Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
экология лекция.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

5. Кіші өзендерді қорғау мәселесі.

Республикамызда 8643 тұрақты және уақытша су ағыстары белгілі. Олардың жалпы ұзындығы 123 мың км. Қазақстанның өзендерінің ерекшелігі олардың біртекті таралмауында. Жер бетіндегі су қорына әсіресе, Орталық және Батыс Қазақстан кедей. Республикамыздың бүкіл жазық территориялары сирек өзен торымен сипатталады. Ойыл және Нұра бассейнінде ол бар болғаны км2-ге шаққанда 0,13-0,022 км. Шөлейт және шөлді аудандарда өзендер жоқ деуге болады. Қалың өзен торы Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Кенді Алтайдың таулы және тау етегіндегі аудандарында түзілген. Бірақ, осы таудың сулы өзендерінің өзін суаруға пайдалануға байланысты халық тұщы судың тапшылығын сезіп отыр. Бұл республика халқынан суды ысырапсыз пайдалану мен қорғау қажеттілігі туралы ойлануды талап етеді.

Кіші өзендер кіші деп аталғанмен, олардың экология тұрғысынан алғандағы маңызы үлкен. Себебі, ірі өзендердің жағдайы кіші өзендерге байланысты. Олар қан тамырлары тәрізді бүкіл Қазақстан территориясын торлап жатыр. Республика өзендерінің көп бөлігі Каспий, Арал теңіздерінің, Балқаш және Теңіз көлдерінің тұйық ішкі бассейндеріне, тек Обь-Ертіс, Есіл және Тобыл өзендерінің бассейні ғана Солтүстік Мұзды мұхитына барып құяды.

6. Судың ластану мәселесі.

Ластануға судың барлық категориялары: мұхит, континенттік, жерасты, әр түрлі дәрежеде ұшырайды. Судың, әсіресе ауыз судың сапасы халықтың денсаулығын анықтайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша судың сапасының төмен болуы себепті шамамен 5 млн. адам өледі де, әр түрлі дәрежеде уланған немесе ауырған адамдардың саны 500 млн.-нан 1 млрд.-қа дейін жетеді.

Барлық сулардың құрамында еріген заттар болады. Судағы көп кездесетін элементтерге кальций, натрий, хлор, калий жатады. Судың тұздылығы әдетте онда еріген химиялық заттардың жалпы мөлшерімен немесе құрғақ қалдықпен (г/л) анықталады. Теңіз суында шамамен 35 г/л тұз болады. Суларда органикалық заттар мен әр түрлі жүзіп жүрген заттар, сонымен қатар патогенді ағзалар да болады.

Сулардың ластануы ең бірінші рет су қоймаларына әр түрлі ластаушы заттардың келіп түсуіне байланысты болады. Ластаушы заттарға негізінен топырақ эрозиясының өнімдері, минералдық тыңайтқыштар, улы химикаттар және тағы басқа заттар жатады (азот, фосфор және басқа биогенді элементтер мен олардың қосылыстары, органикалық заттар, пестицидтер, тұрмыстық қалдық, мұнай және мұнай өнімдері).

Ластаушы заттардың басым бөлігін атмосфералық жауын-шашын әкеледі. Сулардың канализация ағысымен, тұрмыстық қалдықтармен, өнеркәсіп орындарының қалдықтарымен, су транспорттарымен ластану үлесі де жоғары.

Қазір бүкіл планетада іс жүзінде қандай да бір дәрежеде адам қызметі нәтижесінде ластанбаған беттік тұщы су көзі жоқ деуге болады. Солтүстік суларының тазалығы туралы түсінік те алдамшы. Бұл сулардың аз ластануы олардың олиготрофтылығынан, өздігінен тазару қабілетінің әлсіз болуы мен төмен температурамен теңеседі. Осы уақытқа дейін мұхиттың шексіз өздігінен тазаруға қабілеті туралы түсінік қалыптасқан. Қазіргі бүкіл адамзат мұхиттың дүниежүзілік қоқыс төгетін жер еместігіне көз жетіп отыр.

