- •Белгілер мен қысқартулар
- •Әдебиетке шолу
- •1.1.1 Шаруашылықта некробактериоздың пайда болу этиологиясы
- •1.1.2 Некробактериоз кезінде қолданылатын жаңа әдістер мен препараттар
- •1.1.3 Некробактериозды алдын алу шаралары
- •1.2 Өндірістік нысанның қысқаша сипаттамасы
- •1.3 Зерттеу материалдары мен әдістері
- •1.3.1 Зерттеу материалдары
- •1.3.2 Зерттеу әдістері
- •1.4 Зерттеу нәтижелері
- •1.4.1 Шаруашылықтың ветеринариялық-санитариялық жағдайының сипаттамасы
- •1.4.2 «Родина» аф індеттік жағдайы
- •1.4.3 Бактериологиялық зерттеулер
- •1.4.4 Алдын алу және сауықтыру шараларын ұйымдастыру
- •2 Экономикалық бөлім
- •3 Қоршаған ортаны қорғау
- •4 Еңбекті қорғау
- •Қорытынды және ұсыныстар
- •Қолданылған әдебиеттер тізімі
Әдебиетке шолу
1.1.1 Шаруашылықта некробактериоздың пайда болу этиологиясы
Ірі қара мал өсіретін шаруашылық кешендерде жануарлардың тұяқ ауруларының пайда боуына себепкер болатын келесі факторларды атап кетуге болады: құнарлығы толық емес және сапасы төмен азықпен азықтандыру; гиподинамия; малдардың тығыз орналасуы; түрлі жарақаттануларға ұшырауы; едендердің сапасы төмен және құрылыстық жобасының дұрыс болмауы; жануарларды бағып күтуде зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық талаптардың орындалмауы; тұяқтардың жоспарлы және жүйелі күтімінің (тұяқтарды кесу, тазалау, клиникалық тексеру, уақытында емдеу және дезинфекциялағыш ванналарды қолдану) болмауы [5].
Індетке қарсы шаралар жүйесіндегі негізгі шаралардың бірі – шаруашылықта (аймақта), зерттелетін ауру бойынша туындаған індеттік ахуалды зерттеп, нәтижелері бойынша тиісті шараларды жоспарлап ұйымдастыру. Қазақстанда ауыл шаруашылық малдардың арасында тіркелетін инфекциялық аурулардың ішінде некробактериоздың алатын орыны ерекше. Өйткені бұл індет бойынша еліміздің көптеген аймақтарында қолайсыздық байқалып, індеттік ахуал жылдан жылға шиеленісіп отыр.
Еер инфекциялық ауруларға қарсы уақтылы шұғыл шаралар қолданылмаса мал шаруашылығы орасан зор шығынға ұшырайды. Бұл шығынды құрайтындар: мал өлімі және соған байланысты мал басының кемуі, ауырған малдан алынатын өнімнің азаюы, елдің шикізат қорының және мал мен мал өнімдерінің экспортқа шығарудың төмендеуі. Жұқпалы ауру шыққан кезде карантин мен шектеу шаралары шаруашылықтың экономикалық байланыстарына нұқсан келтіріп, оның іс-әрекеттеріне қолбайлау болады.
Індетке қарсы шаралардың экономикалық тиімділігі осы шаралар арқылы жұқпалы аурулардың алдын ала отырып, ауру байқала қалған жағдайда оның зардаптарын шектеу арқылы шаруашылыққа келетін зиянды болдырмау немесе мейлінше азайтудан туындайды. Бұл шаралардың арқасында мал басы сақталып, одан алынатын өнімнің мөлшері мен сапасы артады. Ветеринариялық шараларды жетілдіргенде оған жұмсалатын шығын да азаяды. Індетке қарсы шаралардың экономикалық тиімділігін талдағанда мынандай көрсеткіштер еске алынады: болдырылмаған экономикалық нұқсан, алынған экономикалық нәтиже, жұмсалған әрбір теңгенің қайтарылымы, жұмсалған күрделі қаржының қайтарылымы.
Халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін мал шаруашылығын жедел дамытып, оның өнімділігін шұғыл арттырып, алынатын өнімнің сапалылығына қол жеткізу қажет. Мал басын көбейту үшін де, оның өнімділігін және алынған өнімнің сапасын арттыруда да індеттану ғылымы мен індетке қарсы шаралардың маңызы аса зор. Мал шаруашылығындағы осы заманғы жеделдетілген технология тек қана мал басы жұқпалы аурулардан толық және тұрақты ада болғанда ғана нәтижелі болады. Экологиялық жағынан таза, санитариялық сапасы жоғары мал өнімдері ғана халықтың талабын қанағаттандыра алады. Осы заманғы жеңіл өнеркәсіп технологиясы малдан алынатын шикізаттың сапасына өте жоғары талаптар қояды. Ол талаптарға дені сау малдан алынған өнім ғана сай келеді. Қазіргі уақытта меншіктің барлық түрлері қатар дамып, жекеменшіктегі мал санының шұғыл артуына байланысты мал шаруашылығына ветеринариялық қызмет көрсету, оның ішінде індетке қарсы шараларды іске асыру қиындай түседі. Сондықтан ғылыми және практикалық ветеринарияның ең басты міндеті жеке мал отарларын ғана емес, барлық территорияның жұқпалы аурулардан таза болуын қамтамасыз ету.
Рационда протеиндардің, көмірсулардың, минералды тұздардың және микроэлементтердің, оның ішінде фосфордың, кобальттың, марганецтың, цинктың жетіспеуі немесе тым көп болуы ірі қара малдарда тұяқ мүйізінің шектен тыс өсуіне және деформациясына әкеп соғып нәтижесінде тұяқ ауруларының жиілеуне себепкер болады [6].
Сонымен қатар тұяқ ауруларының пайда болуына едендердің конструкцияларнда жіберілген кемшіліктердің тигізетін әсері өте зор. Едендердегі саңылаулардың тым үлкен болуы (5-6 см), өскен тұяқтың саңылауға кіріп сынуына әкеп соғады, нәтижесінде тұяқта пайда болған жарылымдар, ойықтарда саз және ки жиналып тұяқтың пішіні өзгеріп оның қалыпты қызмет ету мүмкіндігі бұзылады, бұның барлығы жиі жағдайда саусақтардың және аяқтардың басқада құрылымдық бөлімдерінің ауруларына әкеліп соғады [7].
Беті тегіс емес бетонды және темір едендерде тұяқтардың кейбір бөлімдеріне 4-5 кг/см2 қысы түсу салдарынан әр түрлі асқынулардың пайда болуына себеп туындайды. Бұндай едендерде табан беткейі өшіріліп, тұяқ терісінің жалаңаштануы салдарынан ол жерге инфекцияның енуіне және патологиялық процестің өрбуіне әкеліп соғады [8].
Күнделікті моционның болмауынан мал тұяғының мүйізді капсуласы тым өсіп деформацияланады, бұның салдарынан мүйізді қабығы сылынып, жарылып, сынықтар пайда болуынан сол жерлерге некробактериоз қоздырушысы түседі.
Ғылыми деректерге сәйкес, жануарларды ылғалды ғимараттарда ұстау немесе ылғалды аймақтарды бағу, аяқтардың дисталды бөлімінің мацерациясына, мүйізді қабаттарының жұмсаруына, терінің ісінуіне әкеліп соғады. Бұл жерлердің қан айналымы бұзылып, нәтижесінде жарылымдар пайда болған жағдайда, мүйзді қабаты сылынып немесе жарақаттар байқалған кезде некробактериоз қоздырушысының енуіне және көбеюіне қолайлы жағдайлар туындайды.
Сонымен қатар аяқтардың некробактериозының туындауына тұяқтарды дұрыс күтпеу немесе ондай шаралады мүлдем жүргізбеу себепкер болады.
Саусақ терісінің, тұяқ табанының, майтабанның жарақаттануларын дер кезінде және дұрыс емдемеу, майтабан, тәж флегмоналары және т.б. аурулардың пайда болуына себепкер болады. [9].
Н.Т. Щербаков және т.б. зақымданған тұяқтарды зерттеу барысында олардан: стрептококктар, стафилококктар, ішек таяқшаларын, протеяларды және т.б. бөліп алған. Бөлініп алынған микрофлораның стрептомицинге, пенициллинге, эритрамицинге сезімталдылығы төмен екендігі дәлелденді. Сонымен қатар саусақтар мен тұяқтардың іріңді-некротикалық зақымданулары жиі жағдайда некробактериоз қоздырушысының қатысуымен өтетіндігі анықталған, және бұндай жағдай соңғы жылдары жиі байқалып отырады [10].
