Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Пед.окыту.ад.3кр. 14-15.doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
979 Кб
Скачать
☆

2.Дәрістің құрылымы

Дәрістер бір-бірінен құрылымы бойынша ажыратылады. Ол берілетін материалдың мазмұнына және сипатына тәуелді. Бірақ кез-келген дәріс түріне ортақ жалпы құрылымдық негіз бар. Бұл ең алдымен дәрістің жоспарын беру және сол жоспарды қатаң сақтау. Жоспарда дәрістің басты сұрақтарының атаулары беріледі. Олар кейін емтихан сұрақтарын жасақтауда пайдаланылады.

Алдыңғы өткен дәрістің мазмұнын еске түсірген пайдалы, оны жаңа материалмен байланыстырып, жалпы курс, пән құрылымында оның орнын және маңызын анықтау қажет. Тақырыпты ашуда индуктивті әдісті қолдану ұсынылады: ғылыми қорытындылар жасауға мүмкіндік беретін мысалдар, фактілер; сонымен бірге дедуктивті әдісті де қолдануға болады: жалпы қағидаларды түсіндіріп, оларды нақты мысалдар негізінде көрсету. Талданатын әрбір қағида бойынша қорытынды жасалу керек, оларды интонациямен және қайталаумен айқындаған жөн. Дәріс соңында жалпы қорытынды жасау керек. ЖОО-дағы дәстүрлі дәріс ақпараттық болып табылады. Оның бірнеше түрлері бар: кіріспе дәріс, шолу-қайталау дәрісі, шолу дәрісі.

Кіріспе дәріс. Ол студенттерді курстың мақсат-міндеттерімен, оның оқу пәндері жүйесіндегі орны және маңызымен таныстырады. Әрі қарай курсқа жалпы шолу жасалады (аталған ғылымының даму кезеңдері, белгілі ғалымдарының есімдері). Бұндай дәрісте ғылыми проблемалар қойылады, гипотезалар ұсынылады, ғылымның даму перспективалары және оның практикадағы маңызы белгіленеді. Кіріспе дәрісте теориялық материалды мамандардың болашақ жұмыс практикасымен байланыстырған жөн. Содан кейін курс бойынша жұмыс жасаудың жалпы әдістемесімен таныстырып, оқулықтар және оқу құралдарына сипаттама береді, міндетті әдебиеттер тізімімен, емтиханда қойылатын талаптармен таныстырады.

Шолу-қайталау дәрісі тараудың немесе курстың соңында оқылады. Онда сол тараудың не курстың ғылыми-ұғымдық негізін құрайтын барлық теориялық қағидалар қарастырылады. Бұл курстың квинтэссенциясы.

Шолу дәрісі. Бұл қысқаша конспект емес, білімді жоғарырақ деңгейде жүйелеуге бағытталған. Бұнда емтиханның күрделі сұрақтары да қарастырылады.

Дәрісті оыған кезде оқытушы студенттердің конспект жазатындығын естен шығармаған жөн.

Конспект мұқият тыңдауға, жазу барысында жақсы есте сақтауға көмектеседі, семинар сабақтарына, емтиханға даярлық барысында негізгі материалдың болуын қамтамасыз етеді. Дәріс оқушының міндеті – студенттерге ұғына отырып конспект жазуға мүмкіндік беру. Тыңдауға, ұғынуға, өңдеуге, қысқаша жазып алуға мүмкіндік беру. Бұл үшін оқытушы студенттерге көмектесуі қажет. Бұны аудиторияның реакциясынан көріп отыруға болады. Конспект жазуға қандай құралдар көмектеседі? Бұл дәріс материалын акцентпен айқындай отырып баяндау, яғни ең маңызды, мәнді ақпаратты дауыс жылдамдығымен, дауыспен, интонациямен, қайталаумен ерекшелеу, үзілістерді пайдалану, тақтаға жазу, иллюстрациялық материалды көрсету, сабақтың тәртібін қатаң сақтау.

