- •Абай бейнесі
- •Әке мен бала
- •Құнанбай бейнесі
- •Халық бейнесі
- •«Әуезов әйелдері»
- •Табиғат бейнесі
- •Айтыс, оның түрлері мен көркемдік ерекшеліктері
- •Айтыстың өзіне тән ерекшеліктері
- •Айтыстың көркемдік ерекшелігі
- •Қазақша өлең: Дулат Бабатайұлы (Аягөз, қайда барасың?)
- •«Жазушы келбеті»
- •1952-1970 Жылдар аралығында «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында түрлі қызметтер атқарды.
- •Туып-өскен ортасы
- •Ғұмар – журналист
- •Ғұмар және Алашорда
- •Ғұмар – ұлттың көсемі
- •Неден қорқам?
- •Қазақ ертегілерінің қалыптасуы
- •Жүсіпбек Аймауытов, «Ақбілек» романы
- •1970 Жылы Жұбан Молдағалиевтың таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрді.
- •1967 Жылы "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- •Көне түркі ескерткіштері туралы қазақша реферат
- •2001 Жылы Күлтегін ескерткіштерінің көшірмесі Астана қаласындағы л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне қойылды.
- •2003 Жылы Санкт-Петербургтің «Славия» баспасында «Прапамять» атты үлкен бір томдығы орыс тілінде басылып шықты.[3]
- •1904 Жылы 23 июньде өзі де қайтыс болады. Сүйегі өзінің ата қыстауы Жидебай деген жерде қойылған.
- •"Батыр Баян" поэмасы
- •2010 Қазақстан пошта маркасы
- •1925-1928 Жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген кезде «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» 1928 жылы повестерін жазады.
- •Әңгімелері
- •2002 Жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған.
- •Аласапыран
- •Қайырлы таң, достарым!
- •Балалық шағы
- •Шалкиіз жырау
- •«Шығанақ» жайлы бірер сөз
1925-1928 Жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген кезде «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» 1928 жылы повестерін жазады.
«Қорғансыздың күні» (1921) — М.Әуезовтің алғашқы жарық көрген әңгімесі. Шағын шығармада қоғам бойын жайлаған дерттің бір көрінісі зор көркемдік қуатпен ашылған. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлықка шыдамай, боранда үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді. «Қорғансыздын күні» өзінің көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек енгізді. «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді. Осыдан бастап өрбіген қазақтың көркем прозасы... уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар туғызып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын алды», — деген С.Мұқановтың пікірінде зор шындық жатыр. Әңгіменің құрылысы шымыр, көркемдік бояулары қанық, оқиғалары мен адам мінездері мейлінше шыншыл. Мұнда М.Әуезовтің кейінгі шығармаларында тереңдеп қалыптасқан ерекшеліктер де көрініс берді. Ең негізгісі «Қорғансыздың күнінде» қазақ прозасында тұңғыш рет өмір ағыстары мен қаһармандар мінезі тұтас бірлікте көрсетілді.
«Қыр суреттері» (1923), «Қыр әңгімелері» (1923), «Жуандық» (1925), «Оқыған азамат» (1923), «Жетім» (1925), «Қаралы сұлу» (1925), «Барымта» (1925) сынды әңгімелерінің тамаша суреті, қазақтың тарихы мен тұрмыс тіршілігінен мағлұмат берерлік шындығы, көркемдік қасиетімен де, жазушы шығармашылығының жарқын беттеріне айналды. Жазушы шығармашылық дарыны шыңдалған кейінгі жылдардағы әңгімелерінде жиырмасыншы жылдары жазған прозалық шығармаларындай көркемдік құдіретіне бас идірер қасиет бере алмаған секілді.
М.Әуезов «Қорғансыздың күні» әңгімесінде қозғаған тақырыбында яғни қазақ әйелінің аянышты тағдыры жайына кейін де талай рет оралды. Сөйтіп, «Кім кінәлі?», «Ескілік көлеңкесінде» сияқты шығармаларын жазады. Жалпы М.Әуезовтің әйел жайын толғап, әйел анаға деген құрметін білдіруі алғашқы қаламгерлік қадамынан-ақ байқалады. «Адамдық негізі әйел» атты мақаласы М.Әуезовтің жазушылық жолының негізгі тұғыры болуымен қатар орыс әдебиетіндегі Тургенев әйелдері секілді «Әуезов әйелдері» деп өзіне ғана меншіктей айтылатын кең құлашты, арналы тақырыпқа айналды.
Әйелге деген табынушылық сонау ерте заманда грек әдебиетінде Эсхилдің «Орестеясы», Софоклдың «Антигонасы» арқылы көрінсе, қазақ ауыз әдебиетінде ерлеріне адал серік бола білген Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс бейнелері арқылы көрінеді. Ал, ХХ ғасырдың бас кезінде Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Торайғыров т.б. әдебиеттегі әйел тақырыбын шығармаларына негізгі өзек етті. М.Әуезов те осы тақырыпты өзінше өрбітті. Жазушы жаңсақтыққа ұрынып, жалған мақтаудан бойын аулақ салған. Кейіпкерлері асқан ақылды, бойына бар қасиетті дарытқандар емес, сыршылдығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленген бойжеткендер. Үй арасы күйбіңінен аспай, көкірегі оянбай қалған, ойы таяз қазақ қыздары тірлігін де айналып өтпеген. Қазақ қыздары басындағы аяушылық тудырарлық ауыр халді суреттей отырып, ескі салттан ұзамай, ойы да шырмалған бойжеткендердің білімсіздігіне де сынмен қарайтын сияқты. Бұл жөнінде Р.Бердібаев «М.Әуезовтің 20 жылдардағы шығармаларындағы негізгі тақырыптың бірі - әйел теңдігі» деп көрсетеді. Сөйтіп, бұл шығармалардың «Сөніп жану», «Кім кінәлі?», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Қаралы сұлу» т.б. жатады деп атап көрсетеді.