Некробактериоз – негізінен сирақтың бақайы, кей жағдайда ауыз, желін, жыныс мүшелері, өкпе, бауыр, бұлшық еттер мен басқа да мүшелер мен ағзалардың іріңдеуі және өліеттенуі арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру.
Бұл ауру барлық жерде тараған және жұқпалы екені мәлім болған. 19 ғ. 60-шы жылдары Франция мен Италияда қойдың "тұяқ ауруы" ретінде сипатталды. Кейіннен клиникалық белгілері бойынша шірік тұяқ, панарициум, таз ерін, гангреналық дерматит, некрозды немесе дифтериялық стоматит деп аталды. Қоздырушысын бірінші рет Р.Кох (1881) бөліп алды да, толық сипаттамасын Леффер (1884) берді. Бірақ ұзақ уақыт бойы бұл бактерия негізгі қоздырушы емес қосалқы микроб ретінде қарастырылды. Сондықтан да некробактериоз әр түрлі дене мүшелерінің зақымдануына байланысты бірнеше дербес ауруға бөлініп келді. Тек 1932 жылы А.Г. Ревнивых солтүстік бұғысының "тұяқ ауруын" зертеу нәтижесінде некроз таяқшасының этиологиялық маңызын түпкілікті дәлелдеді [11].
Қоздырушысы – Bacterium necrophorum – ауа сыбағасыз, қозғалмайтын, спора түзбейтін, қауашақсыз, өте полиморфты микроб. Жағындыда жіп тәрізді, дөңгеленген, ұзын немесе қысқа таяқшалар, сопақша, кок тәріздес әр түрлі пішінде кездеседі. Жіп тәрізділерінің ұзындығы 100 тіпті 300 мкм дейін жетеді, жуандығы 0,75-1 мкм. Микроб тек қана ауасы жоқ жағдайда Китт-Тороцци ортасында, Мартен сорпасында, бауыр сорпасында, қоймалжың агарда, қанды глюкозалы агарда өседі. Жайлы өсу температурасы 36-36,5, рН 7,4-7,6.
Төзімділігі жағынан некробактериоздың қоздырушысының оншама ерекшелігі жоқ. Несепте – 16, көңде – 50, сүтте – 35 тәулікке дейін, жайылымдағы ылғал топырақта 3 айға дейін сақталады. Зарарланған заттарда кептірілгеннен соң бөлме жағдайында 18ºС-та 1-2 тәулікте өледі. 100ºС қыздырғанда 1 минутта, күн сәулесінен 8-10 сағатта, 60-65ºС-та 15 минутта өледі. Марганец қышқылды калий (1:100), риванол, лизол, фенол, формальдегид, күйдіргіш натрий, креолин және т.б. дезинфектанттар үйреншікті концентрациясында некроз таяқшалары 5-30 мин өледі.
Некробактериозбен барлық үй жануалары, көптеген жабайы аңдар ауырады. Бұл ауруға әсіресе солтүстік бұғысы, қой, ешкі, сиыр, шошқа, жылқы, үй қояны, құстардан тауық бейім. Ересек жануарлардан гөрі жас тһлдер жиі ауырады. Зертханалық жануарлардан қолдан жұқтыруға тек қана үй қояны мен ақ тышқан бейім. Адам да ауырады.
Инфекция қоздырушысының бастауы – ауру және бактерия алып жүруші мал. Күйісті жануарлар ауырып жазылған соң бактерия алып жүруші болып қалады. Қоздырушы таз қарын мен ішекте айлап сақталады да, оны күйіс қайырғанда үнемі аузындағы жынынан, сирегірек нәжісінен бөліп алуға болады. Некроз таяқшасы организмнен сыртқы ортаға сілекеймен, нәжіспен, өліеттенген жердегі бөліндімен шығады. Бұл микроб мал қораларында, көңде, топырақта, жайылымда, тоқтау суларда жиі кездеседі.
Қоздырушы жануар денесіне жарақаттанған тері немесе кілегейлі қабықтар арқылы енеді. Аурудың біліну қарқыны мен таралу ауқымына әсер ететін себептер: күтімнің нашарлауына байланысты жануар организмінің өорғаныс қабілетінің төмендеуі, фермалардағы, жайылымдықтардағы, суаттардағы, мал айдайтын жолдардағы антисанитариялық жағдай, мал ұстайтын жерде көң мен садыраның қордалануы, малды шалшықты жайылымдарға жаю.
