- •Isbn 9965–511-54-3 © Өміржанов е.Т., 2009
- •Негізгі бөлім. Мемлекет пен құқық туралы негізгі ұғымдар
- •1 Тақырып. Мемлекет туралы негізі түсініктер
- •2 Тақырып. Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер
- •Ерекше бөлім. Қазақстандық құқық жүйесінің негізгі құқық салаларына сипаттамалар
- •3 Тақырып. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері
- •4 Тақырып. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары және сот
- •5 Тақырып. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару
- •6 Тақырып. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығының негіздері
- •7 Тақырып. Қазақстан Республикасының азаматтық және отбасы құқығының негіздері
- •8 Тақырып. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы
- •9 Тақырып. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы
- •9.1. Еңбек құқығының түсінігі, пәні мен әдісі, қағидалары мен жүйесі.
- •10 Тақырып. Экология және жер құқығы негіздері
- •11 Тақырып. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы
- •12 Тақырып. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы
- •Семинар сабақтарында өтетін тақырыптар тізімі
- •Студенттің өзіндік жұмысына арналған тапсырмалар
10 Тақырып. Экология және жер құқығы негіздері
10.1. Экологиялық құқықтың түсінігі және пәні және қағидалары
10.2. Экология заңдарын бұзу
10.3. Экология заңдарын бұзу үшін жауапкершілік
10.4. Жер құқығының түсінігі
10.5. Жерге меншік құқығының нысандары
10.6. Жер пайдалану құқығының ерекшеліктері
Экология (грекше oikos - үй, мекен, logos – ғылым, ілім) – жанды организмдердің тіршілік ортасы мен арақатынасын зерттейтін биологиялық ғылым. Алғаш рет бұл терминді 1866 жылы неміс биологы Э. Геккель енгізген болатын. Табиғатты қорғау – табиғаттың өзіндік болмысын сақтау немесе оны қалпына келтіру арқылы табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалану үшін құрылған мемлекеттік жүйедегі қоғамдық шара. Ол әр түрлі тәсілдермен жүзеге асырылады. Соның бірі – айналадағы табиғи ортаны құқықтық қорғау.
«Қазақстан Республикасының экология құқығы» - айналадағы табиғи ортаны қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық ережелердің жиынтығын зерттейтін оқу пәні немесе ғылым саласы.
Экология құқығының қағидаттары – мемлекет, қоғам, кәсіпорындардың, өкімет орындарының, ұйымдардың және басқа құрылымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың экологиялық құқықтық қатынастардағы түпкі бастамасы.
«Қазақстан Республикасында айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы» Заңы айналадағы табиғи ортаның жай күйіне ықпал ететін шаруашылық, басқару және өзге де қызметті өкімет органдарының, министрліктер мен ведомстволардың, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың мынадай қағидаттарда жүзеге асыруын қарастырған:
адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басқа да қызмет түрінен басымдылығы, айналадағы табиғи ортаның, еңбек және демалыс үшін қолайлы болуына азаматтар құқығының нақты кепілдіктерін қамтамасыз ету;
қоғамның экономикалық және экологиялық мүдделерін соңғысына басымдылық бере отырып, ғылыми тұрғыдан негіздеп ұштастыру;
табиғатты жалпы тегін пайдалану;
табиғатты ақы төлеп арнайы пайдалану;
табиғатты қорғау және оны қалпына келтіру тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды көтермелеу;
айналадағы табиғи ортаға ұқыпты қарау және айналадығы табиғи ортаға зиянды зардаптар жасылуын шектеу;
айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы заң талаптарын қатаң сақтау, оны бұзғаны үшін жауапқа тартуды қадағалау т.б.
Экология заңдарын бұзу – белгіленген экологиялық тәртіпті бұзатын және табиғи ортаға зиян келтіретін заңға қайшы келетін кінәлі әрекет немесе әрекетсіздік.
Табиғи ортаға зиян келтіру – табиғи объектілеріне, оның адам өмірі мен денсаулығына қолайлы болуына немесе табиғатты пайдалануда заңсыз залалды әрекеттер жасаудың экологиялық және экономикалық салдарынан туындайды.
Экологиялық тәртіпті бұзудың 4 белгісі бар: тәртіпті бұзушының кінәсі, заңға қарсы бағыт, заңды бұзудан келген зиянның себепті байланысы, табиғи ортаға, адамның денсаулығына (өміріне) келген зиян немесе ондай залалдың сөзсіз болу қаупі. Тәртіп бұзушының кінәсі қасақана немесе абайсызда болуы мүмкін. Заңға қарсы бағыт табиғи ортаны қорғау немесе тиімді пайдалану туралы заңды қасақана бұзады. Мұндай заңды бұзушылықты 3 топқа бөлуге болады:
1 топқа – табиғи ресурстарды заңда көрсетілген реттерде алуға – сатуға, сыйға тартуға, кепілдік беруге, өз бетімен айырбастауға және осы сияқты жерге, жер қойнауына, суға, орманға, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне мемлекет меншігі құқығын тікелей немесе жасырын түрде бұзатын әрекеттер жатады.
