды басқаратын мемлекеттік саяси қызметшілер (басшылар) олардың орынбасарлары атқаратын лауазымдар жатады.

Мемлекеттік қызмет туралы заңдарды бұзу үшін жауаптылық.

1. Мемлекеттік қызметшілердің өзіне жүктелген міндеттерді орындамағаны және тиісінше орындамағаны, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны, мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзғаны үшін, сондай-ақ, заңда белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамағаны үшін мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жазалар:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс;

4) қызметке сәйкес еместігі туралы ескерту;

5) атқаратын қызметінен босату қолданылуы мүмкін.

ХХІ ғасырдың жаһандық сын қатерлері, тез саяси өзгермелі, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта жаңа тәсілдерді сапалы қалыптастырудың қажеттілігін көрсетті. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлықтың кез келген нысаны мен көріністеріне қарсы ымырасыз іс-қимылды көздейтін «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды.

Сонымен бірге, жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне ерекше басымдық берілді және оның тұжырымдамалық негізі елдің 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясына енгізілді. Жоғарыда аталған стратегияның негізгі міндеттері ретінде мыналар айқындалды:

- мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;

- қоғамдық бақылау институтын енгізу;

- квазимемлекеттік және жеке секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;

- соттарда және құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықты ескерту;

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру;

- халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган аталған стратегияны үйлестіруші болып белгіленді. Барлық мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілер, өз кезегінде, оны жүзеге асыруға қатысады. Оның орындалуын бақылауды үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған арнайы мониторингтік топ жүзеге асырады. Бұл топ талдау қорытындылары бойынша стратегияның орындалуын қанағаттанарлық деп бағалады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың дамуына «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қосымша серпін берді. Оны орындау барысында 60 заң қабылданды, негізінен олардың ережелері сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған. Бұл ретте, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Ақпараттандыру туралы» Заңдарды атап өтуге болады. Сарапшылардың пікірінше, өкілеттігін асыра пайдалану көбіне мемлекеттік сатып алу саласында көптеп кездеседі.

Жаңа заңның қабылдануы нәтижесінде, конкурсқа қатысу тәртібі жеңілдетілді, кезеңдердің саны екеуден біреуге азайды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соғатын бір көзден сатып алуды өткізу мүмкіндігі шектелді. Жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың құқықтық негізін айқындайтын негізгі акт «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылды. Онда алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, тәуекелдерін талдау, мәдениетті қалыптастыру секілді алдын алу институттары көрініс тапты. Жоғарыда аталған Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілеріне ерекше мән беріліп, олардың құзырет шеңбері кеңейтілді. Сонымен бірге, жеке тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктердің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзге де заңды тұлғалардың өкілеттіктері бекітіліп, бұл өз кезегінде аталған іс-шараға жаппай қатысуды қамтамасыз етті.

Конституцияда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды, бұл Қазақстандағы сервистік мемлекеттік басқарудың дамуына негіз болды. Сапалы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсетеді және азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенім деңгейіне ықпал етеді. Бұл саланың қарқындап дамуы 2007 жылы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді стандарттауды, автоматтандыруды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау мен мемлекеттік бақылауды белгілейтін құқықтық шарттарды құру арқылы бастау алды. Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі бойынша «бір терезе» қағидаты енгізілді, халыққа қызмет көрсету орталықтары, оның ішінде, ауылдық елді мекендерге қызмет көрсететін мобильді қызмет көрсету орталықтары ашылды.

«Электрондық үкімет» онлайн порталы іске қосылды, ол арқылы лицензиялар мен рұқсаттар беріледі, бұл азаматтармен тікелей байланысты жойып, сыбайлас жемқорлық белгілерін айтарлықтай азайтты. Қабылданған шаралар қызмет көрсетушілердің тиімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілердің азаюына, бизнес-процестерді оңтайландыруға ықпал жасады.

