Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Өміржанов Е.Т..doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
681 Кб
Скачать
☆

5 Тақырып. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару

5.1. Мемлекеттік басқарудың түсінігі және мемлекеттік органдар

5.2. Мемлекеттік басқарудың қағидалары.

5.3. Мемлекеттік басқарудың субъектілері және объектілері

5.4. Мемлекеттік басқару механизмінің түсінігі, мазмұны, құрылымы.

5.5. Мемлекеттік басқару органының түсінігі, топтастырылуы және жүйесі

5.6. Мемлекеттік басқару нысандары

Алғашқы қауымдық кезеңнен бастап адамзат қоғамдастығында басқару әрқилы нысанда орын алған болатын. Басқару адамдардың бірлесе, қоғамдаса тіршілік жасау ортасында пайда болады. Басқарудың басты мәні оның өзгеге әсер етуінен көрініс табады, басқарудың басты белгісі оның қоғамдық қатынастарға және адамдардың санасы мен жүріс-тұрысына тікелей әсер етуі болып табылады. Басқару субъектісінің басқаруды жүзеге асыру үшін тиісті өкілеттілігі (билігі) болады, яғни бағынушының жүріс-тұрысын өз еркіне бағындыра алатын қабілеті болады. Сонымен қатар, басқару субъектісінің қоғамды басқаруы үшін жоғарғы кәсіби біліктілігі мен білімі болуы тиіс.

Жалпы алғанда, басқарудың ұйымдастырушылық, реттеушілік, үстемдік және жүйелілік сипаты болуы тиіс. Тек осы қасиеттері болған жағдайда ғана басқарудың қоғам үшін тиімді болары сөзсіз.

Қоғамды басқару бірнеше функциядан, яғни негізгі іс әрекет бағытынан тұрады.

Ең көп тараған басқару функциялары:

  1. әлеуметтік ақпарат жинау және талдау;

  2. болжау;

  3. жоспарлау;

  4. ұйымдастыру;

  5. өкім ету қызметі;

  6. бақылау және тіркеу;

Қоғамдағы әлеуметтік басқару екіге бөлінеді:

  1. мемлекеттік басқару, яғни мемлекет істерін басқару.

  2. қоғамдық, бұл қоғамдық ұйымдардың істерін басқару болып табылады.

Мемлекеттік басқару дегеніміз – бұл қоғамдағы қоғамдық процестерді іс жүзінде тікелей ұйымдастырудағы атқарушылық және өкім ету қызметі.

Басқаруды атқару қызметі деп айтатын себебіміз, ол заңдар мен заң күші бар актілердің орындалуына бағытталған, ал өкім ету қызметінің көрінетін жері, басқару процессінде мемлекеттік басқару органдары мемлекеттің күші мен қорғалатын билік ету актілерін шығарады.

Атқарушы органдардың жүйесін Үкімет басқарады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес біздің мемлекетімізде мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары болып үшке бөлінеді.

Атқару билігі органы дегеніміз - мемлекеттік билікті жүзеге асырудағы мемлекеттік билік өкілеттігіне ие саяси ұйым. Бір жағынан, атқару билігі органы мемлекеттік билік органдарының бір түрі, ал екінші жағынан, билікті іс жүзінде және формальды жүзеге асырылуына арналған атқару билігінің субъектісі болып табылады. Олар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады және олардың өздеріне тән арнайы белгілері болады.

Басқару – белгілі бір мақсатқа жету үшін жүзеге асырылатын адамдардың ұйымдасқан қызметі. Басқарудың мақсаттары: жүйені реттеу және оның жұмысын қамтамасыз ету.

Мемлекеттік басқару негізгі ережелер мен қағидаларға негізделген. Мемлекеттік басқару қағидалары дегеніміз – ол негізгі басшылық бастамасы, ал басқару қызметі соның негізінде құрылады және қызмет етеді сонымен қатар, қағидалар құқықта бекітілген белгілі бір ереже, тәртіп ретінде қалыптастырылады.

Мемлекеттік басқарудың қағидалары екі топқа бөлінеді:

  1. әлеуметтік-саяси;

  2. ұйымдастырушылық.

Жалпы қағидалары:

  1. заңдылық;

  2. жариялық;

  3. халық билігі және ұлттардың теңдігі;

  4. биліктің тармақтарға бөлінуімен өзара тежеу қағидасы;

  5. тұлғаның құқықтарының кепілдігі және үстемділігі қағидасы;

  6. тиімділік.

Ұйымдастырушылық қағидалары:

  1. салалық;

  2. жергіліктілік;

  3. функционалдық;

  4. өкілеттіктерді тиімді бөлу.

Басқаруда басқару субъектісі мен басқару объектісі бар және олардың арасында тура және кері байланыс болады.

Басқару субъектісінің басқаруды жүзеге асыру үшін тиісті өкілеттілігі болады, яғни бағынушының жүріс-тұрысын өз еркіне бағындыра алатын қабілеті болады. Барлық субъектілерді екі топқа бөлеміз:

  1. жеке (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар, лауазымды тұлғалар),

  2. ұжымдық (мемлекеттік ұйымдар, мемлекеттік емес ұйымдар).

