- •Биржалық сауданың мәні және даму кезеңдері Биржалық сауда – ұйымдастырылған нарық. Оның ерекшеліктері
- •2. Ұйымдастыру деңгейіне қарай шартты түрде үшке бөлінеді:
- •3. Нарықтың пайда болуына қарай:
- •4. Сауданың жүргізілу формасына қарай:
- •Биржалық саудаеың даму кезеңдері
- •Қазақстанда биржалық сауданың пайда болуы
- •Биржаның қызметтері және түрлері. Биржалық инфрақұрылым
- •Биржаның түрлері
- •Биржа және оның биржалық инфрақұрылым ұйымдары
- •Биржа ісін реттеу
- •Биржалық тауарлар Биржалық тауар ұғымы және оның құрамы
- •Тауар биржасының биржалық тауарларының сипаттамасы
- •Бағалы қағаздар – биржалық тауар
- •Xі тарау Базистік нарықтар Бағалы қағаздар нарығы
- •4. Нарыққа енгізілген жаңалықтар:
- •Тауар нарығы
- •Валюта нарығы
- •Xіі тарау Биржаны және биржалық сауданы ұйымдастыру Биржаны құрушылар және оның мүшелері. Биржаның басқару органдары
- •Биржадағы делдалдық қызмет
- •Биржалық сауданы ұйымдастыру
- •Биржалық саудаға қатысушылар
- •Биржалық тауарды саудаға түсіру
- •Сауда тапсырмасы
- •Биржалық сауданы жүргізу механизмі
- •Xііі тарау Биржалық мәмілелер Биржалық тауармен жасалатын мәміле туралы ұғым
- •Тауар, қор және валюта биржаларында мәліме жасасу тәртібі, олардың түрлері және ерекшеліктері
- •Xіv тарау Биржалық мәмілелер бойынша клиринг және есеп айырысу Клиринг және есеп айырысудың мәні мен қызметі
- •Тәуекелдің негізгі түрлері
- •Бағалы қағаздар нарығындағы клиринг және есеп айырысу
- •Фьюсерстік шарт нарығындағы клиринг және есеп айырысу
- •XV тарау Биржалық бағаны айқындау Биржалық баға белгілеудің мәні және маңызы
- •Аукционда баға белгілеу
- •Бірыңғай бағам белгілеу әдісі
- •Фиксинг баға белгілеу тәсілі ретінде
- •Xvі тарау Фьючерстік шартпен және опциондармен сауда Фьючерстік сауда және фьючерстік шарт түсінігі
- •Xvіі тарау Биржалық индекстер және биржалық сауданы талдау Биржалық индекстер және олардың түрлері
- •17.1. Сурет. Негізгі талдау
- •Xvііі тарау Биржа ісін компьютерлеу Биржа қызметін автоматтандыру құралдарының ролі
Xvі тарау Фьючерстік шартпен және опциондармен сауда Фьючерстік сауда және фьючерстік шарт түсінігі
Фьючерстік сауда деген фьючерстік шарт бойынша биржалық тауарды биржалық саудада сату формасы. Фьючерстік шарт – ол стандартты үлгідегі шарт, онда мәміле жасасқан тараптардың айқындаған бағасымен шартта көрсетілген мерзімде биржалық активті жеткізіп беру көзделеді. Фьючерстік шартта бір көрсеткіштен, яғни бағадан басқасы жан-жақты стандартталған. Ал сатылатын тауар бағасы, жоғарыда айтылғандай, биржалық сауда барысында белгіленеді.
Фьючерстік шартты стандарттағанда төмендегі негізгі көрсеткіштер бір ізге салынады (бір-бірімен үйлестіріледі): тауардың тұтыну құны, оның саны және нарықтық айналыс жағдайлары, тауардың түрі, оның базистік саны және одан ауытқыған қосымша төлем мөлшері, тауар партиясының мөлшері, жеткізіп беру мерзімі және оның жағдайы, төлем формасы, шарт жағдайын бұрмалағаны үшін санкция, арбитраж тәртібі және басқалар. Фьючерстік саудада тек мәміле жасасқан тауар түрінің ғана, сондай-ақ мәміленің саны, жеткізіп беру айы және ең негізгісі, сол тауардың шартта көрсетілген бағасының ғана маңызы бар.
