Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ІШКІ АУРУЛАР ПРОПЕД.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
7 Мб
Скачать
☆

І. Науқасты тексеру жоспары. Науқасты жалпы сұрап және қарап тексеру.

  1. Сабақтың мақсаты:

1.1 Науқасты тексеру жоспарымен, сырқатнамамен танысу.

2. Студент тақырып бойынша не білуі керек (өзіндік дайындалу сұрақтары):

2.1 Науқасты сұрап тексеру әдісінің тәртібі. Сұрап тексеруден алынатын мәліметтердің дертті анықтаудағы маңыздылығы.

2.2 Шағымдардың анықтамасы, оларды сараптау, талдау.

2.3 Дерттің даму тарихы, анықталатын мәліметтер, олардың диагностикалық маңызы.

2.4 Науқастың өмір тарихынан анықталатын диагностикалық маңыздылығы бар негізгі мәліметтер.

2.5 Мәжбүрлі жағдай түсінігі.

2.6 Мәжбүрлі жағдайдың түрлері.

2.7 Ес бұзылуының өзгерістері.

2.8 Сопор түсінігі.

2.9 Ступор түсінігі.

2.10 Кома түсінігі.

2.11 Дене бітімі (дене конституциясы) туралы түсінік.

2.12 Дене бітімінің түрлері.

2.13 Дене бітімі түрінің анықтау әдісі.

2.14 Тері түсі өзгерістерінің түрлері.

2.15 Цианоз түсінігі.

2.16 Саусақтардың «дабыл таяқшасы» және тырнақтардың «сағат әйнегі» түріндегі өзгерістері себептері.

2.17 Дермографизм түсінігі және оның түрлері.

2.18 Лимфа түйіндердің анықталу реттілігі, олардың сипаты.

3. Науқасты тексеру жоспары:

3.1 Науқасты сұрап тексеру реттілігі.

3.1.1 Науқастың төлқұжаттық мәліметтері (аты-жөні, жасы, мекен-жайы, жұмыс орны, мамандығы).

3.1.2 Науқастың шағымдары. Шағымдар нақтылануы (сарапталуы) керек. Шағымдардың нақтылануы (мысалы: ауыру сезімінің) орналасу орнын, таралуын, күшін, сипатын, пайда болу уақытын, себептерін және бәсеңсу жағдайын анықтап, дәлелдеп сұрауды айтамыз. Алғашқыда негізгі шағымдар, содан кейін қосымша (жалпы шағымдар) мәлімденеді. Науқастардың өзі айтатын шағымдардан басқа шағымдарды дәрігер белсенді түрде сұрастыруы керек. Негізгі шағымдарды сипатталып жазылған жүйенің жағдайынан басқа ағзалардың немесе жүйелердің жағдайы туралы сұрастыру қосымша сұрақтардың көмегімен жүргізілуі керек. Жүйелер бойынша шағымдарды сұрастыру келесі үлгі арқылы жасалады:

Тыныс алу жүйесі: ентігу (экспираторлы, инспираторлы және аралас), жөтел (құрғақ, қақырықпен, тұрақты, ұстама), кеуде қуысындағы ауыру сезімі (тыныс алу, жөтелу кезіндегі), қақырықтың сипаты (мөлшері, түсі, иісі, консистенциясы, қанның қосындылары).

Жүрек-қантамыр жүйесі: ентігу (тыныштық кзінде, күш түскенде, ұстама тәрізді), жүректің соғуы (жиі, ретті, ретсіз), жүрек аймағындағы ауыру сезімі ( сипаты, ұзақтығы, таралуы, себебі, басылуы және т.б.); ісінулер (орны, пайда болу уақыты).

Ас қорыту жүйесі: тәбеттің бұзылуы ( төмендеуі, жоғарылауы), диспепсиялық белгілер ( лоқсу, құсу, кекіру, қыжылдау), іш аймағындағы ауру сезімі (сипаты, орналасу орны, себебі, таралуы) іштің өтуі, қатуы, кебуі, ұзақтығы.

