Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Корпус Нова.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
64 Кб
Скачать
☆

2.2. Әскери қызметті өтеу тәртібіне қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылықтар

Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету

Қылымыстық құқық бұзушылық объективтік жағынан бейбіт уақытта жасалған бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеу, егер өз бетімен тастап кетушілік бес тәуліктен асып кетсе, бірақ бір айдан аспайтын уақытқа созылу арқылы сипатталады.

Әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен бастықтың рұқсатынсыз тастап кетуге құқы жоқ.

Бөлім немесе қызмет орнына әскери бөлім орналасқан жерлер, аумақтар жатады. Сондай-ақ қызмет орнына әскери бөлім орналасқан жерлерден тысқары жерлерде әскери қызметшілердің әскери міндетін өтейтін орындары да (уақытша жұмыс орны: эшелон, поезд, жылжымалы маршрут т.с.с.) жатады.

Әскери қызмет өткеруші бөлімді немесе кызмет орнын өз бетімен тастап кетсе, сол сияқты бөлімнен рұқсат бойынша босатылған кезде, тағайындау, ауыстыру кезінде, іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемелерінен қызметке бес тәуліктен асатын, бірақ бір айдан аспайтын уақытқа дәлелді себептерсіз келмесе онда оның әрекетінде осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар. Бұл құрамның субъектілері әскери қызмет өткеруші - жауынгерлер, матростар, сержанттар, старшиналар.

Қылмыстық кодекстің 441-бабының 2-тармағында дәл сол іс-әрекеттер, яғни өз бетімен бөлімді немесе қызмет орнын тастап кету бір айдан ұзаққа созылғаны үшін көтеріңкі қылмыстық жауаптылық белгіленген.

Қызмет бабымен сеніп тапсырылған қарумен жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, егер өз бетімен болмаушылық, бір тәуліктен ұзаққа созылса, жауаптылық ҚК-тің 441-бабының 3-тармағында көзделген.

Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, егер өз бетімен болмаушылық бір тәуліктен ұзаққа созылса, жауаптылық ҚК-тің 441-бабының 4-тармағы бойынша сараланады.

Қылмыстың кодекстің 441-бабында көзделген әрекеттерді соғыс уақытында өз бетімен бөлімді тастап кетушілік үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген (ҚК-тің441-бабының 5-тармағы).

Бөлімді немесе қызмет орнын соғыс жағдайында ұзақтығына қарамастан өз бетімен тастап кету осы құрамның өте ауырлататын түрі болып табылады. Мұндай ретте қылмыстың субьектісіне шақыру бойынша немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерушілер жатқызылады және бұл іс-әрекет үшін көтеріңкі жаза мөлшері белгіленген.

Кінәлінің бөлімді немесе қызмет орнын уақытша қалдыру ниетінің болуы немесе оның шегінен тыс жерлерде болуы және бөлімге немесе қызмет орнын жалғастыру үшін қайта оралу ниетінің бар болуы ҚК-нің 441-бабымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі болып танылады.

Әскери бөлім немесе қызмет орнын әскери қызметшінің тастап кету сәті, сондай-ақ оның қызмет орнына белгіленген мерзімде келмеуі — бөлімді өз бетімен қалдырудың басталуы деп, әскери қызметшінің әскери орган басқармасына немесе әскери бөлімге келген сәті, не оны ұстаған уақыт — аяқталуы деп танылады.

Әскери қызмет міндеттерін өтеуден жалтарған адамның қандай да бір жеке және қызметті өткеру бойынша міндеттерін орындаумен байланысы жоқ өзге де себептермен әскери бөлімге уақытша келуі, өз бетімен болмау кезеңінің тоқтағанын білдірмейді. (жоғарыда көрсетілген жоғарғы сот қаулысының 14-тармағы).

ҚК-тің 441-бабындағы ескертуде бекітілген ережелер негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату туралы мәселені сот істің барлық мән-жайына және кінәлінің жеке басына байланысты әрбір жағдайда жеке шешеді.

