Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
27.11.09 book by Koshenova.B.A.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
558 Кб
Скачать
☆

Биржалық тауарды саудаға түсіру

Ресми тіркелген қор биржасының құндылықтары, яғни бағалы қағаздар арнаулы биржалық процедурадан өткізілгеннен кейін айналысқа түсірілуі керек. Ол жоғарыда айтылғандай листинг деп аталады, сөзбе сөз аударғанда, «тізімге енгізу» дегенді білдіреді. Кез келген компания шығарған бағалы қағаздарын тиісті биржаның тізіміне ендіргеннен кейін ғана бағалы қағаз саудаға түсіріледі. Бағалы қағаздың нақты бір түрінің листингі деген оның биржа тізімінде пайда болу фактісі, яғни ол бағалы қағазды саудаға түсіруге рұқсат берілген дегенді білдіреді.

Листинг процедурасы бірсыпыра кезеңдерден құралады:

· алдын алу кезеңі;

· экспертиза (сарап);

· листинг туралы келісім;

· листингті қолдау кезеңі;

· делистинг.

Алдын алу кезеңінде биржа эмитентке және оның бағалы қағаздарына қойылатын талаптарды дайындайды.

1. Бағалы қағаздар заңдар мен нормативтік актілердің та­лаптарына сәйкес шығарылуы және тіркелуі тиіс.

2. Бағалы қағаздарды шығарудың қорытындысы туралы есеп белгіленген тәртіппен тіркеуден өткізілуі тиіс.

3. Еркін айналыстағы бағалы қағаздар болуы тиіс.

4. Сауда жүйесінде баға белгілейтін кемінде екі маркет-мейкер үнемі болуы керек.

5. Акционерлік қоғамдардың акциялары үшін: акционерлік қоғамның дауыс құқығы бар акцияларының мүдделі жақтың иелігінде 60%-тен артық емесі болуы керек.

6. Бағалы қағаздардың эмитенттері заң және биржа та­лаптарына сай ақпараттарды белгіленген тәртіппен және белгіленген көлемде ғана ашуға міндеттеме қабылдайды.

Листингке ынталы жақ – эмитент немесе саудаға қатысушы (арызданушы) биржа атына жазбаша арызды және оған қоса бағалы қағаздарды саудаға түсіру туралы қаулы қабылдау үшін қажетті құжаттарды береді.

Екінші экспертиза (сарап) кезеңінде эмитенттің немесе саудаға қатысушының берген құжаттарын сараптау үшін биржа өз күшімен баға белгілеу комитетін (листинг бөлімін) қалыптастырады. Ол комитетке биржаның, саудаға қатысушылардың және тәуелсіз сарапшылардың өкілдері кіреді. Олар немесе сырттан тартылған аудиторлық фирма бағалы қағаздардың және эмитенттің рейтингін (сапасын) анықтайды. Бұл кезеңнің қорытындысында бағалы қағаздарды тізімге енгізіп, биржа ол туралы арызданушыға хабарлайды. Ал тізімге енгізбеген жағдайда оның себебін хабарлайды.

Листинг туралы келісімде екі жақтың – арызданушы мен биржаның міндеттері айқындалады. Биржа тізімге енгізілген бағалы қағаздардың нарығын қолдайтын міндеттеме алып, нарықтағы барлық өзгерістерді ақпарат құралдарына жариялап тұрады. Ал эмитенттер өз қызметінің нәтижесі туралы биржаға есеп беріп тұруға міндеттенеді.

Листингті қолдау кезеңіне тараптардың өздеріне алған міндеттемелерін орындауы және арызданушының белгіленген жарнаны төлеуі жатады.

Делистинг – ол бағалы қағазды биржалық тізімнен шығару. Шығаруға төмендегідей себептер әсер етеді:

саудаға қатысушының бағалы қағаз тізімінен шығару туралы арызы;

реттеуші органның бағалы қағаз шығарылымының қана­ғаттанғысыз екені туралы шешім қабылдауы;

бағалы қағаз шығарылымының дұрыс еместігі туралы сот шешімінің іске асуы;

бағалы қағаз эмитентінің жойылуы немесе жабылуы;

биржа арқылы бағалы қағазды айналысқа шығару мерзімінің өтіп кетуі;

арызданушының листинг туралы келісімді орындамауы;

эмитенттің қызмет көрсеткіштерін тізімге ендіру үшін қойылатын талаптарға сай еместігі.

Әдетте, делистинг процедурасы шетел практикасында жиі кездеседі.

Қор құндылықтарының айналымын ең алдымен биржа үнемі бақылап және реттеп отырады. Бағалы қағаздарды сатып алушы инвестор эмитент-компания туралы және оның бағалы қағаздарын сатып алатын нарық туралы жүйелі түрде ең анық және уақытылы ақпараттарды алуға болатынына көз жеткізуі керек. Сөйтіп, инвестор эмитенттің экономикалық өрлеу перспективасын және оның бағалы қағаздарының сапасын бағалауға мүмкіндік алады.

Эмитент-компания да бағалы қағаздарын қор биржасының тізіміне іліктіруден бірсыпыра пайда табады. Мысалы, инвестиция салушылардың арасында олардың атағы көпшілікке белгілі болады. Сондай-ақ биржада акцияларының бағаларын белгілеу компанияның нарықта тұрақты позиция алуына мүмкіндік береді. Биржа – акциялардың нарықтық құнын анықтайтын жүйе. Бірсыпыра елдерде листинг процедурасынан өту компанияларға салық салғанда жеңілдік беруге негіз болады. Сондай-ақ, тізімде тұрған компания, әдетте, банктерден және де басқа қаржы институттарынан несие алғанда зор сенімділікке ие болады.

Қорыта айтқанда, листинг – ол нарықты қолдау жүйесі, ол ұйымдастырылған нарық үшін ең қолайлы жағдай туғызып, ең сенімді әрі сапалы бағалы қағаздарды анықтауға және олардың өтімділігін арттыруға мүмкіндік береді.