- •Қабдырахман Сәдуақасұлы ұрпаққа қалар ұлағат
- •Құрастырушыдан
- •Атасының аты білінбей, өз аты шыққан ерлер
- •Қазақ хандары
- •Ақселеу Сейдімбектің қазақтың ауызша тарихынан
- •Орта жүз құрамындағы тайпалар
- •Енші институты
- •Туысқандық жүйе
- •Қазақтың үш жүз атануы
- •Алаштың енші бөлуі
- •Орта жүз шежіресі
- •Болатқожаның Қаракесек атануы
- •Тарақты
- •Төлегетайдың төрт немересінің түсі
- •Төлек батырдың батасы
- •Ақсақтың алтауы
- •Бура қыпшақ
- •Жалайыр
- •Жаман Тобықты
- •Қазақ қоғамындағы адамдық сапасы туралы
- •Жалықпас
- •Қарқабат
- •Қазақ туралы мақал-мәтелдер
- •Алтыншаштың түсі
- •Алпыс алты ата Қоңырат
- •Арғын-Сүйіндік-Күліктердің атамекені
- •Ер Жәнібекке анасының берген батасы
- •Ер Жәнібекке Қазыбек бидің берген батасы
- •Жидебайдың кеңесі
- •Қарқаралы қайран тау
- •Құдай. Жұмақ. Тозақ
- •Қыпшақ Наурызбай би
- •Қыпшақ Сейітқұл
- •Шұбарайғыр Балта батыр
- •Кіші жүз. Адай
- •Атағозы батыр
- •Барақ батыр мен Қыдыр ғалайссалам
- •Бес Естек
- •Жаналы би мен Дәден бидің әзілі
- •Абылай ханның ұрпақтары
- •Қазақ хандары
- •Керей хан
- •Мұрындық хан
- •Қасым хан
- •Мамаш хан
- •Тайыр хан
- •Бұйдаш хан
- •Ахмет хан
- •Хақназар хан
- •Тәуекел хан
- •Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Әбілқайыр хандар
- •Абылай хан
- •Кенесары хан Қасымұлы
- •Қарқаралы төрелері
- •Тағанбайдың төрт ұлы
- •Алты Алаш
- •Айнакөз
- •Ақбикеш пен Мақпал
- •Зылиха (Қаракемпір)
- •Нұрбике
- •Ұран туралы
- •Қалыңмал және жасау
- •Жынды Ысқақ
- •Ел аузындағы аңыз-әңгімелерден Достық туралы аңыз
- •Ұрпақ өсіру туралы аңыз
- •Бауырлық мейірім
- •Алтын босаға
- •Түке мен Құлжан байлардың егесі
- •Тұрмағанбет
- •Есенбай
- •Ақсарыдан айырылмағаның дұрыс қой
- •Что лев, что тигр все одни хишники
- •Жобалай
- •Боқтампаздың боқтықты қоюы
- •Қаз дауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Бұдан 300 жыл бұрын айтқан Мөңке бидің болжамы
- •Балпық шешен
- •Жидебай батыр мен Қараменде би
- •Жанқұтты шешен
- •Толыбай шешен
- •Бөлтірік шешен
- •Дадан тобықтының шежіресінен
- •Әуезбақы (Әуез-ене)
- •Жолдыбай айтқан
- •Бауыржанның батасы
- •Тарақты Шалқарбектің батасы
- •Қасымның батасы
- •Немереге бата
- •Қыз, әйел, ана туралы нақылдар
- •Абысындардың татулығы
- •Афоризмдер
- •Ақтоғайдың әзіл-қақпайлары
- •Әшембек
- •Зерек бала
- •Бір жеңгеге
- •Бір мылжыңға
- •Жануарлардың адамға пайдасы мен зияны
- •Мазмұны:
Алаштың енші бөлуі
Қазақтың қария сөзінің айтуында, Алаштан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп аталатын үш ұл болған. Исі қазақ осы үшеуінен тараған. Алаш қартайған шағында үш ұлын шақырып алып, қолындағы дәулетін балаларына енші етіп бөліп бермекші болады. Ол үшін бүкіл мал-мүлкін тең етіп төртке бөледі де, соның үш бөлігін үш ұлына береді. Қалған төртінші бөлікті тағы да үшке бөліп, үш ұлының еншісіне қосымша үлестіреді. Балалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алаш мынандай өсиет айтады: Алғашқы бөліктер әрқайсыңның өз еншілерің. Ал, соңғы берілген қосымша бөлік «бөлінбеген енші» деп аталады.