«Жетім» әңгімесінде Қасым атты жетім баланың қасіретті балалық шағы, Иса деген жамағайынның қорлығына шыдамай, ауылдан қашып шыққан бетінде, қараңғы түнде, тоғай ішінде өлгені айтылады. Өмірден зәбір көргендердің мұңы мен наласын үлкен әлеуметтік толғақты мәселе ретінде сипаттау сыншыл реализмнін негізгі белгісі еді. Классикалык орыс әдебиетінің дәстүрлі үлгісінен үйренген, көп тағылым алған М.Әуезовтің алғашқы шығармаларын осы рухта бастауы табиғи болып көрінеді.
Енді бір шығармада («Барымта») таптық санасы оянбаған, байлардың алдауына оңай түсіп, тура жолын таба алмаған кедейлер тағдыры сөз болады. Досбол деген байдың сойылын соғып, намысын жыртып жүріп, қайғылы қазаға ұшыраған кедей жігіттер Қалбағай мен Қонқайдың өкінішті тарихы осы жағдайды аңғартады. Жазушы ертеден келе жатқан барымта әдетінің құрбаны болған жазықсыз жандар тағдырын жанашырлықпен суреттейді.
«Ескілік көлеңкесінде» ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш атты қыздың халі әңгімеленген. Жазушы оқиғалар мен мінездерді өмірдің өз ырғағына сай өрбітеді. Кертартпа, жалған дәстүрдің құрбаны болған Жәмештің жат шешіміне әрі күйінетін, әрі дағдаратын Қабыштың ішкі сезім арпалыстары шебер бейнеленді. Кейіпкерлердің жан толқындарын көрсетуге терендеп бару жазушының басты әдісіне айналғанын шығарма анық байқатады. М.Әуезов өмір қайшылықтары мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық прозаның үлгілерін тудырды.
Бұл шығармалардың қай-қайсысы да өмірде болған немесе болуы мүмкін жағдайларға негізделген. Таптық теңсіздіктерді, қоғамның ілгері басуына кедергі келтіретін құбылыстарды талғап, тап басып көрсете білуі, әлеуметтік типтерді терең зерттеуі жазушының қоғамдық мәселелерге сергек қарап, тегеурінді бағыт ұстағанын, сыншыл реализмнің көркемдік тәсіліне жетік төселгенін танытады.
«Жуандық» (1926) әңгімесінен жазушы шығармаларындағы жаңа бет алыстың нышаны анғарылады. Мұнда момын кедей Жақсылықтың өз жолын тауып, ерікті, баянды өмір жасауға ұмтылғаны, бірақ бұрыннан кедей-кемтарды уысында ұстап, тізе батырып үйренген Әбіш, Құрман секілді байлардың оған қиянат, зорлық жасағаны көрсетіледі. Совет өкіметінің саясаты ауыл кедейлеріне күшті ықпал жасай бастағаны Жақсылықтың өзгелермен бірге егін салып, өнім алуынан, соның арқасында малды ауылдарға жаутаң көз болмай, ел қатарына қосылуынан көрінеді. Бұл арадан жазушының қарапайым еңбек адамының ұнамды бейнесін жасауға ден қойғаны байқалады.
М.Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы шығармаларындағы негізгі тақырыптың бірі — әйел теңдігі. Шығармаларында өмір шындығына берік табан тіреп отыратын жазушы сол кезендегі қазақ әйелінің басындағы хал-ахуалды асырмай да жасырмай, қаз-қалпында көрсетеді. Бірде жазушы ата-анасының еркімен күйеуге шығып, тағдырына мойынсынған әйел тарихын («Сөніп жану») әңгімелесе, екінші шығармасында сүйгеніне қосыла алмай, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінәлі») жайын сөз етеді. Тағы бірде («Үйлену») әке әміріне көнбей, көңіл сүйген жігітімен қашып кеткен қыз хикаясына тоқталады.
М.Әуезовтің отызыншы жылдардың бас кезінде жазған очерктері мен әңгімелерінің тақырыбы да, идеялық бағдары да советтік өмір шындығына арналды. Социалистік құрылыстың табыстары, шаруашылық пен мәдениеттегі ірі жаңалықтар, адамдар санасындағы, мінез-құлқындағы өзгерістер өмірдің ішкі заңдылықтарын терең суреттеуді қажет етті.
