- •«Орынбор р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.
- •1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.
- •2) Сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасында өзара сенімнің жоқтығында.
- •1. Ресейдегi ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлiнiп шығу құқының кепiлдiгiн бекiту.
- •3. Қыр елінің мұқтаждығы 3. Кцик пен кснк құрамын сайлағанда
- •4. Кейбір аса мүдделі және 4. Орталық мекемелердегі съездің
- •5. Жергілікті халық өкілдері партия,
- •6. Партия қатарын тазалау жөніндегі
- •Жиналыс төрағасы – м.Әуезов. Хатшысы – ә.Байділдин».
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану, сондай-ақ Түркiстан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.
- •1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтаждықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ.
- •1. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады.
- •1. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы Әуезов жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейiн жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынаны атап өтедi:
- •1. Комиссия ҚазЦик бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦик арқылы жүргiзедi.
- •1) Патша өкiметi де кезінде ашаршылықпен күреспедi.
- •2) Қазақ даласы мен қазақтар үшiн жұт – табиғат сыйы. Қазақтардың ашаршылыққа етi үйренiп қалған.
- •1921 Жылдың наурыз айының соңындағы мәлiмет.
- •1. Қалай санасаңда Қазақстанда европалық тұрғындар басым (орыстар – 54 %, қазақтар – 46%).
- •2. Қазақстанның ркп(б) ұйымдарындағы қазақтар 6% (568 адам) ғана. Оның үстіне қазақ коммунистері бытыраңқы, дербес қазақ ұйымдары жоқ...
- •1921-1922 Жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
- •23/Х – 27 ж. М. Төлепов».
- •2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:
- •9.І. 1929 жыл. Қызылорда».
- •25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған)».
- •Протокол
- •1928 Жыл, 17 желтоқсан.
- •Бауырым Дінше!
- •Валидовпен арадағы хат туралы сұраған тергеушілерге ә.Бөкейханов:
- •Жоғарғы сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?
- •Еліне барған соң Шымбурынның шыңырауының суық суын қанып ішті ме, жоқ па, кім білсін, бірақ байыз таба алмай тағы да жолға шығыпты.
- •Міне, «Алашорда қайраткерлерінің» үстiнен қозғалған „қылмыстың”, яғни, лақап – аңыздың ұзын-ырғасы мен мән-мазмұны осындай.
- •1.Труппаңыздың жобасы (положение).
- •2.Қазақша жасатқан декорацияларыңыздың формасы (описание), киіз қазақ үйінің жасалмасы.
- •3.Осы күнге шейін іштеген театр іштеріңіздің есебін (отчет) бір формасы (копия)
- •1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.
- •2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.
- •Саналы алаш!
- •«Қымбатты Манаш Қозыбаев!
- •«Құрметті Қорған!
- •5. Дамолла Битілеуов
- •6. Кәрім Жәленов
- •«Қаулы.
- •1929 Жыл, ақпанның 10 күні, Қызылорда қаласы.
- •27 Мамыр (май) 1929 жыл.
- •7. Ғазымбек Бірімжанов
- •8. Ахмед-Сафа Юсупов
- •9. Хайретдин Болғанбаев
- •10. Асқар Дулатов және Басқалар...
- •1. Бұл топты Оспан Бөлтіріков басқарады, оның әкесі бұрын 30 жыл болыс болған, патшаға адал қызмет еткені үшін шен-шекпен алыпты.
- •11. Тілшелер
- •Ардақты Жақа!
- •Шырақ Мадиярым!
- •Қазақ сср Жоғары сотының: «Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады», – деген анықтамасына алып-қосар-пікіріміз жоқ.
- •32 Жыл, декабрьдің 31-і.
- •(Қорытындының орнына)
- •Мазмұны
32 Жыл, декабрьдің 31-і.
Міржақып (Дулатов), Мырзағазы (Есполов), Ғазымбек (Бірімжанов) қарақтарым!
Мен Архангельге 30-ноябрьде келдім. Күн демалыс болғандықтан, ешкімді іздеп тауып алуға мүмкін болмады. Далаға түнегендей болып түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адам, келесі таңертеңге дейін отырарға жер таппадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды.
Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы (Абдолла Байтасов) тауып алып, 17-декабрьге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетінше пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді. Келгеннен бері орын іздедім. Әлі табылған жоқ. Талай үміттенген жерге тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға – біріне: айдалған болған соң алмаймыз дейді. Біріне: әуелі профсоюз мүшесін аламыз дейді. Біреулеріне: үшекеңнің (тройканың) рұқсатын сұраймыз – деп, сұрағаннан кейін, болмайды дейді. Сонымен әлі күнге дейін орын іздеп сандалумен жүрмін. Орынсыз адамға нан карточкесін, столовой карточкесін бермейді. Ол карточкелер болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің.
Базар қымбат: нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом, майдың килосы 45-50 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қырбаласы орынында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім. Ол болмаған соң, көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.
Құшақтап сүйем, Ахмет».
* * *
«АКСЕР п./о. Попов Остров 1-ое Соловецкое СЛАГ 1, Лагпункт, Дулатову Мир-Якубу Дулатовичу.
Архангельск, Соломбала 1-я деревня, 1-я линия, дом, 9. 26/11-33 ж.
Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрьде бір хат жазған едім. Оны алған – алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдап, жер аударылғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң, қай жағынан болса да хал нашар болатыны белгілі ғой.
Бір жағынан – ауру, екінші жағынан – суық, үшінші жағынан – аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі де жоқ, столовой нанды карточкесіз бермеген соң нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ.
Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ (Голощекин) екі жолдасымен (– ?) орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, саңырауға – естілген болса керек.
Әлімхан Ермеков), Әуезұлы (Мұхтар) екеуі тәуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдазым (Қадырбаев), Мұхамеджан Т. (Тынышбаев), екі дос Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер), Ақбай (Жақып) ақсақ інісімен (Әбділхамид), Әшім (Омаров), ұзын Мұхтар (Мұрзин) – бұлар Воронеж қаласында. Аудандарында: Көшке (Кемеңгеров), Жұмағали (Тілеулин), Мұстафа (Бұралқиев), М. (Мұңайтпасов) Әбдірахман, Нәшір (Қожамқұлов), (Жұмақан) Күдері баласы, бәрі де қызметке қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де: не қатын-балаларыма мұнда келуге, не мені онда баруға ұрықсат ет – деп Мәскеуге арыз беріп едім, хабары жоқ.
Жақын арада жазушының (М.Горькидің) бұрынғы қатыны (Пешкова) бастық болып тұрған мекеме (қызыл крест қоғамы) арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін – деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады.
Мұнда срогі біткендерді де босата қоймай, бәрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндері босатулары сұрапыл; күні-түні қағаздарын беріп, қойша ағытып жатыр. Күні біткендерден ешкім қалатын көрінбейді. Өздері:«Қалам» – деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ.
Хош, Ахмет».
* * *
АҚССР п/о, Попов Остров 3 отдель, СЛАГ. О Соловки, 1 Лагпункт, 1-я рота Дулатову Мирякубу.
С.Мочлино, Клубная, д. Сойгарова Степана. Зап. Сиб. край. Томск. окр. Кривошейенск. Район. 8/ІІІ-34.
Қарақтарым Мыржақып, Мырзағазы!
Сондасыңдар ма? Дендерің сау ма? Ғазымбек қайда? Мен қатын-баламның қасына жібер деп сұранып, мұнда келдім. Өткен сентябрьден бері осындамын. Айына 150 сом жалақысы бар бір орынға ілігіп едім, онан осы марттан бастап шығарып тұр. Қазір жұмыссыз тұрмын. Қ. Б. - нан (Қыр баласы – Ә.Бөкейханов) хат алып тұрмын. Аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан (Сәдуақасовтан) басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін. Елдес Алматыда оқыту жұмысында деп жазады. Оның өзіне әлденеше рет жазып, жауап ала алмай-ақ қойдым. Сендерге жазып жауап қайтпаған соң, тағы жазып отырмын. Қолдарыңа тисе кешіктірмей хабар берерсіңдер.
Сүйем. Ахмет.
Б. С-дан (Бадрисафадан) сәлем. Ол қояншық ауруы болып әбден біткен... Шолпан (қызы) мен мұнда келгенше Алматыға кетіп қалыпты.
Ағайындардың бәріне сәлем».