Мемлекеттік басқару тетігі – мемлекеттік басқару аумағында болатын қатынастарға құқықтық әсер етудің құқықтық құралдар жүйесі.

Мемлекеттік басқару тетігі мынадай элементтерден тұрады:

  1. Қазақстан Республикасының және басқа да заңдарда белгіленген құқық нормалары және қағидалары;

  2. құқықтық қатынастар;

  3. өкілетті органдардың шығарған құқықтық нормаларын түсіндіру актілері;

  4. құқық нормаларды қолдану актілері.

Құқықтық нормалар дегеніміз – мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың лауазымды тұлғалар мен барлық азаматтардың орындауы міндетті мемлекет белгілеген мінез – құлық ережелері, яғни заңды ресмилендірілген, жалпыға міндетті қоғамдық қатынастарды реттейтін, мемлекеттің атынан баянды етілген нормативтік нұсқаулар.

Құқықтық қатынастар – құқықтық нормалармен реттелген, құқыққа байланысты, құқық негізіндегі қатынастар.

Заңды маңызы бар айғақтар – нақтылы өмірлік мән-жайлар. Заңды маңызы бар айғақтар мен құқық нормалары құқықтық қатынастардың пайда болуын, өзгеруін немесе тоқтатылуын байланыстырады. Кейде бұл айғақтың құқықтық нәтижесі болады, ал кейде бірнеше айғақтардың жиынтығы құқықтық қатынастар тудырады, оны өзгертеді немесе жояды. Мысалы, зейнеттік қатынастар пайда болуы үшін үш айғақ қажет: жас, еңбек өтілі және зейнетақы тағайындау туралы акт. Айғақтардың бұндай жиынтығын айғақтық құрам деп атайды.

Заңды маңызы бар айғақтарды бірнеше негіздер бойынша жіктеуге болады. Нәтижесінің сипатына қарай олар мынадай топтарға бөлінеді:

  • құқық құратын (еңбек шартын жасауға байланысты жалдаушы мен жалданушының құқықтары мен міндеттері пайда болады)

  • құқық өзгертетін (үй айырбастау нәтижесінде құқықтық қатынастың объектісі өзгереді, соған сәйкес құқықтар мен міндеттері де өзгереді) .

Мемлекетті басқару функциясын лауазымды адамдар мен органдар нақты іс-әрекеті арқылы жүзеге асырады.

Мемлекеттік басқару органы дегеніміз - мемлекеттік билікті жүзеге асырудағы мемлекеттік билік өкілеттігіне ие саяси ұйым. Бір жағынан, атқару билігі органы мемлекеттік билік органдарының бір түрі, ал екінші жағынан, биліктің іс жүзінде және формальды жүзеге асырылуына арналған атқару билігінің субъектісі болып табылады. Олар мемлекеттік басқаруды жүзеге асырады және олардың төмендегідей белгілері болады:

  1. мемлекеттік аппараттың автономдық бөлігі болып табылады;

  2. мемлекеттік қызмет атқарып, қоғамдық мүддені жүзеге асырады;

  3. мемлекеттің атынан әрекет жасайды, сонымен қатар өз атынан да әрекет жасайды;

  4. жеке қызметке ие болады;

  5. мемлекет алдында өз қызметі мен әрекетіне жауапты;

  6. жоғары тұрған мемлекеттік органдарға тәуелді;

  7. мемлекет тарапынан құрылады;

  8. олардың құрылымы мен қызметі заңмен көзделген ережелер арқылы реттеледі.

Мемлекеттік басқару органдарын бірнеше белгілеріне байланысты жіктеуге болады.

Олар мынандай белгілер:

1) басқару қызметінің мазмұнына байланысты (реттеуші, бақылаушы-қадағалаушы, үйлестіруші);

2) органның құрылуына байланысты (сайланатын, бекітілетін, тағайындалатын);

  1. органның нысанына байланысты (министрлік, агенттік, департамент);

  2. мемлекеттің шешімін табатын өз еріктерін білдіру қабілетіне байланысты (ұжымдық және жеке басының шешімі);

  3. аумақтық қызмет әрекетіне байланысты республика аумағындағы, жергілікті аймаққа байланысты.

Мемлекеттік орган дегеніміз – бұл мемлекеттің аппараттық дербес бөлігін қамтитын, жеке құзыры бар, публикалық функцияларды орындаушы қызметі мен құрылымы құқықпен реттелген ұйымдасқан ұжым. Атқару органдарында орталық атқару органдарынан бастап төменгі атқару органдарындағы қызметкерлердің барлығы басқарудың әр түрлі функцияларын жүзеге асырады.

Мемлекеттік басқару органдарының атқарушы және жарлықшы қызметі процессінде жүзеге асыралатын нақты іс-әрекетінің сыртқы тәжірбиелік көрінісін басқару қызметінің нысаны деп айтамыз.

