- •Пародонт аурулары
- •Пародонттың анатомиясы мен физиологиясы
- •Пародонттың құрылысы
- •Альвеола өсіндісінің сүйек тіні
- •Қалыпты жағдайда пародонттың рентген көрінісі
- •Пародонттың қызметі
- •Функционалдық зерттеу әдістері.
- •Пародонт ауруларының жүйесі
- •Пародонт ауруларының клиникасы
- •Пародонтопатиялар жүйесі (arpa жүйесі)
- •Қызылиек қабынуы
- •Қызылиектің жедел катаралды қабынуы
- •Қызылиектің өсе қабынуы
- •Қызылиектің өсе қабынуы, фиброзды түрі
- •Қызылиектің жаралана қабынуы
- •Пародонт қабынуы
- •Пародонтоз
- •Пародонттың идиопатикалық аурулары
- •Геморрагиялық ангиоматоз (Ослер ауруы) кезіндегі пародонтальдық синдром.
- •Пародонтомалар
- •Пародонтд аурулары кезінде болатын әртүрлі асқыну үрдістері
- •Пародонт ауруларын емдеу
- •Пародонт ауруларын жергілікті емдеу.
- •Қызылиек қабынуларын жергілікті емдеу.
- •Қызылиектің өліеттеніп жаралана қабынуын емдеу.
- •Қызылиектің өсе қабынуын емдеу.
- •Қызылиектің өсе қабынуының фиброзды түрін емдеу.
- •Пародонт қабынуын емдеу.
- •Пародонтозды жергілікті емдеу
- •Пародонт ауруларын хирургиялық әдіспен емдеу.
- •Гингивотомиялау әдісі.
- •Қиықтап кесу немесе қиықтандыру операциялары(лоскутные операции)
- •Пародонт ауруларын жалпылай емдеу.
Қызылиек қабынуы
Қызылиек қабынуы балалар, жас өспірімдер және жасы 30-дан аспаған жастар арасында жиі кездеседі, көбінесе жергілікті және жалпылай ықпал ететін факторлар әсерінен дамиды. Жалпылай әсер етуші ықпалдар қатарына организмнің реактивтілігін төмендететін әртүрлі жүйелер мен жеке ағзалардың (эндокриндік, жүрек-тамыр, ас қорыту, бөлу жолдары, қан құру, жүйке жүйелері) қызметтерінің бұзылуын, витаминдер жетіспеушілігін, аллергиялық және жұқпалы ауруларды, жүктілік токсикозын жатқызуға болады.
Жергілікті ықпалдар тобын құраушы және пародонт тіндеріне, соның ішінде қызылиекке тікелей әсер етуші факторлар: ауыз іші гигиенасын дұрыс сақтамау нәтижесінде микроорганизмнің көбейіп, патогендік қасиеттерінің жоғарылауы, тіс қақтары (микробты қақ) мен шөгінділерінің құрылуы, тіс-жақ сүйек жүйесінің ауытқулары, дұрыс қойылмаған пломбылар, емделмеген тісжегі қуыстары, қозғалмалы сүт тістер, ортопедиялық және ортондонтиялық құрылғылар, химиялық препараттар, иондаушы радиация.
Қызылиектің жедел катаралды қабынуы
Қызылиектің жедел катаралды қабынуы (острый катаральный гингивит) көбінесе тістердің шығуы және ауысуы кезінде жиі орын алады. Жалпы соматикалық және жұқпалы аурулар кезінде де байқалады.
Қызылиегі жедел қабынған науқас қызылиегінің қатты сыздап немесе кернеп ауыратынына, тағам шайнағанда күшейе түсетініне, қанағыштығына, ауызынан нашар иіс шығатынына шағымданады.
Қарап тексергенде қызылиек қатты домбыққан және алқызыл түстенген, беті тегіс және жылтыр, бүртіктерінің, көлемі үлкейіп, ұштары доғалданған, оңай қанағыш келеді (сурет). Сипап басып тексергенде қызылиек қатты ауырады. Тіс сауыттары көпмөлшерде жұмсақ қақтармен жабылған. Аймақтық лимфа түйіндері ұлғаюы мүмкін.
Қызылиектің созылмалы катаралды қабынуы (хронический катаральный гигивит) ұзақ және баяу дамиды. Науқас негізінде қызылиегінің көбінесе тісін тазалаған кезде, ас шайнағада аздап ауыратынына және қанайтынына шағымданады. Кейде аузынан нашар иіс шығып, әртүрлі дәм сезуі мүмкін. Қарап тексергенде қызылиек аздап домбығып, көкшіл-қызыл түстенген, қызылиек бүртіктерінің көлемі үлкейіп, жиегтері білікке ұқсап қалыңдаған, ерте түлеуге ұшырау әсерінен жабынды эпителий жұқарған (сурет), сондықтан өте жұқа эрозия ошағын анықтауға да болады. Сүңгіліп тексергенде қызылиектің қанағыштығы байқалады. Қызылиек жиегінің қалыңдауына байланысты кейде пародонталдық қалталар бар сияқты болады, бірақ тіс-қызылиек бекімінің бұзылмағандығы анықталады.
