- •«Орынбор р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.
- •1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.
- •2) Сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасында өзара сенімнің жоқтығында.
- •1. Ресейдегi ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлiнiп шығу құқының кепiлдiгiн бекiту.
- •3. Қыр елінің мұқтаждығы 3. Кцик пен кснк құрамын сайлағанда
- •4. Кейбір аса мүдделі және 4. Орталық мекемелердегі съездің
- •5. Жергілікті халық өкілдері партия,
- •6. Партия қатарын тазалау жөніндегі
- •Жиналыс төрағасы – м.Әуезов. Хатшысы – ә.Байділдин».
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану, сондай-ақ Түркiстан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.
- •1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтаждықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ.
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады.
- •1. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы Әуезов жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейiн жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынаны атап өтедi:
- •1. Комиссия ҚазЦик бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦик арқылы жүргiзедi.
- •1) Патша өкiметi де кезінде ашаршылықпен күреспедi.
- •2) Қазақ даласы мен қазақтар үшiн жұт – табиғат сыйы. Қазақтардың ашаршылыққа етi үйренiп қалған.
- •1921 Жылдың наурыз айының соңындағы мәлiмет.
- •1. Қалай санасаңда Қазақстанда европалық тұрғындар басым (орыстар – 54 %, қазақтар – 46%).
- •2. Қазақстанның ркп(б) ұйымдарындағы қазақтар 6% (568 адам) ғана. Оның үстіне қазақ коммунистері бытыраңқы, дербес қазақ ұйымдары жоқ...
- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •23/Х – 27 ж. М. Төлепов».
- •2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:
- •9.І. 1929 жыл. Қызылорда».
- •25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған)».
- •Протокол
- •1928 Жыл, 17 желтоқсан.
- •Бауырым Дінше!
- •Валидовпен арадағы хат туралы сұраған тергеушілерге ә.Бөкейханов:
- •Жоғарғы сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?
- •Еліне барған соң Шымбурынның шыңырауының суық суын қанып ішті ме, жоқ па, кім білсін, бірақ байыз таба алмай тағы да жолға шығыпты.
- •Міне, «Алашорда қайраткерлерінің» үстiнен қозғалған „қылмыстың”, яғни, лақап – аңыздың ұзын-ырғасы мен мән-мазмұны осындай.
- •1.Труппаңыздың жобасы (положение).
- •2.Қазақша жасатқан декорацияларыңыздың формасы (описание), киіз қазақ үйінің жасалмасы.
- •3.Осы күнге шейін іштеген театр іштеріңіздің есебін (отчет) бір формасы (копия)
- •1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.
- •2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.
- •Саналы алаш!
- •«Қымбатты Манаш Қозыбаев!
- •«Құрметті Қорған!
- •5. Дамолла Битілеуов
- •6. Кәрім Жәленов
- •«Қаулы.
- •1929 Жыл, ақпанның 10 күні, Қызылорда қаласы.
- •27 Мамыр (май) 1929 жыл.
- •7. Ғазымбек Бірімжанов
- •8. Ахмед-Сафа Юсупов
- •9. Хайретдин Болғанбаев
- •10. Асқар Дулатов және Басқалар...
- •1. Бұл топты Оспан Бөлтіріков басқарады, оның әкесі бұрын 30 жыл болыс болған, патшаға адал қызмет еткені үшін шен-шекпен алыпты.
- •11. Тілшелер
- •Ардақты Жақа!
- •Шырақ Мадиярым!
- •Қазақ сср Жоғары сотының: «Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады», – деген анықтамасына алып-қосар-пікіріміз жоқ.
- •32 Жыл, декабрьдің 31-і.
- •(Қорытындының орнына)
- •Мазмұны
1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң Орынбор қаласында өткен ІІ – съезiнде жеке өткізген «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс-тәсiлдерi» туралы мәжiлiсінің мәжіліс хаты;
партияның 12 – съезiн өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов қол қойған «Ұлттық-мәдени автономияны» талап еткен Үндеудің мәтіндері;
айыпталушы Әуезов Мұхтардың осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күреске шақырған сөзінің мазмұны;
астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасовқа айыпталушы Әуезовтің оған Ташкентке барып, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға өтіп кетуді ұсынуының жай-жапсары туралы тыңшылық ақпараттар;
астыртын ұйымның мүшелерінің кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздеген құжаттар» – деген мазмұндағы мақалалар даңғазалықпен насихатталды.
Бұл жарияланымдар орталық партия комитетінің бөлімдері арқылы тергеу ісіне айғақ ретінде тіркеліп жатты.
Сөйтіп, алашордашыларды тұтқындауға мүмкiндiк беретiн алғы шарттардың барлығы да жасалып бiткен соң Голощекин – «Қужақ» «екiншi бiр контрреволюциялық-ұлтшыл астыртын ұйымның» қастандығы ашылғаны туралы салтанатты түрде жариялады. Сөйтiп, «Ұлы құрбандық» шалынды. Мұны Голощекин «Партия құрылымының 10 жылдығы» атты баяндамасында мақтанышпен мәлiмдеп:
«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм – қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi», – деп ұзақ уақыт екiлене сөйлеп, тергеу жауаптарынан үзiндiлердi ерекше рахаттанған сезiммен оқыды.
Бұл “қуанышты хабарды” О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, I.Құрамысов, Е.Ерназаров iспеттi дәбiрлердiң ымдауымен мәжiлiстегi жұрт «ұзаққа созылған ду қол шапалақтаумен» қарсы алды. Шабыттанып кеткен О.Исаев тебiрене толқып, жоғарыдағы аты-жөнi аталған жолдастарының атынан:
«...Алматы қаласында ашылуға тиiстi коммунистiк университет – “Голощекин атындағы қазақ коммунистiк университетi” деп аталсын» – деген ұсыныс айтты (Ду қол шапалақтау).
Қыза-қыза келе олар:
«Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз», – деп жанын қасым ғып ант берді.
Осындай ызалы күлкі тудыратын мағынасыз формулировкаға мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн Ыдырыс Мұстамбаев қана қарсы шыға алды. Ол сол мінбеде тұрып:
«...Үнемi Голощекиннiң көпiрме сөзiне сене беруге де болмайды, Голощекиннің қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың!», – деп Қужақтың бетіне айтты.
Өкінішке орай, Ы.Мұстамбаевты ешкім де қостамады, мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн өжет тұлға табылмады. Олардың орынын М.Әуезов «заман еркелері» деп мысқылдап айтқан жалтақ та жарамсақ, өзiндiк пікірi жоқ, бiрақ та бiрiншi басшының көңiлiн табудың жолын бiлетiн Ораз Исаев, Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов, Iзмұхан Құрамысов, Ғаббас Тоғжанов iспеттi дүбара жандар алмастырды. Олардың денi бiлiмi таяз, тұрақты мемлекеттiк-қоғамдық көзқарасы қалыптаспаған, дауыл шайқаған кезде толқынның бетiне шыққан желқабық жандар-тын.
Елге ұсынар нысанасы жоқ, қондырғы саясаттың қолшоқпарлары болған бұл топ өздерiнiң iстеп отырған iс-әрекеттерiнiң түпкi залалы мен зауалын жете сезiнбедi, сезiнуге бiлiм жетелерi жетпедi. Егер көздері жетсе, қандай таққұмар, тақуа болса да, мұқым ұлтты аштықтың аранына айдап салмас едi. Заманның ауаны мен зауалына, ертеңгi өмiрге көз жiбермей, күнделiктi жалаң ұранның жетегiнде кеттi.
Берген антты «большевиктiк ақ жүрекпен» орындау үшiн «ұлы құрбандық шалуға» жанталаса жанықты. Бұл шешендер, араға он жыл салып барып, яғни, отыз жетінші жылы бірін-бірі «құрбандыққа шалды».
Жүйкесі тозған «кәнігі кәрі большевик» алаш азаматтарына жегі құрттай қадалып:
«Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтiң, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда», – деп кезекті бір „құрбандығының” батасын қайырды.
Осыдан кейін тура үш күннен соң:
«1921-1922 жылғы Орынбордағы немесе Ташкенттегі контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты» делініп тағы да 40 адам тұтқынға алынды., Бетпақдаладағы және Торғайдағы астыртын қарулы көтерілісті „дайындаған” 32 адамнан 2 жыл бойы ілгерінді-кейінді екі жүзден астам рет жауапқа тартты. Бұдан бұрын жүргізілген Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың тергеулерін осы іске әкеп қосып, жоғарыдағы көрсетінділерге сүйене отырып олардың бәріне ортақ: 1. «Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін 2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін. 4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттағаны үшін. 5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлағаны үшін. 6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болғаны үшін» – деген айып тақты.
Ал тергеудегі жауап алу тәсілінің қалай жүргізілгеніне Т.Рысқұловтың:
«Мені: қайдағы бір ұлтшыл ұйымға мүше болды-мыс делінетін түрлі қауесеттердің барлығы да жала. Мені әлдеқандай бір топшылдықтың қатарына қосып, жазғыру бұрын да болған. Мысалы, 1920 жылы Түркістан майданының ерекше бөлімінің бастығы жолд. Бокии болып тұрған кезде арандатушы Семеновты және бірнеше адамды атты, олар мені – қазақ хандығын құрғалы жүр деп «Түрккомиссиясымен» арамызды өшіктіруге тырысты. Топқа бөліну тұсында бір топтың екінші топтың үстінен материал жинауы әдетке айналды. Сондай материалдар бір кезде Ташкентте жүргенде менің де үстімнен жиналды. Мысалы, Алматыда Голощекиннің тұсында оның рұқсатымен тұтқынға алынған алашордашыларға: менің үстімнен арыз жазсаңдар, онда сендерді босатамыз – деп мәжбүрлеген. Кейбіреулері жалған көрсетінді берді, кейбірі берген жоқ... Мысалы, Жалысбаевтің тергеуі соған дәлел... Оған: Рысқұлов контрреволюциялық ұйымға тартылған, Қазақстандағы асыра сілтеушіліктер менің нұсқауыммен жүргізілді деп айт, әйтпесе, ату жазасына кесілесің – деген. Жалысбаев өзінің арына қарсы іске барудан бас тартып, өзін-өзі өлтірмек болған...», – деген мәліметі толық мағлұмдар ете алады.
Тұрар Рысқұлов тергеу ісіне тікелей тартылмаса да, жоғарыдағы қамтылған сұрақтар барлық тұтқындарға қойылған. Сонымен:
«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқыдан асқан рахат жоқ»,– деген Сталинді...
...осыншама «рахатқа» бөлейтіндей, сол жылдары қазақтың «ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясы:
«Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкететіндей» қуат-күшке ие ме еді?
Сондай-ақ: «кеңес өкiметiн құлатып, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құруға» ұмтылғаны» рас па?
Сонымен, Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетудің мүмкіндігі болды ма? Қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құру мақсаты неге жүзеге аспады?
Қазақ халқына тарих ондай мүмкіндікті ХХ ғасырдың басында беріпті.
Сол мүмкіндікті неге пайдалана алмады? «Россия халықтары праволарының декларациясы» неге бір уыс қағаз болып қалды?
«Алашордашыларды» тұтқынға алған тергеушілер неге дәл осы сұрақты бәріне міндетті түрде бірінші етіп қойған?
3.
Әрине, жоғарыдағы «қол шапалақтаулар» салтанатты сарайдың сыртына жетпеді. Халықтың құлағы «шапалақтың жаңғырығын» емес, сырттағы аштардың ыңырсуын естіді.
Бұл шапалақтың нақты құнының қаншалықты қасiретпен өлшенетiнiн сырттағылар да, түрмедегi тұлғалар да бiлдi. Бiрақ олардың елiне араша түсуге ешқандай да мүмкiндiгi де, мұршасы да жоқ едi. Оларға бұйырған сыбаға – ағаш еден, суық камера, шикi нан, сұғанақ тергеушi ... өзiн де, өзгенi де әшкерелеу құқығы және … төзім, төзім және төзім болатын.
Әрине, мұның барлығы орыны толмас қасірет әкелді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ: ЖЕГІ
Бірінші тарау: „КӘРІ КӨСЕМ...”
(Әлихан Бөкейханов)
1.
«Ұлы құрбандықты» дайындау рәсiмi баспасөздегі Голощекиннің қоқан-лоқысымен шектелiп қалған жоқ. Қалайда жазаға тартудың айла-шарғысы қарастырылып, түрлi арандатулар ұйымдастырылды. Бұл ретте қисынды-қисынсыз әрекеттердiң бәрi де мақұлданды. Сөйтіп, идеологиялық тұрғыдан да «ұлы құрбандықтың» барлық алғы шарттары жасалып бiткен еді.
Ендi соны қылмыспен ұштастыру харакетi ғана қалды.
«Кiшi октябрь» идеясының жер тәркiлеу, мәдениет, әдебиет, оқу-ағарту, саласындағы науқаны «Алаш» қайраткерлерiнiң көзi тiрi тұрғанда жүзеге оңайшылықпен аспайтынын бiлген әрi 500 байды тәркiлеу тұсындағы ел iшiндегi наразылықтың назасын басқа жаққа аудару үшiн Голощекин ОГПУ-дiң ерекше саяси басқармасын да, олардың „сексоттарын” да – тiмiскi тыңшыларын да іске қосты. Мұндай «көкжөтел науқанға» орай жүргізілген «төтенше қарбалас дайындық» туралы 1928 жылы наурыз айының соңында ОГПУ-дің Қазақстан бойынша ерекше өкілетті өкілі Каширин Мәскеудегі «көсемдеріне»:
«Экспропирацияның қарсаңында мен губерниялардағы экспропирация науқаны кезінде сөзсіз саяси шиеленіс тудыруы мүмкін көрнекті, ықпалды, экономикалық және саяси сауаты күшті буржуазияшыл-ұлтшыл элементтердің – ірі рубасылары мен байлардың, яғни, елдің тұздықтарының көзін жою туралы шешім қабылдадым. Мұндай ауқымды саяси операцияға дайындық «көкжөтелмен күрескендей шұғыл» («лихорадочным темпом») жүргізілуі керек және бұл науқанның барлық ауыртпалығы біздің иығымызға түседі», – деп мәлімдеді.
Тыңшылықтың аяр тәсілмен жүргізілгені сондай, кәсіби тергеушілердің өздерінің де төбе шашы тік тұрды. Арандатудың «жандармериялық тәсіліне» және оның арандатушылық қитұрқысына төзбеген ГПУ тергеушісі коммунист Ф.Иванов «БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетіне – Голощекинге және Сәдуақасовқа ГПУ қызметкерлерінің жауапты қазақ қызметкерлерінен мәліметтерді іс жүзінде қалай жинайтыны туралы» мынадай мағлұмдама жазды.