19
Оның иесі – үйлеріңе келетін Құдайы қонақ атаулы. Сондықтан бұдан былай жолаушылап жүрген адам босаға аттаса, оның төсек-тамағы мойындарыңда болады. Себебі, әрқайсыңда сол жолаушының бөлінбеген еншісі бар деп біліңдер. Жолаушы қонақ әрбір үйдегі өзінің бөлінбеген еншісіне лайық сый-құрмет көрмесе, сол үйдің иесі ата салтын сақтамаған, аманатын ақтамаған адам ретінде ат-шапан айыбын тартатын болсын.
Қазақтың үш жүз атануы
Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай, болғанда, Орманбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. Ала тайдай бүлдірді деген сөз содан қалыпты. Сол замандарда Қондыкер, Құбаш, Қотан, Қоған дегендер болыпты. Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Қырық ханның бірі болған Қызыларыстан деген хан сол уақыттарда Бұхарада тұрып, уақытында Бұхараны түгел билеп, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан шақыратын мұнараны сол Қызыларыстан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, сауысқанның аласындай ала туып - аяқ салыпты деп неке қидырмай алғанын айтады – бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп «Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді» – деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты: Мына баланы да, тапқан шешесін де Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер, өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күнін көрсін- деп жер аударыпты. Бұдан әрі бұл жұртты мына қатын мен бала көрмесін, сендер де көрмеңдер депті. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күнелтіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, ешкіммен ісі жоқ болып, бетімен қаңғып кетіпті. Дәл 12 жасында Майқы бидің баласы Үйсінге кез болып, бір ауыз тіл қатыпты. Бала қала беріпті, Үйсін үйге барған соң Майқы биге айтыпты: Бүгін далада ағаштың көлеңкесінде отырған баланы көрдім. Ай дейін десем аузы бар, күн дейін десем көзі бар, көрген кісі бір қасық сумен, қызығып, жұтып жібергендей, құсбегі пішіп тіккен томағадай құнысып тұрған бір бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар, маңайына жан батып бара аламаса керек. Жалғыз-ақ айыбы тілі жоқ екен – дейді.
Майқы би өзі ақсақ, өмірі арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмайды екен, жаяу кісіге тартқызады екен. Сенің айтуыңа қарағанда, баяғыда сағымнан пайда болған Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім. Мынау сонан соңғы жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен. Мені арбамен апарыңдар, көрейін – деп барыпты. Бала: Майқы биді көрген соң, ұшып түрегеліп Ассалаумағалейкүм хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы!-деп сәлем беріпті. Майқы би: Әлейкүмассалам, әмсе аман бол. Болайын деп тұрған ұл екенсің. Қолына алып, қайырып салушың жағынан тұр екенсің. Кел балам, қасыма мін деп - арбасына мінгізіп, үйіне алып келіп үлкен той жасапты.
20
Ердің ері, егеудің сынығы – деп, баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып береді де: Қаратаудан әрмән қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау, деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлер бар. Сол жерлерге барып, ірге теуіп, салық салыңдар. Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен, ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар. Хан әділ болса, қарашы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді – деген, деп батасын беріп, жүргізіп жібереді. Бұл жорықшылар Алатаудан алып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқы бөліп, жылқы алады. Күймені бұзып қызды алады. Көшкен елді көш-жөнекей шапты, еру елді отырған жерде шапты. Өз алдына мал-малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастайды. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасына немене, жұрт болмасына немене. Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыларыстан хан естіпті. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Құбаш, Майқы билерге кісі салып елші жіберіпті. Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені, не қылғаны. Баламды өзіме қайтарсын да менен қалағанын алсын – деп. Сонан соң бұлар Қотанұлы Болатты жүз жігітпен жібереді. Сендер барып шақырып келіңдер – деп. Бұлар келгенде, бұрынғы келгендер: Қайт деген сөзді бізге айтпаңдар, өздерің де қайтпаңдар. Ат бестісінде қартаятын, жігіті жиырма бесінде қартаятын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап, тәлімі бидайдың нанын жегенге, ожаумен көженің суын ішкенге құтыратұғын, титтей бөдененің бітеу санын жегенге күпті болатұғын, сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасығаннан басқа көретұғын қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды?- деген соң: рас-ау, рас- деп, шақыра келгендердің өзі де қайтуды керек қылмады дейді.
