- •Дәрістер кешені
- •Профессор қ.Жұбановтың ата-тегі, шежіресі туралы хронологиялық кесте;
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Жаратылыс → адам → даму → ой→ тіл → дыбыс // дауыс→ әуен → сөз → еліктеу → қимыл // би → саналы әрекет → күй
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуінің «Абай және халық әдебиеті» аталатын 3 тарауында айтылған тұжырымды пікірлердің құндылығын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.А.Яссауйдің ақындығы туралы зерттеулерге шолу жасай отырып, қ.Жұбановтың яссауйтанудағы өзіндік бағалы орнын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың проза жанрында жазылған шығармаларының басты тақырыбы мен идеясын, көркемдік құндылығын, жанрлық ерекшеліктерін студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың баспа бетінде жарияланған және ұзақ жылдар мұрағатта сақталып, ғылыми айналымға енді түскен мақалаларымен таныстыру.
- •Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қоғам және заман көрінісі
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиеттер:
К.Кенжебаев. Ә.Оралбай. Құдайберген Жұбанов. Деректі ғұмырнама. А., «Ана тілі». ЖШС., 2000. – 280 б.
М.Қаратаев. Патриот профессор. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.
Ә.Дербісалин. Ұстаз-ғалым. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.
С.Негимов. Құдайберген Жұбанов және қазақ фольклоры. // Жұбанов тағылымы. Қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері бойынша өткен республикалық «Жұбанов тағылымы» конферецияларының материалдары. Ақтөбе, 1998. – 210 бет.
Қосымша әдебиеттер:
Р.Сыздықова. Ғалым-азамат. Алматы: Арыс: 2004 ж. 76 б.
Ә.Молдаханов. Жұбанов тағылымы. // Жылдар. Ойлар. Ізденістер. (Әдеби зерттеулер, мақалалар, ғылыми ізденістер). Алматы: Дәуір, 2006. - 160 бет.
Қ.Ш.Бисенов. Ағайынды Жұбановтар күй туралы. // «Экономика» газеті. 23.12.1999 ж. №33.
№11 лекция
Тақырыбы: Яссауйтанушы ғалым
Мақсаты: қ.А.Яссауйдің ақындығы туралы зерттеулерге шолу жасай отырып, қ.Жұбановтың яссауйтанудағы өзіндік бағалы орнын студенттерге ұғындыру.
Кілт сөздері: яссауйтанушы, ой-толғау, суфизм, т.б.
Негізгі мәселелері мен мазмұны:
«Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» еңбегінің жазылу және жарық көру тарихы.
Зерттеушінің Қ.А.Яссауйдің тарихи тұлғасы туралы деректері.
Яссауйдің ақындық талантын ашып көрсетуі.
Айтулы ақынның 95-толғауын талдау арқылы тарих ізін таңбалауы.
Лекция тезисі. Түркітану әлемінен білім қорытқан Қ.Жұбанов өз кезінде кеңес қоғамы үшін зиянды саналатын Қожа Ахмет Яссауи мұрасынан мағлұматы терең болғаны байқалады. Оны ғалымның «Мұра хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» атты зерттеу еңбегінен анық көреміз. Жалпы, Қ. Жұбановтың сол кездің өзінде ақтаңдақтар күйін кешкен, атын атауға тыйым салған түркілік поэияның білгірі Қожа Ахмет Яссауи турасында көптен дара тұрып, алғашқылардың бірі болып пікір айтуы – сол заманда дүр сілкіндірген ірі құбылыс болды. Біздің негізгі мақсатымыз, түркі тектес халықтардың жазба әдебиет мұрасын тілдік, әрі, әдеби тұрғыда зерттеген Құдайберген Жұбанов еңбегінің маңыздылығына және ғұлама ғалымның зерттеу нысанасында қолданған негізгі әдіс-тәсілдеріне тоқтала отырып, Қожа Ахметті Яссауиді таныту жолындағы жүргізген іргелі ізденістеріне баға беру.
20-ғасырдың 30-жылдары қазақтың ұлттық руханиятындағы Қожа Ахметтің орны туралы алғашқылардың бірі болып ауызға алып, ғылыми ортаның назарын аударуға күш салған Қ.Жұбанов еді. Күні бүгінге дейін қазақ әдебиетінде Қожа Ахмет Яссауи туралы әлемдік зерттеулерге назар салып, үлкен білгірлік танытып, өздерінің тараптарынан да ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы аса құнды ой-тұжырымдар айтқан қазақ зерттеушілері баршылық. Сол топтың алғашқы басында әрине, қалың жұртшылыққа сонау кеңес заманы тұсында тыйым салынған Қожа Ахмет Яссауидің мұрасын жан-жақты жете зерттеген Құдайберген Жұбанов тұр. Діни идеологияға барынша жан-жақты «шабуыл үдеп тұрған» қиын-қыстау кезенде Яссауидің екі әлемінің сырын сипаттайтын «Диуани хикмет» еңбегі туралы талдау жасау көптің колынан келе бермес ерлік іс деуге болар.
Діннің руханиятын жоққа шығарған сонау төңкерістер романтикасы тұсында «Алланың таңғажайып құпиялары хақында тебіреніп айтылған жақсы сөздерім кейінгіге тәбәрік» деп күңіренген Яссауи жайында, оның «Диуани хикмет» атты өсиетнамасы туралы сөз қозғаушыны қызыл саясаткерлер «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп қабылдағаны айдан анық. Сондықтан да болар, бұл зерттеу жөнінде жұртшылықтың сыбыр-күйсіз еркін пікір алысатын заманы кейінгі дәуірде ғана туды.
