- •Isbn 9965–511-54-3 © Өміржанов е.Т., 2009
- •Негізгі бөлім. Мемлекет пен құқық туралы негізгі ұғымдар
- •1 Тақырып. Мемлекет туралы негізі түсініктер
- •2 Тақырып. Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер
- •Ерекше бөлім. Қазақстандық құқық жүйесінің негізгі құқық салаларына сипаттамалар
- •3 Тақырып. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері
- •4 Тақырып. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары және сот
- •5 Тақырып. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару
- •6 Тақырып. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығының негіздері
- •7 Тақырып. Қазақстан Республикасының азаматтық және отбасы құқығының негіздері
- •8 Тақырып. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы
- •9 Тақырып. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы
- •9.1. Еңбек құқығының түсінігі, пәні мен әдісі, қағидалары мен жүйесі.
- •10 Тақырып. Экология және жер құқығы негіздері
- •11 Тақырып. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы
- •12 Тақырып. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы
- •Семинар сабақтарында өтетін тақырыптар тізімі
- •Студенттің өзіндік жұмысына арналған тапсырмалар
12 Тақырып. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы
12.1. Іс жүргізу құқығының түсінігі мен мәні
12.2. Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі және ерекшеліктері
12.3. Азаматтық істерге қатысушы тұлғалар құрамы
12.4. Азаматтық істер бойынша сотта істі қарау
12.5. Қылмыстық іс жүргізу сатылары
12.6. Қылмыстық ізге түсу функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар
Жалпы заң ғылымында құқық нормалары материалдық және іс жүргізушілік болып екіге бөлінеді. Объектісі материалдық және материалдық емес игіліктер немесе әрекеттер болып табылатын қоғамдық қатынастардың субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын нормалар материалдық норма ретінде танылады. Іс жүргізушілік нормалар болып сәйкес материалдық құқық нормаларын қорғауға бағытталған қызметтің жүзеге асырылу тәртібін бекітетін нормалар танылады.
Іс жүргізу құқығы дегеніміз – материалдық құқықтың әртүрлі салаларының нормаларын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құқық қолдану қызметінің құқықтық нысаны мен тәртібін бекітетін құқық нормаларының жиынтығы.
Іс жүргізу құқығының барлық нормаларына тән ортақ қасиеттер бар:
- олар құқық қорғау саласындағы мемлекеттік биліктік қызметті жүзеге асыру үшін өкілеттіктер берілген өкілетті органдар мен лауазымды тұлғаларға бағытталған;
- олар құқықтық үрдісті, яғни, өздері қабылдайтын шешімдерінің тиімділігін, негізділігін, заңдылығын қамтамасыз етумен байланысты аталған субъектілердің құқық қолдану қызметіндегі тәртіпті реттейді.
“Азаматтық іс жүргізу құқығы” - азаматтық істер бойынша сот төрелігін іске асыру барысында сот пен іске қатысушылардың арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы.
Азаматтық іс жүргізу заңдарымен реттелетін қатынастар - Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңдары соттардың осы Кодекспен және басқа заңдармен өз құзыретіне жатқызылған талап қою және өзге істерді қарау мен шешу барысында сот төрелігін атқаруы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастар.
Іске қатысушы тұлғалардың құрамына тараптар, дау нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар, дау нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, прокурор, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, ұйымдар немесе Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормаларында көзделген негіздер бойынша процеске қатысатын жекелеген азаматтар, сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер бойынша мәлімдеушілер мен мүдделі адамдар іске қатысушы тұлғалар болып танылады.
Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды, алайда сот мұндай істерге кәмелетке толмағандардың немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың өздерін тартуға міндетті.
Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері қорғайды.
Іске қатысушы тұлғалардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысушы басқа адамдарға, куәлерге, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінім жасауға, соның ішінде қосымша дәлелдеме талап ету туралы өтініш жасауға; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысушы басқа тұлғалардың өтінімдері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімі мен ұйғарымына шағымдануға; азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқығы бар. Олар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға тиіс.
Азаматтық істер істі сот талқылауына әзірлеу аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі. Жұмысын қалпына келтіру туралы, алимент өндіріп алу туралы және мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы істер бір айға дейінгі мерзімде қаралып, шешіледі.
Азаматтық істердің жекелеген санаттары үшін заңдарда өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін.
Азаматтық істі қарау іске қатысушы адамдарды міндетті түрде хабардар ете отырып, сот отырысында жүргізіледі.
Төрағалық етушінің міндетін судья атқарады. Төрағалық етуші істің барлық мән-жайының толық, жан-жақты және объективті анықталуын, іс жүргізу әрекеттерінде дәйектіліктің және тәртіптің сақталуын, процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруын және олардың өз міндеттерін орындауын, процестің тәрбиелік ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды, қаралатын іске қатысы жоқ мәселелердің барлығын сот қарауынан шығарып тастайды.
