Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Аспан денелери атауларынын концептуалды ориси.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
466 Кб
Скачать
☆

2.3 Қазақ танымындағы «Жұлдыз» концептісі

Көне замандарда басқа аспан шырақтары сияқты Жұлдыздарға байланысты наным-сенімдер болған. Қазақ тіліндегі жұлдызы жоғары, жұлдызы жалған, жұлдызы оңынан туды, жұлдызы қарсы, т.б. фразеологизмдерден көне замандағы жұлдыздың құдіретіне сенушіліктің, оған табынушылықтың белгілерін байқауымызға болады. Шынында да көпшілік халықтар, соның ішінде түркі халықтары жұлдыздарды ерекше қадірлеп, оларды адамдар, жан-жануарлар, хайуанаттар, т.б. ретінде қабылдап, ат берген. Ал ерте дәуірлерде жұлдыздар жер бетіндегі тіршілік атаулыға әсер етеді деп сеніп, оларға табынған. Мұны қазақ арасындағы жұлдызбен қатысты наным-сенімдерден көруімізге болады. Бұл жөнінде кезінде Ш.Уәлиханов: «Тағдыр сүйген адамды қазақтар «жұлдызы жоғары адам» дейді. Қазақтар жұлдыз адам тағдырына әсер етеді деп сенеді»,- деп жазған [40, 127 б]

Жалпы қазақ ұғымындағы әрбір адамның аспанда жұлдызы бар, одан дүниеден өткен бойда көктегі жұлдызы ағып түседі. Сондықтан аққан жұлдызды көргенде қазақ «өз жұлдызым жоғары болсын» немесе «менің жұлдызым емес» деп дауыстап айтады да, дүниеден өткен адамға арнайы бағыштап бата жасап, бетін сипайды. Таң алдында ақпа жұлдыздар (метеорлары) жиірек ағады. Халық түсінігінде бұл мезгілде адам өлімі көп болады, сондықтан жұлдыздар да жиі ағады. Мұны халық ішінде бар тағы бір сенім толықтыра түседі. Халқымыздың сенімі бойынша, ауырып, әл үстінде жатқан адам үшін түн баласында екі қауіпті кезең бар. Бірі – жұлдыз туып, жамырай бастаған шақ та, екіншісі жұлдыз сөнер мезгіл, таң алдындағы уақыт, халық ұғымынша, осы екі мезгілде адам көп өледі.

Жоғарыда аталған жұлдыздармен қатысты наным-сенімдер мұсылман дінінен бұрынғы түркі халықтарындағы табиғатқа табынудың белгілері. Ал мұсылман дінінде жұлдыздар туралы түсінік басқаша болып келеді. Мұсылмандық мифологияда аққан жұлдыздарды аспанның жетінші қабатына өтуге тырысқан перілерді қуу үшін періштелердің лақтырған тастары деп түсіндіреді. Бір кезде осы мұсылмандық аңыз қазақтар арасына да тараған.

Көне заманның өзінде-ақ түркі тайпалары көктегі жұлдыздарды бақылап, олардағы құбылыстарды күнделікті тұрмыс-тіршіліктің қажетіне пайдаланғаны белгілі. Жұлдыздарға қарап түнгі уақытты ажыратқан, ауа-райын болжаған. Жұлдыздар туралы сан ғасырлық халықтық білім тәжірибесін меңгерген адамдарды жұлдызшылар деп атаған. Мықты жұлдызшылар болашақ туралы болжамдар айтқан. Бұрынғы уақытта мұндай жақсы жұлдызшыларды ел билеген қаған, хан, әскербасылар қол астына ұстап, оларға лайықты құрмет көрсеткен. Мұның материалдық айғақтары кейбір археологиялық қазбалардан табылып отыр. Археологтар Орталық Қазақстандағы Жанғабыл өзенінің бойындағы УІП-Хғғ. жерленген бір жұлдызшының зиратын тапты. Онда қабірге мүрдемен бірге «жұлдыз тас» — метеорит салынған, Қабір үстіне қаланған тастар арқылы күн бейнесі көрсетілген, Зират үстіне оба үйіліп, оның жанына жұлдызшының граниттен шабылған тас мүсіні қойылған. Бұл жәйт ежелгі түркілердің өмірінде жұлдызшылардың белгілі роль атқарғандығын көрсетеді.

Кейінгі дәуірлерде жұлдызшылар тек аспандағы жұлдыздардың қозғалысын, құбылысын бақылап қана қоймаған жалпы табиғаттағы метеорологиялық құбылыстарды, жан-жануарлар, хайуанаттар, өсімдіктер дүниесіндегі өзгерістерді, т.б. назардан тыс қалдырмаған. Мұндай адамдар жылдың әрбір күніндегі табиғат ауа райы туралы нақты болжамдар айтқан. Сондықтан қазақ мұндай зерделі, зерек адамдарды есепшілер деп те атаған.

