Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекциялар ЖУБАНОВ.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
282 Кб
Скачать
☆

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым. 1966 ж.

  2. Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.

  3. Профессор Құдайберген Жұбановтың 90 жылдығына арналған ғылыми конференция (19 желтоқсан, 1989) материалдары. Алматы: 1990. - 92 бет.

  4. Құдайберген Жұбанов және қазақ совет тіл білімі. Алматы: Ғылым, 1990. 368 б.

  5. Жұбанов тағылымы. Қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері бойынша өткен республикалық «Жұбанов тағылымы» конферецияларының материалдары. Ақтөбе, 1998. – 210 бет.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Раушан Жұбанова. Екі дүниеде естен кетпес серігім. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.

  2. І.Кеңесбаев «Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов» // Қ.Ж Қаз. Тілі жөн. зерт. 1999.

  3. С.Негимов. Құдайберген Жұбанов және қазақ фольклоры. // Қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері бойынша өткен республикалық «Жұбанов тағылымы» конферецияларының материалдары. Ақтөбе, 1998. – 210 бет.

№8 лекция

Тақырыбы: Абайтану тарихы

Мақсаты: Абайды тану кезеңінің басты сатыларын және белгілі абайтанушылардың ғылыми зерттеулерін студенттерге таныстыру. Студенттердің интеллектуалдық қабілеті мен танымдық қызығушылығын арттыру, ғылымдағы гуманистік көзқарасқа ұмтылдыру.

Кілт сөздері: абайтану, абайтанушылар, абайтану ғылымының тарихы.

Негізгі мәселелері мен мазмұны:

  1. Қ.Жұбановты әдебиет зерттеушісі деп бағалаған зерттеулер.

  2. 1930 жылдардағы қазақ қоғамының мәдени-тұрмыстық жайы.

  3. Абайтанудың кезеңдері.

Лекция тезисі. Тілге шешен, ойға батыл Құдайберген Қуанұлы Жұбанов өте мәдениетті жаза білетін ғұлама, жан-жақты білгіш еді. Қазақтың рухани мұрасын түгел меңгеріп қана қоймай, әлемнің мәдениетімен жете таныс болды. Құр мәлімет аларлық, жай таныстық емес, толыққанды талдау жасарлық зор қабілеттілік еді. Өз бетімен көп ізденіп, жарқырай танылған ғалымның таланттылығының арқасында, адам баласының басқа жанды тіршілік иелерінен алыстатып тұратын қуаттылығының нағыз үлгісі іспетті Қ.Жұбановты энциклопедиялық білімді ғалым деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Адамзат баласының өркениетті өмірінде білімділік сапасын сан қырынан бірдей танытқан дарындылар да аз болған жоқ. Қазақ даласының Отырардай өлкесінен шыққан Әл-Фарабиді әлем таныды. Данышпан философ, ақын, әдебиет зерттеушісі, әрі көрнекті математик, физика, музыка, мен медицина саласынан теңдесі жоқ еңбектер жазған Әл-Фараби данышпандығының ізі із-түссіз жоқ боп кетпесі аян ғой. Әл-Фарабидей ойлауы мықты алыптардың енді бір ұшқыны Құдайберген Жұбановтай дана даңғыл, терең мұхиттан көрінгендігі қазақ баласының басындағы бағы емес пе? Қысқа ғұмырында құнды нәрсені көп жазғанымен, бүгінгіге жеткіп сақталғаны аз болып жатса-дағы, сол бірер ауыз сөзінің өзі, өңгенің «қасиетті» санайтын қисапсыз көмбелерін артқа тастайтын нағыз ғұлама бар. Ол – Құдайберген Жұбанов.

