Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекциялар ЖУБАНОВ.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
282 Кб
Скачать
☆

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер:

  1. М.Қаратаев. Патриот профессор. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.

  2. Ә.Дербісалин. Ұстаз-ғалым. // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. - 208 бет.

  3. С.Негимов. Құдайберген Жұбанов және қазақ фольклоры. // Жұбанов тағылымы. Қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдарының өзекті мәселелері бойынша өткен республикалық «Жұбанов тағылымы» конферецияларының материалдары. Ақтөбе, 1998. – 210 бет.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Р.Сыздықова. Ғалым-азамат. Алматы: Арыс: 2004 ж. 76 б.

  2. К.Кенжебаев. Ә.Оралбай. Құдайберген Жұбанов. Деректі ғұмырнама. А., «Ана тілі». ЖШС., 2000. – 280 б.

  3. Ә.Молдаханов. Жұбанов тағылымы. // Жылдар. Ойлар. Ізденістер. (Әдеби зерттеулер, мақалалар, ғылыми ізденістер). Алматы: Дәуір, 2006. - 160 бет.

  4. Қ.Ш.Бисенов. Ағайынды Жұбановтар күй туралы. // «Экономика» газеті. 23.12.1999 ж. №33.

№6 лекция

Тақырыбы: Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап пайдаланушы.

Мақсаты: Профессор Қ.Жұбановтың халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап пайдаланушы ретіндегі еңбегі туралы теориялық мағлұмат беру, негізгі туындыларымен таныстыру. Студенттердің интеллектуалдық қабілеті мен танымдық қызығушылығын арттыру, ғылымдағы гуманистік көзқарасқа ұмтылдыру.

Кілт сөздері: жидашы, айтыс, ақын, «сүт кенже».

Негізгі мәселелері мен мазмұны:

  1. Қ.Жұбанов – халық әдебиетін зерттеген ғалым.

  2. Таразы мен Шәкірдің тарихи және әдеби тұлғасы.

  3. Таразы мен Шәкірдің айтысын Қ.Жұбановтың жазып алып, жариялауы.

  4. Халық мақал-мәтелдерінің қолданысы.

Лекция тезисі. Қ.Қуанұлының Ақтөбеде оқытушылық қызметте жүрген кезінде-ақ фольклорлық мұралардың жанашыры, жинаушысы болғаны бізге белгілі. Сөзіміздің дерегі ретінде, профессор Қ.Жұбановтың 1932 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында мекен еткен Есет Көтібарұлының ұрпағы Таразы мен Шәкірдің айтысын хатқа түсіргендігін айтқанымыз жөн. Профессор Қ.Жұбановтың қазақ тіліндегі «сүт кенже» деген сөз тіркесінің қолданысын көрсету үшін «Таразы мен Шәкірдің айтысын» жазып алып, «Из истории порядка слов в казахском предложении» атты зерттеуінде мысалдаған. Зерттеуші «сүт кенже» тіркесі өте сирек айтылатын сөз тіркестерінің қатарында дей келіп, бұл тіркестің жекеленген қолданыстағы көрінісін дәлелдеу үшін, осы «Шәкір мен Таразының» айтсын туралы айтып кетеді. Бұл айтысты – Қ.Жұбанов Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан жазып алған. Таразы – тарихи тұлға, ержүрек батыр Есет Көтібаровтың (ХІХ ғ. ортасы) келіні екен. Таразының өзі – аса сұлу, әрі ақын болса керек, сондықтан да болар, Есет батырдың соқыр, әрі есерсоқ кенже ұлы Дәуге айттырылғаннан кейін, басқа түскен тағдырына риза болмай, Дәу мен оның ата-тегіне тіл тигізіп, өлеңдетіп, кесірленіп сөз сөйлепті. Болашақ келіндерінің бұл қылығына риза болмаған, Дәудің қандастары суырыпсалма ақын Шәкірге арнайы тапсырыс беріп, Таразының «орынсыз» қылығын ел алдында әшкерелеуді сұрапты. Той басталып, келін түскеннен кейін, Шәкір ақын беташар үстінде:

Бұхардың мақпалындай етің, келін!

Кешегі жауған қардай бетің, келін!

Есеттің сүт кенжесін соқыр дейсің!

