- •Қабдырахман Сәдуақасұлы ұрпаққа қалар ұлағат
- •Құрастырушыдан
- •Атасының аты білінбей, өз аты шыққан ерлер
- •Қазақ хандары
- •Ақселеу Сейдімбектің қазақтың ауызша тарихынан
- •Орта жүз құрамындағы тайпалар
- •Енші институты
- •Туысқандық жүйе
- •Қазақтың үш жүз атануы
- •Алаштың енші бөлуі
- •Орта жүз шежіресі
- •Болатқожаның Қаракесек атануы
- •Тарақты
- •Төлегетайдың төрт немересінің түсі
- •Төлек батырдың батасы
- •Ақсақтың алтауы
- •Бура қыпшақ
- •Жалайыр
- •Жаман Тобықты
- •Қазақ қоғамындағы адамдық сапасы туралы
- •Жалықпас
- •Қарқабат
- •Қазақ туралы мақал-мәтелдер
- •Алтыншаштың түсі
- •Алпыс алты ата Қоңырат
- •Арғын-Сүйіндік-Күліктердің атамекені
- •Ер Жәнібекке анасының берген батасы
- •Ер Жәнібекке Қазыбек бидің берген батасы
- •Жидебайдың кеңесі
- •Қарқаралы қайран тау
- •Құдай. Жұмақ. Тозақ
- •Қыпшақ Наурызбай би
- •Қыпшақ Сейітқұл
- •Шұбарайғыр Балта батыр
- •Кіші жүз. Адай
- •Атағозы батыр
- •Барақ батыр мен Қыдыр ғалайссалам
- •Бес Естек
- •Жаналы би мен Дәден бидің әзілі
- •Абылай ханның ұрпақтары
- •Қазақ хандары
- •Керей хан
- •Мұрындық хан
- •Қасым хан
- •Мамаш хан
- •Тайыр хан
- •Бұйдаш хан
- •Ахмет хан
- •Хақназар хан
- •Тәуекел хан
- •Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Әбілқайыр хандар
- •Абылай хан
- •Кенесары хан Қасымұлы
- •Қарқаралы төрелері
- •Тағанбайдың төрт ұлы
- •Алты Алаш
- •Айнакөз
- •Ақбикеш пен Мақпал
- •Зылиха (Қаракемпір)
- •Нұрбике
- •Ұран туралы
- •Қалыңмал және жасау
- •Жынды Ысқақ
- •Ел аузындағы аңыз-әңгімелерден Достық туралы аңыз
- •Ұрпақ өсіру туралы аңыз
- •Бауырлық мейірім
- •Алтын босаға
- •Түке мен Құлжан байлардың егесі
- •Тұрмағанбет
- •Есенбай
- •Ақсарыдан айырылмағаның дұрыс қой
- •Что лев, что тигр все одни хишники
- •Жобалай
- •Боқтампаздың боқтықты қоюы
- •Қаз дауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Бұдан 300 жыл бұрын айтқан Мөңке бидің болжамы
- •Балпық шешен
- •Жидебай батыр мен Қараменде би
- •Жанқұтты шешен
- •Толыбай шешен
- •Бөлтірік шешен
- •Дадан тобықтының шежіресінен
- •Әуезбақы (Әуез-ене)
- •Жолдыбай айтқан
- •Бауыржанның батасы
- •Тарақты Шалқарбектің батасы
- •Қасымның батасы
- •Немереге бата
- •Қыз, әйел, ана туралы нақылдар
- •Абысындардың татулығы
- •Афоризмдер
- •Ақтоғайдың әзіл-қақпайлары
- •Әшембек
- •Зерек бала
- •Бір жеңгеге
- •Бір мылжыңға
- •Жануарлардың адамға пайдасы мен зияны
- •Мазмұны:
Жынды Ысқақ
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында Сүлейменнің Ысқағы деген кісі болды. 1976 жылы 97 жасында дүние салды. Ысекеңнің елден ерекше бір қасиеті – көңіліне ұнамаған адамды, болмашы міні байқалған жанды неше түрлі теңеуге теліп сыбап жіберетін. Осы мінезіне орай жұртшылық ол кісіні «Жынды Ысқақ» деуші еді. Алайда, Ысекеңнің есі түзу, көргені де, түйгені де көп, көшелі сөзге жүйрік, кезінде Арқаның небір жақсы-жайсаңымен иық тиістіріп, дәмдес болған
99
адам. Рас, мінезі қырыс, әсіресе, тосын көрген адамына елп ете қоймайтын, керісінше, сырт адамды сын тезіне бір салып алмай көңілі көншімейтін жан болатын. Ысқақтың мұндай мінезіне жұрттың көндігіп алғаны сонша, тіпті, ауыл жігіттері онысын қызықтап, әсіресе, жоғарыдан келген әкім-өкілсымақтарды бір сыбатып алуды әуезе көретін. Енді ойлап отырсам Ысекеңнің сондай болуын халықтың өзі қалап, өзі қолдап, өзі еркелетіп өткендей көрінеді. Шыны да сол. Бәлкім қасіретті көп көрген ел, тауқыметті көп тартқан жұрт, бейнетті көп шеккен халық соның бәріне араша түсетін, көңілін сергітіп отыратын Ысқақ сияқты тұлғаны қажетсінген болар. Ол кезде жоғарғы жақтың әкім-өкілдері шаруашылықтарды аралауға шығып тұратын дәстүр болған. Сол әдетпен облыс басшыларының бірі Ақтоғай ауданының шаруашылығын көруге келеді. Сол жылы қуаңшылық болып, астық шықпай, шөп шабудың да қисыны келмей, елдің күйзеліңкіреп тұрған кезі болса керек. Бұл жағдай облыс басшысының да еңсесін түсіріп, ауыл жігіттерінің апшысын қуыра беріпті. Ауыл жігіттері әкімнің мұнысына бір шыдайды, екі шыдайды, содан тіпті болмаған соң: «Қап, мынау әкіреңдеп болмады - ау», - дейді де, түстік ішетін үйге алдын ала Ысқақты алдырып қояды. Облыс басшысы жанындағы нөкерлерімен түс кезінде бір тыныс алар үйге келіп түседі. Келсе, төрде бейтаныс қарт адам отыр. Барлығы жапырылып сәлем беріп, жайғасып отырады. Ысқақтың жайы белгілі, келген адамдарды сыбай бастайды. Сол әдетпен шай келгенше бес-алтауын сыбап үлгереді-ғой. Сонда облыс басшысы шыдай алмай: «Ақсақал-ау, пайғамбар жасынан асқанда мұныңыз қалай, осында байқап отырмын, менен басқаның сау-тамтығын қалдырмадыңыз, мұныңыз ұят емес пе?» - деп реніш білдіреді. Мұндайда айылын жиятын Ысқақ па, жұлып алғандай: «Шырағым, өкпеледім десең, сенің де әкеңнің аузын...» - деген екен.
