Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Өміржанов Е.Т..doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
681 Кб
Скачать
☆

8 Тақырып. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы

8.1. Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдістері

8.2. Қаржылық құқықтық нормалар

8.3. Қаржылық құқықтық қатынастар

8.4. Бюджеттік құқық негіздері

8.5. Салық құқығының негіздері

8.6. Салықтардың және өзге де алымдардың түрлері

Қаржы құқығы деп, мемлекеттің ақша корларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын айтамыз.

Мемлекетке қажетті ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу жөне пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттің немесе оның уәкілетті органдарының іс-әрекеттері мемлекеттің каржылық қызметі болып табылады. Осы мемлекеттің қаржылық қызметінің, яғни мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу және пайда­лануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастар қаржы құқығының пәні болып табылады.

Қаржылар экономикалық категориялардың бірі болғандықтан экономикалық қатынастар жүйесіне кіретін қаржыларға байланысты қатынастар қаржылық қатынастар болып табылады.

Қаржы құқығында қоғамдық қатынастарды құқықпен реттеудің екі әдісі қолданылады:

– біржақты-өктем, әмірлі әдіс (императивтік-әмірлі);

– қаржылық-шартты әдіс (яғни, диспозитивтік-келісімге келу). Бірінші әдістің кеңінен таралғанын мемлекеттің қаржылық қызметінің маңызынан білеміз (әсіресе, ақша қаражаттарын табу, жиыстыру элементтері бізге белгілі). Мысалға алсақ, халықтан салық алу кезінде, ақша иесінің еркі (тілегі) есепке алынбайды, ақша қаражаттары міндетті және ықтиярсыз түрде жиналады. Бірақ, кей кездерде, қаржылық қызметті жүзеге асыруға мемлекет тарапынан икемділік көрсетіледі, яғни, ақша қаражаттарын табу, жинастыру кезінде мәжбүр ету әдісін қолданбай-ақ, төлеушілер өз еріктерімен ақшаларын береді. Мәселен, мемлекеттік заемдарды сатып алу, жинақ банктерінде азаматтардың ақшаларын сақтау кезінде. Бұл жағдайларда мемлекет шарт жасасу әдісін қолданады.

Қаржылық-құқықтық нормалар деп, мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жайында тәртіп қағидаларын белгілейтін құқықтық нормаларды айтамыз. Бұл нормалардың өздеріне тән ерекшелігі бар, ол: тек әмірлі (императивті) түрде болады, яғни қаржылық қатынасқа қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің көлемі дәл анықталғандықтан, талаптар кесімді түрде қойылғандықтан, әркімнің осы белгіленген құқықтары мен міндеттерін өз беттерімен өзгертуге қатаң тыйым салынған.

Қаржылық-құқықтық нормалардың белгілері:

– олар мемлекеттік өктем-әмірлі сипатта болады;

– олар уәкілетті мемлекеттік органдармен қабылданады;

– олар баршаға бірдей жүріп-түру ережесі;

– олар қаржылық заң актілерін қабылдау жолымен белгіленеді;

– олардың дұрыс орындалуын мемлекет қадағалайды.

Қаржылық-құқықтық қатынастар деп, құқықтық нормалармен реттелген қаржылық-экономикалық қатынастарды айтамыз. Яғни, қаржылык-құқықтық қатынас мемлекеттің қаржылық қызметінің нәтижесінде пайда болып, әрқашанда тек қаржы құқығының пәнімен реттеледі.

Қаржылық-құқықтық қатынастардың барлық құқықтық қатынастарға тән жалпы сипаттамасы бірдей болғанымен, өздеріне ғана қатысты ерекшеліктері де болады. Олар:

– қаржылық-құқықтық қатынас мемлекеттің қаржылық-экономикалық қатынастарды құқықпен реттеудің нәтижесінде пай­да болады, сондай-ақ олардың заңды нысаны болып табылады;

– қаржылық-құқықтық қатынастар өз саласына байланыс­ты қаржылық-құқықтық болып есептелінеді;

– қаржылық-құқықтық қатынастардың міндетті субъектісі – мемлекеттің біртұтас өзі немесе мемлекет мүддесін көздейтін уәкілетті органдары болып табылады;

– қаржылық-құқықтық қатынастардың материалдық объектісіне тауар немесе басқа да сатып алу, (айырбас) процесіне қатыспаған ақшалар ғана жатады;

– қаржылық-құқықтық қатынастар мемлекеттік-өктем түрде жүргізіледі, сондықтан қатынасқа қатысушылардың заң жүзінде тең құқылы емес екенін көрсетеді;

– қаржылық-құқықтық қатынастар маңызы бойынша қаржылық-экономикалық қатынастар болып табылады.

Бюджеттік құқық мемлекеттік бюджетті (Республикалық және жергілікті бюджеттердің жиынтығы) қалыптастыру және бөлу, сондай-ақ, бюджеттен бөлінген қаражаттарды пайдалануды ұйымдастыру барысында туындайтын бюджеттік қатынастарды реттейтін нормалардан тұратын қаржылық құқықтың институты.

Мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және бөлу, сондай-ақ, бюджеттік ресурстарды пайдалануды ұйымдастыру барысында туындайтын бюджеттік қатынастар бюджеттік құқықтың пәні ретінде қарастырылады.

Бюджеттік қызмет Республикалық және тиісті жергілікті бюджетті қалыптастыру, бөлу, сондай-ақ бюджеттік ресурстарын пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік басқару органдарының жоспарланған және жүйеленген экономикалық-құқықтық қызметтері болып табылады.

Бюджетті қалыптастыру әдістеріне:

- салықтарды белгілеу;

- алымдарды, баждарды, төлемақыларды белгілеу;

- салыққа жатпайтын кірістерді белгілеу;

- ұлттық банктің кірістерінен қаражат алу;

- алынған ресми трансферттерді пайдалану;

- республикалық бюджеттен берілген ссуда үшін төленген қаражаттарды пайдалану;

- сыртқы қарыз алу негізінде ақша қаражаттарын тарту;

- ішкі қарыз алу негізінде ақша қаражаттарын тарту;

- бюджеттік-банктік несиелер алу;

- сыртқы экономикалық қызметтерден түсетін кірістерді пайдалану;

- бағалы қағаздарды шығару (эмиссиялау) жатады.

Бюджетті бөлу әдістері:

- мемлекеттік органдар мен мемелкеттік кәсіпорындарды бюджеттік қаржыландыру;

- мемлекеттік мекемелерді сметалық-бюджеттік қаржыландыру;

- бюджетаралық қаржыландыру;

- қайтарымды (кейде ақылы) негізде бюджетаралық қаржыландыру;

- қайтарымды және ақылы негізде бюджеттік ссуда беру;

- әлеуметтік-экономикалық аяны, ғылым мен мәдениетті, елімізді қорғау істерін қаржыландыру;

- бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін ұстауға кететін шығындарды қаржыландыру;

- мемлекеттік сыртқы және ішкі қарыздары өтеу арқылы жүзеге асырылады.

Салықтық құқық дегеніміз - мемлекеттің салық саясатының негізін айқындай отырып оның салықтық құрылымы мен салық жүйесін бекітетін және салықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы.

Салықтық құқықтың пәні деп, мемлекеттің салықтық қызметінің барысында қалыптасатын қоғамдық қатынастарды айтамыз. Осы қоғамдық қатынастар салық салу жүйесін белгілеу, салық әкімшілігін жүргізетін уәкілетті мемлекеттік органдар жүйесін айқындау, салықтық міндеттемелерді орындау, салықтық міндеттемелерді орындауға байланысты қажетті жағдайлар жасау, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану, халықаралық салықтық шарттарда көзделген мақсаттарды жүзеге асыру, салық органдары мен басқа уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдар және т.б. барысында салық салу саласында туындайтын салықтық қатынастар болып табылады.

Салық салу саласындағы қатынастар материалдық және ұйымдастыру салықтық қатынастары болып екіге бөлінеді. Материалдық салықтық қатынастар өздерінің мынадай:

- мемлекет болмысының мызғымас берік іргетасын материалдық негізін қалаушы қатынастар;

- жалпы ұлттық табысты бөлу нәтижесінде салықтық кірістің біржақты ағымдарын (қаражаттарын) мемлекет пайдасына бағдарлайтын қатынастар;

- мемлекет болмысына байланысты туындайтын айрықша экономикалық әрі базистік қатынастар;

- мүліктік-заттай сипатта болатын және оларға қатысты меншік құқығының алмасуын, мемлекет меншігіне айналуын көрсететін қатынастар;

- мемлекеттік бюджет жүйесінің негізін құрайтын экономикалық қатынастар сипатындағы айрықша қаржылық қатынастар;

- ақшалай нысандағы (кейде заттай күйіндегі) құнның біржақты қозғалысын білдіретін қатынастар;

- салықтық міндеттемелердің нақты белгіленуіне орай жекелей-айқындалған қатынастар;

- көбінесе тұрғылықты-тұрақты көрініс табатын қатынастар;

- тек құқықтық нысанда болатын қатынастар түріндегі сипаттамасымен ерекшелінеді;

Ал ұйымдастыру салықтық қатынастары:

- салық салу саласында жүргізілетін фискалдық мониторингке қатысты;

- мемлекеттің салықтық құрылымы мен салық жүйесін қалыптастыруға және олардың тиісінше қызмет атқаруларын қамтамасыз етуге байланысты;

- материалдық салықтық қатынастардың ойдағыдай қалыптасып, дамуын қамтамасыз етуге байланысты;

- салықтық қызмет процедураларын белгілеуге және қолдануға байланысты;

- мемлекет пен салық органдарының, салық органдары мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының арасындағы вертикалдық және горизонталдық байланыстарға қатысты;

- мемлекеттік стратегиялық салықтық жоспарлау мен болжамдау процестеріне қатысты және т.б. материалдық салықтық қатынастардың тиімділігін көздейтін қатынастарға байланысты туындайды.

