Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Tazagul_apay_zhauaptary_33__33.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

49. Қазіргі педагогика ғылымының зерттелуі

Тәуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар алдына түбегейлі реформалау міндетін қойып отыр. Әлемдік өркениетке ену жағдайында түбірлі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын әрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мәселесін қарастыру көзделуде.

Кеңес дәуірінде педагогика ғылымы шектен шыққан идеологиялану нәтижесінде үлкен дағдарысқа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Педагогиканың идеологиямен етене теңестіріліп, түгелінен мемлекеттік бола түсуі әлеуметтік шындықтың нақты қайшылықтарын сыни және объективті түрде талдау мүмкіндігін шектеді. Педагогика ғылымының тұжырымдамаларын қоғамдық өмірдің ағымын өзгертуге болатын әлеуметтік технология ретінде қолдану бұрынғы кеңес заманындағы педагогикалық білімнің тиісті деңгейде дами алмауына себепші болды.

Педагогика ғылымы саласындағы дағдарыстың себебі болатын тағы бір құбылыс рухани мәдениеттің бедерсізденуі болып табылады. Бұл үрдістер қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өзіндік қайнар көздері мен түп-тамырларын елемеуге әкеліп соқтырды. Педагогикалық ілімдер тәрбиенің абстрактылы, қайшылықсыз үлгілері ретінде қарастырылды. Мұндай жағдайлар ресми мәдениеттің идеологияланған кеңістігінде ғана қалыптасуы мүмкін еді. Ал нақты өмірде, әсіресе қазақ халқының бай рухани әлемімен және ұлттық психологиясымен түйіскенде бұл теориялар әр түрлі қайшылыққа толы қорытындылар жасайтыны айғақталды. Сырт көзге дұрыс болып көрінетін абстрактылы қағидаттар халықтың тіршілік әлемінен, тәрбие ортасынан оқшау тұрғандықтан, өзінің дүниетанымдық маңыздылығы мен әлеуметтік құндылығын жоғалта бастады.

Педагогикалық теорияның мемлекеттік идеологияның ықпалында болуы, ұлттық рухани мәдениеттің ерекшеліктерін елемеушілігі отандық педагогикалық ілімнің әлемдік педагогикалық бірлестіктен оқшаулануына алып келді. Әлемдік педагогикалық мектептердің негізгі бағыттарымен идеялық текетірестік жағдайында болу өзара тиімді дүниетанымдық және әдіснамалық үнқатысуды жүргізу мүмкіндігін шектей түскен болатын. Біздің педагогиканың томаға-тұйықтығы тәрбие мен білім беру мәселелерінің практикалық шешімін іздеуде догматизм мен әдіснамалық әлсіздікке әкеліп соқтырды. Екінші жағынан, педагогика ғылымындағы осындай қайшылықтардың тамырлары әлеуметтік жаттану үдерістерімен астасады. Бұл адамның меншіктен жаттануы, өзінің ұлттық тарихы мен халықтық педагогикасынан жаттануы, тіпті адамның өз мәнін, тарихы мен мәдениетін, тілі мен дінін жатсынуы болып табылады. Соның салдарынан адамдар әлеуметтік үдерістердің қарапайым құралы мен объектісіне айналды. Сондықтан қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында халқымыздың рухани ахуалына сәйкес педагогика ғылымы өз мазмұнын әлеуметтік жаттануды еңсеру жолдары мен ерекшеліктерін анықтауға бағыттауы тиіс. Мұның өзі біздің ұлттық болмысымызға сай қазақ педагогикасының әдіснамасын жасауды қажет етеді. Қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогика тұрғысынан қазақтың ұлттық рухы, менталитеті мен тәрбие ерекшеліктерінің қалыптасуы мен даму тарихын тұжырымдай отырып, өз бойында әлемдік мәдениеттің жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзаттық тәрбие тәжірибесін танытатын ғылым болуы тиіс.

