Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
59942975-1.docx
Скачиваний:
11
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
408 Кб
Скачать
☆

Жазудың шығу тарихы, дамуы және теориясы

Дәріс жоспары:

1 Жазу және оның таңбалық сипаты.

2 Пиктографиялық жазу және пиктограммалар.

3 Идеографиялық жазу. Клинопистік шумер жазуы.

4 Буын жазуы. Дыбыстық жазу. Алфавиттік жазу түрлері.

5 Көне түркі жазуы. Ұлттық бағыт және қазақ жазуы.

1 Жазу және оның таңбалық сипаты. Жазу ‒ адамның тыңдаушы жаққа жеткізгісі келетін ой-пікірін, ақпаратты белгілі бір таңбалар жүйесі арқылы жеткізу құралы. Жазудың алғашқы нұсқалары өте ерте заманда жасалған. Жазу қатынас құралы ретінде пайдаланылған суреттер мен шартты белгілерден кейін пайда болған. Алғашқыда адамдар өз ойын басқаға жеткізу үшін заттың өзін пайдаланған. Мәселен, өзінің кеткен бағытын көрсету үшін адам жүрген жолына бұтақ тастап отырған, кейін осы мақсатпен ағашқа садақтың оғын қадап кетіп отырған. Ойды зат, нәрсе арқылы білдіру үрдісі ежелгі замандарда тайпалар арасындағы елшілік қарым-қатынастарда да пайдаланылған. Үндістер соғысатынын хабарлау үшін қарсы жаққа айбалта жіберетін болған. Елші оны әкеліп жерге қояды, егер қарсы жақ оны көтерсе ‒ соғысуды мақұлдағаны. Кейін мұндай рәміздік зат орнына таңбалар бедерленген бұйымдар қолданылған. Осылайша алғашқы жазу пайда болған. Алғашқы жазу құралы ретінде сазбалшықтан жасалған тақта, ағаштың қабығы пайдаланылған. Жазу жүйесі таңбалардың жиынтығынан құралатыны белгілі. Берілген таңбалар тұтас бір хабарды, не сөзді, не буынды, не дыбысты белгілейді. Әр таңбаның өзіндік графикалық формасы мен мағынасы болады.

2 Пиктографиялық жазу – жазудың ең көне түрі. Зерттеушілердің көрсетуінше, жазудың бұл түрі неолит кезеңінде пайда болған. Мұндай жазу жеткізілетін ақпаратқа байланысты заттардың салынатын суретіне негізделеді. Сондықтан оны кейде суретті жазу деп те атайды. Бұл жазудың ерекшелігі ‒ әртүрлі суреттерден құралатындығы. Әрбір сурет бүтін ақпаратты бейнелейді. Берілген ақпарат графикалық жақтан жеке сөздерге бөлінбейді. Осыған орай пиктограммалар тілдік форманы емес, оның мазмұнын бейнелейді. Бұл жазуды әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар түсіне алады. Пиктограммалық жазудың таңбалары питроглифтер немесе пиктограммалар деп аталады. Төменде берілген пиктограммалар назар аударыңыз:

3 Идеографиялық жазу ‒ жекелеген сөздерді, морфемаларды сурет немесе шартты таңбалар арқылы белгілейді. Жазудың мұндай түрінде әр сөздің тұрақты графикасы мен мағынасы болады. Идеографиялық жазудың мысалдары:  иероглиф жазуы, цифрлар жүйесі. Идеографиялық жазудың таңбалары қазіргі дыбыстық жазуда да қолданылады. Мәселен, цифрлар, математикалық, химиялық, ғылыми-техникалық шартты таңбалар:

Н2О ‒ сутегі, SO2 – күкірт оксиді және т.б.