«Қызылорда қаласы. 1926 жыл 10 қыркүйек.
Мен, ГПУ-дің қызметкері, Шишко, Берестин, Озол, Альшанский сияқты губерниялық европалық қызметкерлер тобының жүргізіп отырған саясатына көзбе-көз куә боп отырғандықтан да мынаны мәлімдеуді парызым деп есептеймін: бұл топ өзінің қарамағындағы барлық күш пен мүмкіндікті пайланып, жинақталған материалдарды қазақ қызметкерлерінің соңына түсіп, қудалауға қасақана бағыттап отыр. ГПУ-дің жүргізіп отырған кезек күттірмейтін төтенше істерінің басты жұмысы жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған деректер жинау болып табылады. Біз бұл тұрғыда әр түрлі тәсілдерді қолданамыз: казактардың ішіндегі қылмыскерлерді жалдаймыз немесе жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған көрсетінді жаздырып алу үшін барымташыларды тұтқындаймыз. Жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасылары мен орыс кулактарынан арнайы топ жасақтаймыз, сөйтіп өзімізге керекті деректерді аламыз. Сондай-ақ тінту жұмыстарын күшейтеміз, бұған қоса қалайда қолға түсіріп, олардан үстем түсу үшін қазақ қызметкерлерін бір-біріне қасақана айдап саламыз, сөйтіп, кінәні бірінен екіншісіне кезек-кезек «аударып» отырамыз.
Біздің жүргізіп отырған осындай саясатымыздың кесірінен ГПУ-дің төтенше шараларының нәтижесінде кедейлер мен орта шаруаларды қазақ қызметкерлеріне жолатпай, олардың арасына жік түсіру үшін жыл сайын ондаған кедей құрбандыққа шалынады. Біз оларды өз қолымызбен өлтірмесек те, орыс бұзақыларының қолымен көзін жоямыз. Әскерге шақырылғандарды тек қазақ тұрғындарына ғана қарсы пайдаланып қоймаймыз, сонымен қатар жоғары деңгейдегі қызмет істейтін жауапты қазақ қызметкерлерін арандатуға пайдаланамыз. Орыс тұрғындарына: барымтаны, тонауды ұйымдастырушылар солар деп көрсетеміз, ол ойымыз жүзеге аспаған жағдайда, бұл қылмысты орыс кулактары мен атамандарына, қазақтың рубасыларына аудара саламыз. Бұл – Қазақстан жағдайында жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы күнделікті қолданылып отырған ең ұтымды әдіс, өйткені, агент ретінде қызмет етіп қомақты ақша алатын, қазақ қызметкерлерінің үстінен кәдімгідей салмақты айғақтар жиып беретін орыс кулактары мен қазақ рубасылары аз емес.
Мен өзім білетін құпияларды ашуға құқым жоқ болса да, партия мүшесі ретінде тек қана Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Голощекинге және бюро мүшесі жолд. Сәдуақасовқа: менің құпия мағлұмдамаммен европалық және қазақ қызметкерлері танысып, мен көтерген мәселелерге байыппен қарасын деп арнайы мәлімдеп отырмын. Сонымен қатар, жоғарыда мен көрсеткен жайлар нақты айғақты дерек болып табылады және мен Лепсі мен Жаркент уездерінде төтенше өкіл болып жүргенімде бұл тәсілдерді өзім де қолдандым, сондықтан да бұл әдіс пен тәсілдің дұрыс екендігіне толық күмәнім бар. Осыған орай маған сіздердің жеке кеңестеріңіз керек. Ешкімге ештеңе айтпаңыздар, егерде менің бұл мағлұмдамам туралы жолд. Альшанский мен жолд. Журавлев біліп қойса, менің терімді тірідей сыдырады: онда менің жазғанымнан бас тартуыма тура келеді, не басқа біреудің қолын (подпись) пайдалануға мәжбүр боламын. Мені коммунистік сәлемім үшін мына қатыгез қасқырлардың талауына тастамассыздар деп үміттенемін.
Коммунистік сәлеммен – Фома Иванов».
Иә, мұндай да батыл, адал, ары алдында есеп берген чекистер де болған. Бірақ та олардың бұл салада аман-есен тұрақтап қалуы неғайбыл еді. Өйткені, тура осында аты-жөні аталған Альшанский мен Журавлев «Алашорда» ісін екі жарым жылдан аса жүргізген тергеушілердің өзі еді. А.Байғасқин, Ә.Байділдин, Д.Әділев сияқты азаматтардың рухын жаныштап, сағын сындырған да солар болатын. Әсіресе, Лепсі, Матай, Жаркент уезіндегі ұсталған адамдардың алаш ісіне қатысы екі жылдан соң да дәлелденбеген. Алайда олардың біразы орталықтағы тергеу орнына жетпестен жергілікті жерде сотталып, үкім орындалып кеткен еді.
Кеңес өкіметін құрған қайраткерлердің барлығы да патша тұсында жандармерияның қуғынында ысылған, астыртын, құпия, тыңшылық жұмыстарды меңгерген кәнігі «түрмегөйлер» еді. Сондықтан да олар тыңшылық жұмысты өте құпия әрі жанкештілікпен жүргізді.
Қарауылға бірінші болып ұлт көсемі – «кәрі көсем», «Алаш» партиясының төрағасы, «Алашорда» үкіметінің премьер-министрі Әлихан Бөкейханов ілінді. Кеңес чекистерінің Ә.Бөкейхановтан қауіптенсе – қауіптенетіндей жөні бар еді. Жер жөнiнде алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтан асқан бiлiмдi маман сол кездегi кеңес өкiметiнiң мемлекет басында да жоқ болатын. Патшалық Ресейдiң ең беделдi ғалымдары мен әскери барлаушыларынан, отарлау жүйесiнiң идеологтары мен теоретиктерiнен құралған академик Щербинаның экспедициясының құрамында он жыл бойы зерттеу жүргiзген Әлихан Бөкейханов ел мен жер жөнiндегi мәселенiң астарын бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн. Оның пiкiрiмен Щербина, Швецов iспеттi ғұламалар да есептесетiн. Сондай-ақ қазақ жері үшін Ә.Ермеков екеуі Ленинмен де бетпе-бет келіп, өз тұжырымдарын дәлелдеп шығып еді. Ол туралы Ә.Ермеков:
«Жер мәселесін зерттейтін институт ВКПБ(П) орталық комитетіне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесінің білгірі ретінде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкіметінің тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесін зерттейтін арнайы экспедицияларға қатысты.
Жер мен қоныстандыру бағытындағы менің көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кісіні өзімнің ұстазым деп шын көңіліммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда біз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық. 27 жылғы конференцияда Өлкелік комитеттің хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесінде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында – грех – Т.Ж.) бар екендігін, оған жаңаша қарау қажеттігін айтты. Оған көп адамдардың кінәлі екені рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтік құрылым қажеттігін ескермедім. Семейде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, мені шаруашылық мәдениеті жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейіндегі халықтың жойылып кететіндігі сөзсіз екендігі анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы мені қатты қынжылтты. Мен: көшпелілердің қарапайым тұрмысы жеңіл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтіру өте қиын – деп есептедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегі – өнеркәсіптің араласуы, машина-трактордың бөлінуі, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтік саласына үлкен өзгерістер әкелетінін ескермеппін. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тікелей жер мәселесімен айналысқамын жоқ.
Ал өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі менің әрекеттерім бір бағытта – бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе – жерге орналастыру екендігін баса айттым. Мен Сапаровтың Түркістан туралы баяндамасынан кейін сөз алдым. Сапаров өзінің баяндамасында Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстік Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсіреді деп өзеурей сөйледі. В.И.Ленин жолдас менің бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайда, қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек – деп жауап бердім. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөніндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген 1921-1926 жылдар арасындағы менің пікірім осындай», – деп көрсетті.
Шындығында да, Ә.Ермеков айтса – айтқандай, Ә.Бөкейханов «Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық еді». Академик Щербина (1896-1903) мен профессор С.П.Швецов (1903-1904) басқарған Ресейдің жер жөніндегі министрлігі ұйымдастырған бұл экспедицияның мақсаты: мұжықтарды қазақ даласына қоныстандыру үшін оларға «артық жерді» кесіп берудің мүмкіндігін қарастыру болатын. Қазақтың көшпелі экономикасын жан-жақты және түбегейлі зерттеуге бұдан артық мүмкіндік табылмайтын. Сондықтан да Ә.Бөкейханов өзімен қоса ғылыми экспедиция жұмысына Д.Сатыпалдыұлы, Е.Итбайұлы, М.Шомбалұлы сияқты қазақ зиялыларын статист-тіркеуші етіп тартты. Олар өздерінің алдына: 1. Көшпелі шаруашылықтың жерді пайдалану әдіс-тәсілдерінің заңдылықтарына көз жеткізуді. 2. Қазақтарды ауылдық қауымға бөліп, оларды шаруашылық жүйе бойынша іріктеуді. 3. Сол жеке шаруашылықтар қанша мөлшердегі мал санына иелік ете алуы мүмкіндігін белгілеуді. 4. Әрбір түлік басына қанша жайылым қажет екендігін негіздеуді және соған орай жер межесін бөлуді. 5. Бұл мәліметтерді қазақ ұлтының этникалық және географиялық ерекшелігімен салыстыра отырып, оның тарихи даму бағдарын анықтауды – міндет етіп қойды.
1896-1903 жылдары аралығында 12 уезге жүргізілген бұл экспедицияның есебі 11 томды құрады. «Қазақтардың жерді пайдалануы туралы Ф.А.Щербинаның жетекшілігімен Дала облыстарында жүргізілген экспедицияның жинақтаған материалдарының» 4 томы Ә.Бөкейхановтың қатысуымен дайындалды. Отау үйдің қалыпты өмір сүруі үшін олардың орташа есеппен 18-24 аралығында ірі қара ұстау керектігін, әр қараны жем-шөппен, жайылыммен қамтамасыз ету үшін 5-8 десятина жер қажеттігін, ал қара шаңырақты ауыл үшін 190-192 десятина шамасында жер бөлінуі тиіс екендігін негіздеп берген ғылыми экспедиция:
«Қазақтың көшпелі шаруашылығы – бұрынғы табиғат құбылысына орай сәйкестендірілген дәстүрлі түрінен өзгерген, қазір жер өңдеумен, яғни, диқаншылық пен малшылық кәсібі қатар жүргізілетін, жылдың 8-10 айын отырықшылықпен өткізетін жаңа сатыға көтерілген шаруашылық», – деген тұжырым шығарды.
Отаршыл империя академик Ф.А.Щербинаның бұл шешімін жоққа шығару үшін экспедицияның жетекшілігіне кейіннен Л.К.Чермакты бекітті. Ақыры бұл зерттеуді жалғастыруға Ресейдің премьер-министрі Плеве тиым салды. Бұл экспедицияның жұмысына В.И.Лениннің:
«Жолдас Ф.А.Щербинаның деректері соншалықты ауқымды және құнды, ол біздің дұрыс қорытынды жасауымызға толық мүмкіндік береді», – деп (В.И.Ленин. Толық шығармалар жинағы, І том, 429-бет) баға бергеніне қарамастан жоғарыдағы қорытынды кейіннен қызыл империяға да ұнамады.
Өйткені бұл:
«Қазақстанда келімсектерді қоныстандыратындай артық жер телімі жоқ», – деген ғылыми тұжырым еді.
Осы кездесуден кейін жас серігіне риза болған Әлихан Бөкейханов:
– Мен сен сөйлеп тұрғанда жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Жалындап, лапылдап, көтеріліп-басылып сөйледің. Бар айыбың, сен өзіңнің Лениннің алдында отырғаныңды ұмытып кеттің, – депті.
Қазақ жері туралы осы ұстанымынан большевиктердің анталаған тобының арандатуы тұсында да қайтпады. Ол бұл қасарысудың большевиктермен қандай қақтығысқа әкелгені туралы Ә.Ермеков:
«...Мен қазір революцияның ұлы авторымен (көсемі – Т.Ж.) жүздескен тірі куәнің бірімін. Сондықтан да революцияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремін. Мен теоретик ретінде Ленинді оппортунист деп әлдекімнің көрсетуі қисынға келетінін мойындаймын. Әлемдік пролетариат пен езілген халықтардың ұлы көсемін көріп, тілдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзінің: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бірден өту мүмкіндігі туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннің екінші құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретінде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дерті туралы айтқан атақты сөзін ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзі төрағалық еткен мәжілісте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерінен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзі түсіп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте – дегенінде қатты шамырқанып кеттім, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенін түсіндім. Артта қалған халықтардың өкіліне қалай көңіл бөліп, қандай жауапкершілікпен қарайтынына сонда көзім жетті. Әлі есімде, Астарахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахан губерниясының НКВД-ның өкілі, Азық-түлік халық комиссариатының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: Астрахан губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бір бөлігі. Қазақтар басым тұратын жердегі шаруашылыққа көмектесуді де, азық-түлікпен қамдауды да одақ мойнына алады, – деді. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Астрахан губерниялық атқару комитетінің төрағасы мен НКВД өкілі губерниядағы тұрғындардың арақатынасын көрсететін нақты статистикалық есептің жоқтығын айтты. Бұған: халықтың арақатынасын білу үшін онда барудың да, статистикалық есептің де керегі жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкілі бар екенін ешкімде білмейді. Бірақ бәрі де қамтамасыз етіледі, –деді. Маған қол ала жүгіргендерді бүгін еске алу күлкілі, болмашыны сөз еткендей көрінгенімен де, В.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзіне ойланғансып, солай дедім бе, жоқ па деп еске түсіруге тырысудың, жауап берудің өзі күлкі тудырады. Тек айтарым, бүгінгі оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөліскен емеспін», – деп баяндап берді.
Ә.Ермековтің осы көрсетіндісіндегі: «өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі менің әрекеттерім бір бағытта – бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе жерге орналастыру екендігін баса айттым», – деген сөздерінің астарында қазақ мемлекеттігінің кейінгі тағдырын шешіп берген аса талмауытты мәселелер жатыр еді. Қазақ автономиясының шекарасын анықтау, оның мемлекеттік статусы мен құрылымын белгілеу, астанасын таңдау жұмыстарын жүзеге асыру үшін Халық комиссарлар кеңесінің төтенше өкілетті өкілі болып тағайындалған Ә.Ермеков, Ә.Бөкейхановтың тікелей қатысуымен Лениннің алдына мынадай үш мәселені қойған:
1. “Әр ұлттың қалаған кезінде бөлініп кетуіне құқығы бар”, – деп атап көрсетілген 1917 жылғы «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, бұл бапты Кеңестер одағының одақтық шартына енгізуді ұсынды. Араға жетпіс жыл салып барып кеңестер одағы ыдырағанда осы бапқа сүйенгенін ескерсек, бұл талаптың қандай саяси маңызға ие болғанын түсіну қиынға соқпайды. Бұл талап 1922 жылғы ұлт мәселесі мен КСРО-ның құрылуы туралы үлкен айтыста шешілді.
