Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Өміржанов Е.Т..doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
681 Кб
Скачать
☆

11 Тақырып. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы

11.1. Қылмыстық құқық жеке құқық саласы ретінде

11.2. Қылмыс түсінігі және құрамы

11.3. Қылмыстық жауаптылық

11.4. Қылмыстық әрекеттерді болдырмайтын мән-жайлар

11.5. Қылмыс жасау сатылары

11.6. Қылмыстық жаза

Қылмыстық құқық дегеніміз – адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын, қоғамды және мемлекетті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға, жазамен қорқытып, тыйым салынған іс-әрекеттерді істеудің алдын алуға, тұлғаға қылмыстық қиянат келтірілгенде оны одан қорғауға бағытталған құқық нормаларының жиынтығы. Қылмыстық құқық заң шығарушы органдар қабылдаған қылмыс пен жаза, қылмыстық жауаптылық негізі, жаза жүйелерін, жазаны тағайындаудың тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуды белгілейтін нормалардан құралады.

Қылмыстық заңдардың міндеттері - адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігін қорғау, қылмыстардың алдын алу болып табылады.

Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 9 бабына сәйкес, қылмыс дегеніміз – қылмыстық кодекс нормаларында жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты, қоғамға қауіпті әрекет ( іс-әрекет немесе әрекетсіздік).

Қылмыстың басты белгілеріне оның құқыққа қайшылығы, қоғамға қауіптілігі, кінәлілігі, жазаланатындығы жатқызылады. Қылмыстар «Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің» онынышы бабына сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр болып бөлінеді.

Жасалғаны үшін қылмыстық кодексте көзделген ең ауыр жаза екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет онша ауыр емес қылмыс болып табылады.

Жасалғаны үшін қылмыстық кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген абайсызда жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс болып табылады.

Жасалғаны үшін қылмыстық кодексте көзделген ең ауыр жаза он екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет ауыр қылмыс болып табылады.

Жасалғаны үшін қылмыстық кодексте көзделген ең ауыр жаза екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы болатын қасақана жасалған әрекет аса ауыр қылмыс болып табылады.

Қылмыс үшін нақты жауаптылық туындауы үшін оның құрамына кіретін элементтер толық болуы тиіс. Қылмыс құрамын қылмыстың объектісі, объективтік жағы, қылмыс субъектісі, субъективтік жағы құрайды.

Қылмыс объектісі деп, сол қылмыстық қиянаттың неге бағытталғандығын, оның қандай зиян келтіргендігін немесе келтіруге нысана алғанын айтамыз.

Қылмыстың сыртқы пішінін, көрінісін сипаттайтын белгілердің жиынтығы қылмыстың объективтік жағын құрайды. Объективтік жақтың басты белгісі қоғамға қауіпті әрекет не әрекетсіздіктің сыртқы көрінісі болады. Оның міндетті белгілеріне уақыт, орын, жағдай, қылмыстың жасалу тәсілдері, сонымен қатар келтірілген зардап пен іс-әрекет арасындағы себепті байланыс жатқызылады.

Қылмыстың субъектісі сол қылмыстық әрекетті немесе әрекетсіздікті жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс тұлға. Қылмыстық жауаптылыққа есі дұрыс, қылмыс жасаған уақытта он алты жасқа толған, кейбір қылмыс санаттары үшін он төрт немесе он сегіз жасқа толған адамдар тартылады.

Қылмыстың субъективтік жағын адамның өзі жасаған қылмыстық әркетіне психикалық қатынасы құрайды. Субъективтік жақ белгілеріне кінә, ниет және мақсат жатқызылады. Кінәнің екі түрі болады: қасақаналық және абайсыздық. Қасақаналық дегеніміз – тұлғаның өз әрекет немесе әрекетсіздігінің қоғамға қауіпті және зиянды екенін біліп, оның тудыратын зиянды салдарынының мәнін түсіне отырып, оның туындауын тілеп әрекет жасауы немесе оның туындауына саналы түрде жол беруі. Қасақаналық тікелей және жанама болып екіге бөлінеді.

Абайсыздық деп тұлғаның зиянды салдардың туындауын тілемесе де өз ісіне немқұрайлылықпен қарауының немесе менменсінудің негізінде қылмыс жасауын айтамыз. Абайсыздықтың екі нысаны болады: немқұрайлылық және менмендік.

Қылмыс заңы бойынша қылмыс деп белгіленген нақты іс-әрекетті істеген адамды мемлекет атынан оның тиісті органдары арқылы айпытауын қылмыстық жауаптылық деп түсінеміз. Қылмыстық жауаптылық қылмыстық әрекет немесе әрекетсіздік орын алған соң туындайды. Соның негізінде мемлекеттің өкілетті органдары мен қылмыс субъектісі арасында қылмыстық құқықтық қатынастар пайда болады. Қылмыстық жауаптылықтың негізі қылмыстық заңда көрсетілген қылмыс құрамының барлық белгілері бар іс-әрекетті істеу болып табылады. Адамның қылмыстық жауаптылығы оған сот тағайындаған жазаны өтеумен жүзеге асырылады, ол жазаны өтеп болған соң жойылады.

