- •Дәрістер кешені
- •Профессор қ.Жұбановтың ата-тегі, шежіресі туралы хронологиялық кесте;
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Жаратылыс → адам → даму → ой→ тіл → дыбыс // дауыс→ әуен → сөз → еліктеу → қимыл // би → саналы әрекет → күй
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуінің «Абай және халық әдебиеті» аталатын 3 тарауында айтылған тұжырымды пікірлердің құндылығын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.А.Яссауйдің ақындығы туралы зерттеулерге шолу жасай отырып, қ.Жұбановтың яссауйтанудағы өзіндік бағалы орнын студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың проза жанрында жазылған шығармаларының басты тақырыбы мен идеясын, көркемдік құндылығын, жанрлық ерекшеліктерін студенттерге ұғындыру.
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
- •Мақсаты: қ.Жұбановтың баспа бетінде жарияланған және ұзақ жылдар мұрағатта сақталып, ғылыми айналымға енді түскен мақалаларымен таныстыру.
- •Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қоғам және заман көрінісі
- •Ұсынылатын әдебиеттер:
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиеттер:
Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999. – 581 б.
Қаратаев М. Көргенім мен көңілдегім // Ағайынды Жұбановтар. Алматы: «Жалын», 1989. – 280 б.
Сыздықова Р. Қ.Жұбанов – қазақ тілі біліміндегі аса зор тұлға // Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Өнер. 1990 ж. 115 бетте.
Әуезов М. Ірі оқымысты // Қ.Жұбанов. Шығармалар мен естеліктер. Алматы: Өнер, 1990. – 208 бет.
Қосымша әдебиеттер:
Байтұрсынов А. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы: Алаш, 2003. – 408 бет.
Ысмайылов Е. Абайды зерттеу жайында. Алматы, 1987.
Мырзахметов М. Абайтану тарихы. Алматы: Ана тілі, 1994. – 194 бет.
Салғарин Қ. Таным баспалдақтары. Алматы: 1993.
Әуезов М. Әр жылдар ойлары. 1959.
Бөкейханов Ә. Абай (Ибрагим) Кунанбаев (Некролог). // «Абай» журналы, №2. 1992.
Мұсаұлы Р. Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы // «Абай», 1992, №3.
Дулатов М. Абай. // «Қазақ әдебиеті» газеті, № 16, 8 тамыз, 1995 жыл.
М.Дулатов. Абай. // «Қазақ әдебиеті» газеті, № 16, 8 тамыз, 1995 жыл.
№9 лекция
Тақырыбы: Қ.Жұбанов – абайтанудың арна басында
Мақсаты: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармашылығының зерттелуіне өзіндік ғылыми үлесін қосқан Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» зерттеуімен таныстыру, еңбектің ғылыми құндылығын таныту.
Кілт сөздері: шағатай әдебиеті, классик ақын.
Негізгі мәселелері мен мазмұны:
Абайтану ғылының тарихындағы Қ.Жұбановтың алатын орны.
Абай мен шағатай әдебиетінің байланыс дәрежесін ашып көрсетуі.
Ұлы ақынның еленбей жүрген ерекшеліктерін дәлелдеуі.
Лекция тезисі. Қ.Жұбановтың Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толғанына байланысты жазған мақаласы «Әдебиет майданы» журналының 11-12 сандарында жарық көреді. Сөйтіп, абайтанудағы маңызды проблемаларға назар аударылған-ды. Бұл зерттеу «Еленбеген ерекшелік», «Абай және шағатай әдебиеті», «Абай және халық әдебиеті» деген бір-бір еңбекке жүк боларлық сүбелі-сүбелі проблемеларға арналады. Әрбір бөлімі жіліктей талданған зерттеудің аяқталмай қалған ендігі бөлімі «Абайдың батысшылығы» турасында ма, әлде талайаларды тамсандырар тың тақырып болар ма деген ой жадымызда қылаң береді. «Абайды кім деп, Абай творчествосын қалай деп тану үшін қазақ қоғамында үлкен толқу туған кезде, жаңа қоғам өз байлықтарын қалай бағалаудың әлі бір жүйесін қалыптастыра қоймаған, сол үшін пікір күресі жүріп жатқан кезде жазылған. Ал мұндай кезең ең бір тарихи жауапты ұтыр. Мұндай ұтырлы кездерде ғылыми талдау ғылыми көрегендікпен ұштасу қажет болады, сонда ғана ұлттық мүдде өзінің қолдауын табады, әділ бағасын алады.
Өткір ойлы профессор Абай мен оның өскен ортасын, ақын поэзиясын бүкіл батыс пен шығыс тарихында белгілі ойшылдармен салыстыра келіп, «Абай жағдайының жайсыздығы тудырған, басып тұрған қараңғылық ішінен келер таңның шолпаны болып елестеп, тұнып тұрған тымырсықта келер дауылдың дауылпазы болып күңіргенген адам» деп бағалайды. Абай поэзиясының шығыстың классикалық поэзиясымен тарихи байланысы іштей де, тыстай да болған, «... Абайда Шағатайдың іші болып, сырты болмауы немесе сырты болып тұрып, іші болмауы мүмкін де емес. Ондай диссонансты Абай гармониясы көтермейді» деп түйеді. Абай поэзиясының лирикалық сипатын ғалым осылай айқындайды. Мұндай талдау қазіргі әдебиеттің өзінде де сирек ұшырасады» – деген М.Томановтың ой тұжырымы Қ.Жұбановтың Абайды зерттеуіндегі негізгі ерекшеліктердің бірінің бетін ашады. Ғалымның аталмыш еңбекті «Абайды ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар», - деп бастауы нағыз ерлік еді. Ғылым әлеміндегі мұндай ерлік, күшіне әбден сенген нағыз таланттың ғана қолынан келері сөзсіз. Салған жерден баз біреулерге тойтарыс бере сөйлеген ғалымның бұл сөзі мәселенің өзектілігін аңғартады.
Қ.Жұбановтың қазақ әдебиеттану ғылымындағы өзіндік орнын байсалды пікірмен атап өткендердің бірі Мұхамеджан Қаратаев еді. «Ал енді Құдайберген Жұбановтың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі айрықша үлкен. Әсіресе, оның Абай Құнанбаев туралы аяқталмай қалған кітабының маңызы, алатын орны ала бөтен», – дей келіп, Абай ақынның қайтыс болғанына отыз жыл толған тұста жазылған бұл еңбектің әдебиеттану ғылымына таңшолпандай жарқ етіп қосылғанын мәлім етеді. «Онда автор ол кез үшін тың, жаңа, өте батыл пікірлер ұсынды. Олай дейтінім, бізде сол тұсқа дейін әдебиетшілердің өзі Абай туралы айдан анық мәселелерді шатастырып, неше саққа жүгіртіп келгені бар. Біреулер феодал ақыны дейді, біреулер байшыл ақын дейді, енді біреулер одан діншілдік іздеді. Не керек, әйтеуір Абайды бізден аулақтатпақшы болды. Жұбановтың дер кезінде жарияланған жаңалықты еңбегі сол теріс пікірлердің күлін көкке ұшырады», – деп сол уақыт үшін актуальді проблеманы көтере білген бұл еңбектің құнды тұсын атап өтеді.
Қ.Жұбанов Абайдың «еленбеген ерекшелігін» жалған жаладан, жаңсақ таққан ен-таңбадан арашалап қалу үшін ғана жалаң пікірмен жаза салған жоқ; ол «Абайдың ұлы классик – жаңалыққа шақырған прогресшіл, гуманист ақын екендігін зәулім биіктен танығандықтан». Абай дүниесіндегі ерекшелікті түркі тілдес халықтардың әдебиетіндегі нарғасқалармен салыстыра отырып, көрсетіп берді. «Абай өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдердің әдебиетінен де үздік тұр», – деп баға беру Абайтану ғылымының болашақ, дұрыс бағытына жетеледі.
