Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Корпус Нова.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
64 Кб
Скачать
☆

2.1. Бағыныштылық тәртібіне және әскери қызметшілердің жарғылық ережелерге сай қарым-қатынасына қол сұғатын қылмыстық құқық бұзушылықтар

Бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау

Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағы бойынша: бағынбау, яғни бастықтың бұйрығын орындаудан ашық бас тарту, сол сияқты бастықтың белгіленген тәртіпте берілген бұйрығын бағыныштының, өзгедей қасақана орындамауы арқылы сипатталады. Бұл жерде екі бірдей қылмыстық құқық бұзушылық құрамы көрсетіліп түр. Оның біріншісі - бағынбау, яғни, бастықтың заңды бұйрығын орындаудан ашық, қасақана бас тарту. Екінші — бұйрықты өзгедей әдейі орындамау - яғни, бастықтың белгіленген тәртіппен, заңды түрде берілген бұйрығын, яғни, бағыныштының әдейі орындамауы болып табылады. Әдейі орындамауға ашық түрде, ешбір негізсіз заңға сәйкес берілген бұйрықтағы талаптарды істемеуі, немесе бұйрықтағы талапқа қарсы басқа әрекетті істеуі, немесе бұйрықты кешіктіріп орындау немесе жартылай орындаулар жатады.

Бағынбау мен бұйрықты өзгедей әдейі орындамау іс-әрекетінен қызмет мүддесіне елеулі зиян келтірілуі қажет (ҚК-тің 437-бабының 2-тармағы). Зиян мүліктік немесе ұйымдастырушылық, я болмаса басқадай түрде орын алуы мүмкін. Егер іс-әрекеттен әскери тәртіптің ойсырауы орын алса, бастықтың бағыныштының алдында беделі түссе, адамдардың денсаулығына әр түрлі дәрежедегі жарақат келтірілсе немесе әскери бөлімде, оның мүлкіне, техникасына залал келтірілсе, зиян елеулі деп танылады.

Бұйрыққа бағынбаудан немесе оны әдейі орындамаудан келтірілген зиянның арасында себепті байланыс болуы шарт.

Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы – материалдық.

Субъективтік жағынан қылмыстық құқық бұзушылық қасақаналықпен (тікелей немесе жанама) жүзеге асырылады.

Адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған сол сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады (437-баптың 3-тармағы).

Әскери қылмыстарды адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының жасау белгісі бойынша саралаған кезде ҚК-нің 31 –бабының ережелерін ескеру қажет.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға бір-біріне бағыныштылық қатынастарының маңызы жоқ екі және одан да көп әскери қызметші қатысқан жағдайлардағы әрекеттер аталған саралаушы белгілер бойынша саралануы тиіс, сондай-ақ олармен бірге қылмыс жасауға қатысқан әскери қызметші болып табылмайтын адамдардың әрекеттері ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші ретінде әскери қылмыс жасауға қатысу деп саралауға жатады (ҚР Жоғарғы Сотының аталған қаулысының 8-тармағы).

Ауыр зардаптарға: қасақана денеге орта дәрежелі жарақат келтіру; абайсызда кісі өлімінің орын алуы; әскери дайындықты қамтамасыз ететін шаралардың жүзеге аспай қалуы; әскери техникалардың істен шығуы; ірі мөлшердегі материалдық залал келтірілу т.с.с. жатады.

Осы баптың бірінші және екінші немесе үшінші бөліктеріндегі көзделген әрекеттер қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалса, онда бұл осы қылмыстың аса ауырлататын түріне жатады (467-баптың 4-тармағы).

Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер үшін жауаптылық ҚК-тің 5-тармағында көрсетілген.

Қызметке ұқыпсыз не адал қарамаудың салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан бұйрықты орындамау үшін жауаптылық ҚК-тің 437-бабының 6-тармағында көзделген. Мұндағы ауыр зардаптардың түсінігі осы баптың 3-бөлігінде көрсетілген ауыр зардаппен бірдей болуы да мүмкін. ҚК-тің 437-бабының 6-тармағындағы қылмыс құрамы субъективтік жағынан тек қана абайсыздықпен (немқорайлық немесе менмендік) жүзеге асырылады.

Егер осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекет соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалса, онда кінәлінің жазасы арта түседі, ол үшін жауаптылық ҚК-тің 437-бабының 7-тармағында көзделген.

Бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтік міндеттерін бұзуға мәжбүрлеу

Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағынан бастыққа, сол сияқты әскери қызмет бойынша өзіне жүктелген міндетті атқарушы өзге адамға қарсылық көрсету немесе оны осы міндеттерді бұзуға күш қолдану және күш қолданамын деп қорқыту арқылы, мәжбүр ету арқылы сипатталады.

Қарсылық көрсету деп бастыққа, сол сияқты әскери қызмет бойынша өзіне жүктелген міндетті атқарушы өзге адамға ашықтан ашық қарсы шығып, оның заңды талабына мән бермеу, олардың өзіне жүктелген міндеттерін атқаруына кедергі жасау. Мысалы: патрульдің мас күйдегі әскери қызметшіні ұстауға байланысты әрекетіне соңғының қарсылық керсетіп бағынбауы.