Үйінде әкесі жоқ, жетім келін! –

деп төгілте жөнелтіпті. Зерттеушінің түсіндіруінше, бұл арада бір жағынан Шәкір ақынның Таразыға «әкесіз өскен жетім» деуінің ешқандай реті жоқ секілді. Әйтсе, текті ұрпаққа тіл тигізудің өзі, әкесіз өсіп, тәрбие кермегендіктен туды ғой деген ишаратпен айтылған. Автор Шәкір айтқан «Үйінде әкесі жоқ, жетім келін!» деген жыр жлдарының мағыналық ұғымын «Әкесіздің аузы өсер» деген халық мақалымен байланыстырады. Таразы Шәкірдің жазғырып сөйлеген сөзіне табан астынан жауап қайтарған:

Сұрасаң руымды – Құлтумамын,

Жал-құйрық аруанадан бір туғанмы.

Болғанмен әкем өлі, екі ағам бар

Соқтырған мың теңгеден ер-тұрманын.

Қыздарды әкесі бар көріп жүрміз,

Жеңінің жамай алмайт жыртылғанын,

Бетіне беташарды ұстап алып

Көрдің бе мына шалдың құтырғанын!

Сөзге жүйрік Таразы ақын той үстінде Есет батырдың немере қыздарының бірінің жыртық жеңмен жүргенін байқаса керек. Бұл арада әкесі барлардың да дұрыс тағылым көрмей жүргендерін бетке басады. Әрі, «қос ағасының мың теңгеден ер-тұрман соқтырарлық халдері барлығын», ал «барлықтың – байлыққа жеткізетіндіктерін» ишаралау бар. Автор «сүт кенже», «бір туған» деген сөз тіркестерінің ұғымын беру үшін, олардың поэтикалық қолданыстарын дәлелге келтірген. Сөздің түп төркініне терең мән берген зерттеуші, «сүт кенжені» – үй-ішінің ең кішісі, деп ұғындырса, «бір туған» тіркесін – «жалғыз өркешті түйенің ең күшті тұқымы», яғни, бұл айтыстағы қлданысы «дара туған», «ілуде бір кездесетін», «жұрттан өзге» деген мағынада айтылатынын дәлелдеген. Сонымен қатар, Қ.Жұбанов тұрмыс-салт жырларының көркем үлгісі – беташарға жанрлық тұрғыдан анықтама да беріп кетеді. Таразы жеңіске жеткен бұл айтысты Қ.Жұбанов 1932 жылы Есет Көтібаров ұрпақтарының бірінің аузынан жазып алғандығын айтқан.

1920-1926 жылдары қазақ халқының бағалы қазынасы ауыз әдебиеті үлгілерін өзі жүрген, естіген жерлерінен жиаумен әркез шұғылданған Құдайберген Жұбанов болғандығын да естен шығармаған жөн. Профессор Қ.Жұбанов қазақ тілін тыңғылықты зерттеу үшін, тіліміздің өзіне тән ішкі заңдылықтарын, рухын жете түсіну үшін халық әдебиетінің маңызы зор екендігін жоғары бағалаған.

Профессор Қ.Жұбанов Абайды ескіні жаңамен шебер ұштастырушы деп бағалауымен қоса ұлы ақынның бойында фольклор зерттеушісін де танығанға ұқсайды. Бұған ғалымның зерттеуіндегі мына жолдар айғақ: «Қазақтың мақалдарына қарап отырып, қазақтың тарихын қарастыруы да, өз сөзіндегі қазақтың шаруашылық қалпын, дүниеге көзқарасын білуге мақалдарды кілт қылғысы келгені де − бәрі де халық әдебиеті мұрасын қалай пайдалану жолын түсінгенін көрсетті». Дау жоқ, сөз ақынның «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақаласындағы шығу тарихын қазақ халқының тарихымен байланыстыра ашқан «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы − Майқы би», «Жылан жылы − жылыс болды...», «Самарқанның сар жолы, Бұланбайдың тар жолы» деген сияқты мақалдар турасында болып отыр. Профессор Қ.Жұбановтың асқан көрегендікпен Абайды жаңа бір қырынан тануын бұрын-соңды әдебиеттану ғылымында болмаған тың таным деп бағалауға болады. Құдайберген Жұбанов: «Абай ескі мұраны талғамай ала беретін адам емес. Ол ескіден қалған мұраға да өз заманының жайына да сын көзімен қарап, өзінің ақыл елегінен өткізіп алған. Қашаннан келе жатқан «мәңгі шындық» саналатын мақалдарды, әдет заңын Абайдай қирата сынға алған қазақта ол кезде болмаған», − деп Абайдың сыншылдық көзқарасын да елеусіз қалдырмайды.