Қызыларыстан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғамұлы Алшын жүз жігітпен тағы жібереді, он үш ақсақал қосты. Есеп саны үш жүз он үшке жетсе, дүниежүзі жиылса, бетіне шыдамайды деген – деп. Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би атанған кісі осы болса керек. Бұлар: Енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік – деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан сайлайды. Оған Алаша хан деп ат қойды.
Бастапқы келген жүз жігіт, оның бастығы – Үйсін, ұлы жүз Үйсінді атап: Түп қазығы – салықшысы, жауға шапқанда, бұлар шаппасын, тас-түйін болып тұрсын – депті. Ортаншы келген жүз жігіт, оның басшысы Болатқожа. Бұл Орта жүз тосқауылшы, орта буында жүрсін, ханның бақташысы болсын – деп, Орта жүз - Ақжол атады. Соңғы келген жүз, оның басшысы - Алшын. Беті қайтпайтын жаужүрек. Жан қадырын білмейтін бұлар кезеуілші болып, қарсы алдында жүріп, жауға шабатын болсын - деп, Кіші жүз - Алшын деп ат қойды. Қазақтың үш жүз атанған жері осы. «Алаш» деген атын ұранға қойып, жауға шапқанда: «Алаш, Алаш» деп шабыңдар. «Алаш» демегенді әкең де болса, ұрып жыға беріңдер!»- деп бата қылысыпты. Кеше Алаш-Алаш болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік - деп айтылатын сөз содан қалған.
21
Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып, көзге көрініп, ауызға ілінген емес, өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа қоңсы, бұратана болып жүрген ел. Енді бұл үш жүз басын қосып, ел болып, жұрт болып, кейінгі шақырып жатқан Қызыларыстан Майқы биге баруды қойып, ұмытып, өз алдына хан сайлап, жұрт болды. Ішкені - жылқының сүті, сапырулы сары қымыз, жегені - қазы-қарта, жал-жая, жылқының еті. Құдайдың құтты күні, құшқаны - сұлу қыз, келіншек, бұлар да орнығып тұрып қалды.
Жеті қазынаның бірі
Тәңір адамның тәнін саздан илеп жаратыпты. Сонсоң адамның тәнін саздан илеген жерде қалдырып, өзі адам тәніне ұялататын жанды алып келуге кетіпті. Кетерінде, адамды күзетіп отыруды итке тапсырады. Ит адамды күзетіп отырады. Бір мезгілде, қайдан сап ете қалғаны белгісіз, жын пайда бола кетеді. Сол жерде жын адамды көріп, оның тәнін аздырғысы келеді. Бірақ, ит адамды қорып, жын қанша ұмтылса да, оны адамның жанына жолатпай қояды. Сонда жын аяқ астынан қақаған аяз түсіреді. Сол кезде иттің үстінде жүн болмайды екен, жалаңаш терісімен суыққа шыдай алмай қатып қалады. Сөйтіп, жын адамға жақындап, оның тәніне үшкіріп-үшкіріп жібереді. Адамның күнәға бататыны, ауру-сырқауға шалдығатыны осыдан болып еді дейді. Мұнан соң, Тәңірі жанды алып келіп, оны адам тәніне ұялатады. Сонда Тәңірі адам тәніне жынның жамандық дарытып кеткенін біледі де, жынды қарғап-сілейді. Бірақ жын дарытқан жамандықтан арылуды адамның өз еркіне қалдырады. Ал, адам үшін азапқа түскен иттің денесіне қорған болатын жүн бітіріп, бұдан былай адамның қажетін өтеп жүретін жеті қазынаның бірі еткен дейді.
Құмалақшы қазақ
Баяғыда қазақ деген бір құмалақшы болыпты. Құмалақ ашып, төңірегіндегі ел-жұрттың әжетін ашып, жоқ-жітігіне, тілек-қалауына болжау айтады екен. Айтқаны айнымай келеді – дейді. Бұған риза болғандар рахметін айтып, сыбаға-сарқыт береді. Құмалақшы Қазақ соны қанағат етіп, құба-төбел тірлік құрып жүреді. Күндердің бір күнінде құмалақшы Қазақтың әйелі әлденеден тарылып, күйеуіне реніш білдіреді. Алдымен өзіңді жарылқап алмайсың ба?
