- •Кіріспе. Тарихи грамматика – тіл тарихы туралы ғылым. Тарихи грамматика курсының мақсаты мен міндеттері
- •Тарихи фонетиканың зерттеу нысаны. Көне түркі тіліндегі дыбыстар жүйесі және қазіргі түркі тілдеріне ортақ белгілері
- •Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесінің даму ерекшеліктері
- •Фонетикалық құбылыстар мен заңдылықтар
- •Тарихи лексикология Кіріспе. Тарихи лексикологияның зерттеу нысаны, жалпы лексикологиядан айырмашылығы. Тарихи лексикология және этногенез
- •Тарихи морфологияның нысаны мен зерттеу әдістері
- •Қосымшалардың даму ерекшеліктері және этимомлогиялық табиғаты
- •Сөз таптарының қалыптасу тарихы
- •Сын есімнің морфологиялық сипаты
- •Есімдіктердің лексика-морфологиялық сипаты
- •Етiстiктердiң диахрониялық сипаты. Есiмше мен көсемшелердiң тарихи дамуы
- •Жалғаулық және оның түрлері
- •Септеуліктер мен демеуліктер
- •Септеуліктер
- •Тарихи синтаксис
Жалғаулық және оның түрлері
Сұрақтар:
Қазақ тіліндегі жалғаулықтардың тарихы бойынша дереккөздер.
Жалғаулықтардың мағыналық түрлері.
Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі жалғаулықтардың грамматикалық қызметі.
Жазба ескерткіштердегі жалғауықтардың өзге қосымшалық тұлғалардан ерекшеліктері.
Дәріс мәтіні (тезис)
Ыңғайластық жалғаулыққа жататын йана, йема сөздері – қазіргі тіліміздегі және шылауының көне нұсқасы. Қазіргі кезде кейбір түркі тілдерінде осы й-мен келетін йана нұсқасы қолданылады. Йема нұсқасына қарағанда, йана нұсқасы біздің тілімізге жақындау. ҺХ-та йана сөзі және, тағы, қайтадан мағыналарында 6 рет, ал йема сөзі және, тағы мағыналарында 2 рет қолданылады. Мысалы: Йема һандим алғыл ұзатма амал. – Және ақылымды ал. Амал-айлаға берілме (АЙ 293). Йема төрт ешиңа ыдурман салам. - Тағы да төрт досыңа сәлем жолдаймын (АЙ 31). Тағы, және шылаулары қайталанып айтылған қимыл-әрекетті немесе біріңғай баяндауыштарды, кейде біріңғай бастауыштарды байланыстырады. Йема шылауы сөйлемнің басында келіп, және ақылымды ал, тағы да сәлем жолдаймын түрінде қимылдың екінші рет қайталанып тұрғандығын білдіреді.
Қарсылықты жалғаулық уа лайкин, уа лйикин сөздерімен беріледі. Бұл – арабтың сөзі, бірақ мағынасын береді. ДТС-да валакин нұсқасы берілген: мүнүм йоқ валакин кишилар айур у меня нет пороков, однако люди говорят, (что есть). ҚБ-те уалакин жалғаулығы басқа жалғаулықтарға қарағанда біршама аз жұмсалады. Уа лакин қарсылықты жалғаулығы басқа да араб, парсы сөздері сияқты ислам дінінің келуімен байланысты енген болу керек. Өйткені Орхон - Енисей ескерткіштерінде бұл жалғаулық қолданылмайды.
Уа, һәм жалғаулықтары сияқты лакин жалғаулығы да қазақ тілінде ұзақ уақыттар бойы қолданыста болды. Оны алдыңғы тақырыптарда айтқан болатынбыз. Абай он екінші қара сөзінде лакин, уа лакин, бірақ сөздерін бір абзацтың ішінде қатар жұмсаған. Бұл негізінен белгілі бір стильдік мақсаттан туған болу керек. Лакин жалғаулығы өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан, Астрахан ноғай-қарағаштарының тілдері сияқты біраз түркі тілдерінде қазір де қолданыста бар.
Талғаулықты жалғаулықтардың ’аду, йа түрлері қолданылады. ’аду жалғаулығы араб тілінен, ал йа жалғаулығы парсы тілінен енген. Йа жалғаулығының ’аду жалғаулығына қарағанда қолдану жиілігі жоғары. ҺХ-та аду бір ғана жерде, ал йа 5 жерде кездеседі. Мысалы: Не йазды ажунға бу сахиб һунар Негүга бу аны улашу қынар Харисларны көтрүп нафисни чалып ’аду қутсыз ажун қарып му мунар. – Бұл дүниеге өнерпаз не жазды? Не себепті бұл үнемі қинай береді? Арамдарды көтеріп, адалды (аяқтан) шалып, Әлде құтсыз (дұшпан) дүние алжып қартайған ба? (АЙ 427). Соңғы сөйлемді алып қарасақ, әлде жалғаулығы өзі қатысты сөйлемнің басында келіп тұр. Екіншіден, сөйлемге күдіктену, күмән келтіру мәнін беріп тұр. Үшіншіден, сұраулық мән де дүдамал ой тудырады.