Атақты француздың мұхит зерттеушісі Жак Кусто егер оны уландыру тоқталмаса оның тіршілігі жойылуы мүмкін деген қауіп айтады. Қазір кең таралып отырған, қауіпті ластаушы заттарға мұнай мен мұнай өнімдері жатады. Белгілі мәліметтер бойынша қазір мұхиттың суына жыл сайын 30-дан 50млн. тоннаға дейін мұнай төгіледі. Ал оның әр тоннасы 12 км2 суды қабықшамен жаба алады. 0,05 мг/л мұнай су құрамында болса, су ішуге жарамсыз, ал концентрациясы 0,5 мг/л болғанда көптеген су ортасымен байланысты ағзалар тіршілігін жояды. Иістік құбылыстардың әсерінен балықтар мен тағы басқа ағзалардың миграциялық жолдары өзгереді.

Мұнайлы қабықша су бетінің шағылыстыру қабілетін өзгертеді. Ол жылу балансының өзгеруіне және ғаламдық жылу мен ылғалды тасымалдау құбылыстарына әкеледі. Мұнайдың айтарлықтай мөлшері жағалауда атқаратын жағалаулық экожүйелерді жояды. Бұзылған экожүйелердің қалпына келуіне өте көп уақыт керек.

Егіншілікпен айналысатын аудандарда ауыл шаруашылығы судың негізгі ластаушысы болып табылады. Су топырақтың бұзылу өнімдерімен, тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, мал шаруашылық кешендерінен шайылған сулармен ластанады. Мал шаруашылық кешендері кейбір аймақтарда негізгі мәселе болып табылады. 100 мың ірі қара мал басы бар кешен қоршаған ортаны миллион халқы бар қаламен бірдей ластандырады. Мұндай кешендердің негізгі ластауы органикалық заттармен және азоттың әр түрлі қосылыстарымен, биологиялық агенттермен байланысты.

Жер үсті немесе жер асты суларына химиялық заттардың, микроорганизмдердің не басқа заттардың түсуі судың ластану көзі деп аталады.

Шайынды сулар – адамның тұрмыстық не өндірістік қызметінде қолданылғаннан кейін шығарылатын сулар және елді мекендер территорияларынан, өнеркәсіптік объектілерден және ауылшаруашылық өрістерден атмосфералық жауын-шашын нәтижесінде ағылатын сулар.

Жер асты суларының ластану көздеріне жататындар:

  • өнеркәсіп қалдықтарын сақтайтын орындар мен оларды көлікпен тасымалдау;

  • коммуналдық және тұрмыстық қалдықтар аккумуляциялану орындары;

  • пестицидтермен және минералдық тыңайтқыштармен өңделетін ауылшаруашылық жерлер;

  • өнеркәсіп алаңшалар, сүзу өрістері, бұрғылау ұңғылары, тау-кендік жыныстық жұмыстар.

Өндірістік шайынды сулар технологиялық үрдістерде суды қолданғаннан кейін әртүрлі өнеркәсіптік объектілерден түседі. Оларға пайдалы қазбалар өндірілуінде жер бетіне сорылып шығарылатын жуынды сулар да жатады. Өндірістік жуынды суларда негізгі ластаушы заттар биоорганикалық қоспалар болады, олардың көздері содалық, күкіртқышқылдық зауыттар, шахталар, кен орындары және химиялық зауыттар болады. Осы ластаушы қоспаларға қышқылдар, сілтілер, әртүрлі металдар тұздары, күкірттік қосылыстар, минералдық қалқыған заттар кіреді.

Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі. Су қоймалары үшін целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің жуынды сулары өте қауіпті. Осы мекемелердің жуындыларында ағаш үгіндісі, ағаш талшықтары, шайыр болады және олар оттегі жұтып қышқылданады. Осы ластықтар суға ұнамсыз иіс беріп, түрін өзгертеді, сулардың түбі мен жиектерінің көгеріп, саңырауқұлақтық өсулер дамуына ықпал жасайды.