Төрағалық етуші сот отырысында тиісті тәртіптің қамтамасыз етілуіне қажетті шаралар қолданады. Оның өкімі процеске қатысушылардың барлығы үшін, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшін міндетті.
Істі қарау кезінде сот іс бойынша дәлелдемелерді тікелей зерттеуге: тараптардың және іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктерін, куәлердің айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелерді қарап шағуға, дыбыс жазбаларын тыңдауға және бейне жазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты қайта құрудың өзге де құралдарының материалдарымен танысуға міндетті. Қажет болған жағдайларда іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсіндірмелерін тыңдайды.
Істі қарау ауызша жүргізіледі. Істі қарау процесінде судья ауысқан жағдайда істі қарау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
Судья сот отырысы залына кірген кезде залдағы барлық қатысушылар орындарынан тұрады. Іс шешім шығарусыз аяқталатын сот шешімін немесе сот ұйғарымын сот отырысы залындағы жұрттың барлығы түрегеп тұрып тыңдайды.
Істі қарау үшін белгіленген уақытта төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай азаматтық іс қаралуға тиіс екенін жария етеді.
Сот отырысының хатшысы осы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, келмеген адамдарға хабар берілген-берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екенін сотқа баяндайды. Төрағалық етуші келгендердің кім екенін анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттіктерін тексереді. Келген куәлер сот отырысы залынан шығарылады. Төрағалық етуші жауап алынған куәлердің жауап алынбаған куәлермен сөйлеспеуіне шаралар қолданады. Төрағалық етуші сот құрамын жария етеді, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы, сот приставы ретінде кімдердің қатысатынын хабарлайды және іске қатысушы адамдарға олардың қарсылық білдіру құқығын түсіндіреді.
Іске қатысушы адамдар келмеу себептері туралы сотқа хабарлауға және бұл себептердің дәлелді екендігіне дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
Істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талап қоюшының өз талаптарын қолдайтын-қолдамайтыны, жауапкер талап қоюшының талаптарын мойындайтын-мойындамайтыны және тараптардың істі бітімгершілік келісімімен аяқтауды немесе істі аралық сотқа қарауға беруді қалайтын-қаламайтыны туралы мәселелерді анықтауынан басталады.
Жауапкер талап қоюды мойындағанда және оны қабылдаған кезде сот мәлімденген талаптарды қанағаттандыру туралы шешім шығарады.
Сот талап қоюшының және оның тарапынан қатысатын үшінші тұлғаның, жауапкердің және оның тарапынан қатысатын үшінші тұлғаның, сондай-ақ іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Прокурор, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың өкілдері, сотқа басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға жүгінген азаматтар бірінші болып түсініктемелер береді. Іске қатысушы адамдар бір-біріне сұрақтар қоюға құқылы.
Сот іске қатысушы адамдардың түсініктемелерін тыңдап және олардың пікірлерін ескеріп, өзге дәлелдемелерді зерттеудің тәртібін белгілейді. Куәден жауап алынғанға дейін төрағалық етуші куәнің жеке басын анықтайды, оның міндеттері мен құқықтарын түсіндіреді және оған айғақтар беруден бас тартқаны үшін және көпе - көрінеу жалған айғақтар бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді. Әрбір куәден жауап жеке-жеке алынады. Әлі айғақ бермеген куәлер істі қарау кезінде сот отырысы залында бола алмайды.
Барлық дәлелдемелер қаралғаннан кейін судья іске қатысушы адамдар мен өкілдерден олардың іс материалдарын әлденелермен толықтыруға ниеттерінің бар-жоғын анықтайды. Мұндай мәлімдеулер болмаған жағдайда төрағалық етуші істі зерттеу аяқталды деп жариялап, сот соттағы жарыссөздерге көшеді.
Сот жарыссөздері іске қатысушы адамдар мен өкілдердің сөздерінен тұрады. Алдымен талап қоюшы және оның өкілі, ал содан соң - жауапкер мен оның өкілі сөз сөйлейді. Басталып кеткен процесте даудың нысанасы бойынша дербес талаптар қойған үшінші тұлға мен оның өкілі тараптар мен олардың өкілдерінен кейін сөз сөйлейді. Даудың нысанасы бойынша өз бетінше талаптар қоймаған үшінші тұлға мен оның өкілі талап қоюшыдан немесе үшінші тұлға іске өзі қатысатын жақтағы жауапкерден кейін сөз сөйлейді.
Прокурор, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың өкілдері және басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген азаматтар сот жарыссөздерінде соңынан сөз сөйлейді. Жарыссөзге қатысушылардың барлығы сөз сөйлеп болған соң олар сөздерінде айтылғандарға байланысты екінші рет сөз сөйлей алады. Соңғы реплика құқығын үнемі жауапкер мен оның өкілі иеленеді.
