- •Isbn 9965–511-54-3 © Өміржанов е.Т., 2009
- •Негізгі бөлім. Мемлекет пен құқық туралы негізгі ұғымдар
- •1 Тақырып. Мемлекет туралы негізі түсініктер
- •2 Тақырып. Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер
- •Ерекше бөлім. Қазақстандық құқық жүйесінің негізгі құқық салаларына сипаттамалар
- •3 Тақырып. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері
- •4 Тақырып. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары және сот
- •5 Тақырып. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару
- •6 Тақырып. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығының негіздері
- •7 Тақырып. Қазақстан Республикасының азаматтық және отбасы құқығының негіздері
- •8 Тақырып. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы
- •9 Тақырып. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы
- •9.1. Еңбек құқығының түсінігі, пәні мен әдісі, қағидалары мен жүйесі.
- •10 Тақырып. Экология және жер құқығы негіздері
- •11 Тақырып. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы
- •12 Тақырып. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы
- •Семинар сабақтарында өтетін тақырыптар тізімі
- •Студенттің өзіндік жұмысына арналған тапсырмалар
6 Тақырып. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығының негіздері
6.1. Әкімшілік құқықтың түсінігі және пәні
6.2. Әкімшілік құқықтық қатынастар
6.3.Қазақстан Республикасының атқарушы билік органдарының жүйесі
6.4. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі
6.5. Басқарудың әкімшілік құқықтық нысандары және әдістері
6.6. Әкімшілік құқық бұзушылық және заңды жауапкершілік
Әкімшілік құқық дегеніміз - атқарушы билікті жүзеге асыру барысында пайда болатын, өзгеретін және тоқтатылатынан қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалардың біртұтас жиынтығы. Әкімшілік құқық саласы негізгі және ерекше бөлімдерден тұрады, ал әр бөлім негізгі институтардан, әкімшілік құқықтық нормалардан тұрады. Әкімшілік құқықтық норма дегеніміз – мақсаты атқарушы билік тетігінің қызметі аясында пайда болатын, өзгертілетін және тоқтатылатын қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылатын мемлекет тағайындайтын мінез-құлық ережесі. Бұл құқық нормаларында тиісті мінез-құлықтың белгілі бір түрі не міндеттеледі, не нормалармен қаралған жағдайларды сақтағанда, оған ерік беріледі (рұқсат етіледі) немесе белгілі бір әрекеттерді іске асыруға тыйым салынады.
Әкімшілік құқық пәнін атқару билігін жүзеге асыру кезінде туындайтын, өзінің қасиеті бойынша әртүрлі, бірақ біртектес қатынастар құрайды. Оларға:
- атқарушы биліктің міндеттері, қызметтері мен өкілдіктері тікелей жүзеге асырылатын қатынастар;
- заң шығарушы және сот биліктері субъектілері, сондай-ақ прокуратура органдары қызметінің процесінде пайда болатын ішкі ұйымдастырушылық сипаты бар қатынастар;
- жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне мемлекеттік биліктік сипаты бар өкілеттіктер берілген болса, онда олардың атқарушы органдарының қатысуымен пайда болатын қатынастар;
- қолданыстағы заңнамада тікелей қаралған жағдайларда қоғамдық бірлестіктердің және өзге де мемлекеттік емес құрылымдардың қатысуымен болатын қатынастар.
Әкімшілік құқықтық қатынастар олардың неге бағытталғандығына және мақсатына қарай ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Ішкі қатынастарға тек атқарушы билік органдары қызметінің процесінде ғана емес, сонымен қатар заң шығарушы, сот биліктері, прокуратура органдарының өздерінің аппараттарына басшылық жасауы барысында пайда болатын қатынастар жатқызылады. Сыртқы қатынастарға атқарушы билік органдары тарапынан басқарылатын сыртқы объектілердің (азаматтардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындардың, мекемелердің және ұйымдардың) жүріс-тұрысына тікелей басшылық ықпал жасалынуының негізінде пайда болатын қатынастар жатқызылады.
Қазақстан Республикасының Ата заңына сәйкес, Президент атқарушы биліктің басшысы болып табылмайды, бірақ, ол атқарушы биліктің билік тетігін құруға және оның қызмет атқаруына белсене әсер етуге мол өкілеттіктерге ие. Атқарушы билік органдарының жүйесі деп біріне бірі бағынышты органдардың өз араларында құзыретін бөлу негізінде олардың арасындағы тікелей байланыс түсіндіріледі. Қазіргі кезде атқарушы билік органдарының жүйесі мынадай құрамнан тұрады: Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының министрліктері, Қазақстан Республикасының агенттіктері, Қазақстан Республикасының министрліктерінің комитеттері, әкімдіктер, әкімдер, өзге де органдар.