Қ.Жұбановтың көп мықтылардан өзгеше көрінетін бірнеше ерекшелігі бар. Филологиялық ойдың алыбы Қ.Жұбанов тіл мұхитын сөз зергері болып шарлады. Осы ой ғалым профессордың «Абай қазақ әдебиетінің классигі» еңбегін оқыған сайын қағидаланып, санамызға сіңісе түседі. Жалпы әдеби терең талдау жасау үшін, тілдің қыр-сырын толық білген жөн. Тілді білмей әдебиетті таныту мүмкін емес. Ал тілдік әдеби танымы берік қалыпқа құйылған Қ.Жұбановтың ғылымилығы бұл ойымызды айқындай түседі. Белгілі зерттеуші Ә.Дербісалин: «Құдайберген Жұбанов негізінен тіл білімінің маманы бола тұрып, халқымыздың арғы-бергі тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, сонымен қатар Орта Азия халықтары мен Шығыс, Батыс елдерінің мәдениеті, әдебиет, өнер тарихын терең білген ғұлама ғалым. Бұл шындықты ғалымның қаламынан шықан әрбір еңбектен-ақ көруге болады. Солардың бірі – оның Абай туралы зерттеуі. ...Зерттеудегі ең алдыменен назар аударарлық мәселе − ғалым Абайды тек қазақ қоғамы көлемінде ғана алып қарамай, бүкіл Орта Азия мен Кавказ халықтарының, сондай-ақ басқа елдердің ХУІІІ −ХІХ ғасырлардағы әдебиет, мәдениет тарихымен бірлікте және салыстыра қарай отырып, Абайдың әдеби тіліміздегі тарихи орны мен қызметін анықтау мәселесін биік дәрежеге көтереді, осы тарихи контексте оның тек Абай ғана емес, сол тәрізді Мақтымқұлы, Шаһабуддин Маржани, Каюм Насири сияқты басқа ұлттар қайраткерлерінің творчествосына берген бағалары күні бүгінге дейін ескірген жоқ десек, асыра айтқандық болмайды» − деп әділетті тұжырым жасаған еді. 1913 жылы жарияланған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында А.Байтұрсынов: «... Абайдың сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болса айып жазушыда емес, оқушыда» − деп жазды. Ия, Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткендей, кейбір қазақ Абайдың сырын толық түсінерлік дәрежеге жете алмай жүрген тұста, Қ.Жұбанов 1934 жылы қазақтың өз Абайын өзіне қайта табыстыра «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» зерттеуін береді.

