Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мемуар толық.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
517 Кб
Скачать
☆

24. Қ.Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» романындағы тарихи өмір шындығын баяндаңыз

Х.Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір», А.Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Б.Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы», Ә.Нұршайықовтың «Өткелдер», Р.Тоқтаровтың «Бітеу жара», М.Мағауиннің «Мен» романдарымен бірге Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» шығармасы да өмірбаяндық романдардың алдыңғы шебінен орын алған шығармалардың бірі. Әдебиетіміздегі бұл жанрдың өзіндік қорына олжа салу үшін кез-келген қаламгерге өмірлік бай тәжірибе мен суреткерлік диапазон кеңдігі қажет. Бұл жүрдек уақыттың безбеніне түсіп, небір қым-қиғаш жолдан өткеннен кейінгі ой таразысына елес түсіретін дүниелердің жаңғырығы іспетті. Әрі қазақ әдебиетінің қорына ұшан-теңіз туынды әкелген қаламы қанатты Қ.Жұмаділов сияқты жазушылардың әрбір кейіпкерінің ішкі әлеміндегі психологиялық құбылыстарға терең бойлау үшін де бұл керек. Кейінгі жас ұрпаққа ғұмырбаяндық шығармалардың берер өнегесі де осы тұрғыдан өлшенсе игі. Қ.Жұмаділов шығармаларының ерекшелігі сонда, ол адам болмысы мен ұлт болмысын бірлікте, тұтас дүние кеңістігінде қарастырады. Ұлы Абайдың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деуі, одан кейінгі Алаш зиялыларының ең алдымен адамдық принципті бәрінен жоғары қоюы қазақ этносының атадан балаға мирас болып келе жатқан «адам болу – жақсылық жасау» деген көзқарасын меңзейді. ХХ ғасырдың бас кезінде «Ұлтшылдық дегеніміз – ұлтын сүю» деген қағиданы орнықтырған А.Байтұрсынов бастаған ұлт қамын ойлаушы Алаш арыстарының ой-пікірімен жастайынан таныс, Байтұрсынов «Әліпбиімен» алғашқы сауатын ашқан Қ.Жұмаділов қолынан келгенше Алаш идеологтарының тоталитарлық жүйе тұншықтырып тастаған арман-мүддесін ашық айтуға тырысты. Сондықтан да ол Шыңжанда жүріп «ұлтшыл» атанса, оған себеп болған факторларды көрсетіп беруге ұмтылды. Осы арқылы адам өмірінің мән-мағынасын ұғындырды, ұлтын мейлінше сүйген адамның «ұлтшылға» айналу себебін дәлелдей отырып, отарлаушы алпауыт империялардың қитұрқы әдіс-тәсілдерін көркем бейнелеу арқылы зердемізге құйып беруге ден қойды. Қ.Жұмаділов 1936 жылы көкек айының 24-жұлдызында Тарбағатай тауының күнгей бетіндегі Шәуешек шаһарынан елу шақырым жердегі Малдыбай бұлағындағы қазақтың киіз үйінде дүниеге келген. Шығыс хиссасы негізінде қойылған Арнұрашит деген ағасына ұйқастырып, алғаш азан шақырғанда оған Қабдырашит деген ат қойылған екен. Бірақ ата-ана, ағайын-туған, ауыл-аймағы еркелетіп Қабдеш атандырған. 1944жылы  Малдыбай қыстауына жақын  Сібеті деген жердегі әкесі  Жұмаділ салдырған төрт сыныптық  бастауыш мектепке сегіз жасынан  барғанымен, емтихан алғанда әліппені тақылдап оқып, қисса, дастандарды жатқа соққан баланы бірден екінші сыныпқа қабылдайды. Үшінші сыныптан бастап дін сабағын да қосымша оқытады. Сөйтіп, Сібеті мектебін 1947 жылы үздік бағамен бітіріп, ары қарай оқуды 1949 жылы Шәуешек қаласында жалғастырады. Тұрсын, Шәкен, Сейітбек, Дәуітбек, Үркінші сияқты жетекші мұғалімдерден дәріс алады. Кейін осы адамдар жазушы шығармаларының қаһармандарына айналады.

