- •Биржалық сауданың мәні және даму кезеңдері Биржалық сауда – ұйымдастырылған нарық. Оның ерекшеліктері
- •2. Ұйымдастыру деңгейіне қарай шартты түрде үшке бөлінеді:
- •3. Нарықтың пайда болуына қарай:
- •4. Сауданың жүргізілу формасына қарай:
- •Биржалық саудаеың даму кезеңдері
- •Қазақстанда биржалық сауданың пайда болуы
- •Биржаның қызметтері және түрлері. Биржалық инфрақұрылым
- •Биржаның түрлері
- •Биржа және оның биржалық инфрақұрылым ұйымдары
- •Биржа ісін реттеу
- •Биржалық тауарлар Биржалық тауар ұғымы және оның құрамы
- •Тауар биржасының биржалық тауарларының сипаттамасы
- •Бағалы қағаздар – биржалық тауар
- •Xі тарау Базистік нарықтар Бағалы қағаздар нарығы
- •4. Нарыққа енгізілген жаңалықтар:
- •Тауар нарығы
- •Валюта нарығы
- •Xіі тарау Биржаны және биржалық сауданы ұйымдастыру Биржаны құрушылар және оның мүшелері. Биржаның басқару органдары
- •Биржадағы делдалдық қызмет
- •Биржалық сауданы ұйымдастыру
- •Биржалық саудаға қатысушылар
- •Биржалық тауарды саудаға түсіру
- •Сауда тапсырмасы
- •Биржалық сауданы жүргізу механизмі
- •Xііі тарау Биржалық мәмілелер Биржалық тауармен жасалатын мәміле туралы ұғым
- •Тауар, қор және валюта биржаларында мәліме жасасу тәртібі, олардың түрлері және ерекшеліктері
- •Xіv тарау Биржалық мәмілелер бойынша клиринг және есеп айырысу Клиринг және есеп айырысудың мәні мен қызметі
- •Тәуекелдің негізгі түрлері
- •Бағалы қағаздар нарығындағы клиринг және есеп айырысу
- •Фьюсерстік шарт нарығындағы клиринг және есеп айырысу
- •XV тарау Биржалық бағаны айқындау Биржалық баға белгілеудің мәні және маңызы
- •Аукционда баға белгілеу
- •Бірыңғай бағам белгілеу әдісі
- •Фиксинг баға белгілеу тәсілі ретінде
- •Xvі тарау Фьючерстік шартпен және опциондармен сауда Фьючерстік сауда және фьючерстік шарт түсінігі
- •Xvіі тарау Биржалық индекстер және биржалық сауданы талдау Биржалық индекстер және олардың түрлері
- •17.1. Сурет. Негізгі талдау
- •Xvііі тарау Биржа ісін компьютерлеу Биржа қызметін автоматтандыру құралдарының ролі
Xіі тарау Биржаны және биржалық сауданы ұйымдастыру Биржаны құрушылар және оның мүшелері. Биржаның басқару органдары
Биржа оның құрушыларының (құрылтайшы) еркімен және қызмет ету мерзімі шектеусіз құралады. Сондықтан, биржаның құрылтайшылары деп өзара құрылтай шартын жасасқан ерікті топ мүшелерін есептейді.
Құрылтайшы неғұрлым көп болса, соғұрлым биржаның қаржылық-материалдық жағдайы мықты болады деп саналады. Әйтсе де құрылтайшылардың көптігі биржаны басқаруды күрделендіреді деген де тұжырым бар.
Құрылтайшылардың құрамы биржаның түріне байланысты болады. Мысалы, тауар биржасын құрушылар жеке тұлға да, сондай-ақ заңды тұлға да болуы мүмкін. Алайда «Тауар биржалары туралы» ҚР-сы заңында биржаны құруға құқығы жоқтар айтылған. Олар:
жоғары және жергілікті мемлекеттік басқару органдары;
банктік операцияларды жүргізуге заң негізінде алған лицензиясы бар банктер мен несие мекемелері;
сақтандыру және инвестициялық қорлар мен компаниялар;
қоғамдық діни ұйымдар және қорлар;
заң бойынша кәсіпкерлік іспен шұғылдануға құқығы жоқ жеке тұлғалар.