Малды ұзақ уақыт ылғал қораларда ұстау немесе сазды жерде жаю тұяғы мен сирағының төменгі жағындағы терісінің жібіп, тұяқтың жұмсарып, терінің балбырауына әкеп соғады. Ол жерде қан айналымы бұзылып, жарықшақтар пайда болып, жарақаттарға сарыптың бактериялары еніп, өніп-өсуіне жағдай туады. Сирақтың некробактериозы болуына тұяқты дұрыс күтпей, оның тұрқының өзгеруі, жарықшақтар пайда болуы, сынуы, табаны мен өкшесінің жарақаттануы әсер етеді. Ауру қоздырушысы малды пішкенде, иттің құйрығы мен құлағын кескенде, акушерлік жәрдем көрсеткенде асептика ережелерін сақтамаудың нәтижесінде, жаңа туған төлдің кіндігі арқылы және басқа жолдармен енеді. Минералдық қоректің тапшы кезінде, маса-шіркей талағанда жануарлардың бұл ауруға төзімділігі төмендейді. Жемшөпте сымтемір, шеге, шыны сынықтары тақылеттес заттар болғанда, тікенді қатаң шөпті жайылымдарға малды жайғандааузының кілегейлі қабығы жарақаттанады.
Некробактериоз жануарларда шамалы ғана індеттік тұтану ретінде байқалып, жекелеген шаруашылықтарды, фермаларды немесе мал отарларын қамтиды. Кейде аусыл, шешек, эктима, әртүрлі стоматит ауруларымен қабаттасып өтеді. Ауру әсіресе қой және бұғы шаруашылықтарына зор зиян келтіреді.
Негізінен жарақаттанған немесе қабынған тері, болмаса кілегейлі қабықтар арқылы жұғады. Қоздырушы енген жерінде қолайлы жағдай болғанда ғана өсіп-өнеді. Ұлпаның жарақаттануы (механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық әсерлер) нәтижесінде оған оттегінің келуі қиындайды, қан тамырлары үзіліп, гематома, тромба, флегмонапайда болады, ұлпалар өліеттенеді, яғни ауасыбағасыз микроб үшін қолайлы жағдай туады. Бастапқыда бактерия түскен ұлпа шағын ғана ошақ болып ойылады да, кейіннен айналасы қабына бастайды, қан тамырлары зақымданып, фибрин ұйып, көп мөлшерде белокты заттар бөлінеді, тромба пайда болып, нәтижесінде бұлшық ет, тарамыс, сіңір, шеміршектер мен саусақ сүйектері өліеттенеді.
Бастапқы өліеттенген ошақтағы қоздырушылар тромбаларда молынан өсіп, тромбадан үзілген бөлшектермен бірге қанға түсіп ішкі ұлпалардың капилярларында тоқтайды. Содан өкпеде, бауырда, ішекте, көк бауырда, мида, басқа мүшелерде метастазалар пайда болады. Дерт процесінің орын тебуіне байланысты бронхопневмония, плеврит, перитонит, абцесса, флегмона, т.б. өрбиді. Қосалқы инфекциялардың (стафилакоктар, стрептококтар, газды домбығу микробтары, т.т.) қабаттасуы нәтижесінде ауру асқынып, зілді нышан алады.
Егер аурудың соңы сәтті аяқталса, дерт процесі тоқтап, бастапқы өліеттенген телімдер бітіп, жануар жазылады [12].
Өтуі мен симптомдары. Инкубациялық кезеңі 1-3 күн. Клиникалық белгілері жануардың түлігі мен жасына, аурудың түрі мен өтуіне байланысты. Жас төлде сарып жіті, ал ересек малда жітіден төмен және созылмалы өтеді. Әртүрлі мүшелердің дертке шалдығуына байланысты аурудың 4 түрі боады: терідегі, кілегейлі қабықтардағы, ішкі ағзалардағы және сүйектегі.
Ірі қара малда негізінен тұяқ аралық саңылаудың терісі және тері асты шелі, тұяқ үстінің дорсальды және волярлы беткейлері, ал асқынған жағдайларда буындар, тіпті сүйектер зақымданады.