Бастыққа немесе әскери қызмет бойынша өзіне жүктелген міндетті атқарушы өзге адамға күш қолдану және күш қолданбақшы болып қорқыту арқылы олардың міндеттерін бұзуға бағытталған белсенді әрекет мәжбүрлеу деп танылады. Мысалы: қатардағы әскери қызметшінің тәртіп бұзып қолға түсіп қалған екінші бір әскери қызметшіні бастыққа күш қолданбақшы болып қорқытып босатып алуы.

Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы - формальдық, көрсетілген іс-әрекеттердің біреуін істеген сәттен қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады. Қылмыстық құқық бұзушылық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі.

Дәл сол әрекеттер:

а) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған;

б) қару немесе арнайы құралдар қолдана отырып жасаса;

в) денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіріп жасалған іс- әрекеттер - осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады (438-баптың 2-тармағы).

Адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының түсінігі ҚК-тің 31-бабында көрсетілген.

Қару қолдануға атылатын немесе суық қаруды қолдана отырып, бастыққа қарсылық жасау немесе оны қызметтік міндеттерін бұзуға мәжбүр етушілік жатады.

ҚК-нің 438-бабы екінші тармағының 2-тармақшасында, ҚК-нің 439-бабының екінші тармағының 2-тармақшасында және ҚК-нің 440-бабы екінші тармағының 4-тармақшасында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамында қолданылатын қару деп «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес конструкциялық жағынан алғанда тірі нысананы жоюға арналған құрылғылар мен заттар: атыс қаруы, суық қару, газды-қару электрлі қару, пневматикалық қару, лақтырылатын қару түсінілуі тиіс. Оларға соғыс қол атыс қаруы мен суық қару (автомат, пулемёт, пистолет, карабин, винтовка, қанжар, шолақ қанжар) және қолдан дайындалған (шолақ мылтық, фин пышағы, кастет, стилет жөне т.б.) өзге атыс және суық қарулар жатуы мүмкін.

Шаруашылыққа немесе басқа да мақсатқа арналған заттардың өзге де түрлерін (бәкі, шаппа, ас үй пышақтары, балта, таяқ жөне т.б.) пайдалану қылмыстың жасалу белгілері бойынша қару қолданылып жасалынған деп саралауға негіз бола алмайды.

ҚК-нің 438-бабының екінші тармағында, ҚК-нің 439-бабының екінші тармағында, ҚК-нің 440-бабының үшінші тармағында және ҚК-нің 452-бабының екінші тармағында көрсетілген ауыр зардаптарға жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру, оның ішінде абайсызда кісі өліміне соқтыру, адамды өзін-өзі өлтіруге дейін немесе өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізу, әскери тапсырманы орындауды болдырмау, апат немесе аварияның болуы, әскери техниканы істен шығару, ірі материалдық залал келтіру және т.б. жатады.

Мұндай салдарлар ҚК-нің осы баптарының диспозицияларымен қамтылады және өзге қылмыстар құрамымен қосымша саралауды талап етпейді. Егер кінәлінің осы әскери қылмыстарды жасаған кезде кісі өлтірумен ұштасса, онда олар ҚК-нің 99-бабы бойынша қосымша саралауға жатады.

Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына ауыр зардап келтірген бастықтың немесе лауазымды адамның билікті асыра сілтеуі немесе қызмет өкілеттігін теріс пайдалануы осы ереже бойынша саралануы тиіс.3

Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер талданып отырылған қылмыс құрамының өте ауырлататын түріне жатады (438-баптың 3-тармағы).

Соғыс уақытында жасалған осындай әрекеттер үшін жауаптылық қылмыстық топ жасаған 438-баптың 4-тармағында көрсетілген.

Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттері

Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағынан алғанда бастықтың әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде немесе осы міндеттерді атқаруына байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, дснсаулыққа жеңіл зиян келтіру немесе өзге күш қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде бастыққа күш қолдану әрекеттері екі түрлі жағдайда: 1) бастықтың әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде 2) немесе осы міндеттерді атқаруына байланысты жүзеге асырылады.

Әскери қызмет міндеттерін атқару деп бастықтың ұрыс әрекеттеріне қатысуы, лауазымдық міндеттерін атқаруы, әскери кезекшілікті атқаруы, қызметтік жағдайына байланысты әскери бөлімнің аумағында белгіленген уақыт ішінде міндетін өтеуі, қызметтік іссапарда болуы кезінде өз борышын өтеуін айтамыз.

Осы міндеттерді атқаруға байланысты бастыққа қатысты күш қолдану іс-әрекеттеріне кінәлінің оның қызмет бабын атқаруына көңілі толмаудан немесе одан кек алу, я болмаса басқадай өзара қақтығыстықтан пайда болған өшпенділікті жүзеге асырулар жатады. Көрсетілген кылмыс бастықтың қызмет бабына байланысты жасалады. Және оған қарсы күш қолдану әрекетімен ұласады. Күш қолдану ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру жолымен немесе өзге де күш қолдану (қолын бұрау, байлап қою, бетін тырнау т.с.с) арқылы көрініс табады.