Клинопистік шумер жазуы ‒ шумер жазуы б.з.д. 4-3 мыңжылдықтарда Азия территориясында кең таралған көне жазу түрі. Сына тәріздес сызықшалардың үйлесімді жиынтығы болып табылатын мұндай жазуларды шумерлер, аккад халқы, эламдықтар, хурриттер қолданған. Шумерлердің 4-мыңжылдықтың 1-жартысынан 3-мыңжылдықтың басына дейін Тигр мен Ефрат өзендері бойын мекендеген тайпалар екені туралы деректер осы сына жазбаларында сақталған.

Алғаш рет 1621 ж. Италия саяхатшысы Пьетро делла Валле сына жазуын зерттесе, 1684 ж. Эгелберт Кемпфор көне парсы жазуының көшірмелерін жариялап, сына жазуы атауын алғаш ғылыми айналымға енгізді. Парсы жерінен табылған сына жазуын Г.Гротефенд зерттеді, ол сөздердің көне парсы тіліндегі айтылуын ескере отырып, олардың айтылуы мен жазылуын салыстырды. Сына жазуы түсірілген ескерткіштер призма, цилиндр, конус тәріздес әр түрлі формалы саз тақтайшалардан тұрады. Сына жазуылары бір жағынан, адамзат басынан кешкен көне тарихты танытатын зор білім қазынасы болса, екінші жағынан, оның бүгінгі кезде көп елдердің мәдениетіне, соның ішінде қазақтың ұлттық мәдениетіне тигізген ықпалы орасан зор (1,63).

Туппум — Қыш тақтайшадағы жазу (б.д.б. 2600 ж.)

Шумер жазуының әлемге танылуына еңбек сіңірген итальяндық Пьетроделла Валле шумердің ескі қаласы Ураның орнын ашты және бірінші болып сына жазуын ғалымдарға көрсетті.

4 Буын жазуы ‒ сөз құрамындағы әрбір буын жеке таңбамен белгіленеді. Бұған финикии, көне семит, тибет, бирма, жапон, үнді жазулары жатады. Буын таңбалары әуелде бір буынды сөздерді белгілеген идеограммалардан жасалған.

Дыбыстық жазу (әріп жазуы) – жазудың дамып жетілген түрі, тіл дыбыстарын, фонемаларды әріппен таңбалайтын жазу жүйесі. Дыбыстық жазудың ең көне түрлері – финикий, арамей және грек жазулары. Көне түркі жазуы да дыбыстық жазудың ең ежелгі түріне жатады. Қазақ халқының жазу тарихы көне түркі жазуынан бастау алады. Түркі жазуында дауысты және дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын жекелеген әріптері болған, кейбір таңбалар екі дауыссыз дыбыстың қосындысын белгілеген. Әріптер жуан, жіңішке дыбыстарды ажыратқан (2).

Түркі халықтары, оның ішінде, қазақ халқы мұсылман дінінің таралуына байланысты келген араб әліпбиін ұзақ уақыт қолданды. 1926 ж. Ахмет Байтұрсынов араб әліпбиін қазақ тілінің ерекшеліктеріне сәйкес жеңілдетіп, «төте жазу» әліпбиін жасады. 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін қазақ халқы латын әліпбиінде жазып келіп, кейін кириллицаға көшті. Қазіргі түркі мемлекеттерінің көпшілігінде латын әліпбиіне негізделген жазуға көшу үрдісі қайтадан белең алып келеді.

Алфавиттік жазу және қазіргі әлемдегі алфавиттік жазу түрлері. Әліпби – жазуда қолданылатын әріптердің белгіленген тәртіп бойынша орналасқан жиынтығы. Әріптердің рет тәртібін де білдіреді. Ұғымды белгілейтін идеограмма жазудан, сөзді бейнелейтін  логограмма  жазудан әліпбилік жазудың жүйесі мүлде бөлек. Жазудың әліпбилік үлгісін, яғни таңбаның бір ғана дыбысқа (фонемаға) сәйкес келуін біздің заманымыздан бұрынғы 3-мыңыншы жылдардың ортасында семит халықтары ойлап тапқан. Семит тілдерімен туыстас көлбеу сызықты (курсив) арамей (көне семит тілі) әліпбиі Таяу және Орта Шығыс  елдерінің бәріне дерлік тарады. Біздің заманымыздан бұрынғы 6–4 ғасырларда Кіші Азиядан Үндістанға дейінгі билік құрған Ахемен әулеті билеген парсы мемлекетінде қолданылған парсы-арамей жазуы (парфян, соғды, хорезм жазуларына негіз болған), еврейлердің  шаршы жазуы, сирия-арамей жазуы (манихей, несториан, яковит жазуларына негіз болған), жол асты, жол үсті дәйекшелерімен толықтырылған араб жазуы арамей жазуының жергілікті тармақтарына жатады.