1960 жылдарда, Хрущев КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда, облыстық партия комитетін, өндіріс обкомы, село обкомы деп екіге бөлген. Соның село обкомының басшысы Ақтоғай ауданымен танысуға келеді ғой. Әрине, аудан жөнінде, оның азаматтары жөнінде ақпараты болса керек. Танысуға келе жатқан басшыға Тоқырауын бойына үй тігіп қарсы алады ғой. Әңгіме арасында, осында Ысқақ деген қарт бар деп еді, сол кісіні алдырыңдаршы, сәлемдесейін дейді. Оған аудан басшылары, ол кісі сексеннің ішінде, бәдік кісі ғой, қайтесіз дегендеріне облыс басшысы болмапты. Содан Ысекеңді алдыртады ғой. Бұрындары сырттан келген сыйлы кісілерді қарсы алғанда, ылғи Ысекеңді бұрын алдыртады екен. Бұл жолы кейіннен алдыртқандарына қитығыңқырап келген Ысекең, сыртта тұрған адамдармен сәлемдесіп болмай жатып, аудан, ауыл басшыларын сыбай бастайды. Бәрі ол кісінің сөзбен суреттеп сыбағанына күледі де, біреуі тұрып мына кісі қалып қойды дейді, облыс басшысын көрсетіп. Ол кісінің мұрны құсмұрын, иегі шығыңқылау екен. Сол кезде Ысекең: «Мұрны аузын с...п тұрған бұл қай әкеңнін аузын...»,-деген екен. Бұған ешкім күлмей, ыңғайсызданып қалады да, тамақтың дайын болғанын сылтауратып үйге кіреді. Ол кезде Ақтоғайда қонақ үй деген жоқ, облыс басшысы аудан басшысының үйіне қонады. Таңертең қырынып, айнаға қарап облыс басшысы шек-сілесі қатып күледі ғой. Аудан басшысы не
100
болып қалды дегенде, облыс басшысы, япыр-ай, мұндай да керемет теңеу болады екен-ау депті.
Қарқаралыда Әбжан Омарбаев деген ақын болды. «Кәрлен кесе» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Сол Әбжан ақынның басы кіші, бет-аузы бір уыс қана, әжімі көп кісі болатын. Оның үстіне ақынға тән мінезбен желпініп сөйлеп отыратын. Әбжан ақынды алғаш көргенде әрі-бері сынап отырып, бір мезгілде: «Шырағым, бет-ауызың тарттырып жіберген ісек қойдың енегіндей қырыс-тырыс болған әкеңнің аузын...»,- деп боқтаған екен.
Ақтоғай ауданының азаматы, көп жыл партия, совет органдарында басшы қызмет атқарған Макенбаев Қалкен деген кісінің жүрген жүрісіне қарап отырып «Кәрі айғырдың қасасындай салаң-салаң еткен жүрісіңнің әкесінің аузын с...н»,- деп боқтайтын.
Бірде аудандық милицияның бастығы Ысқақ отырған үйге тап болыпты да, сөз арасында Ысқақтың мінезін жақтыртпай: «Ақсақал, бұл әдетіңізді қоймасаңыз қиын болады. Жазатайым біз сияқты заң адамын боқтасаңыз, текке сотталып кетесіз ғой», - депті. Сонда Ысқақ: «Бәрекелді, басы әтештің айдарындай қып-қызыл болған әкеңнің аузын...-ау сені боқтап өле алмай жүр ғой деймісің, оны білем ғой»,- деген екен.