Хожа ахмет Яссауидің қоғам тарихындағы орны мен қызметі туралы бүгінгі ұрпағы түгелге жуық біліп болды десек те, айтылар ләзім мүлдем жоқ болып кетпес. Қазіргі қоғам мен әдебиет аясы танып-білген ортағасырлық ұлы ақын Яссауи – діндар уағыздаушы, әрі, сопылық поэзияның негізін қалаған ірі өкілдердің бірі болды. «Диуани хикметтің» құндылығы халықтық поэзияға жан бітіргенінде болып табылады. Өз өлеңдерінде ислам дінінің негізгі заңдылықтары мен қағиаларын уағыздаған ақын, жалпы жұртшылықты жарық дүниеден баз кешкеннен кейінгі о дүниелік өмірдің ләззәттін сезінудің құдіреттілігін түсіне білуге шақырды. Сонымен бірге, ізгілікті уағыз еткен ақын, адам баласын әділеттілікке, мейірімділікке, адалдыққа шақырды.
Ахмет Яссауидің ақын ретіндегі аса құрметті орны оның парсы тілі төрелік етіп тұрған шақта түркі тілінде өлең жазып, әдеби айналымды жандандыруы еді. Өкінішке орай, «Диуани хикметте» баяндалған болымсыз мәліметтерден ақынның жес кезінен жетімдік тауқыметін тартқанын, дәстүрлі сопылықтың соқпағымен жол жүріп өткенін, сапар шегу мен тақуалық өмір ойшыл ғұламаның рухы мен жанын беріктікке баулығанын, ірі медреселерде білім алып, қажылыққа сапар шеккенін, одан кейін ғана туған топырағына оралғанын біле аламыз. Жас бала шағында Яссауи Арыстан бабпен кездесіп, батасын алып, өз жолын да айқындады. Ахмет Яссауидің тарихи тұлғасының қалыптасуына сөзсіз әсер еткен, сөйтіп, өзінің зор үлесін тигізген Арыстан Баб болатын. Оны Ахмет Яссауи пір тұтып, ұлы стаз деп бағалады. Арыстан Баб есімі Отырар, Сайрам, Йасы өңіріндегі сопылардың рухани ақылшысы ретінде кең тараған. Ел санасында «Арыстан Бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қасиетті сөз сақталған.
Қожа Ахмет Яссауй «иасауиа» атты сопылық қоғамның негізін қалады. Бұл қоғам шамалы уақыттың ішінде Орталық Азиядағы ықпалы күшті, әрі беделді орталықтардың біріне айналады. Яссауидің кейінгі өмірінің әр сәті Түркістанмен тығыз байланысты болды. Пайғамбар жасына жеткеннен кейін діндар ақын «ендігі өмірім – қылуетте өтпек» деп шешеді. Оның себептері алғашқы хикметтерінде анық айтылған. Қожа Ахмет Яссауидің түйсінуінше, әрбір адам «құдаймен біртұтас болып бірігуге» ұмтылғандары жөн. Бұл – түпкі мақсат. Қожа Ахмет Яссауи Алланы тану жолындағы басты қағидалардың бірі – моралдық-этикалық тәрбиені қалыптастырған сопылық тағылымды адам баласының бойына сіңіру деп есептеді. Бұл тағылым адамның сенімі арқылы бойға ұялайтын адамгершілік, даналық, парасаттылық, әділдік, кеңпейілділік қасиеттерді қамтиды.
Әлем және қазақ әдебиетінде де Қожа Ахмет Яссауи туралы зерттеулер аз емес. Бұл тұрғыда анықтап айтып, атап өтер болсақ, түрік ғалымы М.Ф.Көпрүлүзаде, орыстың танымал зерттеушілері А.Н.Самойлович, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Г.Ф.Благова, өзбек ғалымдарынан Э.Р.Рустамов, Н.М.Маллаев, В.И.Зохидов, т.б. Ахмет Яссауйдің ақынтын талантын жоғары бағалаған зерттеулерін берді. ХІХ ғасырдың аяғында шығыстанушы ғалымдар В.В.Радлов (1837-1918), А.Диваев (1855-1933), С.Е.Малов (1880-1957), А.А.Семенов (1873-1958), Н.Г.Малицкий (1873-1947), М.Бекчурин, Г.Н.Ахмеров, М.Е.Массон және швед ғалымы Генрих Мозерлер (1844- ?) яссауйтанудың алғашқы баспаларын салды. Кезінде талантты ақынға тағзым еткен түркітанушы ғалымдар А.К.Боровков (1904-1962), А.Наджип (1899-1993), А.Денич, т.б. Ахмет Яссауй шығармалары талай ғасырдың сүзгісінен өтті, талай мәрте қолжазбаны көшірушілердің қолынан өтіп, өзгерістерге де ұшырады деген ойларын айтты. А.Наджип «... қазір ақын хикметтерінің қайсысы өзінікі, қайсысы шәкірттерінің тарапынан өзгеріске ұшырады, осы жағы анықталу қажеттігін ескертті». Хожа Ахмет Яссауйдің даналыққа тол хикметтері мен оның ғажайып та, жұмбақ өмірі кімдерді қызықтырмаған? Ақын, жазушылар, зерттеуші-ғалымдар: филологтар мен философтар, тарихшылар, археологтар, сәулетшілер, т.б. Тізімдей берсек, жетіп-артылады. Қазақтың көрнекті ақыны Ж.Аймауытов «Әзірет Сұлтан» мақаласын арнады. «Түркістан» атты мақаласында М.Шоқай да, көне тарихтың қатпарларын ақтармақ болды Шығыстанушы ғалым Е.