Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Копия Казах ауызша тарихы подпр вариант.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Ұрпақ өсіру туралы аңыз

Ертеде мың жасаған бір құзғын қарға болыпты. Бәйтерек басына ұя салып, үш жұмыртқа басып, балапан етіп шығарыпты. Күн-түн демей балапандарына тамақ тасып қоректендіріп, балапандар қанаттарын қағып ұядан ұшар кезі де келіпті. Содан бірінші балапанын ұшырар алдында балапанынан сұрапты: сен өскенде маған не жақсылық істейсің деп. Сонда балапаны: сен мені қалай асырап бақсаң, мен де сені солай асырап бағамын десе, қарға қанатымен балапанын қағып жіберіпті. Қанаты қатпаған балапан жерге құлап түсіп өліп қалыпты. Екі-үш күннен кейін екінші балапанына да біріншіге қойған сұрағын қойса, балапаны: мен сені мені күткеннен де артық күтіп бағамын депті. Қарға бұл балапанын да құлатып жіберіпті. Кезек үшінші балапанға келгенде, ол: мен саған бәлен жасаймын деп айта алмаймын, бірақ мен өз балапандарыма сенің бізге жасаған жақсылығыңдай жақсылық жасаймын депті. Құзғын қарға осы кіші балапанын баулып өсірген екен дейді.

Бауырлық мейірім

Бір күні машинада келе жатып, қазақ радиосынан бір аңызды естіп, бұл аңызды ертеректе де естігенім бар еді, содан көңілім босап, жүрегім елжіреп, көзіме жас толып кеткені. Енді сол аңызды баяндайын.

Ертеде ағайынды екі жігіт болыпты. Екеуі де отбасылы, жеке үйде, бір елді мекенде тұрады екен. Үлкенінің екі баласы, кішісінің төрт баласы бар екен. Содан үлкені, інімнің бала-шағасы көп қой, тарығып қалмас па екен деп ойлап, ұйықтай алмайды екен де, түнде тұрып қамбасынан орта қап ұнды алып, інісінің қамбасындағы жәшікке салып, сонан соң ғана ұйықтайды екен. Бірақ қамбасындағы ұн азаймайды, оған ол аса мән бере қоймапты. Содан біршама уақыт өтеді. Бұл істерін ағайындылар ешкімге тіс жарып айтпайды. Бірде, ағайындылар түнде бір-біріне қарсы ұшырасып қалады. Сөйтсе, екеуінің де арқаларында орта қаптан ұндары бар екен. Сонда інісі де ойлайды екен, ағам ұлғайып қалды, қатты қайырымға шамасы келе бермес, тарығып қалмасыншы деп. Содан ол да әр түн сайын ағасының қамбасына орта қап ұн салып кетеді екен. Осындай бауырлық мейірімді естігеннен көңілімнің босағаны мынадан еді. Біз төрт ағайынды едік. Үлкен ағам Игісін 1927 жылғы, екінші ағам Жарылқасын 1931 жылғы, апам Нұрғайын 1936 жылғы, мен үйдің кенжесі 1943 жылғымын. Әкем 1949 жылы 61 жасында қайтыс болды. Игісін сол жылы Қарқаралы педучилищесін бітіріп келген, Жарылқасын 8-класта оқиды. Бұл екеуін де соғыс кезінде мектептен шығарып алып, колхоздың жұмысына салған ғой. Содан, 1953 жылы Игісін үйленді де, Жарылқасын Қарағанды пединститутына түсті. Мен 3-класта оқимын. Игісін бастауыш бір класқа толық ставка, дене шынықтырудан жарты ставка, интернатта жарты ставкамен тәрбиеші болып, барлығы екі

