- •Дипломдық жұмыс Тақырыбы: Аспан денелері атауларының концептуалды өрісі
- •050117-Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті
- •Мазмұны
- •1. Когнитивтік лингвистиканың теориялық негізіі...................................6-9
- •Аспан денелері атауларының концептуалды өрістері........................41-43
- •1. Когнитивтік лингвистиканың теориялық негізі
- •Когнитивтік тіл біліміндегі концепт мәселесі
- •1.2 Концептің өзге лингвистикалық категориялардан айырмашылығы
- •1.3 Концептілік талдаудың әдістері мен ұстанымдары
- •1.4 “Концепт өрісі” және “концептілік жұп” ұғымдары
- •Күнді іліп қойғандай.
- •2 Аспан денелері атауларының концептуалды өрістері
- •Аспанда жарық ай
- •2.1 Қазақ халқының танымындағы «Ай» мен «Күн» концептісі
- •2.2 Қазақ танымындағы «Күн» концептісі
- •2.3 Қазақ танымындағы «Жұлдыз» концептісі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Когнитивтік лингвистиканың теориялық негізі
Қазіргі тіл білімінде тілге деген көзқарас, оны танудың жолдары өзгерді. Тіл – біз тануға ұмтылатын бүтін бір болмыстың кішкене бөлшегі. Сондықтан тіл мәселелерін тануды сан-салалы факторлардың көмегі қажет. Мысалы, субъектінің ұғыну, ойлау қабілеті, санадағы танымы, өңдеу механизмі, тіл арқылы танылған ақпараттардың семасы, этимологиясы, уәжденуі т.б. әрекеттер тіл білімінде адамзаттың танымдық деңгейін зерттеуге бағытталады.
Тіл – ой жеткізу құралы. Ойлау әрекеті – мида болатын құбылыс, сана әрекеті. Ал, тіл санадағы бұл процессті “мағына” түріндегі формаға енгізеді. Демек, ойлау – логикалық механизмнің ақиқат көрінісі. Оның тілмен шартты байланысынан ұғым қалыптасады. Ұғым бірнеше ойдың сұрыпталуынан өтіп сөз арқылы таңбаланады. Осы тұжырымды мынадай сызба арқылы айқындауға болады: ой – ұғым – тіл.
Ойды жеткізу барысында адамның мынадай қабілеттері айқындалады: дүние туралы танымы, стереотипі, ассоциативтік қоры, жадыдағы ақпараттары т.б. Әрине бұл мәселелер антрополингвистиканың “тіл және сана”, “тіл және адам психикасы”, “тіл және адам құндылықтары”, “тіл және мәдениет”, “тіл және философия” бағыттары бойынша қарастырылады. Соның ішінде адамның танымдық әрекеті мен тілдің өзара қатынасын зерттеуде когнитивтік тіл білімінің қызметі ерекше. Когнитивтік тіл білімі когнитивизм ғылымынан тарайды. Когнитивизм – бұл адамның зердесін, ойлау қабілеті мен ментальды әрекеттері және оның жай-күйін зерттейтін ғылыми бағыт. Адамның білімі мен танымы туралы, дүниені қабылдау және ұғыну механизмі туралы ғылым. Когнитивизм адамның ойлау әрекетін тереңінен танытатын “өндірістік”, “жүйелі” ғылыми әдістер ұсынады [1, 17-33 б].
Адамның интллект, ойлау заңдылығы мәселесі мен логика, философия, физиология, психология ғылымдары айналысып келеді. Мәселен, философия ғылымында гносеология делінетін бүтін тарау таным теориясын қарастырады. Бірақ когнитивистика бағытында ескі атаулар жаңа мазмұнға ие болды. Мысалы әрбір ақиқат дүниенің (зат, оқиға, жағдаят) өзіндік болмысы когнитивизмде былай танылады: Біріншіден – заттық көрнекі бейнеде, екіншіден – қарапайым бейнеде, үшіншіден символ түрінде.
Когнитивизмнің басты зерттеу нысаны – адамзаттық когниция. Оны тек байқау, бақылау әдістері арқылы зерттеп қоймай, ментальді репрезентациясын (ішкі танымын), білімнің негізін қалыптастырған символдармен адамның стратегиялық таңбалары айқындау керек. Демек, адамның когнитивтік әлемі оның ойлау әрекеті мен тәжірибесі арқылы анықталады. Адамның бұл әрекетін танытатын негізгі белгі – оның тілі. Себебі, тіл – адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп санада реттеген нәтижесін көрсететін құрал [2].