Бертельс алғашқылардың бірі болып, Хожа Ахмет Яссауйдің сопылық ағымның негізін қалаушылардың бірі екендігін дәлелдеді. Парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбехан Исфахани жжәне орыс зерттеушісі Л.Ю.Маньковская да Хожа Ахмет Яссауи мұрасына, оның кесенесіне бей-жайлық танытпаған. Яссуйді өзбек халқы «өз ақынымыз» деп өзбек әдебиетінің антологиясына да енгізіп жатты. Ахмет Яссауй шығармашылығын зерттеуге өзбек ғалымдары Э.Рустемов, Н.Маллаев, В.И.Зохидов, М.Хаккуловар да белсене араласты. Қазақ зерттеушілері Ғ.Айдаров, М.Томанов, Р.Бердібай, Х.Сүйіншалиев, Ә.Дербісалиев, Ә.Құрышжанов, М.Жармұхамедұлы, Ж.Жұмат, т.б. Яссауй творчествосын өз зерттеулерінің нысанасына алды. Қожа Ахмет Яссауидің шығармашылығы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізген қазақ ғалымдарының қатарында Р.Сыздықова, М.Мырзахметов, М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, А.Ахметбекова, З.Жандарбек, Қ.Т.Еділбайұлы, т.б. бар. Көркем аудармасын халқының назарына ұсынған белгілі ақын – Есенбай Дүйсенбай еді. Одан кейінгі кезеңде Тұрсынәлі Айнабековтың бағалы аудармасы да яссауйтануға қымбат қазыналы үлес болып қосылды.
Аталған зерттеушілердің қатарында Қ.Жұбановтың «Мұра-хаттар Түрки әдебиеттер тілінің танымы» зерттеуі – өзіндік тың тұжырымдарымен құнды, ақынның «Диуани хикмәт» жинағының ерекшелігін тіл мен әдебиет, тарих деректерімен қатар салыстыра отырып тексеруімен басқа зерттеушілерден өзгешелігі бар деп білеміз. Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың Қожа Ахмет Яссауи туралы іргелі зерттеуі жұртшылық назарына кейінгі он жылдықта ғана ұсынылған-ды. Бұл «Мұра-хаттар» деп аталатын еңбекті ғылыми тұрғыдан нақтылап, «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» деп атауды ұсынған филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Жұбанов еді. Е.Қ.Жұбанов «Мұра-хаттар» еңбегінің жазылу жағдайына түсініктеме беріп, былай дейді: «Медресе Хұсайнияны» тамамдаған жас түрколог Құдайберген Ақтөбеге келіп, Қошқар ата мешітінің түлегі, ишандық дәрежеге ие бола тұрып, мектеп мұғалімі қызметіне ауысқан Жанғазы Жолаевпен әріптес, әрі пәтерлес болуы нәтижесінде көне, орта түркі шағатай әдебиеті мұраларын қайта қарап, өз білімін пысықтап, бірсыпыра ескерткіштерді арнайы зерттеу ісін қолға алуға мүмкіндік туған тәрізді. Соған орай, бірінші кезекте «Диуани хикметтің» Қазан қаласынан басылған 1893 жылғы бір нұсқасы бойынша мәтінтану (текстология) сипатында тексеру ісін жүргізген тәрізді» – дейді. Сонда осы тақырыптың қолға алынуы Ж.Жолаев түсіндіргеніндей, Қ.Жұбановтың Ақтөбе губерниялық оқу бөліміне методика жөніндегі нұсқаушы болып қызмет атқарған тұсына сәйкес келсе, бұл – 1925-1926 жылдар аралығы болуы тиіс.
Қожа Ахмет Яссауй толғауларының сырына үңілу мақсатында басталған еңбек кейіннен Қ.Жұбановтың түркі тілдердің тарихы мен әдебиетін салыстыра зерттеу жолындағы түбегейлі мақсатына ұласқандығы аңғарылады. «Қ.Жұбанов. Қазақ тіл білімі жөніндегі зерттеулері» (Алматы, «Ғылым», 1999 жыл) кітабында «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» еңбегі «Бірінші жариялануы» деп көрсетілген. Аталған еңбектің жазылуы мен сақталу тарихына үңіліп, көптеген жұмбақ жайттардың сырын ашуға тырысайық. Біздің ойымызша, бұл ғылыми зерттеудің Қ.Жұбановқа тиеселі екендігіне дау жоқ, өйткені мақаланың жазылу стилі, сөз қолданыстары ғұлама ғалымның өзіндік қолтаңбасын анық танытып тұр. Дегенмен де, «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымына» Жанғазы Жолаевтың қосар үлес-салмағы қандай? Біздерді алдыменен, осы мәселелер толғандарды. Есет Жұбановтың айтуынша: «Жанғазы Жолаев 1887 жылы дүниеге келген екен. Бірақ жас айырмашылығы «сынық жүзді» ғұлама адамдардың қарым-қатынасына бөгет болмаған. Біз тұңғыш рет баспаға ұсынып отырған мына еңбек те осы екі адамға тел ортақ туынды деуге келеді. Бұның: «ана жері − ананікі, мына жері − мынанікі!» деп айырып көрсету де қиын. Сондықтан біз бұны: «Жұбанов − Жолаев мұрасы» деп атасақ та, жаңсақ айтқан болмаймыз деген ойға келдік» − дейді.