Зерттеушілер ең алғашқы таза дауыссыз (консонантты) дыбыстық жазуы ретінде Финикий жазуын айтады. Финикий әліпбиінде 22 таңба болған. Олардың әр қайсысы жеке дауыссыз дыбыстарды таңбалаған. Жалпы финикий әліпбиінен грек әліпбиі туған, грек әліпбиі негізінде қазіргі Батыс Еуропа халықтарының әліпбиі түзілген. Ал арамей әліпбиінен араб, иран, еврей әліпбилері түзілген.

Тілші-ғалым Қ.Күдеринова: «Жазу түрлерінің даму сатылары бойынша, буын жазудан кейін тарих аренасына келген жазу бір дыбысқа бір таңба сәйкескен дыбысжазу деп аталады», ˗ дейді (3, 19). Демек, әліпбиілік жазуды дыбыстық жазу деп те атаймыз. Ғалым дыбысжазудың екі түрін атап керсетеді: консонантты және вокалды. Консонантты жазу б.э.д. ІІ мыңж. жатса, вокалды жазу б.э.д. І мыңж. жатады. Консонантты жазу ең алғаш египет жазуында пайда болды (3, 19).

Жазудың теориялық негіздерін зерттеген ғалым Қ.Күдеринова финикий жазуынан тараған әліпбилік жазудың мынадай түрлерін атап көрсетеді:

-арамей жазуы және архаикалық грек әліпбиі. Арамей жазуынан араб, парсы, ауған; соғды, ұйғыр, монғол; еврей жазулары тарайды.

- Архаикалық грек бұтағынан шығыс грек пен батыс грек жазуы шығады. Шығыс грек жазуынан гот, армян; византия-славян жазуы (кирилл); грузин жазуы пайда болған. Тыс грек бұтағынан итальян; этрусс – латын әліпбиі дамиды (3, 22).

Көне Түркі жазуы (Орхон-Енесей жазуы) ‒ V ғ. б.з.б. ‒ X ғ. б.з. Орта Азия түркі тайпалары қолданған жазуы. Ең алғашқы ескерткіштер Орхон және Енисей өзендерінің жоғарғы бойынан табылған. Сібір және Монғолия далаларына кеңінен таралған жұмбақ жазулардың бар екендігі туралы ғылыми ортаға ертеден-ақ белгілі болатын. Оларды «руна жазулары», яғни скандинавия тілдерінен алғанда «құпия, сыры ашылмаған» таңбалар деп аталды. Руна жазуларын зерттеуге ұйымдастырылған Ресей Ғылым Академиясының экспедициясы Минусинск ойпатында іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Д.Г.Мессершмидт және Ф.И. фон Стралленберг 1721-1722 жылдар аралығында көптеген материалдар жинақтады. 1730 жылы Ф.И. фон Стралленберг руна жазуларына жүргізілген зерттеулердің қорытындысы мен жазулардың көшірмелерін жариялады (4).