Жылу энергетикасы. ЖЭО жуынды сулары су қоймалары суларынан 8-100С жоғары жылыған болады. Су қоймалары суының температурасы көтерілгенде оларда микро және макро планктон, судың «гүлденуі» дамуы күшейеді, түсі мен иісі өзгереді. Судың «гүлденуі» су қоймасының тайыз көк-жасыл балдырлар өсетін жерлерінде жиі кездеседі. Балдырлар шіру үрдісінде фенол, индол, скатол және басқа да улы заттар шығарады. ГРЭС шайынды сулары салқындату жүйелерінде, гидро-күл-шлак шығаруда, мазутпен жұмыс істейтін агрегаттардың қызған үстіңгі бетін жуғанда, жабдықты химиялық жуғанда, мұнай өнімдерін пайдаланатын аппараттардың, ГРЭС аумағының жауынмен жуылғандарынан, күл төгілген орындардың сүзінді суларынан және жақын жатқан аумақтардан су жиналуынан пайда болады. ГРЭС жабдықтарын жуған сулар күкірт қышқылымен, темірмен, никельмен, ванадиймен, мыспен ластанады.

Қара металлургия. Қара металлургияның жуынды сулары металды майсыздандырудан және қышқылмен өңдеуден кейін, жуудан кейін пайда болады. Домна пештерінде және болат балқыту өндірісінде, ыстықтай темір созу өндірісінде жуынды ағындылар механикалық қоспалармен және тұздармен ласталған. Металдарды әртүрлі қышқылдармен өңдегенде жоғары минералданған өңдеулік ерітінділер және өндірістердің көпшілігінде жуынды суларда фенолдар, роданидтер, ционидтер, сульфидтер болады.

Түсті металлургия. Түсті металлургия өндірістерінің жуынды сулары қатты минерал заттар қоспаларымен, флотациялық реагенттер қалдықтарымен ластанған. Олардың көпшілігі улы (күкірт натрий, цианидтер, ксантогенаттар, мұнай өнімдері). Ауыр металдар иондарымен (мыс, қорғасын, мырыш, никель, молибден, вольфрам, сынап, кадмий) және мышьякпен, фтормен, сурьмамен, сульфаттармен, хлоридтермен де ластанған.

Машина жасау. Машина жасаудың жуынды сулары әртүрлі машиналар мен аппараттарды дайындау үрдісінде пайда болады, өйткені технологиясында жуу, майсыздандыру, қышқылмен өңдеу, химиялық, гальваникалық және сырбояулық қаптап жабулар, созу және қысуда майлаулар қолданылады. Осындай өндірістердің жуынды сулары нашар ыдыратылатын бетті-белсенділік заттар, фосфаттар, органикалық заттар (бензин, үшхлорэтилен, төртхлористік көміртегі және басқалар), ауыр металдар тұздары болуымен сипатталады.

Көмір өнеркәсібі. Көмірлік қиылыстардың жуынды суларының сапалық құрамы орташа тұздық құраммен және қаттылығымен, қалқыған заттармен химиялық қосылыстармен және микрофлорамен қомақты ластануымен сипатталады. Көмірлік қиылыстар жуындыларында көмірдің пирогендік ыдырауы нәтижесінде пайда болатын фенол болады. Карьерлік суларда күзгі кезеңде сульфаттардың, кальцийдің, магнийдің, натрийдің және калийдің көбеюімен байланысты минерализация жоғарылауы байқалуы мүмкін.

Судың радиоактивтік ластануы. Су қоймалары мен адамдар денсаулығына ең үлкен қауіп тудыратын радиоактивтік ластанулар. Радиоактивтік ластану көздеріне ядролық жарылыстар, атом реакторларының жарылысы, радиоактивтік изотоптарды өнеркәсіпте және зерттеу мекемелерінде қолдану, радиоактивтік қалдықтарды көму, уран кенін тазалау бойынша және реакторлардың ядролық отының өңдеу бойынша зауыттар атомдық электростанциялар жатады.

Тұрмыстық жуынды сулар. Тұрмыстық жуынды сулар жоғары емес органикалық ластануымен, бірақ жоғары бактериалдық ластануымен және гельминттер жұмыртқасының жоғары мөлшері болуымен сипатталады. Қалалық жуынды суларда азот, фосфор, кадмий, жуушы заттар болады.