Сонымен, салық деп, мемлекет тарапынан біржақты шығарылған заңдардың негізінде, сол заңдарда нақты айқындалған мөлшерде және қатаң белгіленген мерзімдерде Республикалық немесе жергілікті бюджетті қалыптастыру мақсатында салықтық міндеттемелерін орындауға тиісті заңды және жеке тұлғалардан жүйеленген әрі тұрақты түрде мемлекеттік уәкілетті органдар алатын баламасыз, қайтарымсыз, ақшалай міндетті төлемді айтамыз.

Салықтар экономикалық және әлеуметтік – саяси қатынастарды өзінің бойында жинақтаушы күрделі әрі қоғам өмірінің көп аспектілі қаржылық- құқықтық құбылысы болып табылады.

Салықтардың мән-жайларына байланысты: тікелей және жанама салықтар; тұрақты бекітілген және реттеуші салықтар; мемлекеттік деңгейдегі және жергілікті аумақтардағы салықтар; жалпы және мақсатты салықтар; ұдайы алынатын және біржолғы салықтар сияқты түрлері болады.

Қазақстан аумағында алынатын салықтардың келесідей түрлері бар, олар:

1) корпорациялық табыс салығы;

2) жекелей табыс салығы;

3) қосылған құн салынатын салық;

4) акциздер;

5) жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен арнаулы төлемдері;

6) әлеуметтік салық;

7) жер салығы;

8) көлік құралдары салығы;

9) мүлік салығы.

Алымдар дегеніміз мемлекеттік уәкілетті органдар тарапынан өтінуші-келуші белгілі бір тұлғаларға белгілі бір көрсетілген тиісті қызметтер мен берілген құқықтар немесе арнайы рұқсаттар үшін сол заңды немесе жеке тұлғалардан алынатын мақсатты – бағдарлы, біршама-эквивалентті әрі міндетті ақшалай төлемдер.

Қазақстан Республикасында алымдардың мынадай түрлері бар:

1) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркегені үшін;

2) жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін;

3) жылжымайтын мүлікке деген құқықтарды және олармен жасалған мәмілелерді мемлекеттік тіркегені үшін;

4) радиоэлектрондық құралдарды және жиілігі жоғары құрылғыларды мемлекеттік тіркегені үшін;

5) механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді мемлекеттік тіркегені үшін;

6) теңіз, өзен кемелері мен шағын көлемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін;

7) азаматтық әуе кемелері мен шағын көлемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін;

8) дәрі-дәрмек құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін;

9) автокөлік құралдарының ҚР арқылы жүріп өткені үшін;

10) елтаңбалық алым;

11) жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;

12) телевизия және радиохабарларын тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат бергені үшін алынады.

Баж - арнайы мамандырылған уәкілетті органдар тарапынан өздеріне өтінуші – келуші тұлғаларға қатысты жасалған заңи маңызы бар белгілі іс-қимылдар және берілген ресми құжаттар үшін сол заңды немесе жеке тұлғалардан алынатын біршама – эквивалентті, міндетті ақшалай төлемдер.

Мемлекеттегі баждар мемлекеттік және кедендік болып бөлінетіндіктен, бірақ жалпы сипаттамасы көптеген белгілері бойынша сәйкес келетіндіктен бажға тән қасиеттер ретінде мына келесідей белгілерін көрсетеміз:

Қазақстан Республикасында мемлекеттік баждармен қатар маусымдық, демпинге қарсы, өтемдік, арнаулы баждар алынады.

Төлемақы – мелекеттік уәкілетті органдар тарапынан өздеріне өтінішпен келуші тұлғаларға көбінесе материалдық көрініс табатын, кейде басқаша сипатта пайдаланылатын белгілі бір объектілерді, не болмаса соларға байланысты рұқсаттарды және құқықтарды бергені үшін сол заңды және жеке тұлғалардан алынатын біршама-эквивалентті, міндетті ақшалай төлем.

Қазақстан Республикасындағы төлемақылар:

1) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін;

2) жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін;

3) қоршаған ортаны ластағаны үшін;

4) жануарлар дүниесін ластағаны үшін;

5) орманды пайдаланғаны үшін;

6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін;

7) радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін;

8) кеме жүретін су жолдарын пайдаланғаны үшін;

9) сыртқы (көрнекті) жарнаманы орналастырғаны үшін алынады.

Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:

1. Қаржы құқығының реттеу пәнінің ерекшелігі неде?

2. Қаржылық құқықтық қатынас деген не?

3. Республикалық бюджет қалай қалыптастырылады?

4. Салықтардың түрлерін атаңыз?

5. Алымдар деген не?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]