Адам баласының ішіндегі ұлының ұлылығы, өзгелермен салыстыра келе, шоқтығы биік тұрған уақытта білінеді емес пе? Қ.Жұбановта Абайды көршілес елдердің әдебиетімен салыстыра отырып, өзіндік ерекшелігін таныта келе: «қысқасы, бүгін Орта Азия XIX ғасырдың ұзын бойында ескі мәдениеттің кірлі көрпесін қалың жамылып батыс ауасынан әлі тыныс ала қойған жоқ еді»,- дейді. Шындығында да, әр ел өз әдебиетінің ішінде ғана өсіп-өніп, бір өскіннен ғана таралып дамып келе жатқан уақытта, қай халық болмасын мүлдем жаңа әдеби ауаны қажетсініп отырғандығы уақыт талабына сай туындап еді. Сөйтіп, Азиялық әдебиеттің жаңа арнада дамып кетуіне әлі де болса бір демдері жетпей отырған сәтте бұндай ғасырлық міндетті Абай ақын өз мойнына алды.
Абай Құнанбайұлының осыншалық еңбегін өзгелерге білгізген профессор Жұбанов, дәлел-дерек ретінде, алдыменен Абайдың ақындық құдыретін көршілес әдебиеттегі үзеңгілестерімен салыстырудан бастайды. Сондықтан түрікменнің Мақтымқұлұлы Фрагиіне (1733-1772), башқұрттың Шайхзаде Бабичіне, татардың Шиһабудтин Мәржәниі (1813-1889) мен Каюм Насирилеріне, азербайжанның Мырза Фатали Ахундовтарына (1812-1878) қазақ ақынының ұлылық деңгейін таныту үшін тоқталып өтеді.
Ғылыми салыстырудың ұтымды жағы көп екендігі даусыз. Бұл тұрғыда айтарымыз: «Абай – ұлы, ұлы!»- деп әдемі сөзден әсем сарай тұрғыза бергеннен ештеңе жоқ қой. Адамды да, сөз төркінін де психологиялық тұрғыдан пайымдай білетін Қ.Қуанұлы, нағыз ақын – қазақтың Абайы екендігін дәлелдемес бұрын, салыстыруға лайықты деп білгендердің жетпес жақтарын да, сонымен қатар биіктігін де қатар айтып, елеп-екшеп алады.
Тарихи-салыстырмалы тәсілді пайдалана отырып, зерттеу жүргізу Қ.Жұбановтың жүрдек қаламына ежелден-ақ тән. Бұл ұтымды тәсілді әдебиетке қатысты зерттеулерінен ғана емес, тіл біліміне қатысты ғылыми еңбектерінде де үнемі қолданғандығын зерттеушілеріміз баса назар аударып айтады. «... Құдайберген Қуанұлы өз кезіндегі тіл білімінің зерттеу тәсілдерін тамаша меңгерген. Олардың ішінен біз ғалымның тарихи-салыстырмалы тәсілді өте жетік меңгергенін және оны өзінің ғылыми зерттеуінде шебер қолданғанын баса айтуымыз керек. Ғалым еңбектерін мәңгілік етуде тарихи-салыстырмалы тәсілді қолданудың үлкен үлесі болғаны сөзсіз».
Салыстырмалы-тарихи зертеу әдісі туралы белгілі тілші ғалым Т.Қордабаев былай дейді: «Бұл тіл білімінде арнаулы зерттеу әдісі ретінде XIX ғасырдың басынан бастап қолданылып келеді. Тарихи – салыстырмалы тіл білімі деп аталатын ғылым осы әдістің тіл зерттеу ісіне кең қолданыла бастауынан туып, қалыптасты. Бірақ тарихи салыстырмалы әдісін дүниеге келтірген тіл білімі емес ол ғылыми әдіс ретінде басқа ғылымдарда оған дейін де қолданылып келген, тіл біліміне солардан ауысқан». Тіл біліміндегі «салыстырмалы-тарихи әдіс (метод) – туыстас тілдердің деректерін салыстыра тарихи тұрғыдан зерттеп, ондағы лексикалық және грамматикалық құбылыстардың шығу тегін, өзгеруі мен дамуын және түп тегінің бірлігін айқындау үшін қолданылатын ғылыми-зерттеу тәсілдерінің жиынтығы. Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өзі «ХІХ ғасырдың басында пайда болған лингвистикалық бағыт. ...Туыстас тілдерді салыстыру және тарихи тұрғыдан зерттеу барысында ғылыми-зерттеу тәсілдерінің жүйесі жасалып, ол салыстырмалы-тарихи әдіс деп аталды». Осы тіл біліміндегі тарихи-салыстырмалы әдістің қолданылу формасын фольклор мен әдебиет мәселелерінде тиянақты түрде көрсеткен профессор Қ.Жұбанов болып табылады. Зерттеуші аталған линвистикалық әдістің жекеленген белгілерін әдебиет өкілдері мен шығармаларын тексеруде, мәселен, Абайдың ұлылығын танытуда ақынмен тұстас өмір сүрген көршілес мемлекеттердің ірі ақындарының шығармашылығын зерделеп алудан бастаған.
Қ.Жұбанов – өте күшті аңғарымпаз зерттеуші. Қ.Жұбановқа қандай мәселені зерттеу объектісіне алса да, жан-жағын түгел қамтып, бар қыртысты жіті көзбен ақтарып, түп қазығына жетпей тоқтамау тән. Ғылыми зерттеу ісімен шұғылданғанда, тарихи-салыстырмалы әдіске салатыны да осы себептен болса керек. Тілді тексеру үшін, сол тілдің көркем шығармалар әлемін түгел білуді мақсат еткен ғалым, әдеби зерттеулерінде тіл білгіштік қасиетін де кеңінен пайдаланып отырған.
І.Кеңесбаев «Құдайберген – түркі тілін ғана емес, әдебиетін де жетік білген ғалым», – дей келе, Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі мақаласын оқыған адам, сол еңбекті жазған ғалымның «түркі халықтары әдебиетінін жете білетінін, сондықтан Абайды замандастарымен салыстыра тексергенін аңғаратыны сөзсіз. Мұндағы бір тамаша аңғарылатын нәрсе – ол түркі халықтары тілін көркем әдебиет арқылы игергендігінде. Оның әр халықтың көрнекті жазушы, қайраткерлерінің шығармаларын оқып әрі оларды заманына қарай бағалап, әділ сын айтуы таңданарлық еді» – деген еді тебіренісін жасыра алмай.
Қ.Жұбанов: «ХІХ ғасырдың ұзына бойына Күншығыс мәдениетінің кірлі көрпесін жамылып, Батыс ауасымен әлі тыныс ала қоймаған» түркі тілді халықтар әдебиетінен бастаған Қ.Жұбанов: «Түрікмен әдебиетінің атасы саналатын Мақтымқұли шағатайдың шеңгелінен шығып, түркімен әдебиетіндегі халықтық тілді жаңғыртып қана қойды»,- дейді. Мінекей қараңыз, профессор Құдайберген Жұбанов алдыменен «Мақтымқұлидың жетістігі халық әдебиетіне жуыса жүрді, шағатай шеңгелінен шықты», – деп ардақтай атауға лайықты тұсын да орынды атап өтеді. Ешқандай біржақты кетушілік жоқ. Сонымен бірге, Мақтымқұлидың тым биіктікке шыға алмағандығын да, әдеби тілді негіздей алмай «құр жаңғыртып қана қойғандығын» көрсетеді. Ал, біздің ақын, қазақтың Абайы «Шағатай әдебиетін 13-19 жастарында ғана жалтыратып тағынып, сонан кейін суынып, тастап кеткен тәрізді», – дей келе жалпы халықтық тілдің сапасын әсіре, байыта, сұрыптай келе, ұлттық әдеби тіл дәрежесіне дейін көтерген Абайдың оқшау тұрған ерекшелігін дөп басып айтады. Дегенмен де, ғалым Мақтымқұлидың жаңашылдығын жоғары бағалайды. «Ақын сөзі − халық сөзі» деп елінің сөзін сөйлеп, ой-арманын жырлаған Мақтымқұлидың өмір сүрген ортасы мен шығармаларында көтерген мәселелеріне зер салып, ой жүгірте қарасаң, Абай ақын мен екеуінің арасындағы сарындастықты, үндестікті байқауға болады. Зерттеуші Р.Бердібайдың айтуынша: «Ең алдыменен, бағалауынша Мақтымқұлидың да, Абайдың да тәлім алған ақындық дәстүр, үлгілері жақын, бұлардың екеуі де Шығыстың ғажайып тұнығын тіліп, көркемдік кестесін үйренген. Сонымен бірге халық ауыз әдебиетінің сарқылмас қазынасын меңгерген».