Зерттеуші Мұхамедрахым Жармұхамедұлы «Қожа Ахмет Иасауи және Түркістан» кітабында мынадай мәліметтерді келтіреді: «Осы мақаласында Р.Сыздықова бір кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде Н.Сауранбаев атымен жарияланған «№23, 1970 жылдың 5 июны) «Диуани хикмет» туралы бір-екі ауыз сөз» деген мақаланың Н.Сауранбаевтікі емес, мұғалім Жолаевтікі екеніне де назар аудартады. Алайда ғалым сол мақаладағы ой-тұжырымдардың дұрыстығына шәк келтірмеген, сондықтан да біз осы еңбекте сол айтылған пікірлерді негізге алдық», – дей отырып, «Мұра-хаттар» еңбегінің ғылыми маңыздылығына баса назар аударады.
Бір кездері «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» еңбегінің кімге тиеселі екендігі жөнінде көпшілікті бір даурықтырып басылған зерттеудің Ж.Жолавқа да қатысты екендігіне сөз жоқ. Ал қатыстылығының қандайлық екендігі туралы мәселенің беті мына деректен соң ашыла түскедей болады. «Академик Ахмет Жұбанов естеліктерінде сөз болатын: «Қ.Жұбанов Ленинградта жүріп, Стамбул университетінің профессоры Көпілі-Задеден М.Қашқари сөздігінің Стамбул басылымын сұратып хат жазысқандығы» жайындағы деректің де бір ұшы Ж.Жолаевқа келіп тірелетіні байқалады; біз Жәкеңнің қолжазбалары ішінде аталған сөздіктің толық қазақша аудармасы барын, оның әрбір беті сол Стамбул басылымының беттеріне сәйкес парақталғанын білетінбіз. Мен 1947-1951 жылдары ҚазПИ-дің студенті болып жүрген шағымда Жәкең маған «Диуани хикметтегі» шағатайша өлеңдердің өзі аударған қазақша тәржімасын әр жерінен оқып беріп отыратын. Бірақ ол кездері менің әкем жайлы аса көп сөз қозғалмайтын, «аузына сақ» адам болатын. Енді ойласам, Ж.Жолаев ақсақал сол Яссауи мұрасын қазақшалау барысында Қ.Жұбановқа өз қолқабысын тигізген сыңайлы» − деп жазады Е.Қ.Жұбанов. Айтылған деректерге қарап, ой қорытсақ, белгілі болатын бір нәрсе бар. Қ.Жұбановтың өзіне ғана тән ғылыми тұрғыдағы сөз жазғыштық мәнері, әрбір талас тудыратын мәселені сан қырынан салыстыра отырып шешетін ой тұжырымдары, жалпы өзіндік стилі «Мұра-хаттар» зерттеуінің негізгі авторы Қ.Жұбанов екендігін айғақтайды. Ал қадірменді білімдар азамат Ж.Жолаевтың Яссауи өлеңдерін аударуда жәрдем еткені анық.
Қ.Жұбанов «Қазақтың данышпан Абайы: − Ақылды қара қылды қырыққа бермек, – дейді. Бұл Абайдың: Бір құбылысты тексергенде, ең соңғы шегіне шейін, егжей-тегжейіне дейін қалдырмай тексер және оны өз жағдайымен байланыстыра тексер дегені емес пе?» – деп жазады. Расында да, Абайдай дана ақыннан үзінділеп келтірген ақылдының... баға беру жайындағы» ойы ғалым−профессордың зерттеушілік мақсатының бағыт-бағдарын айқындайды. «Егжей-тегжейіңе дейін жағдайымен байланыстыра тексеру» Қ.Жұбановтың зерттеушілік еңбегінің қай-қайсысына да тән нәрсе екендігі айдан анық. Профессордың зерттеу еңбектеріне әркез үңілген сайын, көз алдымда, осы бір білімді шоқтығы биік тұрған алып тұлға, туған ана-табиғаттың өзі жаратқан әр қыры бір-біріне ұқсас тартпай ерекшелене көз қарытар жойқын-жарық сәуле төгетін асыл, мәрмардай елестейді. Белгілі ғалым, сыншы М.Қаратаев «Қ.Жұбанов көп тіл білетін полиглот, көп оқып, көп тоқыған ғұлама, көп қырлы талант иесі – универсал болатын. Нендей тақырыпқа қол ұрса да терең, тың пікір қозғайды. Айталық, тіл маманы музыка жайында кітап жазады деп кім ойлаған. Ал енді Қ.Жұбановтың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі айрықша үлкен», – деп жазды.
Қ.Жұбанов алдыменен, Қожа Ахметтің аты-жөнін оның тегімен байланыстыра отырып жан-жақты ашып түсіндіреді. Зерттеушінің бұл тұста көздеген мақсаты – «қожа, молда» атауынан шошындыруды көздеген өкіметтің «көзқарасына қырын келіп қалудан қашушылық» болса керек. Ғалым сөз басында Қожа Ахмет Яссауидің есіміне байланысты сөздерді саралай келе, оқырманға: «Қожа – тегі, Яссауи – меншікті мекені, өз аты Ахмет» – деп түсіндіреді. Зерттеуші Қожа Ахмет Яссауидің кім екендігін, оның өмірлік ұстанған танымын көрсету үшін, ақынның хикметтерінен мысалдар ұсынады. «Басқалар сияқты, Ахмет, сен де тәңіріге ғашық бол, ғашықтығыңның растығын іспен көрсет, сонда ғана тәңірінің алдына баруға лайық боласың. Ғашық болғандардың бәрі де тәңірісіне солай сүйкімді болған», - деген мазмұн береді» – дейді. Жалпы, қандай тұрғыдан алып қарағанда да, аллаға ғашықтық туралы ұғымның мәнділігі шексіз. Ең алдыменен, аллаға ғашық болып қана қоймай, сол ғашықтықты сөзбен емес, іспен дәлелдеудің өзі қашашда имандылықпен байланысты болмақ. Алла – адам баласының алдындағы ісін тексеруші беймәләм күш секілді. Бұл беймәлімдік – бір жағынан, адам бойына қорқыныш ұялатса, бір жағынан әрбір қадамды дұрыс басуға итермелеп, күнәлі іс-әрекеттерден аулақ болуға шақыратын секілді. Біздің ойымызша, аллаға деген шексіз сенім – тек қана адамшылық қасиеттердің оянуына әкелмек. Ислам діні – тұнып тұрған адамшылық діні.