Себеп-салдарлық жалғаулық
Жалғаулықтың бұл түріне көне түркі сөздігінде анин сөзі кездеседі, сол себепті, сондықтан мағыналарын береді. Ескерткіште 4 рет қолданылған. Бұл сөйлемдердің барлығында да анин шылауы екінші жай сөйлемнің басында келеді, сөйтіп алғашқы сөйлемдегі қимыл-амалдың салдарын, нәтижесін білдіреді. Мысалы: Бида’дин йықықлы киши қалмады. Анин күнда арта турур бу бида’. – Бейбастықтан тиятын кісі қалмады. Сондықтан бейбастықтар күнде көбеюде (АЙ 394). Ахы ер билигни йета билди көр Анин сатты салды сана алды көр. – Көрдің бе, жомарт білімді жете меңгерді. Сол үшін малын сатып, мақтау алды (АЙ 237). Келүр күз кечар йаз барур бу’умур Тугатур умурни бу йазым көзүм Анин ош чықардым бу туркча китаб. – Күз келеді, жаз кетеді, бұл өмір өтеді. Бұл өмірді жазым көзім түгеседі. Сондықтан осы түрікше кітапты шығардым (АЙ 453). Битидим бу таңсуқ турфа сөзларин халы барса өзүм атым қалсу деп Анин үз ерүр бу китаб бир сөзүг. – Мұны таңданарлық тартымды сөздермен жазып шықтым. Егер өзім өлсем, атым қалсын деп. Сондықтан бұл кітап үздік болды. Бір сөзді (АЙ 457).
М. Қашқари сөздігінде де анин формасы қолданылады. Мысалы: Улуғ тәңрі ағырлады анын құт қыв тозы (?) тоғды великий бог сказал (ему) милость, поэтому заклубилась пыль (?) его счастья (МК I 300). Ұлы тәңірінің (оған) мейірі түсті, сондықтан оның құтының (бақытының) тозаңын көтерді.
Қазіргі кезде бұл жалғаулық көнеленген, тілімізде қолданылмайды.
Шарт мәнді жалғаулық
ҺХ-та шарт мәнді жалғаулықтардың екі түрі кездеседі: агар, қалы. Қалы жалғаулығы – 1 рет, ал оның халы нұсқасы – 5 рет, агар жалғаулығы 9 рет қолданылады. Яғни қалы жалғаулығына қарағанда, агар жалғаулығының қолданылу жиілігі басымдау. Шарт мәнді жалғаулықтардың екі түрі де сөйлемнің басында келіп, басыңқы сөйлем мен бағыныңқы сөйлемді байланыстыруда дәнекерлік қызмет атқарады. Мысалы: Қалы болса атлас унутма бөзүң. – Егер атлас кисең, /бір кезде киген/ бөзіңді ұмытпа (АЙ 354). Халы чықса бектин тишиңни сыйур. – Егер /тілің/ шыға қалса, тісіңді мықтап сындырады. (АЙ 132). Еки нәң бириксә бир ерда халы Түканди ол ерге мурувват йолы. – Егер екі нәрсе бір адамға бас қосса, Ол адамға жақсылық жолы кесілгені (АЙ 153). Халы сөзласаң сөз билип сөзлагил. – Егер сөйлейтін болсаң, біліп сөйле (АЙ 226). Бұл құрмалас сөйлемдердегі шарттық мәнді тудырып тұрған – хал жалғаулығы мен шартты райдың -са, -се жұрнағы.
Агар – парсы тілінен енген жалғаулық. Агар жалғаулығының беретін мағынасы мен сөйлемдегі атқаратын қызметі жөнінен қалы жалғаулығынан бәлендей айырмашылығы жоқ. Мысалы: Агар болса адлың қатығлық меңа. – Егер әділдікпен шешсең, менің /жазам/ ауыр (АЙ 40). Агар му ’мин ерсаң тавазу’ қылын. – Егер мұсылман болғың келсе, көнбісті бол (АЙ 280). Агар кибр идиси асылман деса Айайын мән аның жауабын кеса. – Егер мақтан иесі: «Менің тегім асыл», - десе, Мен оның жауабын кесіп айтайын (АЙ 289). Агар йығдың ерса умурлуғ тавар Бурун башқа бөркни кейар баш керак. – Егер өмірлік мал жиған болсаң /біліп қой!/ Алдымен бөрікті кие алатындай бас керек (АЙ 299). Бұл жалғаулықтар синоним ретінде қолданылады.
Қалы жалғаулығы ҚБ-те де, ДЛТ-те де кездеседі. ДЛТ-те қалы-ның егер жалғаулығынан басқа қалай мағынасын беретін сөз екендігі көрсетілген. Бірақ біз қалы сөзінің тек жалғаулық қызметін қарастырдық. Ал агар жалғаулығы ҚБ-те өте сирек қолданылса, ДЛТ-те мүлде кездеспейді. Қалы жалғаулығы мен агар жалғаулығының XI ғасырларда қолданылу жиілігі бірдей болмаған. Агар дан гөрі қалы жалғаулығы жиірек қолданылған. Ал XII ғасырлардан бастап агар жалғаулығының қолданылуы басым бола бастаған. Біртіндеп халы жалғаулығы қолданыстан шығып, орнын агар, егер жалғаулығы басқан. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде татар (әгәр), ұйғыр (әгәр, әгәр дә), әзірбайжан (әкәр), қарақалпақ (эгер), Астраханның ноғай-қарағаштарының (әгер) тілінде және қазақ (егер, егер де) тілдерінде сақталған.
Тұжырымдар
1. Қазақ тіліндегі жалғаулықтардың тарихи негізі көне дәуірлерден басталады.
2. Жалғаулықтардың мағыналық түрлері даму барысында қалыптасқан.
3. Қазақ тіліндегі жалғаулықтар тарихи дамудың жемісі.
4. Кірме қосышалар тарихи факторлардың нәтижесі.