Шынымен болжампаз болсаң, Қыдыр мен Бақтың қайда жүргенін болжап, көзіне түспеймісің. Шапағаты тиіп, біз де бір жарып қалармыз, - депті. Мұндай ой құмалақшы Қазақтың қаперіне келмеген екен. Сөйтіп, құмалағын тартып жіберсе, Қыдыр мен Бақ ұлыстың Ұлы күні таң ата ауыл шетінен көрінетінін құмалақ қолмен ұстатқандай етіп көрсетіп беріпті дейді. Осыдан кейін құмалақшы Қазақ ұлыстың Ұлы күнін сарыла күтумен болады. Содан, Ұлыстың ұлы күні де келіп жетеді. Құмалақшы Қазақ көрер таңды көзімен атқызып, құмалақтың көрсеткені айнымай келіп, көз ұшынан құланиектене бір-екі қарайған көрінеді. Қазақ қарсы жүреді. Көз көрім жақындағанда зер салып қараса, екі қарт адам дейді. Бірінің қасы көзін жапқан, желмаяның үстінде мүлгіп келеді, екіншісі одан жастау. Желмаяны жетектеп келеді екен. Құмалақшы
22
Қазақтың естігені бар-ды. Қыдыр атаның қасы көзін жауып тұрады екен, зәуде бір көзін ашқанда кім көзіне түссе болды, Бақ соның басына қонады екен. Әлгі Қыдыр дарымай бақ қонбайды деген сөз осы қасиетке орай айтылған екен деп. Құмалақшы Қазақ жолаушы қарттарға жақындап келіп: Армысыз, Қыдыр ата,-деп сәлем береді. Тосын дауысқа елең еткен Қыдыр ата қасын керіп, құмалақшы Қазаққа қарайды да, бар бол балам деп сәлемін алады. Сол жерде Қыдырдың құмалақшы Қазаққа көзі түсуі мұң екен, Бақ та іле-шала дарып, басына қонады. Қыдыр ата сұрайды: Менің Қыдыр екенімді қайдан білдің? - деп. Құмалақшы Қазақ құмалақ салып білгенін айтады, Қыдыр ата тағы да сұрайды: Құмалағыңның тасы нешеу?- деп. Құмалақшы Қазақ құмалағының тасы қырық бір екенін айтады. Сонда Қыдыр ата: Енді сенің басыңа қонған Бақ тепкілесең кетпейді. Тек бұдан былай құмалағыңның қырқы келсе де, қырық біріншісі келмесін!- деп жүріп кетіпті. Құмалақшы Қазақ соңынан, неге олай деп дауыстаған екен, Қыдыр ата қателеспеу бір Тәңірдің ғана қолынан келеді! – деп жүре беріпті.
Тәңірдің ғұмыр-жас бөлуі
Тәңірі дүние-тіршілікті жаратқан соң, кеудесінде жаны барлардың ғұмыр-жастарын белгілепті. Алдымен Адамға: Ей, пендем, мен саған отыз жыл ғұмыр бұйырттым, тіршіліктің қызығын көр!-депті. Тәңірдің шапағатына Адам риза болып, тағзым етеді. Кезек есекке келеді. Тәңірі оған: Есек, қызығынан қиындығы көп ғұмыр бұйыртамын. Жегенің жантақ болсын, жатағың шақат болсын, арқаңнан жүк арылмасын, желкеңнен таяқ арылмасын. Ғұмырың елу жыл болсын депті. Сонда есек ішін тартып бақырып қоя беріпті: О, жаратқан Ием, осынша ұзақ азапты ғұмырдан құтқара көріңіз. Мүмкін болса, ғұмыр жасымды қысқартсаңыз екен. Жарайды, жиырма жыл өмір сүр-депті Тәңірі. Сол жерде бәрін естіп тұрған адам: О, жаратушым, сыйдың қадырын білмеген есектің қалған отыз жылын маған бұйырсаңыз екен!-депті. Тәңірі кеңдік жасап: Бұйырттым-депті. Ендігі кезек итке келгенде, Тәңірі оған: Сенің жегенің сүйек-саяқ болсын, жалайтының шалшық болсын, жатын орның көлеңке болсын, қоритының қотан болсын, серігің аспандағы ай болсын, қарайғанға үрумен өмірің өтсін.