Мақтұмқұлидің өзі де елі үшін жай ақын емес. Ол да түркімен классикалық әдебитінің негізін қалаған адам. Әйгілі ақын Кеминенің «Мақтұмқұлы ақындық астықтың аймағын түгел орып кетті, біз содан қалған бірді-екілі астықты терушілерміз ғанамыз» – деуі де жайдан-жай айтыла салынған жоқ. Ол – текті тұқымның ұрпағы еді. Мақтұмқұлидің әкесі Довлетмамед Азалы да, шығыс халқына аты мәлім ақын болған.
Талантты импровизатор ақын Шайқзада Бабич – әрі, сатирик және юморист еді. Елге кеңінен танымал болған ақынның кейбір өлеңдері – башқұрт халқының сатиралық энциклопедиялық танымын танытса, «Клоп» («Kандала») балладасы, «Ғазазил» поэмасы, «Китабеннас» атты эпиграммалар жинағы сол тұстағы ең елеулі құбылыстардың таңдаулысы болды. Алайда, Құдайберген Жұбанов өте орынды атап көрсеткендей, Шайықзада Бабичтің өзі жекелеген шығармаларын есептемегеннің өзінде, ана тілінде «жазып жарымаған».
Татарстанда Абаймен бастас екі-ақ адам бар еді. Мұның бірі − Чиһабудтин Мәржани, екіншісі − Каюм Насири». Жазба әдебиеті көне дәуірден ХУІІІ ғасырдағы Ғалидың ізгілікті жырлаған «Жүсіп пен Зылиха» поэмасынан басталған татар әдебиеті ХІІ ғасырда суфизмге негізделген діни дидактикалық сипатта дамыса, ХІХ ғасырда татар әдебиетінде мұсылмандық схоластикаға қарсы ағартушылық демократиялық бағыт өріс алады. Міне осы бағыттың өкілдері, яғни, «ХІХ ғасырдың соңғы жарымында татардың жаңа өсіп келе жатқан жас буржуазиясына мәдениет жөнінде жол ашпақшы болған татар жаңашылдары» Маржани мен Насири болатын. Маржани мен Насиридің жетістік жақтарын, ренессанс тудырған Мартин Лютердің діни реформациялық қызметіне теңеу арқылы түйіндейді. Әйтсе де, Маржани жаңашылдығы – жадитшілдігінде ғана. К.Насиридің «таза татаршасы» да араб-парсы сөздерін көп кіргізген бүйрелеткі тіл болатыны» − деп тағы да салыстыру ұшығын Абайға тірейді. Яғни екеуінің тіл тазалығы, Абай ұстанған тіл тазалығына жете алмай жатыр дейді. Және «Маржани, өзінше Қазанның Лютері еді. Дін жөнінде Абайдың ұстаған жолы да осы жол болды», − десе, Абайды неліктен М.Лютерге бірден байланыстырмайды деген заңды сұрақ туындайды.
Мартин Лютер (1483-1546) Құдай алдында барлық пенделердің тең жағдайда тұратыны туралы идеясы – қарапайым жандардың өзіндік қадірін сезіне білу қасиеттірін оятты, әрі «бай, текті адамдарға қарағанда өздерінің тәуелсіз екендіктерін» сездірді. Лютердің ең басты жетістігі, Библияны неміс тіліне аудруымен байланысты. Бұл тәржіма – ұлттық мәдениеттің өрлеуіне бірден-бір септігін тигізген аса күшті шығарма болды. Лютердің шығармашылығы еуропалық, оның ішінде әсіресе, неміс философиясы мен мәдениетінің өркендеуіне елеулі түрде ықпалын тигізді. Міне, Мартин Лютердің неміс халқының өмір тарихында осындай күшті елеулі орны болды. Ал, Құдайберген Жұбановтың да Абайдың қазақ халқы үшін ең елеулі тұлға екендігін жеріне жеткізе түсіндіру үшін, ұлы ақынның ел тарихындағы ерекше төңкерісшіл тұлға болғандығын Маржаниді Мартин Лютерге теңеу арқылы салыстырмалы мысал-деректер келтіреді. Осы тұста, айта кету керек, профессор Мартин Лютерден бұрын Абайды алдымен түркі әлемімен салыстыруының логикалық қисыны бар. Өйткені, Абай тұсында біздің әдебиет орыс, Батыс әдебиеттеріне емес, туыстас тілді халықтар әдебиетіне жақын болды. Сондықтан, Маржани мен Насириді Лютердің тарихи қызметімен салыстыра келіп, Абайды соңғы екеуіне шендестіруі заңды. Соның өзінде, салыстыру принципін Қ.Қуанұлы бұзбайды, М. Лютердің елі үшін бағалы адам екендігін айтады. Қ.Жұбановтың айтуында: «Абай бейнелі ақын ол кезде көршілес татар әдебиетінде де дүниеге келген жоқ», – делінеді.
Шындығында да, реалистік татар әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Ғ.Тоқай, «Қансонарда бүркітші шығады аңға» (1882 ж.) жазылғаннан кейін дүниеге келген болатын. Ал Ғабдолла Тоқай тек татар ғана емес, жалпы түркі поэзиясындағы мақтан тұтқан жарық жұлдыздарының бірі болды. Қ.Жұбанов: «Қырымда сол жылы Ресей пантүркизмінің атасы Ысмайл Ғаспринский «Тілде, істе, пікірде бірлік», «жоғалсын татаршылдық!» ұрандарын көтеріп «Тәржіман» газетіне шығарады. «Тәржіманның» тілі біраз жеңілтіп алған Осман түрігінің тілі еді. Оның «Тілде бірлігінің астары» – бүкіл түрік-татар халықтарының ана тілін құртып, бәрінде Осман түріктерінің тіліне шоқындыруы еді», – деп сынай келе: «Соның әлегінен Қырым татарлары енді-енді құтылуға айналып, өзінің ана тілін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Жуырда болып өткен «Тіл, емле конференциясы» ғана Қырым-татар әдебиет тіліне орнықты, тура жол белгіледі», – деп қай ұлттың болмасын туған тілдеріне дұрыс қарауын қостағандықтан, жақтастық білдіреді.