Абайтану ғылының тарихында Қ.Жұбановтың алатын орны көптен дара, ерекше тұр. Сөзіміздің қисынын келтіріп дәлелдеу үшін, абайтану ғылымы жүріп өткен жолдың арна басына ғана көз жүгіртіп көрелік. Бүгінгі таңда абайтану ғылымы еш даусыз басы ашық мәселелерді қамтыған, жүйеге түсіп, сараланған секілді көрінгенімен, ғылымның тарихи соқпағында түрлі кедергі-қиындықтарды жеңіп өткендігін байқаймыз. Ең алдыменен, «Әке − балаға сыншы» дегендей Абайдың азаматтық тұлғасын тану кезеңі оның ата-анасы, үй-орманы, ауыл-аймағы, өскен ортасы, құрбы-замандасынан басталады десек, қателеспейміз. Ал одан былайғы жерде Абайдың өзі де жеке адамдық тұлғасы мен ел-жұртының алдындағы парызы мен нарқын мықтап тексерген адам еді, яғни көзі тірісінде-ақ, бар болмыс бітімімен «мен – мұндалап» саҺараның сары даласына ерекше нәр берген адам еді. Абай бар қадір-қасиетімен қазақ даласында қара жердің кіндігіндей тартыс күшінің орталығы болды. Абайдың сырына қанық болып, ақын ішкен судың тұмасынан нәрлі дәмді татып көргісі келмегендер болмады. Абай ақын ретінде де, адам ретінде де талайларды өзіне сиқыр күштей өзінің тіршілік ғұмырында да, көзі жұмылғаннан кейін де тарта түсті. Бірақ Абай: «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп өз заманына да, кейінгі ұрпағына да, жалпы бар әлемге, көрінгеннің қолы жетпес мықты талап қойып кетті. Ұлы ақынды ұғыну үшін, ең болмағанда Абайдың титімдей бөлшегі болып көруге тырысу керек. Абай ақынның жан дүниесіне дендеп еніп, оның ақындығына әділетті бағасын беріп, «Қазақ әдебиетінің классигі» деп анықтамасын таңған мықтылардың бірі, әрі бірегейі – Құдайберген Жұбанов болды. Сондықтан біз де, ғылыми жұмысымыздың осы тарауында таңғажайып әрі, қыры-сыры мол «жұмбақ жанның» жан дүниесін жете танып, жүрегінің түбіне бойлауға ұмтылған Қ.Жұбановтың зерттеу еңбегінің бар маңызы мен мәнділігін танытуға ұмтыламыз. Осы орайда, Қ.Жұбановтың өзге абайтанушылармен салыстырғандағы алабөтен дара тұрған орнын анықтау үшін, абайтанудың арна басына тоқталғанымыз жөн. Ең алдыменен, өткенге көз жүгіртіп өтіп, кей мағлұматтарды бірсыпыра еске түсірсек, Абайды танып білу процесінің бірнеше өрнектесіп жатқан межелері бар екендігін білеміз. Соның ішінде, Абайтану пәні әлі пән атауына ие болмай тұрғанда-ақ, ақын жөніндегі алғашқы деректердің хатқа түсіп, библиографиялық тұңғыш мәліметтердің жарыққа шыуынан басталып, ақынның неше алуан қат-қабаттары мен ішкі қалтарыстарының көрініс табу жолында бірсыпыра замандар өткендігі баршамызға мәлім. Абайтаудың қалыптасу процесін кезеңдерге бөліп, әр кезеңнің ерекшелігін нақты да жүйелі көрсетуге талаптанған Е.Ысмайлов еді. Ол 1945 Абайдың 100 жылдығына арнап «Абайды зерттеу жайында» деген тақырыпта жасаған баяндамасында мынадай үш кезеңді атап көрсетеді. Олар: «Революцияға дейінгі кезең, революциядан кейінгі 10 жыл (1923-1933), үшінші кезең Абайды ғылыми жолмен зерттеудің басы (1934 ж.) деп бөле қарайды. Абайтанудың тарихи тұрғыда қалыптасқан кезеңдерін межелеуде белгілі ғалым М.Мырзахметовтің жүйелеген кезеңдерін атап өткеніміз орынды. Ф.ғ.д., профессор М.Мырзахметов абайтанудың ХХ ғасырдың орта шегіне дейінгі негізігі 3 кезеңді көрсетеді.

  1. Абайды танудың алғашқы кезеңі: ақын өлеңдерінің төңкеріске дейін таралу жолдары; Абай мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушылар; Абай мұрасының орыс тілінде танылуы;

  2. Абай мұрасының жаңа заманда зерттелуі: 1918-1926 жылдар және 1926-1940 жылдар аралығы.

  3. Абай мұрасының 1940-1945 жылдар аралығында зерттелуі.

Егер, шындығында, революцияға дейін бір желінің бойымен келе жатқан ой-пікірлер 1917 жылға келгенде кілт үзіліп қалып, 1927 жылдан бастап жалғасын тапты десек, абайтану тарихына қиянат жасаған болар еді. Өйткені төңкерістен кейін де ұлы Абайдың мұрасын тан толастаған жоқ. 1918 жылы халқымыздың аяулы ұлдары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің басшылығымен Семейде «Абай» журналы шығып, онда «Екеу» деген бүркеншек атпен екеуінің «Абайдың өмірі – һәм қызметі» деген мақаласы, ал 1922 жылы М.Әуезовтің «Қоңыр» деген бүркеншек атпен «Абай - әдебиеттің басшысы» деген мақаласы жарияланған болатын. Яғни төңкеріс алдындағы абайтануың таным-талғамдары төңкерістен кейін де (1923 жылға дейін) сабақтасып жатты.