Тарихи романдарын жазу үшін дерек жинап жүрген кезінде әйгілі жазушы Ілияс Есенберлин Тоқырауын бойында болады. Бұл өңірден шыққан Бөкей ханның ұрпағы – Құдайменде, Дайыр төре сияқты жуан сіңір байлар кезінде Кенесарыны қолдап адам көмегін де аямаған. Оның үстіне, Дайыр төренің көзін көрген Ысқақ қартты естіген соң, Ілияс тірі шежіремен сөйлеспек болып, арнайы ат басын бұрған. Ақынның құлағы өзінен қырық күн бұрын жүреді деген сөз рас болу керек, Ілиястың арнайы іздеп келе жатқан хабары Ысқаққа да жетеді. Алайда, елдің көңілінде көлеңке бола ма, Ілиястың аяғы Ақтоғайдың шетіне ілігісімен ауыл азаматтары алақанға салып жөнеледі ғой. Сәлем берсе қой сойып, бата берсе тай сойып дегендей, жайылып жастық, иіліп төсек болады. Содан Ілекең бірер күн өткенде аудан басшыларына: «Ау, жігіттер мен той тойлағалы келгенім жоқ. Енді мен десеңдер адам аяғы саябырлау бір жер болса, кәрі құлақ қарттармен сөйлессем», - дейді. Ардақты жазушы айтты-бітті, ауыл азаматтары ақыл тоғыстыра қояды да елпілдеп жүріп Тоқырауынның шалғынды алқабына аппақ жұмыртқадай киіз үй тігеді. Ол үйге Ілиясты әспеттеп жайғастырады да, ал енді қарттарды шақырайық деп, алдымен Ысқаққа кісі жібереді. Алайда, Ысқақ бір шақырғанға келе қоймайды. Екінші рет елегенімізді білсін деп, аудан басшысының жарқыраған жеңіл машинасын жібереді. Ысқақ бұл жолы да келмейді. Сонда аудан басшысы кеңшардың парторгін шақырып алады да: «Бұл қырсық шал сені тыңдаушы еді ғой, өзің баршы», - деп үшінші рет жұмсайды. Парторг келсе, бір қой белдеуге байланған, зарлап маңырап тұрғанын көреді. Үйге кірсе Ысқақ қарт шапанын тұмшалай жамылып теріс қарап жатыр дейді. Бас жағында ұршық иіріп отырған бәйбішесі парторгқа ернінің ұшын жыбырлатып салық амандасады да теріс қарап жатқан Ысекеңе мойын бұрып, самбырлап сөйлеп қоя береді. «Кісі келді, көтер басыңды. Мына бір қойға да обал болды, бүгінмен үшінші күн нәр татқан жоқ. Сендей қаусаған шалды бір
101
құдайдан басқа кім керек қылушы еді? Қонақ келеді деп шала бүлінгенін айтам-ау! Парторг мән-жайды енді түсінеді. Ілиястың арнайы іздеп келе жатқаны рас болса, елдің қонағы деп, Ысқақ қарт қара қойын қамдап отырған ғой. Екі шақырғанда келе қоймауының сыры да сол болса керек. Бұл жайды айтпай-ақ түсінген парторг майдалап сөз бастап, алыстан алты жасар бала келсе, ауылдың алпыстағы қарты сәлем бермеуші ме еді дей келіп, Ысекеңе қолқа салғандай етіп сөз тірейді. Жөн-жобаның қоры Ысқақтың өз көкірегінде емес пе, сол жерде кімге жөн үйреткелі отырсың дегендей Ысқақ аларып бір қарайды да, үн-түнсіз орынан тұрып ере береді. Айтқанша болмайды, бастықтың лыпып тұрған машинасы Ысекеңді отырғызып алып, желқайықтай сырғыған қалпы Ілияс Есенберлин отырған үйдің іргесіне келіп бірақ тоқтайды. Үйге кірсе төрде – Ілияс, оң жағында – райком, сол жағында – райисполком, тоңазыған ет, томырылған май, тостаған толы қымыз үстелді қайыстырғандай. Совхоз директоры зыр жүгіріп қызмет көрсетіп жүр. Үстелің шет жағына құндыз бөркін оқшырайып төңкеріп қойған Ілияс желпініп әңгіме айтып отыр дейді. Ысқақ сәлем беріп кіріп келгенде үй ішіндегілер әңгімені сап тыйып, шапұр-шұпыр қол алысып, қонақты төрге оздырып, іздеп отырған адамы болған соң Ілиястың оң жағынан орын берді. Амандық-саулық сұрасып жатқанда шара толы сары қымыз да келіп үлгереді. Әшейінде іш бере қоймайтын Ысқақтың қазіргі салқындау шырайын байқаған аудан басшысы, қалай болып қалар екен дегендей, қылпылдап отырып сөз бастайды. Ысеке, мына жаныңызда отырған қонағымыз – Ілияс Есенберлин деген жазушы ағамыз. Әрине, бізге аға болғанмен, сіздің балаңыз құралпылас. Ілекең өткен тарихымыз жөнінде үлкен кітап жазбақшы екен. Сол үшін өзіңіз көзін көрген Дайыр төре туралы білгісі келеді.
Осы кезде Ілияс сәл жөткіріне қозғалақтап, аудан басшысының шоқырақ сөзін толықтырғысы келгендей шырай танытады да тіл қатады. Иә, ақсақал, ел ішінің өзіңіз секілді кәрі құлақ қарттары біз үшін таусылмас қазына. Сіздердей қарттардың бойында бері қойғанда екі ғасырдың дерегі болады деп білемін. Олай дейтінім, бір ғасырды көзбен көрдіңіздер, екінші ғасырды көргендердің сөзін естідіңіздер. Мәселен, Сіз Дайыр төрені көрдіңіз, Дайыр төре Кенесарыны көрді. Әне, екі ғасырдың дерегі деген сол болмақ. Әлбетте, Дайыр төре төңірегіндегі білетініңіз бір отырыстың, бір маслихаттың шеңберіне сыя қоймайтыны да рас. Дегенмен, «сөз сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады» дегендей, бір ойды бір ой қозғайды, сөйлей отырыңыз, Ысеке. Осылай деп, Ілияс ошарыла бұрылып Ысқақтың сөзін ықыласпен тыңдайтындай қалып танытады. Ысқақ болса сол салқын шырайынан сейіле қоймаған қалпы аз-кем ойланып отырады да сөз бастайды. «Жөпелдемеде Дайыр төренің қай қылық-қасиеті тілге орала қояр дейсің» – деп Ысқақ қарт тағы бірауық түйіліп отырады да, бір мезгілде еңсесін тіктеп сөйлеп кетеді. «Жаны жаннатта болсын, марқұм Дайыр төренің еті ауыр адам еді. Көп отырып қалған жерінен өз бетімен тұра алмайтын. Әсіресе, дәрет аларда қиын-ақ, екі кісі екі қолтығынан демеуі керек, бір кісі шалбарының бауын шешуі керек, бір кісі дәрет құманын ұстауы керек. Қойшы, әйтеуір, Дайыр төре түзге шығарда бір әбігер болып қалатынбыз. Алланың әмірі, бұл жазмыш дегенді қойсайшы, бірде Дайыр төре әдеттегідей тысқа шыққанда шалбарының бауын
102
шешу кезегінің маған келгені. Бетіміздің ұяты ашыла қоймаған кезіміз ғой, кәдуілгідей абдырап тұр едім, төренің өзі: «Ал, шырағым шешіп жібер», - деді. Төре айтқан соң шегінер жер қала ма, шалбардың ызынды бауын қалай тартып қалғанымды білмеймін. Ұяттан құлақ шекеме дейін дуылдап, мұнан әрі не істерімді білмей тұр едім: «Дамбалдың да бауын тартып жібер» - дегені. Сол жерде есеңгірегендей болып тұрып, дамбалдың да бауын тартып қалғаным. Құдай-ау сендерге өтірік, маған шын, осы бүгінгідей әлі көз алдымнан кетпейді, өлшесе, өзімен кетсін, ұма майының үлкендігі, Ілияс шырағым, тура мына жатқан сенің құндыз бөркіңдей еді»...