Халқымыздың жұлдызшы, есепшілердің тәжірибесі бойынша, түнгі аспанда жұлдыздардың аз-көп көрінуі мен алдағы күннің жұлдыздар арасында байланыс бар. Егер түнгі аспан жүзінде жұлдыздар бұлыңғыр көрініп, мөлшер жағынан көзге аздау шалынса, онда келер күннің ауа райы бұзылады. Жауын-шашын немесе боран-бұрқасын болуы мүмкін. Керісінше, көк жүзінде жұлдыздар барынша жарқырап, жамырай көрінсе, егер қыс болса, ертеңгі күн ашық, аязды болады да, ал жаз кезі болса, қатты ыстық болуы тиіс.

Халқымыз жұлдыздардың тууын, қозғалуын, батуын бақылай отырып, түнгі уақытты біршама дәлдікпен ажырата алған, Күзеттегі жылқышы, қойшы, түнгі жолаушы аққан жұлдыздың көк жүзінде көбірек көрінуіне қарап, таңның жақындағанын шамалаған. Ал Үркер, Босаға, Сүмбіле, Таразы, т.б. жұлдыздардың тууы мен батуын бақылай отырып, жыл ішіндегі уақытты дәл айыра алған.

Жұлдыздың символдық мән – мағыналарын құрамында осы атау бар тіліміздегі фразеологизмдерден аңғаруымызға болады. Бұларға қазақ тіліндегі көркемдегіш құрал ретінде қолданылатын мынадай тұрақты теңеулерді атай аламыз: жарқыраған жұлдыздай, жұлдыздай жайнау, жұлдыздай жалтылдау, жұлдыздай жиі, жұлдыздай көп, т.б. Мысалы. Екі көзі' жұлдыздай, жайнап кетіп барады (Батырлар жыры), Осы діңгектің өн бойына жазғытұрым қаз-үйрек, шағала жұлдыздай жиі жұмыртқа салады (С.Мұқанов).

Жоғарыда қазақ арасындағы жұлдыздар туралы наным-сенімді сөз еттік. Ал құрамында Жұлдыз атауы ұшырасатын көркемдегіш құралдардың да бар екенін атай кеткеніміз орынды. Бұларға мына фразеологизмдерді атауымызға болады: аққан жұлдыздай, аққан жұлдыздай сырғу, аққан жұлдыздай жүйтку, ағып түскен жұлдыздай т.б. Мысалы, Жал құйрығын жел соғып, Жұлдыздай аққан сырғиды (Батырлар жыры); Өз өмірінде әдейі бұған арнап, ағып түскен жұлдыздай елес берді (М.Әуезов).

Жалпы халқымыз көне замандарда жұлдыздардың құдіретіне сеніп, оларға табынса, бертін келе олардағы құбылыстарды, өзгерістерді өздерінше танып, біліп, мұны өмірдің қажетіне пайдалана алған. Сонымен қатар бабаларымыз жұлдыз косомонимі бейнелі сөз тудыру үшін де қолданған. Бұған жоғарыда аталған фразеологизмдер мысал бола алады.

Ай, Күн, Жұлдыздар қысқа қайырғанда аспан денелерінің қазақ халқының тұрмысындағы қазіргі кезде немесе жылдар бойы қандай ұғымда қалыптасқандығын жеке-жеке атап өттік. Енді олардың концептілік мәнін мақал-мәтелден іздестіріп көрсек.

Мақал-мәтелдерде халқымыздың өзіндік ой-өрісі, білім-тәжірибесі т.б. тұжырымдалған. Бұған тіліміздегі аспан денелерінің атауларына байланысты кейбір мақал-мәтелдермен көз жеткіземіз.

Ай шалқасынан туса – ай бойы аяз. Бұл мақал қазақ арасындағы халықтық сеніммен байланысты шыққан. Өйткені халықтың сенім бойынша, егер жаңа ай тігінен туса, ауа райы шаруаға жайлы, жылы болады. Ал Ай шалқасынан туса, ай суық, жайсыз болып өтеді. Бұл сенім тіліміздегі «Айдың тік туғаны халыққа жайлы, шалқасынан туғаны өзіне жайлы» деген мақалдан да айқын көрінеді.