Когнитивтік әрекеттің нәтижесінде адамның дүние туралы танымын көрсететін ой жүйесі қалыптасады. Адамның қабылдаған ақпараттары сұрыпталып, категорияланған, жүйеленген ойға шоғырланады, ол тілдік формада көрініс табады: “тілдік сана, жалпы сөз мағынасы – адамның қоғамдық тәжірибесінің құрылымдық формасы; дүние туралы білімі – индивидуалды санадағы білімінің өзекті көздері мен белгілерінің формасы (А.Н.Леонтьев). “Когнитивтік әрекеттер тілмен тікелей қатысты және олар тілге қатысты әрекеттердің формасын тудырады” (Е.С.Кубрякова).
Когнитивтік тіл білімінде жаңа ақпаратты қабылдау және өңдеу құралы ретінде мына терминдер қолданылады: Фреймдер (стереотиптік жағдаяттар мен сценарийлер); концептілер (тіл арқылы көрініс тапқан жан-жақты білімнің ойдағы жиынтығы); гештальт (дүние фрагменттерінің ұғымға дейінгі бүтін бейнесі). Когнитивтік тіл білімінің қызметі – тілдегі бейнеленген мазмұнның санада қандай ақпараттар негізінде қалыптасқанын, қандай ғылыми шеңберінде, қандай психикалық қабілет негізінде қабылданғанын анықтау. Сондықтан бұны когнитивтік бағыттың басты нысаны болып табылатын ұғынудың ерекшеліктерін қарастыратын фундаментальды аспектіде және дұрыс ұғынуға күш салатын қолданбалы аспектіде шешу көзделген.
Когнитивтік ғылымның зерттеу нысаны – санада бейнеленген ақпараттар мен білім [3, 180 б]. Санада бейнеленген білім когнитивтік тіл білімінде мынадай зерттеулер негізінде танылады.
Таңбаның (семиотика) түр мен типтері.
Таңбада бейнеленген мазмұн мен білімнің түрлері және сол білімді таңбадан тану және ажырату механизмі, яғни интерпретация тәртібі.
Таңбаның қалыптасуы мен дамуының шарттары (семиотикалық онтогенез) [4, 5 б].
Тілдің когнитивтік аспектісі білімді қабылдау, ұғыну концептілеу топтастыру, конструкциялау, тілде бейнелеу мәселелерін қарастырады. Адамзат үшін дүниені танудың ең бірінші кілті – ұғымның сезімдік негіздерден нәр алған сана әрекеті, ал тілдік белгі – танымның сыртқы формасы.
Б.А.Серебренников: “Тіл мен ойлау екі түрлі сала болғанмен әрқашан өзара қарым-қатынаста болады [5, 16 б]- дей келіп, олардың қатынасынан “дүние бейнесі” танылатындығын айтады. Оның бірі – концептілік бейне, екіншісі – тілдік бейне. Мұның біріншісі – ұғынуға қатысты, екіншісі тілде бейнеленуіне қатысты. “Дүниенің бейнесі” деп ақиқат немесе бейақиқат болмыстың санадағы көрінісі деп түсінген дұрыс.”
Когнитивтік бағыттың негізгі қызметі – дүниенің бейнесі белгілі бір жүйеде репрезентациялау. Репрезентация – алғашқы түсініктен бастап, дамыған бай концептілік жүйедегі түсінікке дейінгі санадағы білімінің көрінісі [5, 19 б]. Демек, когнитивтік тіл білімі – ақиқат дүние туралы санада қалыптасқан білімді репрезентациялау әдісін, заңдылығын, теориясын зерттейтін ғылым. Сонымен қатар когнитивтік тіл білімі дүние бейнесін модельдеуге, тілдік сананың құрылымын модельдеуге бағытталады. Дүние туралы түсініктің санада қалыптасуы үш деңгейлі психикалық әрекеттердің өзара қатынасынан туындаған нәтижесіне байланысты: біріншісі – сезімдік қабылдау (көру, есту, терімен сезу, иіскеп сезу, дәм сезу, т.б.) деңгейі; екіншісі – түсініктің қалыптасу деңгейі (қарапайым стереотиптер, ассоциациялар, эталондық таңбалар, жеке ситуациялар, қарапайым бейне, санадағы ойсуреттер, абстракция); үшіншісі – ойдың тілдік деңгейі. Санада қалыптасатын бұл операциялар бір дүние туралы ақпараттар жиынтығын тудырады. Осы жиынтық концепт жүйесін құрайды.