Ауылшаруашылық жуынды сулар. Су қоймаларының экологиялық тепе-теңдігіне ауыл шаруашылығының әсері күшеюде. Жаңа жерлерді егіндікке жырту, батпақтарды құрғату, ормандарды шабу, оның ішінде кіші өзендер бассейндерінде орманды шабу өзеннің гидрогиологиялық тәртібін өзгеріске әкеледі, қайнарлар мен бұлақтардың кеуіп қалуына әкеледі. Минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемінің, өсімдіктерді зиянкестерден және арамшөптен қорғау құралдары тез өсуіне, химиялық заттарды жаңбыр суымен жуылып су қоймаларына және жер асты суларына түсуіне әкеледі.

Жаңбырлық және нөсерлік ағынды сулар. Жаңбырлық сулар атмосфералық жауын-шашын түсуінің нәтижесінде пайда болады. Оларды жауындық және мұздық деп бөледі. Жауындық сулар категориясына егін суғару, жуу суларын жатқызуға болады. Елді мекендердің нөсерлік ағындар негізінен инертті заттар – саз, құм, көмір шаңы болады. Нөсерлік ағындарға ұқсас ағындар карьерлер жасау нәтижесінде, гравийді жууда, гидравликалық әдіспен кен алу шахталары жұмысында, өнеркәсіптік өндірістердің беттік үлестерінен ластануларды жуғанда және ауылшаруашылық жерлерді суғарғанда болады. Осы суларда әртүрлі токсикалық заттар болуы мүмкін, олардың ішіндегі ең қауіптілері ауыр металдар иондары инсектицидтер мен пестицидтер құрамына кіретін хлорорганикалық препараттар болады.

Судың өздігінен тазалануы. Өздігінен тазару дегеніміз табиғи физикалық, химиялық және биологиялық процестердің нәтижесінде гидросферадағы ластағыштардың табиғи түрде ыдырауы. Табиғаттағы сулардың өздігінен тазалануы заттардың алмасуы арқылы жүреді. Тұщы сулардың өздігінен тазалануы онда тіршілік ететін бактериялар, балдырлар және жоғарғы сатыдағы өсімдіктер және омыртқасыз жануарлар сияқты организмдердің тіршілік процесіндегі әрекеті арқылы жүзеге асады. Сондықтан табиғатты қорғаудың міндеті – судағы осы тіршілік қатынастарын сақтап, бірқалыпты ұстау болып табылады. Кез келген су айдыны өзіне ғана тән тірі организмдері, өсімдіктері жіне микроорганизмдері бар күрделі тіршілік жүйесі. Табиғи жағдайда суға бактериялар немесе химиялық қоспалар түсетін болса өздігінен тазалануы тез жүреді де су тазалығы бастапқы таза қалпына келеді. Мұхиттар мен басқа да су қоймалары суының тазалануы планктондардың сүзгіштік қабілеттеріне байланысты келеді. Мысалы, осы планктондар арқылы өздігінен Байкал көлінің жылына 60 км3 суы тазаланып отырады. Планктондар органикалық, минералдық заттармен қатар суқоймаларын әртүрлі ауру қоздыратын бактериялар мен вирустардан да тазалап отырады. Қара теңіз бен Каспий суын табиғи жолмен тазалап отыратын организмдер моллюск-санитар-дрейсен болып табылады. Ол өз денесі арқылы судағы органикалық қалқыма заттарды өткізіп, өзінің тіршілігіне қажетті элементтерді пайдаланып, минералдандырып қажеті жоғын ерімейтін түрге айналдырып сыртқа шығарады.

