- •Бұқаралық ақпатар құралдары коммуникация жүйесінде
- •1.1 Бұқаралық ақпарат құралдары және оның қоғамға әсері
- •1.2 Эксплицитті және имплицитті ақпарат
- •Бұқаралық ақпарат құралдарының түрлері
- •1.4 Жалпы теледидар хабарларының түрлері
- •2 Бұқаралық ақпарат құралдары тілінің нашақорлық семантикасында әсер ету қызметі
- •Сөз мағынасын зерттеу ғылымы және оның зерттелуі
- •Сөз мағынасының қоғаммен байланысы
- •2.3 Мағына және ақпарат ұғымдарының арақатынасы
- •Сөз мағынасының құрылымы және ақпарат.
- •2.5 Ақпарат таратушы отандық және шетел телеарналары
- •2.6 Шетел хабарларының нашақорлық семантикасында әсер ету қызметі
- •Сауалнама
1.1 Бұқаралық ақпарат құралдары және оның қоғамға әсері
Тәуелсіздігімізді нығайту мақсатында Отанға деген сүйіспеншілік, яғни патриоттық тәрбие алдыңғы қатарға шығатыны сөзсіз. Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу мемлекеттік маңызды мәселе екенін тағы бір еске сала кеткен жөн болар. Бұл жөнінде Қазақстан және Ресей Білім академияларының академигі Б. Момынбаевтың “Отаншылдық білім мен тәрбиенің тұғыры болуға тиіс” деген мақаласында: “... Осы тұрғыдан келгенде, қоғамдық сананы қалыптастыруда, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесінде БАҚ-тың жетекші орынға шығып отырғаны өмір шындығы. Солай бола тұра, бүгінгі таңда қазақстандық БАҚ жүйесіндегі еркіндіктің бассыздыққа ұласып бара жатқаны айырықша алаңдатады” дейді [4].
Бұл мақалада қазақ жерінде қазақстандық БАҚ-тан гөрі шетелдік БАҚ-тың пайыздық көрсеткіші жоғары деген мәлімет берілген. Одан әрі автор отаншылдық жайындағы ойын жан-жақты сараптай келе: “Біздің ойымызша, БАҚ-тың ең киелі міндеті ақпараттық-ағартушылық ұстаным болуға тиіс. Бұл ретте, БАҚ-тың рөлі бүгінгі таңда бірінші орында тұрғанын социологтар бірауыздан мойындайды. Демек, Қазақстан БАҚ-тарындағы ұрпақты аздыратын, ұлтты тоздыратын кейбір бейбастақтықты ауыздықтау проблемасы әбден шегіне жеткенін терең сезінуіміз керек” деген ұтымды ой айтады.
Соңғы кезде жүргізілген зерттеулер балалар мен жасөспірімдер өмірінде бұқаралық ақпарат құралдары рөлінің барынша артып келе жатқанын көрсетіп отыр. Ғалымдардың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе оның ішінде теледидар ересектерден гөрі балалардың өмірінде елеулі орын алады. Оған дәлел ретінде аталған проблемалармен айналысып жүрген ресейлік ғалым А.Журиннің еңбектеріндегі келтірілген деректерді атап өтуге болады. Онда Ресей балаларының ақпарат құралдары өнімін пайдалану дәрежесі жан-жақты баяндалады. Сонымен қатар, 1992-1999 жылдар аралығындағы әртүрлі жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде теледидардың алдыңғы орынға шыққаны көрсетіледі.
Сондай-ақ, А.Журин зерттеу барысында өте маңызды тағы бір мәселеге көз жеткізген. Мысалы, балалардың ақпарат құралдарына риясыз сенетіндігі, яғни журналистердің бұрыс ақпарат беруіне негіз жоқ деп есептейтіндіктері. Аталған деректерге сүйенсек, жеткіншектерді тұлға ретінде қалыптастыру барысында бұқаралық ақпарат құралдары белсенді құрал болады деуге толық негіз бар. Бірақ, ғалым бұл әрекеттің кейбір жағдайда кері ықпал тигізетінін де естен шығаруға болмайтынын ескертеді. Ресейде жүргізілген сауалдаманың нәтижелеріне қарағанда, сұралғандардың 67 пайызы қазіргі теледидар бағдарламалары балалар мен жасөспірімдерге кері әсер етеді деп есептейді. Тек 14 пайызы теледидар жастарға оң ықпал етеді, яғни нақты өмірге бейімделген еркін де бастамашыл адамдарды тәрбиелейді деген пікірде. Ал сауалдамаға қатысқандардың 13 пайызы электронды БАҚ-тың Ресей жастарының адамгершілік қасиеттеріне кері әсер етіп отырғанын сезінбейтінін айтады. БАҚ-тың ықпалы біреулер үшін оң болса, енді біреулер үшін кері әсері бар. Бұл мәселе қашаннан талас тудырып келе жатқаны белгілі. Сол себепті БАҚ-тың адамға ықпалы ең тиімділердің қатарына жататындықтан, оның мүмкіндіктерін қажетті бағытта пайдалануға болатынын ескерген жөн.