Қазақстан Республикасының Үкіметі – Қазақстан Республикасының мемлекет билігінің жоғарғы атқарушы органы, ол атқарушы биліктің біртұтас жүйесін басқаратын алқалы орган. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, оның орыбасарлары, министрлер және Премьер-министр Кеңсесінің басшысы Үкімет мүшелері болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті өз қалауы бойынша Үкімет құрамына республикалық атқарушы билік органдарының өзге де басшыларын енгізуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияда қаралған тәртіппен Қазақстан Республикасының Премьер-министрін тағайындайды. Премьер-министр өзі тағайындалғаннан кейін он күн мерзімде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Президентке ұсыныс енгізеді. Республика деңгейіндегі барлық атқарушы органдар Үкіметке бағынышты және оның алдында жауап береді. Үкімет өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстарды талдау жасау үшін Үкімет жанындағы комиссиялар, кеңестер мен консультативтік кеңесші органдар құруға және таратуға құқылы. Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасарлары өз қызметін Премьер-министр белгілейтін міндеттердің бөлінуіне сәйкес жүзеге асырады. Олар шешуші дауыс құқығымен Үкімет отырыстарына, Үкімет саясатын жасап, жүзеге асыруға қатысады; Үкімет қаулылары мен Премьер-минситр өкімдерін дайындауға қатысады, олардың орындалуын қамтамасыз етеді; міндеттерді бөлуге сәйкес атқарушы билік органдарының жұмыстарын үйлестіреді, оларға тапсырмалар береді және қызметтеріне бақылау жасайды; Үкіметке ұсынылған ұсыныстарды, қаулылар мен өкімдердің жобаларын алдын-ала қарайды.
Қазақстан Республикасының министрлігі тиісті мемлекеттік басқару саласына басшылықты, сондай-ақ заңдармен көзделген шекте сала аралық үйлестіруді жүзеге асыратын Республиканың орталық атқарушы органы.
Республика Премьер-министрінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті құратын Қазақстан Республикасының агенттігі Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган болып табылады. Агенттік тиісті мемлекеттік басқару саласына басшылықты, сондай-ақ заңдарда белгіленген шектерде сала аралық үйлестіруді және өзге де арнайы атқару және рұқсат беру міндеттерін жүзеге асырады.
Республиканың орталық атқарушы органының Комитеті ведомство болып табылады. Ведомстволар министрліктің құрылымдық бөлімшелері ретінде бекітілгендіктен, комитеттер министрліктің құрамына кіреді. Ведомствоны тиісті орталық атқарушы орган басшысының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі құрады, қайта ұйымдастырады және таратады. Ведомствоның құрылымы, негізгі міндеті мен құзыреті және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының тәртібі әрбір Комитет туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Ережеде айқындалады.
Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді, тиісті аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ұштастыра отырып, атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы органдар қарауына мыналар жатады:
- аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
- коммуналдық меншікті басқару;
- жергілікті атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
- жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне сай заңдармен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртібі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» 21 қаңтар 2001 жылы қабылданған заңмен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.
Мемлекеттік қызмет дегеніміз – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардағы мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқару жөніндегі қызметі.
Мемлекеттік қызметші – бұл мемлекеттік органда заңдарда белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қаржысынан ақы төленетін қызметті атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарына және құқықтық жағдайларына қарай саяси және әкімшілік санаттарға бөлінеді.
Мемлекеттік саяси қызметші – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметі саяси айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін жауап беретін мемлекеттік қызметші.
Мемлекеттік әкімшілік қызметші – мемлекеттік саяси қызметшілердің құрамына кірмейтін, мемлекеттік органда тұрақты кәсіби негізде лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші. Техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және мемлекеттік органдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін адамдар мемлекеттік қызметші болып табылмайды.
Мемлекеттік органдардың өкілеттіктері қоғам өмірінің барлық салаларында мемлекеттік қызметшілер арқылы жүзеге асырылады. Лауазымдық өкілеттіктер көлемі бойынша мемлекеттік қызметшілер лауазымды адамдарға және лауазымды адамдар болып табылмайтын қызметшілерге бөлінеді. Лауазымды адам – бұл ұдайы, уақытша немесе арнайы өкілеттіктер бойынша өкімет өкілінің міндеттерін жүзеге асыратын не мемлекеттік органда ұйымдастырушылық - өкім берушілік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтерді атқаратын адам.
Мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік құқықтық мәртебесін олардың құқықтары, міндеттері, мемлекеттік қызметте болғандағы шектеулер, кепілдіктер, көтермелеулер, еңбек ақысы, зейнетақымен қамтамасыз ету, құқықтық жауапкершілік құрайды. Бұл мәселелердің барлығы Қазақстан Республикасының 23 шілде 1999 жылы қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен және осы саланы реттеуші өзге нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Жалпы, мемлекеттік қызмет келесі қағидалар негізде ұйымдастырылады және жүзеге асырылады:
- заңдылық қағидасы;
- қазақстандық париотизм қағидасы;
- мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуіне қарамастан, мемлекеттік қызмет жүйесінің біртұтастығы қағидасы;
- азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің мемлекет мүдделері алдындағы басымдығы қағидасы;
- республика азаматтарының мемлекеттік қызметке қол жеткізуге және өз қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы қағидасы;
- азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруінің еріктілігі қағидасы;
- мемлекеттік қызметшілердің кәсібилік және жоғары біліктілік қағидасы;
- мәні бірдей жұмыстарды орындағаны үшін еңбекке ақыны тең төлеу қағидасы;
- жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз өкілеттігі шегінде қабылдаған шешімдерді орындаудың бағынысты мемлекеттік қызметшілер үшін міндеттілігі қағидасы;
- мемлекеттік қызметшілердің бақылауда болуы және есептілігі қағидасы;
- моғамдық пікір мен жариялылықты ескеру қағидасы;
- мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалу қағидасы;
- мемлекеттік қызметшілерді қызметтік міндеттерін адал, ынталы атқарғаны, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін көтермелеу қағидасы;
- мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды үздіксіз жүргізу қағидасы.
