- •Кіріспе. Тарихи грамматика – тіл тарихы туралы ғылым. Тарихи грамматика курсының мақсаты мен міндеттері
- •Тарихи фонетиканың зерттеу нысаны. Көне түркі тіліндегі дыбыстар жүйесі және қазіргі түркі тілдеріне ортақ белгілері
- •Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесінің даму ерекшеліктері
- •Фонетикалық құбылыстар мен заңдылықтар
- •Тарихи лексикология Кіріспе. Тарихи лексикологияның зерттеу нысаны, жалпы лексикологиядан айырмашылығы. Тарихи лексикология және этногенез
- •Тарихи морфологияның нысаны мен зерттеу әдістері
- •Қосымшалардың даму ерекшеліктері және этимомлогиялық табиғаты
- •Сөз таптарының қалыптасу тарихы
- •Сын есімнің морфологиялық сипаты
- •Есімдіктердің лексика-морфологиялық сипаты
- •Етiстiктердiң диахрониялық сипаты. Есiмше мен көсемшелердiң тарихи дамуы
- •Жалғаулық және оның түрлері
- •Септеуліктер мен демеуліктер
- •Септеуліктер
- •Тарихи синтаксис
Тарихи морфологияның нысаны мен зерттеу әдістері
Қазақ тілі морфологиясының тарихи негіздері.
Морфологиялық құрылымдардың лингвистикалық заңдылықтары.
Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі сөздердің құрылымдық ерекшеліктері.
Түбірлер мен қосымшалардың даму ерекшеліктері.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: морфема, морфология, түбір, өлі түбір, синкретизм.
Дәріс мәтіні (тезис)
Тарих морфологияның зерттеу нысаны. Тарихи морфологияның зерттеу нысаны сөздердің даму ерекшеліктері болып табылады. Замандар бойы түрлі өзгерістерді басынан кешірген тіліміздегі сөздердің морфологиялық құрылымында әр кезеңнің куәсі болатын түрлі элементтер кездеседі. Тарихи морфология сол элементтердің сырларына үңіледі, негізге ерекшеліктерін қарастырады. Сонымен қатар, құрылымдық жүйесінің орнығуы – түбірлер мен қосымшалардың пайда болу, жасалу жолдары, сөз таптарының қалыптасуы тарихи морфологияның зерттеу нысанына кіреді.
Бұл орайда мәселенің оңтайлы шешілуі үшін түрлі тәсілдерге жүгінуге тура келеді. Біріншіден, қолданылатын тәсіліміз, тарихи ескерткіштер материалдарына жүгіну.Екіншіден, туыстас тілдер фактілеріне жүгіну. Үшіншіден, қазақ тілінің өз ішіндегі сөздерді салыстыру арқылы морфологиялық құрылымдардың бұрынғы тұлғаларын қалпына келтіреміз.
Тарихи ескерткіштер материалдарын басшылыққа алу қазіргі морфологиялық құрылымдардың бастапқы тұлғаларын анықтаудың оңтайлы жолдарының бірі. Сондықтан көне түркі жазба ескерткіштері материалдарына жүгінеміз. Күнделікті өмірде қолданылып жүрген көптеген сөздерді сол жазба ескерткіштер материалдарымен салыстырғанда бір негізден тарайтынын байқаймыз. Мысалы, Тоныкөк ескерткішіндегі Екинти сөзі, 1. екінші: екинти күн келти – екінші күні келді (168) мағынасында жұмсалған. Осы сөйлемдегі екінті тұлғасықазіргі кезде екінті яғни күннің екінші жартысы дегенді білдіретін сөз. Осы мезгілде оқылатын намаз атауы да қазақ тілінде екінті деп аталады. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі екінші мағынасында сан есім мәнінде жұмсалса, қазір бұл екеуі де екі түрлі мағынадағы зат есім ретінде жұмсалып отыр.
Тарихи жазба ескерткіштер материалдарымен салыстыру арқылы қазір түбір сөз ретінде қаралып жүрген көптеген бұлғалардың құрамын морфологиялық тұрғыдан бөлшектеуге болатындығы анықталады. Айталық, «жөргек» сөзінің шығу тегін іздеу барысында оның «жөрмеп тігу» тіркесіндегі «жөрмеу» сөзімен бір негізден тарайтындығы белгілі болды. Мысалы, көне түркі ескерткіштерінің материалдарында Мынандай мысал кездеседі: Ол адзақын йөргәди – ол аяғын орады. Ал «Көне түркі сөздігінде – йөр – орауын жазу, байлауын шешу мағынасын, йөргә - орау, құндақтау мағынасын білдіреді. Бұл мысалдар жөргек сөзінің өзін жөр-ге-к түріндегі морфемаларға жіктелетіндігін көрсетіп отыр.
Тілдегі сөздерді туыстас тілдер фактілерімен салыстыра отырып, талдаулар жасау да тіл тарихын зерттеуде қолданылатын маңызды тәсілдердің бірі. Мысалы, қазақ тілінің байырғы сөздерінде дыбыс және буын үндестігі қатаң сақталған. Қосымшалардың бірнеше фонетикалық вариант
тарының болуы да сондықтан. Бір ғана мысал ретінде көптік жалғауын алайық: қазақ тілінде 6 түрлі -лар (-лер), -дар(-дер), -тар (-тер), нұсқаларында айтылса, өзбек тілінің кей диалектілерінде ғана болмаса, дыбыс үндестігі аса сақтала бермейді. Осыған орай, әдеби тілінде бірғана -лар тұлғасы қолданылады. Көне түркі жазба ескерткіштерінде де -лар (-ләр) тұлғаларында келіп, көптік жалғау қызметін атқарады.