Тағы да А.Журиннің пікіріне жүгінсек, бұл проблеманы шешудің бірден-бір жолы — өсіп келе жатқан тұлғаны ақпараттық қорғау, оның ішінде теріс әсері бар әртүрлі ақпараттардан қорғау керек. Өйткені, қазіргі оқушылар қай жағынан алғанда да өте белсенді. Әсіресе, ақпарат әлеміне енуге мүмкіндік жоғары болған сайын олардың қызығушылық әрекеті де ұлғая түсуде. Дәл осы кезеңде мектеп тарапынан жасалатын әрекет алдыңғы қатарға шығуы қажет. Мектеп маңызды әлеуметтендіруші институт ретінде оқушылардың бойында білім, білік, дағды қалыптастыруға тиіс десек, аталған проблеманы шешу жаңа заманның мұғалімдеріне жүктеледі [5,15]. Бірақ, бір қиындығы, кеңестік дәуірде де, қазіргі уақытта да мектеп өз алдына балаларға ақпаратты “қажет”, “қажетсіз” деп ажырата білуге үйрету міндетін ешқашан мақсат етіп қойған емес. Соған қарамастан, бұл проблеманы шешуде мектеп шешуші рөл атқарады.
Себебі, басқа әлеуметтендіруші институттармен салыстырғанда, мектептің тәрбиелеушілік ықпалы жоғары және мүмкіндігі зор. Демек, бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін дұрыс таңдай білуге үйрету үшін әртүрлі шаралар ұйымдастыру, ойластыру қажет. Мысалы, өткен ғасырдың 60-70 жылдары Ресейдің бірнеше мектептерінде, көңілге қонарлық жұмыстар жүргізілген, яғни бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде мерзімді басылымдардың тәрбиелеушілік ықпалын пайдалануға негізделген арнайы жоспар жасалып, сол жоспардың аясында әртүрлі шаралар ұйымдастырылған. Ол жоспарда төмендегідей бірнеше міндеттер белгіленген:
– оқушыларды мерзімді басылымдарды оқуға деген саналы сұранысқа тәрбиелеу;
– қоғамдық-саяси және танымдық маңызы бар мақалаларға қызығушылығын қалыптастыру;
– оқушылардың бойына басылымдармен жұмыс істей білу іскерлігі мен дағдыларын сіңіру;
– аталған міндеттерді шеше отырып, мектеп мұғалімдері оқушылардың идеологиялық-саяси, еңбек, эстетикалық, адамгершілік тәрбиесін жолға қоюдың тиімді құралы ретінде мерзімді баспасөздің мүмкіншілігін кең түрде пайдалануы керек деп көрсетілген.
Мұндай тәжірибені 90-жылдары Алматы қаласының мектептерінде де жүзеге асырғаны белгілі. Атап айтқанда, №2 республикалық мектеп-интернатта, Әл-Фараби атындағы №145 мектепте де мерзімді баспасөздегі материалдармен жұмыс жүргізуге арналған шаралар ұйымдастырылған. №2 мектеп-интернатта бұл факультатив сабақ түрінде жүргізілетін-ді. Бұл пәнді оқу арқылы оқушылар қоғамдық пікір тудыратын күшті қарудың құдыретімен таныса алатын. Сол арқылы оқушылардың дүниетанымын, өмірге көзқарасын қалыптастыруға тиімді жол табылды. Сондай-ақ, сабақ кезінде оқушылар күнделікті газеттерде жарық көрген мақалаларға талдау жасап, өз пікірлерін ортаға салатын. Сабақ өзіндік пікірі қалыптасып үлгерген жоғары сынып оқушыларымен жүргізілетін. Онда тек мектеп мұғалімдері ғана емес, Әл-Фараби атындағы ұлттық университеті журналистика факультетінің ғалымдары дәріс оқыған-ды. Осындай игі шараны қазір де республика мектептеріне түгелдей енгізуге болар еді.