2. Қазақ өлкесін Түркістан республикасынан дербес автономиялық республика ретінде жариялауды және оның территориясын шұғыл түрде анықтайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Лениннің қолы қойылған сол қаулының негізінде біз бүгінгі Қазақстан республикасының территориясына ие болып отырмыз. Олардың бұл ұмтылысына біреулер: «Олар Түркістанға қосылмай саяси сауатсыздық танытты», – дейді. Егерде біз сол кезде Түркістанға қосылып, Қазақ автономиясының территориясын жеке бөліп алып қалмасақ, онда қазіргі Өскемен, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстары Батыс Сібірдің құрамында, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Маңғыстау облыстары – Өзбекстанның құрамында қалатын еді. Ал Астананың Астанаға көшуіне Ресейдің жоғарыдағы бес облыстың жеріне дауласа бастағаны негізгі себеп болды емес пе. Өзбекстаннан алақандай ауылды «дауласып» ала алмағанда, ана бес облысты қалай қайырып алар едік? Алаштықтар үшін ең бірінші Қазақстанның мемлекеттігі мен территориясын анықтап, оны мойындатып алу аса қажет болды.
3. Қазақ ұлты белгілі бір қоғамдық, мемлекеттік, экономикалық, саяси даму деңгейіне көтерілгенше, ғылым мен техниканы меңгеріп, отбасылық дәулеті еуропалық ұлттармен теңескенше жерді жеке меншікке беруге және қоныстанушыларды әкелуге болмайды. Сол деңгейге жеткенше қазақ автономиясы Ресейдің құрамында болады. Ал одан кейінгі тағдырын уақыт талабы шешеді, – деп түсіндірген.
Ә.Ермековтің Лениннің сұрағына: «Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек, – деп жауап беруі де сондықтан.
Бұл тар ойлы тарихшылар айтқандай, «орыспен бірге өлейік» деген сөз емес, ұзақты болжаған саясат еді. Оның шындығына қазір толық көз жетіп отыр.
Міне, осы айтыста «аса қауіпті адам» ретінде Ә.Бөкейханов чекистердің ерекше құпия бақылауына алынды. «Кәрі көсем» туралы қазақ үкіметінен шұғыл түрде мәлімет талап етті. Мәселенің кеңес дәбірлерін дүр сілкіндіргені сондай, Қазақ АССР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович 1921 жылы 13 маусымда Орынборда РКП(б)-ның І қазақстандық партия конференциясында сөйлеген жауап сөзінде:
«Енді Бөкейханов туралы мәселеге келейік. Маған бұл сұрақ Москвада жүрген кезімде қойылды. БОАК-нің мүшесі жолдас Соколов менен: Қазаткомда алашордашыл Бөкейхановтың отырғаны рас па? – деп сұрады. Қазаткомның мүшесі Бөкейханов (Ғабдүлхакім Бөкейханов – Т.Ж.) кадет Бөкейхановпен еш туыстығы жоқ, олар Қазақстанның екі түкпірінен, – деп жауап бердім. Кез-келген мін таққысы келген адам алдымен шындыққа көз жеткізіп, анықтап алуы керек, содан кейін барып ауыр сөздер айтуға болады...
Егерде әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі. Оны тиімді пайдалана білу керек. Ол алдағы уақытта да техникалық қызметкер ретінде жүріп те ықпал жасауы мүмкін, бірақ та ол жергілікті жердің жағдайын тез аңғарады, сонысымен де үлкен көмек көрсетеді. Ол қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны алмастыра алмайды. Бізге осындай, әрине, біздің бақылауымызбен және басшылығымызбен жұмыс істейтін кадрлар өте қажет.
Жалпы қазақ құрылтайы кезінде де біз қазақ интеллигенттерін сауатсыздықпен және қараңғылықпен күресуге шақырғанбыз. Біз барлық сауатты қызметкерлерді есепке алып, ағарту жұмысына пайдалануға тырыстық. Шексіз даланы өзіңе бағындыру өте қиын. Өз күшімізбен алып шыға алмаймыз. Ал сіздер, жергілікті жердегі жолдастар, қазақ қызметкерлерін сауатсыздықты жоюға жұмылдыра білдіңіздер ме, мұндай күшті ескердіңіздер ме?», – деп конференция делегаттарына түсініктеме берді.
Өзге-өзге, қазақ ұлтын сауаттандыру мен өркениетке жетелеу жолында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновты алмастыратындай адам қазақ даласында жоқ болатын. Мұқым жұрт оларды ұлттың көсемі деп танитын. «Коммунистік-колонизаторлық» рухы үстемдік алып, кешегі қоныс аударушылар қазақ жерін телімге салуға ұмтылған кезінде, олар, әрине, қарсылық көрсетті.
Содан бастап «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасалғанымен де, олардың соңынан тыңшылық жасау бір сәтке де тоқталған емес. Ол үшін бұрынғы жандармерия тыңшысынан бастап қарақшылар мен бандыларды да «ақылы қызметке» тартты. Олар үш айда, жарты жылда және бір жылда сол деректерді жүйелеп, өзінен жоғары мекемеге беріп отырды. Ең соңында олардың үстінен жиналған ақпараттар республикада талқыланып:
«Дулатов жігерлі, алғыр Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуі қазақ қызметкерлерінің ішіндегі ең бас көтерерлері, жоғарыдағы көрсетілген бағытта істелетін жұмыстардың барлығы да осы үшеуінің ақылымен істеледі», – деген мазмұнда мінездеме беріліп, тұрақты түрде Москваға жіберіліп отырды.
1922 жылы ГПУ тыңшысы Облыстық өлкелік комитетке Ә.Бөкейхановтың үстінен:
«Қазақстан ақгвардияшыл бандылардан толық тазартылғаннан кейін жаңа ревком техникалық жұмыстарға пайдалану үшін Бөкейхановты Орынборға шақыртты. Ол мұнда аз ғана болды да Семейге қайтып кетті, қазір де сонда. Кеңес өкіметіне қарсы күрескен барлық бұратаналарға жарияланған кешірімнің Бөкейхановқа ешқандай әсері болған жоқ, Байтұрсыновтан бастап алашордашылардың дені РКП(б)-ға мүше болып, кеңес өкіметінде жауапты қызметтерде істейді», – деп ақпарат береді.
Сол тыңшылық ақпартта:
«Бөкейхановтың Семейге кетуінің себебі: бастапқыда Монғолия мен Қиыр Шығыстағы жағдай қалай бетбұрыс жасайды, соның аңысын байқап отырғысы келді, кейін Бакичтің бандыларының әскери әрекетін күтті, енді міне, оның Унгернмен байланысы баспасөзде жарияланды. Мұның барлығы Бөкейхановтың кеңес өкіметін құлату үшін жатпай-тұрмай күресіп жүргендігін байқатады», – деп көрсетілді.
Ал Әлихан Бөкейхановтың туған інісі Смахан Бөкейхановтың мағлұматы бойынша:
«1919 жылы қызылдар (қайтып) келді. 1919-жылдан 1920- жылға дейін Әлекең тобықтыда болды. 20-жылы өз елінде, өз ауылында, өз үйінде болды. 20-жылы Орынборда қазақ автономиясы сайланғанда жиылысқа барып, совет еліне көрінді. «Лесной земледие» жағына қызметке кіргізді. 21-жылы әйелі ауру болып, Семейде опат болды. Өзі сонда (жерлеуге) Орынбордан келді».
1920-1922 жылдардың арасында кеңес өкіметінің Орта Азия мен Қазақстанға қаратылған саясаты қатты шиеленісіп кеткен еді. Оған себеп:
1. Ленин пролетарлық диктатураны ашық ұстанып, «ұлттардың өзін-өзі билеу еркі туралы декларацияны «бір жапырақ қағаз екенін», ешқашанда «Орта азиялықтар мен қырғыздарға» тәуелсіздік берілмейтінін», оларға «коммунизмде де еуропалық жұмысшылар билік жүргізетінін» жариялады.
2. Қазақстанның Ресеймен және Түркістанмен арадағы жер шекарасын анықтау мәселесі үлкен пікір таласына әкелді. Арнайы комиссия құрылды. Оны Семейден С.Сәдуақасов «мүйіздеп қуып шыққан», кейіннен өлкелік, орталық комитеттің қызметкері, жиырмасыншы жылдардың аяғында ішкі істер министрінің орынбасарлығына тағайындалған «Кене» – Ежов партиялық бақылауға алды.
3. 1921-1922 жылдары бір жарым миллион қазақтың өмірін қиған ашаршылықтың тұсындағы «Алашорданың» мүшесі болған қазақ зиялыларының жанкешті қимылы, олар құрған «Аштарға көмек комитетінің» жұмысы халық арасында үлкен беделге ие болды.
Мысалы, Ә.Бөкейханов өзі бассауғалап жүрсе де 1921 жылы тобықтының Шаған, Бұғылы, Шыңғыс, Мұқыр, Қызыладыр және найманның сыбан болыстарынан сауынға мал жиып, Торғайға мал айдап бара жатқан Жүсіпбек Аймауытовқа табыстайды. Сөйтіп, «осындай қастандыққа барған» олар «кеңес өкіметін құлату үшін жатпай-тұрмай күресіп жүргендігін байқатты», халықтың бетін большевиктерден «қасақана» бұрып әкетті. Әрине, ашаршылықтан күйзелген қарапайым жұртшылық кеңес өкіметіне ашықтан ашық сенімсіздік танытуы заңды да еді.
4. Түркістанда ұлт азаттық қозғалысы белең алып, бұл республикалардың Ресейден бөлініп кету қаупі шындыққа айнала бастады.
5. Ресейдегі шаруаларды аштықтан құтқару үшін – Қазақстанға қоныстандыру науқаны қолға алынды. Ол үшін жерді межелеу мен телімдеудің жаңа жоспары жасалды.
Сталиннің:
«Валидовтің Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр», – деген күдігі қазақстандық чекистерді де сақтандырып, бақылауды күшейтті.
Өзiндiк пiкiрi бар қазақ қызметкерлерiнiң барлығына «ұлтшыл» деген айып тағылып, сыпыра жұмыстан қуылды. Олардың әрбiр қадамы бақылауға алынып, соңдарына ерген «салпанқұлақтардың» есебi Iшкi iстер халық комиссариатының Мемлекеттік саяси басқармасының ерекше бөлiмiнiң тартпасына жинақтала бердi. Бұл орайда «Алашорданың» көсемдері Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, М.Жұмабаев, Б.Сәрсенов, Р.Марсеков тұрған Семей қаласы ерекше бақылауға алынды. Шұғыл шара ретінде Ә.Бөкейханов пен М.Дулатов тұтқындалды. Тыңшылық істің жылдық қорытынды есебін берген Каширин мен тергеу бөлімінің бастығы Якубовский Мәскеуге:
«Бөкейханов пен Дулатовты Семей губерниялық бөлімі жолдаған ақпараттарға сүйеніп, солардың сұрауы бойынша тұтқындауға рұқсат беріп едік, мұның барлығы да кейін өтірік болып шықты. Губаткомның бұрынғы төрағасы Әуезовтің қазіргі губаткомның төрағасы Досовтан талап еткеніндей, бұл тұтқындау Қарқаралы мен Семейдегі қазақ қызметкерлері арасында қажетсіз керіс туғызуы мүмкін. Мұны ГПУ қызметкерлері кездейсоқтық деп түсіндіруі қажет. Соңғы уақытта бірінші топтың мүшелері Орынборға жиналып жатқаны байқалады», – деп хабарлады.
Олардың бұл мағлұматын Смахан Бөкейхановтың:
«21 жылы ауылда – Желтауда қыстады. 22 жылы 10 қазанда милиция келіп «арестовать» етіп Қарқаралыға әкетті. Қарқаралы қазақтары амандасып, жыласып» қоштасады. Ә.Бөкейхановты сол бетінде Мәскеуге алып кетті», – деген естелігі растайды.
«Губаткомның бұрынғы төрағасы Әуезовтің қазіргі губаткомның төрағасы Досовтан талап еткеніндей, бұл тұтқындау Қарқаралы мен Семейдегі қазақ қызметкерлері арасында қажетсіз керіс туғызуы мүмкін», – деген чекистердің мүләйімсінуінен «Қарқаралы қазақтарының оған амандаса барып, жылап қоштасуына» сескене қарағаны анық аңғарылады.
Әлихан Бөкейханов іске тартылса, онда қалғандарының ешқайсысы аман қалмайтыны белгілі. Ә.Бөкейханов өзгелерді сақтау үшін де өзін сақтау қажеттігін анық түсінген. Ал Өлкелік партия комитеті мен үкіметі, ресми орындар Ә.Бөкейхановтың Қазақстанда тұруы өздеріне аса қауіпті, ол мұнда жүрген кезде елді емін-еркін билеп-төстеудің еш мүмкіндігі жоқтығына және беделдерінің болмайтынына көздері анық жеткен. Сондықтан да большевиктер де тосын шешімге келеді. «Алашорданың» төрағалары Ә.Бөкейханов пен Халел және Жаһанша Досмұхамедовті, М.Тынышбаевті Қазақстанда тұру құқынан айырады. Ә.Бөкейханов Москваны таңдайды. Сталиннің қасында «жүрсе» өзгелерге қауіпсіз болады және орталықта отырып саяси істі ағымды бақылап, олардың саясатына орай тиісті шешім қабылдап, қазақ қызметкерлеріне дер кезінде кеңес беруге қолайлы, тіпті қысылтаяң сәтте Сталиннің қабылдауында кіруге де мүмкіндік беретін орын Москва деп шешкен сияқты. Өздерінің ықпалынан шығып бара жатқанына «өкінгендей» сыңай танытқан сол тұстағы Қазақ автономиясының бас чекисі Каширин 1922 жылы 12 желтоқсан күні өте құпия түрде:
«Алашорда туралы: біздің бұдан бұрынғы жолдаған № 2265 хабарымызға қосарымыз мынау. 7 желтоқсан күні Әлихан Бөкейханов Москваға – Сталинге жолығуға жүріп кетті. Агентуралық ақпараттарға қарағанда Бөкейхановтың Москвада қалып, Ұлттар жөніндегі халық комиссариатында қызметке қалғысы келеді. Әлихан Бөкейхановтың жолға шығуына және Міржақып Дулатовтың түрмеден шығуына байланысты Дулатов келіп түскен Ахмет Байтұрсыновтың үйінде бас қосты... Әңгіме кезінде Бөкейханов өткенді еске алумен болды, бүгінгі күннің мәселесіне тоқталмады... Бөкейханов: Қазақ жер комитетінің «мамандары» Яновский мен Энгельдгардтың қазақтарды жерге орналастыру жоспары өмірі іске асырылмайтын жоба, кейінгі кезде кеңес өкіметінде қызмет ететін алашордашылар баспасөзде естелік жаза бастапты, саяси іске араласпаймын деп қолхат бергемін, сондықтан да ашық пікір білдіре алмаймын, – деп кекете сөйлегенінен басқа саяси мәселе көтерген жоқ», – деп Москваны алдын-ала құлақтандырып қойыпты.