Қ.Жұбанов өз зерттеуінде Яссауи хикметтерінен алынған төмендегі үзінділерді: «Ай, Ахмет құл, сен қарап отырма, қам көңілді кісінің көңілін аула, мүддесін ойла, көңіл-көзі ашық адамдар қам көңілді адамдарды шаттандырар болар... Ай, Қожа нәсілді құл Ахмет, өміріңнің қаншасы қалғаны белгісіз – құдайыңа құлшылық қыл, өзіңді-өзің таны! Біле білсең сенің негізің су мен топырақ. Сен өлесің қайтадан топырақ боласың» – талдап-түсіндіруі тегін емес. Өйткені, адам баласының жүрегін жандырып, терең ой түзілген бұл хикметтерде – қайырымдылық, ізгілік, мейірімділік мәселесі қозғалған. Сонымен қатар, бұл хикметтрден бағзы замандардан бері көпті толғандырған: «Адам мен жаратылыс сыры қалай шешілмек?», «О дүниелік өмірден алла сөзіне құлдық ұрған пенделері қалайша қорықпайды?» – деген сауалдардың түп-төркінін танимыз. Ақын өзіңді-өзің тануға ұмтыл дей отырып, жан тазалығына, иманды болуға, Алла Тағалаға құлшылық етіп, қайырымдылық пен мейірімділік, сабыр мен шыдамдылыққа ақырады. Құдайберген Жұбанов та Ахмет Яссауидің ақындық, әрі адамдық табиғатын таныту үшін, осы жыр жолдарын талдау нысанасына алған.
Ортағасырлық ақынның «Ясса» деген өлкеден шыққандығын білдіретін негізгі бір дерек – Қожа Ахмет Яссауи атауында деген тың пікірді өз кезінде ұстанған Қ.Жұбановтың бұл байламын қазіргі ғылым да жоққа шығармайды. «... «Яссауй» сөзінің түбірі «ясса» немесе «ясси» болып, соңына «и» жұрнағы қоылғанда «яссауй» болып айтылады да, тіркестегі мағынасы Яссауйлік Хожа Ахмет дегенді білдіреді. Жазба әдебиетіміздің авторлары мұндай сөздерді көптен бері қолданып келе жатқан сияқты. «Қызылжари», «дулати», «арғыни» дегендер сондай парсы изафетімен жазылған сөздер» – делінген Қ.Жұбановта. Зерттеушінің пайымдауына, «Ясса» – «...судың, немесе қышлақтың аты». Және бұл мекен – ақынның туып өскен қасиетті топырағы. Бұл топырақ – қасиетті Түркістан жеріндегі туған үйінің түтінімен ысталған. Ахмет Яссауйдің кім екендігі мен туған жерін анықтағаннан кейінгі Құдайберген Жұбановтың іздену нысанасы – ақынның ата-тегін анықтауға келіп тіреледі. Автор ақын аты-жөніне тіркелген «Хожа» сөзіне түсінік береді.
«Ахметтің сүйегі – хожа. «Хожа – парсы сөзі, араб тілі бойынша сейіт, қазақ тілі бойынша төре-сүйек деген мағынаға келеді. Қазақ тілінде ертерек кезде танымаған біреу туралы «оның сүйегі кім екен?» деген сұрақ қойылатын. Сонда бұл сұраққа: «сүйегі қырғыз екен», «төре екен», немесе «қарақалпақ екен», «өзбек екен», «түркпен екен», «төре екен», «хожа екен», – деген сөздермен жауап қайтарылатын. Міне, осы «Хожа Ахмет Яссауй» деген атаудағы «хожа» деген сөз сол нәсілдік текті (сүйекті) білдіру үшін қолданылатын айқындауыш». Ақын Ахмет Яссауйдің төре текті тұқымнан тараған сүйегі асыл тұлға екендігін осылайша анықтаған профессор Құдайберген Жұбановтың тұжырымды ой-пііріне қарсы пікір айтып, шүбә келтіру мүмкін емес. Қазақ тілінің ой-шұңқырын, түп-тамырын түгел тексерген зерттеуші-ғалым «хожа» сөзінің парсы, араб тілдеріндегі мағынасын біліп, біздің тіліміздегі халық арасында ертеден айтылған мәнін қоса беріп, «сол нәсілдік текті білдіретін айқындауыш» сөз екендігін жіліктей шағып талдап береді. Алайда, ортағасырлық таным бойынша, «хожа» сүйекті ел жуандары бұл лауазымды зор мақтаныш көріп, бұл шеннің белгелі артықшылықтарын пайдаға жаратып отыратындықтарына ақынның өз басы мүлдем қарсы. Қ.Жұбановтың атап көрсетуінше, ақын хикметтерінде «тектілікті тұқымнан, ата-бабаңнан таратып, бос көкірек көтерме, тектілікті «ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, қарапайымдылығыңмен таныта біл» деген қағида бар. «Ол кездерде «хожа» деген атақ қауымдар арасында беделді, мақтанышты ауазым болып келген сияқты. Хожа сүйекті адамдардың, әлеуметтік топтардың басқа бұқара халыққа қарағанда артықшылығы, бірқатар жасанды праволары да болғанға ұқсайды. Мұны Ахметтің мына сөзінен де байқауға болады. ... Ахмет, сен: – Мен қожамын – ақсүйекпін! – деп лепірме, мақтанба, бұл дүние – тиянақсыз нәрсе, бүгінгі қожа ертең – құл, істің соңы белгісіз. Сен: «мен біліктімін», - деп мақтанба, мүмкін, сенің білдім жүргенің шын білік емес, ұсақ-түйек шірік нәрселердің жинағы шығар», – деген мазмұн береді. Бұл сөзден біз –хожа» деген атақтың ол кездегі қауымдар арасындағы мақтаныш атақ болғанын аңғарамыз».