Исмаил Гаспринский – жадидше оқудың негізін қалаушы болды. Құдайберген Жұбанов Исмаил Гаспринсийдің «Тәржіман» газетімен байланысты қызметін, ол «түрік-татар халықтарының ана тілін құртуға айналды» деп, осы жолдағы ісін қатты сынға алғанымен, бүгінгі таңда, И.Гаспринскийдің тарихи қызметі туралы оң көзқарастар белең алды. Зерттеуші ғалым Ә.Дербісалин «Абай поэзиясының баға жетпес жоғары сипатын ғалым ең алдымен таза халық тілінің негізінде қазақ әдеби тілін жасаудағы еңбегіне байланысты таниды. Бұл ретте оның Абайды ХІХ ғасырдыңсоңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Гаспринскийдің тіл жөніндегі пантюркистік саясатына мүлдем қарсы бағытта алып және азербайжанның Мырза Фатали Ахундовпен бір қатарға қоя бағалауы кезінде құнды ғылыми тұжырым болумен бірге, күні бүгінге дейін озық ой, салмақты түйін». Соныменен, Құдайберген Жұбанов Абайды бүкіл түркі тілдес халықтар әдебиетінің алыптарымен салыстырған уақытта үлкен білімдарлық көкжиегін танытып қоймай, көрегендігінің үстіне жүйелі пікірмен мынадай тұжырым жасайды: «Абайды көршілес елдегі замандастары, бастастарымен салыстырғанда Мырза Фаталиден басқа ешкім де шендесе алмай шығады. Ұлт тілі мен әдебиетіне сіңірген еңбегін, ақындық күшін алғанда Абай бәрінен де озат шығады» [27, 254] − деп Абайды тек азербайжанның аса көрнекті ағартушысы, демократ жазушысы, философ ғалымы Мырза Фатали Ахундовпен ғана қатар қояды. «Мырза Фатали Ахундов ХІХ ғасырдағы Азербайжанда қоғамдық-саяси және философиялық ой-пікірлер айтқан аса үлкен қайраткері болды. ...Мырза Фатали өз елінде драматургия мен театрдың, реалистік прозаның негізін салды. М.Ф.Ахундов сонымен бірге талантты ақын, дарынды драматург, үлкен прозаик және асқан әдебиетші еді» дейді. «Мырза Фатали араб жазуынан қашумен бірге ескі Шығыс мәдениетінің, ескі халық надандығының әр түріне қарсы күш салған, сонымен қатар бірнеше әдеби мұра да қалдырып кеткен адам еді», − дейді Қ.Жұбанов. Атап отырған әдеби мұрасы азербайжанның реалистік әдебиеті мен драматургиясының бастамасы болған «Алданған жұлдыздар» повесі және 1850-1855 жылдары жазған азербайжанның ұлттық өмірін көрсетіп, патриархалдық феодалдық өмірдің бетпердесін әшкерелейтін пьесалары. Осылардың бәрі азербайжанның ұлттық тілімен жазылған шығармалар. Сондықтан Мырза Фатали Ахундовтың азербайжан әдеби тілінің негізін қалаушы ретінде елінің тарихында алатын орны ерекше. Қ.Жұбановтың ұлы Абаймен Фаталиді ғана қатар қоюының сыры осында. Алайда «ХІХ ғасырдың орта шенінде, ескіліктің қай тарауына да төтепкі беруге талаптанған» Мырза Фатали, Құдайберген Қуанұлының айтуынша, «азербайжан халқының ана тілі де алдымен соның шығармаларында ғана болмашы орын алған еді. Бірақ, түркиешілдік ауруынан ол да тазарып болмаған еді», − дей келіп, «Ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін, ақындық күшін алғанда Абай бәрінен озат шығады. Өйткені ол кезде таза халық тілімен жазып тұрып, ол жазғанын классик әдебиет үлгісімен шығарған ол елдерде адам болған жоқ. Абайдың, бірқатар сыншылар есекермей жүрген, бір оқшаулығы осы» деп Абай ақынға өте әділ баға беріп, әрі абайтанудың алдағы күндегі ізденіс сапарына бағыт сілтейді.
«Еленбеген ерекшеліктің» екінші қырын ашқан ғалым: «Абайды өзгеден өңге қылатын оның тағы бір ерекшелігі: бұл − Тоқай мен Дәрдімәндей, Ғали Асқар Камал мен Фатих Әмірхандай, тіпті Маржани мен Насиридай − кезінің қолайлы жағдай жарыққа шығарған, өсіңкі тұрмыс тілегі тікелей тудырған адам емес. Ол − ояну дәуірінің толқынынан пайда болған неміс Лютері, француз Малербі де емес. Сондықтан, Ренессанстай ұлы нөсердің ірі жемістері: Леонардо да Винчи, Албрехт Дюрер болуы да Абайға «бұйырмаған», − дей келіп, Абай туралы былай толғанады: «Абай – жағдайының жайсыздығы тудырған басып тұрған тымырсықта келер дауылдың дауылпазы болып күңіренген адам. Бұл − өз ортасының Дантесі сияқты. Бірақ Данте − ескінің соңы, жаңаның алды еді. Ал Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар; ол − соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шет бұршағы сияқты. Абайдың осы алды жоққа жуықтығы, салған жолының сонылығы еленбеген ерекшелігінің бірі».
Қ.Жұбанов Абайдың орыс әдебиетінің інжу-маржанын алып, оны терең меңгергенін, қазақ әдеби тілінің негізін салғандығын уәж ете отырып, түркі тілдес әдебиет өкілдерінен көш ілгері кеткендігін ұтымды ой, жүйелі сөзбен дәлелдейді. Сөйтіп, Абайдың бәрінен озық тұрғанын дәлелдеп берді. Ақиқат, шындық осы болатын. Қ.Жұбановтың түрлі салыстырулар арқылы Абайды жан сала арашалауы, сол кезде әдеби мұра үшін күрестің қаншалықты күшті болғандығын айғақтады. Қ.Қ.Жұбанов – әсіре қызылшыл, жылтырақ сөздің құмары емес. Әрбір ойлы пікірі байыпты сараптамамен беріледі. Бұл пікірімізді зерттеудегі қисынын тауып қиюласқан әрбір ойлы сөз дәлелдей түседі.
Абайтанудың сын сағатында асқан білгірлікпен тың пікір айтып, тереңдік танытқан ғұлама ғалымның әрбір ой тұжырымы − зор эстетикалық талғамға негізделген көзқарасын танытады. Құдайберген Жұбановтың Абай ақынның ұлылығын мойындап, тұрған тұғырының биіктігін тануда адастырмас темірқазық жұлдыз болғандығын мойындамасқа болмайды.
Қ.Жұбановта: «Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Өйткені Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын», – деп бірі «көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті», екіншісі – қажы ауылы, ордалы ауыл болған Құнанбай ауылына ала-бөле таныс ескі Орта Азия үлгісі − шағатай әдебиеті», – дейді. Профессор Қ.Жұбанов бұл ауылды басқалардан бөліп атап, оның сол атыраптағы «мәдениет ошағы» іспеттілігіне ерекше мән беріп, «астын сызып» көрсеткен. Абайдың медреседен кейінгі уақыт биігінде Шығыстану өрісін кеңейткен, он тоғыз жасқа келгенше шағатайша жазу машығын жетілдірген жері − «осы хажылы» ауыл болғандығын ескерте отырып, сол арқылы Құнанбай жөніндегі түптің түбінде жатқан азаматтық танымын аңғартқандай болады. Ой үзігін ортаға салып, осы арада Қ.Жұбанов жазуының жігі білінбес нәзік иірімдеріне қол соза кету абзал. Ол: «қажы ауылы, ордалы ауыл болған Құнанбай ауылы» − деп ардақтай атайды. Сөйтіп, таптық әдебиет, «көсемдік» әдебиетке ала бөтен мейір білдіріп, басқасын тұншықтыра тұмшалаған «жікшіл» заманда Құнанбайдай ел еңселісін екшелеу − Қ.Жұбановтың тұлғалық ерлігіне тағы да тәнті еткізеді. Сыншы Сағат Әшімбаевтің ой-толғамынан шығып пайымдасақ, мынадай тұжырымға ден қоямыз: «... Эпопеядағы Құнанбай мен тарихта болған Құнанбайдың арасында кереғар айырмашылық бар. Өмір шындығына жүгінсек, дәл романдағыдай Абай мен оның әкесі Құнанай арасы қымқуыт тартысты болмаған. Қайта Абай әкесін көбірек ұлгі етіп айтқан. Құнанбайдың соншалық романдағыдай қатыгез, қара ниет жан болмағандығы қазақ даласын аралаған поляк оқымыстысы Янушкевич жазбаларында да жақсы айтылған. Оның жазуына қарағанда Құнанбай ел арасында сыйлы болған, білікті адам, бұл – бір. ...Ал, М.