Қоғамдық қатынастарды қылмыстық жолмен келтірілетін зияннан қорғау мақсатында қауіп төндіруші адамға материалдық, моральдық және өзге де зиян келтіру қылмыс болып танылмайды. Олардың қылмыстық құрамы болса да, қоғамға қауіптілігі жоқ, керісінше, төнген қауіптің бетін тойтару үшін жүзеге асырылатын әрекеттер болып табылады. Қылмыстық кодекс бойынша бұларға қажетті қорғану, аса қажеттілік, қылмыскерді ұстау, орынды тәуекел, күштеу немесе психикалық мәжбүрлеу, бұйрықты немесе өкімді орындау жатқызылады.

Қажетті қорғану жағдайында қол сұғушы адамға зиян келтіру, яғни қорғанушының немесе өзге бір адамның жеке басын, тұрғын үйін, меншігін, жер учаскесін және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтіру жолымен қорғау кезінде, егер бұл орайда қажетті қорғану шегінен асып кетушілікке жол берілмеген болса, ол қылмыс болып табылмайды.

Қылмыс жасаған адамға оны мемлекеттік органдарға жеткізу және оның жаңа қол сұғушылық жасау мүмкіндігін тыю үшін ұстау кезінде зиян келтіру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкін болмаса және бұл орайда осы үшін қажетті шаралар шегінен шығуға жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды.

Қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайда зиян келтіру, яғни белгілі бір адамның немесе өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндіретін қауіпті жою үшін зиян келтіру, егер бұл қауіпті басқа амалдармен жою мүмкін болмаса және бұл орайда аса қажеттілік шегінен шығып кетушілікке жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды.

Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерлерінің не осы органмен қызметтес өзге адамның осындай органның тапсырмасы бойынша жедел іздестіру шараларын орындауы кезінде заңға сәйкес әрекетімен қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге келтірген зияны, егер бұл әрекет бір топ адам, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қоғамдастық жасаған қылмысты болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеу мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқық қорғау мүдделеріне келтірілген зиян аталған қылмыстармен келтірілген зиянға қарағанда онша мәнді болмаса және егер оларды болғызбау, ашу немесе тергеу, сол сияқты қылмыс жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, қылмыс болып табылмайды.

Қоғамдық пайдалы мақсатқа қол жеткізу үшін орынды тәуекел еткен ретте қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру қылмыс болып табылмайды.

Егер күштеп мәжбүрлеудің салдарынан адам өзінің іс-әрекетіне ие бола алмаса, күштеп мәжбүрлеудің нәтижесінде қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру қылмыс болып табылмайды.

Өзі үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау жөнінде іс-әрекет жасаған адамның қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіруі қылмыс болып табылмайды.

Қылмысты істеу сатылары деп қасақана істелетін қылмысқа дайындалу, оқталудан аяқталғанға дейінгі кезеңдерді айтамыз. Қасақана қылмыс сатылары: қылмысты істеуге дайындалу, қылмыс істеуге оқталу және қылмысты аяқтау.

Тікелей ниетпен қылмыс құралдарын немесе қаруларын іздестіру, әзірлеу немесе бейімдеп жасау, қылмысқа қатысушыларды іздестіру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшін өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл орайда қылмыс адамның еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмесе, қылмысқа дайындалу деп танылады. Ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделеді.

Тікелей қылмыс жасауға тура бағытталған ниетпен жасалған іс-әрекет немесе әрекетсіздік, егер бұл орайда қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмесе, қылмыс жасауға оқталу болып табылады. Қылмыстық жауаптылық ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға оқталғаны үшін басталады.

Егер адам жасаған әрекетте қылмыстық кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері болса, қылмыс аяқталған деп танылады.

Мемлекет қылмыстылықпен күрес шарасы ретінде қылмыстық жазаны заң арқылы қолданады. Жаза дегеніміз - сот үкімі бойынша мемлекет атынан тағайындалатын мәжбүрлеу шарасы. Жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сонымен қатар, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасалынуынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Қылмыстық жазаның өзіне тән белгілеріне мыналар жатады:

- қылмыстық жаза тек мемлекет тарапынан қолданылатын мәжбүрлеу шарасы;

- жаза тек қылмысты жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады;

- жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеумен байланысты болады;

- жаза тек сот үкімімен, мемлекет атынан тағайындалады;

- сот үкімі бойынша тағайындалған жаза кінәліге сотталғандық атағын белгілейді.

Жазаның негізгі және қосымша сияқты екі түрі болады. Негізгі жазалар:

- айыппұл салу;

- белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;

- қоғамдық жұмыстарға тарту;

- түзеу жұмыстары;

- әскери қызмет бойынша шектеу;

- бас бостандығын шектеу;

- қамау;

- тәртіптік әскери бөлімде ұстау;

- бас бостандығынан айыру;

- өлім жазасы.

Қосымша жазалар:

- арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәріжесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;

- мүлкін тәркілеу.

Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:

1. Қылмыс деген не және оның өзге құқық бұзушылықтардан айырмашылығы қандай?

2. Қылмыс құрамының элементтерін атаңыз?

3. Қылмыстық жауаптылық деген не?

4. Қажетті қорғануды қалай түсінесіз?

5. Жазаның мәні неде?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]