Осы мәселеге байланысты қазақ тіліне туыстығы жақын тілдерді салыстырып көрелік. Қыпшақ тобына жататын тілдерде көптік жалғау көрсеткіштері мынандай: қарақалпақ, ноғай, құмық тілдерінде –лар(-лер), қарайым тілдерінде -тар, -лар(-ләр) тұлғаларында қолданылады. Бішқұрт тілінде -лар(-ләр), -тар (тәр), -дар(-дәр), -зар (-зәр) тұлғаларында кездессе, құмық тілінде -ла(-ле) тұлғаларындағы қосымша көптік мағына береді.
Мұнан шығатын қорытынды қазақ тіліндегі көптік жалғу көрсеткіштері -лар (-лер) көне тұлға болса, -дар (-дер), -тар (-тер) дыбыс үндестігін сақтауға байланысты кейіннен қалыптасқан формалар деген тұжырымғы әкеледі. Өйткені, жазба ескерткіштерде жоқ болғанмен, тілдік фактілерді өз ішінді салыстыру арқылы, қазіргі кезде, онан ертеректегі ерекшеліктерді анықтауға да қол жеткізіліп отыр. Көптік жалғауының дыбыс үндестігіне байланысты түрлі нұсқаларының қалыптасуы кейінгі дәуірде қалыптасты деген тұжырым жасауға да, осы туыстығы жағынан өзара жақын тілдерді салыстыру тәсілі мүмкіндік беріп отыр.
Туыстас тілдерді салыстыру тек көптік жалғауына ғана байланысты емес, сонымен қатар жіктік, тәуелдік, септік жалғаулары және басқа да сөз тудырушы көптеген қосымшалардың түпкі негізін анықтауда тиімді әдіс.
Тіл тарихын зерттеуде қолданылатын әдістердің бірі – қазақ тілінің өзара ұқсас элементтерін өзара салыстыру болып табылады.
Қазіргі тұлғалары түрліше қалыптасқанмен мағыналары жақын сөздер мұндайда бірден-бір тиімді жол. Мысалы, бүлін, бүлдір, бүлік т.б. сөздерінің құрамындағы –ін (іс-ін, жылы-н), -дір (жаз-дыр, қыз-дыр, жүз-дір), -ік (іс-ік, біл-ік, құр-ық) т.б. көптеген сөздердің құрамында келіп, қазір сөз тудыруда белсенді қызмет атқарады. Осы қосымшалар арқылы түбірдің бүл- екенін анықтап отырмыз. Мұнан өзге қазақ тілінде мағынасы көмескілеу тын-ық, шын-ық, был-ық, жал-ық, т.б. көптеген өлі түбірлерді кездестіреміз. Демек, түбір мен қосымшалардың ұзақ уақыт бойы бірге қолданылуының нәтижесінде екеуі тұтасып, кіріккен түбір жағдайына жеткені байқалады. Дегенмен, «олар қандай себептермен бір-бірінен ажырамайтындай жағдайға жеткен» - деген сұрақтарға жауап іздеу оңай емес. Бұл жайды түбір ұғымының тарихи сипатымен түсіндіруге болатын секілді. Мысалы ерте кезде са- (санау), ба- (байлау), қыд- (қыдыру) т.б. түюір саналуының себебін көптеген түркітанушылар сол кезде толық мәнді сөз болған деп түсіндіреді. Салыстыру арқылы көптеген түбірлес сөздердің бөлшектеуге келмейтін, мағыналық жағынан бәріне ұйытқы болған ең түпкі бөлшегін теориялық тұрғыдан анықтауға болады. Бірақ қазір олар қосымша морфемасыз қолданылмайды. Мысалы, аң-сар, аң-ғар аң-да, аң-да, аң-ыр, аң-қау, аң-сыз т.б.; ел- ел-ті, ел-ік, ел-гезек, ел-жіре, ел-ір, ел-п ету т.б.; қай-, қай-т, қай-ыр, қай-ра, қай-қы, қай-сар т.б. Бұл түбірлер морфемасын түбірлес сөздер парадигмасы бойынша талдау әдісі. Демек, тіліміздегі көптеген сөздерді біз шартты түрде түбір сөз деп қараймыз. Шын мәнінде олар - өлі түбірлер мен қосымшалардан тұратын тарихи туынды түбірлер. Ол диахрондық зерттеулер нәтижесінде анықталады.
Тұжырымдар
1. Қазақ тілінің тарихи морфологиясы сөз құрылымдық жүйесінің қалыптасу мен даму жолдары туралы мағлұмат береді. Ол әрбір мағыналық бөлшектерді назарында ұстайды, тілдік табиғатының өзіндік ерекешеліктері туралы мәліметтер береді.
2. Қазақ тілінің тарихи морфологиясы сөздердің құрылымдық жүйесіне түрлі талдаулар жасайды:
- қазақ тілі морфологиясының тарихи негіздері;
- қазақ тілінің құрылымындағы кірме элементтер;
- қазақ тілінің тарихи морфологиясын зерттеу әдістері;
- қазақ тілінің морфологиялық құрылымын туыстас тілдер фактілерімен салыстыр азерттеу.