Зерттеуші өз еңбегінде Ясауйге қатысты айтылған деректердің ешқайсысын да сырт қалдырмауға тырысады. Әсіресе, Яссауидің ата-тегі, туған мекені, ақылды-парасатты қалпы ақынның аты белгісіз шәкіртінің айтуымен баяндалған қалыпта көп кездеседі. Мәселен, белгісіз шәірттің ақынға арнағын жоқтауын келтіре отырып: «Ол кісінің асыл тегін – сүйегін көпшілік қара халық біле бермейді. Ол кісінің сүйегі жай қара халық емес, сейіт болады. Солай екендігі тәңірінің өзіне аян. Ол кісі – Ысхақ бабаның үрім-бұтағы, Ибрахим Шайхтың ұлы: ол – машаихтардың ең ұлығы болған менің Шайхым – Ахмет Яссауй» – деген мағынаны» беретін жыр жолдарын қазақшалап түсіндіреді.
Ғылыми аса сауатты тұлға, білімдар профессор Құдайберген Жұбанов мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранды да жақсы білгендігін зерттеуден анық аңғарамыз. Өйткені, Яссауйдің ата-тегін ажыратып түсіндіруде, құраннан көрнекті орын алғандардың арасында Ысхақ баба бар екендігін атап өтеді. Алайда, Қ.Жұбанов бұл тұрғыда шешуі әлі де болса нақтыланбаған мәселені «мүмкін» деген дүдәмәл сөзбен білдіреді. Бұл арада, профессор келтірген сауал: «... осындағы: «Ысхақ баба» деп отырғаны сам нәсілінен, Мұхамбет пайғамбардың өте арғыдағы ата-бабаларынан таралған, ескі діни тарихтарда барлық пайғамбарлардың атасы болып жүрген «Ысхақ» болар. Сөзінің бір ұшын құдайға тіреп, екінші ұшын ақсүйек, төре тұқымға тіреп айтуына қарағанда, автордың нақ солай деп айтып отырған болуына толық мүмкіндік бар. Ол кезде «Ысхақ баба» деп айтылған сөзге ислам дінін тұтынатын жұрттың көпшілігі-ақ қиналмай, оңай түсінетін болса керек». Қ.Жұбанов Қожа Ахмет Яссауйдің ақындық табиғатын жан-жақты ашып көрсету үшін, ең алдыменен, адами тұлғасын танып білуді мақсат еткен. Сондықтан да, зерттеуші ақын толғауларындағы «Яссауйдің құдайға құлшылық еткен күндерінде», Мұхаммет пайғамбардың өзіне «менің үммәтімсің» дегенін айтады. Ғалым: «... Хожа Ахмет өзін пайғамбардың әулетіненмін деп ұғынатынын байқаймыз» - деп пайымдайды. «Олай болғанда, Хожа Ахмет түрік нәсілді халықтан емес, араб нәсілді халықтан болған болады, тіпті, жай арабтардан емес, оның ішінде Мұхамбет тұқымы Сейіттерден болған болады» (Бұл да сонда) - деген түйінді пікір жасайды. Профессор әдебиет тарихының негізгі құрамдас бөлшегі болып табылатын ғұмырнамалық деректердің сипатын да жан-жақты ашып көрсетіп, Яссауидің өміріне қатысты мәліметтерді терең пайымдаулар арқылы айтып береді. Жоғарыда келтіргеніміздей, Ахмет Яссауй «өзін – Мұхамбет пайғамбардың тұқымы Сейіттерден тарайтынын» баян етеді дедік. Зерттеушінің айтуынша, Яссауй – араб нәсілді хожа тұқымынан. Осы арада әр халықта «өздерін – хожа санайтын» топтар туралы көптеген деректердің бетін ашқан Қ.Жұбанов, тарихи-әдеби мәліметтердің сырын алға тартады. Яғни, хожалар – арабтардың ішіндегі дін таратушы қызметін атқарып, үстемдік еткен «әлеуметтік топтар арасындағы биігірек дәрежесі бар» жеке топ.