Бұл сөзді естігенде Ілияс не күлерін, не ашуланарын білмей алақтап жан-жағына қарайды. Ысқақтың сырын білетін аудан басшылары, осымен тына қойса да жаман болмас еді-ау деген қауіптен шөгіп кеткендей болып, төменшіктей береді. Ойын іркіп, тілін тістеп қалу Ысқақтың табиғатында жоқ, сол жерде әлгі айтқан естелігінің түйініндей етіп сөзін жалғайды: «Ал, шырағым, Ілияс, - дейді Ысқақ арнап айтар лебізін танытқысы келгендей жүзін бұрып, - мына шіліңгір шілдеде, осынау қу медиен шөлге, түу сонау ит арқасы қияндағы Алматыдан менің жаңағы айтқанымды сөз деп естімек болып, елеп, арнайы ат сабылтып келіп отырған тап әкеңнің аузын...! Осыны сөз деп, мән беріп, арнайы үй тігіп, тыңдап отырған басқалардың да әкесінің аузын...! Мұны сөз деп айтып отырған менде де ес жоқ.
Осылай дейді де, Ысқақ келген шаруасын бітіргендей, орнынан тұрып шығып кетеді. Ілиястың екі көзі шатынап, боқтатуға шақырып па едіңдер дегендей ызғар шашады. Аудан басшылары естерінен танғандай тұғжыңдап, төмен қарайды. Сол жерде парторг тіл қатады: «Ілеке ренжімеңіз. Ысекеңе ренжуге болмайды. Әлгінде, үйіне барсам, белдеуінде бір қара қой байлаулы тұр. Сіз арнайы келе жатыр деген соң, жөнді де, жолды да білетін қарт қой, өзі таңдап бір қара қойды қомдап отырса керек. Ал біз болсақ ата салтымызда жоқ қылық көрсетіп, сексендегі қартты селкілдетіп ...».
Осы кезде Ілияс мұнан арғы сөзді тыңдамастан: «Ау, бір білместік болған екен», - дейді де, Ысқақтың соңынан тұра жүгіреді. Сол бетінде Ысқақтың алдын орап барып, қолын алып кешірім сұрайды.
Ілияс Есенберлин осыдан кейін Ысқақ қарттың үйінде бір апта жатып, армансыз әңгімелесіп, риза болып аттаныпты дейді.
***
Осы жерде мен, Қабдырахман Садуақасұлы, өз құлағыммен Ысекеңнен естіген бір-екі эпизодты айта кетуді жөн көрдім.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары, біз бозбаламыз. Ысекең екінің бірін, әсіресе жігіттерді, қырық сідік шата әкеңнің аузын... деп боқтайды. Содан бірде, бізден үлкен жігіттер «Ысеке, осы елдің бәрін шата деп боқтайсыз, өзіңіз ше? – деп сұрайды. Бұған тосылатын Ысекең бе, е, мен де шата болсам шата шығармын. Шешемнің ішінде жатқанда мынау менің әкемнің қ...ғы емес деп ұстай алайын ба, - дегені. Бұған не деп уәж айтарсың!
1976 жылы қайтыс болардан екі-үш күн бұрын көршісі Әлімханов Төлеуханның әйелі Сапия деген кісі, толық келген кеуделі сары кісі болатын, Ысекеңнің
103
көңілін сұрап кіреді ғой. Қалайсыз Ысеке деген сұрағына, шүкір, тәуірмін дейді. Сонда Сапия «Е, Секе, бір ғасыр жасадыңыз, бұрынғы заманды да, қазіргі заманды да көрдіңіз. Ұлдарыңызды ұяға, қыздарыңызды қияға қондырдыңыз. Арманыңыз жоқ шығар» депті. Сонда Ысекең: «Иншалла, арманым жоқ десем болады. Бірақ бір арманым бар. Осы жүз жасаған жасымда саған бір міне алмай кетіп барамын» - депті. Сонда Сапия да қалжыңға қалжыңмен жауап қатып: «Ысеке, арманда кетпеңіз, келіңізші!» - депті. Сонда Ысекең: «Болды, қарағым, енді арманым жоқ» - деген екен.
Ысекеңнің бәйбішесі Ғайша бізге апа болады. Арақбайдан – Алаш, Алаштан – Сауқылбек, Мәдібек туады. Мәдібектен – Торғай, Қаңтарбай, Ақпанбай туады. Торғайдан – Нұрила, Нығметолла, Қайша, Ғайша туады. Боса-болмасын Сауқылбектен Әбдірбай, Кендірбай, Жақсыбай туған. Әбдірбайдан - Садуақас, Әлуақас, Бәтен, Жақан, Жүнісбек, Төкен туған.
