- •Мазмұны
- •1 «Жемқорлық» ұғымының теориялық –әдістемелік негіздері
- •2 Жемқорлыққа қарсы әрекет ретінде Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастарын жетілдіру
- •3 Жемқорлық әрекет табиғатының психологиялық ерекшеліктері
- •4 Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру
- •5 Жастардың жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасу ерекшеліктері
- •6 Жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуының этникалық ерекшеліктері
- •7 Жемқорлық әрекеттер үшін құқықтық жауапкершілік
- •8 Әртүрлі салалардағы жемқорлық әрекеттер үшін моральдық-этикалық жауапкершілік
- •9 Діни норма мен құндылықтар ретінде жемқорлыққа қарсы қоғам мәдениеті қағидалары
- •Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- •Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері
4 Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру
Бүгінде сыбайлас жемқорлық мәселесі барлық әлемді алаңдатып отырған аса өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлықпен күресу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері қазіргі таңда саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдерге ортақ.
Сол себепті, осы мәселеге мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев тарапынан жыл сайын Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында көп көңіл бөлінеді.
Бүгінде Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік мәртебе берілген, сыбайлас жемқорлықты жою және оның көріністерін болдырмау жөнінде қоғамдық және саяси күштермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды науқан жүргізілуде.
Осыған орай, Мемлекет басшысының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстан – 2050» стратегиясында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған 2015 – 2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады.
Осы тұрғыда «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» деген түсініктің мән-мағынасына зер салу қажет. Бұл түсінік «сыбайлас жемқорлық» пен «мәдениет» ұғымдарының қосындысы болғандықтан, осы түсініктердің әр-қайсысы бөлек талдауды қажет етеді.
«Мәдениет» термині әртүрлі ғылым салаларында күрделі түсініктерді белгілеу, түсіндіру кезінде жиі қолданылады.
1871 жылы ағылшын этнографы Э.Б. Тейлор мәдениет түсінігінің классикалық нұсқасын ұсынды, оның пікірінше, мәдениет ол адамның қоғам мүшесі ретінде білім, сенім, шығармашылық, мораль, құқық, әдет-ғұрып және т.б. бойынша бойына сіңірген дағдылары мен қабілеттіліктері.
«Мәдениет» термині ғылым саласында жеке өте жиі қолданылады, әдетте, ұлттық мәдениет, ойлау мәдениеті, денсаулық мәдениеті, дене шынықтыру мәдениеті, өзін-өзі ұстау мәдениеті, біздің жағдайда – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет сөз тіркестері тұрғысында қарастырылады. Алайда, қай тіркесте қолданылмасын, ол қандайда бір нормалар мен ережелерге сүйенуді білдіреді. Сонымен қатар, ғылымда мәдениет түсінігі индивидтің өзін-өзі және өзіне-өзі қалыптастырған әлемге көзқарасын білдіреді. Әлемге деген осы көзқарас алдымен өмір сүру мағынасымен түсіндіріледі. Мағына - ол адам тіршілігінің ішкі және сыртқы құрамы, ол адамның белгілі бір нәрсеге өз көзқарасын анықтау кезінде ол мағынаны өзінің іс-әрекетінен іздеуі, мәселен, біздің жағдайымызда индивид өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы немесе сыбайлас жемқорлыққа жағымды іс-әрекетінің мағынасын өзі үшін анықтап алуы тиіс. Осындай мағыналар индивид мәдениетін қалыптастырады. Яғни, мәдениет ол қоғамның рухани және материалдық жетістіктерінің қоспасы, ол индивидтің әлеуметтік-прогрессивті шығармашылық қызметін тіршіліктің түрлі саласында көрсетуі мүмкін және ол түбінде оның мінез-құлық нормаларына, өмірлік құндылықтарына айналып, адамның ішкі байлығын құрайды.
Енді «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» мәнін ашып көрейік. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті; ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлыққа төзбеуі ғана емес, сонымен қатар, оны жоюға, онымен күресуге талпынуы.
Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тұлғада құқықтық шеңберде іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктердің болуын талап етеді, олар:
- жемқорлықты әлеуметтік зұлым ретінде тани білуі;
- жемқорлық көріністеріне қатысты материалдарды объективті және сыни көзбен бағалай білуі;
- сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оның қоғам өмірінің кез келген саласында деңгейін төмендету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білуі.
Индивидтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің деңгейі оның тұлға ретінде даму деңгейінің айнасы. Яғни, әрбір адам белгілі бір деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті болады, ол не төмен, не жоғары деңгейде болуы мүмкін.
Сонымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті келесі алгоритмде қарастыруға болады: индивидтің құқықтық багажы – оның құқық нормаларын сақтауға дағдысы, заңды бұзбауға дағдысы, жемқорлыққа қарсы құқықтық белсенділігі. Ол дегеніміз индивидтің тек өз іс-әрекетін ғана құқықтық норма шеңберінде ұстауға ұмтылысы емес, сонымен қатар, жемқорлыққа қатысты кез келген заң бұзушылыққа қарсы тұруға дайындығы.
Осы арада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің келесі функцияларын атап өтуге болады:
- танымдық функция (қоғамның түрлі жүйелерінде болып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы процестерді зерттеу және түсіндіру), ол индивидтің жемқорлық көріністерін құқықтық тәжірибеде біліп, түсінуімен сипатталады. Осы функцияны жүзеге асыру барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы процестерді зерттеп, түсіндіру жүзеге асады;
- реттеуші функция (өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетін құқықтық талаптармен салыстырмалы түрде қарастыру);
- үлгілеу функциясы (ұғыну, мәнін түсіну негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет моделін қалыптастыру).
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс қағидатты маңызды рөл атқарады. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгізу бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді.
Бала кезінен тұлғаны қазақстандық патриотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу маңызды болмақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытатын курстармен барлық оқу орындарын, мемлекеттік органдар мен тұтастай алғанда барлық азаматтық қоғамды қамту қажет.
«Қоғамдық бақылау» ұғымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрал ретіндегі негізгі қағидаттары, маңыздылығы мен мазмұны сыбайлас жемқорлықтың етек алуы елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық түрленулердің табыстылығына күмән туғызады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша нығайту шараларын ойдағыдай жүргізу қызметі одан әрі жетілдіруді талап ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттылықтың азаматтық қоғам институттарының қолдауынсыз мүмкін емес. Барлық қолжетімді құралдарды қолдана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етуде мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін одан әрі үйлестіру ерекше маңызға ие.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізін қалаушы құжат – БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының (2003 жылғы 31-қазан) 13-бабы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның анағұрлым тиімді құралы ретінде қоғамдық бақылауды кеңейтуді айқындайды. Азаматтық қатысу деп азаматтар мен азаматтық қоғам құрылымдарының олар тұратын мемлекет пен жергілікті қоғамды басқаруға қатысуы түсініледі. Азаматтық қатысу нысандары азаматтар мен азаматтық қоғам құрылымдарының мемлекеттік органдар шешімдерінің дайындалуына, қабылдануына және бақылауына қатысуы болуы мүмкін.
Мемлекеттік басқару жүйесінің сыбайлас жемқорлықты кәсіпкерлік құрылым ретінде таратуы жағдайында олар өздерінің қызметін бақылай алмайды, шешім қабылдай алмайды. Тек қана азаматтардың, азаматтық қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне белсенді және тұрақты қатысуы өз қызметінде сыбайлас жемқорлық тәжірибесін қолданудан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік береді. «Қоғамдық бақылау» ұғымы ғылыми әдебиетте белсенді пайдаланылады, нормативтік құқықтық актілерде пайдаланылады.
Ғылыми және тәжірибелік қызметте «бақылау» термині өте жиі қолданылады. Ғалымдар оған әртүрлі: құрал, фактор, нысан, элемент, функция, қызмет, жүйе, шарт, реттегіш, кепілгер, құбылыс, институт және әдіс ретінде түсінік береді. Қоғамдық азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер жүзеге асыратын бақылау мемлекеттік органдардың қызметін бақылауды білдіреді. Қоғамдық қатысу идеясы қоғамдық істерді басқару процесіне басқарушыларды тартуды немесе қосуды болжайды. Қоғамдық бақылау «мемлекеттік билік пен жергілікті басқаруды қоса алғанда, олардың жұмысын оңтайландыру мақсатында қоғамның қоғамдық институттар қызметін бағалау мен есепке алуды жүзеге асыруының» маңызды құралы болып табылады. Жалпы қоғамдық бақылау қоғамның негізгі функцияларының бірін білдіреді, оның субъектілері азаматтар мен олардың бірлестіктері, сондай-ақ, негізгі объектілері – мемлекеттік органдар мен олардың лауазымдық тұлғалары болып табылады.
