- •1‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •2. Тілдің шығуы туралы қазіргі және өткен кезең ойшылдарының, тілші-ғалымдардың пікірлерін салыстырып, ұстанған теорияларының мәнін айқындаңыз.
- •2 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 2 Тіл дыбыстарының психофизиологиялық аспектісі
- •§ 2 Тілдің актив және пассив лексикасы
- •4 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Тіл дыбыстарының акустика-артикуляциялық сипаты
- •§ 2 Сөйлеу тіліндегі фонетикалық процестер
- •4 Лексикалық жүйедегі парадигмалық және синтагмалық қатынастар.
- •5 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жқмыстар
- •Құбылмалы көл
- •Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі мен құрамы
- •6 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Сөз формасы және сөзжасамдық модельдер
- •7 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Найман-Ана
- •Тіл біліміндегі функционалды грамматика мәселесі
- •8 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі
- •Салыстырмалы-тарихи тіл білімі
- •Дүние жүзі тілдерінің генеологиялық жіктелімі
- •10 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Дене мүшелері атаулары
- •Дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктелімі
- •12 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Птицы-символы
- •Жазудың шығу тарихы, дамуы және теориясы
- •Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоөзекті бағыттың қалыптасу мен дамуы
- •Қазақ тіл білімінде қолданбалы лингвистиканың қалыптасуы мен дамуы
- •Негізгі әдебиеттер:
- •Қосымша әдебиеттер:
- •Сөздіктер:
- •Глоссарий
- •Пән бойынша әдістемелік нұсқаулықтар
- •Пән бойынша орындалатын тест тапсырмалары
- •86. Ұғым дегеніміз –
- •87. Сема дегеніміз –
Тіл біліміндегі функционалды грамматика мәселесі
Дәріс жоспары:
1 Функционалды грамматика және оның зерттеу нысаны.
2 Функционалды грамматика саласының қалыптасуы мен дамуы.
3 Функционалды грамматика саласындағы негізгі базалық ұғымдар.
1 Функционалды грамматиканың зерттеу нысаны. Тіл білімінде соңғы жылдары белең алған функционалдық бағыт тілдік бірліктердің сөйлеу әрекеті үстіндегі жұмсалымдық сипатын қарастырады. Тілтанымдағы функционалды бағыт тілдік таңба мен болмыс арасындағы байланысты анықтауға негіз болады. Себебі адам баласы атқаратын қандай да бір әрекет уақыт пен кеңістік аясында жүзеге асырылады.
Функционалды грамматика ‒ тілдік бірліктердің сөйлеу үдерісіндегі қызметін қарастырады. Сөйлеу әрекеті үстінде тілдік бірліктер түрлі қызмет атқарады. Тілдік бірліктердің сөйлеу әрекетіндегі қызметі, жұмсалымдық мағынасы сөйлеу жағдаяттарымен, контекспен бірлікте алып зерттеледі. Өйткені тілдің фонологиялық, лексикалық және морфологиялық деңгейіне жататын түрлі тілдік бірліктер белгілі бір ойды жеткізу үшін өзара семантикалық бірлікте қызмет атқарады. Олай болса, функционалды грамматиканың зерттеу нысаны – адам санасында қалыптасқан ойдың мәнін берудегі грамматикалық бірліктердің өзге тілдік бірліктерімен қарым-қатынастағы қызметін айқындау.
2 Функционалды грамматика саласының қалыптасуы мен дамуы. Функционалды грамматиканың грамматиканың ерекше бір түрі ретінде қалыптасуына И.А.Бодуэн де Куртенэнің «математикалық есеп» моделіне сәйкеспейтін тілдік ойлау туралы идеясының мәні зор болды. Сонымен қатар жалпы тіл білімінде тілдік бірліктердің атқаратын функциясына назар аудару қажеттілігі туралы концепцияны ұсынған Прага лингвистикалық мектебінің өкілдері болатын. Функционалды грамматика кеңес тіл білімінде ХХ ғасырдың екінші жартысында арнайы зерттеу нысанына айналды. Кеңес тіл білімінде тілдік жүйені функционалдық аспект тұрғысынан Ф.И.Буслаев, А.А.Потебня, И.А.Бодуэн де Куртенэ, А.А.Шахматов және А.М.Пешковский сынды тілші-ғалымдар тарапынан зерттелді.