Әуезов, эпопеяда Құнанбай образын мүлде басқа планда өрнектеген. Жазушы өткенге социалистік заман мінберінен қарай отырып, әрбір оқиғаға, жекелеген образдардың шешіміне дейін таптық тұрғыдан келеді. Бұл тарихты бұра тарту – бұрмалау емес, өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырудағы өнер заңдылығы, социалистік реализм әдебиетінің принципі. Демек, әрбір жазушы өзінің эстетикалық идеалына сәйкес өмір шындығын жазушының өз кезіндегі қоғамдық мүддеге сай өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыруға хұқы бар. Анықтаңқырап айтқанда, бүгінгі күнге қажеті шамалы нәрселерді қозғамау, алып тастап отырған жөн». С.Әшімбаев өз мақаласын 1972-76 жылдар аралығында жазған. Одан бері талай күндер өтіп, талай таңдар атты. Социалистік реализмнің қисынсыздығын, іс жүзіне асуы мүмкін емес, жалған көземел, қияли схема екендігін өмір шындығының өзі дәлелдеді. Сондықтан көркем әдебиеттегі Абаймен арпалысқан керазу Құнанбай да жасанды бейне, қазақ қауымына жат кейіпкер, өнер иесіне зорлап таңылған қиянаттың желісі іспетті антиптиялық образ болып қалды. Ал енді нағыз тарихи Құнанбай жоғарыда Сағат Әшімбаев келтірген Абай өлеңінің үзіндісінен көрінетін тұлға болса, оны «Абай жолы» романы жарыққа шықпас бұрын зиялы жұртшылық қалай түсініп, қалай қабылдаған деген сұрақтың туары хақ қой?! Әрине, отызыншы жылдардың орта шенінде «Шынжыр балақ, шұбар төс, аға сұлтан Құнанбайды» қаймене қазаққа қайырымы мол, жақсы адам еді», − деп сендіре қою мүмкін де емес-ті. Оның үстіне ол тұстағы пікір-таластарда Абайды не тарихтағы өзіне тиесілі орнынан ысырмалаушы озбырлық ниеттерге қарсы тұрып, ақындық, ойшылдық, қаламгерлік қасиеттері бойынша лайығымен тану, әділ бағалау керек еді, не ақынның шыққан тегіне, таптық әлеуметтік ортасына, діни сенімдері мен әйел мәселесіндегі «кертартпалығына» қарап, әдебиет алабынан «аластау» қажет болатұғын. Сондықтан Абайды жақтаушылар бірінші кезекте ақын-азаматтың өз басын дау-шардан арашалап алуға тырысқаны мәлім. Тап сондай сәттерде профессор Құдайберген Жұбанов секілді ойшыл ғұлама бұл мәселеде де көрегендік, зерделілік танытып, «қажылы ауыл» атанған Құнанбай ауылын Абайдың ақындық позициясын шыңдаған шешуші факторлардың бірі есебінде аузына алады. Бұл − әрі байыпты, әрі тосын таным. Басқаша айтқанда, Қ.Жұбанов, тарихтағы Құнанбайдың атын атамай-ақ, оның шын мәнінде асыл азамат, әкелік парызын өтеген ер жүректі пенде, адамгершілік жолын қастерлеген ірі тұлға екендігін жанамалап жеткізеді және ғалым бұл тұрғыдағы өз байлауына ешбір кәдік келтірмей, мол сеніммен сөйлейді. Профессор Қ.Жұбановтың тарихи Құнанбайға деген осы көзқарасы айтылу формасының бүркемелі, тұспалды болуына қармастан, бүгінгі күнде қалыптасқан Хажы Құнанбай жайындағы пайымдаулармен толық үндеседі деп білеміз.
Аттаған әрбір адым аңдулы болған «қуыршақ үкіметтің» заманы аса сақтықты талап ететін еді. Сондықтан да болар, ғалым кей тұстарда «Абайдың еліктегені, кейіннен қанағат қылмай, соныдан жол іздегендігі» туралы ой төге отырып, шағатай орнына «жалпыға ортақ шығыс», «күншығыс» сөзін қолданады. Бұл арада әңгіме, «Шығыста әйгілі жеті жұлдыз бар, соның ең осалының өзі, менен мықты», – деп әлемнің ұлы ақындарының бірі Гете табынған жалпы шығыс, оның рухани мәдениеті, діни және философиялық танымдары туралы емес, Құдайберген Жұбановтың ойында, тек орта Азия түріктерінің шағатайша қалыптасқан жасанды жазба тілі және соған негізделген көркем әдебиет жасаудың сөз ойнату машықтары ғана еді деген емеурін бар.
Қ.Жұбанов Абай мен Шағатай әдебиетінің арасындағы байланысты сөз еткенде «... біріндегі «меннен» қашу, біріндегі «менді» ардақтау − осы Абай мен шағатайдың басын бір қазанға сыйдырмайтын», − деп дүниетанымындағы қарама−қайшылық пен алшақтықты білгірлікпен терең танып, ашық көрсетеді. Ғалым абайтанудың сын сағатында ұлы ақынның танымындағы мағынасы қос қыртысты, табиғаты тереңнен тануды талап ететін «мен» мен «менікінің», яғни жан мен тәннің арақатынасы туралы ғылыми тереңдік те, көрегендік танытты. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, − деген даусыз ақиқатты да, көреген, образды көркем сөз бен пәлсафалық консепциясын қайсысы қай жерде жүргенін де аңғарған» профессор Қ.Жұбанов − Абайдың жан сыры туралы күрделі ой тарамдарын тану жолында зерделі ой өрбіткен алғашқылардың бірі екенін естен шығармауымыз керек. «Жан шариғат пен сопылардың айтуынша сырттан енген құбылыс, құдайдың өзінің құлы – адамға тартқан тартқан сыйы» - деген Абайдың «Сократ хакімнің сөзі» деген жетінші сөзінде. Сократ Хакімнің өз шәкірті Аристодимге «... Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді, содан соң ие болдың», - деген пікіріне қарап, Абайдың жан туралы ой-толғамы осы екен деп ешуге болмайды. «Жиырма жетінші сөзді Абайдың төл туындысы деуден гөрі, Сократтан еркін аударған шығарма десе болғандай», - деп Мекемтас Мырзахметов те ескертеді. Абайдың жан сыры жайлы ой-танымы астары мол күрделі таным. М.Мырзахметов оның Абайда төрт қыры барлығын аңғартады. Бірінде жанның мағынасы тіршілік иесі – адам ретінде берілсе, екіншісінде, жан психикалық құбылыс, үшіншісінде, жан, жоғарыда атап кеткен тәңірінің сыйы, ал соңғысында жан сезім мүшелері арқылы санадан тыс өір сүретін объективті дүниені біздің санамызға сәулелену процесінен пайда болатын рухани құбылыс. Міне, Абай танымындағы «мен» осы «сәулелену процесінің» жемісі, – адамның ақыл-ойы, санасы Абайдың ардақтайтын осы. Ал шағатай әдебиеті, мұсылмандық дүниетаным негізіндегі құран онан шағатай әдебиетінде «мен» мен «менікінің» ара қатынасы мен мәні мұнан басқаша.
М.Қаратаев: «...Әрине, Қ.Жұбановтың еңбектерінде өз кезеңі уақыт ізін қалдырмаған дей алмаймыз. Бүгінгі ілгері кеткен ғылым биігінен қарағанда, кйбір аталас пікірлер арагідік кездесіп қалады. Мысалы, шағатай әдебиетінің дәстүрлерін сәл кемітіп бағалау – мұның қазір бәлендей мәні жоқ» – деп жазған еді. Біздіңше, Қ.Жұбановта Абай шағатай әдебиетінен мүлдем аулақ тұр деген біржақты ой жоқ. «Рас, алғашқы әзірде, өлең дүниесіне қадам басқан кезде, шағатай қармағына Абай да ілінген. Бірақ көп ұзамай ол қармақтан бұлқынып шығып кеткен сияқты. Әзірге белгілі бір кезеңіне жататын үш-ақ өлеңі бар. Оның да бірінің бас-аяғы жоқ. Бірақ осы аз өлеңнің өзін жазылған мезілдері мен формалары арасындағы үйлесімі жағынан алып қарағанда, шағатай қаумасынан Абайдың бір аттаса-ақ шығайын деп тұрғанын көру қиын емес», − деп Абайдың шағатайды жасөспірім жасында жалтыратып тағынып, кейін суынып тастап кеткендігін, енді Абайдан шағатайдың ықпалын іздеу бос арам тер екендігін термелеп айтады. Абайдың шығыстан аулақтауының мәнісі неде? Осы арада ой иірімін үзе тұрып, Қ.Жұбановтың ақын Әбділда Тәжібаевқа айтқан әңгімесін еске алсақ дейміз: «... Біз шығыс мәдениетімен терең тамырласпыз. Біздің толып жатқан эпикалық дастандарымыз бен аңыздарымыз, мифологиялық ертектеріміз қашаннан ұрықтас. Ал шағатай тіліндегі қисса, дастан, лирикалар біздің де жазба әдебиетіміздің басы. Оларды «кітаби ақындар» деу жете бағаламағандықтан туған сөз».