Қоғамдық бақылау мемлекеттік органдар мен азаматтардың коммуникациялары саласында жария саясатта азаматтардың тікелей қатысуын, азаматтардың әлеуметтік белсенділігінің нысаны ретінде қатысады. Бұл ретте қоғамдық бақылау проблемаларды анықтауды және оны шешу үшін ресурстар қалыптастыруды талап етеді. Мемлекеттік органдар жұмысын қоғамдық бақылау демократияның базалық элементі болып табылады. Қоғам мемлекетке өкілеттіктер мен ресурстар бере отырып, олардың мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін барлық негіздерге ие.
Қоғамдық бақылау – бұл азаматтардың мемлекеттік органдардың өз міндеттерін орындауын, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауын қадағалауы. Осылайша, қоғамдық бақылау – бұл қоғамдық ұйымдар мен бастамалық топтардың азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықты тоқтату және оған жол бермеу мақсатында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің мекемелер мен мемлекеттік органдарда және жергілікті басқару органдарында, меншіктің әртүрлі нысандарындағы кәсіпорындарда сақталуын қадағалауы.
Қоғамдық бақылаудың негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
– қоғамның жетілуі;
– тәуелсіздік;
– адам құқықтарын және заң талаптарын талап етудің қағидаттылығы;
– мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару органдары қызметінің жариялығы мен ашықтығы;
– мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сыйластық пен серіктестік қатынастар.
Қоғамдық бақылау:
1) қоғамның барлық мүшелерінің мүдделері мен қажеттіліктерін бірыңғай басқарушы еркіне біріктіретін қоғамды және оның жекелеген институттарын басқару нысандары ретінде болады;
2) әртүрлі әлеуметтік топтар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету және осы мүдделердің қайшылықтарына жол бермеудің негізгі құралдарын білдіреді;
3) кейінге қалдыратын міндеттерді шешу үшін күш-жігерді үйлестіру мен біріктіру әдісі болып табылады;
4) бұзушыларды анықтауға және қоғамдық талқылаудан бастап құқық бұзушыларға мәжбүрлі сипаттағы шараларды қолдануға әсер етуі мүмкін құқықтық жауапкершілікпен аяқталатын оларды қоғамдық жауапкершілікке тарту тетігін әзірлеуге мүмкіндік беретін әлеуметтік нормаларды орындаудың кепілі ретінде болады;
5) кез келген қоғам мен оның негізгі институттарының бірінің жан-жақты ажырамас өкілеттігі болып табылады.
Қазіргі заманғы Қазақстанда мемлекеттік органдар қызметін қоғамдық бақылау тетігін дамыту мәселесі аса өзекті болып табылады. Қазіргі уақытта қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыру жүргізілуде, қоғамдық бақылау тетіктерін бекітетін нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруға талпыныстар жасалуда. Республикалық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде қазақстандық қоғам мен мемлекет арасында тең құқықты серіктестік тетіктерін әзірлеу қажет.
Мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасасуының негізгі нысандары мыналар болып табылады:
– мемлекеттік құрылымдар қызметін мемлекеттік бақылау;
– қазақстандық заңнаманы сақтаудың қоғамдық сараптамасы;
– азаматтардың жергілікті мәндегі мәселелерді шешуге қатысуы;
– мамандандырылған кеңесші, консультативтік, үйлестіруші және сараптамалық органдарды құру.
Қоғамдық бақылау жүйесін жалпы қамту, жалпыға жариялау, жариялылық, міндеттілік, нысандардың көп түрлілігі және қоғамдық мүдделерді қорғауға атсалысатын белгілі бір топ өкілдерінің қоғамдық бақылау органдарын заңды деп тануы қағидаттарында құру ұсынылады.