Қазақ тіл білімінде функционалдық бағыттағы зерттеулер А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов еңбектерінен бастау алады. А.Байтұрсынұлы өз зерттеулерінде грамматикалық категорияларды мазмұннан формаға қарай бағытталған семасиологиялық аспектіде қарастырады. А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» атты еңбегінде етістік сөздерге тән етістің мынадай түрлерін көрсетеді: сабақты етіс, салт етіс, ортақ етіс, өздік етіс, өзгелік етіс, беделді етіс, ырықсыз етіс, шығыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс (1, 42). Құрылымдық грамматикада етіс категориясының төрт түрі көрсетіледі: өзгелік етіс, ортақ етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс. Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов өз зерттеулерінде өткен шақ көрсеткіштерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін көрсетеді. Мәселен, келіп еді, келген еді деген тіркестерде келу қимылының бір реттік мәнін, ал келетін еді, келуші еді дегендегі келу қимылының бірнеше рет, дағдылы түрде іске асатындығын білдіріп тұр.
Қазақ тіл ғылымында функционалды грамматикаға қатысты З.Ахметжанова, Қ.Рысалды, Т.Абдығалиева, Б.Шалабай, А.Салқынбай, Б.Нуртазина, М.Жолшаева, О.Жұбаева, А.Жаңабекова сынды тілші-ғалымдардың еңбектерінің қазақ тілінің функционалды грамматикасының негізін қалауда маңызы өте зор.
3 Функционалды грамматика саласының негізгі базалық ұғымдары. Функционалды грамматика семантикалық категория, функционалды-семантикалық өріс және категориялды жағдаят негізінде қарастырылады.
Семантикалық категория. Қазіргі тіл білімінің зерттеу нысаны тілдік жүйемен қатар, сөйлеу тілі фактілерін негізге алатындықтан, тілдік жүйедегі грамматикалық категориялар сөйлеу тілінде семантикалық категория ретінде танылады. Лексикология саласында ұғым мен сөздің байланысы секілді, ұғымдық категориялар мен семантикалық категориялар тығыз байланысты. Ұғым – логикалық категория ретінде дүние халықтарына ортақ категория саналады, ал оның тілдегі көрінісі әр ұлт өкілдерінде түрліше бейнеленеді. Сонымен, функционалды-семантикалық категория – белгілі бір семантикалық функцияны атқаратын әр деңгейлі тілдік құралдардың жүйесі (2, 299). Семантикалық категориялардың құрылымдық негізін функционалды-семантикалық өріс құрайды.
Мәселен, құрылымдық грамматикада етістікке тән шақ категориясының білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметі жағынан толық зерттелген. Ал функционалды грамматикада шақ категориясы темпоралды семантикалық категориясын құрайды. Темпоралдық семантикалық категорияға негізделетін функционалды-семантикалық өріс әр деңгейге жататын, біртектес мағына білдіретін немесе біртектес семантикалық функция атқаратын тілдік құралдардың кешенін құрайды (2, 292).
Функционалды-семантикалық өріс. Тіл біліміндегі өріс теориясын қарастырған А.В.Бондарконың түсіндіруі бойынша, дәстүрлі грамматикада бір-біріне байланыссыз қарастырылатын түрлі тіл деңгейі бірліктері семантикалық ортақтығы негізінде бір өріс аясына жинақталады. Белгілі бір ойды не ақпаратты жеткізуде қолданылатын тілдік бірліктер қызметінің ортақтығы негізінде өріс түзіледі. Мұндай өріс түрі тіл білімінде функционалды-семантикалық өріс деп аталады. Тілдік бірліктер өріске семантикалық функциясының ортақтығы негізінде бірігеді. Қазақ тіл білімінде функционалды-семантикалық өрістің негізін салушы – ф.ғ.д., профессор З.К.Ахметжанова.
Қазақ тіліндегі шақ категориясын арнайы қарастырған ғалым Т.Қордабаев –атын, -етін аффиксінің келер шақтық мәнді білдіруі мезгіл мәнді сөздерге немесе контекске байланысты болатындығын айтады. Тілші-ғалым -атын, -етін формасының негізгі мағынасы ретінде іс-әрекеттің бірнеше рет іске асуы арқылы дағдылы әрекетті иеленуі туралы былай дейді: «Мұның өткен шақтық есімшеден өзгешелігі: бұл ертеде болған іс-әрекеттің бір рет болмай, бірнеше рет болғандығын немесе оның заттың бойындағы бір кездегі әдетіне, дағдысына, қасиетіне айналғандығын білдіреді. Бірақ бұл өзгешелігі іс-әрекеттің ертеде болғандығын қайта айқындай түспесе, осалдатпайды» (3, 65). Мысалы: Қызылбөрік ішінен өзіне сайлап он шақты мықты жігітті ертіп алып, қалмақтан, қырғыздан, айналадағы қазақтан үйірлеп жылқы алып, бірінен біріне өткізіп, ат үсті суық жүріс жүретін (М.Әуезов). Тор бие бұрынғы күйі болса, ұшқан құстан басқаға алдырмайтын (Ғ.Мүсірепов).