Жазушы еңбек адамдарының жарқын бейнесін жасауға талаптанады. Ол очерктері мен әңгімелерінде колхоз құрылысын адал еңбегімен нығайтып жатқан жандардың іс-әрекеттерін тақырып етіп алды. Осы тақырыптық бетбұрыстың алғашқы тәжірибесі «Қасеннің, құбылыстары» (1933) деген әңгімеден басталады. «Қараш-Қараш» пен «Қилы заманда» халық өкілдерінің ерлік күреске қабілеттілігін тамаша бейнелеп, ірі қадам жасаған жазушының енді советтік жаңа адамдар тұлғасын бейнелеуді алдына міндет етіп қойғаны көрінеді. «Қасеннің құбылыстарында» кездесетін осындай жаңа адам — студент Сәлім. Ол кеңестік мекемеде қызмет істеп жүрсе де, қоғамның көркеюіне бүйрегі бұрмайтын ағасы Қасеннің ниетіне қарсы шығады. Әңгімеде Сәлімге берілген орын да шағын, оның бейнесі толық ашыла қоймаған. Бірақ бұл арада суреткердің идеялық бағытының мәні күшті. Бір кезде совет өкіметін қабыл алмаған кейбір адамдардың жаңа заман салтымен үйлестік таба алмай, рухани дағдарысқа түскендігін жазушы өз шығармасында үлкен көркемдік жинақтаулармен нанымды көрсете алды. Қолхоз өміріне арналған «Шатқалаң», «Іздер», «Бүркітші» атты әңгімелерінде М.Әуезов совет адамдарының социалистік меншікті, ел дәулетін қорғау жолындағы күресіне көбірек көңіл бөледі. Бұлардың оқиғалық, тартыстық жүйесінде ұқсастық байқалғанымен, идеялық, және композициялық шешімдері түрліше болып отырады.
«Іздер» (1935) — жазушының колхоз өміріне, ауылдың алдыңғы қатарлы адамдардың саналы тәртіп, сапалы еңбек үшін күресіне арналған алғашқы әңгімелерінің бірі. Бұл әңгіменің өзіндік соны өрнектері бар. Ең алдымен мұнда советтік қоғамның үлгілі адамдарының жанды да тартымды бейнелері жасалды. Олар — «Шақпақ» колхозының шопаны Несіпбай мен колхоз бастығы Құлжатай. Бұлардың екеуі де азамат соғысына қатысып, совет өкіметін орнатысады, жаңа заманға үлкен үміт артады. Сондықтан да оларды колхоз ісінің өрге басқаны қуантады, кедергілер мен зиянкестіктер ренжітеді. Өз мүддесінен көпшілік мүддесін артық санау, колхоз байлығын көздің қарашығындай сақтау үшін дамылсыз әрекет ету, қоғамдық істерге берілу — бұларға тән қасиет. Қарауындағы малы шытыр жеп уланбасын деп Несіпбай жарғақ құлағы жастыққа тимей жүреді. Өз міндетіне жауапкершілік сезімінің күштілігі Құлжатайдың да бойына сіңген ерекшелік. Колхозға орнығып алған зиянкес Жұматай, Жетпісбай сияқтылардың лаңы ортақ іске зор қырсық келтіре жаздайды. Жұматайлар аштықтан әрең аман қалған Шәріп, Әшім деген бұрынғы жалшыларды «байдың кұйыршығы» деп жала жабудан тайынбайды. Колхоз құрылысының алғашқы кезеңінде орын тепкен осындай қайшылықтар әңгімеде тартыс желісін құрайды.
Шығармада отызыншы жылдардың бас кезінде әсіре белсенділердің кесірі ауыл шаруашылығында олқылықтарға душар еткені баяндалған. Колхоз қозғалысының осы секілді қат-қабат оқиғалар, күрестер үстінде ғана табысқа жеткенін жазушы сенімді көрсете алған. Несіпбай, Құлжатай секілді ұнамды түлғалардың жасалуы суреткер шығармашылығындағы елеулі жетістік.
«Шатқалаң» (1935) әңгімесінде колхоз ісін ақсатқысы келетін ішкі жаулардың сыбайластары шет елде де жүреді. Шығармада Қытайға қашып кеткен белгілі бай Сүгірдің шекарадан жасырын өтіп, «Талды өзек» колхозындағы сенімді жақыны Қатпамен байланыс жасағаны, колхоз малын жойып, елді шошытпақшы болғаны, адал адамдарға жала жауып, қуғындауды көздегені айтылады. Колхоз дұшпандарының астыртын ұйымдастырған жоспарлары әшкереленіп, қастандықтары күйрейді. Бұл істе қырағылык, зеректік көрсеткен ферма бастығы Саматтың тапқырлықтары шебер ашылған. Самат тұлғасы — шығарманың шоқтығын биіктетіп тұрған тұлға. Ол күрделі істерде парасат көрсете біледі, адамдарды сөзіне емес, ісіне қарап таниды, жауларының құрған торына түспейді, адал жандарды жазықсыз жазалауға жібермейді. Советтік құрылыс жолында қайрат-күшін жұмсайтын Самат алдыңғы саптағы ауыл адамдарының көркем жиынтық бейнесі болып елестейді.
«Бүркітші» деген әңгімеде «Іздер» мен «Шатқалаңдағы» оқиғалық сарын жаңа бір қырынан көрінеді. Мемлекеттің жоғалған жылқыларын іздесіп, батыл көмек көрсеткен бүркітші Бекбол бойында қарапайым еңбекшіге тән ұнамды қасиеттер бар. Ол тікелей өз міндетіне жатпайтын тапсырмадан жалтармай, жылқы ұрлаушыларды ұстауға жәрдемдеседі. Жазушы бұл арада коллектившіл сананың құдіретті ықпалы кең тарай бастағанын да аңғартады. Кейбір тұста кейіпкерлердің іс-әрекетіне дәлелдеме жетпейтініне қарамастан «Бүркітшіні» де жаңа тақырыпты меңгерудің жақсы бастамасы қатарына қосу қажет.