1889 жылы Н.М.Ядринцевтің Монғолия далаларынан тапқан жазулары көне түркі жазуларының көлемді үлгілерін ғылыми ортаға әкелді. Енді бұл жазуларға қарап, оның дыбыстық құрылысы мен грамматикалық табиғаты жөнінде нақты қорытындылар жасауға болатын еді. 1893 жылы дат ғалымы Вильгельм Томсен руна жазуларын оқудың кілтін тапты. В.Томсеннің ең алғаш оқыған таңбасы Теңрі сөзі болатын. Келесі жылы В.В.Радлов Орхон жазуларының оқылуын және аудармаларын жасады, 1895 Енисей жазуларының да оқылуы мен аудармалары жарық көрді.

Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін зерттеп, зор үлес қосқан ғалымдар – В.Томсен, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, В.Банг, Г.И.Рамстед, А.Габэн, С.Е.Малов, В.М.Насилов, И.А.Батманов, А.Н.Кононов, Дж.Клоусон, Т.Текин және т.б.

Көне Түркі жазулары дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Негізінен ҮІ-Х ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды: Енисей ескерткіштері. Талас ескерткіштері. Орхон ескерткіштері. Көне Түркі жазуының құпиясын ашқан ғалым Вильгельм Томсен болатын.

Оған ХХ ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – Татар, Өзбек, Түрік, Қазақ, Әзірбайжан зерттеушілері қосылды. Кейде «руна (сына) жазулары» деп аталады. Оның себебі жазудың құпиясы ашылмай тұрғанда, бұл жазулар бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының жазбаларына ұқсайтын еді. Алайда ғылыми зерттеулер Түркі жазулары екенін анықтады. В.Томсен ең алғаш рет «Түрік» және «Теңрі» сөздерінен бастап оқыған екен.

Бұл жазулардың жалпы көлемі ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітапты құрайды. Көптеген тарихи, мәдени, жағраппиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған. Сондықтан көптеген зерттеушілер оларды көркем шығармаларға жатқызады. Жазбалар мазмұнынан көне түркілер мен көк түркілер дәуіріндегі тарихи оқиғалар сипатталып, жағрапиялық атаулар, сол кездегі тайпалардың атаулары мен географиялық орналасуы, таралу аймағы көрінеді.

Жазудың сипаты түркі тілдерінің дыбыстық ерекшеліктерін, соның ішінде үндестік заңдарын жақсы береді. Жазудың ерекшелігі оңнан солға қарай оқылады және негізінен дауыссыз дыбыстар таңбаланады. Олардың жуан және жіңішке түрлері бар, олар жеке-жеке бөлек таңбаланады.

Көне Түркі жазулары бізге тасқа қашалған түрде, «баспа әріптері» түрінде жетті. Оның жазбаша түрі қандай болғаны туралы мәлімет жоқ. Алғаш көрген адам адам бұл жазуларды бір қарағанда қазақ руларының таңбаларына ұқсатады. Яғни жазулар «жебе таңбалар», «ай таңбалар» және «тұмар таңбалар» мен «көз таңбалар», «аша таңбалар», «балық таңбалар» сосын «тарақ таңбалар» мен «сырға таңбалардан» құралады.

Ұлттық бағыт және қазақ жазуы. Қазақ халқының жазу тарихы көне түркі жазуынан бастау алады. Араб жазуын түркі халықтары, оның ішінде, қазақ халқы ұзақ уақыт қолданған. Алғаш араб әліпбиіндегі әріптер түгел қолданылған, тек 1926 жылы А. Байтұрсынов оған реформа жасап, ондағы артық әріптерді шығарып тастап, жазуды көп жеңілдеткен. 1926 жылдан бастап 1940 жылға дейін қазақ халқы латын әліпбиінде жазып келіп, кейін кириллицаға (1940 жылдан бастап) көшті. Қазіргі түркі мемлекеттерінің көпшілігінде қайтадан латын әліпбиіне негізделген жазуға көшу үрдісі бел алып келеді.