Қойшығара Салғарин да «ақын мұрасын» зерттеушілерді үш топқа (кезеңге) бөледі. «Біріншісі, Абайды өз жұртына дұрыс түсіндіріп, таныстыруға бағытталған насихаттық мақсаттағы мақалалар. Екіншісі – Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы, сол кезең рухына сай, Абайдың қай таптың ақыны екені жөніндегі айтыстан туған дүниелер. Үшіншісі – Абайды танып білуге бағытталған зерттеулер, ғылыми негіздегі талдауға құрылған мақалалар» [53, 127] Зерттеушінің бұл топтауы абайтанудың атап өткен үш кезеңінен өзінен-өзі шығып тұрғаны сөзсіз. Соныменен, абайтану тарихындағы Құдайберген Жұбановтың өзіндік берекелі орнының аса маңызды тұсын «тайға таңба басқандай» айқындау үшін, бірер сөзбен Қ.Жұбановқа дейінгі ғылымның бұл саласының негізгі баспалдақтарына да тоқталып өткеніміз жөн болар.

Абайтанудың алғашқы дәуіріндегі, Абайды танытудың «сәбилік» кезеңінде жазылған еңбектер ұзақ уақытқа дейін «ақтаңдақтар» санатында болғанымен, соңғы уақытта бұл мәселелер көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Сонау отызыншы жылдардағы «қанды қырғын зұлматтың» құрбаны болған қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов еңбектерін жоққа шығару арқылы біз абайтану тарихының алғашқы кезеңін санамыздан еріксіз сызып тастаған едік. Сондықтан да заманынан оза туған, абайтанудың бірегей білгірі М.Әуезовтің: «революциядан бұрын Абай жөнінде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды... Абайды танудың басы, алғашқы жылдары революциядан бұрын басталған. ...Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әралуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді еске алуымыз керек», - деп меңзей сөйлеуі тегіннен-тегін емес еді.