Ай қырынан туса айбалтанды сайла, Ай шалқасынан туса, күрегінді сайла. Ай қырынан яғни тігінен туса, жаз шыға бастайды. Ал ертеректе жаз айларында қуғын-сүргінді жарық күндері басталады. Көрші елдер бір-біріне қарымта қайтару, кек қуу мақсатында жорықтар жасайды. Аталмыш мақалдағы «Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла» деген жолдар осыны аңғартады. Жер мен Айдың қозғалыстарына байланысты күз айларында Ай бірте-бірте жантая туып, ал желтоқсан айында шалқалап туа бастайды. Қыстан малды, әсіресе қойға қараған арық-құрақты аман алып қалу үшін бұрынғы кезде қалың жауған қарды аршып, малдың бір мезгіл жерден аттауына жағдай жасаған. сөз етіп отырған мақалдағы екінші жол соны меңзейді.

Ай қорғалау. Қазақ Айдың кеш туғанын немесе кемігенін «ай қорғалады» дейді. Бұл фразеологизмдерді түсіндіретін қазақ арасында аңыз да болған. Аңыз бойынша, баяғы заманда Ай мен Күн егіз туған екі керемет сұлу қыздар екен. Әсіресе, Ай сұлуырақ болыпты. Бірде Ай сұлулығын, әдемілігін айтып, мақтанады. Бұл күннің қызғанышын туғызады да, ол Айдың бетін тырнап, бетіне мықтап дақ түсіреді. Содан бері Күнге жақындап барғанда Ай қорғалап бетін жасырады. Ал қашықтағанда Ай толып Күннің қызғанышын қоздыру үшін бетін түгел көрсетіп, мақтанады. Сонымен тіліміздегі ай қорғалау фразеологизмі жоғарыда айтылған аңыздың негізінде пайда болса керек.

Бетін айдай қылу. Кінәлі, жазықты, оңбаған, опасыз адамды жұрт алдында кінәсін бетіне басып, масқараласа, мұны қазақ «бетін айдай қылды» дейді. Мысалы: Бәрі жаңағы айтқандай: Оразбайдың бетін айдай қыламыз, айыпты етеміз, сол айып-қиыбымен Абайдың аяғына әкеп- жығамыз дескен еді (М.Әуезов). Бұл фразеологизмнің тіліміздегі қара бет қылу фразеологизмімен мәндес, синонимдес екені белгілі. Ал соңғы фразеологизм қазақ арасындағы масқаралау салтымен байланысты шыққан.Өйткені қазақ бұрын кінәлі, опасыз адамды жазалағанда, бетіне күйе жағып, атқа, есекке теріс қаратып отырғызып, ел аралатып, масқарасын шығарған. Ай бетінде де дақтың бары белгілі, осы дақты кінәлі адамның бетіне жағылған күйеге ұқсатқан да, сондықтан «бетін айдай қылды» деп те айтқан.

Ай қарап жүр ме? Бұл фразеологизмдер түсіндірме сөздікте мынадай түсінктеме берілген: «Ай қарап жүр ме? Босқа жүр, түк көрмейді деген мағынада». Ал фраезологиялық сөздікте: «Ай қарасы, Құр бекерге, тектен-тек қарап отырды; ештеңе бітірмей, күні босқа өтті», деп ай қарады фразеологизмнің мағынасын ашады. Сонымен осы фразеологизмнен мәндес ай күзетті, ай күзеттің бе? деген фраезеологизмнің тілімізде барлығы белгілі. Біздің мөлшерде байланысы бар. Бұрын атап өткеніміздей, халқымыздың Айға, әсіресе оның жаңа ай фазасына табынған. ескі айдан кейін яғни ай арасы кезінде көл жүзінде Ай көрінбейді де, белгілі бір уақыттан соң жаңа ай түрінде туады. Айға табынған бабаларымыз жаңа айдың тууын ерекше күткен. Сондықтан жаңа ай туар қарсаңында далада болып, ай туысымен оған иіліп тәжім етіп, жақсылықтар жасауын өтінген. Бір кездегі осы салтты сипаттайтын сөз тіркестері бірте-бірте тура мағыналарынан ажырап, фразеологизмге айналып, тілімізде жоғарыда көрсеткендей, ауыспалы мағыналарға ауысқан. Күн теңелу. Желтоқсанның соңғы аптасында күн ұзара бастайды. Осы табиғи процестің нәтижесінде наурыздың 21-нде күн мен түн дәл бірдей уақытқа яғни әрқайсысы 12 сағатқа ие болады. Мұны «күн мен түннің теңелуі» немесе «күннің теңелуі» дейді. Жыл бойына күн мен түн екі рет теңеледі. Күн мен түннің 2 рет теңелуі 23.09-да болады. сондықтан бұл құбылыстарды көктемгі, күзгі күн теңелу деп атайды.