Абайтану тарихында Қ.Жұбановтың классик ақын мен шағатай әдебиетінің арасындағы байланыс мәселесі түрлі көзқарастарды тудырмай тұрмады. Кезінде М.Қаратаев та: «Әрине, Қ.Жұбанов еңбектерінде өз кезеңі уақыт ізін қалдырмаған жоқ. Бүгінгі ілгері кеткен ғылым биігінен қарағанда, кейбір үстірт, жаңсақ айтылған жайлар, талас пікірлер арагідіккездесіп қалады. Мысалы, шағатай әдебиетінің дәстүрлерін сәл кеміте бағалау, қазақ тілі ХІХ ғасырда өзінің тұтастығын жоя бастады деу, термин, емле мәселелерінде азын-аулақ жетіп айтпаған жайлар – мұның қазір бәлендей мәні жоқ», – деп бір жағынан, елеусіз кемшілік ретінде қарады. Дегенмен де, профессор Қ.Жұбановтың осы ой-толғамдарына зер салып, саралап қарасақ, бір тылсым сырдың жайын ұғынғандай боламыз. Атап айтатын болсақ, Қ.Жұбановтың қолданысындағы шағатай терминін жалпы шығыс деп түсініп қана қою дұрыс бағыт емес. Білгір зерттеуші Шығыс деген сөзді тым сирек қолданады да, егер қытай, жапон, монғол, үнді, т.б. ұғымдарға қатыстырмай, бөліп айтқысы келсе, мұсылман шығысы деп атаған. Шығыстағы түркі жұрттарынан тілі басқа иран тілді ақындарды әдеби дәстүрі бойынша бірге айту қажет болғанда, шағатай-парсы деп қосақтап атаған. Сондай-ақ Қ.Жұбанов шағатай тілі дегеннің ешбір жекелеген халыққа тән ана тілі емес, ескі Орта Азия түркілерінің бәріне ортақ жасанды әдеби тіл екендігін, оның ауызекі сөйлеу, сөйлесуге жарамайтын, өмір сүру формасы тек жазу арқылы ғана жүзеге асатындығын жете білген. Міне, сол себепті де Абайдың шағатай тілін көркемдіктің құралы етпей, одан бас тартып, керісінше қазақтың ұлттық тілін классикалық әдебиет тілі деңгейіне көтеруді көздеп, соның үшін бұрынғы «бірі − жамау, бірі − құрау» өлеңдерді ұстартып, сөз сарасын қиыннан қиыстырып, жаңа өрнектер жасағанын, өнер саласында нысанаға алған мектебі − шағатай үлгісіндегі диуаналық лирика, қияли мистицизм емес, батыс классиктері ұштаған өткір де, шыншыл қару − сыншыл реализм әдісі болғандығын жеріне жеткізе айтып кеткен. «Сонымен − дейді Қ.Жұбанов, − 1864 жылдан Абайдан шағатай ықпалын іздеу − бос арам тер болып шығады. Өйткені: 1) шағатай әдебиетінің негізгі бағыты − мистицизм. Абайда бұл жоқ; 2) шағатай әдебиетінің тілі араб-парсымен шұбарланған шұбар тіл. Абайда бұл − машықтану үшін болмаса, бұл ұшырамайды; 3) шағатай әдебиетінде өлең өлшеуі − араб-парсының ғаруз өлшеуі. Абай мұны ерте тастаған; 4) Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын шағатайдың ғарузын сүйсінген болса, жазып алып сүйсінбей басқа бір қасиеттерін қосып ала жүрген болар еді; Абайдың еш қылуасында олармен әдеби оты өрелі жанатын қылық жоқ». Қ.Жұбановта: «Ол (Абай) – иран, шағатай әдебиетінің классиктерімен танысқан, оларды ұғынған, шеберлігіне қол қойған», – делінеді. Бұл арада: Абай шығыс классицизмінен безінген жоқ, шығыстың шағатайлық мистицизмінен бойын аулақ салды деп түсінген жөн.
Әдебиеттегі шұрайлылықты іздеуде Қ.Қуанұлының салыстыру заңдылығында баратындығын қашанда ескере отырсақ, Қ.Жұбановты дұрыс ұғуда алшақтық болмайды. «Физули, Шамси, Сайқали», – деп бастап медет тілеген, одан «Юзи раушан көзи гауһар», – деп ақындық беті ашылмаған күйде жырлаған Абай, енді бір жылдан соң «Әліп деп ай жүзіңе ғибрат еттім» дейтін тұстар, Абай ақынның «басын тауға да, тасқа да ұрған іздену жолдары. Ақындық өресі кеңейген кезінде өзін де, өзгені де қатаң сынды ұстайтын ақын кейіннен «алтын иек, сары ала қаз» бейнелі етіп жырлауға мүлдем қарсы» [27, 256]. Қ.Қуанұлы Абайдың ақындық жоғары деңгейін көрсету үшін, көршілес елдердің үздік үлгілерімен салыстырудан бастады. Сол секілді, «күншығыс ақынының ... касталық жағдайын көрсететін» кемшін тұстарын да нұсқап өтеді. Дәлірек, ашып айтсақ, профессор Жұбанов, Абай, күншығыстың кей ақындарынша құр елеске малданып, сұлулықты жанды тіршіліктен алшақтатып көрсететін соқпаққа түсіп, мәңгілікті жырлады ма деген сауалды мәселелерді қарастырады. Сонда, Абайдың сомдаған сұлулығы, көзге көрінбейтін, құр қияли әсемдік пе? Жоқ, Қ.Жұбановша айтсақ, «Абай бұдан аулақ». Сөйтіп, шығыстың мистикалық әдебиетіне бара тұрып, бойын тартқан Абайдың ақындық халін нұсқалы сөзбен тұжырымдайды.Сөйтіп, профессор Қ.Жұбанов бұл еңбегінде Абайдың бозбала жасында «жалтыратып тағынып» еліктегені кейіннен жалпы мұсылман Шығысы, оның руани мәдениеті, діни және философиялық танымдары т.б. емес, тек Орта Азия түріктерінің шағатайша қалыптасқан жасанды жазба тілі, сол тілді игерген зиялы қауымнан басқа ешкім оқи алмайтын шартты әдеби тіл және көркем әдебиет жасаудың сөз ойнату машықтары ғана еді деген емеурін танытады. Рас, кейбір тұстарда ғалым шағатай деген төрешінің орнына мағынасы жалпыға ортақ шығыс сөзін қолданады, қараңыз: «Абай Шығыс үлгісін көрмей, білмей, аман кеткен емес, белшесінен кешіп барып, батпағына аунап барып, одан шығып кеткен ақын». Бұндағы белшесінен кешу деген сөз баяғы иран-шағатай ақындарының ізін қуалау, олардың бар сырына қанық болу, өлең құрау техникасын жете білу дегенге саяды. Әрине, Қ.Жұбанов мұсылман шығысы Абайға етене жақын еді деп ашық айта алған жоқ. Шығыс мәдениетіне сәл іш тартқан адамды «панисламист», «пантюркист» деп ат қойып, айдар тағып жатқан заманда Абайды ежелгі Шығыс әлеміне қоңсы қондырудың өзі мүмкін емес еді. Бірақ ғалым «Алланың өзі де рас, сөзі де рас; Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі», – деген, «Дін, құдай жайын өлең қылса, «Мәкен берген, налық қылған − ол ләмекен», «Уә кутубиһі дегенмен ісі бар ма?» деп арабшалап кететін». Абайды жалпы шығыс ұғымынан безіп кеткен деп есептемейді. Тек өзінің бұл тұрғыдағы ойын ашық айтпай, шым-шымдатып былай жеткізеді.
