- •Мазмұны
- •1.1. Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтарға жалпы сипаттама
- •1.2. Әскери қылмыстардың түрлері
- •2.1. Бағыныштылық тәртібіне және әскери қызметшілердің жарғылық ережелерге сай қарым-қатынасына қол сұғатын қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •2.2. Әскери қызметті өтеу тәртібіне қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •2.3. Әскери кезекшілікпен және басқа да арнаулы қызмет тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •2.4. Қару-жарақ, сондай-ақ заттар мен нәрселер, әскери мүліктерді, техниканы пайдалану мен оны сақтаудың ережелеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар
- •Қорытынды
2.3. Әскери кезекшілікпен және басқа да арнаулы қызмет тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар
Жауынгерлік кезекшілікті атқару қағидаларын бұзу
Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағынан Қазақстан Республикасына кенеттен жасалған шабуылды дер кезінде байқау және тойтару бойынша не оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілікті (жауынгерлік қызмет) атқарудың қағидаларын бұзу, егер де бұл әрекет мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіруі мүмкін болуы арқылы сипатталады.
Жауынгерлік кезекшілікті атқару ережелері Ішкі қызмет Жарғысымен, Қорғаныс министрі, Бас Штаб бастығы, Қарулы күштер түрлерінің Бас қолбасшысының бұйрығымен және директиваларымен белгіленеді.
Жауынгерлік кезекшілік атқару ережелерін бұзуға Қазақстан Республикасына кенеттен жасалған шабуылды дер кезінде байқау және тойтару бойынша не оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілікті атқару қызметтерін бұзулар жатады.
Жауынгерлік кезекшілік атқару құрамына кезекшілік уақытында қызмет орнынан ауытқуға, бөгде жұмыспен айналысуға, өз бетімен кезекшілік орнын тастап кетуге, кезекшілік орнын басқа біреуге уақытша болса да беріп кетуге, әскери техниканың дайындығына бөгет келтіретін істермен айналысуға тыйым салынады, сондай-ақ жауьшгерлік кезекші өз қызметін атқару кезінде спирт ішімдіктерін, есеңгірететін, уытқұмарлық заттарды пайдалануға, байқау аппараттарын өз бетімен алып тастауға немесе келіп түскен бұйрықты орындамауға құқылы емес.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жағынан формальдық-материалдық құрамға жатады. Өйткені қылмыс жауынгерлік кезекшілікті атқару ережелерін бұзудан мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіруі мүмкін болған реттерде аяқталған деп танылады.
Мемлекет қауіпсіздігі мүддесіне зиян келтірілгені немесе келтірілу қаупі болғаны нақты жағдайларға байланысты анықталады. Жауынгерлік кезекшілік ережелерін бұзумен мемлекет мүддесіне келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның арасындағы себепті байланыс анықталуы тиіс.
Қылмыстық құқық бұзушылық субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі.
Осы баптың 2-тармағында ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген. Ауыр зардаптарға - Қазақстан Республикасының аумағына шет мемлекеттердің әскери барлау ұшақтарының, су асты, су үсті соғыс кемелерінің еніп кетуі, адамдардың қазаға ұшырауы, әскери техниканың істен шығуы, маңызды әскери шаралардың жүзеге аспай қалуы жатады.
Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында жасалған құқық бұзушылықтық әрекеттер үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 444-бабының 3-тармағында көрсетілген.7
Қылмыстық кодекстің 444-бабының ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті алғаш рет жасаған әскери қызметші қылмысты жеңілдететін мән-жайларда сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзу
Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағынан шекаралық нарядтың құрамына кіретін немесе шекаралық қызметтің өзге де міндеттерін атқарушы адамның шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзуы, оның ішінде өткізу пункттерінде бұзуы, егер бұл әрекет мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіруі мүмкін болуы арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы Заңына сәйкес мемлекеттік шекараны күзету Мемлекеттік шекара әскерлеріне жүктелген және осы аталған заңда мемлекеттік шекарада қызмет атқарудың ережелері де белгіленген. Шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзу әр түрлі болуы мүмкін. Бұларға мысалы, мемлекеттік шекараның күзетілетін объектісін өз бетімен тастап кету; мемлекеттік шекара тәртібін бұзған адамды ұстау шараларын қолданбау; қару қолданудың белгіленген ережелерін сақтамау т.с.с. жатады. Шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзу мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіру қаупін келтірсе ғана, қылмыс құқықтық жазаланушылық сипатқа ие болады. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы - формальдық-материалдық. Қылмыстық әрекеттен келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян мөлшері нақты жағдайларға байланысты анықталады.