Бала санасының қалыптасуында өзіндік орны бар бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбиелік ықпалын пайдалану үшін, ең алдымен, балаларды соған тәрбиелеу керек. Тағы да С. Елубаевтың мақаласына оралар болсақ, онда: “Тәуелсіздігіміздің 15 жылында біз үлкен экранға, телеэкранға қалай ие болып отырмыз? Күніне жүздеген мың қазақстандық рухани тәрбие алып жатқан киноэкран жас ұрпақ санасына қай елдің қандай тәрбиесін құйып жатыр? Қай елдің идеологиясын сіңіріп жатыр? Экранына ие бола алмаған жұрт ұрпағына ие бола ала ма? Күмәніміз бар. Ұрпақ тәрбиесі — мемлекеттік мәселе” деп жас жеткіншектерді тәрбиелеу мәселесінде ақпарат құралдарын дұрыс бағытта пайдалану керектігін айтады.
Ендеше, БАҚ-тың бала тәрбиесіне әсері жөнінде айтылған тұста, оның тәрбиелік ықпалына көбірек көңіл бөліп, керісінше зиянды деп табылатын бағдарламаларға тосқауыл қоюдың уақыты келді. Ондай мысалдарды дамыған елдердің тәжірибесінен де кездестіруге болады. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Франция сияқты мемлекеттерде балаларға қатысты бағдарламаларды сараптаудан өткізу, олардың дамуына кері әсерін тигізетін хабарлар қатаң түрде бақылауға алынады. Сонымен қатар жас жеткіншектердің тұлға ретінде дамуына сәйкестігі мақсатында ақпараттық өнімді жасаушылармен тығыз байланыс жүргізуді ұйымдастыру жағы да қарастырылған. Ондай қарым-қатынасты жүзеге асыру саясаты тікелей мемлекеттік дәрежеде жүргізіледі. Ол үшін заң органдары әртүрлі нормативтік актілер дайындайды. Аталған елдердегі бұл шаралар БАҚ-тың қызметіне қол сұғу деп танылмайды. Өйткені, балалар тұтынатын БАҚ өнімдеріне деген көзқарас аталған елдердің ұрпақтың болашағына деген сергектігін көрсетеді [6,3].
Бұқаралық ақпарат құралдары адам баласы үшін дүниетанымдық тұрғыдан қосымша әлеуметтендіруші құрал ретінде қарастырылады және ол соған қызмет етуде. Демек, олар адамзаттың дүниені танып-білуінде, қосымша білім алуында үлкен рөл атқарады. Бірақ БАҚ-тың, соның ішінде теледидардың көрермендерді өзіне тәуелді ету ықпалының өте жоғары екенін ескере отырып, одан берілетін қандай да бір бағдарламаның көрерменді әртүрлі сезімде ұстау мүмкіндігін де әсте естен шығаруға болмайды.