Сыбайлас жемқорлықты қоғамдық бақылау институттары Сыбайлас жемқорлықты қоғамдық бақылаудың негізгі институттары мыналар болып табылады:
– қоғамның әртүрлі көзқарастарға ие әртүрлі әлеуметтік-мәдени және кәсіби топтарының мүдделерін танытатын саяси партиялар;
– мемлекеттік биліктің заңнамалық (өкілеттік) сайлауларында осы немесе өзге партия сайлауларының сайланушылары атқарушы биліктің саяси бағыттылығын негіздемелі бақылайды, сондай-ақ, олардың сенімін ақтамаған партияларға сенім білдіруден бас тартады;
– ол арқылы еңбек ұжымдары өз мүдделерін таныта алатын кәсіби одақтар;
– мемлекеттік органдарда қоғамның мүдделерін қорғау және таныту үшін құрылатын қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес сипаттағы бірлестіктер;
– мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару органдарының қызметін қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын қоғамдық кеңестер;
– сайлауды өткізу барысын бақылауды және қолданыстағы сайлау заңнамасын сақтауды жүзеге асыруға қатысатын бақылаушылар.
Сыбайлас жемқорлықты тиімді болдырмауды қамтамасыз ету үшін азаматтық қоғам институттарын (үкіметтік емес ұйымдарды – ҮЕҰ) дамыту және сол арқылы олардың мемлекеттік органдарға әсер етуін күшейту қажет. Қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдардың қызметін анағұрлым ашық, айқын ететін заңдарға өзгеріс енгізе алар еді, мемлекеттік басқарудың көптеген процестерінде қоғамдық, оның ішінде, заң шығару процесіне, бюджеттік және сайлау процестеріне қатысуды болжай алар еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін шешімді мәселелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға және азаматтық құрылымдарды дамытуға, осы процеске ҮЕҰ және барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар өкілдерін тартуға ие болады.
Қоғамдық бақылау кезеңдері: 1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымдық тұлғаларының шешімдері мен әрекеттерін жүйелік мониторингілеу. Оны жүзеге асыру үшін бәрінен бұрын, осындай органдар мен адамдар қызметі туралы жеткілікті толық және дұрыс ақпараттың, яғни, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттерінің азаматтар үшін айқындылығы мен ашықтығының болуы қажет. 2. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының шешімдері мен әрекеттеріне қоғамдық сараптама. Қоғамдық бақылаудың осы кезеңін іске асырудың мәні мемлекеттік органдар қабылдаған актілер мен құжаттардың талдауын жасауда болады. Қоғамдық сараптама қоғамдық бақылаудың анағұрлым ресурсты қажет ететін кезеңі болып табылады – оны өткізу адами сонымен қатар, қаржылық, материалдық ресурстарды тарту мен пайдалануды талап етеді. 3. Қоғамдық сараптаманың нәтижелерін мемлекет пен қоғамға жариялы түрде ұсыну, сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттік орган арасында мүдделер теңгерімін қамтамасыз ету.
Қоғамдық бақылау жүйесінің жұмыс істеуі мынадай міндетті шарттар болғанда мүмкін болады: – қоғамдық бірлестіктің еріктілігі; – ақпаратқа қол-жетімділік; – тәуелсіз БАҚ; – мемлекеттік органдардың демократиялылығы мен ашықтығы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда үш қағидатты іске асыру маңызды болып табылады: бақылау, есепке алу және ашықтық. Ашықтық пен жариялылық заңнамалық деңгейде қоғамдық бақылаудың көмегімен мүмкін болады. Ол құқықтық базаға, жағдайға нәтижелі әсер ету үшін құқықтық базаға ие болады. Қоғамдық бақылау сыбайлас жемқорлық қатынастардың туындауына ықпал ететін жағдайларды жою мен мүмкіндіктерді болдырмау, сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ету құралы ретінде азаматтар мен олардың автономды бірлестіктері жүзеге асыратын әрекеттердің ілеспелігін қамтиды.
Қоғамдық бақылау жүйесі әрекеттерінің нәтижелері: сыбайлас жемқорлықты төмендету, азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін арттыру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру, қоғамдық және мемлекеттік құрылымдардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларды бірлесіп шешуі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бақылаудың тиімділігі: – азаматтық қоғам институттары өкілдерінің кәсіби даярлығы мен адалдығы деңгейіне; – мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару органдарының қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігін шын мәнісінде қамтамасыз етуге. Яғни, мемлекеттік органдар ұсынатын ақпарат қаншалықты толық және дұрыс болып табылады;– мемлекеттік органдардың азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарламасын қамтитын өтініштерін қарау бойынша қызметінің тиімділігіне тәуелді болады.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау саласындағы қоғамдық бақылау жүйесінің қалыптасуы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі заманғы кезеңінде сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау елдің экономикалық және саяси дамуының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Республиканың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерлікті дамытуға бөгет болатын, табиғи ресурстарды талан-тараж етуге әкелетін, ұлттық экономикаға тиімсіз инвестицияларды жүзеге асыратын және т.с.с. сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетусіз мүмкін емес.