Ауыр зардаптарға әкеп соққан не алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 445-бабының 2-тармағында көзделген. Ауыр зардаптарға дұшпандық әрекеттер жүргізу мақсатымен шетелдік азаматтың еліміздің аумағына кіріп кетуі; шекаралық қызмет құралдарының істен шығып қалуы; мемлекеттік шекара арқылы контрабандалық тауарлардың өткізілуі; халықаралық қатынастардың шиеленісуі т.с.с. жатады. Көрсетілген қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі — арнаулы шекаралық нарядтың құрамына кіретін немесе шекаралық қызметтің өзге де міндеттерін атқарушы адам. Осы баптың ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті алғаш рет жасаған әскери қызметші қылмысты жеңілдететін мән-жайларда қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Қарауыл қызметін (вахта) атқарудың жарғылық қағидаларын бұзу
Қарауыл (вахта) қызметі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қарауыл қызметі жарғысымен реттеледі. Қарауыл (вахта) қызметі жауынгерлік міндетті атқаруға жатады және жеке құрамнан Жарғыда көрсетілген барлық талаптарды мүлтіксіз орындауды, аса қырағылықты және батылдықты талап етеді. Қарауыл қызметі мемлекеттік немесе әскери объектілерді, әскери жасауларды, тәртіптік батальон мен гауптвахтаны8 күзету үшін белгіленеді. Қарауыл қызметіне соғыс-теңіз флоты корабльдеріндегі вахталық қызметтер де жатады.
Қарауыл қызметіне Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер қызметі жүзеге асыратын аса маңызды мемлекеттік объектілерді, арнаулы жүктерді, түзеу мекемелерін, тұтқындағылар мен сотталғандарды күзету қызметтері де жатады.
Заң бойынша қарауыл (вахта) құрамына кіретін адамның қарауыл (вахта) қызметінің жарғылық ережелерін бұзуы, егер бұл әрекет қарауыл (вахта) күзететін объектіге зиян келтіруге немесе өзге зиянды зардаптардың болуына әкеп соқса, кылмыстық жауаптылық пайда болады.
Келтірілген зиянға күзетілетін объектіден әскери мүліктің талан-таражға түсуі, әскери техниканың бүлінуі немесе жоғалуы; гауптвахтадағы пайда болған бей-берекетсіздік т.с.с. жатады.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы материалдық, қылмыстық құқық бұзушылық қарауыл (вахта) қызметін атқарудың жарғылық ережелерін бұзудан зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын-ала сөз байласумен адамдар тобы жасаған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық ҚК-тің 446-бабының 2-тармағында көзделген.
Ауыр зардаптарға әскери жасауды ұрлау немесе бүлдіру, күзетілетін мемлекеттік немесе әскери объектілердің өте қатты бүлінуі, әскери қару-жарақты ұрлау, адамдардың қаза болуы, тұтқындағы немесе сотталған адамның қашып кетуі т.с.с. жатады.
Қылмыстық кодекстің 446-бабының ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті алғаш рет жасаған әскери қызметші қылмысты жеңілдететін мән-жайларда қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Ішкі қызмет аткарудың және гарнизонда патруль болудың жарғылық кағидаларын бұзу
Қылмыстық құқық бүзушылық объективтік жағынан бөлімнің тәуліктік нарядына (қарауыл мен вахтадан басқа) кіретін адамның ішкі қызмет атқарудың жарғылық ережелерін бұзуы, сол сияқты патруль нарядының құрамына енген адамның гарнизонда патруль болудың жарғылық ережелерін және осы ережелерді дамытуға шығарылған бұйрықтар мен өкімдерді бұзуы, егер ол зиянды зардаптарға әкеп соқса, оның алдын алу осы адамның міндетіне кіретін болса деп сипатталған.
Ішкі қызмет атқарудың ережелерін бұзуға тәуліктік нарядқа кіретін адамның ішкі қызмет атқарудың жарғылық ережелерін орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы (мысалы қызмет орнын өз бетімен тастап кету; талан-тараждың жолын кесуге шара қолданбау; әскери қызметшілердің жарғыға сай келмейтін әскери қатынастары, бөлімнің аумағына бөтен адамдардың кіруі; бөлім орналасқан жерден көліктерді тексермей шығару) т.с.с. әрекеттер жатады.
