Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
соц.методы ответы экзамен.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
182 Кб
Скачать
☆
  1. «Орта деңгей теорияларына» ұғымына түсініктеме беріңіз

Әлеуметтану білімінің деңгейлерінің қиылысуы нәтижесінде оның өзіндік нысаны ретінде орта деңгей теориялары шығады, олар: тұлға әлеуметтануы, білім әлеуметтануы, т.б. Бұл жерде мәселе зерттелетін объектінің сипаты бойынша ғылыми білімнің құрылымдық элементтерінің бөлінуі жөнінде болып отыр. Орта деңгей теориясы немесе арнайы әлуеметтану теориялары қоғамдық өмірдегі әлеуметтік институттардың және топтардың жекелеген жақтары мен салаларын қамтиды. Олар әлеуметтік ғылымның да, әлеуметтану ғылымының да пәнаралық өзара әрекеттесуі дәстүрінде дамиды.

«Орта деңгей теориялары» ұғымын американдық әлеуметтанушы Р.Мертон енгізді. Ол іргелі және эмпирикалық зерттеулердің қарама-қарсылығы нәтижесінде пайда болып, «жоғары» теория және нақты құбылыстар мен процестерді зерттеп білуде алынған эмпирикалық мәліметтер арасындағы «көпірге» айналды. Орта деңгей теориялары зерттеудің теориялық және эмпирикалық деңгейлерін үйлестіреді, бұған қоса жалпы әлеуметтану теорияларына да және нақты әлеуметтану зертетулерінің нәтижелеріне де сүйенеді.

Орта деңгей теориясының басты ерекшелігі мынада: олар тәжірибемен органикалық түрде байланысты және адамзат іс-әрекетінің нақтылы салаларын зерттеуге ғылыми негіз болады. Әлеуметтану құрылымына орта деңгей теориясын енгізу әлеуметтанушылар жұмысының тиімділігін арттырды, олардың зерттеулерінің ауқымын кеңейтті және тереңдете түсті, әлеуметтік процестерді басқару үшін ғылыми және тәжірибелік ұсыныстардың құндылығын мойындауға ықпалын тигізді. Өмірдің түрлі салаларын қамтитын көптеген салалық әлеуметтанушылар пайда болды. Олардың ішінде табысты түрде өзіндік ерекшелігі бар ұғымдар аппараты, зерттеу әдістемелері жасалынады, мәліметтер базасы жинақталады, теориялық талдау қорытындылары жасалып, жаңа тұжырымдамалар мен теориялар қалыптасады.

Орта деңгей теорияларының барлығын шартты түрде үш топқа бөлуге болады:

  • Әлеуметтік институттар теориясы, ол күрделі әлеуметтік тәуелділіктер мен қатынастарды зерттейді (отбасы әлеуметтануы, білім әлеуметтануы, еңбек әлеуметтануы, экономикалық әлеуметтану, саяси әлеуметтану, ғылым әлеуметтануы, дін әлеуметтануы және басқалар);

  • Әлеуметтік қауымдастықтар теориясы, ол кіші топтан бастап әлеуметтік топқа дейінгі қоғамның құрылымдық бірліктерін қарастырады (әлеуметтік құрылымдар әлеуметтануы, ұйым әлеуметтануы, этноәлеуметтану, өңірлер әлеуметтануы, қала әлеуметтануы, кіші топтар әлеуметтануы, жастар әлеуметтануы, т.б.);

  • Арнайы бағытталған әлеуметтік процестер теориясы, ол әлеуметтік өзгерістер мен процестерді зерттейді (ауытқушылық мінез-құлық әлеуметтануы, икемділік әлеуметтануы, қоғамдық қозғалыстар әлеуметтануы және т.б.);

Отбасы әлеуметтануы – отбасының қалыптасуы мен қызмет етуін, отбасылық – некелік қатынастарды нақтылы мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайда зерттейтін әлеуметтанудың бір саласы. Мұнда отбасы әлеуметтік институт ретінде ерлі-зайыптар, ата-аналар мен балалар және басқа туған-туыстары арасындағы өзара қарым-қатынастарын реттеп отыратын әлеуметтік нормалар жиынтығы ретінде сипатталады.

Тұлға әлеуметтануы – тұлғаны оның әр түрлі іс-әрекеті барысында пайда болатын әлеуметтік қатынастардың объектісі және субъектісі ретінде зерттейді.

Еңбек әлеуметтануы – еңбекті адамның және қоғамның өмір сүруінің негізгі шарты ретінде қарастырады. Еңбек,ең алдымен,адам мен табиғат арасында болатын процесс, онда адам өз әрекетімен табиғатпен екі ортадағы зат алмасуды реттеп, бақылап отырады. Ол адамдар мен қоғамның өмір сүруіне қажетті игіліктерді өндіруде біріккен және ұжымдық әрекет ретінде көрініс береді.

Жастар әлеуметтануы – балалық шақтан ересектер әлеміне өтпелі сатыда тұрған әлеуметтік-демографиялық топтың мінез-құлқын зерттейтін әлеуметтанудың бір саласы. Олар өмірдің отбасылық және онан тыс кезеңінен өтеді, қалыптасқан жағдайға байланысты нормалар мен құндылықтар жаңа арнаға түседі, осының бәрі өзіндік ерекшелігі бар, жастарға тән мінез-құлықтан, сана-сезімнен және жастық субмәдениет ұғымынан көрініс береді.

Аймақ әлеуметтануы – зерттеу пәні ретінде белгілі бір әлеуметтік аумақтық қауымдастық шеңберіндегі адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекетін бөліп көрсе де, әлеуметтік аумақтық қауымдастықтар қалалық және ауылдық жерлерде орналасуына орай тұрақты экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстар мен қатынастар секілді жүйелендірілген белгілерге ие болады.

Девианттық мінез-құлық әлеуметтануы – орта деңгей теориясы ретінде әлеуметтік нормалар талабынан ауытқитын әлеуметтік мінез-құлықтың белгілі бір нысандарын зерттейді. Девиацияның түрлері, оның пайда болу себептері, әлеуметтік ауытқушылықты реттеп отыратын әлеуметтік қадағалаудың түрлері мен нысандары қарастырылады.

Гендер әлеуметтануы – әйелдер мен ерлердің әлеуметтік сипаты мен мәртебелерінің ұқсастығы мен айырмашылығының әлеуметтік механизмдерін зерттеуге бағытталған. Гендерлік тұрғыдан әлеуметтенудің, жіктеудің және стратификацияның әлеуметтік процестері қарастырылады, саяси, құқықтық, экономикалық және мәдени қатынастардың гендерлік аспектілері анықталады.

Атап көрсетілген орта деңгей теориялары қоғамдық өмірдің жекелеген салалары мен бөлімдерінің әлеуметтану проблемаларын қарастырумен айналысады, оларды зерттеудің теориялық және эмпирикалық деңгейлері табысты түрде үйлесіп жатады. Әлеуметтану білімінің жинақталуына қарай зерттеудің жаңы ауқымдары қалыптасады, ол тиісінше әлеуметтануды барлық уақытта өз заманына сай ғылым етіп отырады.