- •Кіріспе. Тарихи грамматика – тіл тарихы туралы ғылым. Тарихи грамматика курсының мақсаты мен міндеттері
- •Тарихи фонетиканың зерттеу нысаны. Көне түркі тіліндегі дыбыстар жүйесі және қазіргі түркі тілдеріне ортақ белгілері
- •Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесінің даму ерекшеліктері
- •Фонетикалық құбылыстар мен заңдылықтар
- •Тарихи лексикология Кіріспе. Тарихи лексикологияның зерттеу нысаны, жалпы лексикологиядан айырмашылығы. Тарихи лексикология және этногенез
- •Тарихи морфологияның нысаны мен зерттеу әдістері
- •Қосымшалардың даму ерекшеліктері және этимомлогиялық табиғаты
- •Сөз таптарының қалыптасу тарихы
- •Сын есімнің морфологиялық сипаты
- •Есімдіктердің лексика-морфологиялық сипаты
- •Етiстiктердiң диахрониялық сипаты. Есiмше мен көсемшелердiң тарихи дамуы
- •Жалғаулық және оның түрлері
- •Септеуліктер мен демеуліктер
- •Септеуліктер
- •Тарихи синтаксис
Сын есімнің морфологиялық сипаты
Сұрақтар:
Қазақ тілі морфологиясының тарихи негіздері.
Морфологиялық құрылымдардың лингвистикалық заңдылықтары.
Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі сөздердің құрылымдық ерекшеліктері.
Түбірлер мен қосымшалардың даму ерекшеліктері.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: морфема, морфология, түбір, өлі түбір, синкретизм.
Дәріс мәтіні (тезис)
ХІ-ХІІ ғасырларда жазылған шығармаларда бүкіл сөз таптары жасалуы, грамматикалық ерекшеліктері, атқаратын қызметтері жағынан бір-біріне жақын тұрады. Сондай-ақ әрбір ескерткіш тілінен сол дәуірге тән ерекшеліктерді де кездестіреміз. Ондай ерекшеліктер әрбір ескерткіш тілінде әр түрлі дәрежеде көрінеді. Сондай кең көлемде қолданылатын сөз таптарының бірі – сын есім. Бұл дәуірлерде сын есімдер семантикалық, грамматикалық жағынан сараланып қалыптасқан.
Зат есім, етістіктен кейін кеңірек қолданылатын сөз таптарының бірі – сын есімдердің біразы ешбір өзгеріссіз қазіргі дәуірімізге жетіп отыр. Бірқатары көнеріп, тілімізде қолданыстан шығып қалса, кейбір сын есімдер сыртқы тұлғасы, дыбысталуы жағынан қазіргі тілмен сай келмейді. Бір сөздердің көнеріп, енді бір байырғы түбірлердің көптеген сөздердің жасалуына негіз болғандары бар. Ондай синкретті түбірлерді семантикалық мағыналарының жуықтығына қарай талдай отырып, генетикалық бірлігін ажыратуға болады. Сөйтіп, түбірлер дами келе жіктеліп, сараланып, қазіргі кезде бірнеше мағыналық мәндерге ие болған.
ҺХ дастанында сын есімдер кең көлемде қолданылады. Дастанда түркі тілдеріне тән мынадай сын есімдер кездеседі: кир ‛кір’, кең ‛кең’, түш ‛тең, сай’, инч ‛тыныш, жәй’, ахы ‛жомарт’, көп ‛көп’, бек ‛берік, қатты’, таң ‛таң, ғажап’, бош ‛бос, еркін’, сағ ‛жақсы, таза’, ал ‛ал’, қызыл ‛қызыл’, тоңа ‛батыр’, үчүз ‛арзан’, үз ‛үздік, айрықша’, үрүң ‛ақ’, аз ‛аз’, ачық ‛ащы’, берк ‛берік, мықты, қатты’, едиз ‛биік, жоғары’, есан ‛аман, сау, аман-есен’, есиз ‛жаман, нашар, ақылсыз’, йаңы ‛жаңа’, қыз ‛қымбат’, озук ‛озық, озат’, сүчүг ‛тәтті’, сылық ‛сыпайы, сынық’, тар ‛тар’, узун ‛ұзын’, ушақ ‛ұсақ’, йавуз ‛жауыз’, едгү ‛ізгі’, сұқ ‛сұқ, сұғанақ, ашкөз’, йиги ‛игі, жақсы’, өкүш ‛көп’, телим ‛талай, көп’ т.б.