-атын,-етін жұрнағын А.Ысқақов өткен шақтың ішінде айғақты өткен шақтың көрсеткіші деп береді. Ол айғақты өткен шақты іс-әрекеттің басы-қасында сөйлеушінің көзімен көргендей, тыңдаушы әбден қанық боларлықтай етіп жеткізетін форма деп анықтайды. А.Ысқақов -атын, -етін тұлғасының бірнеше мағыналарда жұмсалатындығын атап көрсетеді:
1) іс-әрекетті сөйлеушінің айғақты түрде жеткізетіндігі;
2) іс-әрекеттің сөйлеу сәтінен бұрын болғандығын білдіреді;
3) қимылдың өту сипатын, яғни дағдылы әдетті білдіре алатындығы (4, 56).
Ы.Маманов -атын, -етін жұрнағын дағдылы өткен шақ көрсеткіші деп таниды. Өткен шақтың бұл түрін қимыл иесінің ертеден дағдыға айналған іс-әрекетін, қимылын білдіретіндігін айтады (5, 111). Сол сияқты, -ыңқыра, -іңкіре аффикстері жалғанған сөзге қимылдың жеткілікті аяқталмағандығын, не үдей түсу мәнін қосады. Мысалы: Алдында тұрған қымыздан бір ұрттап, кесені ысырыңқырап қойды. (О.Бөкей) Кенже қызы облыс орталығына кеткен күннен бері ыбырсыңқырап қалған ыдыс-аяқты жуып, әр затты тиісті орнына қойды (О.Бөкей).
Категориялды жағдаят. Кез келген жағдаят түрі сөйлеу процесімен тығыз байланысты. Категориялды жағдаят – сөйленіммен берілетін жалпы жағдаяттың бір қырын танытатын және белгілі бір функционалды-семантикалық өріске негізделетін типтік мазмұндық құрылым (2, 359). Қимылдың өту сипатының (аспектуалды функционалды-семантикалық өріс) категориялық жағдаяттары сөйленіммен берілетін мазмұндық құрылымдар болып табылады. Мысалы: Ет артынан Сүйіндіктің көптен сауғызып отырған қысырларының сары қымызы да келді. Оны да жақсы әңгімелесіп, ұзақ отырып ішісті (М.Әуезов) деген сөйлемде қимылдың созылыңқылық сипатымен бірге жақ, етіс, шақ және модальдылық элементтері қамтылған (2,361). Категориялды жағдаят сөйлеу процесінде айтылатын ой-пікірге қатысты тілдік бірліктердің өзара мағыналық қатынастарына негізделеді.
Әдебиеттер:
1 Байтұрсынұлы А. Тіл құралы.
2 Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы, 2007.
3 Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. – Алматы, 1953.
4 Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1991.
5 Маманов Ы. Қазақ тіл білімі мәселелері. – Алматы, 2007.
♦ Тапсырма
Тіл біліміндегі ономасиологиялық және семасиологиялық бағыт жайлы түсінік беріңіз.
Тіл біліміндегі грамматикалық және семантикалық категориялар туралы түсінік беріңіз.
Құрылымдық және функционалды грамматиканың өзара қатынасы туралы баяндаңыз.
Қазақ тіл біліміндегі функционалды-сеамнтикалық өріс түрлері туралы баяндаңыз.
♦ Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Категориялды жағдаят дегеніміз не?
Функционалды-семантикалық өріс дегеніміз не?
Семантикалық категориялар жайлы түсінік беріңіз.
Функционалды грамматиканың зерттеу нысаны, зерттеу обьектісі не?
Ұғымдық категория мен семантикалық категорияның байланысы неде?
♦ СӨЖ тақырыптары:
Қазақ тіл біліміндегі посессивті функционалды-семантикалық өріс.
Қазақ тіл біліміндегі темпоральды функционалды-семантикалық өріс.
Қазақ тіл біліміндегі аспектуальды функционалды-семантикалық өріс.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы, 2007.
2 Жұмсалымдық грамматика. Монография-оқулық. – Алматы, 2016.
3 Жаңабекова А. Функционалды грамматиканың метатілі. – Алматы, 2012.
4 Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы, 1998.
5 Жаңабекова А. Қазақ тіліндегі функционалды-семантикалық темпоралдылық категориясы. – Алматы, 2012.
6 Жолшаева М. Қазақ тіліндегі етістіктер және аспектуалды семантика. – Алматы, 2011.
7 Ахметжанова З.К. Функционально-семантические поля русского и казахского языков. – Алматы, 1989.
