- •Мазмұны
- •1.1. Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтарға жалпы сипаттама
- •1.2. Әскери қылмыстардың түрлері
- •2.1. Бағыныштылық тәртібіне және әскери қызметшілердің жарғылық ережелерге сай қарым-қатынасына қол сұғатын қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •2.2. Әскери қызметті өтеу тәртібіне қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •2.3. Әскери кезекшілікпен және басқа да арнаулы қызмет тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •2.4. Қару-жарақ, сондай-ақ заттар мен нәрселер, әскери мүліктерді, техниканы пайдалану мен оны сақтаудың ережелеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •Қорытынды
1.1. Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтарға жалпы сипаттама
Қазақстан Республикасында әскери қызмет атқарудың тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында, әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы заңда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арнайы жарғыларында, басқа да нормативтік-құқықтық актілерінде көрініс тапқан. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің 18-тарауы әскери қылмыстарға арналған.
Қылмыстық кодекстің 3-бабы 6-тармағында әскери қылмыстық құқық бұзушылықтың зандылық ұғымы берілген. Онда: әскерге шақыру бойынша не келісім-шарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларында әскери қызмет атқарушы әскери қызметшілердің, сондай-ақ, запастағы азаматтардың жиындардан өтуі кезінде әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібіне қарсы осы тарауда кез келген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауы әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар деп танылады - делінген.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар осы қылмыстық құқық бұзушылықтың топтық объектісі болып табылады. Әскери қызметшілердің әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібімен байланысы жоқ басқадай қоғамға қауіпті және құқыққа қайшы іс-әрекеттері әскери қылмыс болып табылмайды, олардың мұндай іс-әрекеттері жалпы қылмыстық құқық бұзушылық құқықтық норма бойынша сараланады.1
Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтың екінші бір өзіндік белгісі қылмыстық құқық бұзушылықтың арнаулы субъектісі болып табылады. Олар: әскерге шақыру бойынша не келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларында әскери қызмет атқарушы әскери қызметшілер, сондай-ақ жиындардың өтуі кезінде әскери қызмет атқарушы запастағы азаматтар.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне Қорғаныс министрлігі және оған бағынышты: құрлық әскерлері, ракеталық әскерлер, соғыс-теңіз флоты, соғыс-әуе күштері, әскери-космикалық күштер Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамалары, шекаралық әскерлер, қауіпсіздік қызметі әскерлері, үкіметтік байланыс әскерлері, азаматтық қорғаныс әскерлері, Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері, т.б. жатады.
Егер қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттер әскери қызметті өткеру кезінде жасалса және қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген болса, адам әскери қылмысы үшін әскери қызмет аяқталған соң да қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылуға жатады.
Әскерге шақырудың, келісімшарт бойынша әскери қызметке, оның ішінде әскери жиындарға шақырудың және өтудің, әскери қызметтен босатудың және жиындарды аяқтаудың тәртібі Заңдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен анықталады.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 6-бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес әскери қызметті өткеруді және онымен байланысты өзге мәселелерді реттейтін Қазақстан Республикасы Заңдарының нормалары арасында қарама-қайшылық туындаған кезде кейінгі қабылданған заңның нормалары қолданылады. (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Әскери қылмыстар жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» 28 қазан 2005 жылғы №6 нормативтік қаулысының 3-тармағы.)