Берілген сын есімдердің барлығы бір, екі буынды сөздер. Үш буынды сын есімдер де біршама, алайда олардың барлығы туынды түбірлер: қадғусыз ‛қайғысыз’, асығлық ‛тиімді, пайдалы’, йазуғлуқ ‛жазықты, кінәлі’, йүгрүк ‛жүйрік’ т.б. Екі буынды сөздердің де көпшілігі туынды түбірлер: йоллуқ ‛үлгілі, өнегелі, шындық жолын қуушы’, артуқ ‛артық, көп’, йавуз ‛жауыз’, таңсуқ ‛ғажайып, таңғажайып’, тириг ‛тірі’ т.б.
ҺХ-та кездесетін сын есімдердің ішінде бүгінге дейін жетпей тілімізден шығып қалғандары да бар: көни ‛шын, рас, ақиқат’, өкүш ‛көп’, қутлуғ ‛бақытты’, қыз ‛қымбат’, тетиг ‛сезімтал, байқағыш, түсінігі мол’, дыраңсыз ‛тоқтаусыз’, артағ ‛жаман, бұзық, қаскөй’, ахы ‛жомарт’, сағ ‛жақсы, таза’, тоңа ‛батыр’, үчүз ‛арзан’, едиз ‛биік, жоғары’, сүчүг ‛тәтті’, түш ‛тең, сай’, арсиг ‛ержүрек’.
Құтлуғ сөзінің құтты түрі сақталған. Құт түбірі ‛береке, байлықты’ білдірсе, құтты сын есімі ‛құт қонған, берекелі’ дегенді білдіреді, яғни мағыналық жағынан құтлуғ сөзінен ерекшеленеді. Артағ сын есімінің түбірі – арта ‛бұзыл’ етістігі. Тетиг сөзінің де түбірі айқын болмағанмен, туынды түбір екені белгілі. Тет түбірі етістік болуы мүмкін. Дыраңсыз сөзінің түбірі жеке қолданылмағанмен (ДТС-да түбірі берілмеген) -сыз-дың жұрнақ екендігі мағынасынан белгілі. Бұл сөздің түбірі – көнерген тұлға. Үчүз сын есімінің түбірі – үч ‛төменде, құла’ етістігі. Үч етістігі ‛ұш’ мағынасын да білдіреді. Бірақ екі етістік екі түрлі мағынада жұмсалады. Алдыңғы мағынасы ұмытылған болса, кейінгі мағына ‛бағасы ұшып тұр’ дегенде бағаның жоғары екендігін көрсетеді. Сүчүг сөзі де – көне сөздердің бірі, түбірі сүчи ‛тәтті бол’ етістігі. Сағ сын есімінің алғашқы тура мағынасы – дені сау, саулығы жақсы. Одан пайда болған таза, жақсы деген мағыналар – ауыспалы мағыналар. Ахы, сақи – жомарт деген мағынада жұмсалады. Көне, көни түбірлес. Ежелгі ескі мағынасында. Ауыспалы мағынасы – шын, ақиқат.
ҺХ-та түбір сын есімдер, туынды сын есімдермен қатар қазіргі тілдің тұрғысынан көнерген жұрнақтар да кездеседі. Мысалы: тетиг, артағ, үчүз, кеңрү (кең), таңсұқ т.б. Дыраңсыз, уламсыз сияқты сөздер қосымшалардың көнеруінен емес, түбірлердің көнеруінен тілдік қолданыстан шығып қалған.
Мағыналық жағынан, тұлғалық жағынан ұқсамайтын кейбір сын есімдердің шығу тегі бір болып келеді. ҺХ-та қолданылған йумшақ ‛жұмсақ’ сөзі мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да қазіргі тілмен сәйкес келеді. Мысалы: Йырақ турғу йумшақ деп инанмағу. – Қашық жүр. Жұмсақ деп иланбағын (АЙ 216).