Терідегі некробактериоз – аурудың ең жиі кездесетін түрі. Ол сыртқы мүшелердің зақымдануы арқылы білінеді де, көбінесе малдың сирағында ұшырасады. Сиыр мен шошқаның мойыны, тұла бойы, желіні, жас төлдің кіндігі, құлағы және құйрығы зақымданады. Көбінесе дерт алдымен артқы аяқты қамтиды, бастапқыда бір аяғында болып, кейіннен екінші аяғына аусады. Қойдың бір мезетте бірнеше аяғы зақымдануы мүмкін. Әуел баста болмашы жарақат пен сызаттың маңайы қызарып, домбығады. Мал ақсап, ауырған аяғын сілкіп, бей-жай күйге түсіп, жемшөптен қалады, денесінің ыстығы 40ºС-қа дейінкөтеріледі, 1-2 күннен соң қалпына келеді. Қабыну процесі бақайдың арасы мен май өкшеден тілерсекке қарай өрбиді. Бұл кезде жануар аяғын баса алмай, жатып қалады. Ауру зілді өткенде қабыну флегмонаға айналып, арыдағы бұлшық еттерді, сіңір мен тарамысты қамтиды. Содан кейін ойылып, жағымсыз иісі бар ірің ағады. Қабынған телімдердің жаппай ойылып, өліеттенуі нәтижесінде тұяқ көбесінен сыпырылып түсіп қалады. Кейде тұяқ қана емес, тіпті тілерсегінен, саусақтың фалангалары буын-буынынан үзіліп кетуі мүмкін. Мұндай күйге ұшыраған қой тұра алмай, тізерлеп қалады. Жылқыда ауру зілді өткенде гангреналық дерматит өрбіп, дерт қанға шабады да, өлі тиеді.
Кілегейлі қабықтардағы некробактериоз әдетте бір апталық жас төлде кездеседі де, ересек жануарда сирек байқалады. Ауру ауыздың өліеттеніп уылуы ретінде өтеді. Ауыздан басқа танаудың, жыныс мүшелері мен ішектің кілегейлі қабықтары зақымданады. Аурудың өрбуіне себеп жас малдың тісі шыққан кезде ауыздың қызыл иегі, үрты мен тілінің кілегейлі қабығы жарақаттанып, оған зарарланған жемшөп пен төсеніштен, енесінің ластанған емшегінен сарыптың қоздырушысы түседі. Нәтижесінде ауыздың кілегейлі қабығы қабынып, қабыршақтанады. Бұдан кейін көмейдің, кеңірдектің кілегейлі қабықтары мен көршілес мүшелерге дерт шабады. Төлдің ұрты, таңдайы, ерні, танауы өліеттеніп ойылады. Жануар аузын ашып, ентіге дем алады. Аузынан иісі жағымсыз көбікті сілекей ағады. Тістің түбірінің маңайы қабынғанда, тіс түсіп қалады. Зақымданған тіл салақтап ауыздан шығып тұрады. Өкпеде, бауырда, ми мен жүрек қабында ұлпалардың ыдырауынан өліеттенген ошақтар пайда болады. Ауру жіті өтеді де, жануар 7-10 күн ішінде арықтап, өлі тию мен жүрек қызметінің жетімсіздігінен өледі.
Ішкі ағзалардағы некробактериоз кезінде дененің ыстығы көтеріліп, нәжісінің түсі сұрғылт-жасылданып іші өтеді. Құрсақ еттері, әсіресе бауырдың тұсы аурсынады. Жануардың жүні үрпиіп, қарны қабысады. Өліеттенген энтериттен жазылмайтын болғандықтан ондай малды сойып тастау керек.
Басқа ішкі мүшелер зақымданған кезде некробактериоздың өзіне тән белгілері болмайды. Ауырған мал табыннан бөлініп қала береді, бей-жай, жемшөпке селсоқ, жүдейді, өнімділігі төмендейді. Дерт процесі өкпеде орын тепкенде бронхопневмония, плеврит өрбіп, демі сырылдап, булығып жиі жөтеледі. Өліеттенген ошақ мида болса жүйке қызметі бұзылып, ал жүректе болса жүректің кемістігі білінеді. Мұндай жағдайда сарыпқа диагноз тек сойғанда ғана патанатомиялық әдіспен қойылады.
