Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
27.11.09 book by Koshenova.B.A.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
558 Кб
Скачать
☆

Бағалы қағаздар – биржалық тауар

ҚР-сы Азаматтық кодексінің жалпы бө­лімінің үшінші тарауында бағалы қағаздар белгіленген нысан мен міндетті реквизиттерді сақтай отырып, жүзеге асырылуы тек оны көрсеткенде ғана мүмкін болатын мүліктік құқықтарды куәландыратын құжат деген анықтама берілген. Бағалы қағаздар деген көп қырлы, терең мағыналы ұғым. Себебі ол арқылы көрінетін экономикалық қатынастар өте күрделі, олардың түрлері үнемі өзгеріп, әрі дамып отырады.

Бағалы қағаз – ерекше тауар, ол арнаулы нарықта, яғни бағалы қағаздар нарығында айналыста жүреді. Оның тұтыну құны жоқ. Ол физикалық тауар да емес, көрсетілетін қызмет те емес. Кең мағанада айтқанда – ол құжат, оны келісілген бағамен сатуға және сатып алуға болады. Әлемдік практикада оның ғылыми анықтамасы жоқ, ал құқықтық анықтамасы әр мемлекеттің заңнамаларында көрсетілген. Мысалы, ҚР-сы Азаматтық кодексінде, «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңда және басқа да заңдарда әртүрлі бағалы қағаздарға анықтама берілген. Егер бағалы қағаз деп көрсетілсе, оның айналысы ол шығарылған күннен бастап көрсетілген мерзімі аяқталғанша заңмен реттелінеді.

Бағалы қағаздар қоғамдық маңызы бар бірсыпыра қызмет атқарады:

Біріншіден, экономиканың салалары мен аясында, аймақтар мен мемлекеттер арасында, адамдар топтары арасында, бұқара мен экономика салалары арасында, қалың бұқара топтары мен мемлекет арасында ақша қаражатын (капиталды) қайта бөледі.

Екіншіден, иемденушісіне белгілі бір қосымша құқық береді (капиталға құқықтан басқа ), мыс., басқаруға қатысу құқығы, кейбір ақпарат түрлеріне және т.с.с.

Үшіншіден, капиталға табыс алуды және капиталды қайтаруды қамтамасыз етеді.

Басқа кез-келген экономикалық категориялар тәрізді әрбір бағалы қағаздың өзіне сәйкес сипаттамасы бар. Олар: мерзімдік, кеңістік, нарықтық.

Мерзімдік сипаттамасы:

бағалы қағаздардың қызмет ету мерзімі, яғни айналысқа қашан және қанша уақытқа шығарылғанын көрсетеді немесе мерзімсіз бағалы қағаздар болады;

пайда болуы бойынша бағалы қағаздардың алғашқы шығу негізі тауар, ақша, немесе басқа бағалы қағаздар болуы мүмкін.

Кеңістік сипаттамасы:

қызмет ету формасын көрсетеді: қағазды (құжаттық) немесе қағазсыз (құжатсыз);

ұлттық, яғни отандық бағалы қағаздар немесе басқа мемлекеттікі (шетелдікі);

аймақтық: бұл бағалы қағаздар елдің қай аймағында шығарылғанын көрсетеді.

Нарықтық сипаттамасы:

бағалы қағаздардың негізін құрайтын активтің типі немесе оның шығу негізі (тауар, ақша, фирманың жиынтық актив­тері және басқалар) көрсетіледі;

иемдену формасы бойынша ұсынушыға арналған бағалы қағаздар немесе белгілі бір тұлғаға (заңды, жеке тұлға) арналған;

шығару формасы бойынша эмиссиялық, яғни бөлек-бө­лек сериямен шығарылатын, өздерінің сипаттамасы бойын­ша бір серияның ішіндегінің барлығы бірдей, немесе эмиссиялық емес (жеке) бағалы қағаздар ;

меншік формасы және эмитенттің түрі бойынша бағалы қағаздарды нарыққа кім түсіреді: мемлекет, корпорация, жеке тұлға;

айналмалылығы бойынша нарықта еркін айналады немесе кейбір кедергі болуы мүмкін;

құқық тұрғысынан қарағанда экономикалық мәні, яғни бағалы қағаздардың өз иесіне беретін құқық түрі;

тәуекелдік деңгейі тұрғысынан жоғары, төмен және с.с.;

табыстылығы – бағалы қағаздар бойынша табыс төлене ме, әлде жоқ па;

қаржы салу формасы бойынша бағалы қағаздарды сатып алғанда ақшаны қарызға ала ма, немесе меншік құқығын ала ма.