Жуас сын есімі мағыналық жағынан жұмсақ сөзімен ұласады. Көне түркі тілінде: йумша – смягчаться.., йумшақ – мягкий, нетвердый [19, c. 279]. Ол тілде, сонымен бірге йумрақ тұлғасы да қолданылған. Сонда екеуіне ортақ йум морфемасы шығады. Тағы да: йувыл – смягчаться: қатты йағы йувылсын (ДТС, 283) негізі де кездеседі. Қашқарида: йувға – бой ұсынған; бағынған (АЙ 11). Сонымен бұл фактілер жуас, жұмсақ сөздерінің түбірлес екенін, жуас сөзі жу+(а)с элементтеріне ажырайтынын көрсетеді [103, 11 б.].
Ал сын есімі дастанда ‛қызыл, ал қызыл’ мағынасында қолданылса, қазіргі кезде ‛алқызыл’, алқара ‛көк’, ‛алқара кер’ тіркестерінің құрамында жұмсалады. Йа майдан дег ол гүл карам ал гүл ол. – Немесе қайырымдылық (жасыл) алқап, адамгершілік (онда өскен) алқызыл гүл сияқты (АЙ 342).
Ал сөзі монғол тілінде де ‛ал қызыл, қызыл’ атрибуттық мәнін береді. Сондай-ақ ал сын есімі орыс тіліндегі алый сөзімен бір түбірлес және мағыналық жағынан да сәйкес келеді. Көне түркі тілінің сөздігінде (ДТС) сын есімге қатысты мынадай мағыналары берілген: алый, ярко-красный, светло-красный; оранжевый; карий (о глазах) [19, с. 31].
Ала сын есімі де осы сөзбен түбірлес. Көне түркі тілі сөздігінде бұл сөз тек малға қатысты ғана берілген. Мысалы: ала ат [19, с. 32]. Кейіннен алаға қатысты әр түрлі күрделі сын есімдер пайда болған: қара ала, сары ала, көк ала т.б.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан көріп отырғанымыздай, көп сөзінің тілімізден шығып қалған өкүш синонимі де жарыса қолданылады. Өкүш түбірінің көмескіленуі – арадағы өткен ұзақ уақыттың жемісі. Ол қазіргі тілімізде қолданылмағанмен, көп сөзімен түбірлес болуы мүмкін. Сөздікте өкүштің тек көп деген мағынасы берілсе, ал көп сөзінің мағынасы бұдан гөрі кең. (1. Много; 2. обильный, большой, пышный) [19, с. 317]. Дастанда көп сөзі бір жерде ғана қолданылса, өкүш сөзі он екі жерде түбір күйінде, екі жерде салыстырмалы шырайдың -рақ, -рек жұрнағымен келеді. Бұл дастан тілінде көне элементтің көбірек қолданылғанын көрсетеді. Екі сөзді бірімен-бірін салыстыра отырып, ортақ түбірі – кө, кү, ке екендігін аңғаруға болады. Себебі кең сөзінің мағынасында да молдық, үлкендік мәні бар. Көп сөзінің мағынасы да осы секілді. Бұл дәуірлерде көп сөзі қос сөздің құрамында қалың сөзімен келіп, көптік мағына берген: kор qаlіn [19, с. 317]. Бұл тіркес qаlіn kор түрінде де қолданылған. Мұндағы қалың сөзі де көптік мағына береді. Қазіргі кезде қалың ел, қалың жұрт, қалың орман т.б. сияқты тіркестерде қолданылатын бұл сөздерде осы мағына сақталған.
Тұжырымдар
1. Қазақ тілінің тарихи морфологиясы сөз құрылымдық жүйесінің қалыптасу мен даму жолдары туралы мағлұмат береді. Ол әрбір мағыналық бөлшектерді назарында ұстайды, тілдік табиғатының өзіндік ерекешеліктері туралы мәліметтер береді.
2. Қазақ тілінің тарихи морфологиясы сөздердің құрылымдық жүйесіне түрлі талдаулар жасайды:
- қазақ тілі морфологиясының тарихи негіздері;
- қазақ тілінің құрылымындағы кірме элементтер;
- қазақ тілінің тарихи морфологиясын зерттеу әдістері;
- қазақ тілінің морфологиялық құрылымын туыстас тілдер фактілерімен салыстыр азерттеу.