Ысекеңнің Төкен, Тойжан, Төлжан деген үш қызы, Көкен, Мұқыжан деген екі ұлы болды. Мұқыжан екеуіміз құрдас, Көкен төрт жас үлкен еді. Ысекең Көкенін 10-класс бітірісімен үйлендірді. Келінді құда түсіп өзі алып берді. Көкен РТС-тағы СПТУ-да тракторшылар курсында оқиды. Екі орта 8 км болса да қыс іші, күн боранды, РТС-та жатып оқиды. Бір күні Ысекең ат-шанамен келіп, сабақтың үстіне кіреді. Мұғалім сәлем береді. Ысекең Көкенге «Әй, жүр шанаға мін. Сабаққа ертең келесің»- дейді. Көкен, жоқ сабағым бар бармаймын дейді. Сонда Ысекең: «О, лағынан жеріген шібіш құсаған әкеңнің аузын...-ау, ана келін сені күтіп жатыр емес пе!?» - деген екен.
Ол кезде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Орталық Қазақстан бойынша тілшісімін. Ақтоғай ауданын аралап жүріп, Ысқақ ақсақалдың үйінде болдым. Ондағы ойым, бір жағы елге атағы шыққан адамды көзбен көру болса, екінші жағы Ысқақтың алдынан боқталмай өтіпті деген атты иемденгім келген іштей дәмем де болып еді. Ысқақ қарт үйінде екен. Арнайы сәлем беріп келген соң қазан көтертті. Дәм дайын болғанша сусын ішіп, әңгімелесіп отырдық. Әлсін-әлсін елдің, жердің жайын сұрап қояды. Сірә, тамырымды басып байқағысы келіп отырған сияқты. Мен де тыраштанып, әлім келгенше қамшы салдыртпай сызыла жауап беріп отырдым. Бір мезгілде ет келді. Көрші үйдің қолғабыс тигізіп жүрген әйелі болу керек, ет салған табақпен пышақты қабаттастыра ұстап келіп, табақты дастарханға қойғанда пышақ мен отырған жаққа түсті. Осы кезде Ысқақ қарт: «Ал, балалар, ет тураңдар», - деп дастарханға жақындап отырды. Әрине, ет турай білмеуші едім десем, боқталамын. Не де болса деп пышақты қолыма алып турап көрсем, пышақ қырғыш сияқты баспайды. Сонда да сыр білдірмей қидалап отыр едім, ет табаққа үйіліңкіреп келгенде үлкендеу бір кесегі Ысқақ жаққа домалап түскені. Ішім қылп ете қалды. Кешікпей-ақ, етке тұздық құйылып, Ысекең : «Ал, балалар, алыңдар», - деп табаққа қол созды. Байқап отырмын, Ысекең ә дегеннен-ақ кесектеу туралған еттің ішіндегі бір ірілеуін қолына алды. Сонсоң қолына ұстаған қалпы етке таңырқай қарап сәл бөгелді. Мен де шаруам біткен шығар, енді боқталамын-ау деген оймен тықырши бастадым. Айтқанша болған жоқ, Ысекең еттің үлкен туралған кесегін көрсете отырып, «шырағым» деп сөз бастады. Мұнысы боқтар
104
алдында айтып алатын сөзі екенін алдында естігенмін. Боқтатпай атымды шығарамын деген үміттен күдерімді үзіп, енді не де болса қалай боқтайтынын естиін дегендей таңсықтықпен аңырып қалыппын. Осы тұста Ысекеңнің мені боқтағанда қолданған теңеуінің мәнін ашу үшін бір жағдайды айта кетпей болмайды.
Арқаның Бетпақдаламен жапсар өңірінде шайыржапырақ деген өсімдік өседі. Шайыржапырақтың сорайған ұзын сабағы болады да, қазанның қақпағындай жапырағы, әдетте, жер бауырлап өседі. Бұл өсімдікті көбінесе түйе түлігі сүйсіне жейді. Сондай-ақ, кейбір шаруақор адамдар жапырақты сабағынан сыдырып алып, қапқа (көлеңкеге кептіріп) салады да қыс айларында сиыр сияқты сауын малына күніне бір мезгіл беріп отырады. Сондай-ақ, күзде кәрі қойларды семірткенде де пайдаланады. Бір дорба кепкен шайыржапырақ бес қойды жемдеуге жетеді дейді білетіндер. Сонымен бірге, көктемде Арқаға жайлауға көшкен елдің қыстан жүдеп шыққан малдары да шайыржапырақты жегенде тез оңалып кетеді екен. Шайыржапырақтың құнары ерекше, оны жеген малдың қоңы таймай, сүтті де мол береді. Міне, осы шайыржапырақтың қайдан есіне түскенін білмеймін, Ысекең жаңағы кесек туралған етті ұстаған қалпы былай дегені: «Шырағым, наймандар теретін шайыржапырақтың ұмыт болып қалған сабағы сияқтанып сорайған бойыңның әкесінің аузын...-ау, сексенге келгенде қақалтып өлтірейін деп пе едің, мынауың не?!» - деп етті көрсетті.
Менің жөпелдемеде аузыма сөз түспей Ысекеңе қарай беріппін ғой. Сонда Ысекең: «Ақпанда тасқа тамған ешкінің майы құсап көгерген көзіңнің әкесінің аузын..., неге сонша ежірейе қарайсың!?» - дегені.
Үйдегілер іштей күтіп отырғанын естіген соң, мырс-мырс күліп қоя берді. Ұялған тек тұрмас дегендей «Қап, алдыңыздан боқтатпай шығармын деп келіп едім, үмітім ақталмай бір емес, екі боқталдым» деп мен де жуып-шайып жатырмын.
Содан ет желініп болып, дәмге бата жасалып, қол шайған соң Ысекеңе былай деп сұрақ қойдым: «Ысеке шешеңіз бесік жырының орнына боқтық үйреткен жоқ шығар, осы әдеттің қалай қалыптасқанын айтып бермейсіз бе?» - дедім.
Бір боқтап алған соң Ысекеңнің шешіліп әңгіме айтатын әдеті. Сонсоң еңсесін тіктеп, өткен өмірдің елесі жанын сергіткендей желпіне сөз бастап кетті.