Смағұл Сәдуақасов сол жылы тосын да күдікті дерттен (өнеркәсіптік, яғни, кәсіби улану деген диагноз қойылған) қайтыс болған. Жерлеуге қатысқан С.Мұқановтың айтуынша, таңертең Кремльге сау кірген, кешке қарай: «Сүйегін өртеуге куәлік етіңдер», – деп суыт хабарлаған. Денесін көруге қайын атасы Ә.Бөкейхановқа дар ұқсат бермеген. Жерлеуге қатысқан Сәбит Мұқановтың жары Мариям Қожахметқызы сол бір қаза туралы:
«Естелік айтамын деп талай аруақтың құлағын шулаттық-ау деймін. Ие, Смағұл Садуақасовтың жерлеуіне қатысқанымыз бар. Мәскеуде тұрған кезіміз. Шамасы, не 32, немесе 33-жыл. Олай дейтінім, Сәбит ол кезде Қызыл Профессурада оқып жүрді. Бір күні сырттан асығыс келіп:
– Мәриәм, жинал. Смағұл Садуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен», – деді.
Екеуіміз үйден шықтық. Қыстың күні болатын. Мәскеудің шет жағын толық білмеймін ғой. Трамвайға отырып, одан біраз жаяу жүріп келіп, бір үлкен кірпіш үйдің жанына тоқтадық. Әлгі үй ерекшелеу көрінді маған. «Крематорий» деген осы», – деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. Өлген адамды өртеп жібереді екен дегенді естігенмін:
– «Марқұмды неге елге апармады екен?, – деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды.
Біраз күтіп тұрып қалдық. Маңайда көп ешкім көрінбейді. Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай боп сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап:
– Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы», – деп түсіндіріп тұр.
Арба ақырын жүріп келіп есіктің көзіне тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай болып көрінді маған. Такаппар, суық жүзді.
Бір кезде мәйітті табытымен көтеріп, ішке кіргізуге ыңғайланды. Ешкім дауыс салып, үн шығарған жоқ. Әйелі Лиза – қаралы киімде. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Қазақ ғұрпымен дауыс салмағаны маған ерсілеу көрінді. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді. Бөкейханов та, әйелі мен баласы да есіктің алдында қалып қалды. Сол кезде Сәбит тез-тез басып, үйді айналып кетті.
Бұл қайда кетті?», – деп мен аң-таңмын.
Біраздан соң келіп, көргенін айтты. Мәйіттің қалай жанғанын үлкен пештің алақандай тесігінен көріпті. Табытымен жылжытып әкеле жатып, жалынға берер сәтте мәйітті ажыратып алады екен. Сол кезде мәйітті тігінен көтеріп, қып-қызыл отқа сүңгітіп жіберетін көрінеді.
Тірлік-ай десеңші, жамбасы жерге тиген де бір медет екен ғой, – деп Сәбит екеуіміз үйге қайттық. Бар көрген-білгеніміз сол», – деп еске алады.
Бар емеуірін танытарымыз, ол кезде Жамбыл «темір комиссар» деп мақтаған Кене – Ежов Кремльдің қауіпсіздігі саласына жауап беретін. Ал С.Сәдуақасов 1921 жылы Семей облысын Қазақстанға күшпен қосқан кезде Смағұл мен Ежов екеуінің арасынан «ала жылан» өтіп кеткен болатын. Қазақстанда да «қазақтық мәнермен» азанама жарияланды. Арыс азамат қайғылы қазаға ұшырап, сүйегі асығыс өртенгеніне өкініп жазылған баспасөздегі азанамаға А.Мусин сияқты ақ жүректердің тұла бойы түршігіп, аза бойы қаза болды. Ол өзінің Мирзоянға жазған ұзақ «сүйкетпесінде»:
«Москвада оқитын Ғалым Малдыбаев деген жас жазушы «Социалды Қазақстан» газетінде Смағұлдың өліміне арналған очерк-мақала жариялады. Очерктің бас-аяғы тұнған қайғы, ыңырсу, сыңсу. Онда біраз адамдардың жоқтауы да келтірілген. Малдыбаев жолдастың очеркін оқып көрейік: «Екі күн бұрын Смағұлға жолыққанымда оның қатты жүдеп кеткенін, денсаулығы әлсіреп, көзі нашар көре бастағанын байқадым. «Смағұл, қалың қалай, тыныштық па?», – дегенімде Смағұл: «Тыныштық. Біздердің айтысып жүрген кезіміз де болды, сонда сен: егер мен өле қалсам мың адам жинап көмерсің – деп едің. Ал, енді кіріс, жина топырақ салатын адамды» – деп жауап қайырып еді», – деп жазыпты.