Іс бойынша тарап болып табылмайтын және осы Кодекстің 55-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен процеске қатысушы прокурор сот жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытынды береді.
Сот шешімге қол қойылғаннан кейін сот отырысы залына қайтып келіп, сот шешімін жариялайды. Мұнан соң шешімге шағымданудың тәртібі мен мерзімдері түсіндіріледі. Шешімнің шығарылған кезде судья іске қатысушы адамдарға және өкілдерге шешіммен қашан танысуға және оның көшірмесін алуға болатынын жариялауға міндетті.
Қылмыстық іс бойынша істі қозғауды, тергеуді және шешу қызметімен байланысты қылмыстық сот өндірісі аясында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы қылмыстық іс жүргізу құқығы деп аталады.
Қылмыстық іс жүргізу сатылары дегеніміз - өздеріне тән мерзімі, басталуы мен аяқталуы, қатысушылары, процессуалдық шешімдері бар іс жүргізудің бөлімдері. Ол келесі сатылардан тұрады:
- қылмыстық істі қозғау сатысы;
- алдын-ала тергеу;
- басты сот талқылауын тағайындау;
- басты сот талқылауы;
- үкімді орындау;
- аппеляциялық өндіріс;
- қадағалау өндірісі;
- жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша өндіріс.
Қылмыстық ізге түсу фукциясын жүзеге асыратын келесідей мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар бар:
1. Прокурор - өз құзыреті шегінде жедел іздестіру қызметінің, анықтаудың, тергеудің және сот шешімдерінің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестің барлық сатыларында қылмыстық ізге түсуді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын лауазымды тұлға. Заңға сәйкес прокурорлардың келесідей санаттары бекітіледі: ҚР Бас Прокуроры, Бас әскери прокурор, облыстардың прокурорлары және оған теңестірілген прокурорлар, аудандық, қалалық прокурорлар, әскери прокурорлар, көлік прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары мен көмекшілері, прокуратуралардың қадағалау саласы жөніндегі прокурорлары, аға прокурорлары және прокуратура басқармалары мен бөлімдерінің прокурорлары;
2. Тергеу бөлімінің бастығы – алдын ала тергеуді жүзеге асыратын органның тергеу бөлімшесінің бастығы мен өз құзыретінің шегінде іс-әрекет жасайтын оның орынбасарлары;
3. Тергеуші - өз құзыреті шегінде қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеуді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген лауазымды адам: ішкі істер органдарының тергешісі, ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеушісі және қаржы полициясы органының тергеушісі;
4. Анықтау органы:
- ішкі істер органдары,
- ұлттық қауіпсіздік органдары,
- қылмыстық жазаларды орындау және қамауда ұстау тәртібімен байланысты қылмыстар туралы істер бойынша - әділет органдары,
- қаржы полициясы органдары;
- контрабанда және кеден төлемдерін төлеуден жалтару туралы істер бойынша – кеден органдары,
- Қазақстан Республикасы қарулы күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларында шақыру немесе келісім-шарт бойынша әскери қызметін атқарып жүрген әскери қызметшілер; әскери жиындарды өткеру кезінде запастағы азаматтар; әскери бөлімдердің, құрмалардың, мекемелердің азаматтық қызметкерлері олардың қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты немесе осы бөлімдердің, құрамалардың және мекемелердің орналасқан жерінде жасалған барлық қылмыстар туралы істер бойынша - әскери полиция органдары;
- шекара бөлімдерінің командирлері;
- әскери полиция органы болмаған жағдайда әскери бөлімдердің, құрамалардың командирлері, әскери мекемелер мен гарнизондардың бастықтары;
- Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің және өкілетті өкілдіктерінің басшылары;
- өртпен күресу қызметінің басқару органдары мен бөлімшелері.
5. Анықтау органының бастығы - қылмыстық істер жүргізу кодексінің 285 бабында көзделген қылмыстар туралы істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында анықтау органы бастығының өкілеттігіне өз құзыретінің шегінде Бас басқарманың, басқарманың, бөлімнің, бөлімшенің және анықтау органының өзге де бөлімшелерінің бастықтары ие болады;
6. Анықтаушы - өз құзыретінің шегінде қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік лауазымды адам.
Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:
1. Іс жүргізу құқығын қалай түсінесіз?
2. Іске қатысушылар құрамын атаңыз?
3. Тергеушінің анықтаушыдан айырмашылығы неде?
4. Анықтау органдарының құрамын атаңыз?
5. Қылмыстық іс жүргізудің азаматтық іс жүргізуден айырмашылығы қандай?