«Абай енгізген өлеңнің жаңа өлшеулерінің кейбірі, кім біледі, ғарузға ұқсап та тұрған шығар. Арабтың 28 әрпіне келетін комбиннацияның ешқайсысын қалдырмай, тек ұйқасын қуалаған шығыс ақындарының тоқсан тару өлең ұйқасы мен өлең өлшеуі Абайдың кейбір өлеңіне тура келіп те кететін шығар. Бірақ оған қарап, оп-оңай шеше салуға бұл мәселе көнбейді. Қазақтың өлеңінің бар өлшеуін созып айтып, бұрмалап қараса, ғаруздан шығаруға болады. Абайдың жаңа үлгілерінен де осыны істеуге болатын болар. Бірақ, шағатай әдебиеті, ғаруз үш ұйықтаса түсіне кірмеген Міржақып: Сен жоғында бұл жалғанда, Сен келгенде арамызға Қанша орасан толды кем?» дейтін жоқтау өлеңін: «Ләгул мүлке, лу ул камдо, Лә шурко, ләнуннеғма» уәзінмен жазды деп қалай нандыруға болар?».
Бұл жолдар Абайдың шығысқа қатысы жайлы М.Әуезовтің концепциясына Қ.Жұбановтың көзқарасы сай емес деп жүрген кейбір зерттеушілердің сыңар жақты пікірлерін жоққа шығарады. Өйткені М.Әуезов Абайдың еліктеу кезінен кейін (1860-1865) творчествосының марқайған тұсында «шығыс ақындарымен өнер тартысында шеберлік жарыстырып, шығстан алған өлең өрнектерін» «творчестволық талғам елегінен өткізіп барып өзіндік етіп жіберген ақындық құдіретін» танып біледі. Қ.Жұбановтың да өлең табиғатында осы ерекшелікті аңғара білгендігі дау туғызбайды. Мұны ғалым М.Мырзахметовтың мына сөзі нақтылай түседі: «Зерттеуші Абайды шағатай әдебиетінен мүлде бөліп қарастырмайды. Ақындық өнердің балаң кезінде Абай шағатай әдебиетінің қармағында болып, еліктеу дәуірінен тез арылады да, жігіттік шағында тіпті осы әдебиеттің атақты классиктерімен ақындық өнер салыстырып, творчестволық жарысуға дейін барды деп қарайды. Абай шағатай әдебиетінің өзекті арқауы мистицизм мен ондағы тіл шұбарлығынан ертерек арылып кеткенімен, Шығыс ақындарындағы өлең ұйқасымен уәзіні ақын шығармаларында болуы мүмкін деп біледі, бірақ бұл мәселені жете танып білу аса күрделі боп келуі себепті, оны оңайлықпен шешілмейтін проблема қатарына жатқызады». Ф.ғ.д., профессор Х.Нұрмахановтың «Қ.Жұбанов Абай туралы еңбегінде филологиялық талдаудың теңдесі жоқ үлгісін жасап кеткен ғалым. Ғұламаның негізгі қорытындысы бойынша Абай мұсылман күншығысындағы өзі бастас-тұстастарынан озық болу себебі − көркем әдебиет жүгін арқалайтын негізгі құрал етіп халық тілін қолдануы және сол жазғанын классикалық әдебиет дәрежесіне көтере білді. Бұл ретте Абай өз қатарына мырза Фатали Ахудовтан басқа еш қаламгерді теңестірмейді деген түйінін әлі күнге дейінгі біздің тіл көркемдігін талдаудағы көтеріліп жетпеген биігіміз», − деген тұжырымды ақиқат айтылған пікір деп білеміз. Соныменен, Абай ақынның қайтыс болғанына 30 жыл толу датасын лайықты атап өтуге талап күшейген тұста өмірге келген Құдайберген Жұбановтың «Абай − қазақ әдебиетінің классигі» мақаласы абайтанудың жаңа кезеңін бастап берді. Бұрынғы пролетариат жазушыларының ассосациясы тарап, 1934 жылы Жазушылардың бірінші съезі шақырылып, енді олардың қауымдастығы Кеңес жазушыларының Одағы деп аталған тұста бұрынғы пролетариат әдебиетінің тар құрсауы түсіп, ұлт мәдениетін, ұлттық әдебиетін тану, оның өсіп-өркендеуіне жағдай туғызу сияқты жаңа леп денені сергітіп самалдай бүкіл елді шарлайды. Бізге Абай қажет пе деген талапты күн тәртібіне қойған тұста, «Абай деген кім?», «Ол қай таптың өкілі?», «Оның туындылары кімдер үшін жазылған?», «Абайдың ақындық деңгейі қандай?», «Шыққан тегі мен төңірегі кімдер?», «Абайдың эстетикалық идеалы қандай?» деген сұрақтар туындай бастаған уақытта Қ.Жұбановтың Абай туралы зерттеуі жұртшылық назарын өзіне жіті аударып әкетеді. Міне, осы кезеңдегі жаңа абайтанудың арна басында тұрған профессор Қ.Жұбанов өзіне дейінгілерден өзгеше ғылыми таным тұрғысынан келеді.
Абай Құнанбайұлының қазақ тарихындағы орны зор қадірлілігін, жаңашылдығын, өміршеңдігін жазған профессор Абай төңірегінде айтыс туындап жатқан тұста ақынды «қазақ әдебиетінің классигі» деп атауы таңқаларлық жайт. «Классик» құрметіне кім ие болуы керек дегенге жауап іздеп, Абай ақындығының ақиқатын танытып, батыл түрде мәнді пікірлер айта білді. Қ.Қ.Жұбанов зертеуінің «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деп тақырыптауға лайық екендігін бүгінгі жұрты толық мойындайды. Сондықтан қазіргі таңда біздің этномәдениетіміздің саласында «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген тезис аксиомаға айналып, өзінің позициясын жан-жақты бекітіп алды. Профессор Қ.Жұбановтың бұл сүбелі зерттеуінің ең басты назар аударатын мәселесі − ол Абайды тек қазақ ішіндегі халық ақындарымен салыстыра отырып, оның ұлт тілін классикалық әдеби тіл дәрежесіне дейін көтерудегі тарихи қызметіне Мақтымқұлы, Маржани, Насыри сияқты өзге ұлт ақын-жазушыларының шендесе алмайтындығын батыл дәлелдеді. Абай шығармаларының бүкіл әлемдік мәдениет мұрасынан нәр алған үш қайнар көзі жайлы таным 30-шы жылдары етек ала бастайды. Әрине, бұған дейін абайтанудың алғашқы кезінде-ақ Орынборда татар тілінде шығып тұрған «Уақыт» газетінде осы мәселе жөнінде тұңғыш пікір көтерілген болатын. Алайда, бұлар «Абай шығармаларын оқу үстінде сезінген бірлі-жарымды қардай танып атаудан туған пікірлер еді. Сондықтан 30-жылдары Абайдың нәр алып сусындаған бұлақтары жайлы терең мәнді соны пікірлерді тұңғыш білдірген қос ғұламаны атау орынды. Оның бірі − М.Әуезов болса, екіншісі − Қ.Жұбанов.
Қ.Жұбанов ұлы ақынның шығармашылық арналарын тануда, оны ғылыми тұрғыдан баяндауда зор жетістікке жетті. Сондықтан да ұлы ақынның мұраларын бүкіл болмыс-бітімімен танып, зерделілікпен саралай білген Құдайберген Жұбанов бұл мәселені сол кезеңдік таным тұрғысынан шешуде Абайды әлемге танытуда теңдесі жоқ еңбек сіңірген, сөйтіп, абайтанудың білгір бірегейі М.Әуезовпен тең түспесе кем түсіп тұрмағанын мойындауымыз қажет сияқты. Ә.Ермеков: «Абайдың ұлылығы неде? − деген мәселені де үзілді-кесілді біржола шешіп берген де Құдайберген еді. Бақсақ, Абай «... ол кезде таза халық тілімен жазып тұрып, ол жазғанын классик әдебиет үлгісімен шығарған екен. Өстіп, «Абай − қазақ әдебиетінің классигі деген правоға ие болған. Бұндай бағаны отызыншы жылдарда М.Әуезовтің өзі де бере алған емес еді» − деген пікір айтады. Айтылған пікірге қарап, ой бағамдасақ, бүгінгі күнде «Абайды бірінші танытқан М.Әуезов пе, әлде Қ.Жұбанов па?» − деп талас тудырып, құр даурықпаға барсақ, ештеңе де ұтпасымыз айқын. Абайды айдай етіп әлемге танытуда біз атап отырған қос алыптың әрайсысының өзіндік ерекшелігі, өзіндік бағалы орны бар екендігі даусыз.