Педагогика ғылымының әдіснамасы философия заңдылықтарына сүйенетіні белгілі. Философиялық ғылымдар педагогикаға тәрбиенің мағынасы мен мақсатын анықтауға, адамзат болмысы мен ойлауының жалпы заңдылықтарының әрекетін дұрыс түсінуге көмектеседі, ғылым мен қоғамда болып жатқан өзгерістер туралы шұғыл ақпарат бере отырып, тәрбиенің бағытын нақтылауға жәрдемдеседі. Философия табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдарын, түбегейлі мәселелерін зерттейді, өмір шындығын танып білу жөніндегі көзқарастың негізгі жүйесі болып табылады, адамды күшті идеялық сенімге, айқын түсіне білушілікке тәрбиелейді. Педагогика материалистік диалектиканың қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысуы және терістеуді терістеу сияқты негізгі заңдарын тәрбие, білім беру және оқыту процестерінде шығармашылықпен пайдалануды көздейді.

Қазақ философиясының қалыптасуын докторлық диссертация көлемінде зерттеген белгілі философ ғалым Ж.Алтаевтың «Бұрын «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы» деген ұғымдарды білсек, енді «Қазақ философиясы» деген ұғымның біздің санамызға кіре бастауының теориялық, практикалық маңызы зор» деп айтқанындай, педагогика ғылымында да бетбұрыс жасап, егемендік алғанымыздың он жетінші жылында «Қазақ педагогикасы» ұғымын батыл енгізетін уақыт жетті. Әрбір халық «өз тарихын, философиясын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай мәдениеттің дамуы мүмкін емес» - деген болатын Л.Н.Гумилев. Қазақ педагогикасы ғылымының қалыптасуы мен дамуын зерттеу болашақтағы ұлан-ғайыр ізденістердің бастамасы болуға тиіс.

Қазақ педагогикасының өзіндік төл ерекшелігі оның ізгілендіру мен парасаттылықты, адамгершілік пен адами құндылықтарды жоғары қоятын бай халықтық педагогика мұраларымен айрықша орын алады. Егер де біз қазақ педагогика ғылымын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек.

Қазақтың болмысы түрлі мәдениеттің тоғысында қалыптасқан, ал қазақ педагогикасы рухани мәдениет дамуының қалыптасқан белгілі бір бағдары, деңгейі болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуын зерттеу барысында мынадай екі талапты басшылыққа алу керек:

- тарихи-педагогикалық танымның әдіснамасы;

- тарихи-педагогикалық ілімнің құрылымы.

Осы уақытқа дейін қазақ педагогикасының әдіснамасының жасалмауы мен оның теориялық деңгейде толық зерделенбеуі қазақ этнопедагогикасы мен қазақ педагогикасын бір мағынада қабылдауға алып келгені ақиқат. Оған қазақ педагогикасы нысанының, мазмұндық құрылымы мен пәндік ерекшелігінің анықталмауы себеп болып отыр. Қазақ этнопедагогикасы өзіндік ұлттық сипаты бар педагогиканың бір саласы болып табылса, қазақ педагогикасы адам тәрбиелеудің жалпыадамзаттық құндылықтарын қамтитын әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі болып саналады. Бүгінгі таңда қазақ педагогикасын бірден ұлттық тарихтың немесе ұлттық сананың, тәжірибенің үлгісі ретінде қараушылық айқын. Мұның өзі оның өз алдына дербес ғылым ретінде қалыптасуына, әрі дамуына кедергі жасап отыр. Сондықтан қазақ педагогика ғылымының әдіснамасын жасауда мынадай мәселелер өз шешімін табу керек деп есептейміз:

1. Қазақ педагогика ғылымы қалыптасуының тарихи кезеңдерін, әлеуметтік тегін талдау, оның басқа ғылымдармен өзара ықпалдастығы мен байланысын ашып көрсету.

2. Қазақ педагогикасының негізгі идеялары мен рухани бастауларын көркемдік – философиялық және әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан талдау.

3. Қазақ педагогикасының қайнар көздері көшпелілер мәдениеті мен түркі өркениетінен нәр алатынын ғылыми тұрғыдан негіздеу.