Студенттерге конспект жазу әдістемесін, жазбаларды дұрыс графикалық орналастыруға және рәсімдеуге үйреткен пайдалы: азат жолдарды белгілеу, негізгі ойлардың, тірек сөздердің астын сызу, қорытындыларды қоршауға алу, түрлі түсті қалам мен маркерлерді пайдалану.

Дәріс оқушының өнері студенттердің дәріс барысында жұмысын дұрыс ұйымдастыруға көмек береді. Дәрістің мазмұны, құрылымының нақтылығы, зейінді шоғырландыру тәсілдерін қолдану – бұның бәрі ақыл-ойды және жұмыс жасау қабілетін белсендендіреді, педагогикалық байланыс орнатуға жол ашады, студенттердің эмоционалдық жауабын күтеді, еңбексүйгіштік дағдыларын тәрбиелейді, пәнге деген қызығушылықты қалыптастырады.

Дәріс сапасын бағалау.

Сапаны бағалаудағы негізгі критерийлер: мазмұны, әдістемесі, студенттердің жұмысына жетекшілік ету, дәріс оқушыға тән сапалар, дәрістің нәтижелілігі. Олардың әрқайсысына тоқталсақ.

Дәрістің мазмұны: ғылымилық, ғылымның қазіргі даму деңгейіне сәйкестігі, дүниетанымдық жағы, әдістемелік сұрақтардың болуы, оларды дұрыс түсіндіру. Ақыл-ойды проблемді сұрақтарды қою арқылы белсендендіру және оларды дәріс барысында шешу. Сұрақтың тарихына шолу, түрлі тұжырымдамаларды көрсету, оның практикамен байланысы. Дәріс және оқулық: оқулықта жоқ материал баяндалды ма? оқулықтың мазмұны қайта айтылды ма? ерекше күрделі сұрақтар түсіндіріле ме? өз бетімен жұмыстану үшін оқулық бойынша тапсырма беріле ме. Өткен және алдыңғы материалмен байланысы, пәнаралық, пәнішілік байланыс.

Дәрісті оқу әдістемесі: дәрістің қатаң құрылымы және баяндау қисыны. Жоспардың болуы-болмауы, оны сақтау. Дәріске байланысты әдебиеттер тізімін беру (қашан беріледі, әдебиеттің градациясы). Жаңа терминдер мен ұғымдардың қол жетерлік деңгейі және түсіндірілуі. Дәлелділік және дәйектілік. Басты ойларды көрсету және қорытындылар жасау.

Бекіту тәсілдерін қолдануы: қайталау, зейінді, меңгеру деңгейін тексеру сұрақтары; сұрақ соңында, дәріс соңында қорытындылар жасау. Көрнекі құралдарды, ОТҚ пайдалану. Дәріс оқушының тірек материалдарын қолдануы: мәтін, конспект, бөлек жазбалар, тірек материалынсыз оқу.

Студенттердің жұмысына жетекшілік жасау: конспект жазуды талап ету және оның орындалуын бақылауы. Студенттерге жазу әдістемесін үйретуі және көмек беруі: жылдамдық, жай жылдамдық, қайталау, үзіліс жасауы, графиктерді сызу.

Конспектілерді тексеруі: дәріс барысында, дәрістен соң, семинар және практикалық сабақтарда.

Зейінді шоғырландыру тәсілдерін қолдануы: риторикалық сұрақтар, әзіл, шешен сөйлеу тәсілдері.

Сұрақ қоюға рұқсат беруі (қашан және қандай формада).

Дәріс оқушыға тән сапалар: пәндік білімі, эмоционалдығы, дауыс ырғағы, дикциясы, шешен сөйлеу шеберлігі, сөйлеу мәдениеті, сыртық түрі, байланыс орнату іскерлігі.

Дәрістің нәтижелілігі: ақпараттық құндылығы, тәрбиелік жағы, дидактикалық мақсаттарға жетуі.