Кез-келген бағалы қағаздардың көптеген қасиеті бар. Оның ең басты қасиеті – әр түрлі әдістермен бағалы қағаздардың ақшаға айырбасталу (мысалы, борышты өтеу жолымен, сатып алу-сату, эмитентке қайтару, бағасын кеміту және басқа да жолдармен) мүмкіндігінің болуы. Сондай-ақ, бағалы қағаздар есеп айырысуда қолданылуы, кепілдікке салынуы, көп жылдар бойы немесе мерзімсіз сақталуы, мұраға қалдырылуы, сыйлық ретінде берілуі мүмкін.

Алғашқыда барлық бағалы қағаздар тек қағаз формасында шыққандықтан оның атауы қағаз, бірақ бағалы деген сөз қосылып аталды. Оның бағасын я өзінде көрсетілген сома, я нарықтық сома анықтайды. Нарықтық қатынастардың қалыптасуы және дамуы кейбір ТМД елдерінде (мыс., Ресейде) соңғы он жылдықта бағалы қағаздардың жаңа формасының – қағазсыз, немесе құжатсыз формасының пайда болу мүмкіндігін туғызды.

Бағалы қағаздардың қағаз формасынан қағазсыз формасына өтуіне бірсыпыра себептер әсер етті. Атап айтқанда:

Біріншіден, айналыстағы бағалы қағаздардың санының тым көптігі, әсіресе акция және облигация түріндегі бағалы қағаздардың он, тіпті жүз миллиондаған данамен шығуы;

Екіншіден, бағалы қағаздар иесінің көптеген құқығының оның формасына тәуелсіз жүзеге асу мүмкіндігі, мыс., бағалы қағаздар бойынша табыс төлеу, сатып алу-сату және басқа да істер бағалы қағаздарды көрсетпей-ақ жүргізілуі мүмкін;

Үшіншіден, бағалы қағаздардың қағазсыз формасы олармен есеп айырысу, олардың иесін алмастыру, оларды сақтау және есептеу, оларға салық салу және т.б. іс-әрекеттер тұрғысынан алғанда олардың айналысын жеделдетуі, оңайлатуы және арзандатуы мүмкін;

Төртіншіден, айналыстағы барлық жиынтық бағалы қағаздардың құрылымындағы өзгерістер, атап айтқанда, атаулы бағалы қағаздардың санының көбеюі және ұсынушы бағалы қағаздарының үлесінің азаюы.

Атаулы бағалы қағаздар деген бағалы қағаздардың бетінде, немесе оларды иемденушілердің тізімінде, кәдімгі құжат бетінде, немесе электронды түрде иемденушінің аты-жөнінің көрсетілуі.

Ұсынушы бағалы қағаздары деген оның иесінің аты-жөні бағалы қағаздарда көрсетілмеген, ал оның айналысы еш жерде тіркелмеген бағалы қағаздар.

Әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттерде, мысалы, АҚШ пен Ұлыбританияда атаулы бағалы қағаздар көп тараған болса, ал Германияда – ұсынушы бағалы қағаздары көп тараған.

Қағазсыз (құжатсыз) бағалы қағаздар – олар әрқашан атаулы бағалы қағаздар, себебі электрондық жүйеде олар белгілі бір заңды немесе жеке тұлғаға тіркеледі.

Бағалы қағаздарды биржалық тауар ретінде оның мүліктік құқығы неге қатысты болуына байланысты (тауардың өзіне ме, немесе оның бағасының өзгеруіне ме) шартты түрде екі үлкен класқа бөлуге болады (10.2. Сурет).

Бірінші класқа негізгі бағалы қағаздар немесе алғашқы бағалы қағаздар жатса, екінші класқа туынды бағалы қағаздар жатады. Негізгі бағалы қағаздарға олардың негізіне, әдетте тауарға, ақшаға, капиталға, мүлікке, әртүрлі қорларға және сол сияқты басқаларға мүліктік құқығы бар бағалы қағаздар жатады. Негізгі бағалы қағаздар өз кезегінде алғашқы бағалы қағаздар және екінші реттегі бағалы қағаздар болып екіге бөлінеді. Алғашқыға акциялар, облигациялар, вексельдер жатса, екіншіге алғашқы бағалы қағаздарға негізделіп шығарылғандар, мысалы, варранттар, депозитарлық қолхаттар жатады.