Мысалы, 2010 жылдан бастап қызметтерді көрсету мерзімдерінің бұзылуы (29 есеге – 494 мыңнан 17 мың фактіге дейін) және олар бойынша шағымдану фактілері (8 есеге – 1,2 мыңнан 151-ге дейін) азайды.

Келесі маңызды кезең «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдері ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуы болды. Бұл өз кезегінде бизнесті қолайлы жүргізуге негіз болғанын Doing Business-тің өткен жылғы рейтингісінде Қазақстанның 6 орынға жоғары көтерілгендігін растайды.

Мемлекеттің сервистік моделін құрудың қазіргі кезеңіндегі басты қағидасы тұтынушыға бағдарлану болып табылады. Сонымен қатар, ауқымды жетістіктерге қарамастан, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын әрі қарай арттыруға әлі де мүмкіндік бар.

Қазіргі уақытта 710 мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі анықталған. Бұған қоса, мемлекеттік органдарға 5 мыңнан астам функцияны атқару жүктелді. Сервистік модельді алдыңғы қатарлы елдер тәжірибесі бойынша мемлекеттік аппараттың барлық қызметі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жатқызылды. Сонымен қатар, Қазақстанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мемлекеттік органдардың жекелеген мемлекеттік функцияларын іске асыру нысандарының бірі болып табылады және жеке тәртіппен мемлекеттік мәжбүрлеусіз көрсетіледі. Бұл ретте, тәжірибеде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде мемлекеттік мәжбүрлеу элементтері орын алады. Мысалы, бүгінгі таңда азаматтарға оларды құжаттандыру бойынша қызмет көрсетіледі. Азамат құжаттарды уақытылы рәсімдемеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады, бұл оны алу үшін мәжбүрлеудің барын растайды.

Тәуелсіздік жылдарында қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сай келетін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесі қалыптасты. Тарихта Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының қалыптасуын үш негізгі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бастапқы кезеңде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге басымдық беріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес фрагменттік және эпизодтық сипатта болды. Екінші кезең ұлттық экономиканың қарқынды деңгейде өсуіне негізделіп, нәтижесінде бюджеттік түсімдер саны айтарлықтай артты, бұл олардың қолданылуын бақылау қажеттілігін талап етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті орган құрылып, оның тәуелсіздігі және тікелей Мемлекет басшысына есептілігі қамтамасыз етілді. Аталған органның жұмысы бірінші кезекте нақты сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау мен олардың жолын кесуге бағытталды. Жаңа жаһандық тегеурінді талаптар мен жылдам өзгеріп келе жатқан әлеуметтік-саяси жағдайларды ескере отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды. Онда 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көрініс тапқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдері белгіленді. Оның ерекшелігі жемқорлықтың салдарымен күрес тәсілінен жемқорлықтың себептері мен жағдайларының алдын алу жүйесіне өтуі болып отыр. Осылайша, Стратегияны жүзеге асыруда екі жыл ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілер мен тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мейлінше төмендеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы артты. Заң үстемдігі мен жазаның бұлтартпастығы қағидаларының іске асырылуы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік қызметшілерді этикалық бақылаудың тиімді тетіктері қалыптасты. Мемлекеттік аппараттың айқын болуына қатысты элементтер енгізілді. Азаматтардың құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейі артып, мемлекет пен азаматтық қоғамның конструктивті диалогы реттелді. Сонымен бірге, бұл кезеңде бірқатар стратегиялық міндеттерді шешу қажет. Бірінші кезекте, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою керек. Сервистік тәсілдің негізінде, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын түбегейлі арттыру қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жаңа жұмыстар бүкіл қоғамды қатыстыру арқылы жүргізілуі тиіс. Ең соңында, ұлттық заңнаманы ЭЫДҰ стандарттарымен үйлестіру талап етіледі. Осыған байланысты, заң шығару және ұйымдастыру шараларының мынадай кешенін қабылдау ұсынылады.