Ахмет Бірімжанов, Асфандияр Кенжин, Кәрім Тоқтабаев бас қосқан дастарханның әңгімесі Каширинге қалай жеткені жұмбақ емес, соны кімнің жеткізгені жұмбақ. Олардың жымсымасына қарағанда: «Міржақып Дулатовтың Ташкентке ауысып, сондағы баспасөзге орналасу қажеттігі сол отырыста мақұлданыпты-мыс. Ал, Кашириннің «алдын-ала жүргізген барлау жұмысының» ақпараты рас еді. Ә.Бөкейханов 1922 жылдың қазанында И.Сталиннің өзі құрған және үнемі бақылауында ұстаған Ұлттар жөніндегі халық комиссариатына қарасты КСРО халықтарының кіндік (орталық) баспасының әдеби қызметкерлігіне шақырылған болатын. Бұл да сол жылы жазда өткен Коминтерннің ІІ құрылтайындағы отарланған аз ұлттар мәселесінің халықаралық деңгейде талқыланған саяси айтыстан кейінгі және РСФСР-дің СССР боп құрылуына, автономиялық республикалардың дербестігі мен шекарасын бекіту қарсаңындағы «шұғыл сақтандыру» шарасының нәтижесі еді. Ленин мен Сталин қатты есептесіп, аз ұлттар тағдырын сеніп тапсырған Заки Валидовтің үкімет мүшелігінен бас тартып, тұтас Түркістан мемлекетін құру үшін құпия түрде Орта Азияға кетуіне байланысты, сондай-ақ татар үкіметінің төрағасы М.Сұлтанғалиевтің тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы атақты сөзінен кейінгі ұлттар жөніндегі комиссариаттың жанталаса қабылдаған сақтық саясаты болатын.
Ә.Бөкейханов сыртта жүрсе де қазақ ұлтының дамуы мен мүдделі мәселелерін, соның ішінде ел мен жер тағдыры шешілетін саяси шаралардың қарсаңында, мысалы солтүстік және оңтүстік облыстардағы шекаралық межені халық санағын жүргізу арқылы белгілеу науқаны алдында тиісті мағлұматтарды баспасөз арқылы қалың қауымға жеткізіп отырған. Сөйтіп кеңес өкіметінің өз баспасөзін пайдалана отырып «астыртын нұсқау» берген. Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында М.Дулатовтың тапсырмасымен «Қазақ қанша?» атты шағын шолуын жариялады. Онда:
«1914 жылы Руссиядағы бар адам 161 миллион 700 мың болатын. Ол жылы қазақ қанша еді? 1896, 1907 жылы он жыл аралатып Көкшетау уезіндегі қазақты екі қайта есептеген. Осы екі есепті (өзара) салыстырсақ, қазақ өсімі жалпы адам баласының өсімінен артық көрінеді. Қазақта бір жылда екі жүзге үш адам қосылып өседі десек, 1914 жылғы қазақтың саны 6 миллион 470 мың болған болады.
Соғыс басталғаннан бері 10 жыл өтті. (Сонда) қазақтың он жылғы өсімі 979 мың. 17-21-жылдарда алаш жайын (елін) сүзек жайлады. 1917-жылы Түркістан, 1921-жылы Қазақстан жұтады. Ашаршылық болды, адамдар аштан өлді. Сонда қазақтың 10 жылғы өсімі өлді десек, осы күні қазақ 6 миллион 470 мың болады. Сүзектен, аштан өлген адам (саны) 970 мыңға есеп десек, өлікті көбейткен (де), осы күнгі қазақ санын азайтқан да (сол есеп) болады. 6 миллион 470 мыңнан 970 мың адам өлсе, бұ өзге сөзбен айтқанда жүзден (жүз адамға шаққанда) он бес (адам өлген) болады. Бұл не? Бұ мынау алаштың жайында (елінде) ашы бар, оғы бар, ауруы бар, сауы бар, 20 үйден 15 адам өлдіге (есеп) болады.
Қазақ өтірік айтсын, есепші (бұл арада Ә.Бөкейханов ашаршылықтың құрбандарын кемітіп жазған кеңес хатшыларын мекзеп отыр – Т.Ж.), көр соқырша жерді қармап есебін жаза алмасын, (сонда да) осы күнгі Түркістан (мен) Қазақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ) 6 миллион 470 мыңнан кем емес», – деп жазды.
Халық санағын жүргізетін комиссияға бұдан артық ақпарат пен есептің қажеті де жоқ болатын. Мұндай әшкерелеуші цифрлар кеңес өкіметінің жалған боямашыларына ұнамады.
С.Меңдешевтің: Ә.Бөкейхановтың мақалаларын қазақ баспасөзіне жариялау үзілді-кесілді тоқтатылуы тиіс және оны Қазақстанға жолатпау керек – деп орталық комитетке жазған ұсыныс-шағымын негізге ала отырып, Ә.Бөкейхановтан жауап алынады. Бұл жөнінде Ә.Бөкейханов А.Байтұрсыновқа:
«Меңдешұлы (С.Меңдешев, сол кездегі Қазаткомның төрағасы – Т.Ж.) жолдас «Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», – деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитеттің жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Сол шағым бойынша мені сонда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар – ұлтшылдар», – деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?», – деп сұрасам, олар: «Өздеріңе өздерің шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған – өз қазақтарың», – деп айтады», – деп жазды.
Ол мұндай тиым салуға шектеліп қалмай, 1916 жылғы қозғалыстың он жылдығына орай үлкен науқан өткізіп, жалған «қызыл көсемдерді» қолдан жасап, оған таптық сыпат бергісі келген кеңестік насихатшыл тарихшыларға қарсы 1926 жылы профессор Шестаковпен бірігіп «1916-1926» атты саяси зерттеуін жариялады. Онда 1916 жылғы оқиға:
«Таптық қарама-қайшылықтан туған қозғалыс емес, қазақ елінің азат санасын оятқан, отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтеріліс», – деп баға берді.
«Сырттан билеп, астыртын нұсқау беріп» (С.Меңдешев) отырған Әлихан Бөкейханов, кеңестік жалған үгіт-насихатты жоққа шығарды. Голощекиннің Қазақстандағы жер реформасын жүргізу жобасы Мәскеуде қабылданбай қалғаннан кейін, оның үстінен аңду тіпті күшейеді. «Алдын-ала жүргізілетін тергеу жұмысына кедергі жасалмауы үшін» деген желеумен Ә.Бөкейхановтың РСФСР-дің шекарасынан тыс республикаларға шығуына тиым салынды, «күдіктінің» өзінен қолхат алды, құпия бақылау қойылды. Бұдан арғы тергеу жұмысы жандармерияның тыңшылық айла-амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккiлiкпен меңгерген Голощекиннiң қазымыр басшылығының нәтижесiнде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты.
Дәл сол кезде зиялы қазақ қызметкерлері Мәскеуде мырзақамақта жүрген Әлихан Бөкейхановқа жолығып, шойын жол маңына қоныстанған қазақтардың мал шаруашылығының тиімділігін анықтау мақсатында ақыл-кеңес сұрайды. Ал жер жөнiнде Әлихан Бөкейхановтан асқан бiлiмдi маман сол кездегi кеңес өкiметiнiң мемлекет басында да жоқ болатын. Бұл оқиғаның мән-жайына Әлімхан Ермеков тергеушіге берген жауабында:
«ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10 тармағы бойынша тағылған айыпқа менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариатының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (–?) айтуынша онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей.
Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәріс беретінмін. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлімгерей Қаратілеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерінің нәтижесін тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттік университетінен деректер алу үшін Ташкентке келді. Ол менің үйімде болды. Әңгіме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесіне тоқталды: бұл өте күрделі іс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендігі, сондықтан да граф Поленнің тексеру материалдарының Ташкентте екендігі, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннің осында екендігі, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелік газетте Жер комиссариатының басшысы жерді бөлшектеу жөніндегі губернатордың есебіне сүйеніп мақала жариялағаны айтылды. Бір қызығы сол кезде ескі мәліметтерге көп сүйенетін. Тәркілеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргізілетінін жеткізді.
Жерге орналастыру мен байларды тәргілеу барысында теріс идеологиялық пікірлерім бұрынғы көрсетінділерімде жазылған. Мен бұл пікірді Ташкенттің педагогикалық институтында сабақ беріп жүргенде білдіргенім түсінікті. Бұл мәселе тек қана партия мүшелері мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгілі. Қаратілеуов жолдаспен кездейсоқ кездесіп қалғанда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Мен: өзінің өткендегі саяси қайраткерлігінің нәтижесінде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсіресе, қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретінін айттым. Қоныстандыру жөнінде түрлі қауесеттер айтылып жүрді. Бөкейхановтың іске тартылуын мен де қостадым», – дейді.
Сонымен, Қазақстандағы жер телімін анықтау мәселесімен тікелей айналысқан Жерге орналастыру басқармасының бастығы Т.Қаратілеуов Ә.Ермековтің кеңесімен Мәскеу қаласына барып, Ә.Бөкейхановпен жолығады. Бұл туралы Т.Қаратілеуовтің орынбасары Кәрім Әлімбаев «сыртта жүріп» (еркіндікте) тергеушілерге:
«1925 жылы Жер жөніндегі комиссариат жер межесін анықтау және оның мөлшерлі нормасын ғылыми тұрғыдан негіздеу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдады. Қаратілеуов Ленинградтағы профессор Швецовқа барып келді, оған дейін ол кісімен келісімді Әлихан Бөкейханов жүргізіп келген болатын, ғылыми экспедицияның жетекшісіне ұсынған да сол кісі. Швецовпен мәселені түбегейлеп шешу үшін Әлихан Бөкейхановты ертіп Қаратілеуов Ленинградқа ертіп барды. Ғылыми экспедицияның құрамын бекітуді профессор Швецовтың өзі жүргізді, шақырылған адамдардың біразы Жер жөніндегі комиссариат арқылы, яғни, Қаратілеуов пен Мурзин арқылы тізімге кіргізілді. Олардың көпшілігі Москва мен Ленинградта оқып жүрген қазақ студенттері еді. Оқушыларды экспедиция жұмысына тартқан Мурзин еді. Әрине, бұған Әлихан Бөкейхановтың тікелей қатысқаны сөзсіз. Экспедицияның құрамына мамандар тарту жұмысын да және жұмыстың негізгі бағытын да Әлихан Бөкейханов белгілеп берді, жұмысы зерттеу – бөлінуге тиісті жер межесін кеңейтіп алу, сөйтіп Қазақстанда артық жер жоқ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеу орайында жүргізілді. Мұның бәрін Әлихан Бөкейханов басқарды, Қаратілеуов оның әр айтқанын дау туғызбайтын шындық деп қабылдайтын», – деп түсініктеме береді.
Оның бұл айтқанының бәрі де шындық еді. Ә.Бөкейханов С.П.Швецовпен ертеден таныс еді. Ол 1903 жылы шойын жол маңында қоныстанған қазақтардың жерге орналасуы мен пайдалануын, мал шаруашылығының тиімділігін анықтау мақсатында Сібір темір жолы басқармасы ұйымдастырған С.П.Швецовтың экономикалық экспедициясына қатысып, «Сібір темір жолы аймақтарына жүргізілген экономикалық зерттеудің материалдары» атты көлемді зерттеу (1904) жазған болатын. Міне, осыдан бастап С.П.Швецов пен Ә.Бөкейхановтың ғылыми және саяси ынтымақтастығы тамыр тартады. Әрине, бұл зерттеулер оның саяси-әлеуметтік көзқарасын қалыптастырып, ұлт-азаттық қозғалыстың күрес жолына алып келді. С.П.Швецовтың естелігіне жүгінсек, Ә.Бөкейханов 1894-1895 жылдары «Степной край» газетінің «негізін жас та, қуатты және аса белсенді Флоровский, Шаровский, Бөкейхан құраған». Соның ішінде «Ә.Н.Бөкейхан газеттегі маркстік ағымға жататын және осы ағымның көрнекті өкілі, тіпті дара да бірден-бір өкілі болыпты». «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттерін де ұйымдастырды. Бұл оны саясат майданына шығарды.
Жер мен қоныстану туралы қарарлар 1922 және 1925 жылдары аса құпия түрде дайындалса да, дәл сол кездерi Әлихан Бөкейхановты Мәскеуде мырзақамақта ұстаса да, патша мен большевиктердiң жазалау және тыңшылық мекемелерiнiң әдiс-тәсiлдерiн барынша жетiк меңгерген Әлекең арқылы алаш азаматтары толық мағлұмат пен ақыл-кеңес алып отырды.