Стандартталған фьючерстік сауданың ерекшелігі – шарттың негізденуі. Фьючерстік шартта оның екі жағы болып әдеттегідей сатушы мен сатып алушы емес, сатушы мен Есеп айырысу палатасы немесе сатып алушы мен биржаның Есеп айырысу палатасы шығады. Бұл сатушы мен сатып алушының бір-біріне тәуелсіз әрекет жасауына мүмкіндік береді, яғни кері мәміле жасау жолымен бұрынғы рәсімделген шарт бойынша өздерінің міндеттемелерін жоюға мүмкіндік алады.
Фьючерстік сауданың объектісі өте ауқымды. Фьючерстік шарттармен сауда – ол тауармен емес, тек биржалық шарттармен ғана жүргізілетін операция болғандықтан олардың негізі материалдық игілік ретіндегі тауар ғана емес, жалпы сауданың кез-келген объектісі, мысалы, әртүрлі бағалы қағаздармен сауда. Сондықтан сауданың объектісі шарт болғасын онда шартқа жасалған шартпен, бір топ шартқа шартпен сауда және с.с. Бұл шексіз сауданың табиғи шектеуі – тек нақты тауар нарығымен, нақты капитал нарығымен байланыстар болады.
Фьючерстік шартты форвард шартымен салыстыру арқылы түсінуге болады. Форвардтық шарт деген оның орындалу мерзімі шарт жасаған кезге сай келмейді және ол уақыт шартта көрсетілетін келісім. Ал фьючерстік шарт – ол биржалық активті болашақта дәл қазір екі жақ айқындаған бағамен сатып алу келісімі. Сонда фьючерстік шарттың форвардтық шарттан бірсыпыра айырмашылықтары бар. Олар:
Біріншіден, фьючерстік шарт тек биржаларда, ал форвардтық шарт биржадан тыс нарықта жасалады.
Екіншіден, фьючерстік шарт – ол формасы бойынша да, мазмұны бойынша да стандартты шарт. Ол жан-жақты стандартталған, тек бағасы сауда барысында белгіленеді. Ал форвардтық шарттың формасы типтік болғанымен, барлық нақты жағдайлары, мысалы, алғашқы активтің саны, оның сапалық сипаттамасы және с.с. жағдайлары мәміле жасасқанда екі жақпен (арасында) ескеріледі.
Үшіншіден, фьючерстік шарт бойынша оның орындалуы мен барлық есеп айырысуына биржа мен Клирингтік палата кепілдік береді.
Төртіншіден, форвардтық шарт алғашқы активті сатып алуға (сатуға) жасалады. Оны орындамаған жақ ірі айыппұл төлейді. Ал фьючерстік шарттың механизмі бойынша мәмілеге келген екі жақтың мақсаты – алғашқы активті сатып алу-сату емес, сол мәміледен фьючерстік нарықта пайда табу. Ол көбінесе алыпсатарлық шарт.
Бесіншіден, форвардтық шарт қор нарығының кез-келген алғашқы активіне жасалуы мүмкін, ал фьючерстік шартта алғашқы активтер биржаның мамандануына байланысты шектеулі болуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, белгілі-бір биржалық активті жеткізіп беру мақсатында жасалған фьючерстік шарт шын мәнінде ол форвардтық шарт. Себебі мәмілені бекіту мен орындау аралығындағы уақыт форвардтық шарттың мәні болып есептеледі.
Фьючерстік сауданың мәнін екі жақтан: биржа тұрғысынан және жалпы нарықтық шаруашылық жағынан қарастырған жөн.