2 топқа – жер, оның қойнауы, су, орман, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, дағдылы және сирек кездесетін ладшафтар, табиғи қорықтар, табиғи заказниктер, ұлттық табиғи парктер, табиғи ескерткіштері, жердің климаты мен озонды қабаты, сондай-ақ атмосфералық ауа және табиғи экологиялық жүйелер, өзге де табиғи объектілерін қорғау, пайдалану құқығына қарсы жою, ластау және өзгеде ұтымсыз пайдалану әрекеті мен әрекетсіздіктер жатады.
3 топқа- адамдардың денсаулығы мен өміріне, сондай-ақ мүлкіне табиғи жағдайлар мен шаруашылық және өзге де қызметтің зиянды ықпал ететін заң бұзушылықтарының түрлері жатады.
Экологиялық қылмыс – Қазақстан Республикасында айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы заңдармен белгіленген экологиялық құқық тәртібіне қол сұғатын және адамдардың денсаулығына немесе айналадағы табиғи ортаға зиян келтіретін, не зиян келтіруге нақты қатер төндіретін, қылмыстық заңда көзделген қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), сондай-ақ экологиялық залал келтіретін қылмыстық заңда көзделген өзге де қоғамдық қауіпті іс-әрекет.
Экологиялық әкімшілік жауаптылық-экология құқығына қарсы қасақана немесе абайсыз жасалған әкімшілік жауаптылық көзделген кінәлі әрекет немесе әректсіздік.
Табиғат қорғау заңдарын бұзғаны үшін экологиялық әкімшілік жауаптылықтың негізгі 2 шарты бар:
ондай заңдарды бұзу әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көрсетілген болуы керек;
ондай әкімшілік құқық бұзушылық экологиялық қылмыс белгілеріне жатпауы керек.
Экологиялық тәртіптік жауаптылық - экологиялық құқыққа қарсы қасақана немесе абайсызда жасалатын тәртіптік жауаптылық көзделген кінәлі әрекет немесе әрекетсіздік. Экологиялық тәртіптік жауаптылық кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың табиғат қорғау заңдары талаптарының бұзуына кінәлі лауазымды адамдары мен өзге де қызметкерлердің, міндеті мен қызметтерін және айналадағы табиғи ортаны қорғау мен табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі жоспары мен шараларды орындамау салдарынан болады.
Экологиялық материалдық жауаптылық – экологиялық құқыққа қарсы қасақана немесе абайсыз жасалатын кінәлі әрекет пен әрекетсіздіктің салдарынан меншік иесіне, иемденушілері мен пайдаланушыларына келтірілген зиянды өтеу. Экологиялық заңдарды бұзып, табиғат ресурстарына, адамдардың өмірі мен мүлкіне келтірілген материалдық зиянды өтеу кінәлі адамдардың қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік жауапқа тартылуы немесе тартылмауына байланысты болмайды.
Жер заңдарын бұзғаны үшін экологиялық жауаптылық (қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, материалдық тәртіптік жауаптылықтардан басқа)- жер заңдарының талаптарын, ережелерін қасақана немесе абайсыздықтан бұзу арқылы жасалатын кінәлі әрекет немесе әрекетсіздік.
Кен пайдаланушылар, кен өндіру бөлігі актісінің немесе шартының ережелері бұзылған, жер қойнауын пайдаланудың және оны қорғаудың ережелері бұзылған реттерде, жер қойнауы пайдалануға берілген күннен бастап 2 жыл бойы пайдаланылмаса, кен пайдалу құқығы тоқтатылады.
Суды пайдалану және қорғау шарттары бұзылған, суда көзделген мақсатқа пайдаланбаған реттерде су пайдаланушылардың суды пайдалану құқығы толық немесе ішінара жойылады.
Жер құқығы - жерге меншік құқығы, жерді табиғи ресурс ретінде пайдалану, оны басқару мен қорғау қатынастарын реттейтін құқықтық нормалар жиынтығын құрайтын Қазақстан Республикасы құқығының дербес саласы. Жер- табиғаттың басты объектісі ретінде өмір сүрудің негізгі қайнар көзі болып табылады. Жерді әдебиеттерде кең және тар мағынада қарастырады. Кең мағынада “жер” түсінігі бүкіл жер планетасын оның барлық құрамдас бөліктерімен бірге қамтиды, тар мағынада –тек жердің үстіңгі қабатын, су қоймаларының астындағы жерлердің бетін және басқа да құрамдас элементтерді білдіреді. Жер- бұл кеңістікпен, рельефпен, климатпен, топырақ қабатымен, өсімдіктер әлемімен, жер қойнауымен, су көздерімен сипатталатын, ауыл және орман шаруашылығында өндірістің басты құралы әрі халық шаруашылығының барлық салаларының кәсіпорындары мен ұйымдары үшін негізгі базис болып табылатын қоршаған ортаның маңызды бөлігі. Алайда бұл анықтама жердің заңды түсінігін ашпайды. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер Кодексі бойынша жер- бұл Қазақстан Республикасының егемендігі белгіленетін шектегі аумақтық кеңістік, табиғи ресурс, жалпыға ортақ өндіріс құралы және кез-келген еңбек процесінің аумақтық негізі.
Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады. Меншік құқығының субъектілері болып мыналар табылады:
республика аумағындағы жерге мемлекеттік меншік құқығының субъектісі- Қазақстан Республикасы;
«Жер кодексінде» белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелеріне жеке меншік құқығының субъектісі- азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар. Бұл жағдайда, Кодексте өзгеше белгіленбесе, азаматтар деп Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар түсініледі.
«Жер кодексіне» сәйкес жеке меншікте болмайтын жер учаскелерін қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке берілуі мүмкін. Қазақстан азаматтарының жеке меншігінде шаруа (фермер) қожалығын, өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу, орман өсіру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшін, сондай-ақ үйлерді олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлер мен олардың кешендерін салуға берілген немесе олар салынған жер учаскелері болуы мүмкін. Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншігінде тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу, орман өсіру үшін, үйлерді олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлер мен олардың кешендерін салу үшін берілген немесе олар салынған жер учаскелері болуы мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Жер кодексінде белгіленген тәртіппен және жағдайларда жеке және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығымен және жеке меншік құқығымен берілуі мүмкін. Меншік иесінің өзіне тиесілі жер учаскесін иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқығы бар - бұл меншік құқығының мазмұнын құрайды.
2.Жер учаскесіне меншік құқығы:
меншік құқығын табыстау;
меншік құқығын беру;
меншік құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды. Мұндай жағдайларда жер учаскесінің нысаналы мақсаты ескеріле отырып, жүзеге асырылуы тиіс.
Жер учаскесіне меншік құқығы, сондай-ақ:
мемлекеттік органдардың актілерінің негізінде;
азаматтық-құқықтық мәмілелердің негізінде;
ҚР заңдарында көзделген өзге де негіздерде туындайды.
«Жер Кодексінің» 4-тарауы «Жер пайдалану құқығы» деп аталады. Жер пайдалану құқығы-заттық құқық болып табылады, Жер Кодексі мен заттық құқықтың мәніне қайшы келмейтіндіктен, бұған меншік құқығы туралы нормалар қолданылады. Жер пайдалану құқығының түрлері:
тұрақты;
уақытша;
иеліктен шығарылатын;
иеліктен шығарылмайтын;
өтеулі алынатын;
өтеусіз алынатын;
Заңда көзделген жағдайлардан басқа реттерде ешкімді де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
Жер пайдалану құқығының субъектілері мыналар:
мемлекеттік және мемлекеттік емес;
ұлттық және шетелдік;
жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар;
тұрақты және уақытша;
бастапқы және кейінгі;
Сервитут- бөтен жер учаскелерін шектеулі мақсатты пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникациялар тарту мен пайдалану, аң аулау шаруашылығы және өзге де қажеттіктер үшін пайдалану құқығы.
«Жер Кодексінде» және өзге заң актілерінде көзделген жағдайларда меншік иесі немесе жер пайдаланушы өзіне меншік немес жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесін мүдделі жеке және заңды тұлғаларға шектеулі нысаналы пайдалану құқығымен беруге міндетті.
Сервитут, яғни бөтен жер учаскесін шектеулі нысаналы пайдалану құқығы мына жағдайларда туындайды:
тікелей нормативтік актіден;
мүдделі тұлғаның меншік иесімен немесе жер пайдаланушымен шартының негізінде;
жергілікті атқарушы органның актісі негізінде;
сот шешімінің негізінде;
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда;
Жер кадастры дегеніміз- жер туралы мәліметтер жүйесі, мемлекеттік кадастрлардың құрадас бөлігі. Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан жерінің табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерінің орналасқан жері, нысаналы пайдаланылуы, мөлшері мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерінің кадастрлық құны туралы мәліметтердің, өзге де қажетті мәліметтердің жүйесі болып табылады.
Жер мониторингі болып жатқан өзгерістерді уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрі дамуын болжау, және кері әсері бар процестерді болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүргізілетін жер қорының сапалық және мөлшерлік жай-күйін базалық жедел, мерзімді байқау жүйесін білдіреді.
Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:
1. Экологиялық құқықты қалай түсінесіз?
2. Экологиялық құқық бұзушылықтың түрлерін атаңыз?
3. Экологиялық қылмыс деген не?
4. Жерге меншік құқығының мәні неде?
5. Жер кадастры деген не?