Осылайша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу үшін қоғамдық, саяси және экономикалық салалардағы барлық стратегиялық міндеттерді шешу қажет. Қоғамның қолдауынсыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тек қана жартылай әсер береді. Сондықтанда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды бағыты тиімді қоғамдық бақылау болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігінің төмендігіне қарамастан Қазақстанда қоғамдық бақылау жүйесінің қалыптасуы басталды. Қазақстанда қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыру процесінің маңызды кезеңдері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (1998 ж.), «Мемлекеттік қызмет туралы» (1999 ж.), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (2015 ж.), «Қоғамдық бақылау туралы» (2015 ж.) заңдарды қабылдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін құру болды.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ, оның аумақтық департаменттері қоғаммен өзара іс-қимыл жасасу, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын; азаматтардың өтініштерін қарау сапасын іс жүзінде бақылау бойынша жұмысты бастады. Осының арқасында Қазақстанда мемлекеттік аппарат жұмысының, мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен айқындылығы артып келеді, бизнеске әкімшілік жүктеме төмендеуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жетілдірілуде. Азаматтарға сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау мүмкіндігін беру үшін әртүрлі нысандағы интернет-қабылдаулар, ресми сайттарда тиісті бөлімдер, шұғыл желілер, сенім телефондары ұйымдастырылған.
«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданды. Бұл маңызды стратегиялық құжатта сыбайлас жемқорлыққа саясат тұжырымдамасы бекітілген және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал ететін іс-шаралар кешені әзірленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың маңызды қадамы құрылымдық реформаларды іске асырудың 2014-2015 жылдарға арналған жол картасының ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 қазандағы № 1012 қаулысымен бекітілуі болды.
Осы құжатта таяудағы перспективада бизнесті дамыту үшін тосқауылдарды жою бойынша, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты төмендету бойынша кезек күттірмейтін шаралар белгіленген. Жол картасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттер тобына (ГРЕКО) кіруі және Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияға және 2020 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық құқықтық жауапкершілік туралы конвенцияға қосылуы бойынша, ҚР Үкіметіне 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың табыстары мен шығыстарын жалпы декларациялауға көшуін көздейтін заң жобасын енгізу бойынша мәселе қарастырылды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың қызметін бақылауды жүзеге асыруды реттейтін мынадай үш негіз қалаушы заң қабылданған: «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы № 383–V Қазақстан Республикасының Заңы. Осы Заң қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін, халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін айқындайды; – «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V Қазақстан Республикасының Заңы. Заң ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату жөніндегі әркімнің конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді; 2016 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Қазақстан Республикасының Заңы. Бұл құжатта басымды назар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жолын кесуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдем көрсеткен адамдардың қауіпсіздігі мен қолсұғылмаушылығының кепілдігін қамтамасыз ету тетігін енгізуге аударылады. Қазақстан Республикасында сонымен қатар, барлық жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау енгізілуде. 2015 жылғы 18 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Заң Мемлекет басшысының «Бес институционалдық реформаларды іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының, Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру тұжырымдамасының, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама шеңберінде әзірленді. Қоғам алдындағы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың бірі болып табылады.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жанынан қоғамдық кеңес құрылды. Оның басым міндеттері мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру бөлігіндегі кері байланысты қамтамасыз ету болып табылады. Кеңес құрамында – 12 мүше бар. Оған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары кіреді. Қоғамдық кеңестер міндеттерінің қатарына сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған бағдарламалар мен жоспарларды іске асыру, сондай-ақ, оларды іске асыру нәтижелерінің талдауымен бірлескен мониторингін жүзеге асыру; сыбайлас жемқорлықпен байланысты қауіптерден азаматтар мен қоғамның құқықтарын, еркіндіктері мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге жәрдемдесу кіреді және т.