- Осы Тоқырауын бойында Дайыр төре деген болған, - деп бастады Ысекең ұзақ сонар әңгімесін. - Бұл баяғы «Бес Мейрамның» ұрпағына хан болатын Бөкейдің тұқымы Дайыр төре мыңғырған бай еді. Түйесінің өзі он бір, он екі соқыр болғанда, жылқы қосы он шақтыға жететін. Мен амалсыз Ысекеңнің сөзін бөлдім: «Ысеке, айып етпеңіз. Сіз ғұмыр кешкен заманның біраз жайы сізге үйреншікті, түсінікті болғанмен, бізге таңсық болатынын білесіз ғой. Сондықтан жаңағы айтқан «Бес Мейрам», «он бір, он екі соқыр түйе», - «жылқы қосы» деген сөздердің мәнін түсіндіріп, Бөкей ханның тұқымын тарата айтсаңыз екен дедім. Ысекең бұларды білмесең несіне сөз тыңдап отырсың дегендей алара бір қарап алды. Сонсоң, бұл мәңгүрт ұрпақта не жазық бар дейсің дегендей сәл ойланып отырып, сөзін қайта жалғады. «Бес Мейрам» дегенің Арғыннан тарайтын Мейрамсопының балалары. Мейрамсопыдан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік,
105
Шегендік, Болатқожа (Қаракесек) деген бес бала туған. Сол бесеуінің ұрпағы орта жүздің сүйекті руларына айналған. Бұларды шежіре тілінде «Бес Мейрам» деп жинақтап қайыра салады. Үлкен хандар жойылып, қалың қазақты Ресей үкіметі қырық жілік етіп басиесіз қалдырған заманда Бөкей осы «Бес Мейрам» ұрпағына хан болған. Төрелердің арғы атасы Шыңғыс хан екенін білетін боларсыңдар. Сол Шыңғыс хан ұрпағынан тарайтын Көкжал Барақтан Бөкей туады. Бөкейдің өзінен тоғыз ұл болған. Ол тоғыздың үлкені Шыңғыс деп аталған. Шыңғыстан Жамантай туған. Жамантай кезінде Алшынбай, Құнанбай, Жанақ ақын, Соқыр шөже, Тәттімбеттермен дәмдес болып, Қарқаралыда хан Жамантай атанып тұрды. Бөкейдің екінші баласы – Сұлтанғазы. Сұлтанғазыдан Құдайменде мен Дайыр туады. Жаңағы мен сөз етіп отырған Дайыр осы. Құдаймендеден Дінмұхамбет туады. Бұл үлкен әкесінің атына жазылып, Дінмұхамбет Сұлтанғазин болып, кезінде «Дала уалаяты» деген газет шығарған адам. Дінмұхамбеттің әкесі Құдайменде өз тұсында Кенесарымен көңілі жарасқан дос болып, көмек көрсеткен. Бөкей ханның тағы бір баласы Батыр сұлтан болған. Батырдан Рүстем, Мырзатай деген екі ұл туған. Рүстеміне әншілік, күйшілік, ақындық қонған өнерпаз адам екен. Кезінде әйгілі Жанақ ақынмен айтысқа түскен. Ал, Мырзатайынан Нұрмағамбет туады, одан Әлихан туған. Баяғы Алаштың туын көтерген Әлихан Бөкейханов осы. Әлиханды көрдім, мына опасыз жалғанда бір-ақ рет келетін сабаз еді ғой! Әлиханның Лиза деген қызы, Үкітай деген ұлы болды. Лиза кезінде Смағұл Садуақасовпен отасқан. Қазір Ленинград жағында үлкен ғалым деп естимін. Ал Үкітайы осы бертінде, 1957 жылы Хакастар елінде қызметте жүріп дүние салыпты. Замана шіркін бұл тұқымның осылай тоз-тозын шығарды. Әлихан өзінің бесінші әкесінің атын алып, Бөкейханов болған. Бөкей ханның бейіті Қарағандыдан Ақмолаға қарай темір жолмен шыға берісте «Хан басы» деген жерде. Бұл бұйрық дегенді қойсаңшы, сол Бөкей ханның бейітінің ішінде Орта жүздің аузын қаратқан әйгілі Жанақ ақынның да сүйегі жатыр. Бөкей ханның бұл төңірекке белгілі тұқымы туралы айтарым осы. Әлгі, Дайырдың он бір, он екі соқыр түйесі бар еді деген сөзімді қайталап сұрадың ғой. Мұның мәнісі, қазақ түйе түлігін кие тұтады да көз тимесін деп әрбір жүзінші түйенің оң көзін ағызып жіберіп отыратын дәстүр бар. Сол кие тұтқан дәстүр бойынша түйенің санын да айтпайды. Мәселен, жөн білетін адам неше түйең бар деп сұраудың орнына неше соқырың бар деп сұрайды. Соқыры қанша болса сонша жүз түйенің болғаны ғой. Ал жылқы қосы дегенді әр қоста мыңға тарта жылқы бар деп түсіну керек. Демек, Дайыр төреде он шақты қос жылқы болғанда, он мыңнан асып жығылатын жылқысы бар десе қате болмайды. Дүние деген көздің құрты, сол Дайыр төре қанша малды болса да төрелігіне бағып, ел үстінен алым алушы еді. Бұрынғының хандарындай салық міндеттеп, жасақ шығармаса да, ел қыстауға шашырап көшер кезде ауыл-ауылды аралап, бір үйге бата беріп, келесі үйге тілек айтып, бір-бір қарасын еншілеп шығаратын. Көп түкірсе көл деген емес пе, жыл сайын бір қос болмаса да, соның жартысындай жылқы Дайыр төреге ел үстінен қосылып жататын. Әрине, ондай малды Дайыр төре өзі айдап жүрмейді. Жанына қызмет көрсететін жігіт-желеңді ертіп алады. Боса-болмаса, ол кезде Дайыр
106
сияқты қолы ұзын төрелердің бір-бір молла ұстайтын әдеті. Дайыр төре де ел аралауға шыққанда татар молласын жанынан қалдырмайды. Бас қосқан жерде татар молла сарнап құран оқып, сампылдап шариғат айтады. Енді ойлап отырсам, қараңғы елдің алдында Дайыр төре үшін бұл да бір дәреже екен. Өзінше татар молласы да Дайыр төрені арқа тұтып, қайдағы бір іске шариғат кірістіріп, сұңқылдап мазаны алатын. Менің моллада да, шариғатында да шаруам жоқ кезім, сөйткенмен, татар молласын суқаным сүймеуші еді. Бір жылы, әдеттегідей күз кезінде Дайыр төре ел аралап шығарында мені ертетін болды. Осы күні аудан басшысы сендерге бірдеме десе, жандарың қалмайды ғой. Сол сияқты, ол кезде Дайыр төре айтты бітті, бізге екі сөз болмайды.