Абай ақынды таныту Ә.Бөкейхановтың «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деген азанамасынан басталғаны аян. Абайтанудағы бұл тырнақалды туынды 1905 жылы Семейден орыс тілінде шығатын «Семипалатинский листок» атты газетінде жарияланған. Ә.Бөкейхановтың: «Абай – асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кедескен жоқ. Оны жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді...» - деп асқан көрегендікпен берген бағасы Абай ақындығына алғаш берілген әділ баға екенін естен шығармау керек. Дегенмен де Абай туралы тұңғыш пікір бұдан бұрын елге жария етілген еді, бұл 1903 жылдың үлесіне тиеселі. Бұл баға да Ә.Бөкейхановтың қаламынан, дуалы аузынан шыққан. «Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхановтың (1870-1938) мол еңбегінің бір саласы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арналған. Атақты ғалым П.П.Семенов – Тянь-Шанский мен академик В.И.Ламанскийдің басқаруымен: Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық басылып шыққаны белгілі. Сол кө томдық еңбектің 18-томы қазақ тарихына арналып, «Киргизский край» деп аталып, 1903 жылы Петербургте басылып шыққан. Кітапты жазуға қатынасқан ғалымдардың ішінде қазақтан жалғыз Әлихан Бөкейханов қана. Ә.Бөкейханов осы кітаптың «Население» деп аталған екінші бөлімін жазуға қатысқан. «Абай» журналының «Ғұмырнама» айдарымен берілген Бөкейханов туралы мәліметте сондай-ақ мынадай деректер бар: «Абайға ерекше көңіл бөліп, оны қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы ретінде жоғары балап былай дейді: «Наконец, как представителя нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева – автора многих стихотворений, изящных по форме и поэтичяских по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежат хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворений Лермонтов (который оказался наиболее понятным для киргизов); таким образом у Семипалатинских «Оленчи» (певцов) можно слышать, например, «Письмо Татьяны» распеваемое, конечно, на свой мотив». Міне, бұл Абай қайтпас бұрын оның поэзиясына берілген алғашқы баға болатын. Сондай-ақ, Ә.Бөкейхановтың Абай өлеңдерін жинақтап бастыру ісіне тікелей ықпал етіп отырғандығы да мәлім болып отыр. Бөкейханов жоғарыда атаған 1905 жылғы мақаласында былай дейді: «Абайдың өз шығармаларынан Пушкиннен («Евгений Онегиннен» үзінді), Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларын ұлы Тұрағұл жинап, таяу арада Императорлық Россияның географиялық қоғамының Семей бөлімшесі басып шығарады». Бірақ таяу арада ақынның жинағы басылып шыққан жоқ еді. Өйткені Ә.Бөкейхановты 1906 жылы 8-қаңтарда патша өкіметі тұтқындайды да, оның портфелінде Абай өлеңдерінің қолжазбасы болады. Мұны мына архив дерегі айқындай түседі. «1906 г. Января 10 дня г. Павлодар. «Мировому судье 2-участка Павлодарского уезда, при посещении сего числа тюрьмы, арестованный по шифрованной телеграмме ротмистра Рутланда из города Омска, Алихан Нурмухамедович Букейханов, содержащийся в Павлодарской тюрьме, заявил, что он просит об аресте его довести до сведения прокурорского надзора, объявить ему о причине задержания и об обвинении, которое ему предъявлено, а также просит освободить его из под стражи на поручительство или под залог, а также просить меры к сохранению рукописи на киргизском языке, имеющейся у него портфеле, содержащей стихотворения, так как она оценивается в 5000 рублей. Стихотворения эти принадлежат киргизскому поэту Кунанбаеву» (Государственный архив Омской области фонд 270, опись І, дело 200, лит. 10)». Бұл дерек Ә.Бөкейхановтың сол тұста ақын ақын өлеңдерінің жинағын бастыруға бел шешіп, кірісіп жүргендігін аңғартады. Ақыры Абай жинағы 1909 жылы Кәкітай, Тұрағұл, Ә.Бөкейхановтардың атсалысуымен бастырылып шығады. Бұл жайында М.Дулатов 1914 жылғы «Қазақ» газетіндегі «Абай» мақаласын да да: «Бүгін атақты қазақ ақыны марқұм Құнанбаев опатына он жыл толды» – деп, мақаласының жазылу жайынан хабар беріп, сөз бастап: «1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургте Бораганский баспасынан басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап – сол бірінші басылым» [57, 5]. Тағы бір ескеретін жайт, Ә.Бөкейхановтың 1905 жылы жазған мақаласы мен Кәкітай Ысқақұлының Абайдың тұңғыш кітабына енгізген «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» деген мақаласының мазмұны өте ұқсас. Әрине, Ә.Бөкейханов өз мақаласына қажетті деректерді Кәкітайдан алғандығын ескертеді. Олай болса, кейін Кәкітай атынан жазылған мақалаға да өзі тікелей ықпал еткендігі аңғарылып тұр. Бұл Ә.Бөкейхановтың абайтанудың ілімінің ірге тасын қаласудағы азаматтық бейнесін айқындай түседі. Сондай-ақ, сөз арасында айта кетуге тиісті тағы да маңызды жайттардың бірі «Уақыт» газеті жайында болмақ. Бұл газеттің де абайтанудан алар орны айрықша. «Уақыт» – 1908 жылы Абай өмірінен аздап мағлұмат бере отырып, ақынның «Қуаты оттай бұрқырап» өлеңін бастырады. М.Мырзахметовтың айтуынша: «Уақыт» газеті ақын мұрасының нәр алған көздері жайлы, оның үш жағы жөнінде тұңғыш рет пікір көтерді. Әрине, бұлар әлі зерттелмей, Абай шығармаларын оқу үстінде сезінген бірлі-жарымды қарадай танып атаудан туған пікірлер ғана» [52, 98]. Татар жұртшылығына «Абай шығармаларын қазақ поэзиясының гауһары танып, қазақ әдебиетінің классикалық ұлы өнегесі танытқандардың тағы бірі Зейнел Ғабиден ибн Һайіріл-Әл Жауһари әл-Омусакидің Уфадан шыққан «Насихат қазақия» кітабында Абай мұрасын, әсіресе ақынның шығармаларының тілі мен көркемдік қуатын жоғары бағалай отырып, ақынның бірнеше өлеңдерін бастырды. Абайтанудағы ендігі бір құнды еңбектердің бірі 1909 жылы Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлының Санкт-Петербургтен бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының Өлеңдері» деген жинақ. Сондай-ақ Кәкітай бұл тұңғыш жинақта «Абай» (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» деген мақала жазып, Абайдың тұңғыш биографы ретінде де өз бағасын алды. Бұл жинаққа Абайдың 5399 өлең жолдары енген. Жинақтың бір ерекшелігі, Кәкітай Абай өлеңдерін тақырыптық жағынан бөліп, әр өлеңнің шыққан жылын көрсетіп отырады. Кейін 1922 жылы Қазанда және Ташкентте бастырылған ақынның өлеңдер жинағы осы Кәкітай құрастырған кітап негізінде жарық көрді. Жалпы Кәкітай Абай шығармаларының дүниеге келу себептері мен сырын өз ортасынан анағұлым жетік білді. Сондықтан да М.Әуезов 1933 жылы Абай өлеңдерінің толық жинағын бастырар және ғылыми өмірбаянын жазар кезде, сондай-ақ, «Абай жолы» романын жазу үстінде ақын шығармаларының шығу тарихына байланысты көптеген деректерді Кәкітайдан алды. Абайтану ғылымында Абайдың Әйгерімнен туған баласы Тұрағұлдың абайтануда да орны ерекше. Тұрағұл әкесі Абай туралы ең алғаш естелік жазушы адам. Абай өлеңдерін жинақтап, 1909 жылы бастырып шығаруда да елеулі үлес қосқандығының өзі бір төбе. Сол тұста Абай өлеңдерінің баспа жүзін көріп, кең түрде насихатталуымен байланысты жзеге асырылған игі шаралар ұлы ақын жайындағы танымды тереңдете түсті. Бұған Абайдың қайтыс болуының он жылдығына арналып, Орыс Географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесінің 1914 жылы 25 қаңтарда және ұлы ақынның туғанына 70 жыл толуына орай Нәзипа және Нұрғали Құлжановтардың басшылығымен ұйымдастырылған әдеби кештерді дәлелге келтіруге болады. Нәзипа және Нұрали Құлжановтардың жүргізуімен өткізілген бұл кеш 1915 жылы 13 ақпанда Семейде болған еді. Н.Құлжанова орыс, қазақ тілдерінде «Қазақ ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деген тақырыпта баяндама жасаған. Жалпы ұйымдастыру өте сәтті шықты. Және Абайға бағышталған бұл арнау қазақта бұрын-соңды болып көрмеген кеш екендігімен ерекшеленді. Жалғыз Абай өлеңдері ғана оқылып қоймай, Біржан мен Сараның, Жанақ пен Баланың айтыстары көрсетіліп, халық әндері де орындалды. Қазақтың мәртебесін бір биікке шырқай көтерген кеш турасында қазақ баспасөздерінің қай-қайсысы да хабар берді.