Жаңа ұйымдасқан колхоз ауылының жігерлі қадамын, кездескен кедергілердің әлеуметтік себептерін жазушы өз көзінен көріп, көңіліне түю үшін, нақтылы өмірді зерттеді. Оңтүстік Қазақстан өмірінен жазылған «Білекке білек» (1933) әңгімесі — нақ осындай ізденістің жемісі. Еңбегімен ел құрметіне бөленген сауыншы Мақпалдың бейнесі шындықтан алынған. М.Әуезовтің жаңа ауыл келбетін аралап көріп, жете танысып жазған шығармаларының кейбіреулері очерк жанрында туды. Кейбір шығармасында очерк пен әңгіменің сипаттары қатар көрініп те отырады. Жазушының әңгімелеріне тән оқиғалық, тартыстық жүйелер драмалық шығармаларда да кездеседі. Бұл да суреткердің өмір ақиқатын неғұрлым шыншыл әрі толық бейнелеу ниетінен туған көрініс. Жанрлар құпиясын үздіксіз іздеп, жаңа түрлер табуға ұмтылып жүрген шағында жазушының бір тақырыпты проза мен драмада қатар алып отыруы табиғи.
Тозығы жеткен кертартпа әмеңгерлік салтқа лағынет айтып, өзін зорлап қоспақ болған кәрі шалдан қашып жүріп, ақ боранға ұшыраған Рабиға («Қыр суреттері»), сүйген жігіті Ісламға қосыла алмай, Жақып болысқа әйел үстіне баруға көнбегені үшін соққыға жығылып, дертке ұшырап, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінәлі?») өзі сүймеген кісіге тұрмысқа шығуға үлкендердің күштеуімен амалсыз көніп, соның күйігінен көзі жасқа, шерге толған Жәмилә («Сөніп жану») осының бәрі тағдырлас, бірінің бейнесін бірі толықтырып тереңдетіп тұрғандай.
20 жылдары М.Әуезовтің шығармалары жарияланған тұстағы батыс әдебиетшілерінің де махаббат, әйел тағдыры жөніндегі шығармаларынан сабақтастық көруге болады. Б.Шоу өмір сүруге құштар Элиза өмірін суреттесе, Т.Драйзер жазықсыз үзілген Роберта, М.Митчелл өмірден бақыт табуға бекінген Скарлеттің тағдырлары жайлы жазды. Бұл кездейсоқ құбылыстар емес, көркем әдебиеттің қадам алысына қырағылық танытатын М.Әуезовтің көркемдік тұнған классикалық әдебиеттен үлгі алуы заңды құбылыс.
М.Әуезовтің алғашқы кезеңдегі жазылған әңгімелерін көтерген проблемасы жағынан профессер Ә.Қоңыратбаев 4 салаға бөледі. 1.Интеллигенция тақырыбы; 2. Қазақ қызы мен оқымысты проблемасын сөз ететін шығармалар; 3. Әйел мәселесі; 4. Езілген шаруа тақырыбы. Ал Ы.Дүйсенбаев та «жазушының осы жылдардағы жарияланған басқа әңгімелерін шартты түрде үш топқа бөлуге келетін сияқты» деп тақырыптық жағынан саралайды. Сөйтіп «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесі», «Сөніп жану», «Кім кінәлілерді» жатқызады да, шартты түрде екінші топқа жататын әңгімелері ретінде «Жетім», «Барымта», «Жуандық» т.б атайды да үшінші топтағы шығармаларын қыр суреттері және қыр әңгімелерін жатқызады.
«Оқыған азамат» (1923), «Кінәмшіл бойжеткен» (1925), «Сөніп жану» (1923) деп аталатын әңгімелер тақырыбы қазақтың болашағынан дәметкен ізденістерге толы. «Оқыған азамат» әңгімесінің оқиғасы негізінде қалада болады. Аурудан қайтыс болған Мақсұт деген жолдасының Хадиша деген әйелін алған Жұмағұл тек жолдасының әйеліне ғана ауыз салып қоймайды. Келе-келе ашкөзденіп кешегі жолдасы Мақсұттың үйіне оның мұрасына қол сұғады. Мақсұттың жесірі Хадиша да Жұмағұлдың өзіне сай дүниеқоңыздың дертіне шалдыққан жан. Тойымсыздық пен ар-ұяттан безген Хадиша мен Жұмағұл кешегі Мақсұттың артында аңырап қалған жалғыз шешесінің дүниесі мен мүлкіне ауыз салады. Бұлардың соңы мұндай айуандық әрекеті бұл сұмдыққа шыдамаған сорлы кемпірдің өліміне әкеліп соғады. Сөйтіп, семинарист Жұмағұл мал үшін кемпірді тонап, адам өлтіруге дейін барады. Сөйтіп, суреткер білім алу мен гуманист болудың арасындағы алшақтықты Жұмағұл сияқты интеллигенцияның дүниеқоңыздығын әшкерелейді. Сөйтіп оқыса да тісінен қан исі кетпейтін Жұмағұлды Иудушка тонын киген жалған интеллигент бейнесінде көрсеткен.
Творчестволық жолының алғашқы кезенінің өзінде-ақ М.Әуезов көп қырлы талантын айқын танытты. Ол бұл тұста, әсіресе, көркем прозаның майталман шебері болып қалыптасты. Өмір оқиғаларын қаһарман мінезімен ұштастырып, қайталанбас сом тұлғалар жасау дәстүрін тереңдетті, прозаның әңгіме, повесть түрлерін жетілдірді, тарихи тақырыпты да, заман шындығын да өзіне ғана тән өрнекпен жырлайтын кең арнаға түсті.
МҰХАМЕДЖАН СЕРАЛИН ЖӘНЕ АЙҚАП ЖУРНАЛЫ
ӨТЕСОВА Г.Е., ТАҢАТ А.С.