Тістер беттеріне көп мөлшерде жұмсақ қақтар жиналған, ал мойын бөліктерінде қатты шөгінділер де кездеседі. Шиллер-Писарев сынамасы оң, қызылиек сұйығына ауысқан лейкоциттер саны да көбейген. Кулаженко сынамасы бойынша теріс қысым әсеріне қызылиек капиллярын тұрақтылығының төмендегінін көруге болады.
Қызылиек сұйығы да сандық және сапалық өзгерістерге ұшыраған. Фильтрлейтін немесе сорғыш қағаз жолағының көмегімен алынған сұйық мөлшері де қабынудың ауырлығына байланысты жоғарылайды. Мысалы, РМА-индексі 0-10% болғанда қызылиек сұйығының салмағы 0,17 мг (қалыпты пародонт кезінде 0,06 мг), РМА индексі 10-20% болғанда – 0,23 мг, а РМА 40% дейін жоғарылағанда – 0,37 мг болады.
Қызылиектің катаралды қабынуы кезінде қабынуы үрдісі шектеулі (1-2 тістің аймағында) немесе жайылған болуы мүмкін. Қабынудың ауырлығы патологиялық үрдістің қызылиек аумағын қамту деңгейіне байланысты, жеңіл дәрежесі кезінде тек қызылиек бүртіктері қабынады, орта дәрежесі кезінде қызылиек бүртіктері мен қызылиек жиегі қабынады, ал ауыр дәрежесі кезінде қабыну үрдісі альвеолалық бөлігіне де ауысады. Осыған байланысты РМА көрсеткіші қабынудың жеңіл дәрежесі кезінде 30% дейін, орта дәрежесінде – 30-60%, ауыр дәрежесінде 60% жоғары болады.
Қызылиектің созылмалы катаралды қабынуының өршуі кезінде қызылиекте өз бетімен және тағам шайнағанда ауыру сезімі пайда болып, қызылиек оңай қанағыш келеді, көбірек домбығып, ашық-қызыл немесе қызыл-қошқыл түстенеді. Барлық жағдайларда тістер бетінде көп мөлшерде жұмсақ қақтар мен қатты шөгінділерді анықтауға болады.
Қызылиектің катаралды қабынуы кезінде науқастың жалпы жағдайы, шеткейлік қан құрамы өзгеріске ұшырамайды. Рентгенсуретте тістераралық қалқан сүйектер ешбір өзгеріссіз, тығыз сүйек қабатының бүтіндігі сақталады.
Қызылиектің созылмалы катаралды қабынуы кезіндегі патоморфологиялық өзгерістер төмендегідей: жабынды эпителийдің мүйізгектенуін бұзылуы нәтижесінде паракератоз орын алады. Сонымен бірге акантоз және вакуольді дистрофия да байқалады.
Дәнекер тін қабатында домбығу және қызару үрдістері (гиперемиялану) эпителий астында және тіс-қызылиек бекімі аймағында жиірек кездеседі.
Қызылиек сайы аймағында лимфоидты клеткалардан, гистиоциттерден, сегменттіядролы лейкоциттерден тұратын инфильтрат ошақтары орналасады. Коллагенді талшықтар қалыңдап, жуан шоғырларға бірігіп, дистрофиялық өзгерістерге ұшырауы байқалады. Эпителийдің тікенекті қабатында гликогеннің, дәнекертін қабатында гликозамингликандар мөлшерінің жоғарылағаны анықталады.
Ескерте кететін жай, кейде қызылиектің созылмалы катаралды қабынуы бар адам қызылиегінің қанағыштығына аса мән бермейді (кейде өз бетімен басылып кететіндіктен) және дәрігер-стоматологқа бара бермейді. Сондықтан бұл жағдай көбінесе профилактикалық тексерулер немесе дәрігерге басқа шағымдармен келген кезде анықталуы мүмкін.
Егер қызылиектің созылмалы катаралды қабынуына тиімді емдеу шаралары жүргізілмесе пародонт тіндерінің қорғаныс қасиеті төмендеп, пародонттың күрделі аурулары (ықызылиектің өсе қабынуы, өліеттене жараланып қабынуы, пародонттың жайыла қабынуы) дамуы мүмкін
