- •Мазмұны
- •Жарықтар
- •А) құрсақ қуысының қысымының артуы;
- •Жарықтардың жалпы белгілері және асқынбаған жарықтардың диагностикасы.
- •Жедел аппендицит
- •Жедел холецистит
- •Жедел панкреатит
- •Асқазан мен ұлтабардың жара ауруы
- •Асқазан және ұлтабардың тесілген (перфоративті) жарасы
- •Асқорыту жолдарының жоғарғы бөліктерінен қан кету. Жаралық асқазан-ішектік қан кетулер.
- •Хирургиядағы тромбоздар және эмболиялар. Шажырқай қантамырларының тромбозы мен эмболиясы.
- •Жедел перитонит
- •Мангеймнің перитонеалдық индексі
- •Өкпенің іріңдігі және гангренасы
- •Бронхоэктаз ауруы;
- •Бронхоэктазиялық ауру
- •Ең оңтайлысы а.А. Бейсебаев пен қаламдастары шағын өзгерістер енгізіп ұсынған (1982 ж.) жіктеу болып табылады:
- •Плевра эмпиемасы
- •I. Өкпедегі деструкция дәрежесіне байланысты:
- •IV. Дерттің ағымының ұзақтығына байланысты:
- •Варикоз ауруы. Көктамырлардың ақаулары
- •Варикоздық синдром себептерінің дифференциалдық-диагностикалық критерийлері
- •Тік ішектің және аноректалдық аймақтың хирургиялық аурулары
- •Зерттеу әдістері:
- •Cүт безінің аурулары. Мастит.
- •Азинвазивті хирургия
А) құрсақ қуысының қысымының артуы;
Б) құрсақ қабырғасының биомеханикалық қасиеттерінің бұзылуы.
Тұқым қуалаушы бейімділіктің жарықтардың пайда болуындағы ролі күмәнсіз және науқастардың 20-25%-ында байқалады. Бұл жерде құрсақ қабырғасының анатомиялық құрылысының тұқым қуалауы туралы ғана емес, сонымен қатар, жарықтардың түзілуіне, негізінде дәнекер тіннің іштен туа пайда болған әлсіздігі жататын, көптеген жарықтардың пайда болуымен көрініс беретін, мысалы, көкеттің өңеш тесігінің және шаптың жарығының қосарлануы және т.б. , шынайы конституционалдық бейіміділік туралы да сөз болады. Осындай науқастарда қаңқа бұлшықеттерінің жетілмеуі, майтабан, варикоз ауруы, атониялық ішқатулар және т.б. дерттер жиі байқалады.
Жарықтардың кейбір түрлерінің пайда болуына белгілі бір дәрежеде дене бітімінің ерекшеліктері әсер етеді. Мәселен, гиперстениялық (брахиморфты) типті адамдарда шап, эпигастралдық жарықтардың пайда болуына анатомиялық-физиологиялық алғышарттар жиі болса, астениялық (долихоморфты) типтегі адамдарда кіндік, сан жарықтары жиі кездеседі.
Дене бітімінің жыныстық айырмашылықтарындағы ерекшеліктермен ер адамдар мен әйелдердегі жарықтардың пайда болу түрлері байланысты.
Ер адамдарда шап жарығының жиілігінің басым болуы шап каналының дамуының және құрылысының ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Ер адамдарда шап өзегі (каналы) әйелдерге қарағанда кең және қысқа, бұлшықеттік және сіңірлік қабаттармен нашар бекітілген. Бірақ, көкет, кіндік, сан, жапқыштық тесіктің, бұтаралығының және спигель сызығының жарықтары және операциядан кейінгі жарықтар әйелдерде жиі кездеседі. Әйелдердің құрсақ қабырғаларын әлсіретуші маңызды этиологиялық фактор жүктілік болып табылады. Жүктілік кезінде құрсақ қабырғасы жұқарады, іштің ақ сызығы, кіндік сақинасы кеңейеді, бұлшықеттер шамадын тыс созылады. Мұндай жағдайлар әсіресе, көпұрықты жүктілікте, бірнеше мәрте жүктілікте және қағанақ суы көп болғанда байқалады.
Құрсақ қабырғасын әлсірететін және жарықтардың дамуына ықпал ететін факторларға, іш шемені және алиментарлық сипаттағы немесе ауыр дерттердің салдарынан болатын күрт арықтау жатады. Мұндай науқастарда құрсақ қабырғасы босаңқы болып келеді, олардың эластикалылығы төмендейді. Май қабаттарының жойылуы олар бұрын толтырып тұрған саңылаулар мен тесіктердің ұлғаюына әкеп соғады. Соның нәтижесінде құрсақ қабырғасының құрсақ қуысындағы қысымға төзімділігі (резистенттілігі) төмендейді, әрі қарай ішпердеде жарықтардың пайда болуына қажетті бірінші жағдай, яғни шұңқырлардың пайда болуына қолайлы жағдай туындайды.
Арықтауға қарама-қарсы жағдай семіздік те, құрсақ жарықтарының дамуына ықпал етуші факторлардың бірі. Себебі, бұлшықеттердің, сіңірлер мен бұлшықет қабаттарының құрсақ қабырғасының май тінімен толған құрылымдық түзілістерінің дегенерациялық өзгерістеріне, созылуына әкеп соғады. Құрсақ қабырғасының бұлшықеттерінің семуі (атрофиясы) оларды иннервациялайтын нерв бағаналары (жарақат, дерттер (полиомиелит)) зақымданған жағдайда дамиды, оларды «невропатиялық» жарықтар деп атайды. Омыртқа мен жұлын зақымданғанда пайда болатын невропатиялық жарықтар да белгілі.