Биржа тұрғысынан фьючерстік сауда – ол нарықтық шаруашылық жағдайында биржалық сауданың табиғи дамуының нәтижесі. Басқаша айтқанда, ол – нарықтық делдалдық құрылымдардың әртүрлі типтерінің тұрақты бәсекелестігінің нәтижесі. Нақты тауар саудасымен салыстырғанда фьючерстік сауданың зор артықшылығының арқасында нарықтық экономиканың қалыптасу жағдайында биржаларға жұмысын жалғастырып, одан әрі дамуына капитал жинақтауға мүмкіндік туғызады. Биржаның мақсаты – фьючерстік сауданы дамытып, нарықтық ортада қызмет істеу үшін қажетті мөлшерде табыс табуға қол жеткізу.
Нарықтық шаруашылық тұрғысынан алғанда фьючерстік сауданың мақсаты – нақты тауар нарығында бағаның өзгеруінен сақтандыру, сөйтіп кәсіпкерлердің мүддесін қорғау. Әсіресе, жетекші шикізат және отын тауарының бағасын болжау арқылы биржалық саудадан мол пайда табу.
Нарықтық экономикада бағаны болжау мүмкіндігі өндірістің қарқынды дамуы мен қоғамдастануынан және оның халықаралық интеграциялануынан туындайды. Осындай алдын-ала жасалған шаралардың негізінде фьючерстік сауда бағаның нарықтық болжам механизмін құрады. Тауар әлі өндірілмеген (өсірілмеген, қазылмаған, өнделмеген) бірақ фьючерстік шартты сатып алу-сату арқылы олардың болжам бағасы бар. Ол баға нақты өмірдегі процестердің әсеріне душар болады. Фьючерстік нарық нақты тауар нарығынан ерекше. Ол қатысушылардың құрамында, сауда орнында, нарықтың деңгейінде және басқа да жағдайларда болатын ерекшеліктер.
Биржалық фьючерстік сауда механизмінің негізгі элементтері:
биржалық сауданы фьючерстік шарттармен ұйымдастыру;
есеп айырысу тәртібі және фьючерстік шарттарды жою тәртібі;
фьючерстік шарттардың орындалуын ұйымдастыру.
Фьючерстік шартпен сауда оны жүргізуші брокерлік фирманың өкіліне клиенттің мәлімдемесін беруден басталады. Мәлімдемені ауызша немесе жазбаша беруге болады. Мәлімдемеде тауар туралы, жеткізу мерзімі, шарт саны және баға туралы мәліметтер болуы керек.
Брокерлік фирманың өкілі мәлімдемені, әдетте, телефон арқылы немесе тікелей биржа залындағы осы фирмаға қызмет етіп отырған брокерге береді. Егер биржаның жұмыс күні аяқталып қалса, мәлімдемені ақпараттық орталыққа береді.
Сауда барысында биржалық брокер шартты сатып алуға (немесе сатуға) алған тапсырысын, ұсынатын бағасын және шарт санын айғайлап айтады. Өз кезегінде басқа брокерлер шарттың осындай түрін сатуға (немесе сатып алуға) алған тапсырыс бойынша өз бағасын ұсынады. Егер сатып алу бағасы мен сату бағасы дәл келсе мәміле бекітілген деп есептеліп, биржалық жүйелерде тіркеледі. Биржалық сауда аяқталған соң брокерлер бекітілген мәмілелердің реквизиттерін тексеріп, одан соң ақпаратты клиенттерге жеткізеді.
Фьючерстік шартты «сатып алу» деген биржадан алғашқы актив (мысалы, белгілі-бір облигациялар) бойынша өзіне міндеттемені қабылдап алу. Содан кейін фьючерстік шартты орындау мерзімі келгенде осы шарт үшін айқындалған тәртіпке сай, яғни шартты сатып алу кезінде анықталған бағаны биржаға төлеу.
Фьючерстік шартты «сату» деген фьючерстік шартты орындау мерзімі келгенде биржаға алғашқы активті жеткізу (сату) міндеттемесін өзіне қабылдап алу. Содан кейін осы шартты сату бағасына сай биржадан ақша қаражатын алу.
Фьючерстік шарт бойынша есеп айырысу формасы әр елде әртүрлі болып қалыптасқан. Әдетте есеп айырысу чекпен жүргізіледі.