Сонымен межелі күні бар жақсымды киіп, төренің жанына еріп шықтым. Ол кезде бізге лайық жақсы киім-аппақ етіп елтіріден илеген тері шалбар, тері тон. Соның өзі мәртебелі киім болып саналады. Дайыр төре әдеттегідей бір ауылға қонып, бір ауылға түстеніп дегендей, Тоқырауын бойында сыңсып отырған елді сыдырып келе жатты. Менің міндетім де аз емес. Аттарды суару, отқа қою, ерттеп жолға дайындау, елдің берген малын қайырмалап жүрген жолымызға беттетіп отыру сияқты қыруар жұмыс мойнымда. Мұның үстіне, тақуалау Дайыр төренің дәрет алатын шәйнегін даярлап, суын жылытқылаймын. Тіптен, шәйнек ұстап, төре мен молланың соңынан еріп, қыр асып кететін сәттерім де аз емес. Бір күні жүріңкіреп келіп, шоғыр тұрған ауылға тізгін тарттық. Еңселілеу көрінген үйге келіп түссек, бойжеткен қызы бар байдың үйі екен. Қыз үріп ауызға салғандай әдемі-ақ. Ат жайғаған болып кіріп-шығып жүріп, қызға тіл қатсам, үйіріліп тұр. Кім білсін, төренің жанына еріп жүрген соң мені де тегін емес деп ойлаған болу керек. Жастық шақта сезім шіркін қауға тиген оттай ғой, сол күні бай қызымен біраз сырласып қалдым. Ертеңіне таңертең татар молласы әдеттегідей құлқын сәріден қақшаңдап тұрып алды да, маған иек қағып қыр асып кетті. Онысы шәйнекке дәрет алатын су жылытқылап, соңымнан кел дегені. Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал деген, төренің жанында жүрген соң молланың да көңілінен шығуым-міндет. Сол жерде байдың қызына су дайындаттым. Жай дайындатам ба, біресе, ыстық болып кетті деп, біресе, суық болып кетті деп, бай қызымен армансыз қылжақтасып алдым.
Содан қыздың қылығын елестеткен қалпымда молланың кеткен жағына қарай жүріп келе жатыр едім, қыр астында үйген тезектей болып молла отыр екен. Жақындай бергенімде шәйнегі құрғырдың күйелеш түбін аппақ шалбарыма тигізіп алғаным. Дереу шәйнекті жерге қоя салып, шалбарыма жұққан күйені «Ой, ішіңді...-ай!»- деп, уқалай сүртіп жатыр едім, әлгі молласы түскір ошарыла қарады да «Әй, патшағар, анау шәйнектегі су харам болды, бар қайтадан жаңалап әкел!» - дегені. Сол жерде қайтадан қыр асып түсіп, суды жаңалап әкелсем, тіпті сол суды жаңаладым деп қайта алып келсем де түк бәле жоқ. Бәлкім, жастығым болар немесе бай қызының алдында сынықсығаным болар, әйтеуір, шәйнекті қайта алып баруға зауқым болмады да, молладан кешірім сұрап: «Моллеке, енді қайтып боқтық сөз айтпауға уәде берейін, бір жолға жуына берсеңіз қайтеді», - деп жалбарындым. Молла онан әрман ақшиып кетті. «Тәйт әрі, қарсы келме, бар, суды жаңалап әкел!» - деп зіркілдеп қоя бергені. Сол жерде менің де ақсайтаным
107
ұстап-ақ қалғаны. Жас кезімнен-ақ бір басыма жететін қырсықтығым болатын. Сол қырсығым буды да, шәйнекті молланың дәл жанына әкеп қойдым. Сонсоң қырыстанып тұрып былай дедім: «Ой, моллеке-ай, болмадыңыз ғой. Енді мені тыңдаңыз, мына шәйнектің ғой қақпағы жабық тұр. Ашық тұрған шүмегі ғана. Сонда аузымнан абайсызда шыққан сөзбен бірге менің қолағаштай қ...м осынау оймақтай шүмекке кіріп кетеді ғой деймісіз? Егер, болса да бұл суға жуынбайтын болсаңыз, онда сол байдың үйіндегі барлық ыдыста тұрған судың әкесінің аузын...! Ал, жуыныңыз! Егер байдың үйіндегі су да харам болды деп, басқа жерден су іздесеңіз, онда бүкіл осы ауылдағы судың әкесінің аузын...! Ал жуынып көріңіз! Егер осы ауылдағы су харам болды деп, басқа жерден су іздейтін болсаңыз, онда сіз жүрген жердегі құдық-бұлақтың, өзен-көлдің әкесінің аузын...! Ал жуыныңыз! Жазатайым, жер бетіндегі су харам болды деп, көктен таматын нәрден дәмелі болсаңыз, онда аспаннан жауатын жаңбырдың, көктен борайтын қардың әкесінің аузын..! Ал жуынып көріңіз!- дедім де, сол бетімде теріс айналып, кеттім де қалдым. Ауылға қайтып келген соң, молласына тілім тиген Дайыр төре мінез көрсетіп, жазаламас па екен деп, біразға дейін алаңдап жүрдім. Жоқ, ондай мінез көрсетпеді.