Абайтанудың тарихынының алғашқы кезеңдеріне тоқталып өтуіміздің бір сыры, Құдайберген Жұбановтың ғылымилық сипатының сырын түсініп, соңынан қадам басуымызбен байланысты болып отыр. Әдебиет тарихындағы елеулі мәселені көтере отырып, бір дәлелді тұжырым айту үшін жан-жағының бәрін қармап, тыңнан түрен салып, салыстыра зерттеу жүргізетін ғалымның абайтанудағы орнын көрсету үшін, аталған ғылым саласындағы Қ.Жұбановқа дейінгі, әрі тұстас адамдардың ізденістерін атап өтуіміздің өзін орынды санаймыз. Осы тұрғыда Қ.Жұбановпен теңдес тұрған А.Байтұрсынов еді. А.Байтұрсыновтың ұлы Абайдың құрметіне жазылған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы «Қазақ» газетінің 1913 жылғы № 43 санында жарияланды. Ол осы мақаласында 1914 жыл алғаш рет Абай өлеңдеріне терең талдау жасап, Абайды – қазақтың бас ақыны ретінде танытты. А.Байтұрсыновтың: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, дәмді, орынды болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған», – деген cөздері Абайды жай таныстыру емес, бұл зерделі оймен ақынның дүниесіне бойлай білген жанның шынайы бағасы.