Мұхамеджан Сералин 1872 жылы Қостанай уезі, Шұбар болысының №5 ауылында (қазіргі Қостанай облысы, Қарабалық ауданы «Өрнек» ауылында) туған. Көрнекті жазушы, білікті журналист, қоғам қайраткері ретінде танылған Мұхамеджан 3 жасқа толғанда, әкесі Сералы қожа қайтыс болады да, ауыр тұрмыс жағдайынан шешесі балаларын алып, Троицкіге туыстарына кетеді. Мұхамеджан Сералин 1880-1887 жылдары Троицкідегі медреседе оқиды оны аяқтағаннан кейін Қостанайдағы екі кластық мектепке түседі. Оны 1891 жылы табысты аяқтайды. Оқуды аяқтағаннан кейін 1891-1900 жылдар арасында біраз уақыт ауылнайдың хатшысы болып істейді, кейін Арал теңізі жағына барып оқытушы болып кетеді. Білімін өздігінен жетілдіре түсіп, орыс, татар жазушыларының шығармаларын көбірек оқиды. Мұхамеджан Сералин 1900 жылы Троицкіге көшіп, миллионер татар Яушев деген көпестің приказчигі болады. 1909-1910 жылдары Яушевтің сенімді өкілі болып істейді,яғни ел аралап Яушевтің әркімге қарызға,несиеге берген тауарларының ақшасын жинайды. Ол осының арқасында халықпен араласады., оның тұрмысымен танысады, дала жайы мен қала жайын, қазақ ахуалын мен қала халықтарының ахуалын салыстырады. Елді көп аралаған Мұхамеджан ел аралай жүріп, қазақтың мақал-мәтелдерін жинап жазып жарыққа шығаруға ұмтылады. Осының арқасында Оның 1900 жылы «Топжарған», 1903 жылы «Гүлқашима» атты поэмалары жарық көреді. Оның бұл поэмалары өз заманынының зор еңбегі болады. Мұхамеджан Сералин большевик социал-демократтардың Қостанай, Тройцкідегі ұйымының И.Ф. Голованов,С.С. Ужгин сияқты біраз адамдарымен таныс-біліс болады, солардың саяси жолына іш тартады, жұмыстарына көмектеседі. Әсіресе 1905-07 жылдардағы төңкеріс кезінде, онан кейін де большевиктердің үндеулерін, листовкаларын қазақ тіліне аударысады., қазақ арасына таратысады. 1906 жылы Мемлекеттік бірінші думаға депутаттар сайлауы жүреді. Торғай обылысына екі орын беріледі. Оның бірі қазақ арасынан,екіншісі орыстар арасынан сайлануға тиісті болады. Большевиктер қазақ арасынан Мұхамеджан Сералин сайлансын деп ұсыныс жасайды. Бірақ бұл ұсыныс өтпей қалады. Қазақтың би-болыстары Сералинге қарсы болады: ол діннен безген, қазақты христиан болуға үгіттеп жүрген деген сияқты жалалар жабады. Мұхамеджан Сералин есімін айтқан кезде біздің есімізге «Айқап» журналы түседі, Мұхамеджан Сералин қазақ даласында журнал шығарған алғашқы қазақтың бірі ғана емес осы журнал арқылы халықтың мұң-мұқтажын көрсете білген біртуар тұлға. Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық қызметі осы журналмен тығыз байланысты. Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық қызметін екі кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші кезеңіне Айқап журналында төңкеріске дейін басылған 40- қа жуық мақалалары жатады. Екінші кезең 1918-1928 жылдар аралығын қамтиды, бұл кезеңде «Ұшқын», «Еңбекші қазақ», «Ауыл» газеттерінде саясат шаруашылық, мәдениет мәселелері жайында мақалары жарияланады. Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық қызметі 1911 жылы Троицкіде шыққан демократтық бағыттағы «Айқап» журналымен тығыз байланысты. «Айқап» журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911жылдың қаңтарында жарық көрді. Ол журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пай жинай жүріп шығарды. Біраз уақыттан соң журнал өз қаржысымен шыға бастады, оған жәрдемдесушілер де табылды. Дегенмен қаржының тапшылығынан ол алғашқы жылы айына бір реттен, кейде шағын көлемді болып жарық көрді. Жәрдемдесушілер көбейіп және өзі қаржығы ие болғаннан кейін, яғни 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен, 12-14 бет көлемде шықты. Профессор Қ.Бекхожиннің дәлелдеуінше «Айқаптың» тиражы 1000 дана болған. Жалпы журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық көрген. «Айқаптың» «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты айдарларының болуы оның жұмысындағы ұқыптылықты, жүйелілікті танытады. Журналдың жоғарыдағы айдарлар бойынша жарияланған материалдардан айқын аңғаруға болады. «Айқап» журналында сол заманның маңызды деген мәселелері талқыланды. «Айқап» өз кезі үшін үздік журнал болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Оған Қазақстанның барлық обылысынан және Астрахань губерниясына қосылған Бөкей ордасы мен Кавказ округына қарайтын Маңғыстау, Атырау, Оралдан үзбей хат келіп тұрды. Әсіресе Ақтөбеден Қостанайдан, Семейден және тағы басқа жерлерден келген мақалалар жие жарияланды.
«Айқап» мемлекеттік думаларға, дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау құқығын берілуін, Думаға қазақтан да депутаттар сайлануын, онда халқымыздың көкейкесті мәселелерінің қаралып шешімін табуын талап етті.