Екінші класқа туынды бағалы қағаздар жатады. Олар:

Біріншіден, биржалық активтің негізі болған бағалы қағаздың бағасының өзгеруіне байланысты туындаған мүліктік құқықты қағазсыз білдіреді;

Екіншіден, тауардың бағасына (мысалы, астық, ет, мұнай және т.с.с.), негізгі бағалы қағаздардың бағасына (әдетте, акцияның индексіне, облигацияға), несие нарығының бағасына (проценттік ставка), валюта нарығының бағасына (валюта бағамы) шығарылған бағалы қағаздар. Туынды бағалы қағаздарға фьючерстік шарттар (тауарлы фьючерстер, валюталы фьючерстер, проценттік фьючерстер, индекстік фьючерстер) және еркін айналыстағы опциондар жатады.

Қорыта айтқанда, қазіргі биржаларда сатылатын негізгі бағалы қағаздар ол – нарықтық бағалы қағаздар, яғни биржада немесе биржадан тыс еркін сатылатын және сатып алынатын бағалы қағаздар. Әйтседе, кейбір бағалы қағаздардың айналысы шектеулі болуы мүмкін, ондай жағдайда оларды келісілген мерзімнен кейін тек шығарушының (эмитенттің) өзіне ғана қайта сатуға болады. Ондай бағалы қағаздар нарықтық емес, сондықтан олар биржалық тауар болмайды. Сондай-ақ шектеулі көлемде, немесе бір данасы ғана шығарылған бағалы қағаздар да биржаға айналысқа түсірілмейді. Биржалық тауар болу үшін және биржадағы тұрақты сұраныс пен ұсынысты қанағаттандыру үшін соған ие бағалы қағаздар түрлерін ғана қажетті көлемде шығару керек.

Биржалық сауда табысты болуы немесе капиталды жоғалту қауіпімен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан биржалық бағалы қағаздарды болатын қауіпті ескере отырып бағалаған жөн. Бағалы қағаздар қауіптілік деңгейіне қарай орналасады (10.3. Сурет). Бағалы қағаздардың табыстылығы жоғары болған сайын, қауіптілігі де жоғары болады. Табыстың кепілдігі (немесе бағалы қағаздардың сенімділігі) жоғары болған сайын қауіптілігі де төмен болады.

Сонымен, биржада айналысқа түсетін бағалы қағаздардың басты белгілері:

Біріншіден, бағалы қағаздарды шығарушы органның (эмитенттің) тарапынан шектеусіз еркін сатып алынуы және сатылуы керек.

Екіншіден, эмитенттің сенімділігі, оның шығынсыз қызметі мен өзіне алған міндеттемелерін орындауы керек.

Үшіншіден, эмитент-компанияның мөлшері және еркін айналыстағы акциялардың, облигациялардың және басқа да бағалы қағаздардың саны көрсетілуі тиіс.

Әр мемлекет ішкі тауар-ақша айналымында өз ұлттық валютасын қолданады. Ал шетелдік несие, инвестициялар, мемлекетаралық төлем бойынша және т.б. сыртқы саудада есеп айырысқанда қолданылатын біртектес халықаралық айырбас құралының болмауынан өз ұлттық валютасын басқа ел валютасына айырбастау қажеттілігі туындайды. Валюта деп әр елдің ақша бірлігін айтады. Валюта бір елдің ақша бірлігінің атауымен аталады, мыс., АҚШ доллары, Жапонияның иені, Ұлыбританияның фунт стерлингі және т.с.с. Әдетте онымен бағалы қағаздарды, төлем құралдарын, сондай-ақ асыл металдардың құнын белгілейді.

Валюта – ерекше тауар. Валютаны сатып алу-сату операциясы үшін әр валютаның бағамын білу керек. Валюта бағамы салыстырылатын екі валютаның ара қатынасын білдіретін көрсеткіш.Басқаша айтқанда, валюта бағамы – ол бір елдің валютасын сатқанда немесе сатып алғанда оны басқа елдің валютасымен көрсеткен баға. Валюта бағамын валютаға сұраныс пен ұсыныс негізінде ашық нарық айқындайды немесе мемлекет (әдетте мемлекеттің Орталық банкі) белгілейді. Валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс үнемі өзгеріп тұратындықтан, валюта бағамы – өзгермелі көрсеткіш. Ұсыныс шектеулі болса, валюта бағамы жоғарылайды, ал ұсыныс көп болса, валюта бағамы төмендейді.

