Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
27.11.09 book by Koshenova.B.A.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
558 Кб
Скачать
☆

Xіv тарау Биржалық мәмілелер бойынша клиринг және есеп айырысу Клиринг және есеп айырысудың мәні мен қызметі

Клиринг жалпы алғанда өзара талаптар мен міндеттемелерді есепке алу деген ұғымды білдіреді. Ал биржалық клиринг – ол биржалық саудаға қатысушылар арасында биржалық активті кім, кімге және ол үшін қандай мерзімде ақша төлеп және жеткізіп беру негізінде туындайтын өзара талаптар мен міндеттемелерді есепке алу.

Есеп айырысу деген биржалық клирингті айқындау кезінде туындаған міндеттемелерді орындау процесі. Оның нәтижесінде шарт талаптарына сай биржалық мәміле объектісін (мысалы, бағалы қағаз) сатушыдан сатып алушыға беру, сондай-ақ сатып алушының сатушыға берген ақшалы есептесуі жүргізіледі. Қазіргі нарықтық сауданы ұйымдастырудан клиринг және есеп айырысудың қажеттілігі туындайды.

Нарықтық операцияның ең жай түрі үш құрамдас бөліктен тұрады:

сатушы мен сатып алушының арасында мәмілені (ауызша немесе жазбаша) бекіту;

мәміле бойынша бағаны шығару (мысалы, тауар бағасын оның санына көбейту және барлық мәміленің бағасын (құнын) анықтау);

шартты орындау.

Әдетте, жай мәмілені бекіткенде екі жақ делдалсыз өздері тікелей кездеседі. Қазіргі биржа нарығында бұндай жағдай сирек кездеседі, сатып алушы мен сатушыны өзара байланыстыратын буын – ол биржалық делдалдар.

Сөйтіп, қазіргі биржалық мәміледе оның құрамдас бөліктері бір-бірінен оқшауланып тұрады:

бұрынғыдай шарт алғашқы сатушы мен соңғы сатып алушы арасында емес, клиенттер мен биржалық делдалдар арасында бекітіледі;

мәміле бойынша бағаны шығару клиринг процесінде ұйымдастырылады;

мәмілені орындау (аяқтау) «есеп айырысу» деп аталатын процесте жүргізіледі.

Клиринг және есеп айырысудың қазіргі биржалық жүйесі алдын ала жасалған төмендегі алғы шаралардың нәтижесі:

Біріншіден, ол үйлесімді технологиялық мүмкіндіктердің болуынан. Атап айтқанда:

а) кеңістік факторын жеңу және ақпаратты беретін уақытты қысқарту үшін жылдам тарататын жаһандық байланыс жүйесінің болуынан;

ә) биржалық және қосымша ақпараттың өте үлкен көлемін өңдеу үшін, яғни есептесудің электрондық жүйесін құрудан және мәліметтер базасын сақтаудан;

б) ақша қаражатын шапшаң, әрі қатесіз аудару үшін есеп айырысудың ұлттық және халықаралық банк жүйесінің болуынан;

Екіншіден, клиринг және есеп айырысу үшін клирингтік (есеп айырысу) палатасын, депозитарийді, реестрұстаушыларды және с.с. маманданған ұйымдар мен биржалық құрылымдарды құрудан;

Үшіншіден, клиринг және есеп айырысу механизмін құрып және оны үнемі жетілдіруден.

Биржалық клиринг пен есеп айырысудың негізгі қызметтерін былайша топтастыруға болады:

а) бекітілген биржалық мәмілелердің тіркелуін қамтамасыз ету (мәмілелерді тіркеу, тексеру, олар бойынша ақпарат алу және т.с.с.);

ә) тіркелген мәмілелерді (нарық түрі бойынша, оған қа­тысушылар және оның орындалу мерзімі бойынша) есепке алу;

б) биржалық нарыққа қатысушылардың өзара міндеттемелері мен төлемдерін есептеу;

в) биржалық мәмілелерді кепілдікпен қамтамасыз ету;

г) ақшалы есеп айырысуды ұйымдастыру;

д) бекітілген биржалық мәміле бойынша активті жеткізіп беру.

Биржалық мәмілеге келгеннен соң бірнеше кезеңнен өтетін клиринг және есеп айырысу операциялары басталады. Оларға биржа мүшелері мен клиенттерден басқа да, атап айтқанда, есеп айырысу – клирингтік ұйымдар, банктер, депозитарийлер және т.с.с. мекемелер қатысады.

Клиринг және есеп айырысу мына сипаттарға байланысты жіктеледі:

а) биржалық тауардың түріне қарай:

бағалы қағаздар нарығының клирингі;

фьючерстік шарттар нарығының клирингі;

ә) орталықтандыру деңгейіне қарай:

бөлек бір биржаның клирингі;

ұлттық биржааралық клиринг;

халықаралық клиринг;

б) қызмет көрсету аясына қарай:

Клиринг палатасының мүшелері арасындағы клиринг;

Биржа мүшелері арасындағы клиринг.

Клиринг және есеп айырысуды ұйымдастыру процесі бірсыпыра принциптерге негізделген. Олар:

Біріншіден, клиринг және есеп айырысуды, әдетте маманданған органдар жүзеге асырады. Ол дербес маманданған ұйым – Клирингтік (есептеу) палатасы немесе биржаның маманданған құрылымдық бөлімі болуы мүмкін.

Екіншіден, биржа клиенттерінің мүддесін қорғау тұрғысынан алғанда клиенттер қаржысын делдалдар қаржысынан бөлек жүргізу мен есептеу туралы талаптарды орындауға көп мән берілуі керек.

Үшіншіден, бекітілген биржалық мәмілелердің бүкіл реквизиттері тексеріліп және тіркеуден өткізгеннен соң ғана олар есеп айырысу - клиринг жүйесіне түседі. Ондай болмаған күнде олар клирингке қабылданбайды.

Төртіншіден, клиринг және есеп айырысудың қатаң кестесі болуы тиіс. Клиринг және есеп айырысудың әрбір операциясы қатаң шектелген уақытта өту керек. Кестені бұзушы айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Бесіншіден, биржада бекітілген мәміленің орындалуына клиринг және есеп айырысу механизмі кепілдік береді. Егер мәмілеге келген екі жақтың бірі өз міндеттемесін орындай алмаса, онда оны биржа құрылымы өзі орындайды.