1925-жылы жер туралы заңның ең соңғы кеңестiк – отарлаушы нұсқасы дайындалып жатты. Әлихан Бөкейханов басын бәйгеге тiге отырып қалайда қазақ халқының мүддесiн қорғауға бел буды. Өйткенi, өзге-өзге, қазақ ұлтының тағдыры тек қана жерге қарап қалғанын ол өте жақсы түсiндi. Оның бұл талабын 1929 жылы 27 мамыр күнгi тергеушiлерге берген түсiнiктемесiнен анық байқаймыз. Ескерте кететiн бiр жай; тергеу iсiнiң жауабында уақыт мерзiмi бiресе көктем, бiресе күз деп көрсетiлген. Бұл тергеушiлердiң жiберген қатесi болса керек. Iстiң барысына қарасақ бұл әңгiме күз айында өткен. Әлихан Бөкейханов бұл оқиғаны:
«1925 жылы (көктемде – Т. Ж.) КАССР-дiң Мәскеудегi өкiлдерi Қаратiлеуов пен Сириус менi өздерiне шақыртты да сол арада олар: РСФСР-дiң Жер комиссариатының бекiтуiне ұсынылып отырған Қазақстандағы жер бөлу нормалары туралы өздерi дайындап әкелген жобалары жөнiнде менiң пiкiр бiлдiруiмдi өтiндi. Мен олардың жобасымен танысып шыққаннан кейiн, бұл жобаның өте сауатсыз жасалғанына көзiм жеттi. Мысалы: адай уезiндегi әрбiр қожалықта 28 түйе бар деп көрсетiлiптi, бұл адам сенбейтiн нәрсе едi. Мен бұл ойымды оларға ашық айттым, олар: егерде мына норма сауатсыз жасалған болса, онда сауатты түрде норма мөлшерiн жасап беретiн адам тауып берiңiз, – дедi. Мiне, мен сол кезде оларға Швецовты тауып бердiм. Мен сол кезде (25 жылдың күзiнде – Т.Ж.) Мәскеуде жүрген Ольенбургқа жолықтым, олардың, яғни, Ғылым академиясының Қазақстанда үлкен ауқымды жан – жақты зерттеу жүргiзе алатындай мүмкiндiгi бар ма, жер нормасын дұрыс анықтаудың қандай тиiмдi жолы бар екендiгiн сұрастырдым. Ольденбург маған: егерде қазақ үкiметi бұларға ресми түрде өтiнiш жасайтын болса, онда зерттеу жүргiзiп беремiз, – дегендi айтты. Ольденбургпен арамызда болған әңгiменi мен Мәскеудегi қазақ үкiметiнiң өкiлдiгiнiң төрағасы Мырзағалиевке жеткiздiм. Содан кейiн Ғылым академиясына ресми өтiнiш жiберiлдi, нәтижесiнде, 1926 жылы қаңтар айында арнайы мәжiлiс өттi, оған Қазақстанның атынан Жер жөнiндегi халық комиссары Әлiбеков, Жаманмұрынов, Қаратiлеуов және мен қатыстым. Онда үлкен ауқымда зерттеу жүргiзу жөнiнде шешiм қабылданды. Зерттеудi жүргiзi үшiн құрылған жасақтың құрамына Швецов басқарған экономикалық – есеп тобы да кiрдi. Әлiбеков пен Қаратiлеуовке бұдан өзге ешқандай кеңес бергенiм жоқ. РСФСР-дiң мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде Швецовтың жер нормасы жөнiндегi жоспары талқыланғанда, арнайы маман ретiнде мен ресми түрде шақырылдым, онда мен Швецовтың белгiленген жер нормасын қорғадым», – деп еске алады.
Әрине, түрме тергеушiлерiне жер мәселесi жөнiндегi жоба өзiнiң ешқандай қатысы жоқ екенiн, үкiмет адамдарына ақыл-кеңес бермегендiгiн, олармен ешқандай байланысы болмағандығын баса көрсетуi – аңдып отырған тергеушiлердiң әлгi аты аталған қайраткерлердi жауапқа тартып, түрмеге жабатыны сөзсiз. Әлихан Бөкейхановтың әр сөзi нақпа-нақ, логикалық тұрғыдан алғанда ешкiмде кiнә таба алмайтындай жүйеге құрылды. Мұны оған үйреткен – ұзақ жылғы отарлау жүйесiмен күрескен өмiр мен күрес тәжiриесi едi. Қаншама құрсауда жүрсе де ол елi үшiн тәуекелге барып, Ғылым академиясымен қазақ үкiметi атынан келiсiм жүргiзгеннен кейiн, iстiң анық-қанығын бiлiп, жер жөнiндегi заң жобасында қазақ ұлтының мүддесi толық қамтылуы үшiн Қазақстанға келiп қайтуды ойластырады. Нәзiр Төреқұлов басқарған Мәскеудегi СССР халықтарының Орталық баспасының қатарындағы әдеби қызметкерi ретiнде жалақы алып отырған Әлихан Бөкейхановтiң жер аударылғандардан пәлендей айырмашылығы шамалы болатын. Оның жеке басының еркi шектеулi, өз еркiмен еркiн жүрiп-тұруға құқы жоқ, ал Қазақстанға келуге ресми тиым салынған болатын. Қадамы аңдуда жүрсе де ұлтының қамы үшiн көп iс тындырды. Отарлау саясатын әшкерелейтiн зерттеулердi жаздырып, оларды Мәскеудiң өзiнде басылып шығуына Әлекең тiкелей ұйытқы болды. Тергеу барысындағы сұрақ-жауаптың негiзiне жүгiнсек, оның бұл мақсатын толықтай жүзеге асыруға үш түрлi қысым жасапты. Бiрiншi, саяси қысым. Екiншi – ОГПУ-дiң тыңшылық әрекетi мен арандату қыспақтары. Үшiншi, Нәзiр Төреқұлов басқарған кеңесшiл дәбірлер. Осындай үш жақтан қыспаққа түскен Әлихан Бөкейханов ұлтының тағдыры шешiлер тұста жасқаншақтық танытпады. Ұлтының тәуелсiздiгi жолындағы жанқиярлық азаттық күресiн батыл әрi аса сақтықпен тұрақты түрде жүргiзе бердi. Орынсыз әрекет – мiнезбен, ойластырылмаған оқыс шешiммен ұлттық рухтағы қайраткерлердi арандатып алмауға тырысты. Дегенменде қанша сақтық жасаса да жер мәселесi тағдыр тәлкегiне түскенде сабыр сақтап қала алмады. Ғылым академиясы мен қазақ үкiметiнiң арасындағы ресми келiсiмге иек арта отырып, қалайда Қазақстанға келуге ұмтылды.
Тергеуге алынғандардан тәркіленген құжаттар тіркелген жетінші томда Әлихан Бөкейхановтың Жер жөніндегі халық комиссары Әлиасқар Әлімбековке жазған хаты бар. Онда:
«Әли жолдас! Сен мені қазақ Наркомземнің атынан Қызылордаға он бесінші октябрьге шақыртып маған қағаз жаз. Мен осы қағазды көрсетіп ЦИЗ-ден бостандық сұраймын. Мұны қылмасам ЦИЗ мені жібермеймін – дер. Мен күштеп босанармын. Арамыз ашылып кетер. Мұның саған да, маған да керегі жоқ. Сен қағазды жазатын болсаң Смағұлдан беріп жібер. Әлихан. 2/Х-25 жыл», – деп жазылған.
Хаттың төменгі жағына:
«Әлихан Бөкейхановтың хаты, зады сол кездегі Жер жөніндегі халық комиссары Әлиасқар Әлібековке жолданған болса керек», – деген тергеушінің ескертуі бар.
1925-1926 жылдардың арасындағы Әлихан Бөкейхановтың бүкiл тiршiлiгi осы жер бөлiсiмен оның кесiмiн анықтайтын ғылыми-зерттеу жұмысына арналды. Ленинград пен Мәскеудiң беделдi ғылыми мекемелерiнiң кепiлдiгiмен Адай уезiне аттанған экспедицияның құрамына кiрдi. Бөкейхановтың Қазақстанға келуi Голощекиннiң төбе шашын тiк тұрғызды. Әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариатының қызметкерлерiне ерекше күдiкпен қарап, олардың құрамын жиi ауыстырумен болды. Алайда қанша өршеленгенiмен де әлем таныған Ресей Ғылым академиясының ғұламаларының беделiне тосқауыл қоюға Қужақтың қауқары жетпедi. Бұған 1926 жылғы 2 маусым күнгi РСФСР Ғылым академиясының Төрағасы (Президентi) академик А.Е. Ферсманның төмендегi хаты айғақ. Онда былай делiнген:
«Аса құрметтi Әлихан Нурмухамедұлы!
СССР Ғылым академиясының Президиумы, Одақтық және автономиялы республикаларды зерттеу жөнiндегi ерекше комитетiнiң Сiздi осы комитеттiң Қазақстан экспедициясы жөнiндегi тұрақты экспертi болуға шақырған өтiнiшiн қарады, осыған орай Сiздiң Қазақстанның дәстүрi мен өмiрiн етене бiлетiн тұлға екендiгiңiздi есте ұстай отырып, аталған мәселе жөнiнде ерекше көмек көрсеткен болар едiңiз деген ниетпен, Сiздi комитеттiң құрамына енгiзу туралы ұсынысты өте құптарлық iс деп тапты.
Баяндалған жайды Сiздiң назарыңызға жеткiзе отырып, Ерекше комитет жоғарыда көрсетiлген негiздерге сүйене отырып Сiзден комитет құрамына кiруден бас тартпауыңызды сұрайды, келiсiмiңiз арқылы Сiз Қазақ АСС Республикасын жан-жақты зерттеу iсiне игiлiктi ықпал етер едiңiз.
Қазақстан экспедициясының мәселесi туралы комитеттiң таяу арадағы мәжiлiсiнiң өтетiн күнi Сiзге қосымша хабарланатын болады.
Төраға, академик А. Е. Ферсман.
Ғылыми хатшы Б. Линдер».
Аты әлемге әйгiлi академиктiң осылай жоғары бағалай отырып, асқан кiшiпейiлдiк көрсетуi, Әлихан Бөкейхановтың Ресейдiң қоғамдық-саяси өмiрiнде ғана емес, ғылыми лауазымдылардың ортасында да беделiнiң зорлығын танытады. Иә, Әлекең ұлттың көсемi екендiгiн досына да дұшпанына да таныта да, мойындата бiлдi. Бұл экспедицияның жұмысы туралы егжей-тегжейлi қазбалап жатпаймыз. Ал оның нәтижесi туралы бiр кезде Әлихан Бөкейхановпен бiрге Лениннiң қабылдауына барып, Қазақстанның қазiргi жер көлемiн бекiттiрген Әлiмхан Ермековтiң тергеушiлерге берген жауабына толық мағлұмат бере алады. Әрине, сұрақ-жауаптың жөнi бiр бөлек. Оқиғалар iлгерiндi-кейiндi баяндала бередi. Сондықтанда шашыраңқы жазылған сияқты көрiнуi әбден заңды. Қайтемiз, азаматтың азаматтық қасиетiн дәлелдеу үшiн абақтының ақ қағазына жүгiнетiн заман туды ғой. Кейде түк табылмағаннан көрi, осының өзi де шүкiршiлiк қой деген ойға келесiң. Сонымен, Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен құрылған, профессор Сергей Порфириевич Швецов жетекшiлiк еткен жер кесiмi мен бөлу жобасы жөнiндегi мәселе былай қортындыланды.
Әлiмхан Ермеков: «...Сол кездегi жер мәселесi турасындағы менiң көзқарасымды осыдан бұрынғы жауаптарымда көрсеткен болатынмын, бiрақта мен жерге қатысты мекемелерде қызмет iстегенiм жоқ. Бұл жөнiндегi Әлихан Бөкейхановтың ұстаған бағыты мен оның тұжырымдары Қазақстанның жерге қатысты мекемелерiнiң жұмысына шешушi түрде ықпал жасады, сөздi ұзартпас үшiн айта кетейiн, аты шулы кезеңге (шамамен 5 партконференцияға) дейiнгi Жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмыс бағдарламасы тек соған ғана негiзделдi. Оны дәлелдеу үшiн мына деректерге жүгiнсек те жеткiлiктi, мәселен: КССР Орталық атқару комитетiнiң 1921 жылғы «Он шақырымдық жайылымдық жердi, қоныстандырушыларға бөлiнген жер мен орманды аймақтарды еңбекшi қазақ елiне қайтарып беру туралы» декретiн; ВЦИК бекiткен 1923 жылғы «Көшпелi және жартылай көшпелi қазақ елiн жерге қоныстандыру туралы» декреттi, Федеральдық комитетте ресми өкiлдiктiң болғандығын; оның жұмысына Швецовтың қатысуын еске алсақ та жеткiлiктi. Мен Швецовтiң экспедициясының жұмысымен етене таныс емес (Осы кезде мен Ташкенттiң педагогикалық жоғары оқу орынында қызмет iстейтiнмiн) едiм, бiрақта, бұл жұмыстың бағыты мен нәтижесi туралы кездейсоқ, алайда күнделiктi тiршiлiктiң қамхаракетiмен жүрген кезiмде мына жайды естiп, көңiлiме түйiп қалдым. Швецов экспедицияның қортындысын жазып бiтiргеннен кейiн: «Ендi ғана менiң жаным тыныш тапты, өйткенi менiң жұмысымның нәтижесiн Бөкейханов мақұлдады, ал мен оның пiкiрiн бәрiнен де жоғары қоямын»- дептi. Демек, Швецовтiң экспедициясы да сол бағытты (Бөкейхановтың – Т. Ж.) сөзсiз қолдап шыққаны анық», – деп куәлiк бердi.
Патша заманында да Әлихан Бөкейхановпен бiрге ғылыми экспедицияға шығып, 1903 жылы Сiбiр темiр жолы бойының экономикалық, шаруашылық мүмкiндiгiн түбегейлi зерттеген С. П. Швецов екеуiнiң пiкiрiнiң бiр арнада тоғысуы заңды да болатын. Өйткенi олар көшпелi және жартылай көшпелi қазақ елiнiң жай-жапсарын, тұрмыс-тiршiлiгiн, өмiр сүру тәсiлiн, сондай-ақ отарлауға түскен тебiндегi теңсiздiк күйiн өте жақсы бiлетiн. Езiлген ұлтының азаматтығы үшiн күрескен қыр баласының саяси көзқарасын, мемлекеттiк қайраткерлiгi мен жан тазалығын, жеке басының қасиетi мен қабiлетiн профессор С. П. Швецов жоғары бағалады әрi оның ұлтының мұң-мұқтажы мен мүддесiн түсiндi, сыйлай да бiлдi. Ешқандай ұлы державалық, ұлы кеңестiк ықпалға ермедi. Саяси және ғылыми қыспаққа да көнбедi. «Оның пiкiрiн бәрiнен де жоғары қоямын» – деуiнiң өзiнде де үлкен астар жатыр едi. Қазақ елiнiң басына дәл осындай қатер төнген кезде ешкiмнен қаймықпай тарихи шындықты, бiр ұлттың екiншi ұлтқа жасап отырған өктемдiгiн ғылыми тұрғыдан нақты тұжырымдап берген Сергей Порфириевич Швецов iспеттi зиялыларға қазақ ұлты қашанда қарыздар және өз ұлтын құрмет тұтатын әрбiр азамат олардың әруағына тағзым етiп, тiзе бүгуi азаматтық парызына саналмақ.