Қ.Жұбановтың абайтанудағы басқаға ұқсамайтын негізгі ерекшелігі, тіл мен әдебиеттің мұхитына терең бойлаған білімдар тұлға болғаннан кейін, ақын Абайдың классик ретінде қалыптасқан тұлғасын танытуда тыңғылықты терең зерттеулерге барып, көр соқыр қараңғылықтың әр жерінен сәуле шашқан нұрын теріп алып, жан-жағына самаладай жарық болып төгілген Абайды жалпы филологиялық тұрғыдан зерттеуі. Тіл мен әдебиетті егіз арқалап, ажырамас бір бүтін дәрежесіне көтеруі және өз зерттеулерінде осы ақиқатты таныта білуі. Біздің мақсатымыз, абайтанудағы әр зерттеушінің алатын үлес салмағын бағамдау арқылы ғылымдағы жаңа бағыттың, соны соқпақтың ізін салуға ұмтылу. Белгілі зерттеуші-ғалым, филология ғылымының докторы Ә.Дербісалин Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген еңбегі ... Абай мұрасын тану мен бағалауға дұрыс жөн сілтеген, осы саладағы болашақ үлкен істерді алғаш негіздеген бастапқы ғылыми дәйекті, әрі терең зерттеулердің бірінен саналады» – деген еді. Ал бүгінгі күнде Құдайберген Жұбановты танудағы біраз зерттеушілеріміз елемей жүрген ерекшелік те жоқ емес. Өңге абайтанушыларға қарағанда тіл мен әдебиетті тел емген Құдайберген Жұбанов «Абай − қазақ әдебиетінің классигі» еңбегінде энциклопедиялық зерттеудің үлгісін көрсетті. «Абай – қазақ классикалық әдебиетінің негізін қалаушы» болса, «Қазақ лингвистикасының негізін қалаушы» (М.Әуезов, І.Кеңесбаев) – Құдайберген Жұбанов еді. Қ.Жұбанов бастапқының басы болғандықтан да, «әдебиетіміздің көшбасшысы» болған Абайды жете түсінді, терең таныды, жіті зерттеді. Тілдің қыр-сыры күшті түйсікпен сезіне білетін зерттеуші әдеби талдаудың классикалық үлгісін танытты. Біз ұстанатын бағыт та осы болуға тиісті. Ұлыларды шын мәніндегі ұлылар ғана ұғатын болар. Қ.Жұбановтың аяулы да адал жары бола білген Раушан анамыз: «Марқұм Мұхтар Әуезов жасы үлкендігіне қарамай, Құдайбергенді қатты сыйлайтын, біліміне, ақылына жүгінетін. Мұхаңды Құдайберген де жоғары бағалаушы еді» − деген болса, Мұхтар Әуезовтің өзі де: «Туған жер, өскен еліне шынайы ой-арманы мен қалтқысыз көңілі, ақаусыз білімімен танылған абзал азамат, ардақты ғалым еді» − деп бағалайды. Абай қазақтың қолайсыз кезінде-ақ өсіп жетілді. Бұл кезең − өзгелердің қайта өрлей дәуірлеуіне мүмкіндік тудырған Еуропалық қоғам емес, қазақтың арпалысқа толы заманы болатын. Әлемнің басқа құрлығындағы мемлекеттер, қазақтың сар даласынан зәулім-зәулім ғимараттар таппай, «осы елдің өткен дәуірінде өркениеттің ізі бар ма?» – деп күмән келтіретіндер табылып жатса, айтарымыз, қадірменді қазақтың басты мәдениеті, философиясы – құдыретті сөзінде дер едік. Сөздің шын мәнінде рухани зор байлық екендігін арғы Абай да, бергісі Қ.Жұбанов та дәлелдеп отыр. Қазақтың классик ақыны Абай − елдің ескі әдеби әлемін ұғымтал зейінмен ертерек ұғынып, ескере келді. Шығысты шолып барып, шынарларының бар дәмдісін татып көрді. Сөйте келе Батысқа тұшына бас қояды. Қ.Қ.Жұбановтың зерттеуі бізге осыны білгізеді. Абай сынды кемеңгерді тану және таныту, өсу, қалыптасу жолын ғылыми тұрғыда дәлелдеу, Қ.Жұбановтай озық ойлы біртуар дарынның қолынан ғана келетін қасиет екендігі даусыз шындық. Сөйтіп, ұлы ақынның мұрасын бүкіл болмыс-бітімімен танып, зерделілікпен саралай білген білімдар тұлға Құдайберген Жұбанов Абайды әлемге танытуда теңдесі жоқ еңбек сіңірді. Жасыратыны жоқ, Құдайберген Жұбанов танымы күшті тілші ғалым бола тұра әдебиетті де жете меңгерген, әрі тағылымы терең, тұжырымды пікірлерімен әдебиеттану ғылымында орнын ойып алар тұлға болатындығын Абай туралы еңбегінің өзінде-ақ танытып кетті деп батыл айта аламыз. Сөзімізді қорытындылай келе, М.Қаратаевтың пікірімен ой үндестірсек дейміз: «Абайды өз заманындағы түркі тілдес әдебиет өкілдерінің маңдай алды болды деген тезисті жан сала дәлелдеген жас профессор критерий етіп қазақ ақынының орыс әдебиеті туғызған озат үлгілерді жіті де зерделі игергендігін алға тартады, қазақтың таза әдеби тілін жасағандығын уәж етеді. Мұның өзі кезінде данышпан Абайдың жаңашылдығын терең түсінген нағыз жаңашыл, ақиқат ғылыми көзқарас болып табылады. Мұндай көзқарас тек Абайтану ғылымының алдында тұрған дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблеманың кілтін ашты. Абайды қазақ поэзиясының классигі, қазақтың әдеби тілінің негізін салушы данышпан шебер деген пікірін Құдайберген жалаң декларациямен уағыздамайды, оның солай екендігіне тамаша жіті көрегендікпен, эстетикалық талғаммен, терең де нәзік поэтикалық талдаумен көз жеткізеді. Абай поэзиясының образдылығы, суретшілдігі, байырғы халықтық тілі, өлеңдік керемет қасиеттері ғалымның талдауында жаңа сипат алған. Бұл тәсіл де кейінгі монографиялық зерттеулерге мұрындық болған сияқты». Соныменен, Абай шыққан асқар тудың басын қара бұлт шалғанда, қаймықпастан сол түнектің түндігін серпіп тастап, Абайды күн нұрына бөлеп, дүниеге қайта әкелген ғұлама ғалып Құдайберген Жұбановтың асқан көрегендікпен абайтану ғылымының негізін салысудағы еңбегінің ораса зор екендігін бүгінгі ғылым жұртшылығы мойындады.
Энциклопедиялық білімді бойына сіңіргендігін еңбекқорлықпен таныта білген ғұлама ғалымның Абай ақынның шығармашылық шеберлігін тұрлаулы түрде талдап беріп, тың тұжырымдар жасауы – осы саладағы зерттеушінің ешкімге ұқсамайтын өзіндік орнын айқындап кетті. Қ.Жұбановтың абайтанушылығы жөніндегі ойымызды тұжырымдар болсақ, ғұлама ғалымның «Абай − қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуі − қазақ әдебиеттану ғылымына зор үлес болып қосылған аса құнды ғылыми еңбек дейміз.
Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар:
Тақырыпқа қатысты дайындалған слайд;
Кеспе қағаздар.