Валюта бағамын айқындағанда тікелей және кері баға кесу әдістері қолданылады. Ол үтірден кейін төрт белгіге дейінгі дәлдікпен анықталады. Ең көп тарағаны – тікелей баға кесу әдісі. Әдетте, шетел валютасының 100 бірлігі ұлттық валютаның белгілі бір сомасының өзгермелі көлемін көрсетудің негізі болып табылады. Мыс., швейцария франкінің бағамы 72,5505 голландия гульденіне тең деген 100 гульденге 72,5505 швейцария франкін береді дегенді білдіреді.

Кері баға кесу әдісі сирек қолданылады. Оның негізі болып ұлттық валютаның нақты сомасы алынады. Кері баға кесу деген тікелей баға кесуге кері келетін мөлшер. Ол негізінен Англияда қолданылады. Себебі 1971 жылға дейін Англияның ақша-несие аясында ондық жүйе болмағандықтан тәжірибеде кері баға кесу әдісін қолдану оңай болды. Осы әдісті кейіннен ондық жүйе енгізілген соң да сақтап қалды. Кері баға кесу мына теңдікпен өрнектеледі: 1 ф. стерлинг=1.8260 АҚШ доллары.

Валютаны сатып алуда және сатуда валюта бағамы әртүрлі болады. Атап айтқанда:

1. Банк валютаны сатып алушының бағамымен алды делік. Мыс., 72,5505 швейцария франкінің бағамы 100 голландия гульденіне тең деген, бұл банк 72,5505 швецария франкіне 100 гульден алуға дайын дегенді білдіреді. Сөйтіп, 1 шетел валютасына ұлттық валютаның белгілі бір сомасын алуға болады.

2. Банк валютаны сатушы бағамымен сатады. Мыс., 72,5505 швейцария франкін сатушы бағамы 100 гульденге тең деген, бұл банк 100 гульденге 72,5505 швейцария франкін алуға дайын дегенді білдіреді. Сатушы мен сатып алушы бағамының арасындағы айырма маржа деп аталады, ол банктің пайдасын құрайды. Оны банк өз шығындарын өтеуге жұмсайды. Ол айырма әрбір нақты валюта мәмілесі үшін оның сатылу уақыты мен сатылу орнына байланысты өзгеріп тұрады. Соңғы кездері алдыңғы қатарлы валюталар бойынша сатып алушы мен сатушы бағамының айырмасы едәуір қысқарды. Валюта операцияларын жүргізу үшін жұмсалатын шығындар компьютерлік техниканы енгізу және сауда айналысының өсуі есебінен азаюда.

3.Сатып алушы мен сатушы арасындағы бағамның орташа арифметикалық шамасын анықтау үшін ұзақ уақыт аралығындағы экономикалық салыстыруға арналған орташа бағам қолданылады. Шындығында бұндай бағам іс жүзінде қолданылмайды, дегенмен оның мөлшерін бұқаралық ақпарат құралдары күнбе-күн хабарлап тұрады.

4.Қазіргі кезде валюта операцияларын жүргізгенде екі шетел валютасының бағасын білдіретін кросс-курс бағамы кең қолданылуда. Мұнда мәмілеге қатысушы ұлттық валютаның бірде-біреуі қатыспайды. Мысалы, швейцария банкінің 100 неміс маркасына шаққандағы бағамы 24,0735 фунт стерлинг делік, ол германия банкінің 100 швейцария франкіне бағамы – 37,7324 франция франкіне тең дегенді көрсетеді.

1950 жылдан валюта нарығында АҚШ доллары артықшылықты жағдайда болғандықтан кез-келген елдің ұлттық валютасының бағамы АҚШ долларының бағамына қатысты есептеліп, ұлттық валютаның бағамы АҚШ долларымен айқындалады. Мыс., егер швейцария банкі швейцария франкінің швед кронына шаққандағы бағамын тапқысы келсе, онда ол екі валютаның бағамының АҚШ долларына, содан соң швейцария франкінің швед кронына шаққандағы кросс-курсын табады:

Х швейцария франкі = 100 швед кронына;

3,7946 швед кроны= $1 АҚШ долларына;

1,9872 швейцария франкі = 1$ АҚШ;

Сонда, 100 швед кроны = = 52,3692 швейцария франкі болады.

Валюта еркін (немесе ішінара) айырбасталымды болса, яғни оны халық пен ұйымдардың сатып алу-сатуына мемлекеттік шектеу қойылмаған жағдайда ғана шетел валютасымен биржалық сауданы ұйымдастыруға болады. Әдетте шетел валютасын американдық долларға, ағылшын фунт стерлингіне, еуроға және т.б. кейбір валютаға шаққандағы биржалық класпен (бағамен) айналысқа түсіреді.