б. Кеңес мынадай функцияларды орындайды: 1) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша, оның ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлықпен күрес нысандары мен әдістерін жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу және құзыретті органдарға енгізу; 2) қоғамдық мониторингті ұйымдастыру мәселелері бойынша мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы жетілдіру бойынша, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсарту бойынша ұсынымдарды әзірлеу және тиісті мемлекеттік, оның ішінде, жоғары тұрған органдарға енгізу; 3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне анағұрлым жақын тұратын салаларды анықтау мәселелері бойынша ғылыми ұсынымдарды қарау және олардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша ұсыныстар әзірлеу; 4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған бағдарламалар мен жоспарларды іске асыру нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша ұсыныстар енгізу, сондай-ақ оларды іске асырудың бірлескен мониторингі мен талдауын жүзеге асыру; 5) қоғамдық мониторинг қорытындыларын, сондай-ақ, мемлекеттік органдар қабылдаған қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша шараларды қарастыру; 6) халықты сыбайлас жемқорлық көздері мен теріс әсерлері, онымен күресу құралдары мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар туралы ақпараттандыру; 7) азаматтық қоғам субъектілерін мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыруға тарту бойынша ұсыныстар әзірлеу; 8) кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін қорғаумен байланысты құқық қорғау қызметін реттейтін құқықтық нормаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу; 9) мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасасу және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізу, 10) мемлекеттік органдар басшыларының, жауапты лауазымдық тұлғаларының сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және мемлекеттік қызметтер ұсыну сапасын жақсарту бойынша қабылдаған шаралары туралы ақпаратын тыңдау; 11) мемлекеттік органдардың лауазымдық тұлғаларын мемлекеттік қызметтер туралы заңнама талаптарын сақтамағаны, қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша шаралар қабылдамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсынымдар әзірлеу.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанынан консультативтік-кеңесші орган мәртебесі берілген Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Кеңес қызметінің мақсаттары: елдегі заңдылықтың жай-күйін арттыру, мемлекеттік құқықтық саясатын жүргізуге жәрдемдесу, прокуратураның үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара қарым-қатынасын дамыту және одан әрі жетілдіру болып табылады. Осыған ұқсас кеңестер аумақтық прокуратураларда да құрылған. Кеңестер құрамына «Нұр Отан» партиясының өкілдері, депутаттар, белгілі ғалым-заңгерлер, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, прокуратура органдарының ардагерлері мен басқа адамдар кірген.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанынан ішкі істер органдары қызметінің белгіленген саласына жататын мәселелер, полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығы қағидатын өмірде ұстану, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша қоғаммен өзара іс-қимыл жасасу мақсатында Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды, осындай кеңестер Астана, Алматы қалаларындағы және облыстардағы барлық қалалық және аудандық бөлімдерінде құрылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін жағдай жасасуға қатысты бірқатар мәселелер шешілмей қалып отыр. Осының барлығы қазіргі уақытта Қазақстандағы қоғамдық бақылау жүйесі әлі қалыптасу кезеңінде екендігін куәландырады. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру мақсатында мыналарды орындау қажет: 1) «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды, оны іске асыруды қамтамасыз ететін заң жобалары топтамасымен бірге қабылдау; 2) сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат берген азаматтарды тиісті қорғауды және соларға сыйақы беруді қамтамасыз ету; 3) қоғамдық пікірді есепке ала отырып, мониторинг жүйесін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау; 4) әкімшілік тосқауылдарды жою мақсатында мемлекеттік қызметтерді (оның ішінде электрондық құжат айналымын енгізу жолымен) ұсыну тетігін жетілдіру; 5) азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерінде жазылған мәселелерді шешу үшін; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жоспарлар мен қысқа мерзімдік нысаналы бағдарламаларды іске асыру үшін бақылауды күшейту, 6) мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлық себептерін жою бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін арттыру; қоғамдық-мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың қызметі туралы азаматтарды, оның ішінде, интернет-сайттарда орналастыру арқылы кеңінен ақпараттандыру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған стратегия Ел Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді іс жүзінде іске асыруға бағытталған. «Қазақстан - 2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу сыбайлас жемқорлықпен шүбәсіз күресу кезінде ғана мүмкін болады.