Заң шығарушылық:

1. Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін тікелей басшылардың, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын жүзеге асыруға заңсыз көмектескені немесе нақты кедергі жасағаны үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің лауазымды тұлғаларының жеке тәртіптік жауапкершілігін заңды түрде бекіту.

2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді талдау барысында анықталған, сыбайлас жемқорлықты жасауға ықпал ететін себептер мен шарттарды жою туралы тұжырымдарды орындаудың міндеттілігін енгізу.

3. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті сараптама институтын қалпына келтіру.

4. Квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алуды реттейтін «Сатып алу туралы» Заңды әзірлеу және қабылдау.

5. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның нормаларын тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тауарлар сатып алуға қолдана отырып, оған өзгерістер енгізу.

6. Лоббизм институтын заңнамалық тұрғыда реттеу.

7. Мемлекеттік органдардың бірқатар қоғамдық маңызды функцияларына (қоғамдық тәртіпті қорғау, жолдар жөндеу, электр қуатын беру, сумен қамту және т.б.) «мемлекеттік көрсетілетін қызмет» анықтамасын беру.

8. Агенттікке мемлекеттік қызметтер көрсету саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша уәкілеттіктерді беру.

9. Қайта реттеу қағидасын енгізу мүмкіндігін қарастыру (бір жаңа талапты енгізу қолданыстағы екеуін жояды).

10. Этикалық заң бұзушылықтардың жеке құрам дарын мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер қатарына ауыстыру.

11. Мемлекеттік қызметшіні этикалық заң бұзушылығы үшін айыптау жағдайларында кінәсін анықтау қағидасын енгізу мүмкіндігін қарастыру.

12. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің жекелеген санаттарын жатқызу (сатып алу, мемлекеттік бағдарламаларды және материалдық-техникалық ресурстарды жүзеге асыруға байланысты құрылымдық бөлімшелердің басшылары, бухгалтерлер, заңгерлер және өзге де тұлғалар).

13. Аса үлкен мөлшерде шығын келтіруді қарастыратын қылмыстардың кейбір құрамдарын сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына ауыстыру.

14. БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының нормаларын имплементациялауды мынадай мүмкіндіктерді қарастыра отырып жалғастыру: - пара беруге уәде беру және ұсынудың қылмыстануы; - заңсыз байығаны үшін әкімшілік жауапкершілік; - заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін белгілеу; - қылмыстық жолмен шетелге шығарылған активтер мен мүліктерді қайтару және иелік ету бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.

15. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қылмыстық тергеуден иммунитетті шешу рәсімдерін жетілдіру мүмкіндігін қарастыру.

Ұйымдастырушылық:

  1. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қамтамасыз етілуін жақсарту (жеңілдік шарттарында немесе жалға алу төлемін міндетті өтеумен тұрғын үй беру, зейнеткерлік жастағы мемлекеттік қызметшілер үшін жеңілдіктер, сауықтыру мақсатындағы көтермелеу, мемлекеттік қызметшілердің жас балаларын балабақшалармен қамтамасыз ету, жеке тұлғасын дамыту тренингтерін ұйымдастыру). 2. Шығындар құрамында мемлекеттік органдарды қамтамасыз ету үшін «Өкілдік шығындар» қосалқы ішкі бағдарламасын қарастыру. 3. Барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді енгізу. 4. Сатып алу және бақылау қадағалау органдары салаларында жұмыс істейтін мамандармен сатылмайтындық туралы арнайы шарттар жасасуды қарастыра отырып, оларды тұрақты ротациялау міндеттілігін белгілеу. 5. Жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негіздері» атты міндетті пәнін енгізу. 6. Өтініш берушінің сәйкестендірусіз, оған үкіметтік емес ұйымды әкімшісі ретінде анықтап, құ қық бұзушылықтың барлық түрі бой ынша өтініштерге арналған бірыңғай порталды құру мүмкіндігін қарастыру.