Жыныс мүшелеріндегі некробактериоз әдетте қойда кездеседі де, өте ауыр өтеді. Ауырған мал отарға ілесе алмай, селқостанып, жемшөпке қарамайды. Денесінің ыстығы 40-42ºС-қа жетеді. Сарпайы сызданып, айналасы өліеттеніп, ойылады. Қынаптан іріңді, кейде қан аралас сұйық ағады. Ауырған жануар жиі-жиі несеп шығаратындай ыңғай білдіреді, көбінде жатып қалады, ыңырсып, тістерін шықырлатады. Қошқардың үрпінің аузы мен шыбығының кілегейлі қабығы өліеттеніп, ойылады. Кейіннен дерт ұшасына жайылады. Сиырдың жыныс мүшелерінің кілегей қабығы бұзаулағаннан кейінгі алғашқы күндері зақымданады. Ауру бұзаулағаннан кейінгі акушерлік көмек көрсеткенде жұғады. Сиырда жыныс мүшелеріндегі сарып, оның сирақтағы түрімен қабаттасып өтеді. Кейде тууға таяп қалған буаз сиыр ауруға шалдығып 8-9 айлығында іш тастайды. Тастанды төлдің денесі семіп қалуы (мумификация) мүмкін. Мұндай жағдайда шаранадан өте жағымсыз иіс шығады. Сиырдың ұзақ уақыт шуы түспей, соңы созылмалы метрит пен эндоиетритке ұласады. Кейбір сиырдың қынабы мен жатырының кілегейлі қабығы өліеттеніп, тері астында эмфизема байқалады, тіпті іші өтіп, жөтеледі. Ауырған мал 8-10 күн ішінде өледі. Осылай ауырған сиырдан бұзау тірі туған күннің өзінде, жас төл бірер күн ғана тұрады да, өліп қалады. Енесі сау бұзауға туған кезде кіндігі арқылы сарып жұқса, аурудың оншама сыртқы белгілері білінбей-ақ, 4-5 күндігінде өледі.
Сүйектегі некробактериоз остит немесе остеомиелит ретінде негізінен ірі қарада 6 айдан 3 жасқа дейінгі аралықта кездеседі. Жылқыда сирек байқалады. Аурудың қоздырушысы жілік майы мен сүйектің кемікті затында қауырт көбейеді де, дерт жіліктер мен ұсақ сүйектерді, сонымен қатар омыртқаны зақымдайды.
Ауру сирақта болса, мал ақсап, тамыр соғысы жиілеп, ыстығы 41ºС-қа дейін көтеріледі. Зақымданған аяғы сіресіп, әрең бүгіледі. Жануар тұяғының ұшынан басуға тырысады. Бара-бара сүйектері томпайып, аяқтың бұлшық еттері сола бастайды. Малдың күйі нашарлап, арықтайды, ақсауы үдей түседі, ыстығы бір түсіп, бір жоғарылайды. Дерт омыртқа сүйектерінде орын алса, жануардың тұла бойы мен сирақтары салжанады.
Малдың әр түлігінде олардың жасына қарай сарыпты ңмынандай клиникалық ерекшеліктері болады. Ересек ірі қараның негізінен зақымданатыны сирақтары (панариций) мен жыныс мүшелері (өліеттенген вагинит, метрит, эндометрит). Қойдың бірнеше сирағы қатарынан дертке шалдығып, ерні мен танауының айналасындағы тері, аузы мен жыныс мүшелерінің кілегейлі қабықтары ойылады. Жылқыда бұл ауру сирақтың гангреналық дерматиті, ал солтүстік бұғысында бақайдың көбесінің шіруі ретінде байқалады. Итте орны шектеулі баяу өтетін өліеттену процесі құйрығында, артқы тесігінің айналасында, аяғының ұшында, ерні мен тұмсығында кездеседі. Үй қоянында негізінен аузының кілегейлі қабығы іріңдеп, өліеттеніп ойылады, денесінің әр тұсында тері мен шелде абцесса пайда болады. Тауықтың балапанында аузының кілігейлі қабығы зақымданып, жағы мен ұрты домбығып тілінің түбінде іріміктенген жалқақ пайда болады, ал ересек тауықта саусақтарының жер басар жағында буындары ісіп іріңдейді.