Жер мәселесі туралы кеңес беру мақсатында Әлихан Бөкейханов 1926 жылы Қызылордаға Ә.Әлімбеков жазған хатта көрсетілген уақыттан кешігіп келеді. Ол туралы түрме тергеушілеріне «Қалам» деген лақап аты бар Ә.Байділдин:
«Ү партконференцияның қарсаңында Қожанов Қызылорда да болды. Содан кейін конференцияның қарсаңында Қызылордаға Бөкейханов та келді. Маған Сәдуақасов Москвадан күтіп ал деп жеделхат жолдаған еді. Вокзалға келген соң Сәдуақасовтың жоқ екенін көрдім. Бірақ сол поездан түскен Әлихан Бөкейханов пен профессор Швецовты кезіктірдім. «Сәдуақасов келесі поезбен келеді. Бізді Байтұрсыновтың үйіне апарып сал», – деді Бөкейханов. Ол кезде Байтұрсынов пен Дулатов бірге тұратын. Ү партконференцияның қарсаңында Бөкейханов бірнеше рет Нұрмақовтың кеңсесіне кіріп шықты деп естігемін. Нұрмақов Бөкейхановпен бірге қыдырып жүр, олардың жымы бір деген сөз тарап жүрді. Менің ойымша, Ү партконференцияның тезистерін жасауға алашорданың көрнекті қайраткерлері, соның ішінде алашордашыл Бөкейханов пен шақырылған Швецовтың белсене қатысқаны ақиқат... Мен: Сұлтанбеков пен кіші Абдолла Бөкейханов Москвада ұзақ уақыт жұмыс істеген, олар Әлихан Бөкейхановпен бірігіп Өлкелік комитеттің қаулысын бұзатындай аса кең ауқымдағы жұмыс бітірді, – деп естідім», – деп түсініктеме берді.
Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қазақ жерін соңғы рет басуы еді.
Сол жолы, яғни, 1926 жылы Қазақстандағы жер нормасын белгілеу мен артық жерді анықтау мақсатында КСРО Ғылым академиясының академигі И.Руденко жетекшілік еткен ғылыми экспедицияның құрамында Қазақстанға келген Ә.Бөкейхановты Ақтөбеде чекистер қамаққа алып, оны Мәскеуге айдауылмен қайтарып жібереді. Енді «тұздықтардың көзін жоймаса» жер реформасы жүзеге аспайтынын большевиктер анық сезді. Ол кеткен соң орнына:
«1926 жылы Швецов Қызылордаға келді, онымен әңгіме кезінде Қаратілеуов: «Сіз қартайған адамсыз, бұл сіздің соңғы ғылыми экспедицияңыз болар. Сондықтан да сіздің есіміңіз езілген қазақ елінің есінде мәңгі сақталуы үшін бұл жұмысты сізбен біз алдын-ала келіскендей, қазақ жерін бұдан әрі отарлай алмайтындай етіп аяқтағаныңыз жөн, – деген мағынада сөз қозғады. Бұл әңгіме ЦУЗ-да (жер басқармасында) Қаратілеуовтің кеңсесінде өтті. Жаңағы сөз мен және Жаманмұрынов қатысып отырғанда айтылды. Қаратілеуов Әлихан Бөкейхановтың пікіріне жиі сілтеме жасап, оның жер жөніндегі ең білгір маман екенін, жалпы ерекше талантты адам екенін жиі айтып отырды. Менің іске қатысты бір ауыз сөзіме қарсы Қаратілеуов: «Сен не Бөкейхановтан артық білесің бе? Боқмұрын, онымен қоймай әңгімеге қыстырыласың...», – дегені есімде.
Менің ойымша, Қазақ жер комитетінің жерге орналастыру жөніндегі барлық нұсқауларын Әлихан Бөкейханов беріп отырды ғой деймін. Бірде мен Қаратілеуов пен сол кездегі (1925 ж.) Жер жөніндегі халық комиссары Әлібековтің өзара әңгімесінде, Әлібековтің өзі: менің көзқарасымды Әлихан Бөкейханов қостамады, – деп айтып қалғанын естідім. Қандай мәселе жөнінде айтылғанын білмеймін. Қорыта айтсам, Жер жөніндегі халық комиссарының қызметкерлері Москваға барған сайын Әлихан Бөкейхановпен кездесіп, кеңес алып тұратын», – деп жазды К.Әлімбаев.
Бөкейханов пен Швецовтың ғылыми негізге сүйеніп жасаған жерді межелеу жобасы қазақ жерін қара шекпендерге мәңгілік меншікке беруден сақтап қалды. Патша мен большевиктердiң жазалау және тыңшылық мекемелерiнiң әдiс-тәсiлдерiн барынша жетiк меңгерген Әлихан Бөкейхановтың араласуының және ақыл-кеңесінің нәтижесінде: патшалық Ресей тұсында – 1914 жылы, ал кеңес өкіметі тұсында – 1927 жылы атқарылуға тиісті „тың көтеру науқаны”, яғни, Ресейден алғашында 360 мың қарашекпенді Қазақстанға әкеп, „коллективтендіру” деген желеумен жер бөліп беру туралы жасырын жоспар жүзеге аспай қалды.
Профессор Сергей Порфиревич Швецов анықтаған жерді межелеу нормасы Ү партконференцияда талқыланып, бекітілді. Бұл қазақ жерін телімнен аман алып қалды және сол жылы Қазақстанға 360 мың қоныс аударушының келуіне тосқауыл қойды. Міне, Әлихан Бөкейхановтың сонау Москвада жүріп қазақ пен қазақ жерінің қамын ойлаған қам-қаракетінің бірі осындай болатын. Ғылым академиясының тапсырысымен Атырау өңiрiнде жүргізілген ғылыми экспедицияның (құрамында Ә.Бөкейханов та бар) қорытындысы 1927 жылы Ленинградта «Қазақтар. Антропологиялық зерттеулер» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Ол жинаққа Ә.Бөкейхановтың «Адай уезінің қазақтары» атты мақаласы енді. Сөйтіп Ә.Бөкейханов өзінің пікірін ғылыми тұрғыдан көпшілікке жария етті.
Мұның өзі ұлт көсеміне одақтық бедел әкелді. Соны да көп көргендей болған кеңес қызметкері Сарымолдаев Өлкелік партия комитетінің бақылау комиссиясына:
«Бірде Дивеев екеуміз көшеде келе жатып Әлихан Бөкейхановпен бір күймеде отырған Нұрмақов пен Сәдуақасовты көріп қалдық. Оны сыйлайтындары сондай, тіпті Нұрмақов Бөкейхановтың тізесіне отырып алыпты. Осы бір көріністе тұрған ештеңе жоқ болса да, маған сондай жеккөрінішті әсер етті...», – деп «әшкерелеп» мағлұмат берді.
Осындай «жеккөрінішті көріністен» саяси астар іздеген қазақ қайраткерінің көрсетіндісінің астарында өз әріптестері, азамат Смағұл Сәдуақасов пен Нығымет Нұрмақовтың, Сұлтанбек Қожановтың талқыға түскен тағдыры бар еді.
„Алашорда” үкіметі мен „Алаш” партиясы қайраткерлерінің үстінен қылмысты іс қозғау үшін тергеу орындары ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды. Енді одақтас республикалардың барлық өкілдері ашықтан-ашық қолдап отырған Ә.Бөкейхановты қалайда ауыздықтау қажеттігі туды. Өйткені кеңес өкіметінің „коммунистік-колонизаторлық” ұлт саясаты мен „артық жерге қоныстандыру” науқанын жүргізу Ә.Бөкейханов тұрғанда үлкен кедергіге ұшырайтыны сөзсіз еді. Сондықтан да Мәскеудің де, Қазақстанның да тергеушілері оның соңынан қатаң бақылау қойды. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген. Ақыры бір ілік тапты.
1927 жылы шілде айының 15 күні алаш қайраткері Елдес Омаров ол кісіні Ресей мен Қостанай облысының шекарасындағы РСФСР-ға қарасты Бозан хуторына демалып қайтуды ұсынады. Саяси қыспақтың құрсауы бүрiп бара жатқанын сезген Әлихан туған өлкесiн соңғы рет көрiп қайтуға келiсiм бередi. Бұл кезде тыңшылар да оның артына мықтап түскен едi. Қазақстанның бас чекисі Каширин:
«Саяси шиеленіс тудыруы мүмкін көрнекті, ықпалды, экономикалық және саяси сауаты күшті буржуазияшыл-ұлтшыл элементтердің яғни, елдің тұздықтарының көзін жою туралы шешіміне» байланысты және «мұндай ауқымды саяси операцияға дайындық «көкжөтелмен күрескендей шұғыл» («лихорадочным темпом») жүргізілуі керек» деп шешкендіктен», «бұл науқанның барлық ауыртпалығын өзінің мойнына ала отырып», «тұздықтардың көзін жоюды» Ә.Бөкейхановтан бастайды.
Демалыстан қайтқан Ә.Бөкейхановқа:
«Алашорданың» астыртын контрреволюциялық ұйымының жұмысын ұйымдастыру үшін және жаппай экспропирация қарсаңында кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындау мақсатында Қазақстанмен шекаралас аймаққа барды”, – дегенді желеу етіп, тергеу жұмысын алаңсыз жүргізу үшін оны қызметінен босатуды талап етіп, ресми орындардан рұқсат алды.
Мемлекеттік төтенше саяси басқарманың қысымымен:
«Орталық баспада жаппай жұмыс орынының қысқартылуына байланысты қазақ бөлімінің әдеби қызметкері азамат Ә.Бөкейханов 1927 жылдың 1 қазанынан бастап істеп отырған қызметінен босатылды».
Анкеталық анықтама: Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – 1866 жылы наурызда (түрме анкетасында солай көрсетілген, ал Ә.Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылық жолын тиянақты зерттеген С.Аққұлұлы 1870 жыл деп дәлелдейді) Семей облысы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысының №7 ауылында туған. Жеті жасында мұсылман медресесінде оқып, арабша тіл сындырып, шариғат заңын меңгерген. Қарқаралыдағы үш класты орыс бастауыш мектебін бітіріп, үш жылдық ер балаларға арналған кәсіптік училищені (етікші) тәмәмдайды. Князь генерал-губернатор Калпаковскийдің «төрелігімен» (Ол Қарқаралыға келгенде училище шәкірттеріне: «Омбы мен Қарқаралының арасы 760 шақырым. Сонда арбаның дөңгелегі Қарқаралыға неше айналып келеді?», – деп сұрақ қойыпты. Есепті Әлихан лезде шығарғанына риза болған князь Әлиханды Омбы техникалық училищесіне ауыстырады). 1889 жылы 8 желтоқсанда «Дала уәлаяты» газетінде «Әңгіме», желтоқсанның аяғында «Баспаханаға хат» атты алғашқы мақаласы жарияланады. 1890 жылы Ә.Бөкейханов Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына жолдама алады. Ал 1893 жылы студенттердің саяси қозғалысына қатысып, жандармерияның бақылауына ілінеді.
Сол жылдан бастап ғұмырының соңына дейін, яғни, 1937 жылдың шілде-тамыз айына дейін Әлихан Бөкейханов он жыл бойы Мәскеуде мырзақамақта ұсталады. Селебе (Челябі) уезінің Бозан хуторынан Ә.Бөкейхановты Мәскеуге шығарып салған Елдес Омаров та Қызылордаға барысымен шұғыл түрде тұтқынға алынады. Сөйтіп, „Алашорда» қайраткерлерінің қарулы көтеріліс ұйымдастыру арқылы кеңес өкіметін құлату үшін құрған контрреволюциялық астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісінің” тергеуі осылай басталып кетеді.
Е.Омаровтың ұсталуына байланысты алдын-ала жауапқа шақырған түрме тергеушiлерiне Ә.Бөкейханов:
«Е, тағы да жер мәселесi туралы заң шығарғалы жатыр екенсiңдер ғой. Бұдан бұрын да екi рет Халық комиссариаты жер мен жерге қоныстандыру туралы шешiм шығарардың алдында менi абақтыға қамап едi. Бiрақ та аз ұлттардың өкiлдерiнiң, оның iшiнде Украина мен Грузия өкiлдерiнiң талап етуiмен Бутыркадан бiрден Кремльдiң төрiне шығарып едi. Жер мен қоныстандыру туралы Халық комиссарлар кеңесiнiң қаулысы – орыстандыру туралы қаулы екенiн дәлелдеп бергенiмнен кейін, шешiм қабылданбай қалып едi. Өйткенi бұл қаулыны дайындағандар – менiң патша заманында-ақ айтысып үйренген Николай патшаның орысшыл «қаражүздi» ғалымдары едi. Швецов сияқты әдiл ғұламалардың тұжырымы бұл iске тартылмапты. Ол жолы Бутыркадан шығарса да Мәскеуден кетуге рұқсат етпеп едi. Әй, бұл жолы қайта шығара қоймассыңдар, өткені қабақтарың қабарып кетiптi», – деген мазмұнда жауап берді.
2.
Анкеталық дерек: Елдес Омаров 1892 жылы туған, туған жерi – Қостанай округінің Тобол болысы, тұрған жерi – Ташкент, қазақ, Торғайдағы ІІ кластық орыс-қазақ мектебiн (училище) үздiк бiтiрген. Ақпан төңкерiсiне дейiн мұғалiмдiк еткен және окрукгтiк сотта тәржiмашы болған, «Алашордада» қызмет iстеген, Ташкенттегi Қазақ педагогикалық оқу орынының ұстазы, бiлiмi – орташа, бойдақ. Саяси көзқарасы – ұлтшыл, «Алаш» партиясының мүшесi, «Алашорданың» оқу комиссиясының мүшесi, «Алашорданың» Қостанайдағы қазақ полкiнiң саяси жетекшiсi болған.
Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың сенімді әрi ең жақын серiгi. Педагог, публицист, аудармашы, лингвист. Мақалаларын қазақ, орыс тiлдерiнде жазған. «О сочетании казахской звуки», «Ахмет Байтурсунов – ученый – лингвист» атты мақалалардың, «Қазақ тiлiнiң жаттығулар жинағының», сондай-ақ орта мектепке арналған геометрия, физика оқулықтарының авторы. Заман ағымы, зәру мәселе, халық басындағы мұң, мектеп, оқу жайы жөнiнде және әр түрлi ғылыми кiтаптарға рецензиялар жазған.
«Қазан айының 13 күнi, 1927 жыл, жауап алған Логачев.