Хожа – ұлттың да, рудың да аты емес, «өздерін – пайғамбар әулетінен тараймыз» деген санамен өмір сүрген белгілі бір қауымның өкілдері. Хожалар – қай халықта да бар. Әуел баста, Мұхамбеттен тарағанбыз деп білген араб жауынгерлері соғысқа түскенде, міндетіміз – жер бетіне пайғамбар арқылы келіп кірген «ақ дінді» тарату деп түсінген. Көнбеген елді күшпен көндірген араб жауынгерлері сан ғасыр ұрыс даласында күн өткерген. Көп өлкеге үстемдікпен ислам дінін таратқан. Қ.Жұбанов осындай тың түсініктер беруімен, оқырманына дін тарихынан білім көзін ашты. «Қай елде болсын, қай «станда» болсын ислам діні күш ала бастағаннан кейін-ақ ирандық, түркістандық хожалардың бәрі де ислам дінінің үгітшісі болып қызмет атқаруы шындық. Сондықтан алғашқы кезде хожа атанған адамдардың бәрінің де әлеуметтік-қоғамдық қатынасы ислам дінін таратушылық болып еді деп айта аламыз.Осы күнге дейін «қожа-молда» делініп, «хожа» деген сөздің «молда» деген сөзбен қосарланып айтылып жүруінің де жанды бір себебі осы еді. Жергілікті халықтардан әлі молда шығып үлгерместен бұрын, мұсылман болған халықтардың арасында алғаш дін үйретушілер осы хожалар болды», -деген түйін жасайды. Зерттеушінің осы хожалар тарихына қатысты айтқан тағы бір дерегі, Сейіт-хожа тұқымының «өздерін үстем сезіну» сипаттарына қатысты. «Араб Сейіттерінің ежелден өзара қолданып келген жасанды праволары болатын: олар жай арабтармен жегжат болмайтын, яғни хожа арабтар жай арабтарға қыз бермейтін және олардан қыз да алмайтын», – дей келіп, Қ.Жұбанов, тегін таратқан хожалардың, өздерін Мұхамбет пайғамбардың қызы Бибі Фатима мен Әзірет-әлінің некелік одақтарынан өмірге келгендіктерімен байланысты түсіндіретіндіктерін баяндайды.
Профессор Құдайберген Жұбановтың зерттеушілік мәнеріне тән негізгі белгі, әрине, не нәрсе жайында жазса да, зерттелмек мәселенің жан-жағын түгел қармап, түп тамырын қопарып қарастыратындығында. Осы белгі, Қ.Жұбановты өзінің үзеңгілес, тұстастарына қарағанда, ерекшелендіріп тұрады. Сөзімізге дәлел, Ахмет Яссауйдің бір ғана Хожа аталуына қатысты қаншама деректерді қарастырып өтеді. «... Ирандғы «хожалар» иранды, Афғандағы «хожалар» афғандық, қазіргі жағдайдағы Өзбекстандық «хожалар» өзбектік, Қазақстандағы «хожалар» қазақтық бірліктер болып шығады. Ал, Хожа Ахмет Яссауйді алсақ, ол қазіргі Түркістан қаласының әкімшілік аймағындағы сол өз кезінің бұқара халқының құрамындағы болып келген қыпшақтар мен қаңлы руларының бірінен тараған еденица (бірлік) еді дей аламыз» – деп тұжырымдайды.
Жалпы нәсілдік белгілердің біртіндеп жойылып отыруы туралы да Қ.Жұбанов, қосымша мәліметтерді қоса беріп отырған. Мәселен, Шыңғыс хан мен немере, шөберелерінің әуел баста «манғұл» аталғандарымен, кейіннен тарих беттерінде оның ұрпақтарының «манғұл» еді деп баяндалу жайы кездеспейді. Сонда оар із-тозсыз құрып кеткені ме, әлде, өзге бетке ауып кеткені ме деген заңды сұрағына зерттеуші, нақты жауабын береді. Шыңғыс тұқымы түп баста азғантай болғанымен, олардың қаулап өсіп-өуіне қолайлы жағдай туғандықтан, жергілікті халық арасына сіңісіп кетіп отырған. Және мұндай «сіңісулердің» мысалдары тарихта некен-саяқ емес. Тіпті, А.С.Пушкиннің арғы атасы – араб нәсілді болғанымен, ұлы ақынды орыс емес, араб еді деп әсте айтпаймыз. Өйткені, Пушкинді өсірген ел – орыс елі, ақынды ұлы қылған – орыс ортасы. Сондай-ақ, зерттеуші: « - Мен хожамын, пайғамбар әулетіненмін! – деп айта тұрғанымен, Хожа Ахметтің өзі де туып өскен жерінің Түркістан екенін, елінің Түркістан елі екнін айтады, ұлы бабаларының да түркістандық екенін мойындайды» – деген ұтымды тұжырым жасайды.