Теледидар жас жеткіншекке эмоционалдық тұрғыдан, яғни бірде қатты қуануына, енді бірде қобалжуына, мазасыздануына, үрейленуіне тікелей әсер ете алады. Бұған қоса соңғы он-он бес жылдың көлемінде еліміздің ақпарат кеңістігінде әртүрлі шетелдік басылымдардың, телеарналардың көбейіп кеткені тағы бар. Кабельді және спутниктік телеарналардың өрісі кеңейе түсті. Өз кезегінде олар жеткіншектерді өз идеологиясы шеңберінде “арбап” ұстайды. Әсіресе, Батыста, кейінгі кезде Ресейде де көптеп шығарылып жатқан қатыгездікке толы фильмдер, мағынасы түсініксіз мультфильмдер, айқай-шуға толы музыка жеткіншектер санасына, денсаулығына, тәрбиесіне теріс әсер ететіні сөзсіз. Бұл жайында 2005 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің 85 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылған “Қазақ баспасөзі жаһандану дәуірінде” атты халықаралық ғылыми конференцияда да проблемалық мәселе көтеріліп, тәрбие саласында жүрген мамандарға ой салатын көптеген пікірлер айтылды. Конференцияда жаһандану үдерісінің еліміздің дамуына тигізер оң әсерімен қатар, оның ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тілімізді сақтап қалуда белгілі дәрежеде қиындықтар әкелетіні туралы да айтылды. Аталған конференцияда жаһандану дәуіріндегі қоғамның ақпараттануы салдарынан қазірдің өзінде кездесіп отырған көкейкесті мәселелер бар екендігі жан-жақты сөз болды. Сондай пікірлердің бірінде филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы: “Ұлттық болмысымыздың тұтастығы туралы айтар болсақ, спутник байланысы арқылы берілетін “Nickelodeon” телеарнасы еске түседі. Батыстың бізге арнап хабар тарататын бұл арнасы бала біткенді бірден баурайды. Үйіңізде мектеп жасына дейінгі бала болса, “Nickelodeon-ның” құрбаны болды дей беріңіз. Бұл арнадағы мультфильмдердің перзент психологиясына әсер ету мүмкіндіктері терең ойластырылып, шебер қиюластырылған. Оның хабарларын үзбей көрген бала айғайлап-шыңғырып, басын қабырғаға соғып жүретін кейіпкерлердің қимылын айна-қатесіз қайталайтыны сөз болған.
Шынында да, аталған арнадан көрсетілетін мультфильмдердің мазмұнына мән берсеңіз, бала жүйкесіне әсер ететін жайттар өте көп. Мысалы, “Котопес” атты мультфильмдегі басты кейіпкердің іс-әрекеттерімен қатар, оның сыртқы бейнесі бала жүйкесіне қатты әсер етеді. Осы мультфильмді көріп отырған бір бала құбыжық бейнелі кейіпкер жөнінде анасына сұрақ қойыпты. Ол сұрақ басты кейіпкердің дене бітіміне байланысты болған, мысалы, басты кейіпкердің (мультфильмнің аты айтып тұрғандай ит пен мысықтың) денесі бірігіп кеткендіктен, оның дәрет сындыруы қалай жүзеге асырылатыны бала үшін түсініксіз. Егер педагогикалық тұрғыдан балаға өтірік айтуға болмайтынын ескерсек, анасы жаңағы сұраққа қалай жауап беруі керек?
“Jetix” ағылшын тіліндегі балаларға арналған арнасынан берілетін мультфильмдердің кейіпкерлері шетінен қатыгез. Арнада мутанттардың, шамандардың әрекеттерін насихаттауға арналған дүниелер жеткілікті. Осы арнада “Monster Warriors” атты сериал жүреді. Сериалдың қысқаша мазмұнына тоқталар болсақ, онда кезінде өзі жасаған фильмдерді қабылдамаған адамдарға өштескен Клаус Фонштайн Хауер деген профессор алып монстрларды, өрмекшілерді, динозаврларды және т.б. қорқынышты кейіпкерлерді ойлап тауып, оларды адамдарға қарсы қоюмен шұғылданады.
Қысқасы, кейінгі кезде балаларды теледидар хабарлары мен әртүрлі бағдарламалары тәрбиелеуде. Осыған байланысты белгілі жазушы С.Елубаевтың “Егемен Қазақстан” газетінде (2006 жыл, 6 қаңтар) жарияланған мақаласына назар аударсақ: “...Бүгінде экран — әсіресе, телеэкран адамзаттың негізгі ақпарат көзі. Газет, кітап ондаған, жүздеген мыңға жетпей шаршап-шалдығып жатса, заманауи экран құлашы кең, ол ондаған, жүздеген миллионды бір-ақ қармайды. Демек, қазіргі ұлт үлкен экранды игермей, замана додасына төтеп бере алмақ емес. Тілден бастау алатын ұлттық санаға ие болғыңыз келсе, үлкен экранға ие болыңыз. Кино мен телевидениеге ие болыңыз”,- дейді. Бұл пікірден түйетін бір ой — бүгінгі күні телеарналардағы кейбір бағдарламалар балалардың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп отырғандығы.