Патологиялық өзгерістер. Сиыр, қой, жылқы және бұғыда патологиялық өзгерістер негізінен сирағының бақайы мен тілерсек буынында шоғырланады. Дертену басталғанда тері қызарып, домбығады. Кейіннен сыздануы тежеліп, іріңдеген флегмонаға айналады да, маңайындағы ұлпа өліеттенеді. Мұндай ұлпаны тілгенде іріңдеген жасыл-сұр немесе қоңырқай түсті өліеттенген масса көзге түседі. Тері мен дәнекер ұлпаның өліеттенуі буынның қабы мен тарамыстарға жетіп, шеміршек пен сүйек зақымданады. Сүйек жұмсарып, пішінін өзгертіп, саусақ бунақтары (фалангалары) сирақтан ажырап, түсіп қалады.
Аузында некроз процесі бар өлексе өте азып, аузы көбікті сілекейге толы болады. Тілі, ұрты, жұтқыншағы ойдым-ойдым болып қабыршақтанып, ұлпаларының құрылымы бұзылып, ыдырап, іріміктенген иісі жағымсыз массаға айналады. Ауру асқынғанда дерт тілдің тереңгі қабаттарына шауып, өліеттеніп ойылады, таңдай сүйегі мен көмекей шеміршегі некрозға ұшырайды. Өліеттену кей жағдайда өкпеге, көкірек қуысына шабады. Көкеттің беткі қабатында іріңді фибрин байқалады. Өкпенің көкірек қабырғасына жабысып қалуы мүмкін, ал өкпенің өзінде шектелген, өліеттенген ошақтар кездеседі. Жұтқыншақтағы және бронхалардағы сөл түйіндері қанға толып, ұлғаяды. Ұртының бұлшық еттерінің арасында үлкендігі грек жаңғағындай телімдер кездеседі. Құста өңештің өліеттенуі ұшырайды. Сиыр мен бұғының таз қарын және жұмыршақ қарны өліеттеніп, зақымданады, жалбыршақ қарынның қатпарлары мүжіліп, бүлінеді.
Үрғашы малдың жыныс мүшелері зақымданғанда денесінің артқы жағы іріңді сорамен ластанып, жүніне жабысқан кепкен жалқақтар көрінеді. Қынаптың ішінде іріміктенген бөлінді болады, кілегейлі қабығы ісініп, қабыршақтанып әр жері ойылады. Кейде қынаптың бір беті бір бетіне жабысып қалады да, оған түтік жіберу мүмкін болмайды. Қуық несепке толы. Сиырдың жатыры шектен тыс ұлғайып, бүкіл құрсақ қуысын алып тұрады. Жатырдың іші қоймалжың ірің мен фибрин бар сұйыққа толып, кілегейлі қабығы мен оның астыңғы қабаттары іріңдейді. Буаз малдың жатырындағы төлдің денесі әдетте өліеттеніп ісінеді. Перитонит болған жағдайда құрсақ қуысында қоймалжың сұйық жиналады. Бауыр сары балшық түстес, тұтқырланып, үгіліп тұрады. Көк бауыр, шаптағы сөл түйіндері ұлғайған. Өкпе, бауыр, бүйрек, ішек және мида көптеген өліетті ошақтар кездеседі.
Некробактериозға бастапқы диагнозды аурудың клиникалық белгілері бойынша, сирақ пен бастың терісінің, ауыз бен жыныс мүшелерінің кілегей қабықтарының зақымдануына қарап қояды. Аса бір көңіл аударатын белгі – іріңдеп, өліеттенген ағзалардың өзгеше жағымсыз иісінің болуы. Диагнозды растау үшін өліеттенген жағындыны үйреншікті әдістердің бірімен бояп, микроскоппен қарайды. Егер аламыштанып боялған, жіпше созылған немесе ұзын жіңішке грамтеріс таяқшалар болса, сарыпқа түпкілікті диагноз қойылады.
Микроскопияның нәтижесі айқын болмаса, өліеттенген ошақтан алынған материалдан қоректік ортаға себінді жасайды. Егер патматериал былғанышты болса, зертханалық жануарларға биосынама қояды. Ол үшін ақ тышқандарға немесе үй қояндарына патматериалдан алынған суспензиямен жұқтырады. Биосынаманың мақсаты – қоздырушының таза өсіндісін алу және оның уыттылығы мен зардаптылығын анықтау болып табылады.