4. Қазақ педагогикасы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің ұлттық деңгейі мен көрінісін қамти отырып, жалпыадамзаттың рухани мұқтажын өтеуге қызмет ететіндігін дәлелдеу.

5. Қазақ педагогикасы ғылымының әдіснамасы мен оның мазмұндық құрылымын жасау.

6. Қазақ педагогикасының келешегін айқындау, яғни болашаққа қызмет етуін қамтамасыз ету.

Қазақ педагогикасы тарих пен мәдениеттің өткен кезеңдерінің мәселелерімен ғана шектелінбейді, ол халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі бүгінгі тәжірибесін, тіпті оның болашаққа жету бағдарын да қамтып тұжырымдауға бейім болуы және соған қызмет етуі шарт. Жасыратыны жоқ, қазақ педагогикасы дегенде өткен тарихқа көңіл аудару, оның тарихи алғышарттарына назар аудару басым. Қазақ педагогикасының әзірге болашаққа қызмет ететін әдіснамасы жасалмағаны анық. Сондықтан да қазіргі кезде қазақ педагогика ғылымын мойындамаушылар, оның табиғатына күмәндана қараушылар аз емес екені шындық. Ұлттық ұстаным – халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі мол тәжірибесін, педагогикалық ілімін пайдалануға, оның өсіп-өркендеп дамуына еліміздің тәуелсіздігі мүмкіндік беретіні айдан анық. Мұның өзі қазақ педагогика ғылымын өз деңгейіне көтеру, оның әлемдік педагогикадағы өлшемін айқындау және ұлттық тұжырымдамасын жасауға күш салу міндеттерін алға қояды.

Қазақ педагогикасы ғылыми білімдер жүйесінде арнайы ғылым болып табылады деуге толық негіз бар. Ғылым болу үшін оның зерттеу нысаны мен пәні, зерттеу әдістері мен ұғымдық аппараты болу керектігі мәлім. Сондықтан қазақ педагогикасын ғылымның басқа салаларымен тығыз байланыста қарастыра отырып, оның дербес ғылым саласы ретінде орнын анықтаудың маңызы зор.

Қазақ педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтары әлемдік педагогикамен тығыз байланысты, мұнда тек ұлттық сана-сезім мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты тәрбиенің болмысында өзіндік сипат болады. Әрбір заңдылықтардың арасында өзара мәнді байланыстар айқын көрінеді. Атап айтсақ:

- мектеп пен педагогиканың арасындағы, бір жағынан, қоғамның экономикалық деңгейі, екінші жағынан саяси даму деңгейі тұрғысынан;

- қоғамның саяси жағдайы мен қоғамдық-педагогикалық қозғалыстар, педагогикалық теорияның даму қарқыны мен тәжірибе арасындағы;

- қазақ педагогикасы мен басқа ғылымдар (әсіресе, қазақ философиясы, қазақ психологиясы) арасындағы;

- қоғамның әлеуметтік құрылымы мен қазақ халқының тәрбие жүйесі арасындағы;

- мектеп, білім беру мен тәрбие мазмұны және қоғамдық сананың басқа формалары (мәдениеті, дін және т.с.с.) арасындағы;

- қазақ педагогика ғылымының жетістіктері мен білім беру міндеттері және мазмұнының арасындағы;

- тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін факторлар арасындағы және т.с.с.

Осы заңдылықтардың барлығы өзара тығыз байланыста не себеп, не салдар, не байланыстырушы дәнекер ретінде әрекет етеді, жалпы алғанда, олар қазақ педагогика ғылымының тұтас бірлігін құрайды.

Қазақ педагогика ғылымы басқа да кез келген ғылымдар сияқты өзінің тарихымен тығыз байланысты, қазақ педагогикасының тарихы оның ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл тәрбие тәжірибесінен туындап, үнемі молаюдың нәтижесінде алдымен педагогикалық ой-пікірлер, содан кейін тәжірибеге күшті ықпал ететін ғылымның қалыптасатындығын айғақтайды. Осындай ұстаным қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуының кезеңдерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді (Кесте 1).