Сөзге шебер, тілге бай Қ.Жұбановтың зерттеу еңбектерінде халық әдебиетінің кейбір қолданыстарын пайдалану үлгілері аз кездеспейді. Дәлел іздесек, «Қазақ тілінің жоғары курсы. «Дәрістерінде»: «Адам көркі − шүберек» - деп ежелден келе жатқан қазақ мақалын, сондай-ақ, «Май әулие, майсыз жарылқайтын қай әулие!» деген ұйғыр мақалын мысалға келтіреді. Ал «Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі» аталатын мақаласын «Біреу өлмей, біреу күн көрмейді» деген мақалмен бастаған. «О построении речи на казахском языке» атты зерттеуінде «Бітісі жаман қамысты су ішінен өрт шалар» деген мақалдағы сөздердің орналасу тәртібін түсіндіреді. «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» еңбегінде Абай ақынның сынына іліккен «Ата-анадан мал тәтті», «Атың шықпаса жер өрте», «Жарлы болсаң, арлы болма», «Көппен көрген ұлы той» деген мысалдарды келтіре отырып, халық әдебиетінің жанры – мақал-мәтелдердің сипатын береді. Яғни, Қ.Жұбановтың айтуынша, мақалдар қашаннан «мәңгі шындық» саналатын ерекшелік бар. Бұл сөздердің мәнісінде, мақалдар – «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», әрі халықтың өткен ғұмырынан білген-түйген қорытынды тұжырымы, ақыл мен даналыққа толы нақыл сөздері деген ой жатыр. Әйтсе де, Қ.Жұбанов мақал-мәтелдердің өнемейін «мәңгі шындықтың» да сипатын бере алмайтындығын да Абайды түсіндіру арқылы бізге ұғындырып кетіп отыр. Аталған зерттеудегі профессор «мақалдардың жарамсыздары көп екендігін» және осы жарамсыз мақалдардың «халық әдебиетін кері тартатын тараулар екендігіне» де мән береді. Бұл да дұрыс тұжырымы. Шындығында да, өткен мұраның бәрі де талғаусыз ала беретін «өңкей асыл» емес қой. Сондықтан да, халық әдебиетінің кейбір үлгілерінің ғасырдан-ғасырға сұрыпталып барып жетуі де тегін емес.

«Абай және халық әдебиеті» аталатын тарауда Абайдың «қазақтың мақалын да, ертегісін де, салтын да – бәрін де суретке пайдаланады», бірақ бұрынғы ауыз әдебиетінің үлгілерін пайдалана отырып, жаңа түр, жаңа сипат беретіндігін өте әділетті түрде атап өтеді. Әйтсе де, Абай ақынның жаңа әдебиеттің негізін салушы адам екендігін көрсетуде, бұрынғы әдебиеттің бар мұрасына сын көзбен қараушылық Қ.Жұбановтың өзінде де жоқ емес. Кей тұста тіпті батырыңқырап та айтып жібереді. Мәселен, «Абайдың алдындағы әдебиет үлгісі осы сұйық мәнді, жұқа дәнді өлеңдер, тозығы жеткен мақалдар, бір өңдей тізіліп, жалықтырғыш келетін ертегілер еді» деп ой қорытады.

Бұл тарауда тұрмыс-салт жырларының бір түрі болып келетін – жаназалау жырларына қатысты айтылатын пікірлер де бар. Жаназалау жырларының ішіндегі естіртуді айтушыларды Қ.Жұбанов, «өлгенді естіртушілер» деп атаған. Ғалым халық әдебиетінің негізгі ерекшеліктерін ашатын мысал ретінде, өлімге қатысты айтылатын жырларды дәлелге алған. Зерттеуші: «Өлгенді естіртушілер де қазақта осы әдісті (ауыз әдебиетіндегі қыстырма әңгіменің пайдасын айту туралы болып отыр - Ә.Ұ.) қолданады. Олар да Адам атадан бастап, неше түрлі жұрт білетін ірі өлім, аянышты өлімнің бәрін санап келіп, аяғында мақсатының бетін бір-ақ ашады. Онда да бір өлімнің бар екенін сезесің де бірақ кім үшін айтылып отырғанын, кім өлгені белгісіз. Сол белгісіздіктің өзі тыншытпай, тыңдауға айдап салады. Бірақ, қатарын тыңдамағаннан да зиян келмейді. Соңғы түйінін тыңдасаң, ұқсас болады». Халық әдебиетіндегі жаназалау жырларының жанрлық сырын дәл аша білетіндігінің көрінісін, естірту тұсындағы адамның көңіл-күйін дәл таба білетіндігінің дәлелін, зерттеушінің «сол белгісіздіктің өзі тыншытпай…» деп берілген тұстан да аңғаруға болады.

Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар:

  1. Тақырыпқа қатысты дайындалған слайд.

  2. Кеспе қағаздар.