Биологиялық фактормен қатар су қоймаларының өздігінен тазалануына физикалық және химиялық факторлар да қатысады. Ластағыш заттардың мөлшерін төмендетуге қатысты негізгі физикалық факторларға сұйылту, еріту және араластыруды жатқызуға болады. Мысалы, өзеннің қарқынды ағысы қалқыма заттарды жақсылап араластырып, олардың концентрациясын төмендетеді. Өздігінен тазалану процестері жүргенде ерімейтін заттар, олардың бетіне жабысқан бактериялар салмақ күшімен су қоймаларының түбіне біртіндеп тұнып отырады, кейін әртүрлі физикалық факторлар әсерінен тіршілігін жояды. Күшті ластанған, жаңа ағыс келіп құймайтын суларда өздігінен тазару процесі ешқашанда болмайды, сондықтан лас суларды таза сумен араластыру өте қажетті жағдайларға жатады. Судың залалсыздандырылуы күннің ультракүлгін сәулесінің күшімен де өтеді. Физикалық факторлардың ішінде су қоймаларына түсетін бактериялар мен вирустардың ұзақ уақыт сақталуына қолайлы әсер тигізетін температуралық фактор. Температураның төмендеуі олардың ұзақ сақталуына жағдай туғызады. Мысалы, жылы жерлерде олар 200-300 м алшақтыққа дейін жайылып жатса, солтүстікте 2000 км жерге дейін өлмей ағып жүре беруі мүмкін.

Өздігінен тазалану процесіне ықпал жасайтын химиялық факторлардың ішінде органикалық және анорганикалық заттардың тотығуын атап өтуге болады. Су қоймаларының көп мөлшерде химиялық заттармен ластануы судың өздігінен тазалануына қатысты процестердің жүруін бұзады, микроорганизмдердің ең маңызды қасиеттерін өзгертеді және ең ақырында судың сапасын төмендетеді. Табиғи түрде судың тазалануы су айналымына да тәуелді.

Таза ауыз су проблемасы

Таза және қауіпсіз ауыз суға деген мүмкіншілік адамның негізгі сұраныстарының бірі. Есептеулер бойынша дамушы елдерде шамамен 1 млрд. адам ауыз суға толық жете алмай отыр. Жалпы адамзаттың 20% таза ауыз суға тапшы болып отыр. Су жетіспей отырған елдерге Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия мемлекеттері жатады. Су мен су ресурстарының жетіспеуі көптеген Оңтүстік Африка елдерінің дамуында да тежеуші факторлардың бірі болып тұр. Өте үлкен мөлшерде суды Европа елдері қолдануда.

Адамның денсаулығы судың тазалығы мен оның санитарлық жағдайларды жақсартудағы ролімен тікелей байланысты. Адамның санасының өсуінің нәтижесінде судың жетіспеуі су дағдарысына алып келуде.

Қазіргі уақытта шамамен 2 млрд. адам канализациясы бар жағдайға қол жеткізе алмай отыр, 5 млн. адам, оның ішінде 2-3 млн. балалар, жыл сайын таза судың жетіспеуіне байланысты әр түрлі аурулардан өлуде.

Қаладағы су құбырларынан басқа сулар табиғи ресурстарға жатады және қоғамдық меншікке қарайды. Су ресурстарын қолдану, оны ары қарай дамыту мен оны қолдануға бақылау жасау тек ұлттық мүдде тұрғысынан ғана емес, халықаралық бірлестік дамытуды талап етеді.

Жер бетіндегі таза судың қоры жеткілікті көрінгенмен, әлемнің көп аймақтарындағы халық өте аз мөлшерде ғана таза суды қолданып отыр. Әлемдегі барлық өзендердің суларының жылдық көлемі шамамен 42600 км3, ал бұл 1995 жылғы есептеулер бойынша адам басына шаққанда 7600м3 келеді. Бірақ та адам санының өсуіне байланысты бұл шама жыл сайын өзгеруде. Мысалы, 1970 жылы бұл шама 12900 болса, 2005 жылы ол 5200м3-ге дейін төмендеуі мүмкін.