«Айқап» журналының редакторы болған М.Сералин журналдың 1912 жылғы үшінші санындағы «Юбилей» туралы атты мақалада Романов тұқымдарының патшалық құрғандарына 300 жыл толу мерекесіне қатысатын қазақ өкілдеріне мынадай тапсырма жүктейді:
1. Қазақстаннан Думаға депутат сайланатын болсын
2.Қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіру тоқтатылсын
3.Қазақ,орыс орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына берілсін.
4. Мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыс пен қатар қазаққа да учаске болсын.
5. Қазақстандағы қазынадан сатылатын жерлерді орыспен қатар қазақтың да сатып алуына рұқсат етілсін.
6. Дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұралсын.[2.96] Осындай мәселелерді көтере білген Мұхамеджан Сералин қиындықтарға қарамастан, 1915 жылға дейін журналдың шығуын қамтамасыз етеді. Мұхамеджан Сералин патша отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. Мәселен, оның мына пікіріне құлақ түрелік «Соңғы он жыл ішінде үкімет... қырғыз-қазақтардың отырықшы қылып өнер үйретейін, өнерге алғызайын, салдырлап көшіп азап шеккенше отырықшы болып жан тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып 12-15 десятина жер алып,ала алмағандардың жерін кесіп алмақ».[2.99б] Дәл бұлай батыл пікір айту тек Сералин тәрізді саналы, ержүрек жанның ғана қолынан келмек. М.Сералиннің «Отырықшы болған қазақтар туралы» деген мақаласында «Жаңа болыстық соттардың қазақы дау-жанжалдарды шешуге икемсіз болып отырғанын мысалдармен ділелдеп, болыстық сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ арасындағы жесір дауларының құны көбіне 300 сомнан асып кететіндіктен дау-дамай қалай шешіледі» деп жұртқа сұрақ қояды да ол үшін «Қазақ әдеттері» деген кітап шығару қажет дегенді айтады. «Айқап» журналында Мұхамеджан Сералин алдымен қолға алған, көп жазған негізгі, маңызды мәселесі – жер мәселесі, отырықшы болу, егін кәсібімен айналасу поселка, қала салу мәселелері болды. Бұл мәселелер жөнінде Мұхамеджан Сералин өзінің «Жер мәселесі», «Ескі жыр», «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген мақалалар жазып оны журнал беттерінде жариялайды. Мұхамеджан Сералин тек журнал шығарып қана қоймай ел арасындағы ағарту мәселесіне де көніл бөледі. Мұхамеджан Сералин өзінің туған ауылында кітапхана мен мектеп ашады.
М.Сералиннің бастамасымен №5 ауылда Шұбар болысында 1917 жылы ауыл құрылып, суырып салма ақын Сералының құрметіне «Сералы ауылы» деп аталады. Бұл ауылда 30 үй болған. Егіншілікпен айналысып, қала типті тұрғын үйлер ғимараттарының құрылысы бой көтерген. Жетімдер мен кедей балаларына қамқорлық көрсеткен. Мектепте кешке ересектер арасындағы сауатсыздықты жою мақсатында курстар құрып, жастар күшімен көркемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына тегін спектакльдер қойылған. Пьеса авторы көбінесе Мұхамеджан Сералиннің өзі болған. Спектакльдерде феодалдық көріністер сыналып, білім, ғылым мадақталып, табиғи байлықтар мен жануарлар әлемін сақтауға көңіл бөлінеді. Мұхамеджан Сералин «Айқап» журналы жабылғанға дейін журнал беттерінде өз заманының өткір мәселелерінің бірі ағарту, өнер, ғылым, мәдениет, тіл әдебиет мәселелеріне байланысты «Біздің жастарымыз», «Шәкірттер халінен» деген мақаларын жазады. 1915 жылы тамыз айында «Айқап» журналы тоқталғанда «Басқармадан» деген мақала жазып, Мұхамеджан Сералин журнал жұмысының барлық нәтижесін атқарған жұмыстарын қорытқан. 1915 жылы «Айқап» журналы жабылғасын Мұхамеджан Сералин Троицкіде біраз уақыт орыс тілінде шығып тұратын «Степь» газетінің редакциясында қызмет істейді.1916 жылы өз ауылына көшіп 1919 жылдың басына дейін сонда тұрады. Мұхамеджан Сералин 1919 жылдың басында Орынбор қаласына барып алғаш рет кеңес өкіметінің қызметіне кіреді. Сонда губерниялық жер-су бөлімінде істейді. Сонымен бірге Орынбор қазақ өлкесін басқаратын соғыс-төңкеріс комитетінің қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан «Ұшқын» газеті редакциясының алқа мүшесі болып істейді. 1920жылдың аяғында өз еліне қайтады.
1920-1921 жылдары М.Сералин Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы және партия ұйымының хатшысы болған.
1922 жылы Қостанай өз алдына губерния болып құрылды. Осы жылы Мұхамеджан Сералин губерниялық қызметке шақырылды онда әуелі губерниялық, жер бөлімінің бастығы, әрі губерния атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып сайланады. 1923 жылы қыркүйекте Қостанай губерниялық партия кеңес комитеттерінің тілі болып «Ауыл» газетін шығарады. 1924 жылы қаңтарда Кеңестердің Бүкіл Ресейлік II сьезіне делегет болып сайланды. 1926 жылға дейін газеттің редакторы болды. 1928 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитетініне мүшелікке өтеді. Осы жұмыста жүріп қаны тасу кеселімен ауырып 1929 жылдың жазында дүние салады.