111

ставкамен жұмыс істейді. Сондағы еңбекақысы айына 600 сом, оның тең жартысын Жарылқасынға салады. Сонымен Жарылқасын жоғары білім алып шықты. Игісіннің ағаның да, әкенің де міндетін атқарып, қиналып жүргенін көрген біздер, осы ағамызға ауыртпашылық салмайықшы деген ойда болдық, апам екеуміз. Содан Нұрғайын 9-класта оқып жүріп, бір топ қыздармен қоса Токаревка деген жердегі механизаторлар даярлайтын училищеге кетіп қалды. Мен 10-класс бітіргеннен кейін колхозда тракторшы болып жұмыс істедім. 1962 жылы күзде әскерге шақырылдым. Әскерде бір жылдан кейін бөлімше командирі болдым. Бөлімше командирлерімен саяси сабақты гарнизон бастығы подполковник Иванов деген кісі өткізетін, әрбір дүйсенбі сайын. Сабақ арасында Иванов сабақ сұраса, ефрейторлардан көпшілігі не СССР тарихынан, не географиялық картадан жауап бере алмайды, мен жауап беремін. Бір күні маған оңтүстік шығыс Азиядағы Бирма мемлекеті туралы лекция оқуға тапсырма берді. Кітапханаға барып, атлас мира деген кітапты алып, ондағы 5-6 бет Бирма туралы мағлұматтарды тура жаттап алғандай болдым. Содан келесі сабақта картадан көрсетіп тұрып оның географиялық жағдайын, халқын, қалаларын, өндірістерін, экспорт, импорт, СССР-мен қандай қарым-қатынастары барын толық айтып бердім. Иванов әбден риза болып, спасибо сынок деді. Бұл кісі соғыстан бұрын мұғалімдік техникум бітіріп мұғалім болған екен. Содан соғыс басталғанда әскерге шақырылып, содан әскер қатарында қалып қойған. Сабақ біткен соң маған қала тұр деді де, жағдайымды сұрай келе, сен ары қарай неге оқымағансың деді. Мен жағдай болмағандықтан дедім. Ол өзі туралы, мен де шешем екеуміз ғана болдық, шешем еден жуатын, мен оқи жүріп түнде вагоннан жүк түсіретінмін. Сен ары қарай оқы деп маған кеңес берді. Осыдан кейін ойланып, қой болмас, мен де бағымды сынап оқуға түсіп көрейін деп, әскердегі үшінші жылы сонау солтүстік Карелиядан Алматыға келіп оқуға түстім. Игісін ағамның сол кезде төрт баласы бар. Мұғалімнің жазғы екі ай демалысында совхозға жалданып, салынып жатқан құрылысқа есік, терезелер жасап береді, өте шебер адам еді. Сонда тапқан ақшасының жартысын жеңгем Күлзипаға берсе, жартысын маған сақтайтын. Қаншама жыл еңбек ете жүріп, бір демалмай, өзінің бала-шағасынан былай екі інісін оқытып адам етуі нағыз ерлік. Сол алтын ағам 64-ақ жыл өмір сүрді. Қайтыс болғанына 20 жыл болғанда туған-туыс, ауыл-аймақты жинап, құран бағыштап ас берілді. Сонда жеңгем Күлзипа, бірінші рет бір сырды айтқаны. Әйелдің өз от басын бірінші орынға қоюы өмірдің заңы ғой. Жеңгем ағама, е, бұл да сыртта қалып қояды ғой, неге сонша тыраштанасың дегенде, ағам: әкесінен алты жасында қалып еді, әке алақанының жылуын сезіне де алмай қалды ғой. Осы ғана қалды ғой, сен ренжіме деген екен. 1991 жылы апрельдің 29-ы күні жездем Амантай қоңырау шалып, аға қатты ауырып қалды, келмесең болмас дегені. Содан 30-апрель күні Талаптағы ағам Жарылқасынды, Жарықтан Ағадырдағы Нұрғайын апамды алып Ақтоғайға бардық. Түнгі сағат 11-дің кезі. Палатаға кірсек, қатты қиналып жатыр екен, температурасы 42,5 градус. Кіре Жарылқасын бір жағынан, Нұрғайын екінші жағынан құшақтап жылап жатыр. Мен түрегеп тұрмын, ағамның қиналған түрін көріп, көзімнен жас парлап тұр. Сонда ағатайым, Қабышым, сен жыламашы, сен жыламашы деп екі

112

рет айтты. Осының бәрі көз алдыма келіп, сағынғаным шығар, қимастығым шығар, бауырлық мейіріміне тәу еткенім шығар, әйтеуір бір жүректі елжіреткен сезім баулап алғаны рас.