Фьючерстік шартты сатып алу-сатуды ұйымдастырушы әрбір биржа өзінің нормативтік актілеріне сәйкес шарттарды жасасу және орындау тәртібін белгілеуге құқылы.
Фьючерстік шартты сатып алу-сатудың технологиялық процесін шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. (16.1. Сурет).
1. Клиенттің шешімі. Клиент фьючерстік шарт нарығының өтімділігін бағалайды, яғни оларды еркін және тез арада сатып алу-сатуды бағалайды, сатып алу-сатуды жүзеге асыруға байланысты өз шығындарын анықтайды, атап айтқанда, маржаны төлеу, мәмілені жасасу мен тіркеу үшін комиссиялық төлемді, делдалдар қызметіне ақы және салықтарды төлеу. Содан кейін клиент фьючерстік шартты сатып алу-сату туралы, яғни фьючерстік саудаға қатысу туралы шешім қабылдайды.
2. Брокерлік қызмет көрсетуге шарт жасасу. Фьючерстік нарықта делдалдық қызмет атқаратын фирмамен клиент шарт жасайды. Шартқа сай клиент делдалдық фирмаға мынадай:
фьючерстік шартты клиент атынан және оның есебінен сатып алу-сатуға мәміле жасауға;
фьючерстік шартты сатып алу-сатуға байланысты барлық есеп айырысуды клиенттің қаражаты есебінен Есеп айырысу палатасының мүшесі арқылы жүргізуге;
фьючерстік нарықта барлық қажетті құжаттарды клиент атынан рәсімдеуге сенім көрсетеді.
Қызмет көрсету шарты бойынша тараптар (екі жақ) фьючерстік нарық жағдайына байланысты қауіп туралы хабардар екенін және болуы мүмкін шығындар бойынша бір-біріне шағымдары болмайтынын бекітеді.
3. Есеп айырысу палатасының мүшесімен қызмет көрсету шартын бекіту. Делдалдар фирмасы Есеп айырысу палатасымен ұзақ уақыт қызмет көрсету жөнінде шарт бекітеді. Әрбір жаңа клиентке қайтадан шарт бекітпейді.
4. Фьючерстік сауданың резерв қаражаты. Фьючерстік мәміле жасауға қажетті ақша қаражатын клиент төлейді. Ол қаражат мәміле орындалуының кепілі. Бірақ ол «фьючерстік сауданың резерв қаражаты» ролін орындамайды. Резерв қаражаты алғашқы маржаны жабу үшін жететін болуы керек. Ондай соманы клиент делдалдық фирма арқылы Есеп айырысу палатасының мүшесіне аударады.
5. Клиенттің тапсырмасы. Биржаның делдалы клиенттің тапсырмасын орындау үшін ең алдымен клиент оған биржалық саудада орындалатын белгілі-бір операцияларға мәлімдеме береді. Биржалық сауданың іс-тәжірибесінде ондай мәлімдеме сауда тапсырмасы деп аталады. Сауда тапсырмасында мәміле түрі (сатып алу немесе сату), келісім-шарт саны, жеткізіп беру формасы мен мерзімі, төлем формасы, сауда өткен күн және баға белгілеу жағдайлары көрсетілуі қажет. Әлемдік практикада сауда тапсырмасының ең көп қолданылатын түрлері:
· биржа бағасымен сатып алу немесе сату. Мәлімдеме бланкінде баға көрсетілмейді.
«күннің ең тиімді бағасымен» сатып алу немесе сату – ол сессия күнінің нәтижесі бойынша сатып алу үшін ең төменгі, ал сату үшін ең жоғары бағамен орындалады.
белгілі бір бағамен сатып алу немесе сату. Оны брокер баға берілген деңгейге жеткен сәтте немесе оны алған бойда орындайды.
6. Тапсырманы орындау – ол биржалық сауда барысында, я болмаса сессия аралығындағы уақытта өтеді.