САН ЕСІМ. САН ЕСІМНІҢ СЕМАНТИКА-МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ТОПТАРЫ
Сұрақтар:
Сан есімдердің тарихи негіздері.
Сан есімдердің мағыналық топтары.
Сан есімдердің сөйлемдегі қызметі.
Сан есімдердің ескерткіштердегі тілдік сипаты.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: морфема, морфология, түбір, өлі түбір, синкретизм.
Дәріс мәтіні (тезис)
Сан есім басқа сөз таптарына қарағанда дастанда аз ұшырасады. Бірақ бұл сан есімнің қарастырылып отырған дәуірлерде дамымағандығын көрсетпейді. Сан есімдердің қалыптасуы одан да әріде жатыр. Өйткені көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде сан есімдер кеңінен қолданылған. VI-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілін зерттеуші ғалым Ғ. Айдаров өзінің еңбегінде: «Ескерткіштер тіліндегі сан есімдер сол дәуірдің өзінде-ақ әбден қалыптасқан сөз таптарының бірі болған. Ескерткіштер тілінде қазіргі түркі тілдерінде кездесетін сан есімдердің бәрі де кездеседі», - дейді. ҺХ-та кездесетін сан есімдер өзінің фонетикалық пішінін көп өзгертпей сақтаған: бир, еки (ики), йүз, мың т.б. Сан есімнің түрлерінен дастанда есептік, реттік, бөлшектік, болжалдық сан есімдер қолданылады.
Есептік сан есімдер. ХІ-ХІІ ғасырлардағы ескерткіштердің тіліндегі есептік сан есімдер мынадай: бир, еки, үч (МҚ 7 І 35); төрт (ҚБ 3864); беш (МҚ 6911); йетти ‛жеті’ (МҚ ІІІ 27); секкиз (МҚ І 365); оттуз (МҚ І 142); қырқ (ҚБ 3337); алтмыш (ҚБ 3810); йетмиш ‛жетпіс’ (ҚБ 1014); сексүн ‛сексен’ (МҚ І 437); тоқсун ‛тоқсан’ (МҚ І 437); йүз, миң, түмен ‛он мың’ он дөрт ‛он төрт’ (МҚ І 233).
Түркі тілдерінің көпшілігінде 20-дан 50-ге дейінгі ондық атаулары 2 мен 5 аралығындағы бірлік атауларымен сәйкес келмейді. Бірақ шор тілінде ондық атаулары бірлік атауларының негізінде жасалынған: 20 - ійгон, 30 - ужон, 40 - төртон, 50 - пежон, тува тілінде 30 бен 90-ның арасында: 30 - үжен, 40 - дөртон, 50 - бэжон, 60 - алдон, 70 - чэдон, 80 - сэзон, 90 - тозон; алтай мен якут тілдерінде 40 пен 90-ның арасында осы заңдылық сақталған; алтай: төртон, бэжон, алтан, дэтэн, сэгізэн, тоғузон; якут: түөрт уон, біэс уон, алта уон, сэттэ уон, ағыс уон, тоғус уон; сары ұйғыр мен тофа тілдерінде 20 мен 90 аралығында: тофа: иһон, ужон, төртон, бэжон, алтон, чэтон, сэһэсон, тоһосон; сары ұйғыр: йиғурмо, учон, төртон, песон, житон.
Сары ұйғыр тілінде 11-ден 29-ға дейінгі сан есімдер келесі ондыққа жақындау тәсілімен түрленеді: 13 - үч ығырма, 11 - пер йығырма, 29 -
Сонымен біз қарастырып отырған дәуірлерге тән ерекшелік: ХІ ғасырлардан бастап санаудың жаңа үлгілері, қазіргі түркі тілдеріне тән үлгілері пайда болды. Санаудың Орхон-Енисей жазбаларының тіліне тән үлгілері тек сары-ұйғыр тілінде сақталып қалған. Жоғарыда айтылған Орхон-Енисей жазбаларында кездесетін санаудың көне түрі тек жүзге дейінгі сандарды қамтиды, ал жүзден кейінгі сандар ХІ ғасырдағы сандармен сәйкес келеді: йети жүз, еки биң, он түмен ‛жүз мың’ т.б.