Жыл сайын әр түрлі өнімдермен ластанған және арнайы тазартусыз пайдалануға келмейтін су объектілерінің саны көбейіп келеді. Су қоймаларының ластануы су экожүйесінің құлдырауына әкеліп, табиғи судың сапасын қалпына келтіретін гидробионтардың тіршілік жағдайын қиындатады. Көп жағдайларда табиғи су объектілерінен алынған судың тек бір бөлігі ғана қайтадан су экожүйесіне қайтып оралады, ал көп бөлігі далаға кетеді және буланып ұшып кетеді. Таза суды өте көп қолданушылар мен ластаушылар қатарына ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік өндіріс орындары жатады.

БҰҰ деректері бойынша елдің суға деген сұранысы су қорының 40%-тін құрайтын болса, ол жағдайда бұл елде су мәселесі пайда болады. Бұл жағдайда су мәселесі осы елдің экономикалық дамуын тежеуші факторлардың біріне айналады. Соңғы уақытта таза ауыз суды жер асты су көздерінен алып пайдалану өсіп барады. Бұл адамзаттың өмірге өте қажетті ресурстарының азаюына әкелуде. Жыл сайын планетамыздың жер асты су қоймалары 160 млрд. м3 таза судан айрылуда. Судың мұндай үлкен көлемі оның айналымы кезінде орнына қайтып келмейді.

Таза суға деген жетіспеушілік пен оның ұқыпты түрде қолдану мәселелері бұрыннан бері адамзатты ойландыруда, себебі бұл факторлар сол елдің тұрақты түрде дамуында, халқының денсаулығында және тұрмыстық жағдайының деңгейінде, өнеркәсіп пен тамақ өндіруде маңызды роль атқарады. Болашақта бұл жағдай қиындай түсуі мүмкін. XXI ғасырдың ортасына қарай Жердің негізгі стратегиялық ресурсы мұнай емес, таза су болуы ғажап емес.

Деректер бойынша 2005 ж. әлемнің 50 шақты елінде тұратын 3 млрд. халық ауыз су тапшылығына тап болады. Бұл жағдай суға байланысты экологиялық және қоғамдық шиеленістерді қиындатады. Қазірдің өзінде Африка мен Таяу Шығыс елдеріндегі ауыз судың жетіспеушілігі кедейлік пен артта қалғандықты, саяси тұрақсыздықты әкеліп отыр. Судың жетіспеушілігі этникалық және мемлекетаралық қақтығыстардың себебі болып отыр. Египет, Судан мен Эфиопия елдері Ніл өзенінің суына таласуда. 1998 ж. жаз айларында жарты миллионға жуық палестиндерге Иордан өзенінің батыс жағалауынан су алуға кедергі жасалды, бұл Израиль мемлекетіне деген қатты наразылықты тудырды. Индия мен Бангладеш төменгі жақтарында кейде кеуіп қалатын Ганг өзенінің ағымына байланысты араздасуда. Алдағы уақытта Ресей мен Қазақстан Қытай мемлекетінің су саясатының әсерін сезінуі мүмкін. 1999 жылдан бастап Қытайда Ертіс өзенінің жоғарғы ағынын басқа жаққа бұру басталды. Қазірдің өзінде бұл өзеннің ластануы күшейіп, өзендегі су көлемі азайып келеді.

Жеке елді, аймақты таза сумен қамтамасыз ету мәселелері тек сол елге ғана қиындық әкелмей бүкіл әлемдік дағдарысқа үлес қосады. Сондықтан да мұндай дағдарыстық жағдайларды шешу бүкіләлемдік бірлесіп іс-әрекет жасауды талап етеді. Үлкен ойшылдықпен және болашақтық тұрғыдан суға адамзаттың негізгі стратегиялық ресурсы ретінде қарау XXI ғасырдың маңызды бағыттамаларының бірі болып тұр. БҰҰ Ассамблеясы 2003 жылды «Халықаралық таза ауыз су жылы» деп белгіледі.