„...1927 жылы шiлде айының 15 күнi, мен – Омаров, қазақ оқу-ағарту комиссариатының тапсыруымен өлкелiк музейдiң шаруасымен Орынборға бардым. Орынборда мен заң комиссариатының мүшесi Сейдазым Қадырбаевпен жолықтым. Ол: Орынбор уезiндегi Бөртi ауданында демалып қайту туралы ұсынысымды Әлихан Бөкейханов қостамады, маған хат арқылы бас тартып, жауап жазды, – дедi. Бөкейхановтың Қадырбаевқа жазған хатын өз көзiммен оқыдым. Маған – Омаровқа, Мәскеудегi ГПУ-дiң тергеу жүргiзуiне байланысты Әлихан Бөкейхановқа Қазақстанның шекарасына кiруге рұқсат етiлмейтiнi туралы хабар таныс болатын, оны Қызылорда да естiгенмiн. Мен Орынборда жүрiп, Әлихан Бөкейхановты бұрынғы Челябi уезiне қарасты Златоусть округiнiң Бозан хуторына демалып қайтуға шақырдым. Бозан хуторында отыздан астам қазақ үйi тұратын, оның барлығын бала кезiмнен бiлетiнмiн. Егерде Бозан хуторына демалуға келiсiм берген жағдайда, маған Қызылордаға жеделхатпен хабар берiңiз деп Бөкейхановқа өтiнiш еттiм. Орынбордан Қызылордаға қайтып келгеннен кейiн оқу ағарту комиссариаты арқылы Бөкейхановтан мен айтқан жерге демалуға келiсiм бергенi туралы жеделхат алдым. Екi күннен кейiн Златоусть округiнiң Бозан хуторына жүрiп кеттiм, 1 тамыз күнi сонда келдiм. Бөкейханов әлi келмептi. Келесi күнi Қостанай округiнде демалып жүрген Нұрымов Ғаббас маған келдi. Оған осында келу туралы жеделхат жолдаған екен. 11 немесе 12 тамыз күнi Әлихан Бөкейханов келдi. Алғашында ол 2 тамыз күнi келемiн деген болатын, кейiннен 8 тамызға дейiн кешiгетiнi туралы жеделхат жолдады, соңынан 9 тамыз күнi Мәскеуден шыққанын хабарлады. Бөкейханов, Омаров, Нұрымов үшеумiз бiрге болған кезде, бiрiншi аталған адам бiзге жерге орналастырудың барысы туралы мағлұмат бердi. Ол бiзге өзiнiң ертерек келе алмағандығының себебiн айтты.
Сөйтсек: жер жөнiндегi халық комиссариатының жұмыс комиссиясы – бұдан Қазақстандағы жер бөлiсiнiң мөлшерiн анықтайтын комиссияның жобасын талқылауға қатысу үшiн мұның Мәскеуде қала тұруын өтiнiптi. «Мәскеуде аялдай тұрыңыз», – деп Бөкейхановқа кiм өтiнiш бiлдiрдi, онда қандай өкiлдiкпен қатысты, ол жағын Бөкейханов маған айтқан жоқ. Ең әуелi РСФСР-дiң Жер жөнiндегi комиссариатының жер бөлiсi туралы шешiмi оқылыпты, оны сол Жер жөнiндегi халық комиссариатының бiр қызметкерi баяндап берiптi. Олар бекiткен жер бөлу мөлшерi негiзсiз деп табылып, қабылданбай тасталыпты. Бұл жер бөлу мөлшерiн қорғап сөйлегендер, аты есiмде қалмапты, профессор Верещагин дегеннiң беделiне сүйенiптi. Жер бөлудiң бұл мөлшерiне Бөкейханов қарсы сөйлептi, ол: бұлардың сүйенiп, қорғап отырған беделдi профессоры патшаның тұсында келiмсектер басқармасында iстегенiн, онда орыс дворяндарының мүддесiн қорғағандығын әшкерелептi. Бұл профессорыңыз 1913 не 1914 жылы Мемлекеттiк думаның төрағасы Варун (? – анық танылмады – Т.Ж.) мырза арқылы Торғай мен Қостанай уезiнiң аралығындағы жердi қаратып алу туралы жарлық шығартты», – дептi.
Өзiнiң сөзiнде профессор Верещагин жер туралы мәселенiң тонын терiс айналдырып: «Тула губерниясының мұжықтары жерiнiң аздығынан және жерiнiң жоқтығынан қасiрет шегiп отыр. Ал оның есесiне Қазақстандағы бос жатқан жерде есеп жоқ», – деген көрiнедi. Бөкейханов оның уәжiне қарсы сөйлеп: «Бұл профессор бұрын ғой орыс помещиктерiнiң мүддесiн көздеп қазақтардың жерiн тартып алып, оны орыс помещиктерiне берiп едi. Егерде Тула мұжықтарына жер керек болса, онда бiз қазақтар, мына сияқты профессордың көмегiнсiз-ақ, олардың өзiмен тiкелей сөйлесемiз», – дептi.
Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, РСФСР-дiң Жер комиссариатының кесiмi бойынша жер кесiмi әдейi аз мөлшерде белгiленiптi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер бар дегендi дәлелдемек болыпты. Бөкейханов:
„Бұл кесiм – болашақта Қазақстанды отарлау үшiн пайдалануға жол ашады”, – деп есептейдi.
Бұл – қазақ халқының мүддесiне қарсы бағытталған әрекет. Бұл мәселенi қозғап отырғандар РСФСР-дiң Жер комиссариатының маңына топтасқан орыс мамандары. Егерде орыс мамандарының ықпалымен жасалған жер келiсiмi жөнiндегi жоспарды РСФСР-дiң Жер комиссариаты өмiрге енгiзетiн болса, онда бұл Қазақстанға қаратыла отарлау саясатын жүргiзу болып табылады. Осылай деп күйiнген Бөкейханов:
«РСФСР-дiң Жер комиссариатының дәл қазiргi орыс мамандарының жетегiнде кеткендiгi өте қауiптi саясат, олар бұрынғы отарлаушылар болатын, бұл бағыт Қазақстанның сөзсiз отарлануына алып келедi», – дедi.
Отаршылдықпен күресудiң қандай бiр әдiс-тәсiлiн Бөкейханов маған да, Нұрымовқа да айтқан жоқ. Ол: профессор Швецов белгiлеген Қазақстанның жер жөнiндегi комиссариатының жер кесiмi мөлшерi бекiтiлуi керек, РСФСР-дiң комиссариатындағы орыс мамандарының әрекетiне қарсы қолданылатын бірден-бiр саясат сол, – дедi.
Бөкейхановтың пiкiрi бойынша, Қазақстанда басы артық жер жоқ. Бұл пiкiрдi, мен – Омаров та, қостаймын.
Мен – Омаров, Қостанайға қайтып келгеннен кейiн, Қостанай округтiк жер басқармасының бастығы Көшербаевтан Швецов белгiлеген қазақ жер комиссариатының жер кесiмi туралы ұсынысын белгiсiз себептермен Мәскеудiң бекiтпегенiн естiдiм.
Мен – Омаров, қазақ халқының өмiр сүру тәсiлiне байланысты жердi пайдалануға таптық принцип тұрғысынан қарауды мүлдем қисынсыз деп есептеймiн (ІІ том, 63-бет). Өзiнiң шыққан әлеуметтiк-таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерiн емiн-еркiн пайдалануы тиiс. Әрине, жер ең алдымен кедейлерге бөлiнiп берiлуi керек дегендi қостаймын. Кедейлерге жер бөлiнiп берiлген соң солармен тең дәрежеде және бiрдей мөлшерде бай қазақтарды да жермен қамтамсыз ету қажет. Жердi түтiн санына қарап емес, жан басына қарай бөлiп берсе, әдiл болар едi деп ойлаймын.
Хаттама маған таныстырылды және менiң айтқан сөздерiм дұрыс жазылды, сол үшiн қолымды қойдым – Омаров (қолы).
Тергеу жүргiзген – Л. Логачев».
«Алашорда» көсемдерiнiң арасындағы «сүйкiмдi серi» атанған Елдес Омаровтың ерiксiз жазылған жоғарыдағы „естелігі” Әлихан Нұрмұхамедұлының көзқарасы мен жан дүниесiн тереңiрек түсiнуге мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ дүлейлi дауылдың алдындағы қатерлi кезеңде де өз араларындағы құрмет пен сыйласымдылықтың жойылмағанын, қайта қадiрi арта түскенiн аңдатады. «Өзiнiң шыққан әлеуметтiк-таптық тегiне қарамастан, қазақ халқының барлық түтiн иесi өз жерiн емiн-еркiн пайдалануы тиiс»,– деген талаптың түпкi астарында: қазақ жерi – қазақтардың ұлттық меншiгi деген үлкен мағына бар едi.
Бұл ретте қазақ азаматтары бiр пiкiрде болды. Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Кәрiм Тоқтабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов iспеттi үкiмет басында отырған қайраткерлер толықтай Әлихан Бөкейхановтың пiкiрiн қостады. Iштей қостап қана қоймай, мемлекеттiк ресми дәрежеде ат салысты, қайрат көрсеттi. Олардың түпкiлiктi пiкiрi Елдес Омаровтың мына куәлігінен анық байқалады. Онда:
«Қазақстанда ешқандай басы артық жер жоқ, сондықтан да елiмiздiң еуропалық бөлiгіндегi губернияларынан қоныстанушыларды көшiрiп әкелу туралы әңгiме болуы мүмкiн емес. Төңкерiске дейiн де, төңкерiстен кейiн де Қазақстанға қоныстанған орыс тұрғындары жергiлiктi халыққа жер бөлiнiп берiлгеннен кейiн, оның ыңғайына қарап, ең соңынан барып жерге орналастырылуы керек. Егерде жергiлiктi қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшiн қажет болса, онда орыс тұрғындарын Қазақстаннан көшiрiп жiберу қажет.
Өзбек пен Түрiкмен республикасы СССР-дiң құрамына кiрген жағдайда ғана Қазақстан СССР-дiң құрамына өз еркiмен ғана қосылуы тиiс және қазақ республикасының маңызын сақтап қалу керек. Менiң ойымша, қазақтың мүддесi тұрғысынан алғанда барлық қазақ коммунистерi тура бiздер – ұлтшылдар сияқты ойлайды деп сенемiн. Мәселен: Қазақстандағы Жерге қоныстандыру саясаты туралы мәселе жөнiндегi бiздiң – ұлтшылдардың пiкiрiн қазақ коммунистерi толықтай қостайды. Олардың нақты атын айтып, тiзiмдеп бере алмаймын, тек жалпылама топшылауым солай. Айтпақшы, мен – Омаров, жер бөлiсi жөнiнде халық комиссары Тоқтыбаев Кәрiммен сөйлестiм, сонда ол: Швецов жасаған жер бөлу жоспарын Мәскеу бекiтпедi, сондықтан да Қазақстанның коммунистерi, оның iшiнде мен де бұл ұсынысты бекiтуге күш салуымыз керек, – дедi», – деп жазылған.
Елдес Омаровтың 1927 жылғы 20 қазан күнгi, яғни Әлихан Бөкейхановпен бiрге демалып, Қызылордаға қайтып оралғаннан кейiнгi жүргiзiлген тергеу iсiндегi жауабында сол тұстағы қазақ зиялыларының арасындағы саяси қарым-қатынас қысқа әрi түсiнiктi баяндалған. Бұл кез – Смағұл Сәдуақасовтың Голощекинмен ашық майданға шығып, тура шабуылға көшкен кезi-тiн. Ұлттық бағыттағы қайраткерлердiң жiк арасын Елдес Омаров өз көзқарасы арқылы былай сипаттайды:
«Қазақ коммунистерiнiң арасында екi топтың барлығы маған белгiлi. Олардың бiреуiне – Сәдуақасов Смағұл, бұрынғы Жер жөнiндегi комиссар Сұлтанбеков, Мыңбаев және Жандосов тағы басқалар басшылық етедi. Екiншi топтың жетекшiлерi: Халық комиссарлар кеңесiнiң төрағасы Нұрмақов, Тоқтыбаев Кәрiм, Тоғжанов тағы басқалары. Бiрiншi топ – ұлтшылдардың қатарына жатады, екiншiсi де бiрiншiден пәлендей айырмасы жоқ. Аталған екi топтың арасындағы алауыздық тек мәнсап бөлiсуден және жеке бастарының араздығынан туындаса керек. Өйткенi қазақ халқының мүддесiн қорғау кезiнде, мысалы жерге орналастыру мәселесi жөнiндегi тартыс кезiнде екi топ та бiрiгiп кеттi. Қазақтың партияда жоқ зиялылары ана топқа да, мына топқа да iш тартады. Мәселен, мен – Омаров, Сәдуақасовтың тобын жақтаймын. Ал Ғаббасов Халел мен Ермеков Әлiмқан Нұрмақовты қостайды. Менiң ойымша, қазақ қызметкерлерiнiң арасындағы жiкшiлдiк – тек партиялық тәртіп тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының мүддесi тұрғысынан алғанда да үлкен зиян келтiредi. Топтасу өшпендiлiктi туғызады, күштi ыдыратады. Ал ауылдағы таптық жiктеуге келсек, оны мен – Омаров, дәл қазiргi уақытта мойындаймын және оған оң көзбен қараймын. Таптық тартыс, әсіресе, шабындық пен егiндiк жердi бөлiскенде айқын байқалады. «Алашордашылар», оның iшiнде мен – Омаров, қазақ халқының таптық жiктелуiне қарсы болдық. Себебi бiз: қазақ халқының көпшiлiк бөлiгi – байларға байлаулы болғандықтан да, онымен ашық күресе алмайды, байдың ықпалындағы кедей өзiнiң үкiмiн ауқаттыларға қарсы жүргiзе алмайды деп ойладық», – деп түсiнiктеме бердi.
Елдес Омаровтың жауабындағы айтылған жайлар тiмiскi тергеушiлерге берiлген қарабайыр түсiнiктеменiң қатарына жатпайды. Бұл – саяси көзқарастың тұжырымы. Голощекиннiң арандатушы әрекетiне саналы түрде қарсы шыққан қайраткерлердiң iс-қимыл бағдарламасы. Елдес Омаров олардың аты-жөнiн айту арқылы тергеушiлерге «жем» тауып берiп отырған жоқ. Өйткені аты аталған қайраткерлердің саяси бағыт-бағдары анық, өз пiкiрлерiн түрлi мемлекеттiк және партиялық жиналыстарда ашық айтып, еркiн талқылауға ұсынған күрескерлер болатын.
Тергеу ісіне жеке басқа қатысты хаттарда тіркелген және ол хат пен оны тапсырушы адам туралы тәптіштеп тұрып түсінік алған.
«15 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.
Қосымша тергеу кезінде азамат Елдес Омаров мынаны айтты:
12 қазан күні менің үйімді тінту кезінде алынған және қазір маған көрсетіліп отырған, соңына “Эльза” деп қол қойылған бұл хатты – Қызылордадағы Қаражат халық комиссариатының қызметкері Александр Александрович Вертаның әйелі Эльза Адамовна Верта маған – Омаровқа арнап жазған. Эльза Адамовна Вертаның хатын менің тікелей өзіме – 1927 жылдың шілде айының орта кезінде, Жер жөніндегі қазақ халық комиссары Жағыпар Сұлтанбеков Қызылордадан Мәскеуге бара жатқан сапарында маған табыс етті. Мен Сұлтанбековті Орынбор қаласының вокзалында күтіп алдым. Өзінің жолға шыққаны туралы маған жедел хат арқылы хабарлаған еді. Мен, Омаров, мынаны мәлімдеймін, мен Қызылорда да жүрген кезімде Мәскеуге бірге барамыз деп Сұлтанбековпен келіскеміз. Мен, Омаров, Мәскеуге көңіл көтеру үшін және керекті зат сатып алу үшін бармақшы едім. Эльза Адамовна Верта Сұлтанбековті сол жылдың наурыз не көкек айында менің пәтерімде, мен – Омаров, таныстырған едім. Ол кезде Эльза Адамовна екеуіміз Ташкент қаласындағы менің пәтерімде бірге тұратынбыз. Ал Эльза Адамовнамен 1921 жылдан бері таныспын”, – деп көрсетті.