Реттік сан есімдер бірнеше жұрнақтың жалғануы арқылы жасалады. Олардың ішіндегі ең өнімдісі -нч жұрнағы. Көне түркі жазба ескрткіштерінің тілінде осы -ынч жұрнағы қолданылған, сондықтан бұл тұлға көне болып есептелінеді. ХІ-ХІІ ғасырларда -ынч пен қатар -ынчи, -инчи, -үнчи жұрнақтары қолданылады. Реттік сан есімнің жұрнағы Орхон-Енисей жазбаларында бір мен екіден өзге сан есімдерге жалғанса, ХІ ғасырларда бар есептік сан есімдерге жалғана берген. ҺХ-та қолданылған үш реттік сан есім көне -инч, -үнч және -иләнчи жұрнақтарымен жасалынған. Мысалы: Екинч бар қылурсән мұқирмән муңа. – Екінші бар етесің. Бұған тәнтімін (АЙ 10). Садиқ бирла Фарух үчүнч Зу-н нураиин. ‘Али төртиланчи ол әрсиг тоңа. – Садиқ пен Фарух, үшіншісі - Зу-н нураин. Төртіншісі – Ғали, теңдесі жоқ батыр.
Жұрнақтарға қатысты айтылған зат есім тудырушы -ынч жұрнағы мен реттік сан есімнің жұрнағы генетикалық жағынан бір болу керек. -нч жұрнағының құранды (-н + ч) екендігі жөнінде айтылып келеді, ал кейіннен жалғанған -ы, -и (-н + ч + и) элементін М. Томанов тәуелдік жалғаудың үшінші жағы деп түсіну орынды дейді. Бұл арада ерекше көңіл аударатын жұрнақтардың бірі – -иләнчи тұлғасы.
Болжалдық сан есім Заттың, құбылыстың сан мөлшерін болжап, тұспалдап көрсететін сан есімдердің бір түрі – болжалдық сан есімдер. Тарихи тұрғыдан болжалдық сан есімдер туралы көп айтыла бермейді, өйткені қазіргі қазақ тілінде қолданылатын болжалдық сан есім жұрнақтарының бәрі бірдей көне түркі тілінде кездеспейді. ҺХ дастанында болжалдық санды білдіретін бирар сөзі ғана бар. Бирар сөзі морфологиялық жолмен өте көне -ер жұрнағы арқылы жасалған. Бұл жұрнақ арқылы жасалынған осы бір ғана сөз қазірге дейін сақталған. Мысалы: Ниқаб көтрүр ажун бирар көз ашар. – Пердесін көтеріп, дүние бірер көзін ашар (АЙ 221). Ничә татик ердин бирар саһу келур. – Небір ұқыпты ерден бірер мүлт кетеді (АЙ 361). Ничә пур һунарда бирар ‛айб болур. – Небір асқан өнерде бірер мін болады (АЙ 362). Йериб мұны бирар йана өггучи. – Мұнан (фәниден) жиреніп және оны бірер мақтаушы! (АЙ 432). Бұл сөйлемдерде қолданылған бирар сөзінің мағынасы қазіргі қазақ тіліндегі мағынасына сәйкес келеді. Ал көне жазбалар тілінде бирар сөзі ‛бір-бірден’ дегенді білдірген.
Қазіргі түркі тілдерінде болжалдық санды білдіретін аффикстер бірнешеу, солардың ішінде көп кездесетін түрлері: -ча, -джа. Мысалы: онларджа; қыр. бешче; түр. онларджа; өзб. миңтача; хакас. отысча; якут. уонча ~ уончака т.б.
-лаған ~ -даған ~ -таған ~ -лыған ~ -дыған ~ -тыған аффикстері арқылы болжалдық сан есімнің жасалуы: башқ. ундаған; қазақ. жүздеген; ноғ. алтавлаған; тат. унлаған; уйғ. онлиған.