Санада сыртқы әсердің көмегімен пайда болған ақпараттар адамның эмпирикалық тәжірибесімен толықтырылады. Онымен қоса, дүниенің онтологиялық фрагменттері тілде көрініс табатын дүниенің қарапайым бейнесінде туындайды. Мысалы, ойдың метафоралануы – негізгі ментальды әрекет, дүниені тану және таныту тәсілі. Және ол жаңа білімді “ескінің көзімен” бейнелеп түсіндіруге бейім тұрады. Ойдағы нәтижені тіл арқылы тани аламыз. Себебі тіл – барлық коммуникативтік жүйенің ірі семиотикалық көрінісі. Американ тілші-ғалымы У.Чейф: “тілдің қызметі дайын концептілерді кодтау”, деп түсіндіреді. В.А.Звегинцев: “білімнің мәнділігі оның дискреттік сипатында, ал тіл одан туындайтын мынадай үш қызметі арқылы көрініс табады: біріншіден, білімді дискреттеу құралы ретінде; екіншіден, оның обекътивтенуі ретінде; үшіншіден, интерпретациялануы барысында көрінеді”, деп таниды [6, 195 б].
Демек, тілсіз адамның интеллектуалдық және рухани дүниесін анықтау мүмкін емес. Дегенмен, дүниені тану тілден тыс санадағы таңбалар мен жағдаяттардың сол дүниенің табиғатын толық аша алу деңгейіне байланысты. Санадағы кейбір жағдаяттар тілде көрініс таппай тек ойда таным ретінде сақталуы мүмкін. Бұндай дүниенің табиғатын дәл әрі нақты таныта алатын ситуациялар стереотиптік, яғни жиі қайталану барысында ғана тілдік сипатқа ие бола алады.
Қорыта айтқанда, когнитивтік тіл білімінің негізгі эпицентрі –санадағы дүниенің бейнесі (таңба), оның тірегі – концептілік құрылымдар. Дүниенің бейнесі – жан-жақты ақпарат, бұл ақпараттарды біріктіретін орта – концептілік жүйе. Сондықтан тілдің когнитивтік бағыты тілдегі ұғымды кешенді таныту мәселесін қарастырады.
Г.Гиздатов тұжырымында да когнитивтік бағыттың басты мәселесі – санадағы білімді жүйелеу. Ғалым зерттеулерінде: “Когнитивтік бағыттың негізгі қызметі – санада әмбебап модель қалыптастру” [7]- деп беріледі. Санадағы ұғымның әмбебаптық көрінісі тіл арқылы танылады. Ал тілдің кешенді қызметі бұған дейін зерттелген болатын. Л.С.Выготский: “Тіл табиғат феномені, тіл – ақпаратты таратушы” деп айқындайды [8]. Тілдің когнитивтік бағыты мынадай екі мәселені шешуге негізделеді:
1. Санадағы кешенді білімнің танымдық құрылымын анықтау;
2. Оның концептілік жүйелену тәсілін, тілдік көрінісін айқындайды;
Профессор Е.Д.Сүлейменованың зерттеуінде тілдің когнитивтік аспектіде көрінуі ондағы мазмұнның жан-жақты танылуы мен дүниені бүтіндей меңгеруден байқалады. Бірақ тіл жеке тұрып ақиқат дүниені бүтіндей таныта алмайды [9, 127 б]. А.А.Кибриктің пікірінше: “Тілдік формалар когнитивтік құрылымдарды таныта алған жағдайда ғана тіл когнитивтік қырынан көрінеді” [10, 126 б]. Ғалым Ж.Манкееваның зерттеулерінде: “Тілдегі мазмұнның сақталуы оның кумулятивтік қызметімен тікелей байланысты. Ол өз кезегінде қабылдау, ойлау, жад сияқты психологиялық ұғымдармен тығыз байланысты болып, тұтас күйіндегі когнитивтік парадигма құрайды” [11], деп тұжырым жасайды.
Қорыта айтқанда, когнитивтік тіл білімі бағытының қызметі:
- тілге дейінгі санада қалыптасқан дүние туралы ақпараттарды жинақтау және тұжырымдау (концептілеу);
- оларды бір жүйеге топтастыру (категориялау);
- дүниенің санада бейнелену көрінісін анықтау;
- тілдегі бейнеленуін анықтау.