Ажыратып балау. Қойда сарыпты шірік бақайдан, жұғымтал эктимадан, аусылдан, шешектен, қозының стрептококты полиартритінен ажырату қажет. Сиырда обадан, вирустық диареядан, жұғымтал плевропневмониядан, зілді катарлы қызбадан, жұқпайтын стоматиттер мен дерматиттерден ажыратады.
Ауырған малдарды бөліп алып, едені құрғақ алаңқайда, жауын- шашын өтпейтін асты құрғақ қорада ұстайды. Ең алдымен дертке шалдыққан ұлпаларды мұқият тазалап, жарақаттанған терінің маңайындағы жүнді тақырлап қырқады. Өліеттенген ұлпаларды қабыршақтанып кеткен ірің мен сора бөлінділерін мұқият аластап, антисептикалық ерітіндімен (3 % сутегінің қостотығы, 0,2 % калий перманганаты, 1 % мыс купоросы) жуып, сульфаниламид препараттары мен тетрациклин немесе пенициллин қатарындағы антибиотиктердің бірін қолданады. Әсіресе диобиомицин жақсы нәтиже береді. Зақымданған теріні диобиомициннің 15 % майдағы тұнбасын жағып, дәке бинтімен орап, оны 3-5 күннен кейін алады. Сонымен қатар диобиомицин бұлшық етке малдың 1 кг массасына 20 000 бірлік мөлшерінде 1 % новокаин мен 30 % глицеринде езіп, суспензия түрінде жібереді. Қажет болған жағдайда 6-8 күннен кейін диобиомицин [4, 13, 14,].
Дауалау және күресу шаралары. Некробактериозды алдын алу шаралары малды қорада ұстағанда, жайғанда, айдағанда, зоогигиеналық-санитариялық шараларды сақтауға негізделген. Малдың асты құрғақ болуының, тұяғы зақымданбауының маңызы зор. Сондықтан қораны уақытылытазалап, малдың тұяғын қырып, жонып жарақаттанудан сақтап, сазды жерге жаймау керек. Аурумен күресуге оны уақытылы анықтап, ауырған малды жедел оқшаулап, емдеудің маңызы зор.
Дауалау шараларын жүйелі түрде жүргізіп малды екі айдан қалдырмай ветеринариялық бақылаудан өткізіп, тұяғын жонып отыру керек. Некробактериоз байқалып тұрған жерлерде қой-ешкіге жылына 2 рет 10 % формальдегид, 5 % парафин, 3-5 % креолин немесе мыс купоросы ваннасынан өткізу керек. Бұл ерітінділерді бетонданған жайдақ шұңқырға немесе гигроскопиялық төсенішке (сабан, торф, ағаш үгіндісі) құяды.
Табынды не отарды толықтырғанда сарыппен ауырған малды өсімге қалдырмау керек. Аналық малды төлдетер алдында арнайы санитариялық бақылаудан өткізеді. Сиырдың сыртқы жыныс мүшелерін дезинфектант (3 % бор қышқылы, 9 % лизол немесе марганец қышқылды калий) қосылған ерітіндімен жуады. Жас төлдің кіндігіне йод тұнбасын жағады. Піштіру, акушерлік көмек кезінде, қозының құйрығын кескенде асептика ережелерін мұқият сақтау қажет.
Некробактериоз байқалса ол шаруашылықты (ферманы, елді мекенді) бұл аурудан сау емес деп жариялайды да, шектеу қояды. Ауру жойылғанша ол жерден малдану (өсіру) үшін мал әкетуге тиым салынады. Барлық жануарларды клиникалық тексеруден өткізіп, ауруларын бөліп алып емдейді, қалғандарын бақылауға алып, дауалау шараларын жүргізеді. Емдеу нәтиже бермесе ауырған жануарларды санитариялық қасапханаға жібереді. Өлген малдың өлексесін, терісін алған соң өртейді не утильзаводқа жібереді. Ең соңғы сарыппен ауырған жануар өлген соң, немесе жазылған соң бір ай өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып, шектеуді алады.
Мал шаруашылығы саласындағы мамандардың алдындағы негізгі мақсат – халықты сапалы мал шаруашылығы өнімдерімен, оның ішінде ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету. Бұл мақсатты орындау үшін малдарды және құстарды инфекциялық аурулардан сақтау, қадағалау негізгі бағыттардың бірі.