Басқарушылық нысаны бұл атқарушы органның өзінің құзыретінің шегінде жүзеге асыратын және белгілі бір салдарлар туғызатын сырт көрінісі бар іс-әрекеті. Басқарудың нысандары әр түрлі заңдық маңызы бар әкімшілік құқықтық нормалармен реттеледі. Басқарушылық нысаны құқықтық және құқықтық емес нысан болып екіге бөлінеді. Құқықтық нысандар әрқашан да сыртқы және айқын көрінісі бар заңдық салдар туғызады, яғни, атқарушы билік субъектілерінің кез-келген іс-әрекеттері, оларды істеу міндетті түрде құқықтық салдарлардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Оларда атқарушы билік субъектілерінің ерекшелігі болып табылатын заңдық биліктік өкілеттіктері тікелей өзінің нақты көрінісін табады. Құқықтық емес нысан тікелей заңдық салдарларға әкеліп соқтырмайды, өйткені оларды жүзеге асыру басқарудың құқықтық актілерін шығарумен байланысты емес. Мәселен, олар құқықтық нысандарға тән болатын әкімшілік құқықтық қатынастар туғызбайды.
Атқарушы органдардың басқарылатын объектілерге тікелей басқарушылық ықпал жасауының тәсілдері мен әдістері басқару әдістері болып табылады. Атқарушы билікті жүзеге асыру барысында көбінесе иландыру және мәжбүрлеу әдістері қолданылады. Иландыру әдісі тәрбиелеу, түсіндіру, жақсы үлгілерді насихаттау, адал жұмыс үшін көтермелеу, материалдық ынталандыру құралдарын пайдаланудан көрініс табады. Мәжбүрлеу дағды бойынша иландыру құралдары нәтиже бермеген жағдайда, яғни мемлекеттік басқару аясында қолданылатын ережелердің талаптары бұзылған кезде пайдаланылатын көмекші әдіс ретінде сипатталады.
30 қаңтар 2001 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 28 бабына сәйкес, жеке адамның осы кодекспен әкімшілік жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекеті не әрекетсіздігі немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады. Әкімшілік құқық бұзушылықтың түрлерін топтастырудың кешенді белгісі қол сұғудың бір тектес объектісін және теріс қылықтың салалық бағытын, яғни мемлекеттік басқарудың нақты аумағын қамтиды. Осы негізде әкімшілік құқық бұзушылықтарды тқмендегідей топтастыруға болады:
1) Жеке адамға және оның құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар;
2) қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар;
3) меншікке қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар;
4) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
5) өнеркәсіп, жылу, электр энергиясын пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
6) сәулет, құрылыс қызметі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
7) карантиндік ережелер мен мал дәрігерлік қадағалаудағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
8) көлікте, жол шарушылығында және байланыстағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
9) баспасөз және ақпарат саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
10) кәсіпкерлік қызмет саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
11) сауда және қаржы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
12) салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
13) мемлекеттік билік инстиуттарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар;
14) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы режимінің белгіленген тәртібіне және Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар;
15) басқарудың белгіленген тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар;
16) жалпыға бірдей әскери міндеттілік, әскери қызмет пен қорғаныс саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар;
17) қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар;
18) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар.
Әкімшілік жауаптылық – бұл әкімшілік құқықтық санкцияларды жүзеге асыру, уәкілетті органның немесе лауазымды адамның құқық бұзушылық жасаған азаматтар мен заңды тұлғаларға әкімшілік жазалар қолдануы. Жеке тұлға да, заңды тұлға да әкімшілік жауаптылық субъектісі болып табылады. Әкімшілік жауаптылыққа тарту мен әкімшілік жаза қолдану құқық бұзушыны сотталғанға әкеліп соқтырмайды және оны жұмыстан шығаруға негіз болып табылмайды.
Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:
1. Басқарушылық қатынастардың ерекшеліктері неде?
2. Әкімшілік қатынас субъектілерін атаңыз?
3. Үкіметтің құқықтық мәртебесінің ерекшелігі қандай?
4. Мемлекеттік қызмешілер қандай санаттарға бөлінеді?
5. Әкімшілік құқық бұзушылықтың түрлері қандай?
6. Сыбайлас жемқорлықты қалай түсінесіз?