Крематорийдан қайтып келгендердің де жоқтауын келтіріпті. Онда: «Смағұлға сатқындық жат еді, өте қайсар жігіт болатын және өзінің позициясын қатаң ұстанатын. Оқуын бітірген кезінде қайтыс болып кеткені өте өкінішті», – деп өкінеді Малдыбаев. Әлгі жолдас шынында да солай деді ме, жоқ па, Малдыбаев жолдас жанынан қосып отыр ма, мәселе онда емес. Бұрынғы саяси күрес кезі «айқайшыл уақыт» деп бағаланған. Сонда біз бүгін сәдуақасовшылдықпен күреспеуіміз керек пе? «Смағұлға сатқындық жат еді» – деген не сөз? Бұл сөздің астарында: партияның сара жолын нық ұстаған коммунистерді орысқа сатылып кеткендер – деп айтып тұрғаны емес пе екен», – деп өршелене әруақпен айтысты.
Несі бар, бұл да сол кездегі «айқайшыл кезеңнің» айқайшыларына тән «саяси қырағылық» болатын.
Ұлт көсемінің: «Смағұлдан басқамыз аманбыз», – деуінің астарында осындай қасірет табы жатыр еді.
Аман болайық.
5.
Енді осы тергеу ісіндегі үштіктің сот үкімін толықтай келтіреміз. Әрине, кейбір адамдардың аты-жөні сіздерге бірінші рет кезігуі мүмкін. Оның басты себебі, біздің мұқым іс барысын толық келтіруге ешқандай да мүмкіндігіміздің болмағандығынан еді.
«Қаулы еттік:
Байтұрсынов Ахмет,
Дулатов Міржақып,
Есполов Мырзағазы,
Ғаббасов Халиль,
Әділев Дінмұхамед,
Аймауытов Жүсіпбек,
Бірімжанов Ғазымбек,
Юсупов Ахмет-Сафа,
Кеншімов Мәдібек,
Тоқманбаев Бақай,
Әбдікеев Бітімбай,
Әбдікеев Питтибай,
Байділдин Әбдірахман
А Т Ы Л С Ы Н.
Битілеуов Дамолла,
Дулатов Асқар,
Бөлтіріков Оспан,
Исмағамбетов Теміржан,
Барлыбаев Жарахмет,
Жұрқақов Құлахмет,
Есполов Есенбай,
ең жоғарғы жазаға кесілсін де ол үкім он жыл концлагерьде отыру жазасымен айырбасталсын.
Жұмабаев Мағжан,
Омаров Елдес,
Ұрзабеков Абдолла,
Сәтбаев Ибрагим,
Әділев Асқар,
Әділев Әбуәли,
Әділев Әбубәкір
он жыл түрмеде отыруға кесілсін.
Болғанбаев Хайретдин,
Байтасов Абдолла
бес жыл түрмеге қамалсын, ол жаза ПП ОГПУ арқылы солтүстік аймаққа сол мерзімге жер аударылсын.
Жәленов Кәрім,
Кенжімбаев Дархан,
Мұратов Төреқұл,
Ибраев Акбар,
Кәрібаев Нұрлан,
Байдуллаев Ағабек
бес жыл түрмеге қамалсын. Ал төмендегі сотталғандардың:
Байтұрсынов Ахметтің, Дулатов Міржақыптың, Әділев Дінмұхамедтің (Мұқыш), Жұмабаев Мағжанның, Дулатов Асқардың, Бөлтіріков Оспанның, Исмағамбетов Теміржанның, Барлыбаев Жарахметтің, Есполов Есенбайдың, Мұратов Төреқұлдың, Кеншімов Мәдібектің
еңбек мөлшерінен артық мүліктері тәргіге түссін.
Арғымбаев Мұхамедия,
Алин Артықбай,
Бектұрсынов Бажай,
Майлиев Ерке,
Тұрдыбеков Әбдірахман,
Мұханов Кәкен,
Ұлмұратов Тәжібай
үш жылға түрмеге (концлаерьге) қамалсын.
Іс архивке тапсырылсын.
ОГПУ-дің хатшысы - қолы.”
Осы бір баптардың қойылуы барысында Жүсіпбек Аймауытов тергеу ісінің ең түйіткілді “тұлғасы” Дінше Әділевпен бір тізімге ілінгендіктен де, бұл тұзақтан жазасыз құтылу мүмкін емес еді. Егерде, басқаларға «қосақталғанда», тым құрымағанда тағы да алты-жеті жылдай жарық дүниенің дәмін тату мүмкіндігі бар болатын.