Қылмыстық құқық бұзушылық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады.

Дәл сол әрекеттер:

а) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы топ жасаса;

б) қару қолданып жасаса;

в) денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян немесе өзге ауыр зардаптар келтірсе, осы қылмыс құрамының ауырлататын түріне жатады. Бұл көрсетілген жағдайлардың түсінігіне ҚК-тің 438-бабын талдағанда тоқталғанбыз.

Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан әрекеттер көрсетілген қылмыстың аса ауырлататын түрі болып табылады (469-баптың 3-тармағы).

Соғыс уақытында бастыққа қатысты күш қолдану іс-әрекеттері үшін жауаптылық ҚК-тің 469-бабы 4-тармағында белгіленген.4

Әскери қызметшілер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу

Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағы бойынша бір-бірінің арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру немесе өзге күш қолдану, не ар-ожданы мен қадір-қасиетін кемсіту немесе жәбірленушіні масқаралауға байланысты бұзу арқылы сипатталады.

Заң бір-бірінің арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелер шеңберінде жүзеге асырылуын талап етеді, бұл ережелерді бұзып осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеу көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылыктың құрамын кұрайды.

Бір-біріне бағынышты емес әскери қызметшілердің өзара қарым-қатынастарын реттейтін жарғылық ережелерді бұзу деп, бір әскери қызметшінің басқаларға қызметке байланысты немесе олардың ең болмағанда біреуінің қызметтік міндеттерін орындауы кезінде, сондай-ақ басқа да жағдайлар кезінде, бірақ әскери ұжымға көрінеу құрмет көрсетпеуге, бөлімшенің ішкі тәртібін өрескел бұзуға ұласқан ҚК-нің 440-бабының диспозициясында көрсетілген күш көрсету түсініледі. Күш қолдану - әскери қызметшіні ұрып-соғу және денесін ауырту, сондай-ақ масқаралау, ар-ождан мен қадір-қасиетін кемсіту, азық-түлікті, арнайы киім бұйымдарын, сондай-ақ әскери қызметшіге берілген заттар және өзге де қажеттілік мүліктерін алып қою немесе айырбас жасау түрінде болуы мүмкін.5

Мүліктік некелік-отбасылық және басқа да азаматтық құқықтық қатынастарға немесе міндеттемелерге байланысты күш қолданушылық, әскери-құқықтық тәртіпке қатысы жоқ жеке адамға, бөтеннің мүлкіне қарсы қылмыстар және әскери қызметке қатыссыз қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік көзделген ҚК-нің баптары бойынша сараланады.

Дәл сол әрекеттер:

Бірнеше рет (ҚК-тің 12-бабын қараңыз, 440-бабының 2-тармағы).

1) екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса;

2) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаса (ҚК-тің 31-бабы).

3) қару немесе арнайы құралдар қолданып жасаса;

4) денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірсе (ҚК-тің 106, 107-бабы), осы талданып отырылған қылмыс құрамының ауырлататын түріне жатады (440-баптың 3-тармағы).

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Әскери қылмыстар жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» қаулысының 7-тармақшасына сәйкес:

ҚК-нің 440-бабы екінші тармағының 1-тармақшасында көзделген қылмыстың бірнеше рет жасалу белгісі бойынша, егер адам бұрын жасаған әрекеті үшін жауаптылықтан босатылмаса не ол үшін соттылығы алынбаса, не жойылмаса және қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімі өтпесе, әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін екі немесе одан да көп бұзу деп саралау қажет.

Қылмыстың жалғаспалы белгісі болмаған кезде әр түрлі уақытта белгілі бір адамға қатысты жасалған әрекеттер бірнеше рет жасалған әрекеттер деп саралауға жатады.6

Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған қылмыстық қимылдар бір ниетпен қамтылып жалғасқан болса, бірақ әр түрлі себептермен бір мезгілде жүзеге аспаса, бір уақытта, сол секілді әр мезгілде бірнеше адамдарға қатысты жасалған әрекет деп танылып, ҚК-нің 440-бабы екінші тармағының 2) тармақшасы бойынша саралауға жатады. Осы орайда соттар кінәлінің ниетінің бағытталуын, жасалған қылмыстың нақты мән-жайын және оның себептерін, әр түрлі жәбірленушілерге қатысты жасалған әрекеттердің арасындағы уақыт шегінің ұзақтығын және т.б. зерттеуі тиіс.

Осы баптың бірінші, екінші жөне үшінші тармақтарында көзделген қылмыстық топ жасаған не адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер (440-баптың 4-тармағы) талданып отырылған қылмыстың өте ауырлататын түріне жатады. Ауыр зардаптарға жәбірленушінің денесіне ауыр жарақатын келтіру, абайсызда кісі өлімінің болуы, жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі жатады. Осындай іс-әрекеттен қасақана кісі өлтіру болса, онда іс-әрекет Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша саралануға жатады.