Судың жетіспеуінің алдын алуға бағытталған іс-шараларға ең алдымен суды тиімді пайдалану мен оны территориалдық жағынан өзгерту жатады. Судың сарқылуы мәселесін шешу үшін төмендегі іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

  1. суды тиімді пайдалану технологияларын қолдану;

  2. өндірісте суды бірнеше рет қайталап пайдалану;

  3. ауыз су мақсатында берілетін суды өндірістік процестерде пайдаланбау. Бұл әсіресе, жоғары сапалы жер асты суларына қатысты;

  4. ауыз суды тамаққа, тұрмыстық мақсатта пайдаланатын судан бөлек құбырмен беру. Суды мөлшерлі түрде беру және оның ысырап болуына жол бермеу;

  5. суға экономикалық тұрғыдан негізделген баға қою. Нақты бағалау нәтижесінде судың ысырап болуын біршама төмендетуге болады.

Судың ластануын кеміту шаралары ең алдымен суды пайдалану, тазалау әдістері мен технологиялық процестерін жетілдірумен байланысты суды тазарту әдістерінің ішінде биологиялық әдістер өте тиімді және жақсы нәтиже береді.

Қазіргі кезде халықтың өсуіне байланысты және оның ірі қалаларына шоғырлануы, сондай-ақ өндіріс орындарының сонда жинақталуынан суға деген сұраныс күрт өсіп кетті және өндірістік ағынды сулардың көлемі де көбейді. Көптеген өндіріс мекемелері осы ағынды суларды су құбырларымен өзендерге жіберіп, оларды ластайды. Осының салдарынан өзендер мен көлдердің тым ластанып кеткендігі соншалық оларды ішу және жұмыстық қажетке пайдалану былай тұрсын, өндіріс мақсаты үшін де пайдалану қиынға соғуда. Сонымен қатар мұндай лас суларды пайдалану тұрғындардың денсаулығына да зиянды әсерін тигізуде. Жер үстіндегі сулардың ластануы, әсіресе, ірі қалалар мен өндіріс кешендерінде санитарлық нормадан әлдеқайда артық екендігі анықталып отыр. Мәселен, Орал, Тобыл, Есіл өзендері ағынды лас суларды көп жинайтын болғандықтан қазір қатты ластанып отыр. Сол сияқты Ертіс бассейні де экологиялық жағынан таза емес. Судың құрамында ауыр металдардың (цинк, кадмий, мышьяк, фенол және басқалары) иондары көп, олар өзенге негізінен металлургиялық өндірістің ағынды суларымен келеді.

Орталық Қазақстандағы Нұра өзенінің суында сынап өте көп. Оның құрамындағы азоты бар заттардың концентрациясы тым жоғарылап кеткен. Ал Сырдария өзені және Шардара су қоймаларының суларының ластануы әр түрлі улы химикаттардың әсерінен екендігі баяғыдан белгілі. Сол сияқты Балқаш көлінің суы «Балшахмед» өндірісінің улы химикаттарының ағынды суларының әсерінен ластануда. Химиялық заттарды ауыл шаруашылығына шамадан артық пайдалану және өндірістік ағынды, коллекторлы-дренажды суларды жаппай жіберудің салдарынан өзендерге тұзды концентрация көбейді. Өзендер мен көлдердің жер асты суларының ластануы негізінен оларға ағынды лас суларды жіберуден болып отыр. Су құбырларын көп ластайтын өндіріс орындарына целлюлоза-қағаз, химия, мұнай өндірістері, металлургиялық және тау-кен өндірістік мекемелері жатады.

Қоршаған ортаны қорғаудың тиімділігін жоғарылаудың ең басты жолы - өндіріске ауа, топырақ және су құбырларының ластануын кемітетін қор сақтау, аз қалдықты және қалдықсыз жаңа технологиялық процестерді кеңінен енгізу. Осындай қор сақтайтын технологияның бірі - Әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетінің жасаған, суды лазермен активизациялау. Белгілі жиілікте, аз қуатпен суды лазердің сәулесі арқылы активизацияланғанда сингитті оттегі қозады, содан барып, суды тез активизациялайды.