Көркем шығарма жазушының туындыларындағы негізгі түйінді түсіну үшін, сол шығармашылық иесін қалыптастырған замана сырын да тереңірек ұғынған жөн. Хожа Ахмет Яссауйдің де ақындық «менін» түсіну үшін, оның хикметтеріндегі «құдайға деген шексіз құлшылықтың сыры да» Қ.Жұбанов атап көрсеткен мәліметтерден соң қайта-қайыра ашыла түседі. Зерттеушінің «Хожа Ахмет Яссауй кім?» деп қарастырған тараушадағы негізгі мәселелердің бірі – ақынның туған жылы мен өлген уақыты туралы деректерді бір жүйеге келтіре отырып, өзіндік қорытынды жауапты беру болды. Зерттеуші ақынның туған жылы туралы еш деректің «Диуани хикметте» кездеспейтіндігін, бірақ қайтыс болған уақытын ақынның өз өлеңдеріне қарап, белгілі бір тұжырым жасауға болатындығын айтады. Егер, бұл деректер – тап бүгінгі күні айтылған болса, ешбір жаңалығы жоқ, баршамызға танымал жайттар болып есептелер ме еді, алайда, бұл мәліметтердің 1936 жылдардың тұсында жазылғандығын ескерсек, құндылығы өзінен-өзі айқындалмақ. Профессор ақын толғауларына қарап, Яссауидің 125 жасқа жеткенде өмірдегі соңғы сөздерді айта бастағандығына байланысты, қайтыс болған уақыты да осы тұс деген болжам жасайды. Және кейбіреулердің Хожа Ахмет Яссауйді 63 жаста жарық дүниемен қоштасып, о дүниенің құшағына кетті деген қате тжырым жасайтындығын да ескертіп өтеді. Аталған тараушада Қ.Жұбанов төмендегі негізгі тұжырымды жасап, яғни ұлы ақынның қайтыс болған жылын нақты дәлелмен есептеп шығарған. Жоғарыда келтірілген дәлелдемелерден белгілі болып отырғандай, профессор Қ.Жұбановтың тұжырымды түрде айтылған пікірлерінің қай-қайсысы да дерексіз емес. Әрбір айтылған ой-толғамдарының кейінгі дәуірде сұраушысы табылатындығын ескерген зерттеуші «мойындасақ» дей отырып, қай сөзіне болмасын, түйінді дәлелдерін ақиқатпен орап бере білген. Осы тұста ойымызды қорыта келе біздің айтарымыз, Яссауйге қатысты айтылған Қ.Жұбановтың ғылыми тұжырымдарын да қазіргі ғылымның көш ілгері зерттелу бағыты жоққа шығармайды. Жалпы алғанда, Қ.Жұбановтың ой қисынындағы зор танымдық бағытты басшылыққа алсақ, біздің де теріс кетпейтініміз анық.
Профессор Қ.Жұбанов нағыз ғалым ретінде, тілдік мәселелерді ғана емес, ұлттың тарихы мен табиғатын таныту үшін, халықтың әдеби мұрасын да сөзсіз қарау керек деп білді. Сөзімізге дәлел ретінде, «Мұра-хаттар. Түрки әдебиеттер тілінің танымы» зерттеуіндегі «Қожа Ахмет Яссауидің 95 толғауы туралы» тарауын айтар едік. Зерттеуші-ғалым тараудың сөз басында жазады: «Қазіргі қазақ атанып отырған халықтың тұрмыс-тіршілігін білу үшін Қазақстан жерінде өмір сүрген бұдан бұрынғы халықтардан қалған және олардың атақты жеке адамдарынан қалған ескі әдебиет мұраларына да үңіле қарау қажет. ...Біздің Қазақстан халықтарының ескі жазба әдебиет мұрасы өте кем. Ал, сол барының өзі де әлі тексеріліп біткен жоқ. Бірқатар оқығандарымыз бізде Бұхар жыраудың толғауларынан бұрын шыққан жазба әдебиет бар деп елемейді. Яғни олар, қазіргі қазақ атанып отырған халқымыздың қазақ атанудан бұрын да өмір тіршілігінің болғанын білмейді. Бірқатары біле тұрса да, ескі әдебиетті керексінбейді. Мысалы, бізде Қожа Ахмет Яссауидің жазып қалдырған, осы күнге дейін көпшілік арасында тарихи бағасы мен сүйкімділік беделін жоймай келе жатқан «Диуани хикметі» бар. Бұл Қазақстан халықтарының ескіден қалған жазба әдебиет мұрасы емес пе? Қожа Ахметтің осы күнгі қазақ атанып отырған Түркістанда өсіп-өнгені бекер ме? Сөз жоқ, Хожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» Қазақстан халқының ескі мұрасы».
Қ.Жұбанов зерделеген ғылыми тұжырымға жіті көзбен қарайтын болсақ, әдебиет тарихындағы бірнеше мәселені қозғап отырғандығын байқау қиын емес. Біріншіден, зерттеуші, қазақ әдебиетінің тарихи кезеңдерін жүйелеу туралы ой-пікірін ортаға салып отыр. Яғни, автор жыраулар шығармашылығынан бұрын да біздің әдебиетіміздің тарихында өзге кезеңнің өткерілгендігі жайында белгі береді. Екіншіден, жыраулар творчествосына дейінгі кезеңнің көрнекті өкілдерінің бірі – Хожа Ахмет Яссауй дейді.Үшіншіден, қазақ халқы мемлекет ретінде іргетасын қаламай тұрған кезеңнің өзінде-ақ, біздің тарихта жазба әдебиеттің негізгі қаланғандығынан хабардар етеді. Төртіншіден, жоғарыда айтылған негізгі мәселелерге мән бермей, көзжұмбайшылықпен қарау басым болып отыр дейді. Және басты әңгіме, әрине Қожа Ахмет Яссауйдің «Диуани хикмет» атты мұрасы – Қазақстан халықтарының қасиетті қазынасы екендігі жөнінде. Қ.Жұбанов зерттеуінің сөз жоқ, өзіндік артықшылықтары бар. Әрине, ғалым зерделеген бұл мәселелер қазақ әдебиеті тарихында сол тұста мүлдем көтерілген жоқ, жаңалық ашты дей алмаймыз. Дегенмен де, лингвист ғалымның тіл проблемаларымен ғана айналыспай, өз ұлтының патриот ұлы ретінде әдебиет тарихындағы жұмбағы көп, күрмеуі шешілмеген проблемалардың сырын ашуға ұмтылады.
Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар: Яссауйдің ақынды мен Қ.Жұбановтың яссауйтанушылығы туралы зерттеулер негізінде дайындалған слайд.