Абайтану ғылымынның қалыптасу кезеңінде Міржақып Дулатовтың «Абай» мақаласының да ұлы адамның ақынық табиғатын танытуға тырысқан шұрайлы зерттеулердің бірі болды. М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 23-шілдедегі № 67 санында жарық көрген «Абай» мақаласынан абайтанудың болашақтағы елімен шын ұғысып табысар күнінің белгісін көзбен көргендей боламыз. Әдебиетіміздің негізін қалаған бірінші кірпіш Абай сөзі дей келіп, ақынның өзі өлсе де, сөзі өлмейтініне шүбә келтірмейді. «Ол халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» – деп болашаққа үмітпен қарап, зор сенім артады. А.Байтұрсынов та, М.Дулатов та Абай шығармаларымен ақынның көзі тірісі кезінде таныс болғанын және оның Абай өлеңдерін бастыру мәселесін көтергенін осы мақалалардан аңғарамыз. Қазан төңкерісінен кейін Абайды танытудағы игі істер үдей түсті. 1918 жылы М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың басшылығымен Семейден «Абай» журналы шығып тұрды. Абайтанудың 1923-1934 жылдары әдебиетте тұрпайы социологиялық таным өріс алып, бой көтере бастады. Бұл 20-жылдары әдебиет пен өнерді саясаттың ығына жығып, олардың өз ерекшеліктерін ескермеуден келіп туған таным болатын. Міне, осы тұста Абайдың сау басы саудаға салынып, «байшыл», «ұлтшыл» деген сынды айдар тағынып, қауіп төнгенде ақынға араша түскен азаматтардың болғаны аян. Солардың бірі – Ыдырыс Мұстамбаев. Терең білімді әдебиетші,әдеби сыншы, алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының бірі саналған Ыдырыс Мұстамбаев – 1937 жылғы қызыл құрбанның болған «асыл азамат. Оның абайтануға үлкен үлес болып қосылған тағы бір еңбегі – «Поэт и его философия» деп аталады. Бұл 1928 жылы «Советская степь» газетіне жарияланған Ілияс Қабыловтың «Желбуаз» сынына қарсы жазылған мақала болатын. Міне, осындай саясаттағы сырқаулардың салдарынан 1924 жылы ұлы ақынның 20 жылдығы аталмай қалды. Тұрпайы әлеуметшілдік сарын «Әдебиет − өмір айнасы» деген жалаң қағиданы желеу етіп, көркем өнерді кез-келген науқанның қолбаласына айналдырып, идеологияның насихатшысы, саясаттың дәріптеушісі «биігіне» көтерді. Алайда 1932 жылы ВКП(б) Орталық Комитетінің қаулысынан кейінгі бетбұрыс абайтанудың тың соқпағын салып, жаңа кезеңін бастап берді. Осы тұстағы абайтану ғылымының алға қадам басып жүруіне «салқынын» тигізген сасаттың сиқырлы күйін М.Мырзахметовтің мына пікірі айғақтап кеткендей: «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу тарихында отызыншы жылдардың соңына дейін орын алып келген тұрпайы социалогиялық, формалистік, компаративистік жат танымдардың үстем болып, пікір жүргізуі Абай мұрасын танып білу, зерттеу саласында басты кедергіге айналған келеңсіз құбылыстар көп зиянын, зардабын тигізіп, абайтану көшінің тарихи тура таным жолына түсуіне айтарлықтай тосқауыл жасап бақты».

Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың орнын «босағаға ысырмалаушыларға» классик ақынның қазақтың тарихындағы алатын лайықты орнын көрсете, жеріне жеткізе, шегелей айтады. Асылдың бойындағы нағыз саналы қазынаны көрсе, «қара күйе көргендей» тырысып қалушылар қай заманда да кездеспей тұрмайды ғой. Міне, сондай «жалған әділет» орнаған, тартысқа тұнып тұрған жылдары Абай туралы танымның тар құрсауын бұзып, ғылыми арнасын кеңейтіп берген дарындардың бірі − Құдайберген Жұбанов болды.

1930-жылдардағы Абай туралы танымның тар құрсауын бұзып, абайтанудың ғылыми арнасын кеңейтіп берген дара дарындардың бірі − Құдайберген Жұбанов болатын. Доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты Мүслима Жұбанова, әкесі Қ.Жұбановтың абайтану тарихындағы алатын орнына ғылыми көзқараспен бағдарлаған пікірін былай деп береді: «1955 жылы тамыз айының 8-інде шыққан «Қазақ әдебиеті» газетінің №16 нөмірінде академик Серік Қирабаевтың «Абайтану ғылымының бел-белестері» деген көлемді мақаласы жарияланған екен. Мақалада автор Абай шығармаларына қай кезде қандай көзқарас болғанын баяндай келіп, бұл мәселеге дұрыс көзқарастың қашан, қалай қалыптасқанын нақтылы дәлелдеп береді. Академик С.Қирабаевтың айтуынша, 1933 жылы ғана бірқатар адамдардың көмегімен Абайдың толық жинағы жарық көріпті. Ол жинақты дайындаған М.Әуезов те, алғысөзін жазған Ілияс Жансүгіров екен. Содан 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына байланысты Құдайберген Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты еңбегін бөліп атауға болады дейді» [60, 8]. Шындығында да, академик С.Қирабаев Қ.Жұбановтың ақын Абайды танытудағы басты ерекшелігін дұрыс тұжырымдаған зерттеуші болды. «Бұл да белгілі дәрежеде осы күнге дейін Абай мұрасы жөніндегі талас пікірлерді қорытқан еңбек болды. Құдайберген Жұбанов бүкіл Советтік Шығыс, Орта Азия әдебиетшілері ішінде Абайдың теңдессіз үздік орнын, өз дәрежесіндегі жалғыздығын дәлелдейді. Сонымен бірге, «алды жоққа жуық» ақынның «соны жол салу» даналығын биік бағалайды. Абайдың шығыс әдебиеті мен ұлттық халқ әдебиетінің үлгісімен терең байланысын нанымды талдайды. Абайдың аындық ерекшеіктері жайлы түйіндер жасайды. Осы бір кезді Абай туралы үлкен сөз айтылу дәуірінің басы деек те болады», – деген екен.

Біз Құдайберген Жұбановтың абайтануға сіңірген еңбегі М.Әуезовтен озық тұр деген пікірді әсте ұстанбаймыз. Алайда, Қ.Жұбановтың жалғыз болса да, жалқы тұрған, топтан озып дара тұрған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» еңбегінің зерттеушілер үшін таптырмайтын құнды мұра екендігін де жоққа шығара алмаймыз. «Отызыншы жылдардағы ұлы ақынның әдеби мұрасы маңында болып өткен пікірталасында орын алған әралуан көзқарас тұрғысынан пікір айтқандардың ішінде М.Әуезов пен профессор Құдайберген Жұбановтың еңбектері айрықша орын алады. Өйткені дәл осы жылдары Абайдың әдеби мұрасын бағалауда тұрпайы социалогиялық, формалистік, компаративистік көзқарастар орын алып отырғанда, осы қым-қуат қайшы пікірлерден тыс ғылыми негізде жазылған еңбек М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мен «проф. Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деп аталатын зерттеу мақалаларының жазылуы – абайтану саласындағы ой-пікірде соны құбылыс ретінде қабылданғанын» – М.Мырзахметов ағамыз да айтқан болатын.

Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар:

  1. Абайтану кезеңдері көрсетілген хронологиялық кесте;

  2. Тақырыпқа қатысты дайындалған слайд.