Мемлекеттік басқару субъектілері сыртқы іс-әрекеті заңды нәтиже туғызуы не болмаса болдырмауы мүмкін (мысалы, ұсақ бұзақылық үшін ұстау, бұл басқару іс-әрекетіне жатады, заңды нәтижеге әкеп соғады).

Мемлекеттің қоғамдық қатынастарға әсер етуі екі нысанда жүзеге асырылады: құқықтық және құқықтық емес. Құқықтық нысан бойынша мемлекеттік органдар нақты құқықтық салдар туындататын басқару әрекетін жүзеге асырады және соған сәйкес белгілі бір нормативтік-құқықтық акт қабылдайды. Құқықтық емес нысан бойынша мемлекеттік басқару субъектісі құқықтық салдар туындатпайтын басқару әрекетін жүзеге асырады.

Құқықтық нысан құқықтық нормаларды белгілеу мен қабылдауға байланысты болады.

Мемлекеттік басқару нысандарының сыныптары:

а) мазмұнына байланысты: -заң шығарушы, құқық қолданушы: реттеуші және құқық қорғаушы.

ә)мақсатына байланысты: - ішкі,

- сыртқы.

б)жеткізуіне байланысты:

- жазбаша,

- ауызша,

- конклюдентті.

Мемлекеттік басқару әдістері дегеніміз - басқарудың мақсаттары мен міндеттерін орындауға бағытталған басқару субъектісінің басқару объектісіне әсер етуі.

Басқару тәжірибесінде әкімшілік-құқықтық әдістер кеңінен қолданылады. Әкімшілік әдістер арқылы басқарылатын объектілерге, адамдардың жүріс-тұрысына тікелей міндеттеуші және орындалуға тиісті бұйрықтар шығару жолымен тікелей, биліктік әсер ету жүзеге асырылады. Әкімшілік құқықтық әдістер арқылы қоғамдық қатынастарды нормативтік реттеу жүзеге асырылады. Нормативтік реттеу арқылы мемлекеттік органдар азаматтар мен лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, олардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларындағы жүріс-тұрысының шегін, сонымен қатар, сол жүріс-тұрыс ережелерін бұзғандығы үшін жауапкершілігін айқындайды. Қазіргі кезде мемлекеттік басқару саласында экономикалық әдістер де кеңінен қолданылуда, бұл әдістер шаруашылық субъектілеріне олардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына қарамастан өз қызметі үшін тиімді жолды таңдауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік басқарудағы идеологиялық әдістер қоғамдық санаға әсер етуді, жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті мен отаншылдық қасиеттерін дамытуды көздейді.

Мемлекеттік басқару саласында басқарылатын объектілерге қатысты сендіру және мәжбүрлеу әдістері өте жиі қолданылады. Сендіру арқылы кез-келген құқық субъектісінің сана-сезіміне әсер ету арқылы оның басқару субъектісің қалауына сәйкес іс-әрекет жасауын қамтамасыз етуге болады. Адам өмірі материалдық және рухани қанағаттандыруды қамтамасыз етуді көрсетеді. Қажеттіліксіз және өз ісінің тиімділігіне және дұрыстығына сенушіліксіз адамның ешқандай әрекетке ынтасы болмас еді. Көп жағдайларда қоғам өмірінің әртүрлі салаларында сендіру әдісінің іске асуының көмекші құралы ретінде ынталандыру шаралары жүзеге асырылады. Ынталандырулар – адамның мүмкіншілігін арттыратын, адамның әрекеттеріне әсер ету құралы. Ынталандыру - әрекетті жасауға бағыттау, ол адамның қажеттілігін, мүдделерін қанағаттандыру арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік мәжбүрлеу жеке тұлға мен мемлекет мүдделерін қорғау мақсатында, тиісті құқықтық актілерімен белгіленген құқыққа қайшы әрекеттерді жасаған субъектілердің санасына және жүріс-тұрыстарына мемлекеттік органдар (лауазымды тұлғалар) тарапынан, жүйкелік, күш көрсетушілік, ұйымдастырулық немесе мүліктік әсер етуді білдіреді.

Сонымен қатар, өзінің мәні бойынша біртұтас болып келетін мемлекеттік мәжбүрлеу жүйесі, өз ішінде мынадай жекеленген түрлерге бөлінеді:

  • әкімшілік-құқықтық мәжбүрлеу;

  • тәртіптік мәжбүрлеу;

  • азаматтық-құқықтық мәжбүрлеу;

  • қылмыстық-құқықтық мәжбүрлеу.

Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:

1. Мемлекеттік басқару субъектісін қалай түсінесіз?

2. Мемлекеттік басқарудағы жариялылық қағидасының мәні неде?

3. Мемлекеттік басқару органдарының жүйесін атаңыз?

4. Мемлекеттік орган дегеніміз не?

5. Мемлекеттік органның тарапынан қандай мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]