Шығыс халықтарының, соның ішінде қазақ халқы да көктемгі күн теңелуі ерекше құрметтеп, жаңа жылды осы күннен бастап есептеген. Бұрын қазақ көктемгі күн теңелген күнді «ұлыстың ұлы күні» деп атаған.

Жұлдыз көру. Қазақ арасында жұлдызға қатысты наным-сенімдердің бірі - жұлдыздың от тәрізді пәле-жаладан аластайтын күшіне құдіретіне сену. Мәселен, Атырау, Маңғыстау қазақтарында қазіргі күнге дейін өлген адамды ораған кілемді, оның киімдерін «жұлдыз көрсін» деп іліп қояды да, қараңғылық түсіп, жұлдыздар жамырай бастағанда жинап алады. Мұндай салт Қазақстанның басқа аймақтарында да бар екен.

Жалпы, жұлдыз көру фразеологизмі жұлдыздар құдіретіне сенушіліктен пайда болған.

Ай қараңғысы. Айдың кеш туғанын қазақтар «ай қараңғысы» деп атады. Мысалы:

Бүгін айдың нешесі,

Ай қараңғы кешесі,

Жазғы қатын демесең,

Қартайса да ілгері табады. Бар халық осы әлемді қабылдайды, бірақ оны әр түрлі елестетеді.

Демек, тіл – таным бәйтерегі. Сондықтан тілдегі ғалам бейнесі адамның әлемді тануының өзегі болып табылады. Э.Сепир мен Б.Уорф болжамы бойынша түрлі тіл өкілдері әлемді өз көзқарасы негізінде танып, өзінше пайымдайды. Басқаша айтқанда, тіл біздің ата-бабаларымыздың «ғалам бейнесін» қалпына келтіруге көмектеседі. Кез келген тілдегі ғалам бейнесі екі жақты сипатқа ие: бір жағынан, кез келген тілдегі ғалам бейнесі адамның әлемге көзқарасымен байланысты болса, екінші жағынан нақты әр тілдегі әлем моделіне әлеуметтік – мәдени қоғамдағы ұлттық «әлем бейнесі» жалғасады. Осының нәтижесінде жеке тіл өзіндік сипатқа ие болады. Әр табиғи тіл ғаламды өзінше бөлшектейтіні белгілі, ол дегеніміз – тілдің өзінің ерекше концептуализациялық (әлемді ұйымдастыру) әдістері бар. Басқаша айтқанда, әр концептуальды тілдің негізінде ерекше бір модель жатыр немесе ғалам бейнесі бар. Сондықтан сөйлеуші осы модельге байланысты өз ойын жинақтап, баяндауы қажет. Соңғы кездегі ғаламның тілдік бейнесін зерттеу бағытында ізденістерде ұлттық сипатқа ие жеке концептілер қаралады. Концепт ұғымы – когнитивтік лингвистикадағы негізгі ұғым. Семантикалық бағытта концепт сөзге сәйкес келсе, логикалық бағытта ұғыммен сәйкес келеді. Демек, әлемнің пәк бейнесі (наивная картина мира) когнитивтік модельде айқындалады. Ол өз кезегінде ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Ал ғаламның кез келген ұлттық тілдік бейнесінің әмбебаптығы және өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және символ болып табылады. Осы мәселеге қатысты КТ.Юнгтің пікірін фразеолог ғалым Р.Авакова былайша нақтылайды: «Символдық мәнге ие сөздердің табиғаты ерекше, ол ерекшелік символ – сөздердің танымдық, ұлттық мәдени, фондық мағыналарын сол тілде сөйлейтін халықтың дүниені тану мен құбылыстарға баға берумен, әлемнің тіл бейнесімен тығыз байланысты».

Қорыта келе, концепт ұғымымен байланысты әлем бейнесі және әлемнің тілдік көрінісі қазіргі тіл білімінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр.Әлем бейнесін ұлт, әр адам, әр ұжым мүшесі өз дүниетанымына, мәдениетіне, ментальдық ерекшелігіне, ұлттық психологиясына, жеке психикасына, т.б. байланысты түрлі қабылдайды.

Әлемнің тұтас бейнесін тілдік бірліктер арқылы танымдық аспектіде айқындауда “концепт” термині маңызды рөл атқарады. Аспан денелері атауларының концептуалды өрістері тілімізде тілдік бірліктерде, сөз қолданыстарында, мақал-мәтелдерде, көркем әдебиетте, тұрақты тіркестерде молынан ұшырасады. Келесі зерттеу жұмысымызда аспан денелері атауларының концептуалды өрістерін тереңірек зереттейміз деген ойдамыз.