Мұхамеджан Сералин қазақ тілінде тұңғыш рет «Айқап» журналын шығарды, халыққа баспасөз арқылы қызмет етті. «Журнал шығарудағы мақсатымыз.. тек қана жұрттың көзі,құлағы болмақ еді» дейді ол.[3.98б] Айқап кейбір қатесі, кемшілігі бола тұрса да жалпы алғанда, демократтық-ағартушылық бағытта болды,қазақ тарихында прогресшіл роль атқарды: халықтың оянуына, саясат, шаруашылық, мәдениет жақтан өсуіне біраз әсер етті. Қазақстанның сол кезде құрала бастаған зиялыларына Айқап қазақша ойлауды, ойлағанын қазақша жазуды үйретті, газет, журнал шығару қазақ оқығандарының да қолынан келетін жұмыс екенін дәлелдеді. Мұхамеджан Сералин Айқап арқылы, өз шығармалары арқылы қазақ халқының Абай мен Ыбырай негізін салған сара жолдың одан әрі дамуына өз үлесін қосты. Мұхамеджан Сералин қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ірі көрнекті қоғам қайраткері, әрі көрнекті журналисі және ақыны ретінде тарихта өз орны бар тұлға екенін мойындаймыз.
загрузка... Қазақ халқының 20 ғасыр басындағы белгілі қоғам қайраткері, ақын, журналист Мұхамеджан Сералин 1871 жылы қазіргі Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, «Өрнек» колхозы жерінде туған. Руы – қыпшақ, қыпшақ ішінде тама –бұға, тама-бұға ішінде қожа деп аталады. Мұхаметжанның әкесі Сералы, атасы Тұрсынбай. Сералы әке-шешесінен жастай жетім қалады. Кедейшілікпен күні өтеді. Пысық,шешен, өлең шығаратын жан болған. Бір жылы қожа еліне атақты Орынбай ақын келеді. Сералы сонымен айтысады. Осыдан былай оның елге ақын атағы жайылады. Ол енді, кейде, ауыл қыдырып, серілік құрып, өлең айтып, түрлі ақындармен айтысып жүреді. Сералының өлеңдері ауыздан-ауызға, елден-елге тарайды. Оның осындай ел аузында сақталған екі өлеңі 1915 жылы «Айқап» журналында жарияланды. Ол өлеңдерінде Сералы өзінің жастай жетім қалғанын, кедей болғанын, сауықтық өлең шығарғанын баяндайды: Құдайым сәби кезден жетім қылдың, Жетімдік, жарлықпенен қатты дертті. Ата-анамды жақсы көрген арқасында Көрген жан бармашы да құрмет етті. Мен келдім сол құрметпен отыз жасқа, «Әй кәпір» атанбадым қарындасқа. Алдағы келетұғын өміріме Әртүрлі істер түсті біздің басқа... Сералиннің екі әйелі болған: үлкен әйелі қазақ, кіші әйелі татар екен. Қазақ әйелінен екі ұл, бір қыз сүйсе, татар әйелінен – Мұхаметжан, Фазылжан, Хәкімжан есімді үш ұл сүйіпті. Сералы қайтыс болғанда Мұхаметжан үш-төрт жаста екен. Мұхаметжанның шешесі, күйеуі өлген соң, жас үш баласымен Тройцкі қаласына келеді. өзінің сол жақтағы туысқандарына барып тұрады. Бір байдың жүн жуатын кәсіпорнына барып жұмыс істейді. Мұхаметжан 8 жасында медресеге оқуға түседі. Медреседе оқып жүріп, шыны сауыттарды жамап үйренеді. Сынған,жарылған кесе, табақ, шәйнек сияқты ыдыстарды жамап, ақша тауып күн көру жөнінде шешесіне көмкектеседі. Мұхаметжан медреседе алты-жеті жыл оқиды. Мұсылманша орта дәрежелі білім алады. Сонан кейін 1887 жылы, 16 жасында Бестөбе болысындағы Арыстан деген бай жездесінің қолына барып тұрады. Ол үйде жазды күні Арыстанбайдың үй шаруашылығы жұмыстарын істейді; қысты күні соның балаларын басымшылық етіп бірге Қостанайға барып, орысша оқып үйренеді. Осылай ол 1891 жылы Қостанайдағы екі класты орыс-қазақ мектебін өте жақсы бітіріп шығады. Сол 1891 жылы Арыстан өзінің бір баласы мен Мұхаметжанды Орынборға алып барады. Екеуін сондағы оқытушылар әзірлейтін училищеге түсірмек болады. Мұхаметжан емтиханды жақсы өткізіп, оқуға алынатын болады да, Арыстанның баласы емтихан өткізе алмайды, училищеге түсе алмайды. Баласы оқуға қабылданбаған соң Арыстан Мұхаметжанды оқуға қалдырмай, еліне алып қайтады. 1891-1900 жылдар арлығында Мұхаметжан біраз уақыт ауылда жүреді.; біраз уақыт ауылнайдың хатшысы болып істейді; біраз уақыт Арал теңізі жағына барып мұғалім болады. «Қазақ даласында, Арал теңізі жағасындағы Тәліп деген жерде, 4 ауылда Жасағанберген Пірмәнов деген қазақтың үйінде алғашқы ауыл мектебі ашылды. Мектеп ашыларда келген қазақтар бұрын өздері көрмеген мектеп құралдарына таңырқай қарады. Дегенмен мектепке аса зор илтипат білдіріп, бірінші сабақ басталарда класта 18 бала отырды»,-деп жазды «Новости» деген газетке. 1900 жылы Мұхаметжан Сералин Тройцкі қаласына барады. Сондағы миллонер татар Яушевке қызметке тұрады. Әуелі, бір-екі жыл, оның тері-жүнін сатып алатын дүкенінде жүн сорттаушы болып жұмыс атқарады. 