Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
tarihi_grammatika_umk.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
359 Кб
Скачать
☆

Есімдіктердің лексика-морфологиялық сипаты

Мақсаты: Студенттерге қазақ тілі морфологиясының қалыптасу тарихы мен даму жолдары және тарихи лексикологияның мақсаты мен міндеттері туралы мағлұмат беру.

Сұрақтар:

  1. Қазақ тіліндегі есімдіктердің морфологиялық құрылымы.

  2. Есімдіктердің шығуы мен қалыптасуының тарихи негіздері.

  3. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі есімдіктердің мағыналық топтары.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: морфема, есімдік, есімдіктердің түрлері, өлі түбір, синкретизм.

Дәріс мәтіні (тезис)

Жіктеу есімдігі, оның грамматикалық ерекшеліктері

Көне түркі тілінде жіктеу есімдіктерінің мынадай түрлері кездеседі : жекеше түрде: мән, мен, сән, сен, сиз, ол, ан, көпше түрде: біз, сиз, сизләр, силар, олар, анлар. Сиз есімдігі, біріншіден, ІІ жақ жекеше түрде сыпайылық түрін білдірсе, екіншіден, бұл дәуірлерде көптік мағынаны да білдірген. Түркі тілдерінің грамматикасына сүйенсек, кейбір түркі тілдерінде сендер, сіздер түріндегі жіктеу есімдіктерінің орнына сиз есімдігі қолданылады. Мысалы, құмық, қырымшақ, қырым татар, боджнурди, ноғай, татар, түрікмен, қырғыз тілдерінде ІІ жақ көпше түрде сиз беріледі. Силәр есімдігі өнімді болмаса да, кейбір орындарда қолданылған. Мысалы: Силәркә мениңдән асығ сөз керәк.- Сендерге менен пайдалы сөз керек. Жіктеу есімдігінің осы түрінен қалыптасқан болу керек, алтай тілінде слер /слерлер ‘сендер’, барабин татарларының тілінде сис/силәр ‘сендер’, қырғыз тілінде сиздер/силер ‘сіздер/сендер’, салар тілінде sele(r), сары ұйғыр тілінде siller/seler/sele, тофа тілінде сілер, тува тілінде силер, ұйғыр тілінде силәр, хакас тілінде сірер, шор тілінде силер/слер түрінде айтылады.

Мен, сен жіктеу есімдіктері дастанда екі түрлі жазылады және мұндай жағдай бір емес, бірнеше жерде кездеседі: мен, мән, сен, сән. Мысалы, мән, сән сөздері қысқа дауысты дыбыс фатхамен беріледі. Олай болса, сол дәуірде мен, сен есімдіктерінің екі түрлі варианты қолданылды деуге болады.

Сілтеу есімдігі, оның грамматикалық ерекшеліктері Сілтеу есімдіктерінің мағынасынан о баста-ақ жақынды және алысты сілтеп көрсеткендігін байқауға болады. Жақынды меңзеп көрсететін бу ‘бұл’ сілтеу есімдігі ҺХ-та алпыс тоғыз жерде қолданылады. Бу сілтеу есімдігі бу ажун ‘бұ дүние’ фразеологиялық тіркесінде және қазіргі кезде бүгін болып бірігіп кеткен сөз ‘бу күн’ түрінде жұмсалады. Сондай-ақ бу сілтеу есімдігінің муны, мундин түрінде қолданылатын варианттары да бар. А.М. Щербак: «Қыстырма» н болған жағдайда көпше түрдегі басқы б дыбысы м-ға өзгереді», - дейді. ХІ-ХІІ ғасырларда бу сілтеу есімдігі жиі қолданылғанмен, септелгенде б дыбысы м-ға өзгеріп кетеді. ДТС-да мұны, мұнда т.б. есімдіктердің түбірін бу деп көрсеткен. Енді осы сілтеу есімдігінің септелу үлгісіне тоқталып көрейік.

Атау c. бу

Ілік с. муның , мунуң

Барыс с. муңа, муңар, муңғар

Табыс с. муны, муну

Жатыс с. мунда, мында, мунуңда

Шығыс с. мундан, мундын, мундун, мындын, муныңдын

Көмектес с. мунын

Мұндай көп вариантты болып келу - әсіресе ҚБ тіліне тән. Қазіргі кезде осы түбірден тараған сөздер тек сілтеу есімдігінің қызметін атқарып қоймайды, мекендік, мезгілдік, қимыл сындық мағыналарды білдіріп өзге сөз таптарының қызметін атқарады.

Өздік есімдігі, оның грамматикалық ерекшеліктері Қазіргі кезде өздік есімдігіне тек өз сөзі ғана жататын болса, көне түркі тілінде бұған қоса кендү - өз түрінде ұшырасады. Бу күн кендү сүчүг бу тирмак сеңа. – Бүгін саған бұл тіршіліктің өзі тәтті (АЙ 417). Аның өз тили өз башыны азлайур – Оның өз тілі өз басын іздейді (АЙ 120). Өз елгин бут етиб идим бу деди. - Өз қолымен бұт жасап, тәңірім бұл деді (АЙ 124). Сафиһ ер тили өз башы душманы. – Ақылсыз ердің тілі - өз басының дұшпаны (АЙ 141). Бұл мысалдардың барлығында өз сөзі өзінен кейінгі сөзбен қабыса байланысып келеді: өз басы, өз қолы. Мұндай тіркестер қазіргі тілімізде де тәуелдік жалғауынсыз қолданылады. Өз есімдігі бірде тәуелденіп барып септелініп қолданылса, енді бірде тәуелелденбей-ақ септелініп қолданылады: Есизлигдин өзни сираңгү салып.- Ақылсыздықтан өзіңді аулақ салып (АЙ 366). Биликликка йа дост өзүңни ула. - Уа, дос, білімділікке өзіңді байла. (Уа, дос, өзіңді білімдіге жақын тұт) (АЙ 82). Мұндағы ерекшелік өздік есімдігінің түрленуі сипатында болып отыр.