Араб әліпбиі мұсылман дінінің, ислам мәдениетінің кеңінен таралуына байланысты көптеген түркі халықтарының жазу-сызуына әсер етті. Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, әліпби құрастырған қазақтың алғашқы фонолог-ғалымы, әрі қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы ‒ Ахмет Байтұрсынұлы. А.Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазылым әрекеті арқылы іске асатынын жақсы түсінді. 1912 жылы А.Байтұрсынұлы қазақ жазуы тарихында алғаш реформа жасады. Ол қазақ жазуы тарихында төте жазу деп аталды. Араб жазуын қазақ тілінің фонологиялық жүйесіне сәйкестендіріп, сингармониялық бағыттағы ұлттық әліпбиді (24 әріптен тұрады) түзіп шықты.

Әліпби 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде, 1929 жылға дейін кеңестік мектептерде қолданылды. ХХ ғасырдың 20-жылдары аяғында әліпбиді ауыстыру жайлы түркі, қазақ зиялылары арасында айтыс жүріп, А.Байтұрсынов реформалаған әліпби қолданыстан шығарылды. Дегенмен ҚХР Шыңжаң автономиялық ауданындағы қазақтар әлі күнге дейін А.Байтұрсынов әліпбиін қолданып келеді. 1929 жылы КСРО құрамындағы түркі халықтары латын әліпбиіне көшірілді. 1940 жылы Кеңес Одағы халықтары біртекті әліпбиді қолдануы қажет деген саясатпен кирилл әліпбиі қолданысқа енгізілді. Орыс тілінде жоқ қазақ тілі дыбыстарының таңбалары кирилл таңбаларына ұқсастырылып (қ-к, ғ-г, ө-о, ң-н,) қабылданды. Бұл әліпбидің қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін толық таңбалай алмауына байланысты кейінгі жылдары қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі көтерілуде.

ХХ ғ. алғашқы жартысында Орта Азия халықтарының арасында латын әліпбиіне көшіру үдерісі басталды. Өйткені қазақ қоғамының латын графикасына көшірілуі саяси-идеологиялық жағдаяттарға негізделді.

Әдебиеттер:

1 Әміров Р., Әмірова Ж. Көне жазба ескерткіштер. – Алматы, 1995.

2 Истрин В.А. Возникновение и развитие письма. – Москва, 1965.

3 Күдеринова Қ. Қазақ жазуының тарихы мен теориясы. – Алматы, 2013.

4 Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы, 1998.

♦ Тапсырма:

Жазу және оның түрлері туралы түсінік беріңіз.

Жазу және жазуда ұстанатын негізгі принциптер.

А.Байтұрсынұлы және ұлттық жазуды қалыптастыру мәселесі.

Қазақ ру-тайпалары таңбалары мен көне түркі жазуыны байланысы.

♦ Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

Пиктографиялық жазудың өзіндік ерекшеліктері неде?

Алфавиттік жазу және оның өзіндік ерекшелігін сипаттаңыз.

Идеографиялық жазу және оның өзіндік ерекшелігін сипаттаңыз.

Жазу – адамзат қоғамының өркендеуінің белгісі екендігін дәлелдеңіз.

Буын жазуы және оның ерекшеліктері, буын жазу тән тілдерді атаңыз.

Пиктограмма дегеніміз не? Пиктограммаларға нақты тілдік фактілер келтіріңіз.

Клинопистік шумер жазуы туралы баяндаңыз. Шумер жазуы мен көне түркі жазуының арасындағы сабақтастықты айқындаңыз.

СӨЖ тапсырмалары:

Көне түркі таңбалары мен өзіндік ерекшеліктері.

Жазу және жазуда ұстанатын негізгі принциптер.

А.Байтұрсынов жазуы және емле ережелерінің тарихы.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Дирингер Д. Алфавит. – Москва, 1963.

Лоукотка Ч. Развитие письма. – Москва, 1950.

Байтұрсынұлы А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2013.

Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы, 1986.

Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010.

Күдеринова Қ. Қазақ жазуының тарихы мен теориясы. – Алматы, 2013.

Малов С. Памятники древнетюркской письменности. –Москва-Лениград, 1951.

Дәріс 14

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]