Әскери қызметті өтеу үшін абсолютті кедергі болып табылмайтын, бірақ әскери қызметшінің қызметте болуын айтарлықтай қиындататын тұрмыстық жағдайлар: әскери қызметшінің өзінің ауыр науқасқа шалдығуы, оның тікелей туыстарының ауыруы немесе қайтыс болуы, стихиялық бақытсыздық, сондай-ақ қызметтестер тарапынан орын алған жарғыдан тыс әрекеттер, командирлер мен бастықтардың заңсыз әрекеттері, әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығына шынайы қатер төндіретін немесе оның ар-ожданы және қадір-қасиетіне немесе өзге де құқықтарына қол сұғатын әрекеттер (әрекетсіздіктер) ауыр жағдайдың туындауы деп танылуы мүмкін.

ҚК-нің 34 және ҚК-нің 37-баптарына сәйкес, ең соңғы қажеттілік ретінде бағаланатын жағдайлардың күштеу немесе психикалық мәжбүрлеудің болуы — адамды бөлімді өз бетімен тастап кеткені немесе қашқындық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатады (ҚР Жоғарғы Сотының аталған №6 нормативтік қаулысының 14-тармағы).

Қашқындық

Қылмыстық занда қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында әскери бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу деп белгіленген (442-баптың 1-тармағы).

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Отанды қорғау әрбір азаматтың міндеті және азаматтық борышы, әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы зандарға сәйкес азаматтар Қарулы күштер қатарына олардың еріктілік жағдайында шақыру бойынша немесе келісімшарт бойынша жүзеге асырылады. Заңмен белгіленген тәртіп бойынша әскери қызметші болып танылғандар өз бетімен әскери қызметтен заңсыз жалтару мақсатымен әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кетуге, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке демалыстан, іссапардан, емделіп шыққаннан кейін келмей қоюға қақысы жоқ. Бүл міндеттерді орындаудан жалтару қашқындық деп танылады. Қашқындық құрылымы жөнінен формальдық құрамға жатады және ол созылмалы қылмыс болып табылады. Қылмыстық құқық бұзушылық әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын тастап кеткен немесе белгіленген мерзімде қызметке келмеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады.

Қашқындық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен - әскери қызметтен жалтару арқылы сипатталады.

Қылмыстық құқық бүзушылықтың субъектісі - әскери қызметші: шақыру немесе келісімшарт бойынша өтеп жүрген әскери қызметшілер.

Қызмет бойынша сеніп тапсырылған қарумен қашу, сол сияқты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған қашқындық осы қылмыс құрамының ауырлататын түрі болып табылады (442-баптың 2-тармағы).

ҚК-нің 442-бабының екінші бөлігінде көзделген қызмет бойынша сеніп тапсырылған қару деп, Қарулы Күштер мен басқа әскери құрылымдарда қарулануға қабылданған, әскери қызметшінің әскери қызмет бойынша оған жүктелген міндеттерге сәйкес иеленуге құқығы бар, табельді атыс қаруын және өзге де қаруды түсіну керек.

Әскери қызметшінің оған бекітілген суық қаруды (атылатын қарудың қанжар-пышағын, басқа да арнайы армия мен флот пышағын) алып қашқындық жасауы да ҚК-нің 442-бабының екінші бөлігі бойынша саралануға жатады.

Қызмет бойынша әскери қызметшіге сеніп тапсырылмаған қаруды алып қашқындық жасауда жоғарыда көрсетілген дәрежеленуші әрекет белгісі болмайды. Мұндай жағдайларда адамның әрекетін, оның қаруды иемдену жағдайына қарай, ҚК-нің 442-бабының тиісті тармағы бойынша және атыс қаруын немесе суық қаруды заңсыз ұрлау, иемдену, сақтау, алып жүру үшін жауаптылық көздейтін қылмыс заңының тиісті баптары бойынша саралау керек. (ҚР Жоғарғы Сотының № 6 қаулысының 16-тармағы)

Ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған қашқындық үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 442-бабының 3-тармағында көзделген.