Содан арада бірер апта өткенде Дайыр төре шақырып жатыр деген хабар келді. Бір құдайдан басқаға керегім жоқ мені қайтеді екен деп, алғашқыда дәуде болса сол татар молласы шағым жасаған болар деген оймен қорқасоқтап келіп едім. Жоқ, мүлде олай болмай шықты. Татар молласы мойыны қашықтау бір ауылға қайтыс болған адамның жаназасын шығаруға кетіпті. Дайыр төре мені арнайы шақырған терезесі тең адамдай қарсы алып, бір бағланын сойып, құрмет көрсетті. Өмірімде мұндай құрмет көрмеген басым, іштей таң-тамаша болып отырмын. Содан ет желініп болып, тоқ басар қымыз сапырылып жатқанда, төре бір сөз бастағысы келгендей маған жүзін бұрып, болмашы жымиып алды да: «Ысқақ қарағым, осы сен моллекеңмен сөзге келіп қалыпты деген не сөз?» - деп кәдуілгідей мән бере сұрақ қойды. Күнұзын ашыла сөйлесіп, сый-құрмет көріп отырған соң ба, төренің әлгі сұрағына шешіле жауап беріп, татар молласымен арада болған гәпті тәптіштеп тұрып айтып берейін. Сол жерде Дайыр төре, ой, тілеуіңді бергір, сауап болған екен, өзі де қысыр байталдың құйрығындай шолтаңдап мазаны алушы еді, деп қойып, көзінен жас аққанша күліп алды. Онымен де тынған жоқ, тап бір мен ата жауынан кек қайтарғандай, аттанарда иығыма шапан жауып, шұжықтай бір тайын жетектетіп жіберді.
Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады деген бар. Кешікпей-ақ осы оқиға жалпақ жатқан қаракесек еліне жайылып кетті. Осыдан кейін мен бір елдің керек адамына айналдым. Біреумен біреу қарбай болып немесе сөзге келісіп қалса болды, қай бұрын қимылдағаны менің аузымды алып, қарсыласын сылқита бір боқтататын әдет қалыптаса бастады. Ол бір елдің нәрестедей аңқау, баладай жұбанғыш кезі еді ғой. Менің де жұрттың қойт-қойтына дардай болатын бозбас бала кезім. Оның үстіне жаным қиналмай-ақ иінім жабылып, аузым аққа тиген соң, айдап салғандардың айызын қандырып, есте қалатындай етіп боқтауға тырысатынмын. Бара-бара менің боқтампаздығымды жұрттың мойындап кеткені сонша, ел ішінің үлкен-кішісі қарап жүріп боқталып қалмайық дегендей, мен
108
отырған жерде айылын жиып, кісілік сақтап жүретін болды. Тіптен, өмір болған соң жаза басып, жұрт көзіне түсетін ел ішінің тентек-торылары менен кәдімгідей жасқанып, ығысып жүретінді шығарды. Бұл да болса халқымның есті мен ессізді парықтағыш, жақсы мен жаманды танығыш, тіптен, қисыны келіп жатса, боқтықтың өзін батадай қабылдайтын кісілік қасиетіне болар. Құдайға шүкір, міне, сексеннің сеңгірінде отырмын, халқымның алақанында ерке баласындай болып ғұмыр кештім. Тірі жанға тілім дарыса да зілім дарыған емес. Кісі бойынан кемшілік іздеуді әуезе көрген мен емес, кісі бойынан кісілік іздетіп, еркелетіп жіберген халқымның өзі, кең пейіл қасиеті.
Уәжің орынды, шырағым Ақселеу, боқтық менің бесік жырым болған жоқ. Кез-келген ана сияқты, менің анам да маған адал өмір, абыройлы ғұмыр тілеп, ақ сүтін аузыма тосқанына күманың болмасын. Міне, шырағым, бір ауыз сұрағыңа орай өткен өмірдің елесінен айтарым осы. Ысқақ қарт кәрі көкірегін кере дем алып, уһлеп алды да, әжімді жүзіне мұң ұялаған қалпы үнсіз отырып қалды. Осы сәт халықтың «Жынды Ысқақ» дейтін сөзінің астарында «Әділ Ысқақ», «Төреші Ысқақ», «сыншы ысқақ» деген ұығымының бұғып жататынын аңғарғандай болдым. Аңғарып қана қоймай, Ысекеңнің әділдігін, төрешілдігін, сыншылдығын мен де қалтқысыз көңілмен мойындаған қалпымда аттандым. Былай шыққан соң да Сарыарқаның ұшы-қиыры жоқ сайын дала, сағымды белдерінде тербеліп келе жатып Ысекеңді ойлаумен болдым. Япыр-ау, бұл не ғажап! Өмір бойы шөп басын сындырмаған адам. Өмір бойы боқтықтығын ғана кәсіп еткен адам. Өмір бойы халықтың алақанында болып, не ішем, не кием дегенді ойламаған адам. Мұндай үрдісті біреу емес, екеу емес, дүйім жұртқа мойындаттырған нендей құдірет. Қоғамның қандай заңдылығы?! Осынау оғаш үрдістің өзіне мағына дарытып, ғибрат түйе білген халықтың кісілік қалыбын немен түсіндіруге болады? Мінезі оғаш болғанмен, баладан бастап данаға дейін сын көзімен қарай алатын Ысқақтың рухани өресін немен өлшесе болады? Түйінін оңайлықпен шештірмес мың сан сұрақ. Ұлы Шоқанның сөзі ойға оралады: «Биді ресми түрде ешкім сайламайды да, ресми түрде ешкім бекітпейді де. Еуропадағы ақындар, ғалым, адвокаттар сияқты, билердің маңызы жеке беделге негізделген. Шекспир мен Гетені дүйім жұрт ұлы ақын санайды, алайда, олардың ұлылығы туралы ұғымды үкіметтің жарлығы немесе халықтың сайлауы орнықтырған жоқ қой». Міне, гәп қайда жатыр.