Биржаны құрушылардың оны ұйымдастырушысы ретіндегі міндеттері:
биржаның ішкі нормативтік құжаттарын дайындау;
биржалық сауданы ұйымдастыру үшін қажетті мүліктерді қалыптастыру;
биржаның ұйымдық-құқықтық формасына сәйкес көлемде жарғылық капитал жинақтау;
биржа мүшелерін таңдап алу;
белгіленген тәртіп бойынша биржаны тіркеуден өткізу;
биржалық сауданың ұйымдастырушысы құқығын беретін лицензия алу;
биржа мүшелерінің жалпы жиналысын өткізу.
Биржаның жарғысына сай оның мүшесі болып жарғылық капиталын қалыптастыруға не мүшелік жарна, не жабдықтарына мақсатты жарна төлеген жақтар саналады. Жеке тұлға да, заңды тұлға да биржа мүшесі болуы мүмкін.
Қор биржасын құрушы – тек бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар ғана, ал валюта биржасын – валютамен операциялар жүргізуге құқық беретін лицензиясы бар коммерциялық банктер немесе қаржы мекемелері.
Қор биржасы бағалы қағаздар нарығында сауданы ұйымдастырады, ол коммерциялық емес ұйым. Бағалы қағаз нарығына кәсіби қатысушылар ғана оның тең құқықты мүшелері болып есептеледі. Қазақстанда бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысына коммерциялық банктерді де жатқызады, сондықтан олар биржа мүшесі болуы мүмкін.
Қор биржасының мақсаты – бағалы қағаздармен сауда жасау үшін көпшілікке қолайлы жағдай жасау, бағалы қағаздарға ұзақ мерзімге ақша қаражатын салушы жеке және институционалдық инвесторларды тарту, сондай-ақ инвесторлардың, клиенттердің және биржа мүшелерінің мүддесін қорғау.
Қазақстанда қор биржасының мүшесі, әдетте, заңды тұлға болады. Шетел тәжірибесінде, мысалы, АҚШ-та жеке тұлғалар, кейбір мемлекеттерде (Жапония, Канада) заңды тұлғалар биржа мүшесі болады. Ал үшінші бір мемлекеттерде (олар көпшілік) жеке немесе заңды тұлға деп бөлмейді.
Шетел тәжірибесінде биржа мүшелерінің әртүрлі категориясы болады. Мысалы, Лондон қор биржасының мүше-фирмалары үш категорияға бөлінеді.
Біріншісі аса маңыздысы деп есептелінеді, оған я дилер, я брокер, я бір уақытта әрі дилер, әрі брокер бола алатындар кіреді. Егер биржа мүшесі дилерлік қызметпен шұғылданса, ол биржада «маркет-мейкер» ретінде, яғни нарықты ұйымдастырушы ретінде тіркеледі. Әдетте, бұндай функцияны өзіне тек ірі фирмалар ғана алады. Олардың негізгі қызметі – міндетті баға белгілеу кезі деп аталатын белгіленген кезде белсенді түрде бағалы қағаздарды сатып алумен (сатумен) шұғылдану. Ол кезде нарықты ұйымдастырушылар мәмілеге келгісі келген бағаны ұсынады. Ұйымдастырушылардың көптігі және олардың өзара бәсекелестігі бағалы қағаздарға дәлелді баға қалыптастыруға тірейді. Нарықты ұйымдастырушылар баға белгілегенде екі бағамды көрсетуі тиіс:сатып алушының сұраған бағасы және сатушының ұсынған бағасы. Мысалы, 143-6. 10 х 10 түріндегі баға белгілеу деген нарықты қалыптастырушы 10000 дана акцияға дейін 143 пенс бағамен сатып алуға дайын және 10000 дана акцияға дейін 146 пенс бағамен сатуға дайын екенін білдіреді. Сонда бағамдар арасындағы айырма (146-143=3 пенс) спрэд немесе бағамдық пайда болады.
Лондон қор биржасының екінші категориялы мүшелері – ол дилераралық брокерлер, яғни бірімен-бірі жасырын (аноним) түрде өзара қатынас жасағысы келген нарықты ұйымдастырушыларға делдалдық көрсететін фирмалар. Нарықты ұйымдастырушылардың дилераралық брокерлерді пайдалануы бәсекелестерінен бағалы қағаздар бойынша өзінің ағымдағы позициясын жасырып қалуына мүмкіндік береді.
Үшінші категориялы биржа мүшелері – ол ақшалы брокерлер. Олардың атқаратын негізгі қызметі – нарықты ұйымдастырушылар үшін бағалы қағаздарды шет елдерден алып пайдалану.