-дай аффиксі арқылы болжалдық сан есімнің жасалуы: баш. (диал.) алтмыштай; қазақ. жетпістей; қыр. отуздай. Көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдеріндегі болжалдық ұғымды білдірудің аналитикалық жолы есептік сан есімдердің қосарланып келуі арқылы жасалады. Мысалы: қазақ. төрт-бес; қараш-балк. бир-еки, төрт-беш; хак. пис-алты т.б.
Бөлшектік сан есім ҺХ-та зат пен құбылыстың сандық бөлшегін синтаксистік тәсіл арқылы білдіретін бір ғана бөлшектік сан есім кездеседі. Мысалы: Қаны бү күн анлар мыңында бири. – Қайда бүгін солардың мыңнан бірі (АЙ 204). Мұндағы мыңында бири қазіргі кезде мыңнан бірі түрінде қолданылады, яғни жатыс септік жалғауын шығыс септігі алмастырған. Бұл жөнінде «Септіктердің алмасып қолданылуы» атты тақырыпта айтылады. Қазіргі тілімізде тәуелдеулі жатыс септігі мен тәуелдеулі бір сан есімінің тіркесі қолданылмағанмен, мұндай синтаксистік қатынас ілуде бір, ілуде біреу сияқты сөз тіркестерінде қолданылып, ‛анда-санда, оқта-текте бір рет, біреу’ деген мағыналарда жұмсалады. Бірде бір тіркесі де (‛ешкім, ешбір’ мағынасын беретін) мұндай бөлшектік мән бермейді. Мың тоғыз жүз дегенді кейде мыңда тоғыз жүз деп қолданады. Мыңда сөзі жатыс септігінде келіп тұрғанымен, мұнда да бөлшектік мағына байқалмайды. Кейде сан есімдер бір-бірінен алшақ тұрғанымен де, контекстен олардың бөлшектік мағынаны білдіріп тұрғандығы байқалады. Мысалы: Мың ер достда бири болунмаз көни. – Мың ер достың бірі шыншыл болмас (АЙ 382). Мұндай синтаксистік байланыс тек сан есімдермен ғана емес, есім сөздермен де болады: елигларда қутлуғ, қылықларда едгү т.б. Сондықтан бөлшектік сан есім жасауда бұл тәсіл өнімді жұмсалған болуы керек. Көне түркі тілінде мынадай мысалдар кездеседі: икегүде бириси ‛екіден бірі’, йэтегуде бириси ‛жетіден бірі’ (Қисаси Рабғузи).
Бөлшектік сан есімнің құрамы екі есептік немесе жинақтау сан есімдерінен болуы мүмкін: екіден бір, бестен біреуі. Ал онның бесіншісі десек, бұл жерде бөлшектік мағынаны білдірмейді, рет санын көрсетіп тұр.
Қазіргі түркі тілдерінде осындай екі мүшенің алғашқысы жатыс, шығыс, ілік септіктерінде келеді. Мысалы: әзірб. дөрдда бùр, йузде он ùкù; гаг. бёшта ики; қырым-тат. бештэ үч; түр. үчте бір, дөртте үч; әзірб. (диалек) оннан ùки, үшдäм бир; башқ. бùштен өс; қ.қалп. төрттен бір; қырғ. төрттен экù; қум. екиден бирù; ноғ. алтыдан экі; тат. өчтäн ики; түркм. ондан бір; өзб. түрттан уч, йузтадан битта; ұйғ. үчтин иккиси.
Алтай мен Сібір түркі халықтарының тілінде және кейбір басқа да түркі халықтарында бөлшектік сан есімдер изафетті тіркес түрінде жасалады: алт. бештиң үч үлүзи; қазақ. төрттің бірі; қ.қалп. төрттің бірі; құм (диал) сегизни алтысы; тув. үштүң ийизи; ұйғ. бäшниң иккиси (~бäшниң икки кисми); хак. төрттің үзі; шор. төрттиң үжи (~төрт пөлүктиң үш пөлүги).
Тұжырымдар
Қазақ тіліндегі сан есімдер тарихы көне түркі жазбаларындағы сан есімдермен сабақтас.
Сан есімдер көне замандардан-ақ семантикалық топарға жіктеле бастаған.
Сан есімдердің құрылымдық жүйесі айқындалған, өзіне тән қосымшалары бар.