Сұрау есімдігі, оның грамматикалық ерекшеліктері ҺХ-та сұрау есімдіктерінің мынадай түрлері қолданылады: не, негү ‛не? немене?’; нерак ‛неге? не үшін?’; неча ‛неше?’; нелүк ‛неліктен?’; ким, кимда, қанда ‛қайда?’; қайу ‛қайсы?’; қаны ‛қане? қайда?’; қачан; му ‛ма? ме?’; немиш ‛не үшін?’. Сұрау есімдіктерінің негізгі түбірлері о баста есім болған деген пікірлер бар. Шындығында, кейбір сөздер сұраулық мағынада емес, қатыстық мәнде қолданылады. ’асал қайда ерса билә арысы. - Бал қайда болса, сол жерде арасы (бар). Кім? есімдігі қазіргі түркі тілдерінде тұлғалық жағынан көп өзгеріске түспеген, кейбір түркі тілдері ғана болмаса, көбінде тек дауысты дыбыс (і,е,и,ы) өзгеріске түскен. Қазақ, Астрахан ноғай-қарағаш. т.: кім; қырымш., тува: кым; гагауз, қ.қалп., қ.-балқар, қырғыз, қ.-татар, құм., ноғ., түрікм., өзб., якут, халадж: ким; алтай, башқ., салар: к'ет; татар, хакас, шор: кем; сары ұйғ.: q'ут; тофа: кум.

Белгісіздік есімдігі, оның грамматикалық ерекшеліктері Белгісіздік есімдігіне мынандай мысалдар келтіруге болады: бірі – қач ‘бірнеше’, екіншісі – парсы тілінен енген һам ‘әрбір; әркім, әрқайсысы, әр’. Ешит емді қач бәйт хабиб фазилдин. – енді Алланың сүйіктісінің жақсы жақтары туралы бірнеше бәйіт тыңда. Агар билса кашгар тилин һар киши – Егер әрбір кісі қашғар тілін білсе. Қазіргі тілімізде түркі тілінің қач сөзі сақталынбай, парсының һар сөзі әр түрінің сақталып қалған. Әрбір, әркім, әрқайсысы сөздерінің құрамындағы әр осы түбірден жасалынып тұр. Қач есімдігі быр къач түрінде қырымшақ тілінде сақталынған. Һәр есімдігі қазіргі әзірбайжан, татар, ұйғыр т.: һәр; түрік т.: һер; өзб., қ.-балқар т.: хар; қырымш т.: эр; алтай, ноғай, шор, қырғыз т.: ар; гагауз т.: хер. Белгісіздік есімдігі кейінгі дәуірлерде жақсы дамыған. Көбіне олар сөздердің бірігуі, тіркесі арқылы жасалынады. Белгісіздік есімдіктерінің жасалуында сұрау есімдіктері көп жұмсалады. Мысалы: алтай: кем де ‛әлдекім’; қ.-балқар: ким эсе да ‛әлдекім’. Бір сан есімі де жиі қолданылады. Қ.қалп. т.: бир ким ‛біреу’, тува: чүү бир ‛әлдене’ т.б.

Болымсыздық есімдігі, оның грамматикалық ерекшеліктері ХІ-ХІІ ғасырларда болымсыз есімдігі де жақсы дамымаған. Болымсыздық есімдігінің парсы тілінде енген һиш ‘еш, еш-қандай’ сөзі бір жерде ұшырасады. Абид Ахмад уғлы йуқ ол һиш шәгі. - Әбід Ахмед (оның) ұлы. Мұның еш шәгі жоқ.

Мұндай сөйлемдердің баяндауыштары жоқ сөзінен немесе болымсыздық мағыналы етістіктен жасалынып, сөйлемге болымсыздық мағына бареді. һиш есімдігі қазіргі көптеген түркі тілдерінде қолданылып жүрген болымсыздық есімдіктерінің жасалуына негіз болған. Башқ. т.: һис кем ‛ешкім’; қ.қалп. т.: хеш ким ‛ешкім’, құмық т.: гъеч ким ‛ешкім’; салар т.: һеšpeš ‛ешнәрсе’; татар т.: һишкем ‛ешкім’; өзб. т.: хеч ким. Һиш есімдігінің басқы һ дыбысы түсіп қалып, қазақ т.: еш; ноғай: эш; қырымш. т.: ич; ал ұйғыр, әзірбайжан т.: һеч сұрау есімдігі арқылы, өзб. т.: хеч ким түрінде айтылады.

Тұжырымдар

1. Қазақ тілінің тарихи морфологиясы сөз құрылымдық жүйесінің қалыптасу мен даму жолдары туралы мағлұмат береді. Ол әрбір мағыналық бөлшектерді назарында ұстайды, тілдік табиғатының өзіндік ерекешеліктері туралы мәліметтер береді.

2. Қазақ тілінің тарихи морфологиясы сөздердің құрылымдық жүйесіне түрлі талдаулар жасайды:

- қазақ тілі морфологиясының тарихи негіздері;

- қазақ тілінің құрылымындағы кірме элементтер;

- қазақ тілінің тарихи морфологиясын зерттеу әдістері;

- қазақ тілінің морфологиялық құрылымын туыстас тілдер фактілерімен салыстыр азерттеу.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]