Биржа мүшелері мемлекеттік заңнамалардың және биржалардың өздерінің талаптарын орындайды. Әдетте, заңдар биржаның мүшелігіне жалпы талаптар қойса, ал биржаның ішкі нормативтік құжаттары қосымша талаптар қояды. Мысалы, биржа өз жарғысында мүшелікке өткізгісі келген ұйымдардың тізімін анықтау қажеттілігін көрсетуі мүмкін; сондай-ақ жеке жақтардың мамандық аттестациясы міндетті түрде болуы қажет екенін көрсетеді.
Биржа мүшелерінің құқығы мыналар:
биржаның жалпы жиналысына қатысу және оның ісін басқару;
басқару және бақылау органдарын сайлау және оларға сайлану;
биржаның мүлкін, ақпаратын және көрсететін барлық қызметін пайдалану;
биржа залында өз атынан және өз есебінен (дилер қызметін орындау), сондай-ақ клиент атынан және клиент есебінен (брокер қызметін орындау) сауда жүргізу;
биржа жабылғаннан кейін оның қалған мүлкін алуға қатысу.
Биржа мүшелерінің міндеттері:
биржаның жарғысын және басқа да ішкі нормативтік құжаттарын орындау;
жарғыда және нормативтік құжаттарда көрсетілген мөлшерде және тәртіпте жарна төлеу;
биржаның мақсатын, міндеттерін орындауға және дамуын қамтамасыз етуге атсалысу.
Биржаны құрушылар, жоғарыда айтылғандай, биржа мүшелерін мұқият таңдап алады. Биржа мүшелерінің саны шектеулі, ол жарғылық қордың көлеміне және бір акцияның көрсетілген құнына (номиналына), сондай-ақ жарғы бойынша биржаның бір мүшесі қанша акция иеленуге құқығы барлығына байланысты болады. Акция биржа мүшесінің өз құқығын пайдалануға мүмкіндік береді. Әдетте, биржа мүшесі өз міндеттері мен құқығына биржаға кіру жарнасын және акциялар құнын төлегеннен кейін ғана ие болады. Биржа мүшесінің құқығы биржадағы «орынның» құнын білдіреді, ал орын – ол биржа мүшесінің меншігі. Егер биржа мүшесі оның құрамынан шыққысы келсе, орын сатылуы, жалға берілуі мүмкін. Орынның құнын Биржалық комитет анықтайды. Ол сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеріп отырады. Биржаға жаңа мүшелерді алу жарғыда қарастырылады.
Биржаның ұйымдық құрылымы қойылған міндеттерді орындауға және биржалық сауданы ұйымдастыруға шығынды аз шығаруға мүмкіндік туғызуға мүдделі болуы тиіс.
Қор биржаларының ұйымдық құрылымы және оның басқару органдары бүкіл елдерде шамамен бірдей. Ол 12.1. Суретпен өрнектелген [8; 114.].
Биржаның жоғары басқару органы –акционерлердің жалпы жиналысы. Оның негізгі қызметі:
· пайданы бөлу;
· төрағаны және биржа кеңесінің мүшелерін сайлау және оларды қызметінен түсіру;
жарғыға және басқа реттеуші құжаттарға өзгеріс енгізу;
биржа ісінің даму бағдарламасын бекіту;
жылдық есебін талқылау және оны бекіту туралы шешімдер қабылдау.
Жалпы жиналыс аралығында биржа жұмысын қолма-қол басқару және бақылау биржалық кеңеске жүктеледі. Ол биржа акционерлерінен сайланады. Оның құрамына биржа президенті мен тексеру комиссиясының төрағасы кеңесші дауыс құқығымен кіреді.
Қор биржасының ағымдағы қызметін қолма-қол басқарушы орган –басқарма. Оның құрамына президент, вице-президенттер және қосалқы қызметкерлер кіреді. Биржалық кеңес бекіткен президент қор биржасының міндеттерінің орындалуына жеке жауапты, сондай-ақ ол биржаның құрылымдық бөлімдерінің қызметіне де жауап береді. Қаржылық-шаруашылық қызметке ішкі бақылауды тексеру комиссиясы жүргізеді. Ол комиссияның төрағасы және оның екі орынбасарынан тұрады. Комиссия құрылымдық бөлімшелердің экономикалық жағдайларын тұтас тексеріп, одан кейін биржаның жылдық есебі және баланстары бойынша қорытынды жазады.
Биржаның келесі атқарушы органы – арбитраждық комиссия. Ол мәмілеге қатысушылар арасындағы шаруашылық мәселелердің құқықтық тұрғыдан дәл шешілуін тексереді. Егер брокерлік фирма төлем немесе құжат жеткізу мерзімдерін орындамаса,арбитраждық комиссия айыппұл төлеу, ресми ескерту, кінәлілерді биржа мүшелігінен шығару тәрізді жаза қолданады.