Мен саған қырық жыл ғұмыр бердім- депті. Мұны естіген ит азарда-безер болып, ұлып қоя береді: О, Жаратқан, мұншама азапты ғұмырдан құтқара көріңіз! Тым болмаса, жасымның жартысын шегерсеңіз екен! Жарайды, дегенің болсын, саған жиырма жыл ғұмыр бұйырттым! – депті Тәңірі. Мұны естіп тұрған адам тағы да Тәңірге жалбарынып, иттен артылған жиырма жасты сұрап алады. Келесі кезек маймылға келеді. Тәңірі оған: маймыл, сенің өмірің қорынумен өтсін, қолыңнан ештеңе келмесін, жағыну салтың болсын, жалтақтау қалпың болсын. Мен саған қырық жыл ғұмыр бұйырттым – дейді. Бұған маймыл да шыр-пыр болып: О, Жаратқан, қорлықта өтер ғұмырдың керегі не? Мейіріміңізді түсіріп, жасымды шегере түссеңіз екен - депті. Жарайды, саған да жиырма жыл ғұмыр болсын - депті Тәңірі. Адам бұл жолы да маймылдан қалған жиырма жылды сұрап алады.
23
Осылайша, адамның ғұмыр жасы жүз жыл болыпты. Сол жүз жылдың алғашқы отыз жылының мұңсыз-қамсыз қызық дәуренмен өтетіні адамның өзіне лайықты жасы болғандықтан екен. Одан кейін алпысқа дейінгі отыз жыл ғұмырдың ауыр еңбекпен өтетіні есектен артылған жастың әсері болса керек. Алпыстан сексенге дейін жиған-тергенін итше абалап қорып, көрінгенмен ырылдасып отыратыны, оған қоса қатарлары сиреп, өзімен-өзі ай санаумен уақыт өткізетіні иттен алған жиырма жылдың әсері көрінеді. Ал, сексеннен ары қарайғы жиырма жылда өзінен-өзі қорынып, бойдан дәрмен кетіп, қолынан ештеңе келмей, жалтақтаумен ғұмыр кешетіні маймылдан дарыған жиырма жылдың әсері еді дейді.
(Бұл аңыздың бір үлгісі «Астраханский вестник» журналында 1894 ж. жарияланған).
Ұлыс көже
Есте жоқ ескі заманда Қазақ деген қарияның Алаш, Ұлыс есімді екі ұлы болса керек. Алаштан – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс есімді үш бала туыпты да, Ұлыс бұл дүниеден ұрпақсыз өтіпті. Ұлыс әбден қартайып, жарық жалғанмен қоштасар шағында, өзімен бірге туған Алаш пен оның балаларын шақырып алып, соңғы өсиет-тілегін айтады.
Тағдыр маған ізімді жалғастырар ұрпақ сыйламады, енді сендер Қазақ атамыздан қалған байтақ далаға өркен жайып, өсіп-өнсе екен деп тілеймін. Сендерге Жаратқан Ием жар болсын. Мен дүние салған соң, жыл сайын менің өлген күнімді естеріңе алып, рухымды жаңғыртып отырғандарыңды қалаймын. Жай ғана еске алып қоймай, жеті тағамның басын қосып, құдайы көже жасап, жеті атаның ұрпағына дәм таттырып мені дұғаларыңа қосып отырсаңыздар екен. Сонда менің де атым ұмытылмай, Ұлыс атым ұрпақ аузында жүрер еді. Осындай өсиет-тілегін айтқан Ұлыс қария көктемнің күні мен түні теңескен шақта дүние салады. Алаш пен оның балалары бұл өсиетті бұлжытпай орындайды. Сөйтіп, көктемгі күн мен түннің теңесер шағын «Ұлыстың ұлы күні» деп атау, ал, құдайы көжені «Ұлыс көже» деп атау исі қазаққа рәсім болыпты дейді. Қазіргі «Наурыз» деп жүргеніміз сол Ұлыс бабаның жанама атауы болса керек.