7. Өткен сауда туралы мәліметтер. Биржа бекітілген фьючерстік мәмілелер туралы мәліметтерді тиесілі ақпараттық жүйелерге беріп отырады. Сөйтіп баға белгілеу әлемге таратылады.
8. Мәмілелер бойынша есеп айырысу – оны Есеп айырысу палатасы орындайды. Оның жұмыс механизмі туралы жоғарыда айтылған.
9. Маржа бойынша қайта есептеу. Маржаның өзгерісі туралы мәлімет биржа күнінің соңында айтылады. Жаңа маржа ставкасы алғашқы маржа ставкасы негізінде жүргізіледі.
10. Маржа төлемі бойынша қосымша қаржыны салу. Қайта есептелген маржаның негізінде белгіленген оның жаңа ставкасы бойынша клиент делдалдық фирма және Есеп айырысу палатасының мүшесі арқылы клирингтік шотқа фьючерстік шарт нарығында жұмысты жалғастыру үшін қосымша қаржы салуы керек. Ол соманы айнымалы маржа деп атайды.
11. Фьючерстік шарт бойынша жеткізу. Фьючерстік мәміленің жалған сипатына қарамастан, кейде фьючерстік шарт бойынша тауар жеткізу де болып қалады.
Әлемдік практикада биржалық сауданың тауарын жеткізудің екі типі бар: алғашқы және екінші рет жеткізу. Алғашқы жеткізу деген тауарды биржа қоймасына жеткізу немесе тауарды биржа қоймасынан алу. Екінші рет (қайтара) жеткізу деген тауардың қоймадағы партиясын қоймадан шығармай-ақ ағымдағы айдың ішінде биржалық шарт бойынша қайтадан жеткізіп беру. Биржаларда бұндай жеткізудің үлесі 20-40% құрайды. Биржалардың көбіне сатушы тек ресми оның қоймасындағы тіркеуден өткен банктердің сейфіндегі және де заводтан тиісті сертификатын алған тауарды ғана жеткізуіне болады. Сатушы оған қоса, тауар туралы мынандай мәліметтерді беруі керек:
тауарды жеткізіп беретін көліктің түрі;
шығатын елі;
қораптардың, қаптардың, бумалардың, будалардың және т.б. буып-түйілген саны;
биржа бекіткен тауарды сақтау қоймасы;
тауарды қоймаға жеткізу датасы;
тауар партиясының жалпы салмағы;
қайта өлшеген датасы;
варрант номері;
үлгілерін алған дата және т.б. мәліметтер.
Сатушы осы айтылған мәліметтермен бірге Есеп айырысу палатасы арқылы нотис, яғни жеткізу туралы хабарлама жіберуі керек. Әрбір нотисте шарттың бағасы, датасы, сондай-ақ Есеп айырысу палатасының нотисті алған уақыты және оны сатып алушыға берген уақыты көрсетіледі. Есеп айырысу палатасынан өткен барлық нотистерді сатып алушы міндетті түрде орындау үшін қабылдап алады. Содан соң белгілі-бір уақыт аралығында тауар үшін толық мөлшерде қолма-қол ақша төлеуі керек. Сатып алушы Есеп айырысу палатасына ақша төлегені туралы варрант немесе қойма куәлігін алады, яғни биржа қоймасындағы тауарға сатып алушының меншік құқығын білдіретін құжат алады. Нотиске қойған датадан бастап туындаған барлық шығындарды сатушы төлеуі тиіс.
Биржалық сауда тәжірибесінде сауда (саудагерлік) хеджирлеу және алыпсатушылық болып бөлінеді. Хеджирлеу деген ол бағаның қолайсыз өзгеруінен биржалық сақтандыру. Ал биржалық алыпсатушылық деген ол фьючерстік шарттың уақытына, кеңістігіне және тауар түрлерінің баға динамикасына негіздеген пайда табу тәсілі.