Листинг бөлімі акционерлік компанияларды листинг тізіміне енгізу жөнінде жұмыс жүргізеді. Бұл бөлім сенімсіздеу эмитенттердің қаржы активтерін қор биржасына түсірмеу мақсатында бағалы қағаздарды мұқият талдау негізінде қатаң сараптау және іріктеу жүргізеді. Сөйтіп, листинг инвесторлардың мүддесін қорғауды және биржа айналысындағы бағалы қағаздарға олардың сенімін арттыруды қамтамасыз етеді. Мыс., АҚШ-та бағалы қағаздарды 20 мыңнан астам әртүрлі фирмалар мен компаниялар шығарады, алайда олардың тек оннан бір бөлігінің ғана бағалы қағаздарын биржада саудаға түсіруге рұқсаты бар [8; 119.].
Биржада үш түрлі бағалы қағаздар:
Біріншіден, листинг процедурасынан толық өткен және биржаның ресми тізіміне іліккен;
Екіншіден, листинг процедурасынан ішінара өткен және биржаның листинг алдындағы деп аталатын тізіміне іліккен;
Үшіншіден, еркін айналыстағы бағалы қағаздар, яғни листинг және листинг алдындағы процедуралардан өтпеген қағаздар айналымға түсуі мүмкін.
Қор биржасындағы саудаға бағалы қағаздарды іліктіру механизмімен қатар оларды биржадан алу механизмі, яғни делистинг те бар. Делистинг акцияның құнсыздануы жағдайында, компанияның дағдарысқа ұшырауы, капиталының азаюы, есепті жыл ішінде шығындарының көбеюі, биржаның алдындағы кез-келген міндеттемесін орындамауы және т.с. себептер әсерінен жүргізіледі. Делистингтің уақытша және тұрақты түрі болады. Уақытша делистинг кезінде бағалы қағаздар туындаған проблемаларды толық шешу үшін листинг алдындағы саудаға түсіріледі.
Компания делистинг кезіндегі шарттарды орындағасын биржа басқармасының шешімімен бағалы қағаздар ресми тізімге енгізіледі.
Сауда және брокерлер бөлімі биржа залында сауда жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасап, барлық істерді реттейді. Сауда менеджері мен оның көмекшісі саудаға қатысушылардың қызметін бақылайды.
Клиринг бөлімі мәміле бекітілген соң қор мәмілесіне қатысушылар (брокерлер) арасындағы қолма-қол ақшасыз формадағы есеп айырысу операцияларымен шұғылданады. Бағалы қағаздардың әрбір типі бойынша есеп айырысудың арнайы кестесі құрылып, сонымен қоса сатушы мен сатып алушы арасында тікелей есептесу және қаржы активтерін жаңа иесіне жеткізіп беру ұйымдастырылады.
Ақпараттық-талдау бөлімі орталықтанған ақпаратпен қамтамасыз етумен және бағамдық бақылаумен шұғылданады. Сондай-ақ биржалық бюллетеньді, анықтамалықтарды, есептерді, жарнамалық проспектілерді талдап, олар бойынша кеңес береді. Бағалы қағаздар бағамы және жасалған мәмілелер көлемі туралы ақпараттарды көпшілікке таратып отырады.
Әкімшілік-қаржылық бөлімі қор биржасының бүкіл бөлімдерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде ұйымдық-қосалқы жұмыс жүргізеді. Биржа қызметі әртүрлі экономикалық, саяси, қаржылық, әлеуметтік, ұлттық және халықаралық жағдайларға сезімтал келеді. Себебі капиталдың құйылуы немесе қайтуы және бағалы қағаздарды иеленуге қызығушылық та осыларға байланысты болады. Өнеркәсіп пен сауданың дамуы, ел экономикасының өрістеуі, экспорттың жағымды сальдосы, халықтың табысының өсуі, әдетте, қаражатты қор құндылықтарына жұмсауға әсер етеді. Керісінше, салықтың өсуі, жалақының төмендеуі, әлеуметтік толқулар, табыс өспей бағаның көтерілуі бағалы қағаздарға жұмсалуға тиіс капиталды төмендетеді.
Қауіпсіздік қызмет бөлімі биржаға кіріп-шығу режимінің орындалуын қадағалайды, биржаның мүліктерінің сақталуын және ішкі тәртіп болуын қамтамасыз етеді.
