Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1-28.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
315 Кб
Скачать
☆

Хvііі ғ. Қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті.

Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы мәдениеті ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ халқын құраған ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды.

Рухани мәдениеті: Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы - қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге тиісті еді. Мұны балаларына үйрету әрбір атаның, отбасы тәрбиесінің негізі болды. Тек ата-анасынан айырылған жетімдер ғана мұндай тәрбиеден қалған. Соның үшін қазақ қауымы “жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары” дейді. Ру, тайпа және жүздің шежіресін таратып айта алатын адамдар халық ішінде құрметтеліп “шежірешілер” деп аталды.

Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары – ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. Олар халық басына келген қайғыға да, жұрт кенелген мерейге де ортақ болды. Ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды. ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ХVІІІ ғасырдағы атақты жырау Бұқар Қалқаманұлының (1668-1781) бірнеше шығармалары сақталған. Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, әр түрлі даулар мен таластарды шешкен. Жырау қазақтың барлық үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа қараған күшті мемлекет болуын армандады. Тәттіқара, Үмбетей, Шал, Көтеш сияқты жыраулардың жырлары халық жадында үзік-үзік сақталған. Үмбетейдің Бөгенбай батырдың қайтыс болуына арналған естірту жыры - жоқтауы белгілі. Үмбетей жоқтауында Бөгенбай - халық қорғаушысының мінсіз бейнесі. Ал Тәттіқара ақын қатардағы жауынгер ретінде көптеген шайқастарға қатысып, жорықта туған толғауларында жауынгерлерді бостандық жолындағы күресте қандай да болсын қиыншылықтың алдында бас имеуге шақырады.

Материалдық мәдениеті: Қазақтардың XVІІІ-XІX ғасырлардағы материалдық мәдениетінің күйі қоғамның экономикалық даму деңгейімен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда-саттық, көрші халықтардың ықпалының маңыздылығы да аз болған жоқ.

О тырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп-қону мал өсірушілерге маусымдық жақсы жайылымдарды пайдаланып отыруға мүмкіндік берді. Көшіп-қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды.

Көшпелі мал шаруашылығына күрделі еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шідер жасалды, құлын мен бота байлауға жуан арқан мен ноқта пайдаланылса, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. XVІІІ ғасырдың аяғында қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді.

Қазақстанда суармалы егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден болып келген. Осыған байланысты қазақтарда егіншілік құралдарының қарапайым түрлері болды. Мәселен, тісағаш, егін оратын орақ, ағаш күрек, сыпыртқы егіншілік құралдарына жатқызылды. Егісті суғару үшін суды көтеріп шығаратын әр түрлі құралдар – атпа, шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері дайындап отырды.

Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің - тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен және киіз басумен көбіне әйелдер айналысты, олар негізінен алғанда үйге керек-жарақтардың тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар және т.б дайындады.

Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне әкеп соқты. Дәстүрлі үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын әр түрлі сандықтар пайда болды.

Мал шаруашылығына негізделген қазақтардың тұрмысы олардың ішетін тамақтары мен ыдыс-аяқтарынан айқын көрінеді. Негізгі тамақтары ет-сүт өнімдері болды. Қазақтар ыдыс пен керек-жарақтарды көбінесе сынбайтын материалдардан: ағаштан, теріден, киізден және шұғадан жасаған. Олар: торсық, саба, күбі, қазан, таба, ожау, астау, ағаш табақтар, мес, мал сауға арналған көнек және т.б. Көшкен кездерінде ыдыс-аяқты сыртқы беті түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы киіз қаптарда (аяққаптарда) сақтаған. Сусымалы мал өнімдері үшін тоқыма қаптар дайындаған. Сүр ет пен сары майды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]