Саясиэкономиялық түсінік бойынша хеджирлеу де, биржалық алыпсатушылық та – екеуі де саудагерлік, яғни өндіру кезінде емес, айналыста – баға айырмашылығынан пайда табу тәсілі. Хеджирлеу мен алыпсатушылық – қатар жүретін және бірін-бірі толықтыратын биржадағы саудагерліктің екі формасы. Дегенмен олардың бір-бірінен айырмашылығы да бар. Олар бір медальдың екі жағы тәрізді. Хеджирлеуді алыпсатушылықтан айыруға болмайды және керісінше де болады.
Биржада хеджирлеуді, әдетте, кәсіпорын, ұйым және жеке адам жүргізеді, әрі сол кезде олар, яғни өндірушілер, қайта өңдеушілер, сатушылар дәл сол кезде олар нақты тауарлар нарығының қатысушылары да болады. Алыпсатушылықпен, әдетте, фьючерстік шарт бағасының айырмасынан пайда табу мақсатында биржа мүшелері, көбіне жеке адамдар шұғылданады. Нарықтық шаруашылықта басты мақсат – қандай операциялар есебінен екеніне қарамай – пайда табу. Хеджирлеудің мақсаты – тапқан пайдамен нақты тауар нарығындағы шығындарды өтеу.
Бір биржалық активтің – физикалық нақты нарықта және фьючерстік нарықта – әртүрлі бағасы болады. Себебі физикалық нарықта активті нақты сатып алу-сату дәл сол кезде жүреді де, ал фьючерстік нарықта ол процесс бірсыпыра уақыттан кейін, яғни бірнеше күннен кейін, тіпті бірнеше айдан, жылдан кейін болады.
Өз кезегінде кез келген нарықтың бағасы тәрізді фьючерстік шарт бағасының объективті негізі – құн. Баға сұраныс пен ұсыныстың әсерінен құннан ауытқуы мүмкін. Сондықтан фьючерстік шарт бағасының дәстүрлі түрде қалыптасуы 16.2. Суретте өрнектелген.
Фьючерстік шарттың құнына мына факторлар әсер етеді:
· физикалық нарықтағы активтің бағасы;
· фьючерстік шарттың әрекет мерзімі;
· проценттік ставка;
· активті қолдануға (сақтау, қауіпсіздендіру) байланысты шығындар.
Сонымен, фьючерстік шарттың құнына әсер ететін факторларды екі топқа бөліп (яғни, тұрақты және ерекше факторлар) 16.3. Суретпен өрнектелік.
Фьючерстік шартпен сауда төмендегідей тәртіппен жүргізіледі:
Біріншіден, шартты сатушы әрдайым шарттың бағасын төмендету үшін ойнайды, яғни егер ол шартты сатқанынан гөрі сатып алғанда төмен бағамен алса, онда ол пайда табады;
Екіншіден, шартты сатып алушы әрдайым шарттың бағасын жоғарылату үшін ойнайды, яғни егер ол шартты сатып алғанынан гөрі жоғары бағамен сатса, онда ол пайда табады.
Себебі фьючерстік саудадағы қаржылық есеп екі баланс теңдігінен құралады:
егер шартты сатып алушы ұтса, онда міндетті түрде шартты сатушы ұтылады, сондай-ақ керісінше де болады;
есеп айырысу палатасының және оның клиенттерінің бір мүшелеріндегі ұтыс сомасы Есеп айырысу палатасының басқа мүшелеріндегі ұтылыс сомасына тең болады.
Фьючерстік шартты сатып алу-сату бойынша есеп кезеңіне шартты бекіткен күн кіреді. Шарт орындалмай немесе жабылмай қалған кезең және шартты жабу немесе оны орындау күні (кезеңі) қаржылық есеп күні болып есептеледі. Осы айтылған кезеңдерде жүргізілетін қаржылық процедураларды қарап өтелік.
І кезең:
шартты бекіту күні (позицияны ашу);
Есеп айырысу палатасында шартты тіркеу;
шарт үшін кепілдік жарна (алғашқы маржа) төлеу;
шартты тіркегені үшін төлем.
ІІ кезең:
ашық позицияны сақтау күні (кезі);
айналым маржа бойынша есеп;
егер Есеп айырысу палатасы маржаның ставкасын өзгертсе, онда алғашқы маржа бойынша есеп.