Алла тағалам оған мұндай мүмкіндікті жазбапты.
Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Алайда арада бір жыл өткен соң мынадай қосымша ұйғарым шыққан.
“1931 жылы 8 қаңтар күні істі қайта қарау мәселесі тыңдалды, онда мынадай қаулы қабылданды.
ОГПУ коллегиясының 4/ІҮ-30 жылғы мына азаматтарға шығарған үкімі: Біірмжанов Ғазымбекке, Есполов Мырзағазыға, Дулатов Міржақыпқа, Байтұрсынов Ахметке шығарылған үкім күшін жойсын”- делінген.
Бұл тізімге, өкінішке орай, Жүсіпбек Аймауытов пен Халел Ғббасов, Ахмет-сафа Юсупов және Дінше Әділев марқұмдар ілінбей қалды. Олар опат кетті.
P.S. Алаш қайраткерлеріне осындай үкім шығарылып жатқанда, Д.Әділевтің көрсетіндісі бойынша ұсталған жерлестері, өзінің айтуы бойынша – тарақтылар да ату жазасына кесіліп жатты. Соның бірі – Мәдібек Кеншімов.
Даланың осынау көк бөрісі арпалысып өткен өмірінің нүктесін былай қойыпты:
«ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілдігі. Алматы қаласы. № 6.
ОГПУ-дің Сырдария округтік бөлімшессі мынаны хабарлайды: ПП ОГПУ-дің орынбасары Алшанскийдің өкіміне сәйкес тұтқындалған:
Кеншімов Мәдібек,
Исатаев Сапалай,
Иманов Жантөре - 17/ V-30 күні Арал теңізі арқылы екі күзетшімен ОГПУ-дің Қызылордадағы бастығының қарауына жіберілді.
20/V күні алынған ПП ОГПУ-дің Кеншімов Мәдібекті ату туралы қаулысына орай округтік бөлімшенің атына: тұтқындар тиісті жерге жеткен соң, үкімді орындау туралы шифрлы телеграмма жіберілді. Округтік бөлімшеге белгісіз себептермен тұтқындар айдауылмен қоса 23/V-30 жылы Шымкентке қайтарылып жіберілді. Қайтар жолда, Салатөбе станциясы мен № 167 разьедің арасында Сарытоғай станциясына жетпей 25/V күні түнгі сағат 11-де, айдауылдардың айтуынша, тұтқындар зулап келе жатқан поезддің вагонынан секіріп кеткен. Айдауылдардың шұғыл шара қолдануымен Иманов пен Исатаев қолға түскен. Қатты жараланған жарақаттан Исатаев 25/V-30ж. сағат 14-те өлді. Ал Иманов Жантөре округтік бөлімшеге жеткізіліп, сіздің өкіміңізге орай үкім жүзеге асырылды (атылды – Т.Ж.). Кеншімов Мәдібекті іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Бурдаков, тіркеуші Жемчужинов» (ҮІІ том, 389 бет).
Бұл мәліметтен байқалатыны, жоғарыдағы үш азамат Арал теңізінің ортасындағы Барсакелместегі түрмеде жатқан. Өлім жазасына кесілген үкімді орындау үшін Қызылордаға жөнелтілген. Ақыры атылатынын біліп, дала көкжалдары жандарын дәрмен етіп еркіндікке ұмтылған.
Бірақ та қу жандарының қоныс табатын ұясы басқа болды. Жаралы Мәдібек те темір жолдан ұзап кете алмаған. Қанды қақпанға түсті. Оны түрмеде ларды «ажал актісі» күтіп тұрды.
«Акт. 10 ақпан 1931 жыл. Шымкент қаласы: Біз, төменде қол қоюшылар ОГПУ-дің Шымкенттегі оперативтік секторының қызметкерлері - Плишкин, Полевой және Нестеров: бүгінгі күні түнгі сағат 12-де ату жазасына бұйырылған тұтқын Кеншімов Мәдібекке байланысты үкім орындалды, яғни атылды. Сол үшін 2 дана етіп осы акті жасалды.
Плишкин, Полевой, Нестеров – қолдары қойылған» (ҮІІ том, 394 бет).
Иә, жортуылмен өмірі өткен дала көкжалдары осылай ажалын тапты.
СОҢҒЫ КУӘ