1909-1910 жылдары Яушевтің сенімді өкілі – адамы болады. Яғни, ел аралап, Яушевтің әркімге қарызға, несиеге берген тауарларының ақшасын жинайды. Бұл соңғы жұмысы, әрі Мұхаметжанның өзіне өтк қатты ұнайды, әрі оның ой-өрісінің кеңеюіне зор әсер етеді. Өйткені ол, осының арқасында, халықпен араласады, оның тұрмысымен танысады. Осының нәтижесінде Мұхаметжан Сералин бірсыпыра мысал-өлеңдер жазды. 1990 жылы «Топжарған», 1903 жылы «Гулкашима» деген поэмалар жазып, бастырып шығарды. Оның бұл поэмалары өз заманында жаңалық, зор еңбек болды. Мұхаметжан Сералиннің бізге жеткен әдеби шығармалары сонша көп емес. Небары үш поэма: 1) «Топжарған», 2) «Гүлкәшима», 3) «Рүстем-Зорап» (аударма); бес-алты өлең («Бай, патша һәм кедей», «Бай, қасқыр, аңшы», «Ленин», «Жоқтау»), бір очерк, бір әңгіме «Жусан» (аударма), «Қайғылы қара түн». Кейбіреулерінің айтуына қарағанда, Мұхаметжан Сералиннің Қазан төңкерісінен бұрын жазған «Бай, патша һәм кедей», «Бай, қасқыр, аңшы» деген өлеңдері баспа жүзін көрмеген; тек гектограф арқылы көбейтіліп, ел арасына қолдан-қолға таратылған. Олар байлардың зұлымдығын әшкерелейтін мысал өлеңдер болған. Ал ақынның басқа әдеби шығармаларының бәрі де өз кезінде газет, журналдарда және кітап болып басылған. Мұхаметжан Сералиннің бірінші поэмасы – «Топжарған». Ол 1990 жылы Тройцкіде жеке кітап болып шықты. 1903-1907-1915 жылдары қайта басылды. 1936 жылдан бері орта мектептерге арналып шығып жүрген әдебиет хрестоматиясында үнемі басылып келеді. «Топжарған» поэманың тақырыбы қазақ халқының өмірінде 19 ғасырдың отызыншы, қырқыншыжылдарында болған оқиғаға байланысты: Кеңесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа байланысты. Автор поэманың басында Кеңесарнының және оның маңына жиналған топтың кәсібін, іс-әрекетін былай суреттейді; Қаңтарда Жыланшықты қыстау еткем, Жайлауға Торғай суын көктей еткен. Қарасай, Қошалақтың қара отына, Наурызбай, Кеңесары мал семірткен. Қасында төлеңгіті жүз қаралы үй, Жігіттің айтқаны өлең, тартқаны күй. Ханынан жақсы ат тартқан алады сый, - дейді. Поэманың бас кейіпкері жас Адай жігіт өз елінен ғашықтың жөнімен немере ағасын атып өлтіріп, қашып шығады. Бір-екі жыл теке маңын, Жайық бойын кезіп жүреді, тама, шекті, шеркес руларын аралайды. Ұрлық істеп күн көреді. Осылай жүріп кейіпкер бір күні Кеңесарының шекті руынан мал ұрлау, ел талауға келген үш жігітіне кез болады. Олар адай жігіті ұйықтап жатқанда ұстап алып, атымен тұтқын олжа етіп Кеңесарыға алып барады. Олар бара жатып адай жігітке: Біз елден апта болды шықтық шетке, Шектіден мал алуға келсе епке. Талғанда аттың мойны сен кез келдің, Құлақ сал, олжаладық, мына кепке, Біз сені Кенеханға апарамыз, Құл қылып бірімізге біз аламыз. Қоқаннан саудагер сарт келген шақта, Құл сатып, олжалы боп біз қаламыз,- дейді. Хан алдына барғанда жортуылшы жігіттер мақтанады. Тұтқын жігітті қуып жетіп ұстадық, ат үстінде сайысып жеңіп, байлап-матап алдық дейді. Адай жігіт мұның бәрі жалған екенін, ұйықтап жатып қолға түсіп қапа қалғанын айтады. Тақсыр-ау, астымда атым жүйрік желден, Жарыста озшы едім қалың елден. Қашсам да құтылар ем қолға түспей, Үшеуін ат үстінде болсам көрген,- дейді. Сонда жортуылшы жігіттер ханға тұтқынның сиықсыз, жаман, жауыр атын әкеп көрсетеді. Хан тұтқын жігіттің әлгі сөзіне сенбей және шын жүйрікті тани алмай, оған ертең осы атыңмен қашып көр: Бұл торың жүйрік болса құтыларсың, Немесе қуғыншыға тұтыларсың. Найзасы жеткен жерде қаза болып, Мұны біл қара жерге жұтыларсың,-деп қаһарланады хан. «Топжарған» адай жігітінің қолға түсуімен басталады. |
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин (2 ақпан 1940, Баршатас ауылы, Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы) — тарихшы, жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеушісі ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Мемлекет сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996).
Өмірбаяны
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин — 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған.
1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі,
1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.
1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте,
1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы.
1987 жылы еркін шығармашылык қызметте,
1988 жылдан бері "Жұлдыз" журналының бас редакторы.[1]
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, әдебиет зерттеушісі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.
"Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. (1984). Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық "Түркі дүниесіне қызмет" сыйлығының сахибы.[2]
Шығармашылығы