Ал соғыс уақытында жасалған қашқындық үшін жауаптылық ҚК-тің 442-бабының 4-тармағында қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 28 қазан 2005 жылғы №6 нормативтік қаулысының 15-тармағына сәйкес: Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кетуден қашқындықты ажырата білу қажет. Өйткені қашқындықтың мақсаты әскери қызметтен мүлдем жалтару болып табылатынын, ал бөлімді өз бетімен тастап кетудегі мақсат әскери қызметтен уақытша жалтару болып табылатынын назарда ұстаған жөн.

Қашқындықтың аяқталуы деп субъектінің әскери қызметтен іс жүзінде жалтарып, әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кеткен, не бөлімге белгіленген мерзімде келмеген сәттен бастап танылады. Қашқындық кезіндегі әскери қызметтен жалтарудың себептері мен ұзақтығы оны саралауға әсерін тигізбейді.

Қашқындық ұзаққа созылатын қылмыс ретінде, әскери қызметші қызмет орнына өз еркімен оралған, кінәсін мойындап келген, оны ұстаған сәттен бастап тоқтады деп есептеледі.

Қызмет орнына өз еркімен оралу, кінәсін мойындап келу, ҚК-нің 373-бабына жасалған ескертпеде көрсетілген жағдайлардан басқа, қашқындықтың аяқталған құрамы мен қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығармайды, бірақ жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін.

Қылмыстық кодекстің 442-бабының ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметші, егер қашқындық ауыр мән-жайлардың тоғысу салдары болып табылса, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.

Ауыр жағдайлардың түсінігіне Қылмыстық кодекстің 441-бабында талдау жасағанда тоқталғанбыз.

Әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту

Қылмыстық құқық бұзушылық объективтік жағынан әскери қызметшінің ауруды сылтау ету немесе өзіне қандай да бір болмасын зақым келтіру (дене мүшесін зақымдау), не денсаулығына өзге зиян келтіру, немесе жалған құжат жасау, немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет міндеттерін атқарудан жалтаруы арқылы сипатталады.

Ауруды сылтау етуге өтірік соқыр, керең, мылқау болып көрінулер арқылы әскери қызметі міндетін өткеруден жалтарады. Өзінің әскери қызметі міндетін өтеуден жалтару мақсатымен дене мүшесін зақымдауға кез келген затпен, құралмен, қарумен немесе улы, зәрлі нәрселерді қолдану арқылы өзіне-өзі немесе біреу арқылы зақым келтіруді айтамыз.

Жалған құжат жасауға - әскери қызметті немесе міндетті өтеуден босатуға негіз боларлық өзі немесе басқа біреу арқылы дайындалған шындыққа сай келмейтін құжаттарды жасау жатады.

Өзгеше алдауға - әскери қызметті өтеу мерзімін қысқарту үшін жоғары білімі туралы жалған құжат көрсету, әскери қызметтен жалтару мақсатымен лауазымды адамды сатып алып, өзіне қолайлы іс-әрекеттер істеткізу т.с.с. жатады.

Қылмыстық кодекстің 443-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық жауаптылық әскери қызметшінің дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен уақытша жалтарғаны (қарауыл қызметін атқарудан, әскери кезекшіліктен, қауіпті әскери операцияға қатысудан, алыс іссапарға барудан) үшін туындайды. Баптың бұл бөлімі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып шақыру бойынша немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүргендер танылады. Егер осы көрсетілген адамдар әскери қызмет міндеттерін атқарудан толық босану мақсатында жоғарыда көрсетілген әрекеттерді - ауруды сылтау ету, өзге де алдау жолымен жасалса, онда олардың іс- әрекеттері Қылмыстық кодекстің 443-бабының 1-тармағы бойынша сараланады.

Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған әрекеттер үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 443-бабының 2-тармағында көзделген.

Соғыс жағдайында жасалған аса әрекеттер үшін жауаптылық ҚК-тің 443-бабының 3-тармағында қарастырылған.

Қылмыстық құқық бұзушылық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсат әскери қызмет, міндетті атқарудан уақытша немесе толық босану арқылы жүзеге асырылады.

Қылмыс субъектісі - әскери қызметті атқарудан жалтарған, бас тартқан адам.