Шетелдік мультфильмдердің немесе бағдарламалардың жасалу технологиясы өзгеше, балаларды қызықтыру өте жақсы ойластырылған. Шетелдік дүниелер балалардың орнынан тапжылмай көруіне арналып жасалған деуге болады. Ата-аналардың айтуына қарағанда, балалар түгілі әлгі мультфильмдердің ересектерді де еріксіз өзіне тартып алатын әсері күшті. Балаларға арналған мультфильм деген дүниенің ішінде кәмелетке толғандар ғана білуге тиісті бірталай ақпарат айтылады. Оны бала бірден түсіне алмағандықтан, оны ата-анасынан, болмаса өзінен ересектерден сұрайды. Алған жауабына байланысты балаларда әртүрлі түсінік қалыптасуы мүмкін және сол түсінік балалардың өмірінде кей жағдайда шешуші рөл атқарып жатады. Мысалы, жоғарыда айтылған телеарналардағы мультфильмдерді көретін сана-сезімі толық қалыптасып үлгермеген балаларда бірнеше жағымсыз мінез-құлықтың белгілерін байқауға болады. Біріншіден, олар сол мультфильмдердегі кейіпкерлердің (мысалы, ұсқынсыз Арнольд, Хельгалар) терминдерімен сөйлеуге ұмтылады. Және өздеріне қызық көрінгендіктен сол әрекеттерін дұрыс деп ойлайды. Екіншіден, бала ағзасына пайдалы болып табылатын таза ауада серуендеу, спортпен айналысу сияқты қажетті шараларды кері ысырып қойып, бос уақытының барлығын теледидардың алдында өткізеді. Демек, қазіргі балалар таза ауадағы ойын мен спортты теледидардағы түрі ұсқынсыз мультфильм кейіпкерлеріне ауыстырды деп есептеуге болады. Үшіншіден, теледидарды тапжылмай көру баланың денсаулығына міндетті түрде кері әсер етеді. Төртіншіден, отандық телеарналар әзірлеген бағдарламалардағы ерекшеліктерді байқамайды, себебі ол арналарды мүлде қарамайды, тіпті елімізде қандай арналар бар екенін білмейтін балалар да аз кездеспейді.
Тағы бір айта кетерлігі, балалардың көпшілігінің кеңестік, кейін қазақстандық мультипликаторлар, киногерлер жасаған мультфильмдерді, балаларға арналған фильмдерді, яғни гуманизмге басымдық берілген туындыларды көруге құлықтарының төмендеп кеткені. Оған басты себеп — тәрбиенің дер кезінде берілмегендігі салдарынан батыстың арзанқол дүниелерінің бала санасын жаулап үлгеруінде. Екіншіден, БАҚ-тың қандай жағдайда да, оның ішінде жеткіншек тәрбиесінде ең ықпалды күш екенін әлі де толық мойындамауымызда.
Қазіргі кезде қандай бағдарламаны болсын көруге, тыңдауға барлық жағдай бар. Жаһандану заманында сырттан келіп жатқан ақпараттарға ешбір тосқауыл қойылып отырған жоқ. Ал мұның өзі балалардың БАҚ материалдарын ретсіз тұтынуына әкеліп отыр. Педагогика ғылымдарының докторы А.Құсайынов бұл әрекетті «медиазорлық» деп санайды. Шын мәнінде, оң мен солын әлі танып үлгермеген балалардың қалыптасуына кері әсері бар зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдерді көруге мүмкіндік туғызу – үлкен қиянат. Ғалым “Егемен Қазақстан” газетінде жариялаған “Медиазорлық және балалар” атты мақаласында Ресей ғалымдарының пікірлеріне сүйене отырып, ата-аналар балаларына барлық жағдай жасай келе, әйтсе де оларды агрессиядан қорғай алмай отырғанын айтады. Ал агрессия мен жаман қылық көбіне теледидардан берілетін зорлық-зомбылыққа толы фильмдерді көргеннен соң пайда болады.
Жоғарыда айтылған мәселелердің қай-қайсы да енді ғана қалыптасып, дамып келе жатқан мемлекет үшін көкейкесті проблема болып табылады. Өйткені, жетпіс жылдан кейін тәуелсіздіктің арқасында ана тілімізге, ұлттық дәстүріміз бен салт-санамызға жан-жақты мән бере бастағанда, жаһанданудың кері әсерінен немесе балаларға уақытында дұрыс бағыт бермеуден оны қайта жоғалтып алу қаупі бар.