Гарнизонда патруль болудың жарғылық ережелерін бұзуға патруль нарядының құрамына енген адамның өз қызметін мүлдем орындамауы немесе тиісінше орындамауы (мысалы патруль кестесінен немесе маршрутынан бас тарту; заңсыз Қару қолдану; біреуді негізсіз ұстау; спирт ішімдіктерін ішу; әскери тәртіпті бұзған әскери қызметшіге сақтандыру шараларын қолданбау) жатады.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы - материалдық. Көрсетілген жарғылық ережелерді оның алдын алуға міндетті адамның бұзуы зиянды зардаптарға әкеп соқса, қылмыстық жауаптылық туындайды.
Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын-ала сөз байласумен адамдар тобы жасаған осы әрекеттер үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 497-бабының 2-тармағында көзделген. Ауыр зардаптарға адамның абайсызда қаза болуы, жәбірленушіге ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілуі, патруль наряды құрамына кіретін адамның жауапсыздығынан қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылуы т.с.с. жатады.
Егер осы көрсетілген жағдайларда кінәлі басқа әскери қызметшілердің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірсе немесе оларды өлтірсе, онда жасалған әрекет ҚК-нің 99-бабы, ҚК-нің 438-440-баптары немесе ҚК-нің 452-бабы бойынша қосымша сараланады.
Аталған субъектілердің әскери қызметшілер болып табылмайтын жәбірленушілердің денсаулығына ауыр зиян келтіруі немесе оларды өлтіру ҚК-нің 99-бабы немесе ҚК-нің 106-бабы бойынша қосымша саралауы тиіс (ҚР Жоғарғы Сотының 28 қазан 2005 жылғы нормативтік қаулысының 20-тармағы).
Қылмыстық құқық бұзушылық субъективтік жағынан қасақаналықпен жүзеге асырылады. Абайсыздықпен жарғылық ережелерді бұзу қылмыс құрамын түзбейді.
ҚК-тің 447-бабының ескертуіне сәйкес, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті алғаш рет жасаған әскери қызметші қылмысты жеңілдететін мән-жайларда қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзу
Бақылау функцияларын жүзеге асыратын әскери қызметшілердің бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, - қылмыстық жауаптылық ҚК-тің 448-бабы 1-тармағы бойынша сараланады.
Қылмыс объектісі — бақылау қызметін атқаруды белгілейтін реттейтін қоғамдық қатынастар.
Қылмыс объективтік жағынан бақыламау функциясын атқаратын әскери қызметшінің бақылау қызметінің қағидаларын орындамауы, бұзуы салдарынан азаматтық ұйымның, қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірмеу арқылы істеледі. Елеулі зиянның орын алуы қылмыстың аяқталғанын білдіреді. Қылмыс құрамы - материалдық.
Қылмысқа субъективтік жағынан абайсыздықпен жол беріледі.
Қылмыс субъектісі - арнаулы бақылау функциясы өзіне тапсырылған әскери қызметші.
Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет — осы қылмыс құрамының ауырлататын түріне жатады (ҚК-тің 448-бабының 2-тармағы).
ҚК-тің 448-бабында көрсетілген ескертуге сәйкес:
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған әскери қызметші, жеңілдететін мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Қоғамдык тәртіпті қорғау және қоғамдык қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарудың қағидаларын бұзу
Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағынан алғанда қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әскери нарядтың құрамына кіретін адамның қызмет атқарудың қағидаларын бұзуы, бұл әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соғуы арқылы сипатталады.
Қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерін бұзу осы міндеттерді жүзеге асыруға міндетті әскери нарядтың құрамына кіретін адамдардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындамауынан, соның салдарынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зардап келтіру арқылы көрініс табады. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы - материалдық. Көрсетілген ережелерді бұзу мен одан орын алған зардаптың арасын байланыстыратын себепті байланыс болуы шарт.
Қылмыстық құқық бұзушылық субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалады.
Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет - қылмыстың ауырлататын түріне (ҚК-тің 449-бабы 2-тармағы), ал осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер - қылмыстың аса ауырлататын құрамы болып табылады (ҚК-тің 449-бабының 3-тармағы).