Бұдан кейін өзінің Жағыпар Сұлтанбековпен бұрын Қостанайда Өлкелік Жер басқармасында бірге істегенін, екеуінің сол кезде танысқанын баяндайды. Сұрақ-жауаптың бәрі Жер мәселесі жөнінде өрбіген. Одан әрі қарай қайтадан әлгі хаттың жайына ауысады. Себебі, хаттың ішіндегі арифметикалық формуланың өзі тергеушілерге шпиондық шифр ретінде көрінген:
“Мен онымен 1927 жылы Қызылордада қалалық бақшада кездесіп қалдым, содан кейін мен – Омаров, Сұлтанбековпен бірге шайханада тамақтандық. Біздің жанымызда, Жер жөніндегі халық комиссариатының бұрынғы комиссары, Жетісу губерниясының төрағасы Әлімбеков, Ішкі істер халық комиссариатының бұрынғы (комиссары-?) Есқараев, Сауда жөніндегі халық комиссариатының комиссия мүшесі Төлепов Мирасбек, тағы да басқа адамдар болды, оларды ұмытып қалыппын. Сұлтанбековпен екінші рет тағы да бақшада, кешке жақын тамақтанып отырған кезде кездестім. Біз бастапқыда – Омаров, Міржақып Дулатов және Халел Ғаббасов үшеуіміз тамақтанып отырғамыз, оған кейіннен Сұлтанбеков пен Ақаев Серікбай қосылды. Сол отырыста Сұлтанбековпен келісіп, Мәскеуге бірге барайық, сен шығарыңда маған Орынборға жедалхат сал деп уағдаластық. Эльза Адамовна Верта, тек мен – Омаров арқылы танысқан менің мынадай жақсы достарымды: Дулатов Міржақыпты, Нұрымов Ғаббасты, Шонанов Телжанды, Қадырбаев Сейдазымды, Байтұрсынов Ахметті, Ермеков Әлімханды, Жүргенов Темірбекті, Жолдыбаев Молдағалиды, Қадырбаев Әбдірахманды, Ташкенттегі Қазақ мұғалімдер институтының үлгілі оқу мектебінің оқу бөлімінің меңгерушісі Юсупов Ахамет-Сафаны, Орта Азия Мемлекеттік универсиетінің Шығыс факультетінің доценті Файзолла Ғалымжановты және Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер институтының оқу бөлімінің меңгерушісі Михайл Сменинді біледі.
1927 жылы маусым (июнь) айының соңында, мен – Омаров, Ташкенттен Қызылордаға кетіп бара жатқан Эльза Адамовна арқылы Міржақып Дулатовқа хат беріп жібергем, онда мен математикалық формулалардың белгіленуі жөніндегі мәселе туралы Ахмет Байтұрсыновпен сөйлесіп бер деп өтініш еттім. Ол хатты Эльза Адамовна өз қолымен табыс етті ме, жоқ па, оны анық білмеймін (Әлгі тергеушілердің шифр деп жүргені осы – Т.Ж.). Әйтеуір Дулатов хатты алғаны рас. Байтұрсыновты мен кейін вокзалда кездестірдім. Мен келген поезбен Кавказға, демалуға кетіп бара жатыр екен. Байтұрсыновпен мен тек қана математикалық формуланың атауы жөнінде ғана сөйлесіп үлгердім. Бөкейханов Әлихан Мәскеуге Шығыс Халықтарының Орталық баспасында істейді, қандай қызметте екенін анық айта алмаймын. 1927 жылдың тамыз не қыркүйек айына дейін онымен бірге Мәскеу қаласында өзінің қызы, бұрынғы Оқу-ағарту комиссары Сұмағұл Сәдуақасовтың әйелі – Елизовета (қазақша аты – Ләйлә) Әлиханқызы бірге тұрды. Қызы қазір дәрігерлік факульетті бітіргеннен кейін күйеуі Сәдуақасовтың тұрақты жұмыс орыны орналасқан Ташкент қаласында тұрады, ол кеткеннен соң Бөкейханов Әлиханның жағдайы болыңқырамай жүдеп кетті, әсіресе, ас әзірлеу жағынан күйзеліңкіреп кетті.
Мен – Омаров, өзімнің Қызылордадағы таныстарым арқылы, оның ішінде Жер жөніндегі комиссар Сұлтанбеков, Халел Ғаббасов, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұрмақов пен Оқу-ағарту комиссары Тоқтыбаев арқылы Бөкейхановты Қызылорда қаласына ауыстырып алып, Жер жөніндегі комиссариатқа, не Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне, немесе Қазақстанның Есептеу Орталығы басқармасына тұрақты қызметке орналастыруды ойластырдым. Менің тұтқынға алынуыма байланысты Оқу-ағарту комиссары Тоқтыбаевтан басқа жоғарыдағы аты аталғандардың ешқайсысымен сөйлесудің реті келмеді. Соңғы адаммен осы жылдың қазан айында (Тоқтыбаевпен – Т.Ж.) мен Қостанайдан Ташкентке қайтып бара жатқан жолымда жолықтым. Тоқтыбаев Бөкейхановтың Қызылордаға ауысуына көмектесуге уәде берді. Менің айтарым, бұл жөнінде мен – Омаров, Бөкейхановпен арнайы сөйлескемін жоқ, сондықтан оның қандай пікірде екенін білмеймін.
Менің жауабым өзіме оқып берілді және сөздерім дұрыс жазылған.
Елдес Омаров (Қолы)
Тергеуші – Логачев».
Мұнда ерекше назарға алынғаны: а). Бөкейхановты Қазақстанға шақыртуға ниет білдіруі – алаш қайраткерлерінің басын бір жерге қосып, астыртын ұйым құруға ұмтылыс ретінде бағаланған. ә). Арифметика мен физика пәндерінің терминдерінің авторы Е.Омаровтың А.Байтұрсыновтан кеңес алу үшін ұсынған математикалық формулалары – «шифрлы жазу» деп қарастырылған. Зады Міржақыпқа жолданған хатты тапсырған Эльза Адамовна Верта оны біреуге көрсеткен сияқты.
Осы бір бақталайсыз жанұяның тағдыры туралы Гүлнар Міжақыпқызы Дулатова:
«Дәрігерлік институтта оқып жүргенімде Елдес аға орыстарға қазақ тілінен сабақ беретін. 1935 жылдары жиі келіп тұрдым. Папамның ең жақын жолдасымен ұшырасқанымда, көз алдымнан бұлдырап, алыстағы сағымдай қайта оралмас бақытты бала кезім елестеп өтетін. Әкемді көруге зар болған сағынышым одан сайын күшейіп, жүрегімді сыздататын. Мамам: «Елдестің семьсы берекесіз, неміс әйелінен – Эльза Адамовнадан қорлықты көп көрсе де, шыдайтын, – деп отырушы еді. Жас болғандықтан неге олай деп қазбалап сұрамайтын едім. Алпыс жылдан соң, 1989 жылы Райымжан Бөкейхановтан кейбір сырларын білгендей болдым. Оның Эльзаны сипаттауынан кейін мамамның жақуратып айтқан кейбір сөздері есіме түсті.
Елдес аға өзінің досы Міржақып қайтыс болғанын естігенде Смет Кеңесбаевқа: «Смет, бүгін мен үшін қаралы күн, аза тұтамын. Аяулы Міржақып Дулатовтың – жан жолдасымның дүние салғанын естідім. Менің сабағымды өзің өткізе сал», – депті. Мұны маған 1960 жылы Смет ағаның өзі айтты», – деп еске алады.
Иә, Эльза Адамқызы адамдықтың ала жібін жиі аттаған сияқты. Біз күмәнмен қараған біраз сұрақтардың астары мына естеліктен анықталып отыр. Баласы – әкесін ұстап бергеннен гөрі, «төсектесін» (сожительница – Е.Омаров) ұстап беру, әрине, әлдеқайда жеңіл.
Мiне, қазақ жерi үшiн болған саяси күрес «Алашорда» көсемдерi үшiн осылай, түрмемен аяқталды. Бұл – сол кездегi қоғамның даму бағыты мен қоғамдық ойдың күресi тұрғысынан алғанда тарихи заңдылық едi. Кеңес өкiметi жаhангерлiк отарлаудың жаңа түрiне, ең қатыгез жолына түстi. Қандай қысымға ұшыраса да адамның санасындағы асыл ойды ешкiмде өшiре алмайды. Ұлттың басына осындай ауыр күн түскенде бар салмақты өзi көтерiп, «талша мойным қылша» деп ашық майданға шыққан азаматтардың табылғанына да шүкiршiлiк. В. О. Ключевскийдiң:
«Халықтың өзiнiң сүйген көсемiне деген сенiмi – сол халықтың өзiне деген сенiмi мен рухани күшiнiң қуаттылығының белгiсi», - деп айтуында үлкен тарихи астар жатыр.
Қазақ ұлты да Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты өзiнiң ұлттық көсемi деп таныды, оның жеке басының қасиеттерi мен саяси бағытына, күрес жолындағы адалдығына сендi. Қадiрiн сездi. Оны кеңес өкiмет неғұрлым жеккөрiнiштi етуге тырысқан сайын, ұлты соғұрлым қатты сүйдi. Тiптi Сталин мен Голощекин сияқты дұшпандарының өзi оның қайраткерлiк қасиетін мойындады. Ақжүрек белсендiлер де Әлихан Бөкейхановты аузына алмауға тырысты. Бұл – оған деген iшкi құрметтi танытады.
«Алаш iсi» атты бұл тергеудегi жер мен қоныстану мәселесi жөнiндегi «қылмысты қосымша дерекпен әшкерелеп бергеннің» бiрi – сауда қызметкері Мирасбек Төлепов. Бұл кiсiге Жер жөнiндегi халық комиссариатындағы басшылардың басқан iзiн бақылау тапсырылды ма, жоқ, өзі белсенділік танытты ма, әлде шайханада бірге дәм татқанын білген тергеушілер оны да бопсаға сап дегеніне иліктірде ме, белгісіз, әйтеуір сол күндері М.Төлепов жолдас «коммунистік мiндетін» уақытында әрi «абыроймен» атқарыпты. Әсiресе, жер саясаты жөнiндегi «ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiне қабырғасы қатты қайысады» екен. Ол осы жаз айындағы жер мәселелері туралы оқиғаларға орай Әлихан Бөкейхановтың және өзге де мемлекет қайраткерлерiнiң үстiнен төмендегi мазмұнда тiкелей Голощекиннiң өзiне арыз жолдады.
«ВКП (б)-ның өлкелiк комитетiне
«ВКП (б) мүшесi М. Төлеповтен
Партиялық билет № ...
ҚССР-дегi бiздiң партиямыздың алдында шешiмiн күтiп тұрған аса күрделi бiр қатар мәселелер бар. Соның iшiндегi саяси және шаруашылық маңызы ерекше зор, шиеленiскен және ең қиын мәселенiң бiрi – жер мәселесi. Бұл туралы әр түрлi көңiл-күй қалыптасып, қилы-қилы «теориялар» мен «позициялар», «көзқарастар» орын алып отыр. Әсiресе, дәл қазіргі кезде бұл мәселе тіпті ушығып барады, оған кедейлер мен еңбекшi орташалар ғана емес, тегi бiздiң партиямызға жаулықпен қарайтын бай-кулактар мен эсершiл-алашордашылардың өкiлдерi де белсендiлiк танытуда. Соған қарамастан, бiздiң кейбiр жауапты қызметтегi жолдастарымыз тек қана партияның ішкі жұмысы болып табылатын мұндай күрделi мәселенi Әлихан Бөкейханов сияқты контрреволюциялық элементтермен бiрiгiп талқылауға дейiн барып отыр, сөйтiп партия қатарындағыларға бұл адамның ықпалының күшеюiне, бiздiң елiмiздегi шешушi мәселенiң бiрi – ҚССР-дегi ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленiстiрiп, қиындатып жiберуiне қолайлы жағдай жасалып отыр.
Өз еркiмнен тыс төмендегi партияға қарсы әрекетке куә болғандықтан да, бұл туралы Крайкомға хабарлауды партиялық борышым деп есептеймiн.
Осы жылдың шiлде айында Жер жөнiндегi халық комиссары Сұлтанбеков Қырымға кетiп бара жатып жолай Мәскеуде аялдады. Сол күнi, қонақ үйге киiм-кешегiн тастай салысымен Сұлтанбеков Әлихан Бөкейхановтың пәтерiне тұра жүгiрдi, өзiнiң ол үйге баратындығы туралы Жер жөнiндегi комиссариаттың қазақ өкiлдiгiнде тiркелген қызметкерi арқылы алдын-ала хабарлатып қойыпты, ол Әлихан Бөкейхановтың үйiнде түн ортасына шейiн болды. Әлихан Бөкейхановпен арадағы әңгiмеден кейiн ол Төреғожин мен Төлепов жолдастарға: «Әлихан Швецовпен сөйлесемiн деп уәде бердi, істі өзiмiз ойлағандай етiп шешетiн болды», – деп хабарлады. Әңгiме федеральдық мекемелермен арадағы талас тудырып отырған Қазақстандағы жер кесiмi мен бөлiсi туралы едi. Менiң ойымша, партияның iшкi iсi болып табылатын мұндай күрделi мәселенi «Алашорданың» көсемiмен бiрiгiп талдау – төзуге болмайтын жай. Мұндай жағдайда, большевиктер партиясына мүлдем жат идеологияның партия мүшелерiне ықпал етуi мүмкiн, сондай-ақ, Жер жөнiндегi комиссариат сияқты аса жауапты мекеменiң қызметкерлерi тұтастай, не жарым-жартылай аса реакцияшыл, жат пиғылдағы «Алашорда» идеологиясының шырмауында кетпесiне кiм кепiлдiк бередi, бұл бiздiң жұмысымызға тек кедергi жасайды.
Менiң ойымша, бұл мәселенi Бөкейхановпен және оның компаниясымен емес, тек қана жетекшi партия ұйымдарымен, тек қана партияның өз iшiнде талқылау арқылы ғана шешуге болады және солай ету керек.