ІІІ кезең:
кері мәміле жасау (немесе офсеттік) жолымен шартты жабу күні немесе шартты орындау күні (оның мерзімі аяқталған күн);
жабылған позиция бойынша пайданы (зиянды) есептеу;
кері мәмілені тіркегені үшін төлем;
есеп айырысу палатасының палата мүшесіне (клиентке) төлейтін немесе Есеп айырысу палатасы мүшесінің (клиенттің) палатаға төлейтін ақша сомасын есептеу;
фьючерстік шарттың негізі болған биржалық активті беру (алу);
Осы атап өткен кезеңдерден Есеп айырысу палатасының қызметі құралады. Олар:
алғашқы маржаны есептеу;
жабылған позициялар бойынша ұтыс және ұтылыс сомасын анықтау;
ашық позицияларды есепке алып және айнымалы маржаны есептеу.
Алғашқы маржа деген Есеп айырысу палатасы мүшесінің өз шотынан Есеп айырысу палатасы шотына әрбір ашық позиция үшін аударатын ақша сомасы.
Айнымалы маржа деген Есеп айырысу палатасы мүшесінің өз шотынан Есеп айырысу палатасы шотына (немесе алғашқы маржа сомасының есебінен) фьючерстік шарттың бағасы ол үшін қолайсыз бағытта өзгеретін ашық позиция болған жағдайда аударатын ақша сомасы.
Биржалық опцион деген биржалық активті (фьючерстік шарт та кіреді) сатып алуға немесе сатуға құқық беретін стандартты биржалық шарт, басқаша оны еркін айналыстағы опциондық шарт деп те атайды. Құқықты сатып алу үшін белгіленген датаға дейін (мысалы, 5/Х) шарт орындалатын (мысалы, 30/Х) баға бойынша сыйақы деп аталатын белгілі бір сома төленеді.
Фьючерстік шарттарда қолданылған терминологияның опциондармен операциядағы мағынасын қарастыралық. Опционды «сатып алу» деген сатып алушының шартымен келісуді, ал опционды «сату» деген сатушының шартымен келісуді білдіреді.
Іс тәжірибеде опциондық шартты кез-келген нарықтық активтермен және фьючерстік шартпен жасауға болады. Биржалық опциондар фьючерстік шартпен саудада жасалған ережелер мен механизмдердің негізінде биржаларда еркін сатылады және сатып алынады.
Әдетте биржалық практикада опционның екі түрі – сатып алу («колл» опционы) және сату («пут» опционы) – қолданылады. Бірінші жағдайда сатып алушы биржалық активті сатып алу міндеттемесін емес, опционды иемдену құқығын алады. Ал екінші жағдайда сатып алушы сол активті сату міндеттемесін емес, опционды сату құқығын алады.
Опционды сатып алушы – оны ұстаушы немесе иемденуші деп те аталуы мүмкін, ал опционды сатушыны оған жазылушы немесе оны «жазып алдырушы» деп атайды. Опциондық шартты ұстаушы жақтардың құқығы мен міндеттемелерін 16.4. Суретпен өрнектеуге болады.
Орындау мерзімі бойынша опцион екі типке бөлінеді. Біріншісі, американдық – ол опцион мерзімі біткенше кез-келген кезде орындалуы мүмкін опцион. Екіншісі, еуропалық – ол тек опцион мерзімі бітетін датада орындалуы қажет опцион.
Опционның негізі болатын биржалық активтер түрі бойынша опциондар төртке бөлінеді:
тауарлы, оның негізі – кез-келген тауар (металл, астық, мұнай, және т.б.);
валюталық, олардың негізі – шетел ақша бірліктері;
қор опциондары, олардың негізі – акция, облигация, индекстер;
фьючерстік немесе фьючерстік шарттарды сатып алу-сату опциондары.
Фьючерстік шарттың бағасының негізі – биржалық активтің бағасы, ал опционның бағасы – оны орындау құқығын алғаны үшін сатып алушының төлейтін сыйақысы. Егер опцион тиімді болса оны орындайды, ал егер зиян келтірсе оны орындаудан бас тартады. Міне бұл бағасы бойынша фьючерстік шарт пен опционның бір-бірінен айырмашылығы.