Құрсақтың жарықтарының пайда болуының маңызды себептерінің бірі құрсақ қуысындағы қысымның жоғары әрі тұрақты көтерілуі болып табылады: ауыр дене еңбегі, әсіресе, еңбекке дағдысы жоқ адамдар үшін; бала немес нәресте кезінде жиі жылау; жөтел қоздыратын тыныс жолдарының жіті және созылмалы дерттері; ұзақ іш қату және іш өту; кіші дәретке отыруды қиындататын дерттер (қуық асты безінің аденомасы); жиі құсу; үрмелі аспаптарда ойнау және басқалары.
Құрылымы және патологиялық анатомиясы. Құрсақтың әрбір сыртқы жарығының құрылысында мынадай құрамды бөліктерін ажыратады: жарықтың қақпасы, жарық қапшығы, жарықтың қабықтары және жарықтың құрамы.
Жарықтың қақпасы - ол, әртүрлі әсер етулер нәтижесінде париеталдық ішперде мен құрсақ қуысындағы ағзалардың солар арқылы бұлтиып шығатын, бұлшықет-шандыр қабатындағы тесіктер. Жарық қақпасының пішіні овалды (сопақ), дөңгелек, саңылау тәрізді, үшбұрышты және бұрыс болуы мүмкін. Жарық қақпаларының көлемі де әртүрлі: бірнеше сантиметрден, операциядан кейінгі жарықтарда диаметрі 20-30 см-ге дейін жетеді. Жарықтың түзілуінің бастапқы сатыларында жарық қақпасының жиектері жұмсақ және эластикалы болады. Уақыт өте келе тыртықтану салдарынан біртіндеп қатая бастайды. Операциядан кейінгі жарықтардың қақпаларында фиброзды тығыз тартылыстар болады және олар жарық қақпасына ұяшық (ячеистость) құрылымды сипат беріп тұрады. Бұл жағдайға жарық қақпасы жоқ, бірақ денервация нәтижесінде құрсақ қабырғасының ауқымды бөлігі семіп, бұлшықеттер тонусын жоғалтатын, толыққанды шандырлық қабаттар жоқ, тек құрсақ қабырғасының осы бөлігі ғана бұлтиып тұратын невропатиялық жарықтар кірмейді.
Жарық қапшығы - жарық қақпасы арқылы шыққан ішперденің бір бөлігі. Оның сағасы, мойыншасы, денесі және түбі деп аталатын бөліктері бар.
Жарық қапшығының сағасы деп жарық қуысының ішперде куысымен жалғасатын жерін атайды.
Жарық қапшығының жарық қақпасында орналасқан проксималдық бөлігін мойыншасы деп атайды. Әдетте, жіңішке, созылыңқы, түтікше пішінді болып келеді; қабырғалары жарық қапшығының басқа бөліктерімен салыстырғанда жуандаған, қасаңдау.
Терінің астында орналасқан ең жалпақ бөлігі - денесі болып табылады. Жарық қапшығының ең дисталдық бөліктері оның түбі немесе ұшы деп аталады.
Жарқы қапшығы біркамералы немесе көпкамералы болады. Оның қабырғаларына ішкі ағзалар жабысуы мүмкін. Жарық қапшығының сыртқы іргелес тіндермен босаң байланысқан (тері астындағы шел қабаты, ұрық шылбырының қабықтары және басқалары), сондықтан, оның ішкі құрамын құрсақ қуысына қайта кіргізгенде жарық қапшығы орнында қалады.
Кейде жарық қақпалары арқылы жарық қапшығымен қоса ішпердемен ішінара жабылған немесе ішперде сыртында орналасқан ағзалар (өрлемелі тоқ ішек, қуық және т.б.) бұлтиып шығады. Мұндай жағдайда жарық қапшығының қабырғаларының бірін ішпердемен ішінара жабылған «сырғып кететін» ағза құрайды. Мұндай жарықтары сырғымалы жарықтар деп атайды.
Жарық қапшығы іштен туа пайда болған (іштен туа пайда болған немесе ішперде қалталарының эмбриологиялық қалдықтары) немесе жүре пайда болған болуы мүмкін.
Жарық қабықтары – бұлар жарық қапшығын сыртынан жауып тұрған және жарық қапшығы мен терінің арасында орналасқан тіндер. Оларға ішперде алдындағы шел қабаты, жұқарған фасциялардың жапырақшалары, бұлшықет талшықтары, ұрық шылбырының элементтері жатады.
Жарықтың ішкі құрамын жарық қақпалары арқылы жарық қапшығына тұрақты немесе әлсін-әлсін көшіп отыратын құрсақ қуысының ағзалары құрайды. Жарықтың ішкі құрамы құрсақ қуысының кез келген ағзасы болуы мүмкін, дегенмен, жарық қақпаларына жақын орналасқан және жылжымалы ағзалар жарық қапшығына жиі түседі. Оларды жарықтың ішкі құрамында кездесу жиілігіне қарай мынадай ретпен орналастыруға болады: аш ішек тұзақтары; үлкен шарбы; тоқ ішектің шажырқайы бар бөліктері; құрт тәрізді өсінді және тоқ ішектің майлық алқалары; жатыр түтіктері және аналық бездер, кейде жатыр, тіпті жүкті жатыр да; іш перденің артында орналасқан немесе ішпердемен ішінара жабылған ағзалар (сырғымалы жарықтар түріндегі). Жарықтардың ішкі құрамы Меккель бүйірқалтасы (дивертикулы) да болуы мүмкін (Литтре жарығы). Көкет жарығының іішкі құрамы асқазан, бүйрек, талақ, бауыр болуы мүмкін. Ішкі құрамына құрсақ қуысының барлық ағзалары кіретін жарықтар туралы жазбалар бар.