Су қоймаларын, өзенді тазарту, мал шаруашылығына қажетті жоғары белокты жемшөп алу үшін лазерлі агрогидроэнергетикалық модуль жасалды. Мұны технологиялық жағынан сынау және өндіріске енгізу Алматы қаласының Сорбұлақ көлінде, Ертіс өзенінде және Бұқтырма су қоймасында жүргізілді. Ол үшін өзен және су қоймаларын тазартудың тиімділігін анықтау жұмыстары атқарылады. Бұл лазерлі агроэнергетикалық модульді қолдану арқылы биологиялық сапасы жоғары су алу қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бұл модуль судағы ауыр металдардың иондарын және улы органикалық заттарды айтарлықтай кемітеді. Гидроегістікке лазерді қолдану көк балаусаның өнімін 8-10 есе жоғарылатады, судың бактериялық ластығын 10 есе, қорғасынның иондарын 40, никельді 80, кадмийді 55, сынапты 69, фенолды 48, мысты 50%-ке қысқартуға болатындығы дәлелденді. Суды резонансты лазерлі әдіспен өңдеу анаэробты бактериялардың және вирустардың өмір сүруін тоқтатады, эпидемиялық аурулардың шығу мүмкіндігін төмендетеді, хлор және басқа тотықтырушыларды қолданбай-ақ судың тотықтану қасиетін жоғарылатады. Сонымен, өсімдіктерге, жануарларға және адамға қажетті биологиялық жоғары сапалы судың алынуына жағдай туғызады.

Қазір ауыз суға деген сұраныс күн санап өсуде. Судың, біріншіден, санитарлық жағынан сапасы жоғары болуы қажетті, екіншіден, суды үнемді пайдалану керек. Ауыл шаруашылығында егісті суарудың тиімді әдістерін қолдану қажет. Мысалы, аэрозольді әдісті қолданғанда ауа, өсімдік және топырақ кішігірім тамшылар арқылы бірқалыпты ылғалдандырылады.

Тағы бір айта келетін жай – ағын суларды су құбырларына жіберіп, суды ластаған өндіріс орындары мен мекемелерді халықтың игілігіне, тұрмыс қажетіне пайдаланып жүрген су құбырларына не болса соны, яғни тамақ қалдықтарын, шөлмектер мен синтетикалық, өзен мен көл жағасына барып машиналары мен техникаларын жуып, суды ластап және жағадағы жасыл шөпті өртеп, ағаштарды кесіп отқа жағып, қоршаған ортаны ластап, табиғатты бұзушыларды заң жүзінде қатаң тәртіпке шақыру керек.

Біздің Қазақстанда минералды (құрамында 1-6 г/л тұзы бар) су қорлары өте көп, оларды тиімді пайдалану қажет. Ал ол үшін суды тұщыту керек. Ал өндіріс орындары мен шаруашылықтар лас ағынды және аяқ суларды су құбырларына жібермегендері жөн. Ластанған су көздерін лазер технологиясы арқылы тазартқан тиімді. Ол әрі арзан, адамның денсаулығына да зиянды әсер етпейді. Бұл ғылыми озық әдіс бойынша еліміздің кез келген өзендері мен көлдерінің суларын тұщытып, ауыз суға пайдалана аламыз.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Қазақстан Республикасының экологиялық мәселелері қандай?

  2. Арал маңының әлеуметтік-экологиялық мәселесін ашыңыз.

  3. Семей ядролық полигоны мәселесін түсіндіріңіз.

  4. Каспий теңізінің экологиялық мәселелері қандай?

  5. Балқаштың экологиялық мәселері қандай?

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Баешов А., Дәрібаев Ж.Е., Шакиров Б.С. «Экология негіздері» Түркістан 2000ж

  2. Мамбетқазиева, Сыбанбеков «Табиғатты қорғау» Алматы 1990 ж.

  3. Жатқанбаев Ж. «Экология негіздері» Алматы 2003ж

  4. Ү.И. Кенесариев, Н.Ж. Жақашов «Экология және халық денсаулығы» Алматы 2003ж.

  5. Провадкин, «Экология» К.Лосев, Москва – 1998г

  1. Сағымбаев Ғ.Қ Экология негіздері.. Алматы, 1995ж.

  2. Алимбаев ҚР заңдары., 1996ж.

  3. Карежов Р.С., Бекишев К.Б.Экологический менеджмент. Алматы, 1996ж.

ДӘРІС № 15