Зәр шығару жүйесі: бел аймағындағы ауыру сезімі, зәр шығуының, жиілігінің, түсінің өзгеруі, ісінулер.

Жүйке жүйесі: жұмысқа қабілетінің төмендеуі, ашушаңдық, ұйқының сипаты (қанша сағат ұйықтайды, тез ұйықтап, тез оянуы, ұйықтататын дәрілерді пайдалануы), басының ауыруы.

3.1.3 Аурудың даму тарихы (anamnesis morbi). Ауру басталуының ерекшеліктерін анықтау қажет, ауру белгілерінің кенеттен немесе біртіндеп басталуы; олардың ағымы, себебі, дамуы; қолданылған ем, оның тиімділігі, соңғы нашарлауының себептері.

Созылмалы аурудың сырқатнамасында – оның басталған жылы немесе қанша жыл науқас өзін аурумын деп санайды, аурудың бірінші белгілері хронологиялық ретпен ең бірінші белгісінен бастап ауруханаға түскенге дейін; бәсеңсуі және асқынуы кезеңдері, асқынудың жиілігі. Емдік және алдын алу шаралары, олардың тиімділігі; қазіргі емханаға жатқызудың тікелей себептері, қандай белгілер пайда болды. Науқастың алған емін көрсету керек.

3.1.4 Өмірінің тарихы (anamnesis vitae). Ол үшін науқастан ағзасының ерекшеліктерін және оның әртүрлі тітіркендіргіштерге жауап беретін қасиетін, сонымен қатар, белгілі бір аурудың дамуына жағдай туғызатын кейбір себептер жөнінде мәліметтер алу қажет.

Өмір анамнезінің негізгі бөлімдері келесі: науқас жайында қысқаша өмірбаяндық мәліметтер (қай жерде, қашан туылды, қалай өсті, қанша жасында мектепке барды, бірге оқитын оқушылырдан артта қалған жоқ па; неше сынып бітірді, әскерде қызмет етуі, жоғарғы оқу орнында оқуы, мамандығы).

  • Өндірістік жағдайлар және кәсіптік зияндылықтар.

  • Әлеуметтік –тұрмыстық жағдайы. Тамақтану тәртібі және сипаты, күн тәртібі. Үйреншікті уланулар (ішімдік ішу, темекі шегу - қанша

жыл темекі шегеді, саны)? Жанұялық өмірі, үйлену, тұрмысқа шығу уақыты, балаларының денсаулығы. Әйелдер үшін гинекологиялық анамнез: етеккірдің басталуы, жиілігі, екіқабаттылықтың, туудың, аборттың саны, климакс болған жағдайда: қанша жасында, оның көріністері.

Тұқым қуалаушылық: ата-анасының денсаулығы, ата- анасының, ағайын- әпкелерінің қайтыс болуының себептері. Ауру үшін маңызы бар дертке ерекше назар аудару қажет.

Аллергиялық анамнезі: дәрі – дәрмектерді, тағамдық өнімдерді, иістерді, т.б. көтере алмауы, қабылдамауы. Дәрі-дәрмекке аллергия болса, оның көріністерін анықтап табу: есекжем, беттің немесе көмейдің ісінуі, шок.

Эпидемиологиялық анамнезі: сары аурумен, туберкулезбен, жыныстық жанасудан туатын аурулармен өзінің ауруы немесе осы дерттермен ауырған кісілермен қатынаста болу, қан құйғызудың, оталардың болуы.

Сақтандыру анамнезі: жедел аурулар үшін – қай күннен бастап ауруды куәландыру қағазы берілген; қазіргі ауруы бойынша бір жыл ішінде қанша күн еңбекке жарамсыз болды. Мүгедектік тобы болса – мүгедектіктің қай тобы.