Опциондық стратегияның негізгі топтарының сипаттамасы. Стратегия – бір істі жүргізу өнері. Опционның түріне, бағасына және оны орындау датасына байланысты опциондық стратегияның саны да өте көптеп саналады. Оның негізгі топтарын қарастырып өтелік:
жай стратегия – ол біркелкі опциондық позицияны ашу, яғни колл, пут опционын жай сатып алу немесе сату;
спрэд – ол бір опцион түріне және де сол активке бір уақытта екі қарама-қарсы позицияларды ашу. Басқаша айтқанда, ол бір және сол активке колл немесе пут опционын бір уақытта сатып алу және сату;
құрастырылған (комбинированная) стратегия – ол опционның әр түріне бір уақытта екі бірдей позиция ашу. Басқаша айтқанда, ол колл опционы мен пут опционын (бір активке) бір уақытта сатып алу (сату).
синтетикалық стратегия – ол: біріншіден, опционның әр түріне (бір активке) бір уақытта қарама-қарсы позиция ашу; екіншіден, активке физикалық нарықта және сол активке опциондық нарықта бір уақытта позиция ашу. Бұл стратегия өзінің мәні жөнінен жай опциондық стратегияға сай келеді.
Аталған стратегия топтарының көптеген түрлері бар. Мысалы, жай стратегияның төрт түрі, «спрэдтің» - үш, құрастырылған стратегияның – екі және синтетикалықтың – екі түрі болады.
Биржалық опциондарға баға белгілеу. Опционның құнын айқындаушы факторлар фьючерстік шарттың құнына әсер етуші факторлардан өзгеше болады. Себебі опциондарға баға белгілеу механизмі опционның негізі болған активке баға белгілеу механизміне сай келмейді.
Опционның бағасына әсер ететін факторлар мыналар:
физикалық нарықтағы активтің бағасы;
опционды орындау бағасы;
опционның әрекет мерзімі (уақыты);
проценттік ставка (бұл жерде, тәуекелсіз проценттік ставка, мысалы, бірінші класты банктердегі немесе мемлекеттік облигациялар бойынша айтылады);
опционның негізі болған актив бағасының өзгермелілігі.
Опциондық физикалық нарық деген кез-келген сатып алу-сату нарығы, мысалы, бағалы қағаздар нарығы (яғни, қор нарығы). Сондай-ақ, егер опционның негізі фьючерстік шарт болса, онда фьючерстік нарықта опциондық физикалық нарық болуы мүмкін.
Опционның құны екі бөліктен құрылады: ішкі құны және уақытша құны. Ішкі құны бар опцион «ақшалы» деп, ал онысы болмаса «ақшасыз» опцион деп аталады. Опционның ішкі құны – ол, егер мәміле дәл бүгін (мәмілеге келген күні) аяқталатын жағдайда опцион үшін түсетін сома. Ішкі құны активтің нарықтық бағасы мен орындалу бағасының ара қатынасымен анықталады.
«Колл» опционының (сатып алу) ішкі құны – ол активтің бағасы опционның орындалу бағасынан артық болатын шама. Оның формуласы:
«Пут» опционының (сату) ішкі құны – ол опционның орындалу бағасының активтің бағасынан артық болатын шама.
Опционды сатып алушы «ақшасыз» опционды алуға ұмтылады. Себебі бұл жағдайда ол активтің тиімді бағасын пайдалана алады. Сонда, оның ішкі құны нольден кем болмайды.
Опционның уақытша құны – ол опционның бағасымен (сыйақы) оның ішкі құнының айырмасы. Опционның әрекет мерзімі ұзақ болса опционның уақытша құны да көп болады. Себебі уақыты ұзарған сайын қауіп те өсе түседі.
Қорыта айтқанда, американдық типті опциондар үшін ықтимал сипаттағы опцион бағасына әсері бар бес фактор туралы сөз етілді.