Қазақ педагогика ғылымы өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ғасырлар сынынан өткен халықтық тәжірибе негізінде қалыптасып, өзіндік дамуға ие болды. Халық педагогикасындағы озық идеялар қазақ халқының тіршілік тынысымен, ұлттық тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жетіп отырды. Өмірдің әлеуметтік жағдайларының өзгеруімен, қоғам мен тұлға қажеттіліктерінің дамуымен байланысты халық тәжірибесіндегі педагогикалық құндылықтар қайта жасалып, жаңаша сипат алып отырады. Педагогика тарихында алдыңғы теориялардың мазмұнының кеңейтіліп, тың көзқарастар мен ағымдардың қалыптасуы заңды құбылыс, мұның өзі әлемдік педагогика мазмұнын қазақ педагогика ғылымының жетекші идеяларымен толықтыру қажеттілігін дәлелдейді. Өйткені құндылық бағдарлар тұлғаның ең басты, ауқымды сипаттамасының бірі ретінде әрекет етеді, ал оларды дамыту ізгілендіру педагогикасының негізгі міндеті және қоғам дамуының маңызды жолы болып табылады.

Кесте 1 – Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен даму кезеңдері

Тәрбие тәжірибесі

Педагогикалық ойлар

Педагогика ғылымы

Қазақтың халық педагогикасы

1. Қазақ ауызекі шығармашылығындағы тәрбие мазмұны:

- ұлттық ойындар;

- мақал-мәтелдер;

- жаңылтпаштар;

- жұмбақтар;

- шешендік сөздер;

- ертегілер;

- аңыз әңгімелер;

- батырлар жыры;

- эпос;

- айтыс

2. Қазақ музыкалық шығармашылығындағы тәрбие мазмұны:

- халық әндері;

- халық күйлері

3. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріндегі тәрбие мазмұны:

- дәстүрлі қолданбалы өнер;

- ою-өрнектер

4. Салт-дәстүрлердегі тәрбиелік мазмұн:

- бала тәрбиесіне байланысты;

- тұрмыс-салт;

- ата кәсіп;

- әлеуметтік-мәдени

5. Жыраулар мен билердің, шешендердің шығармашылығындағы тәрбие мазмұны

Қазақ жеріндегі алғашқы педагогикалық ой-пікірлер

1. Еуразия даласындағы алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі тәрбие

2. Еуразия құрлығындағы Сақ империясы дәуіріндегі тәлім-тәрбие

3. Ғұн империясы мен Үйсін-Қаңлы мемлекет дәуіріндегі тәлім-тәрбие

4. Таяу және Қиыр Шығыс ежелгі мемлекеттерінің бірі – Шумер тәлім-тәрбиесі мен мектептері

5. Ұлы Түркі қағанаты және оның тәлімдік-танымдық мұралары - Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі (Күлтегін, Тоныкөк) тәлім-тәрбиелік ойлар, Қорқыт тағылымдары (VІ-ІХ ғ.ғ.)

Қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі

1.әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари педагогикалық ілімдері (ІХ-ХІ ғ.ғ.)

2. А.Иүгінеки, Қ.А.Иассауи, С.Бақырғани, Р.Хорезми, С.Сарай педагогикалық ілімдері (ХІІ-ХІV ғ.ғ.)

3. Ө.Тілеуқабылұлы, М.Х.Дулати, Қ.Қ.Жалайыр, т.б. педагогикалық ілімдері (ХV-ХVІІІ ғ.ғ.)

4. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев,

Ш.Құдайбердиев, т.б. педагогикалық ілімдері (ХІХ-ХХ ғ.ғ.)

5. Кеңестік дәуірдегі педагогика ғылымы С.Торайғыров, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, т.б.

С.Қожахметов, Т.Тәжібаев, С.Балаубаев, Р.Г.Лемберг, Қ.Бержанов, Ә.Сембаев, т.б.

6. Қазіргі кездегі қазақ педагогика ғылымындағы теориялар (1991 ж. кейінгі кезең)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]