Қ.Жұмаділов – әдебиетке өлеңмен келген қаламгер. Болашақ жазушының «Шыңжаң» газетіне жіберген алғашқы шығармасын сол тұстағы газет қызметкері, қазіргі белгілі ақын Оразақын Асқар ұнатып, газетке дайындап береді. Тұңғыш жарияланған осы өлеңнен кейін аймақтық «Тарбағатай» газеті мен өлкелік «Шұғыла» журналына үзбей өлеңдері жарияланып тұрады. Ал тұңғыш прозалық шығармасы 1956 жылы «Шұғыла» журналының бірінші санында жарияланған «Жамал» атты әңгімесінен басталады. Оның Қазақстандағы алғашқы шығармашылық қадамы да өлеңмен басталыпты. 1957 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімінің бастығы, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ақын Мұзафар Әлімбаевтың көмегімен болашақ жазушының бір топ өлеңі республикалық газеттің бетіне жарқ ете қалғанда, сол тұстағы әдеби орта мен студенттер арасында болашақ жазушының беделі бірден аспандап шыға келеді. Бұдан кейін көп өтпей өлеңдері «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне, «Пионер» журналына жарияланады. Қ.Жұмаділовтің тұңғыш кітабы да 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жас дәурен» атты өлеңдер жинағы екен. 1956 жылы шет елге оқуға жіберу үшін Шәуешек қаласына екі орын бөлінеді. Соның бірі үздік оқушы болғандықтан Қ.Жұмаділовке бұйырады. Сөйтіп, арнайы өкімет жолдамасымен сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматыға келіп, оқуға түседі. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 2-курсын аяқтаған бетте 1958 жылы елдегі науқанға байланысты шетелдегі студенттерді де Қытай өкіметі қайта шақыртып алады. 1955 жылға дейін «кері төңкерісшілдерді бастықтыру», «жер арендасын кеміту», «помещиктерді тәркілеу», «үшке қарсы, беске қарсы» деген сияқты қозғалыстар кезінде пролетариат диктатурасы өзінің ең өткір қаруын жергілікті жердегі ел басқарған тұлғалар мен белгілі ақын-жазушыларға бағыттады. «Оңға бейім элемент» және «жергілікті ұлтшыл» деген екі бірдей «атаққа» ие болып үлгерген Қ.Жұмаділов «барлық гүлдер ашылсын, барша бұлбұл сайрасын» атты «Ашылып–сайрау» науқанының көкпарына айналады. Арада көп уақыт өтпей, «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес… Бұлбұлдан – қарғаны, гүлден – арам шөпті ажыратуымыз керек!» деген ұранмен «стиль түзету» науқаны шығады. Қызу науқан кезінде болашақ жазушы өзіне жабылған жаланың бәріне дәлелді жауап айтса да оны «еңбекпен өзгерту лагеріне» жібереді. Сөйтіп, жазушы өмірі 1958-1962 жылдары қуғын-сүргінге айналады. 1961 жылғы көктемнің басынан оны «төменге түсіріп», Тарбағатай аймағына жібереді. Бірақ Қ.Жұмаділовтің «идея қалтасы» деген қосымша құжаты уақытында жіберілмей, не жергілікті жерден жұмыс тауып бермей, оны тоғыз айға жуық сандалтады. Алматыдан оқып келген әжептәуір атағы бар азаматты тіпті мектепте маман жетіспей жатса да, жұмысқа қабылдамайды. Ақыры аталас ағайыны, Сібеті мектебінің директоры Нұртай Қожабеков жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, болашақ жазушыны бастауыш сыныпқа мұғалім етіп қабылдайды. «Сөйтіп мен 22 жасымда «ұлтшыл» атандым. Бұл – менің империялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үйреніп, бұл аттан онша үрікпейтін болдым. Тіпті, мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сатқын, ұры-қары, қарақшы атанбай, ұлтшыл атанғаныма мың бір тәуба! Әрине, кейін абыройға жетіп, елге танылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәрежелерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлтшыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді. Тегінде, қай елде болмасын, отаршыл өкіметтің «халық жауы» дегендерін – «Халық қаһарманы», «ұлтшыл» деп атағандарын «елін сүйген патриот» деп ұқсақ қателеспейміз», – дейді жазушының өзі. Отаншыл, халықшыл деген сөздер жақсы болғанда «ұлтшыл» деген сөздің құбыжық құсап көрінуі әуелде Кеңес өкіметінің Алашорда қайраткерлерін осылай атап, бұл сөз әлі күнге дейін өзінің «қорқынышты» сипатынан арылмай келе жатқандығын Қ.Жұмаділов «Таңғажайып дүние» атты өмірбаяндық кітабында жеріне жеткізе жазады.